Ұмтыл Зарыққан: «Адасқақ сөздер ақында жиі ұшырасатыны өкінішті»

Бөлісу:

27.08.2015 3794

 



«Әдебиет порталы» бүгінгі әдеби үрдіске тамшыдай болсын септігін тигізу мақсатында белгілі бір қаламгердің жарияланбаған шығармасын екінші бір қаламгерге автордың аты-жөнін көрсетпей ұсынып, пікір жаздырып жариялауды жалғастырады. Бүгін назарларыңызға ақын, Халықаралық "Шабыт" фестивалінің лауреаты Салтанат Смағұлованың өлеңдеріне ақын Ұмтыл Зарыққанның жазған пікірін ұсынамыз. 



www.adebiportal.kz




1921889_352477141557481_2122145003_n.jpg



180 градус


 

Тапқандай дертімнің бір емін,

 Көмкеріп жырменен түр өңін.

 Өлі емес, тірі емес өліара,

 Кейпіме көндігіп жүр едім.

 

 Алдымнан кездесіп өткел мың,

 Шуағын сезіндім көктемнің.

 Гүлдерге нәр берген-жер ана,

 Ал, мені бақытты еткен кім?!

 

 Мұң егіз жаныма дегенмін,

 Мұнымды қоштап ед көбі елдің.

 Ақ қар мен көк мұзға мойымай,

 Бәйшешек боп қайта көгердім.

 

 Тілегім түнекке тұрақ сап,

 Арманым адырда жүр ақсап.

 Күн мен түн жылатып, жұбатты,

 Өңімді өзгерткен бір ақ сәт!

 

 Жүрегім жүгініп санама,

 Бағыма таппап ем балама.

 Қас пен көз арасы.. Осылай,

 Өң мен түс алмаса сала ма?

 

 Жанымды жетекке ап асқақ үн,

 О, тоба өзгердім қас-қағым.

 Өзімді жоғалттым.. Не таптым,

 Әйтеуір, бүгінде басқамын!

 

 Алдымнан кездесіп өткел мың,

 Шуағын сезіндім көктемнің.

 Гүлдерге нәр берген-жер ана,

 Ал, мені бақытты еткен кім?!

 



Тәж


 

Шуаққа бөлеп өңірін,

Таңмен атқан күн таласа.

Қалдырмаса екен көңілін,

Қар ұшқындатқан қараша.

 

Бақ кезіп жүрсе.

Бар секем.

Ақ қайың, терек аралас.

Көзіне түспей қалса екен,

Жел соқты болған қарағаш.

 

Ол келсе баққа,

Жақ қылып,

Тәж болса жұлдыз, айы бар.

Сүмбіле талдар сап құрып,

Салтанат құрар жайы бар.

 

Күн дедім.

Шықпай ойымнан.

Адамда жоқ деп теңдесі.

Қиялдан қашап қойылған,

Қасиеттердің көрмесі!

 

Жүректе күмбір күй қапты.

..оған да, маған жер мекен.

Көп ішіндегі қымбатты,

Көре алған жалғыз мен бе екем?

 

Жел қақпай оның бетінен,

Жетелей берсе жүрдек күн.

Асылды жансыз етіп ем,

Жанды да барын білмеппін.

 

Көзім қарықты жақұтқа,

Басыма түспес байлам боп.

Көз ұшындағы бақытқа,

Қол созуға да қайран жоқ.

 

 


Сезім жыр

 


Бөгде маған бар әлем,

Жапандағы арал ем.

Өлең жазып жүргенмін,

Тек сіз үшін ғана мен.

 

Сағындым ба?

Мұңайдым.

(үкімі осы құдайдың).

Аққу-қаздар ұшқанда,

Жетім қалды бір айдын.

 

Сізге сендім секемсіз.

Жарылқаушым екенсіз.

Ойда-қырда сезім жыр,

Сенделіп жүр мекенсіз.

 

Сізді ғана ойладым.

Жолды кесті жорға мұң.

Сізге өзімді бұным не?

Ынтық қылып қойғаным.

 

Сізді ғана іздедім.

Тағар ма екен бізге мін?

Сізді сүйген жүрекке,

Татымайды жүз керім.

 

Сіз жоқ сәтте жалғызбын.

Сіз бар шақта таңғы ізбін.

Менше сүю бар ме екен?

Жазмышында әр қыздың.

 

Күз көңілде наз барын,

Айта алады аз ғана үн.

Сәлем айта саларсыз,

Сізге жетсе жазғаным.

 

 


Элегия

 


Беймезгіл беймаза шақтар,

Күңгірттеу көлеңке мекен.

Кеудемде жазулы хат бар,

Қай күні оқылар екен?

 

Жазсам ба ақ парақ алып,

Мұңымды, сырымды бәрін.

Төбеге апарып жағып,

Көмуге жете ме әлім?

 

Айдала.

Ай сүттей жарық.

Санамда сан түрлі егес.

Жүрегім байбалам салып,

Байламын жасайтын емес.

 

Сансырап сан жылдар сезім,

Өзіне бере алмай ерік.

Тағаты таусылған төзім,

Үмітке келіпті еріп.

 

Күрсінбей, күңіренбей, күлмей,

Бұл неткен сыбызғы үн сарын?

Жалынға оранып жүрмей,

Әйтпесе өртенер шағым.

 

Арман тұр аптығып әрең,

Қиялға бере ме сене?

Талып бір естілген әуен,

Тыныштық бермейді неге?

 

Беймезгіл беймаза шақтар,

Күңгірттеу көлеңке мекен.

Кеудемде жазулы хат бар,

Бір күні оқылар м(а)екен?

