Қасым Аманжолов. ...Деген екен№17

Бөлісу:

28.08.2015 5422

 



56ss3bpq.jpg


Ақын Қасым Аманжоловқа бірде ағасы үлкендік жасап, ақыл айтып, сөз орайын арақ ішпе дегенге тірейді ғой. Сонда Қасым:


– Мен кіммін осы жұрттар сұрасын да,

Сөз сатқан саудагермін расында,

Сөз деген тегін жатқан нәрсе емес пе.

Құнына арақ ішпей тұрасың ба! – деп әзілдеген екен.


***


Елуінші жылдары Қасым Аманжолов үй ала алмай қиналып жүріп:


– Берсең бер, бермесең қой баспанаңды,

Сонда да тастамаспын астанамды,

Өлеңнің отын жағып жылытармын,

Өзімді, қатынымды, жас баламды – деген екен.

 


***

 


Қасым Аманжолов пен Ғабдол Сланов араларынан қыл өтпес адал дос боп өткен қаламгерлер. Бірде Ғабдол жаңа пальто, жаңа папаха киіп шығады. Жазушылар одағында Қасымға жолығады. Ғабдол өз досынан:


– Байғазы әкел кәне! – депті.

– Қасымның қалтасында пұл құтаймайтынын білесің ғой. Байғазыны өлеңмен берейін, – деген екен Қасым.  Ғабдол:

– Мақұл! – депті. Сонда Қасым:

– Жігіттің көрдім жүйрік, шабанын да,

Япырмай бір шаба алмай қаламын ба?!

Үстімнен қара пальтом түспей қойды,

Көк бөрік, көк жағаның заманында... – депті.

Өлеңге сүйінген соң, байғазыны Ғабдолдың өзі беріпті.



***

 


Елуінші жылдардың  басы болу керек, бірде Ғабдол Сланов, Қасым Аманжолов және тағы бірнеше адам жаздың әсем бір күнінде қала сыртына, Талғар бетке серуенге шығады. Сонда Ғабдол:


       – Шын ақын екеніңді білейін, мына Талғар шыңы туралы табан астында суырып салып бір шумақ өлең шығаршы, – депті.


     Сонда Қасым қолма қол:

      Таулар неткен тамаша!

      Алыстан тұрып қараса.

      Әттең  таулар бауырында

     Адамдар бар аласа, – деген екен.

 



adebiportal.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар