Абылай Мауданов: «Тақырыбын тапса тәуір-ақ ақын»

Бөлісу:

24.08.2015 3935





«Әдебиет порталы» бүгінгі әдеби үрдіске тамшыдай болсын септігін тигізу мақсатында белгілі бір қаламгердің жарияланбаған шығармасын екінші бір қаламгерге автордың аты-жөнін көрсетпей ұсынып, пікір жаздырып жариялауды жалғастырады. Бүгін назарларыңызға  ақын, «Сол бір сәуле» жыр жинағының авторы Әлия Дәулетбаеваның өлеңдеріне  ақын, Халықаралық "Шабыт" фестивалінің лауреаты Абылай Маудановтың жазған пікірін ұсынамыз. 



www.adebiportal.kz





Алия.jpg




***

 

Кімді алдаймын...  Досты ма жаны мұңлы,

Ол да мендей сүйеді сабылуды,

Ол да мендей жылаулы, сағынулы,

Жыр етеді солған гүл... сары күнді...

 

Кімді алдаймын... Сізді ме көзі күлген,

Сабырсыздау сескенген сезімімнен.

Көп құлыптың артында қалып кеткен,

Алыстырып арыммен, төзіміммен.

 

Өзімді алдау... Мен оған машықтанғам,

Мың шырақты тұтатып өшіп қалған,

Мың шаһарға қиялмен көшіп қонғам.

Ең соңғы рет жарықты көргенімдей,

Есім кетіп мен солай ғашық болғам.

 

Есім кетіп мен солай сүйіп қалғам,

Жолаушыны сапары тұйықталған.

Ерінімде дірілдеп есіміңіз,

Кірпігімде көлеңкең ұйып қалған.

 

Жеті түнде оқитын айға ғаріп,

Өлеңді алдай алмасым айдан анық.

Ертелі- кеш түнеген жанарымда,

Бейнеңізден құтылам қайда барып.

 


***

 


Сезімсіз, сырсыз мүсін шығарсыз,
Өткерген аяз, аптапты.
Сіз осы менің түсім шығарсыз,
Таң алды көрген тәп-тәтті...

Әрсіз күнімді әспеттеу үшін,
Ойлап та тапқан шығармын.
Әйтеуір көзден жас кетпеді шын,
Неге осы сізге құмармын?..

Есімді арбаған елес шығарсыз,
Елес шығарсыз кәдімгі.
Сіз, сірә, тірі емес шығарсыз,
Ізіңді таппай сабылдым.

Қайғылы күзгі тұман шығарсыз,
Жаншыған сезім-теңізді.
Жасамай кеткен күнәм шығарсыз,
Күнәм шығарсыз ең ізгі.

Көктемгі тентек дауыл шығарсыз,
Нәзік бойымды ырғаған.
Мейірімі кемдеу жауым шығарсыз,
Тыныштығымды ұрлаған.

Кеудемнің құйттай құсы шығарсыз,
Құлаған амал-айласыз...
Сіз осы менің түсім шығарсыз,
Өңім болсаңыз қайдасыз?...

 

 

***



Неге менің бітпеді бұл ертегім?..
Неге жалғыз жаныма мұң ертемін?..
Қалыңызшы ескіріп..елес болып...
Барыңызшы... Сізсіз де күнелтемін!


Барыңызшы... Сізсіз де сән құрамын,
Сөйтіңізші... серпілсін бар күмәнім.
Мүмкін сізді өр қылу, өлең қылу,
Өзімнің ойлап тапқан сандырағым.

Іздемеңіз... Шалмаңыз қоңырау да,
Үміт гүлін тақпаңыз омырауға.
Опа таппай сүйгеннен, сүйілгеннен,
Біздің көңіл үйренген жарымауға.

Біздің көңіл үйренген сынақтарға,
Биігінен қимасын құлатқанға.
Күлкіңіз ед қапыда ұнап қалған...
Тек өлеңім болмаса жылап қалған...

Тек өлеңім болмаса өкіндірген,
Сақтап келген жанымды дөкір күннен.
Барыңызшы, бұрылып қарамаңыз
Сізсіз өмір кешуге бекіндім мен.

Сөйтіңізші...

  

 

***


Көктемдерден сезінсем де күз демін,
Мен әйтеуір сізден күдер үзбедім.
Жырақтағы жақынымсыз сіз менің,
Жыр жазбайтын ақынымсыз сіз менің.

