Жас прозашылар әлемге танымал тілдерге аударыла ма!?

Бөлісу:

12.08.2015 3552


  

123.jpg



Жапырақ пен Құдайдың жаратқан пендесін пернелеп арзу айтқан бодан елдің бұла ақыны Мұқағалидың трагедиясына «ақылдың азабы» мотиві арқау болған жыры кез келген қазақ прозашысының кітабын парақтаған кезімізде жадымызға жарқ етіп оралып, милети санамызды әбігерге салып сарсылтады.

 

Бұл Мұқағалидың ұлтымен бірге жасасатын – құдіреті. Әрі көркем шығарманың формасы мен құрылымы «Жапырақ пен оның жаны» екенін еске алғызады. Қазақ әдеби бағына өзінің тал-терегін еккен прозашының сол еккен дарағының жапырақ жайып гүлдеуі де, уақыты жетпей сарғайғаюы да өз қолында. Оның «Мәтін – Жапырақ» екені сөз ұққан жанға өзі-ақ аңғарылады.

 

Тұмса табиғаттың төл құбылысы – қолдан жасалған өнер болмысына да тән. Онда да шешек ату мен солу бірін-бірі алмастырып тұрады. Қазіргі қазақ прозасындағы: Бір қаламгердің туындысы – тек шешек атудан тұрса: енді бірінде  – шешек ату мен солу орын алмастырса, тағы бір қаламгердің барша жазғаны – тек солудан ғана тұрады. Осы соңғылардың туындыларынан күлімсі иіс шығып, оқырманды үркітетіндігіне қарамай – әдеби жанкештілікпен көбіне әдебиеттанушылар мен әдеби сында мақтауға ие, елге танымал автор деп танылып жүргені. Қазір қазақ прозасы өз алдына аса зор шығармашылық жоспар мен әлемдік деңгейдегі авторлық шешімді күн тәртібінде ұстанып отырғандықтан «әдеби арамшөп» туындылар турасында байқастап сөйлеген әбзіл. 


Ал, шешек атудан тұратын туынды өзін мақтауды  керек етпейді, әр қазақ оқырманының жүрегінде жатталып, санасында атойлап жүреді. Бұрын ұлт әдебиетінің кесек-кесек туындылары тек орыс тіліндегі аудармасы арқылы әуелі орыс әлеміне танылатын одан кейін метрополия қаласа, әлемді жайлаған өзге тілге тәржімаланатын. Ендігі бостан кезде кімді аудару, қай тілге аудару  мәселесі әйтеуір бір комиссия мен әлебір жоғары кабинетте шешіле салатын болды.


Дидар Амантай Салтанат Қожаға берген сұхбатында:


«...Қазір көп тәсілді әдебиет қалыптасып келе жатыр. Бүгінгі проза бірнеше тәсілде жазылады. Әр жазушы өз тәсілімен жазады. Бұл советтік кезеңдегідей қолтаңба емес. Мүлде басқа жанрлар. Мысалы, Қойшыбек Мүбәрактың жазып жүрген стилі басқаға келмейді. Ол бұрынғы прозада қолтаңбасы бар жазушылардан өзгеше. Қойшыбектікі – фэнтези тұрғысында жазылған шығармалар. Дархан Бейсенбекұлы философиялық стильде жазады. Бір-біріне мүлде ұқсамайды», – дей келе журналистің:


«Қазақ поэзиясы дамып кетті, қазақ прозасы кешеуілдеп қалды деген түсінік бар. Осы пікір жиі айтылып жүр...», – деп қойған сауалына:


«Бұл білімсіздіктен, білместіктен, болмаса, қасақана айтылған сөзден туған түсінік деп ойлаймын. Жансақ, ұшқары пікір. Қазақ прозасында мықты толқын келе жатыр. Қойшыбек Мүбәрак, Жандос Байділда, Серік Сағынтай, Дархан Бейсенбекұлы, Қанат Әбілқайыр, Алмас Мырзахмет, Арман Әлмамбетті аға буын өкілдері әлі де болса дұрыс оқыған жоқ. Сондықтан, бұл пікірмен келіспеймін. Керісінше, поэзия ізденісі тоқтап қалған сияқты. Бір-біріне ұқсайды. Бәрі тақуа, бәрі әсіре құдайшыл. Құдайға сен, жалбарын, құрмет тұт, бірақ ол сенімін туралы елге айтып жатудың, жариялап-жарнамалап жатудың қажеті жоқ, елді таң қалдырамын деп талпынудың қажеті жоқ. Қазір біз атеистерге таң қаламыз. Құдай түсінігі, құбылыстардағы қайшылықты жазсаң, бір жөн. Құдай туралы елдің түсінік-танымын кеңейтсең, бір жөн...», – деп қазіргі жастар прозасындағы әдеби шешек атуды орынды сөз етеді.


Қойшыбек Мүбәрак, Жандос Байділда, Серік Сағынтай, Дархан Бейсенбекұлы, Қанат Әбілқайыр, Алмас Мырзахмет, Арман Әлмамбетті қазіргі қазақ прозасының жаңа есімдері ретінде сол әйтеуір бір комиссия мен әлдебір жоғары кабинеттегі шығарылуға тиіс шешіммен қаржы бөлдіріп әлем тілдеріне аудартуға келгенде: оларды ешкім білмегендіктен сапасы төмен туындылардың әлем тіліне аударылып кетуі ықтимал.


Қазіргі жастар прозасы аудандар мен қалалардың әкімдерінің және орынбасарларының т.с. атқамінерлер тобының мүлдем сабаққа бармайтынын  біле тұра тіл үйрету үшін рәсуә болып шашылып жатқан мемлекет қаржысынан сол тіл білмейтіндер бірақ ағылшын мен немісше сайрайтындар үшін білетін сол тілдеріне аударылса, біз бұдан көп нәрсе ұттар едік.


Сонымен жастардың  «Мәтін – Жапырағы» өзге тілдерге аударылуы исі қазақ атсалысып, кімді ұсыну керек, кімнің туындысы несімен құнды, әрі қазақты әлемге танытатын туындыны кім жазып жатыр деген мәселені бізге шешіп береді.


Біз өзгеге өзімізді мойындату үшін мәдениетіміздің ең асқақтығын таныта білуіміз керек. Қазақ прозасы соның бір – айнасы. Осы айнадан келбеті танылған Қойшыбек Мүбәрак, Жандос Байділда, Серік Сағынтай, Дархан Бейсенбекұлы, Қанат Әбілқайыр, Алмас Мырзахмет, Арман Әлмамбетті сынды жас прозашыларды ұлықтау – Үкіметтің мойына артылған жүк. Үкіметке арқалата білу өз қолымызда.



Әбіл-Серік Әбілқасымұлы

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар