Жыл аяғына дейін қаламақы мәселесі шешілетін түрі бар

Бөлісу:

11.06.2015 2506



dosanov_-_foto.jpg


 

Біріншіден, әдебиет мәселесін үнемі назарына алып отырған Елбасына үлкен рақмет! ТМД елдерінде жазушыларына мерейтойын тойлатпақ түгілі, теледидарға шығартпайтын елдер бар.



Сәбит Досанов, жазушы:


– Жақында Ақордада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова ішінде өзіңіз де бар, елге белгілі бес ақсақал қаламгермен кездесіп, айтулы тақырып аясында сұхбат құрғаны белгілі. Осы басқосуда өз басыңыз елге қажет қандай ұсыныс айттыңыз?


–Бізде құдайға шүкір, еркіндік берілген, тойыңызды өткізесіз, мінбеден тиісті сөзіңізді еркін айтасыз. Өйткені, Елбасының жазушыларға, жалпы, өнер адамдарына көзқарасы өте дұрыс. Өкінішке қарай, бізде Президенттің осы жақсы көзқарасын ары қарай іліп әкететін олигархтар мен мемлекеттік шенеуніктер аз.


Екіншіден, бес жазушының басын қосып, келелі әңгіме өткізген Гүлшара Нау­шақызына рақмет! Мұндай басқосу көптен керек нәрсе еді. Екі сағаттан аса еркін отырып әңгімелескен басқосуда әдебиеттің, мәдениеттің үлкен-үлкен проблемалары сөз болды. Қатысқан бес жазушы да өзімізді толғандырған тиісті пікірлерімізді айттық.


Биылғы 2015 жыл үлкен-үлкен тойларға толы екені белгілі. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халық ассамблея­сы­ның 20 жылдығы, Конституцияның 20 жыл­дығы, Жеңістің 70 жылдығы. Үкімет қау­лы­сына осы қатарда Абайдың 170 жылдығы кірмей қалғанын өз басым ұсыныс ретінде айттым. Абайдың 150 жылдығын ЮНЕСКО аясында Президенттің ұсынысымен дүр­кіретіп тойлағанымыз елдің есінде. Он ға­сырда бір-ақ туатын Абай секілді ғұлама­мыздың биылғы 170 жылдығы да алдағы тойлардың көркін кіргізіп, ажарын ашары анық. Осы мәселені күн тәртібіне кіргізу әлі де кеш емес. Бұл болашақ ұрпақ үшін керек.


Әдеби сыйлық мәселесін де ортаға салдым. Сыйлық жазушылық қиын еңбекті моральдық жағынан қолдап, рухани күш-қуат береді, материалдық жағын бекемдейді. Қазақстан осы әдеби сыйлық жағынан ақсап тұр. Өйткені бізде бір ғана Мемлекеттік сыйлық бар. Оның өзі екі жылда бір-ақ рет, бір ғана адамға беріледі. Ал бұрынғы бір кездері осы сыйлықты жеті адамға, бес адамға дейін беріп жүрдік. Алдағы уақытта сондай болмаса да, екі адамнан кем болмауы, біреуін прозаға, біреуін поэзияға тұрақты беру керек екенін айттым. Қазақ әдебиеті бұған әбден лайықты. Бір кездері байшыкештер тағайындаған «Тарлан» деген де сыйлық болды. Ол да құрыды. Енді қалғаны – халықаралық «Алаш» сыйлығы. Оның өзі байлардың ақшасына тәуелді, бірнеше жылда бір-ақ рет беріледі. Қазір бұл сыйлық та тоқтап, тоқы­рап тұр. Өзіміз үлгі тұтатын Англияда, Ре­сей­да ондаған әдеби сыйлықтар бар. Әдеби сыйлықты бізде де көбейту керек. Олигарх­тарымыз, мемлекетіміз осыны ойлансын.


Жазушыларымыз жағдайдың жоқтығынан үйлерінде отырып қалды. Мемхат­шыға осы орайда «Қазақ темір жолы», «Қаз­МұнайГаз», «Самұрық – Қазына», жарық, жылу тарататын, құрылысқа қатысты қуатты компаниялар жазушыларды өздеріне тартып, кездесу, мүшәйралар өткізіп, тапсырма беруі керектігін, есесіне жазушыларымыз мұнайшы туралы мақала, очерк, роман жазып, еңбекті, еңбек адамын қолдауы тиіс деген ойымды ортаға салдым. Бұл екі жаққа да пайдалы болар еді. Әдебиет те өркендеп, жұмысшының да мәртебесі өсер еді


– Өткен жылы шілде айында Президент Алматыдағы резиденциясында өзіңізді қабылдағанда, Елбасына жеті ұсыныс айтқаныңызды білеміз...


– Иә, Президент оны Үкіметке тапсырып, жеті ұсыныс бойынша жеті комиссия жұмыс істеген. Өкінішке қарай, Мәдениет министрлігі Президент жанынан құрылуға тиіс болған комиссияны өз жанынан құрып, оны тым кішірейтіп жіберді. Негізінде, олай болмау керек еді. Ұлттық идея Президент жанынан құрылуы тиіс. Белгілі тұлғаларды оған мүше етіп, Президент өзі төраға болуы тиіс! Бұл идеяны да Мемлекеттік хатшы қолдады.


Сосын көпті толғандырған қаламақы жайын бәріміз де ортаға салдық. Ең үлкен қуанышты хабар, жыл аяғына дейін осы қаламақы мәселесі шешіліп қалатын түрі бар. Шешілсе, ең үлкен жеңіс осы болғалы тұр. Кезінде бұл мәселені Президенттің өзі қолдағаны белгілі. Мемлекеттік хатшы бұған аса ықылас қойып, одақ басшысы сенатор Нұрлан Оразалинмен бірге кешіктірмей нақты қадам жасайық деп уағдаласты.


Дулат Исабеков бір мемлекеттік баспа ашу керек деген жақсы ұсыныс айтты. Баяғы кеңес өкіметі кезінде кітап таралымы мәселесімен үш бірдей ірі мекеме: «Казкни­гаторг», «Казпотребсоюз, «Союзпечать» айналысқан. Қазір ешкім айналыспайды. «Бір адам кітап оқымаса, ол – өзінің жеке қайғысы, ал тұтас ұлт кітап оқымаса, ол – ұлттың трагедиясы» деген сөз бар. Біз соған жақындап қалдық, енді алдын алмаса болмайды. Баяғы кеңес өкіметі кезінде Жа­зу­шылар одағы жанында «Әдебиетті наси­хаттау бюросы» деген болды. Бар-жоғы төрт адам жұмыс істейтін. Соны қалпына келтіру керек. Олар өндіріс орындарымен, колхоз-совхоздармен, мекемелермен келісімшарт жасасатын. Соның арқасында жазушы елмен жүздесетін әрі онысына қаламақы алатын. Осыған ұқсас жүйе керек. Кітап оқытудың әртүрлі жолдарын таба білуiміз тиiс. Мәселен, «Бір әлем – бір кітап» идеясын дамытып, оны бір кітаппен шектемей, он кітаптан жүз кітапқа дейін жеткізу тиіс. Кітап оқытуды, негізінен, балабақшада ертегі оқытудан бастау қажет.


Қысқасы, осы іспеттес ойлардың бәрін ортаға салдық. Өте келелі әңгіме болды. Бұл соңы болмас деген ойдамын.


 

Әңгімелескен: Ақтан Қоңыр

Бөлісу:

Көп оқылғандар