Әдеби кешірім немесе “Маруся мысығының” тарс естен шығуы

Бөлісу:

12.08.2015 3066

0b2e0af43094.jpg

Қаламгер қашанда биліктен атақ пен марапа тілеген емес, қайта қашанда, қай кезде болмасын билік және ол таңатын «идеологиялық догмаларға» және «саясимаскаларға» рухани-мәдени оппозицияда болып келіп, биліктің «догматтық пәренжесінің» тасасында не тұрғанын әшкерелеп, масқарасын шығарып, шын келбетін айқындайтын әдеби-протест туындылар тудырады. Қазақ әдебиетіндегі сюрреалистік, гиперреалистік әдеби әдіспен жазылған әдеби-протест туындылардың авторлары әдебиеттанушылар тарапынан ауызға алынбайды. Неге???


 

Бәрі де, кімнің не жазғанын, қандай мақсатпен жазғанын біліп отыр. Бәрі де «идеологиялық догмаларға» және «саясимаскаларға» рухани-мәдени оппозицияда айтылған пікірлеріне бола, «биліктің етегін кесіп ғылыми ортадан қуғанын» қаламайды. Бір жағы бұл –1937 жылдан мұраға қалған әдеби-мәдени әм ғылыми сақтық.


 

Жүсіпбек Қорғасбек ағамыз әдеби-протест арқау болған «Премьер-министр» классикалық туындысын өмірге әкелді. Біз тым-тырыспыз. Дәурен Қуат бірінші рет «қазақ орыстарының трагедиясын» "Мысық пен Маруся " әңгімесінде көтерді тағыда үнсіздік, сонда бұл үнсіздіктің шегі бола ма!?


 

Қазақстандағы орыстардың тағдыры бұлыңғыр, бойларын келмеске кеткен «орыс астамдығы» жайлаған билік оларға бұрынғыдай «киргиз иттің» қарғыбауын ұстаушылардай қарайды. Әдеби-протест туындыларды жазушы қаламгерлеріміз де санаулы. Солардың арасында Дәурен Қуаттың орны бөлек.


 

Біз бұрын А.Франстың, Н.Гогольдің өз үкіметін әм билігінің тірлігін мансұқтауын қызыға оқитынбыз, әрі бодан елдің прозасында бұндай туынды еш дүниеге келмейтініне іштей егілетінбіз.


 

Енді заман басқа заң басқа, А.Франстан, Н.Гогольден кем түспейтін туындыларды қаламгерлердің ішінде бірі – әңгіме жанрында (Дәурен Қуат), бірі – минихикаят жанрында (Жүсіпбек Қорғасбек) фрагменттік үзіктілікпен (ағамыздың осы тамаша дүниесіндегі “карнавалдыққа” қатысты кезінде өз пікірімізді білдірген болатынбыз) өмірге әкеліп отыр. Қаламгерлеріміз өз әдеби-протестерімен «Алаш империалистік ақыл-ойындағы» «адасқан ұл» Рабленің стилін қазаққа оралтты. Оны оралтқандар санатында – Дәурен Қуат бар.


 

Қанаттай «милетшіл қаламгерлердің» әдеби туындысы біржақты бағаланған тұста «қанаты күйген көбелек әңгімеге» пікір айтам деп, осы «өз-өзге» концептісін «қазақтағы орыс әлемінің трагедиясын» одан бұрын алаш прозасына сюжеттік-мотивтік жаңашылыдықпен енгізген Дәурен Қуаттың «Марусяның мысығы» әңгімесіне мақала бойында орын берілмей қалғанына ғылыми санымды соқтым.


 

Енді қазақ әдебиетінде бұрын болмаған, болса да, БАҚ тақырыбы деп саналатын дүниені «өзге ұлттың қорлануын» өнер тілімен сөйлетуге бір жағы – ерек талант, екінші – жағы жаугерлік рух керек. Осы екеуі де Дуреннің бойынан асып төгіліп табылады. Ұлты үшін Айдос Сырым екеуі – «Абай.кз» сайтын өмірге әкелді. Ұлттық ғаламтордың алаши кеңістігін кеңейтті.


 

Әрі қаламгерлік, әрі мәдени-рухани қайреткерлігін өз сөзімен кестелесек, төмендегідей:


 

“Біз қоғамда не болып жатыр - соны жазамыз. Қандай көзқарастар, қандай ой-пікірлер қабындап тұр соны - жария етеміз. Жұрт білсін, ойлансын, қортынды жасасын дейміз. Қазақ бала емес – ұлт. Не нәрсенің болсада парқын түсініп пайымдай алатын ұлт. Бұндай ұлтқа ақпаратты дер кезінде әрі ашық түрде жеткізе білуіміз керек. Пікірлер қайшылығынан, сенше айтқанда «бірді бірге соғатын» пікірлер қайшылығынан, қазақ қоғамы азып-тозып кетпейді. Біз сол пікірлер талқысын ортаға салғаннан әйгілене түссекте түбінде ұлт ұтады. Оның үстіне интернетте отыратын адам газет пен журналдың «өнімін» тұтынып қана қоятын оқырманнан әлдеқайда белсенді, әлдеқайда сергек. Себебі ғаламтордың оқырманы қандай мазмұндағы материал болсын оған қатысты ойын айтады, сынайды немесе ризашылығын білдіреді, рахметін жаудырады. Сондықтан бұндай белсенді оқырманға ақпаратты «шайнап берудің», ақыл айтудың, көсемсудің, насихат соғудың қажеті шамалы.” (үзінді “Қамшы кз” сайтынан алынып отыр – Ә.Ә.Ә.)


 

Кеңестік дәуірдің постсоцреализмін бойына шақтаған көсемсіп, насихат соғатын қазақ прозасы бар да, аға және орта буынның «алаш ақыл-ой империализмін» басшылыққа алған қоғамға кесік пен үкім айтып, оқырманға өзіндік ойы мен пікірін бірде ашық, енді бірде жасырын ұсынатын сюрреалистік, гиперреалистік қазақ прозасы бар.


 

Осы қазақ сюрреалистік, гиперреалистік туындысындағы ашылмайтын, табу салынғандай болған жабық тақырып – «орыс адамының трагедиясы». Оның бір себебі – «қазақ болған соң қазақты жазуың керек» дейтін ұлттық астамшылдық, екінші себеп – «алаш ақыл-ой империализмінің» өзге ұлтқа қатысты ағалық үлгі көрсетудің мәдени үрдісінің жоқтығы мен әсіреұлтышыл деген атақтан үркектеу. Қазақ өз қазағын ғана күйіттеу керек дейтін «әдеби платформа» да «қаламгерлік ортада» орнығып та үлгерді. Өзгеден үстем болу үшін – оны қор санау керек дейді «алаш ақыл-ой империализмінің» «өз-өзге» концептісі.


 

Оны енді-енді әдебиеттегі азат қазақты азат орыспен қатар қойып ғылми тұрғыдан салғастыра қарастыратын ұлттық салыстырмалы әдебиеттану имагологиясы қолға ала бастады, ТМД кеңістігінде С. К. Милославская осы терминді «образоведение» деп атауды ұсынса, қазақтар өз тарапынан «әдеби милеттану» терминін ғылыми қолдануға енгізу үстінде.


 

Әлемді саяхтап, ел танып, жер танитын алаш баласы бар, ел мен жерді қаламгердің жазғаны арқылы білетін «ғылыми орта» мен «оқырман қауым» бар. Осы «ғылыми орта» мен «оқырман қауымға» «әдеби милеттануға» қатысты ұғым-түсініктерді арыға кетсек, “Өзін зор – өзгені қор” санайтын қазақ келбетін біз – хакім Абайдың “Ғақлияларынан” табамыз. Кейін бұл сюжет-мотив ұлттық әдеби процесте өзектен тебіліп, «Жыраулар поэзиясының» экспонатына айналғантын. Ұлттық «әдеби милеттануды» «утопиялық кеңес адамы» алмастырды. Тіпті еліміз азаттық алған дәуірде де осы ұғым-түсінік төл прозамызда басқа сюжет-мотивтердің тасасында қалды. Осы сюжет-мотивті қорқақтамай ел әдебиетіне оралтушылар ішінде Дәуреннің қаламгерлік кредосындағы «алаш ақыл-ой империализмі» өзі турасында біржақты ақ та, адал пікір білдіруді керек етеді.


 

“Өзін зор – өзгені қор” санайтын қазақ келбеті – жыраулар поэзиясының басты өзегі. Бұрын «өзін зор – өзгені қор» санаған орыстар тірлігі қазіргі алаш қоғамында қалай өрістеп жатыр. Өзге ұлттың өмірінен алып туынды жазу – «қазақ әдебиетінде» кенжелеп дамыған сала. Тіпті болмаған үрдіс десе де болады. Тек біздің бар білетіміз Сабыр Шәріповтің «Лейля», «Рузи» хикаяттары мен Қасым Қайсенов пен Әди Шәріповтің «Партизандық хикаяттары». Бар болғаны осы. Және онда қазақтың дүниетанымы емес, кеңес адамының жау лагерьге қатысты марксистік ұстанымы алға қойылады.


 

Енді бірінші рет қазақ прозасында «өз бен өзге» концептісі ұлттық дүниетаным аясында көрініс беріп отыр. Бұл әдеби толғағы жеткен дүниені ұлтына сыйлаған Дәурен Қуаттың – “Марусяның мысығы” әңгімесі.


 

Заманалық алаш компаративистикасындағы «әдеби милеттануға» ТМД мәдени кеңістігінде төмендегідей анықтама беріледі:


 

«Имагология» (англ. “image” – “образ”) – это сфера гуманитарного научного знания, имеющая предметом изучения устойчивые стереотипные образы «других», «чужих» этносов, стран, культур, инородных для воспринимающего национального сознания. Имагология имеет междисциплинарный характер – она черпает материал из множества источников (языка, искусства, литературы, фольклора, этнографии, этнологии, культурологии, истории, др.), стремится к их обобщению и выработке некой общей парадигмы рецепции «чужих» в пространстве того или иного национального сознания.» (Папилова Елена Вячеславовна “Художественная имагология: немцы глазами русских” (на материале литературы XIX в.) Автореферат диссертации на соискание ученой степени кандидата филологических наук Москва 2013 С. 3)


 

Сонымен қазақтың ұлттық сана кеңістігіндегі өмірден нәр алған «өзгені» ұғыну парадигмасына негізделген әңгіме өмірге келіп отыр. Автор – орыстың кемпірлерінің «мысықты» жақсы көретін милети сипатын тап басып тани алған, әрі соның айналасына «өзге ұлттың» қазақ жерінде орын алып жатқан трагедиясын суреттей білуге қол жеткізген. “Мысық” мәдени коды көп нәрсені білдіреді. Өйткені, қазақ үшін «Ит – 7 қазынаның бірі» болса, «Мысық» байғұсқа ұлттық дүниетанымызда жөні түзу орын жоқ. Көре алмайтын іші тар жанды – қазақ – «мысықтілеу» деп жатады. Әрі «мысық баласы жоқ үйде болсам екен» деген тілеу тілейді деген әр қазақтың ауызында, әр алаш баласының санасында ойнақ салатын ұғым да бар. Міне, сондықтан, қазақ ұнатпайтын «мысық» өзге ұлттың келбетін тануда жазушы таңдап алған – әдеби фон.


 

Жергілікті Үкіметке де, өз тарихи отанына да керегі жоқ – Орта Азия орыстарының ішіндегі ең әлеуметтік әлсіз топ – жасы 60-тан асқан орыс зейнеткерлері. Есігін өз туғандары да ашпайтын – қазақ қоғамының «артық адамдары» туралы Дәурен тауып жазып отыр. Енді автордың наррациясына кезек берейік:


 

«Жоқ болды жоқтауың асқыр. Мүләйімсіп, тәлімсіп қасымнан шықпаушы еді, қайда ғана құрыды екен, а? О, Құдай Ана, құрсағыма біткеннің мойнын теріс бұрғызып қойып едің, енді мынауың не? Не қылғаның тағы да? Апыр-ай, осынша қатыгез, осынша мейірімсіз, осынша аяр деп кім ойлаған оны? Оңбаған нағыз найсаптың өзі екен барып тұрған!»


 

Маруся Агафьевна қабырғаға ілінген Полковниктің суретіне қарап отырып бұлқан-талқан болған. Полковник бірақ міз бақпады. Жақсақалы ұртына құлаған тұстан будырай көтеріліп, мұртының қылышы сынбай, қашанғы әдетінше сәнденіп, ымырт үйірілген кештің қоңыр бояулары тараған бөлме ішінен бұған тесірейе қарайды. Байқұс Маруся дерт меңдеп, ажал алқымынан қыса бастаған күндерде де осы бір тесірейген суық жанардан жанын ала қашып, қайда тығарын білмеген еді. Сол мезетте суреттегі Полковниктің кеудесін жапқан сөлкебайлардан жап-жасыл ағындар төгіле түсіп, әл үстіндегі бұны жағалай қамап алғанын да сезіп жатты.»


 

Осы бір аяғы жердегі, бір аяғы көрдегі бұрынғы «ұлы халықтың» қазақ елінде таздың шашындай селдіреген тобының – «Жалғыздығы» суретпен мұңдасатын ішкі ой толғау монологы арқылы бас персонаждың бұ дүниенің пендесі еместігін әм «ешкімге керексіз» жан екенін бірден ашып береді.


 

«... Ерте көктемнің көкөзек шағында «Ка-451 градус» газеті А. қаласындағы М. аудандық полиция басқармасының мәліметіне сүйеніп, адам баласының жанын түршіктіретін хабар таратты. «Ауырып өлген жалғызілікті кемпірді аш мысықтар талап, жеп қойыпты» деп жазылыпты жаманат хабарда» деген финалдық үкім орыс үстемдігі қай кезде «орыс тілділердің кәрі буыны» келместің кемесіне мінеді, сол кезде қазақ санасынан «бодандық таңбасының ізі» өшеді деген ойға қалдырады.


 

Маруся Агафьевнаның жалғызілікті тірлігі – бүкіл орыс диаспорасының басына түсіп отырған трагедия. Әр қазақ үшін – қазақ тілін білмейтін орыс жат. Кеңседе үкіметтің нанын жеп жүргендер ғана құрақ ұшып, былай шыға бере «әкеңауызды» құлдилатады. Автор осы трагедияға дейінгі өмірдің шауақты кезеңі мен трагедия орын алған кездегі қайғылы шақты кезектестіре пернелеп суреттейді.


 

Кеңестік дәуірдегі орыс рухын автор мына сюжеттік штрихпен береді:

«Маруся Агафьевна үйінен қолшатыр ұстап шығатын. Содан кейін күн қаппаған аппақ, әжімсіз омырауын паңдана көтеріп, жырық етек юбкасын жыртып жіберердей сыртқа тепкен қос бөксесін кезек толқытып, шымқай қара «Волганың» ішіне сүңгіп кетуші еді. Ауладағы сандал сүйреткен әйелдер сол кезде әдеттегідей сүйреңдесіп қалатын.


 

- Осы қатын-ақ ашық аспанның астында қолшатыр жамылып жүргенін қоймады ғой.

- Байың былқылдатып ауланың қақ ортасында машинасын көлденең тосып, басыңнан құс ұшырмай тұрса, сен де сөйтер едің.

- Бұл қатын біз сияқты қара жұмыс істеп қақталып көрмеген жан ғой, күйеуі әскери адам. Полковник. Өзі статупарвлениенің шынылы кеңсесінде керіліп отыр. Бұл кердеңдемегенде енді кім кердеңдесін?

- Кердеңдесе, кердеңдесін. Сонда да пенде баласына көз салып амандасуды білмейді. Амандаспай-ақ қойсын, тіпті сәлеміңді алмайды. Сонысы батады жаныма.»


 

Бастан бақ таюын Маруся Агафьевнаның полковник күйеуінің көз жұмуымен байланыстырады. Біз бұны астар мәтін ретінде автордың ҚР Ресей әскерлерінің кетуімен ұштастыруы деп ұғамыз. Маркестің полковнигі мен Дәуреннің полковнигі екі бөлек дүние. Дәуреннің әскери адамы – КСРО-ның деспоттығын білдіретін мәдени код. Маркес – полковнигі мистикалық реализммен суреттелсе, Дәуреннің – полковнигі – сюрреалистік аңыста бір ұлттың өзге ұлттар шоғырынан үстем болып, тек барлық пен асып-тасудың символдық бейнесі ретіндегі «фотсурет» кодымен алынады.


 

Полковниктің өлімі (КСРО-ның құлауы) – қазақ мәдени кеңістігіндегі орыс адамының арманының аяқ асты болуы. Осы аяқ асты болуды автор бірде бейреалистік, енді бірде реалистік жосықта оқырманына танытып отырады.


 

Орыс тірлігі мұра бөлісудегі ұлттық характердің көрініс беруі:

«Маруся Агафьевна қолшатырының астынан со күйі көрінбей, қатындар оны күндеуден жалықпай, жамырай сөйлеп, жақтарын жаман сөздермен ауыртып жүре түсер ме еді, кім білсін... Иә, кім білсін, Полковник қазаға ұшырады да, олар аз уақыттың ішінде Марусяның мұңдастары болып шыға келді. Бұл кезде ілкідегі қымбат көйлек-көншегі олпы-солпы тартқан Маруся да шүйкедей кемпір бейнесіне еніп үлгерген-ді. Әйтсе де, әредік барын киіп, барына малынып аулада отыратын. Қатындар енді соны сөз ете бастады. Ақырында Маруся байқұс көнді. Көнтерлі тағдырына да мойынұсынды. Мойынұсынбай қайтеді: жасы ұлғайды. Шалы шалқайып о дүниеге аттанды. Қазақстанды, Алматыны қойып Мәскеуде, Ленинградта оқытқан ұлы мен қызы қазалы рәсім үстінде әкелерінен қалған дәулетке таласып, жүз шайысты да қараларын батырды.


 

- Әкем ақымақ жан еді. Ақымақтығынан танбай өлген екен ғой, - деді ұлы. – Анау тау бөктеріндегі коттеджді біреуіміздің атымызға жазып кетпеді ме екен, сонда дау да, дамай да болмас еді.

- Ал, папамның жұмыстан қолы босамады делік. Уақытпен жүріп-тұрды. Сен қайда қарадың, мама? – деді қызы долданып. – Банктегі миллиондарды кім қол қойып алады? Екеуміздің бірімізді соған мұрагер еткендеріңде бұлайша ырылдаспас едік.» дегенді орыс адамына тән «ұрпақ жалғастығының жоқтығын» одан ары өрбітіп, осы хабарлама мәтінге нүктені былайшы қояды:

«Қыз бен ұлды қайырсыз қылып өсіріпті. Қазір бірі Канадада, бірі Австралияда. Бұның бұ жалғанда бар-жоғын білу үшін ғана әредік қоңырау шалатындары бар. Сонда құса мен қападан көкірегі қарс айырыла жаздайтын Маруся: «Қап, - дейтін, - қап, әттеген-ай!..»

Осылай ой мен сөз кестелеу ішкі монологтың авторлық қолданысына ұласады. Осы кейіпкердің ішкі монологы оқырманына «орыс отбасылық қарым-қатынасындағы» қазақта мүлдем болмайтын «тұрапаты жат» көп нәрседен хабар беріп, жасырын автор үні тасада қалады. Бұл – қаламгердің «жат ұлттық» кейіпкерін іштей егілтіп, психологиялық азапқа салатын өзіндік жазу мәнері.


 

Жазушы 1986 жылдан бастау алатын орыстың қазақ жеріндегі трагедиясын сатылап суреттейді. Шын тарихта болған, күнделікті өмірде орын алған ешбір детальды қағыс қалдырмайды. Орыс кемпірінің кейбірінің болмаса да, көбінің басында бар жалғыздықты былайша суреттейді:

«Бір күні қалтылдап аулаға шыққан ол Клавдия кемпірді көрді. Жылады. Мұңын шақты. Жанашыры жоқ жалғыздығын айтып шағынды.

- Жылама, - деп жұбатты оны Клавдия. – Жылама. Жылағаннан не пайда? Бәріміз өлеміз. Бәріміз де сүлдерін сүйреткен тірі аруақтармыз. Мен де жалғызбын. Жалғыздық – біздей мұңлықтар үшін жапа емес. Бай өлген, бала... болып па еді сол менде? Білмеймін.

Маруся егіліп кетті.

- Сен ғой, Клавдия, қайғы-зар кешу үшін жаралған жан сияқтысың. Сондықтан бәрін көтересің. Сорлағанда мына мен сорладым ғой. Өмірде қиындық бар, өлім бар, жоқшылық бар, ауру, дерт бар деп еш ойламаппын.

- Енді қайтесің, сорлы-ау, - деді Клавдия да кемсеңдеп. – «Көресіні көрмей көрге түспейсің» деген – осы.

Кемсеңдескен кемпірлер сол күннің ертеңінде керісіп, оның ертеңінде өткен-кеткендерінен сыр бөлісіп, тамырласып алды. Клавдия Марусяны ауладағы кемпірлермен тегіс таныстырып шыққан. «Бұрын, сайтан алғыр, қалай байқамағанмын, бәрі де жандары жайсаң қатындар екен ғой» дейтін Маруся құрбылары туралы мысығына қарап әңгіме айтқанда.»


 

Осы әңгіме үзігінде жазушы салмақ түсіріп отырған екі ой ағыны бар: «Бір күні қалтылдап аулаға шыққан ол Клавдия кемпірді көрді.» және «Маруся құрбылары туралы мысығына қарап әңгіме айтуы».


 

Бұдан шығатыны авторлық сюжеттік каузалистикалық өрілім: Кемпірдің жалғыздықтан «мысықпен» мұңдас болуы авторлық бағдар ұстануды басқа арнаға бұрады.


 

Қазіргі қазақ қаламгерлері бір ғана реализмнің қазығына атын байламайды. Қайта түрлі әдеби ағымдар мен әдістердің кесек жанр роман түгіл шағын жанр әңгіме бойында қосанжарласуын хош көреді. Стильдік алуандық Дәуренге бір жағы – журналистік кезеңнен қалған кәсіби дағды болса, екінші жағы – шығармашылық мәнерін тапқан шақтағы қол жеткізген қаламгерлік даралығының көрінісі. Енді осы әңгімедегі натурализм элементтерінің әңгіме сюжетінде ұшырасуына аз-кем тоқтала кетейік:


 

«Мысық – Клавдияның сыйы. «Жалғызбын», «жалғызбын» деп көз жасыңды көлдеткенше, мә, мынаны бауырыңа бас, жалықтырмайды» деген еді ол жонынан жолақ құлаған бала мысықты бұның қолына ұстатып. Содан бері мысық пен Маруся бірге. Бірге ішіп-жейді. Төсекке бірге құлайды. Кемпір шоқпытын жамылып қисая қалса, мысық бырылдап келіп бүйірін, суық сорып тұратын аяғын жылытып, маужырап жатады. Өзі бет-аузын сулап жуынғандай ырым жасаған соң кемпір мысығын шомылдырады. Басында тарғыл неме жылы судан қашып, кемпірдің терісі үлдіреген тарамыс саусақтарын, кең көйлегінің астарында көшіп жүрген омырауын тырнап, айғыздап тастаған. Кемпір қатты ашуланды. «Жуынуды, тазалықты білмейсің, - деп ұрысты. – Тамаққа қарының тойса бітті, ұйқыны соғасың. Кәрі шешеңді алдандырып, асыр салып ойнауды да білмейсің».


 

Мысық бірақ жылы суға шомылудың, шомылған соң жұмсақ сүлгіге оранып мүлгудің рахатын әбден біліп алды. Сабалақ жүндері сорғып, құрғаған соң кемпірдің алдына көлденеңінен сұлай кетіп, денесіне тиген тарақ тісінің діттеген жерін қасып, бойынан күйі тарқайтын сәттің тәттілігін жиі тілейтін халге де жетті. Жалғызілікті кемпірдің күбірі мен күңкілі де оған қатты ұнайтын.»


 

Адам мен хайуан арасындағы мұңдасу сюрреализмнің өзіндік әдеби әдісі. Осыны автор натуралистік сөз айшықтауды ой толғаулық монологқа ұластыра біледі. Әрі стильдер алуандығы орын алады. Кейбіреулер бұны қазақ әдебиетіндегі постмодерндік сезімталдықтың көрініс беруі деп ойлап қалуы мүмкін. Олай емес, Дәурен қаламына тән өзгешелік бір әдеби әдістен екінші әдеби әдіске шығарма тініне сюжеттік селкеулік түсірмей композициялық жалғастылықпен өте білу.


 

«Аға-әпкең мектеп бітірісімен Москва мен Ленинградта оқыды. Әкеңнің таныстары көп еді. Мына жақтан қоңырау соқты да, балаларды оқуға түсірді. Әкеңнің сол еңбегін екеуі де ескермеді, қайтейін. Бірі ел көзінен тасада ұстап отырған, қамалы биік коттеджімізді қыруар ақшаға сатып, бірі банктегі миллиондарды жымқырып тайып тұрды. Мен еркелікпен ескермеппін, әкеңнің тыққан дүниесінде қисап жоқ екен. Марқұм, жаны көктен жай тапсын, ұра қазып, қару-жараққа дейін сықапты. Соның бәрін тұз-түгелімен екі жетпегір үптеп кетті ғой, үптеп кетті».


 

Натуралистік аңыстағы Реалистік шығарма – мысықты бала еткен кемпірдің тірлігі арқасында сюрреалистік жосықтағы туындыға айналып үлгереді. Енді осыған шығарма бойынша мысал келтірмес бұрын, автордың мысықты сөйлетуі сюжеттік жаңашылдығына тоқталайық. Бұл фольклорда да бар: Қобландының Тайбурылының «астыңғы ерні қыбырлап, үстінгі ерні жыбырлап» сөйлеуінің ұлттық прозадағы әдеби жаңғыруын танытады. Шетелдік әлдебір аты дардай танымал жазушының жазу мәнерін қазақ прозасындағы туындыдан іздеу «Қожанасыр әпенденің есектерін мініп те, түсіп те санауымен» бірдей. Бұл кей сыншыларымыз бен әдебиеттанушыларымыз тарапынан «ойбай – Кафкаға, апырмай – Камюге ұқсайды» деген тамсануын тудырады. Қазақ қазір модаға айналып, әлемнің әлдебір еліне телініп жүрген әдеби әдістің көпшілігін осы жазушылардан, оның назариятшылары деп саналатындардан бұрын айтып, фольклорында айшықтап кеткен. Тек оған көрер көз керек. Бар болғаны сол.


 

Автордың «постмодерндік» жаңашылдығы емес, бар болғаны бұрыннан бар әдеби үрдісті туындыгерлікпен жаңғырта білуі.

«- Әй, оңбағандар-ай, оңбағандар! Ниеттерің қарау сендердің!

- Ниеттерінің қараулығы несі? – деді бір күні мысық кемпірге тіл қатып.

Кемпір абдырап аз тұрды да, бұрқырап сөйлей жөнелді:

- Мышым, сен білмейсің оларды. Олар мені өлсе екен деп тілейді. Мен өлсем мына пәтерді, мүкәмәл мүлікті басып қалмақ, білдің бе?

- Олай бола қоймас, мамасы.

- Саған сол екеуі ұнай ма?

- Ұнамайды! Әсіресе, әйелі.

- Неге?

- Ты не заметила, мама, его жена беременна! - Сен байқамағансың ба, мамасы, оның әйелі жүкті!

- Е-е, бәсе, неге көзінің алды көлкілдеп, кіндік тұсы шеңбірек ата айналып жүр десем. Жүкті де.

- Иә, жүкті. Ол әйел мені жек көреді. Өткенде босағадан аттай бере дәліздегі қаракөлеңкеде жатқан мені аяғымен ысырып жіберді.

- Байқұс балапаным-ай, сені аяғымен тепті ме ол салдақы?!.

- Тепкенде қандай, қабырғаларым қақырап кетті!

- Енді аттап бастырмаймын табалдырықтан.

- Мама, сен бұларды қайдан тапқансың?

- Мышым, әкеңнің қала сыртында құжырасы, он сотық жері болған. Әбден қараусыз, иен қалған еді. Өткен жылдары өртеніп кеткір құжыра есіме түсіп барсам, әлгі екеуі телмеңдеп баспана іздеп жүр екен. Содан, Клавдия кемпірдің ақылымен, пәтерші қылып алғанмын. Жамбаспұлын ай сайын төлеп тұрады. Кәрі шешеңнің қартайғанда тапқан амалы, әйтеуір өлместің қамы. Ақша сен екеумізге ауадай қажет қой, күнім.


 

Кемпір көп күбірлеп, күңірене күңкілдеп көзін әрең іліндірген, мысығының ащы мияуынан оянып кетті. Мысық бөлмелерді аралап безіп жүр екен. Қайта-қайта шығар есікті тырналап безек қағады.

- Мышым, саған не болды?

Мысық мүләйім кейіппен басын шайқап бырылдады:

- Білмеймін, мама, өне бойым өртеніп барады.

- Ауырып қалғаннан саусың ба өзі?

- Білмеймін, - дедім ғой, - мама, білмеймін!


 

Мысық құмыға мияулады да, тіл қатпады. Сөйтіп, үш-төрт күн бөлмелерді аралап әптер-тәптерін шығарған. Жанарлары жасылданып, кемпірге жат көзбен қарайды. Кемпір қорқайын деді.

- Дәрігер шақырсам қайтеді, а, мышым?

- Керек емес, мама, есікті ашыңызшы, сырттағы дүниені бір көріп келейін.»

Әңгіме бір ғана натурализм мен сюрреализмнен тұрады десек қателесеміз, постмодерндік ирония қылаң беретін гиперреализмдік сөз айшығы арқау болған мына туынды жолдары Дәурен талантының, жазу машығының сан алуандығынан, қалыптасқан прозашы ретіндегі өзіндік жазу мәнерінен хабар береді. Мауыққан мысықтың жоғалуы туындыны тініне Рабле стиліндегі «алаштық күлкіні» енгізеді. Бейімбеттен кейін жаңғырған Рабле стиліндегі «алаштық күлкіні» шегіне жеткізіп жазып жүрген Жүсіпбек Қорғасбектің жалғыз еместігін жоқтан өзеге дабыл қағатын «орекеңдер» тірлігінің айшықталуынан танимыз.


 

«Кемпірлер шуласып-шұрқырасып аудандық полиция басқармасына қоңырау шалды.

- Мысық жоғалды дейсіздер ме? – Телефон тұтқасын жарқын дауысты жас жігіт көтерді.

- Иә-иә, мысық жоғалды. Бір апта өтті, көз жазып қалдық.

- Мысығыңыз ұры болды ғой, шамасы? Қашып кетті ме?

- Былайынша, иә... қашып кетті десе де болады. Бірақ ұры емес, кәдімгі мысық, үй мысығы. Қаңғыбастардың сортына жатпайды. Ақылды, бекзат мысық.

- Ақылды, бекзат мысық ұрлық жасамайды деп кім айтты сізге? Біздің елде ақылды бекзаттар жетіп артылады. Сосын да ұрлық жасайды. Ұрлық жасайды да, елден тайып тұрады. Қашады. Халықаралық деңгейдегі қашқын атанып, алыс қиянда жаймашуақ тыныш өмір сүріп, мырғамға батады. Сіздің мысығыңыз да сөйтіп бір жерде бөгіп жатыр, бәс тігемін.


 

Полиция қызметкерінің жауабын естіген кемпірлер жінігіп кетті. «Мынау мазақтау ғой, қорлау ғой бізді, - десті олар. – Қақымызды аяққа таптап, ашық келеке қылды. «Осылай да осылай» деп газетке жазу керек». Кемпірлер мысықтың жоғалу хикаясы мен Марусяның аянышты халін тірнектей тізіп, кезекші милицияның жауабымен атышулы «Ка-451 градус» газетіне жолдап кеп жіберді. Кемпірлердің арызы газеттің әбжіл қимылдайтын қызметкерінің қолына тисе керек, бірінші бетке «Орыс әйелінің жан төзгісіз тағдыры» деген тақырыппен жарқ ете қалды.»


 

Дәурен комикалық пен трагедиялықты қатар өрілткен қазақ әдебиетіндегі санаулы туындылардың бірін жазып отыр. Гиперреализмге тән оқырманмен аралас-құраластыққа түскен шақтағы коллаждау әдеби амалы арқылы қайғырта отырып күлдірту туындының шоқтығын арттырып, әдеби бәсін өсіре түскен. Бұндай стильдік алуандықты Дәурен шығармалары негізінен жастардың үлгі тұтып үйренетін оңды дүниесі. Өйткені, бұл әңгіме – жаңашыл десең – жаңашыл, дәстүршіл десең – дәстүршіл. Артық қылам деп тыртық қылып жазылып отырғанда жоқ. Кейінгі толқынның көзсіз – постмодерн соңында кетпей, сюреалистік және гиперреалистік қазақ прозасындағы жаңашылдықтардан үйренуі керектігіне жол нұсқайды.


 

Қаламгер қашанда – әдеби бақ үшін, шығармашылық даңқ үшін жазбайды, ешкімді қайталамау үшін жазады. Ешкімді қайталамау бағытында жазылған туындының ғұмыры ұзақ та, мәңгілік. Ал, әдеби бақ үшін жазылған туынды – егесіне қаншама атақ-даңқ сыйлағанымен, оқырман үшін ойға салмақ салмай, сезімді ғана қытықтап, оқылған сәтте-ақ, естен шығып үлгеретін өлі мәдени құндылық қана.


 

«Өз бен өзге» концептісі аясында жұрт бірауыздан газет пен журналдағы «жалғызілікті орыс кемпірі» проблемасы деп санайтын дүниені қазақ прозасының бел баласына айналдыру оңай шаруа емес, автор БАҚ бетін мезі қылған тақырыпты шығармашылықпен игеріп, қазақ елінде ешкімге керексіз миллиондардың басындағы «мыңның тағдырын – бірдің бойына» тоғыстыру арқылы қиыннан қиыстырып шығармашылық жол тауып, тығырықтан шыға білді. Оған куә – Маруся Агафьевнаның жиынтық образының түрлі қырынан әрі авторлық, әрі персонаждық тұрғыда суреттелуі.


 

Енді Дәурен ирониясына кезек берейік:

«...Осы кейуана қарттар мекендейтін зәулім үйлердің ауласы мен өзге де аулаларда қазір ешкімнен именбейтін, ізет-құрметі кем жастар, бұзақылар, нашақорлар қаптап, өріп жүр. Қауіпті. Өте қауіпті. Газет тілшісі өз тарапынан жазған түсініктемеге аталған жайттардың бәрін қосыпты. Мақала оқырман қауым мен қоғамдық ұйымдарды дүр сілкіндірді. «Үміт аралы» дейтін қор жоғалған мысыққа іздеу жариялап, «Соңғы толқын» қозғалысы кезекші милицияның соңына шам алып түсті де, қызметінен қуып тынды. «Соңғы толқынның» күрескерлері мұнымен де шектелмей, «Нашақорлардан, бұзақылардан қаламызды азат етейік!» деген ұран тастап, әлеуметтік, ұлттық маңызы зор ұран өзге де ірі қалаларда жалғасын тауып, қуаңға тиген өрттей шалқыды. Белсенділігімен, сөзуарлығымен әріптестерінің алдын орап кете беретін бір депутат әйел Парламент мінберінде тұрып, мемлекетіміздің ұзақ жылдарға арналған стратегиялық бағдарламаларында үйінде ит пен мысық асырайтын жандардың жайы қамтылмай қалып жатқанын айтып ашынды. «Ит пен мысық – кәрі әке-шешелеріміздің серігі. Қарттарымызға қашанда қуаныш сыйлайық» деді депутат ханым сөз соңында.


 

***


 

«Орыс әйелінің жан төзгісіз тағдыры» Қазақстанның шекарасынан асып, Ашық хат түрінде көрші мемлекет басшысының құзырына жол тартқан күндердің бірінде...» мауқы басылған мысық табылады.


 

Бұл ирония – биліктің әлі қазақты орыстың «жаман мысығынан» да төмен санап отырғанын танытады. Санаға ауыр ой салады. Тап осы жерде әңгіме – өзінің жаңа қырын – әдеби протест шығарма екендігін жария етеді. Дәурен шығармасының өн бойына өзінің оқырманға арнаған ой мен сырын бүгіп отырады. Осы сыр – мысықтан да құнымыз төмендігін білген шақта рухты – жаралап, жанды – ауыртып, сананы – сыздатады.


 

Қазақ бұндайды, бақсақ – бақа екен дейді. Автордың қаламның кең құлаштылығы бір ирониямен шектеліп қалмай, әңгіме тініне қылмыстық хроника элементін сыналата кірістіреді, осы тұрғыдан алғанда ол «Адасқандар» романына қылмыстық хроника элементін енгізіп, тұңғыш қазақ сентименталистік романын өмірге әкелген прозадағы Сәбит Мұқанов үрдісін жаңғыртады.


 

«Осы кезде-ау, шамасы, Маруся дәлізден әлдекімдердің сұлбасын аңдаған. Қараңғыда бой тасалап, ұрымтал сәтті баққандай сыбырласқандарын да анық естіді. «Ұрылар, - деп ойлады ол жүрегі атқақтап, - ұрылар, қазір мені тұншықтырып өлтіреді де, үйімді тонайды. Сорлы мысығымның да жанын жәһаннамға аттандырудан тайынбас». Сосын сыбдырсыз сақ қимылмен телефон тұтқасын көтерген. Сүт пісірім уақыт аралығында сақшы машинасының қиқуы аулаға келіп жетті. Сарт-сұрт, тарс-тұрс. Мұздай қаруланып, бастарына темір телпек киген полиция қызметкерлері Маруся Агафеевнаның пәтеріне жылдам көтерілді де, қараңғы дәлізде отырғандарды бүктеп басты.


 

- Біз – Маруся апайдың дачасында тұратын пәтершілерміз. Баратын жеріміз тым алыста болған соң осында түнеп қалып едік.

«Е-е, әлгі екеуі екен ғой». Марусия ойын жиғанша, алдына серейген ұзын бойлы, ат жақты подполковник шеніндегі офицер тіктеліп тұра қалды:

- Рахмет, сізге, Маруся Агафьевна. Көптен бері ізін жасырып, дәт дегізіп жүрген аса қанқұйлы қарақшыларды ұстауға көмектестіңіз. Сол үшін сізге бөлімше атынан алғыс айтамын. Сергектігіңізді, батылдығыңызды ертең газетке де жазып, өзге қарттарға үлгі етеміз.

Сібірлеп атқан таңның ақ тозаңы алакеуімдеген ауладан пәтерші еркектің шырылдаған дауысы естілді:

- Ішке теппеңізші ағай, ішке теппеңіз, әйелім ғой, жүкті еді. Ішке теппеңіз!»


 

Бұл әңгіме романға жүк болар дүниелерді сыйдырып қана қойған жоқ, өзінен жас талап прозашылардың үлгі алуының шағын жанрдағы эталоны. Осындай әңгімелер – қазіргі қазақ әдеби процесінің бағын асырып отыр. Біз тек Дәурен Қуаттың өзіміз байқаған қалам қарымын тек бір әңгімесіне қатысты айта алдық. Қалған әңгімелері турасында өзгелер өз пікірін білдіре жатар.


 

Сөз соңында, қадап айтар бір жайт: Дәурен – өзінің қоғамдық қайраткерлігімен, шығармашылық тәлімгерлімен кейінгі толқын жас прозаиктерді артынан ерте білген қазақ әдебиетінің ерен тұлғасы. Сөзі мен ісін пір тұтқан қаламдас інісі – Қанат Әбілқайыр ағасы көтерген тақырыпты басқа қырынан қарастырған «Соқыр үміт» әңгімесін өмірге әкелуі әдеби процестегі осындай аға мен іні арасындағы шығармашылық «аралас-құраластықтың» нәтижесі.


 

Екі әңгіме де бірін-бірін бірі толықтырып, «өз-өзге» концептісін қазақ әдебиетінде орнықтырып отыр. 


 


 

Әбіл-Серік Әбілқасымұлы

Бөлісу:

Көп оқылғандар