 

 

 

Үзік



Түн емес, таң емес.
Ғажап!
Өң емес, түс емес.
Азап.

Ай түндік, көлеңке күндік.
Қоштасу екенін білдік.

Жүректе жүздескен сәттер.
Қалтаңда қалам мен дәптер.

Кеудеңде күлкім жүр керім.
Мен сенің өмірің едім.

От сөнді екеуміз жаққан.
Енді ешкім салмайды бақта ән.

Сен мені құшаққа алып,
Мен тұрмын тағдырға налып.

Жарлы өмір жарымжан етті,
Қабырғам сөгіліп кетті.

Күрең бел болар-ау мекен,
Тек қалай жұбатар екен?

Білгенге бар болып едің,
Көргеннің алдадың көбін. 

Заңына қайшы деп ардың.
Музам – сен!
Айта алмай қалдым.

Ақтық сөз.
Не деген ауыр?
Бар сөзім айтылған жауыр.

Қолымды ап, көзімнен өптің.
Мен ғаріп талықсып кеттім.

Білмеймін жағдайды әрғы,
Қолымда жүзігің қалды.

 

 


Таңсәрі

 


Түннен аман шығып едің.

Таңсәрі.

Жаның неге жабырқау күй аңсады?

 

Көңіліңді тербеп тұр ма шерлі өлең?

Өз бағына қолы жеткен пенде кем.

 

Таң алдында тебіренбей, мұңайдың,

Қай қылығын қия алмадың ұры айдың?

 

Күнді көрер шақта көзің қарықты.

Арман жазу емес сенен жалықты.

 

Алаң-елең.

Енді есің кіргесін.

«сана» деген жүрегіңе түрме шын.

 

Аузың аққа тиер еді шақта бұл,

Қолыңды алып құшты өлең, жат бауыр.

 

Бір аттасаң адамға – әке, хаққа - құл,

Өмір сүріп кетер едің тәп тәуір.

 

 



«Адасқақ сөздер ақында жиы ұшырасатыны өкінішті»



 

10016_176346752525897_25906136_n.jpg

Өлең дейтін ғажабынан азабы көп осы бір ауыр жолға «белгісіз авторымыз» шын тәуекел етіп түспеген сияқты. Әйтседе, өлеңдерінде қойын дәптеріне күнделік жазғандай, жан сырын аялап, ардақтап жеткізуге талпынған. «Меннің» қолындағы жүзігіне қарап мұң арқалап қалған сәттері мен «Сіз» деп сызыла сыр ақтарған тұстарынан автордың әйел заты екенін аңғардық. Аңғардық та, баяғы халық өлеңдерінде ұзатылып бара жатқан қыздың: «Қалды ауыл, қараңғыға ай батқандай» дейтін қимас сезімдерін, кестелі тілмен керемет жеткізе білетін дәстүрдің бүгінде үзіліп бара жатқаны ойға салмақ салды. Өлең сөзге қоятын ізігі талаптардың бірі де осы – шұрайлы тіл емес пе?!


 Тапқандай дертімнің бір емін,

 Көмкеріп жырменен түр өңін.

 Өлі емес, тірі емес өліара,

 Кейпіме көндігіп жүр едім.


Алғашқы өлеңнің алғашқы шумағын желдірте оқи жөнелсеңіз мінсіз көрінгенімен, әр сөзін рәсуә етпей, сөз асылын санап қолданар сөзгер үшін «Көмкеріп жырыммен түр өңін» дейтін тармақ ойға олақтықты аңғартады. Ненің түрі, ненің өңі екенін қазбалап отырмағанның өзінде, өлеңнің ажарын ашатын жолдар емес. Бұндай ой мен образға қатысы жоқ адасқақ сөздер ақында жиі ұшырасатыны өкінішті.



Бақ кезіп жүрсе.

Бар секем.

Ақ қайың, терек аралас.

 

***


Ол келсе баққа,

Жақ қылып,

Тәж болса жұлдыз, айы бар.

 


***


Асылды жансыз етіп ем,

Жанды да барын білмеппін.

 


***


Арман тұр аптығып әрең,

Қиялға бере ме сене?

 

Әр өлеңінің ішінен ойып алып отырған осы тармақтар ойдың ырғағы мен тәбиғи үндеспей ұйқастың арбауында кеткен. Мағыналық жақтан да ауа жайлап алшақ жатыр. «Қиялға сене де берме» деудің орнына  «Қиялға бере ме сене?» деп қисыс тартады автор. Бұл жерде, бас-аяғы тегіс келер өлеңнің бір тармағын емес бір сөзін қозғасаң, күллі ойға көлеңкесін түсірердей шеберлік жас ақынға жұғысты болсын дейміз.


Дегенмен автордың ақындығын танытатын теңеулер мен тіркестерде жоқ емес. «Эдегия» өлеңі қарапайым да назды, саздылығымен басқа жырларынан биік тұр.

Өлең өмірдің өзінде шынайы, өмірдің өзіндей табиғи, өмірдің өзіндей күрделі де қарапайым келіп, жан дүниеңмен жарасымын тауа білсе шығармашыл адам үшін ең үлкен жеңіс сол болар еді.


Сіз бен бізге де, өнерден таласы бар әр жасқа да, Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыздың өзіне де, өзгеге де бірдей қоятын қаталдығы керек. Өлеңге көңілі ашық, жаны ғасыл оқырман ретінде біздің айтарымыз осы. Алдағы жерде автордан биік те парасатты сөз сарасын күтеміз.


Ұмтыл Зарыққан

Бөлісу:

Көп оқылғандар