Айгүл Кемелбаева, жазушы, кинодраматург: «Жастар Әуезов мектебіне ене білуі керек»

Бөлісу:

01.09.2015 3978

 

«Әдебиет порталы» бүгінгі әдеби үрдіске тамшыдай болсын септігін тигізу мақсатында белгілі бір қаламгердің жарияланбаған шығармасын екінші бір қаламгерге автордың аты-жөнін көрсетпей ұсынып, пікір жаздырып жариялауды жалғастырады. Бүгін назарларыңызға жазушы, журналист Есболат Айдабосынның "Азап пен мазақ" әңгімесіне жазушы, кинодраматург Айгүл Кемелбаеваның  жазған пікірін ұсынамыз.

 


www.adebiportal.kz



FotorCreated.jpg


       

                                                  

Жас автордың «Азап пен мазақ» атты әңгімесін оқып шықтым. Рецензия жазып беруді сұраған әдебиет порталының мақсаты – әдеби процесті жандандыру.


Сюжет. Журналист жігіт әйелдер түрмесіне іссапармен барды. Онда 18 жасар қыздың өміріне жолықты. Қыз есімі – Бағым. Ол балалар үйінде тәрбиеленуші, темір торға кесірге ұшырап түскен. Бақандай 5 жыл арқалап келген. Төбелеске ұрынған.


Жақында ауысып келген түрме бастығы кавказдық жас қызға көзі түседі. Бағым журналист жігітке түрмеден хат арнай бастайды. Хатта қыздың бастан кешкендері, эмоциясы берілген. Хат саны – 6-7-ден кем емес. Хаттар көлемдірек, тамсану, патетика, мен аңқаулық басым. Негізгі әңгіменің шатырын ұстаушы, хроника жазушы – қыз.  Әңгіменің бірінші жақтан баяндалуы қосарлы келеді, әуелі жігіт, сосын хат арқылы қыз.


Кульминация. Бағым журналист жігітті «аға» деп жақын тартады. Ол колонияға екінші мәрте келеді. Екеуі оңаша сырласады. Журналист Бағымға көп кітап жібертеді. Бағым кітап оқи бастайды. Әңгімеде бірнеше жазушының аты аталуы соның нышаны, ағартушылықты еске салады.


Ақыры иесі жетекке алған соң бұл трагедия болмай қалмайды: Бағым түрмеде өледі. Оның 3 жылы қалған. Оқиға баяндау арқылы шиеленісе келіп, тұйыққа тіреледі.

Бағым тастанды қыз, шешесі баланы нақ осы түрмеде туып, жолдан туған соң отбасына білдіртпей тастап кеткені мәлім болады. Ал Бағымның әкесі... «Осында аттай қалап, өзім сұранып бастық болып келдім» дейтін кавказдық ересек еркек болып шығады.


«Ол өлді, ананы да өлтірді. Екеуін бір төсекте қызыл ала қан болып жатқан жерінен тауып алдым» деген сөз тілдей қағазға жазылыпты. Бұл Бағымды түрменің бала-бақшасында өсірген тәрбиеші әйелдің ақбары. Бағым бұл түрмеге әуелі туу, сосын өлу үшін түскені белгілі болды.

Бұл не сонда? Инцест, қан араластыру ма? Бағым түрме бастығының өз әкесі екенін білді, ендеше неге ол жексұрын десе де биологиялық әкесімен төсекке бірге жатқан соң барып өлтіруі керек?!


Қазақтың сана-сезіміне жат, көкейде жоқ осындай қара, дертті сарын жастарға қайдан келеді? Бұл деталь – төсекте өлу, қос өлік не үшін керек? Қыз әкесіне жасырмай шындықты айтса, ол да адам баласы ғой, өз перзентіне басқаша қарар еді ғой. Бірақ автор адам психологиясын зерделеуден гөрі, өзі жасаған робот образдарын қызықтап кететіні айқын. Көз алдыма ешбір кейіпкер жанды бейнемен келмеуі де содан. Бұлыңғыр.


Эдип комплексі біздің халық үшін азғындық, егер мұндай бірдеңе бола қалса, «Мал құлағы саңырау» деп жұртқа жариялап айтпауға тырысқан, дереу жазалаған.


Автор үнді, кәріс сериалдарын, интриганы, сойқан оқиғаларды, қолдан жасалатын трагедияларды  таңсық көретіні осыдан білінді, арзан трюк содан шыққан сияқты. Сығанша көз алдау сөз өнерін көгертпейді.


Автор туралы. Авторы еркек заты, тілді көп шұбарламайды, сөйлемдері жатық. Жаза алатыны, сөз өнеріне бейімдігі көрініп тұр, бірақ артық, жалпақ  сөз шығындауға бейім. Авторда жазуға құштарлық ересен, оған өз дүниесі шедевр болып көрінетіні де содан. Лирикалық кейіпкер өзі, әңгіменің басында оқырманды ескертеді: «Бұл өмірде болмаған, қиялдан туған». Бірақ бұл ескерту жазудың құнын арттырмайды.


Кемшілігі. Бұл жанры әңгімеден гөрі, очеркке ұқсайды. Прозаға публицистика сарын көп қосылса, ол көркемдікті жегі құртша үңгіп жібереді. Сүтке су қосқаннан аумай қалады, дәмі бұзылады.


Бүгінгі қазақ прозасының ақсайтын ең осал тұсы. Кешегі өткен мықты стилист Қалихан  Ысқақ қазір әдебиет жоқ, прозаны жұтаң қылып бітірді деп қатты сын айтқанда, публицистиканың көркем прозаға баса көктеп енгенінен қарадай жеріп айтқан болатын. Публицистика тәсілі – құрғақ баяндау, көркем проза стихиясы – суреттеу. Адамды жеке тұлға ретінде психологиялық суреттеу көне Эсхилден бастау алады.


Жастар Мұхтар Әуезовтің классикалық мектебіне ене білуі керек.


Автор Бағымның әке-шешесін аңсап, жетімдігін айтқанда бір деталь келтіреді. Қыз бала телевизордан көретін Елбасыны әкем деп қабылдайды. Бұл ақталып тұрған жоқ. Публицистика басымдылығы осы тектес орынсыз кіріктіруден көрінеді. Расында тастанды сәбилер үшін бұл фәниде кінәлі негізінен екеу – биологиялық ата-анасы ғана. Ақылсыз қыз бен селтек жігіт.


Бұған саясатты қосудың текке керегі жоқ. Абай хакім «Көзінен басқа ойы жоқ» дегенде іштен шыққан баласына да қайыры жоқтарды айтты ма екен?! Торғай екеш торғай да ұясын қорғап, аранын ашқан әбжыланға қарсы қауқар танытып, титтей балапандарын арашалап қалуға ұмтылады.


Кейіпкер қыздың есімі – Бағым. Басқа дерексіз ат құрыды ма? Неге Бағым?

Қазақтың жас қызы түрмеде өлуге үкім етілсе, бұл қарғыс емес пе? Бастағы бақ, бағың ашылсын дейді қазақ. Сөз құдіреті,  энергетикасы болады. Қазақ сөзді кие дейді. Жазушы еліне, елдік аураға нұқсан келтіретін жасанды проза жазудан қашуы керек.


Автор, сен осы дүние арқылы еліңнің келешегіне жарықшақ салып тұрсың. Осы тектес  есалаң жазмышты баяндау, пір тұту  көбейген сайын қазақ халқының көгінде қара тесік ұлғая түседі.


Жалғыз сен емес, қазіргі жастарда осындай қолдан жасалған өтірік трагедияларды әуезе қылатындар аз емес. Бұл енді әдебиет емес, бір күндік көбелек сияқты.

Мақтұмқұлының «Түркменім» атты жырын оқып көрші, Дүйсенбек Қанатбаев аударған. Туғанына  291 жыл толған классик ақын бүгінгі заманды болжап, халқына бақ тілеп, бата беріп кетті. Қиын заманда туса да, елінің болашағына сызат түсіретін бүлдіргі сөз жазбады. Ұлы әдебиеттің сыр-сипаты. Сынықтан басқаның бәрі жұғады.


Әңгімедегі  колониядағы сотталған әйелдердің баласы бағылатын үйге тақау өскен қарағашта қонған қарғалардың қарқылына жылаған баланың үні қосылады. Бұл лейтмотив ретінде алынып, әңгіменің басында, соңында қайталанады. Нәресте үні зарлы деп шегелейді автор.  Айтқысы келгені: бұл қайғы басқа түсе бермек. Қазаққа азап пен мазақты жазып қойған жоқ!


Шынымды айтайын, енді осындай прозаға пікір айтқым келмейді. Соңы осы болсын.

Жазушылық бір сынақ. Құдайдан қорқып, сөз сиқырынан сақтану керек. Сондықтан қолыңнан келсе, тазасын таңда, арамнан без. Абай хакімнің өсиеті бұл.  Тазалық, бекзаттық ең әуелі адамның өзіне керек, сосын қоғамы үшін аса маңызды.


Әдебиетте тарпаңдық, түз тағысындай еркіндік рух болмаса оның салтанаты, дегдарлығы, жеткен биігі болмайды. Мықты талант ешқашан жерде қалмайды.


Қазақ халқының руханиятына, интеллектуальдық дамуына ерекше үлес қосу маңызды. Әдебиет әлемінен бөлек, Қадыр Мырза Әли фольклор, Ақселеу Сейдімбек, Қасымхан Бегман этнография, Есенғали Раушанов зоология, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы пен Байбота Қошым-Ноғай елтаным, лингвистика, Әуезхан Қодар мәдениеттану, аударма, Есенқұл Жақыпбек ән  қазынаға мол олжа салды. Роллан Сейсенбаев әлемдік таңдамалы әдебиет қазақ топырағына сіңуіне, Мейірхан Ақдәулет, Аманхан Әлім қоғамдық ойдың дамуына тер төкті. Ислам Жеменей парсытану, Дүкен Мәсімхан қытайтану ғылымында қоса танылды. Жас буынды риясыз қолдау Медеу Сәрсеке, Герольд Бельгер, Роллан Сейсенбаев, Нұрлан Оразалин, Несіпбек Дәутайұлы, Ұлықбек Есдәулет, Рақымжан Отарбаев, Жұмабай Шаштайұлына тән азаматтық биіктік. Бірден ойыма түспей отыр, бізде мықтылар баршылық.


Әдебиетте табиғи дарын жанкештілік те, малтабарлық та құпия таблода таңбаланып тұра береді. Уақыт қарауылдың риясыз да ымырасыз шеңберінен ақын-жазушылар құтылмайтыны сондықтан.


Айгүл Кемелбаева


Бөлісу:

Көп оқылғандар