Жыр жазбайтын ақынымсыз аяулы,
Сізді ойлауды қашан... қайтіп қоярмын?..
Шын іңкәрім, жүрмін-ау деп жады боп,
Бүгін тағы мұңдылау боп ояндым.

Бүгін тағы елітпеді ештеңе,
Сізге мүлде кезікпесем... не істер ем...
Сезім іздеп сарқылғанда сабырым,
Көзіңізден көздеріме көшті өлең.

Көзіңізден күннен нұрлы мейірбан,
Көкірегіме мың бір шуақ құйылған.
Сізді сүю- бақыт әрі баз кешу
Менің ғана маңдайыма бұйырған.

Жалғап жүріп жылдарымның тізбегін,
Бәлкім сізді өмір бойы іздедім.
Жырақтағы жақынымсыз сіз менің,
Жыр жазбайтын ақынымсыз сіз менің.

 

 

***



Мен осы соңғы кезде біртүрлімін...
Жиі-жиі көмкеріп күлкімді мұң.
Бұрынғыдай алмайды тынышымды,
Жербетілік мазасыз күңкіл,күбір...

Тоқтап қалған секілді сағат біткен,
Төзімім тұл, таусылып тағат тіптен.
Күмән шағын күндерім өткеруде,
Бір аңсарым табылмай қалап, күткен.

Мағынасыз досымның күлкісі де,
Айырмадым оларды түр-түсінен.
Аяр дейсіз кім менің арманымды?..
Қояр дейсіз жанымды кім түсіне?..

Күндер солай күмілжіп жылысуда,
(Уақытпен бола ма ұғысуға?!)
Жүзім жасып отырмын елеусіздеу,
Қызыл-жасыл әлемнің бұрышында.

Жан дауысым жыраққа жеткен шығар?..
Аспан содан қақырап кеткен шығар?
Жасын түсіп жатқанда шарпылмаған,
Айтыңызшы... сіздікі неткен шыдам?.

Өлтіре көрмеңізші-і-і...

 

 

 

***



Мен сізбенен дерттімін...Сіз қалайсыз?
Жүз жаралап жанымды жүз жамайсыз.
Жүрсем дегем жаурамай, жалындамай,
Бір сергелдең тап болды бізге абайсыз.
Мен сізбенен дерттімін... Сіз қалайсыз?..

Шыныменен жоқ па екен алаңыңыз,
О, несіне телміріп қарадыңыз.
Жылдам елтіп қалғаным содан шығар,
Мұңға дертіп тұрды ғой жанарыңыз.

Ырғағанда қурайдай құйын уақыт,
Шиыр-шиыр жолдардан миым қатып
жүргенімде бір көріп өзіңізді,
Өмірімді алдым-ау қиындатып.

Ал өмірім сізсіз де күрделі еді,
Түсіндіре аламын кімге нені.
Биылғы күз суық па, қалай өзі?..
Бір үмітім кешігіп гүлдеп еді...

Бұл тыныштық әйтеуір қашты менен,
Ақылсызбын, ардағым, тапшы неден.
Дәл осылай сандалып, сағым қуып,
Жақсы көргім келмейді!
Жақсы көрем!








img_8410sajt.jpg



«Тақырыбын тапса тәуір-ақ ақын»






«Барыңызшы, Сізсіз де сән құрамын,
Сүйтіңізші... серпілсін бар күмәнім. 
Мүмкін сізді өр қылу, өлең қылу,
Өзімнің ойлап тапқан сандырағым».


Осындай «тағдыр иесіне» не деп «сын» айтуға болады? Сызылта сыңсыған қарындастың («опа таппай сүйгеннен, сүйілгеннен» дегеніне қарағанда апам да болуы мүмкін, әйтеуір әйел заты деп ойлаймын) сезіміне құрметпен қарамасқа лаж жоқ. 
Қолымдағы алты өлең бір ғана «Сізге» арналған екен. 


«Бұл тыныштық әйтеуір қашты менен,
ақылсызбын, ардағым, тапшы неден.
Дәл осылай сандалып, сағым қуып,
жақсы көргім, келмейді. 
Жақсы көрем!»
 

деп тұрған ғашық жанның қалай жазса да еркі бар шығар. «Ғашықтықтардың басындағы хәл бөлек», түсінеміз, түсінуге тырысамыз. Десек те...
«Жүргенімде бір көріп өзіңізді, 
Өмірімді алдым-ау қиындатып» деген ақынымыз, шынында да өз өмірін қиындатып алғанға ұқсайды. Өлең иесі қабілетсіз жан емес, ынтасы зор-ақ, өлең құрауды да бір адамдай меңгерген, сөз ойнатуға тырысады, сезімге де бойлай алады, алай да, «Сіз» деген «әлем ашып алып» соған шырмалып қалған. Бұл орынсыз еліктеуден туған әсер ғой деп ойлаймын. Өз басыма Сіз деген жат.
Сіз деген сөздің астарында бәрібір сыз жатады.  
Меніңше, әп-әдемі қабілеті бар автор, әдемі сезімдерінің соқпағында адасып жүр. Бағытынан ауытқу өмірдегі бағын байлап ғана қоймай, өлеңдегі жолын да аштырмай тұрғандай.


«Қыздың жолы жіңішке» деген елміз. Жұматай Ләйлесін жырласа оған жарасады. Өлең арқылы да Ләйләні елестетіп, Ләйлені сүйіп, Ләйләға ғашық бола аламыз, болдық та. Бұл қыз бала сүймесін, махаббатты жырламасын деген сөз емес, тек өлеңде «Сіз» образы ашылмаған. Лирикалық кейіпкеріміз кімге ғашық болып отыр, біз оның көзімен кімді көрдік? «Есім кетіп мен солай сүйіп қалғам, жолаушыны сапары тұйықталған (?), «Ең соңғы рет жарықты көргенімдей, есім кетіп мен солай ғашық болғам», «күлкіңіз ед қапы да ұнап қалған», «жылдам елтіп қалғаным содан шығар, мұңға дертіп тұрды ғой жанарыңыз» «көзіңізден күннен нұрлы мейірбан» деген жолдардан «Сіздің» сұлбасын аңғарғанмен, мұның бәрі сырттай тамсану. «Бетінде мең бар биқасап киген» «кемпірқосақтың сіңлісі» сияқты, «Джакондадан» сұлу Ләйлені көргендей құмарың қанбайды өлеңде. Ешкім келіп «емініп» тұрмаса да автор «барыңызшы, кетіңізші, сөйтіңізші», деп қолын кері сілтейді. Бұл да сендірмейді. 


Қорыта келе айтарымыз, «Өзімді алдау... Мен оған машықтанғам»  деген ақынымыз өзін алдауға шын машықтанған екен. Алдауға ғана емес, өлеңге де машықтанған. Сол үшін де сырты сыңғырлап тұрған өлеңдеріне сын айту да қиын. Сырт көзге ұйқасы оңды, буыны түзу, теңеуі бар, ой да айтқысы келеді, сыршылдығымен елітуге тырасады. Мәселе сонда ғана ма? 


«Өлең шіркін өсекші ғана емес» (Абай), тәрбиеші де. Бұл өлеңдерден не тәлім алуға болады? Сезімді өлеңге тез елітеді албырт жастарымыз. Әсіресе, бойжеткендер. Мына жырлар алғашқы да жылдам баурап алады, өйткені, баршаға таныс сезім ғашықтық бар. Бірақ соқыртекедей көзі байланған ғашықтық. Мұның «ми айналдырғаннан» басқа пайдасы бар деп ойламаймын. 


Ғашықтық ол бір дерт, бір ғана адамның сезімі. Махаббат екі жұптың тең қатынасы.
Тең қатынас жоқ мұнда.  
Менің белгісіз авторым тақырыбын тапса тәуір-ақ ақын болатын қабілет иесі. Ізденімпаздығы да бар. Тек ғана өмірге оқыған өлеңдерінің (онда да шектеулі авторларды) әсерімен емес, өз көзімен қараса жетіп жатыр. Өмірде өзі тұлға болмаған адамның поэзия деген әлемде тұлға болып із қалдыруы қиын. «Жақсылықтан жаратып, ойлап сені таптым мен» (Серікбай Оспанов) дейтіндей Сіз болса, ол бөлек әңгіме. 


Авторда «Сізге» деген ғашықтықтан көрі «Сізді жырлау арқылы поэзия төріне шықсам, қалып қойсам деген ниет-дәме» молырақ тәрізді. Өкініштісі мұндай қиял көп «кәлләні» тура жолдан адастырып жүргендей. Әсіресе, аруларымызды.   

 


Абылай Мауданов 

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар