Василий Шукшин. Көңілжай (повесть)

Бөлісу:

12.08.2015 3795


shukshin4.jpg

Бұрнағы күні кешқұрым Иван Расторгуевтің туыстары оны алыс сапарға шығарып салуға жиналды. Бұл Иванның шипажайға аттанары алдындағы сәті болатын. Өмірінде алғаш рет теңізге жол тартпақ. Сонымен, бәрі біраз сілтеп алысты. Сөз көбейіп, соңы дауға ұласты. Иван жалғыз жолдамасы бола тұра зайыбы Нюра мен екі кішкентай ұлын ертіп кетпекші болғаны, дауға арқау. Балаларды ертіп жүру керек пе, жоқ па? – десіп, дауласты. Иван керек дейді. Тіпті, сол үшін қызарақтап та бақты:


- Турасын айтқанда, құрметті туыстар, мен меңіреу адамша мәңгіріп отыра беруге де бармын. Балаларым жастайынан көз ашсын! Міне, осы. Маған ондай демалыстың қажеті де шамалы. Қармақ салып, өзен жағасындағы көлеңкеде отыра беруге бармын. Сөйтіп-ақ демала саламын. Бұтаның түбінде бірер шөлмек босатылар. Солай ғой? Ал, мыналарға, кішкентайларға көп нәрсе қажет. Айталық, бұлар мектепке барғанда мұхит, теңіз туралы сабақ өтуі мүмкін. Бірақ, оны көзбен көрді ме? Бала кезімізде әкем ертіп апарып еді деп есейген соң айтады. Менің әкем жадымда қалмапты, бірақ, кішкентей кезімде Қайыңдыға ертіп апарғаны есімде. Сол ғана ойыма оралады! Асылы, мені еркелетіп, кәмпит әперген де шығар, онысы, мүлде есімде жоқ. Ал, атпен Қайыңдыға апарғаны анық есімде...


- Неге сол оқиға есіңнен кетпейтінін мен айтып берейін, - деді де, Иванның нағашы ағасы Васька Чулков: - Атпен барғандықтан солай!

- «Атта» тұрған не бар?

- Мотоциклмен емес атпен барғандықтан солай. Сондықтан, сенің

есіңде. Мен де өз балаларымды...

- Одан емес – деп бәрі шулап қоя берді.

- Оның бос сөз! Атпен, мотоциклмен барудың қандай айырмашылығы бар?

- Айырмасы, түйе мен ешкі сияқты ғой!

- Дәлелдеуіме мұрша беріңдер – деді, Иван шыны шишаны шанышқымен тықылдатып тұрып: - Осы үшін сендерді шақырған едім.

- Ештеңе етпейді! Америка асып кеткелі жатыр ма екен? Ресей ішінде ғой – деді, байырғы теңізші әскер болған Кузьма шал. Иванның енесі Акулина Ивановна оған қарай бұрылып:

- Тым жас болғасын жүрегім ауырады. Не үшін олай етеді?

- Мына кісі бірдеме деп тұр ғой.

- Неткен байыпсыздық...

- Емшектегі баламен де жүре береді ғой.

- Емшектегі бала болса, тіпті оңай ғой. Емізесің де ұйықтата саласың. Мынандай балалар қас қағым сәтте машинаның астына түсіп кетеді.

- Машинаның астына дейді ғой. Қайдам, Ванька, ешкімді тыңдама, алып кет. – Нюр, деді Иванның әйеліне бұрылып:

- Саған не болды, неге үндемейсің?

- Мен тіпті бірдеңе білуден қалдым. Анау теңіз дегенді ести сала миым айналып кетті. Жол жүру жақсы секілді, бірақ, жүрегім дауаламай қорқа беремін.

- Неден қорқасың?

- Жолда ауырса не істеймін?

- Қысқарт! Ырымы жаман бейбақ!

- Иванның тілі ащы ғой.

- Кептірілген нан ұнтақталып қалады деп қоржынға салмаушы ма еді. Қара қарға құсап беталды қарқылдап...

Сонда ауылдықтарға ұқсамайтын бір жас келіншек:

- Егер балалар ауырса, екеулеріңіз дереу вагонның жолсерігіне барып, осылай да, осылай балам науқастанды. Келесі бекетте дәрігер шақыртып беріңізші деп айтыңыздар. Сонда жолсерік радио торапқа барады да келесі бекетте емхана қызметкері тұрсын деп шақыртып қояды. Оның міндеті солай, бітті!

- Андағының бәрі далбаса. Иван сен қалай болғанда да бір шиша ақты

ала жүр. Бала ауырса, кеудесіне компрес қоясың. Нюра, сен мақта және жапсыратын қағаздар ал. Маған... – деп, Васька Чулков өзінше ақыл айтады.

- Алғанмын.

- Ау!

- Жапсыратын қағаз алдым деп тұрмын.

Васька аузын арандай ғып ашып Нюраға көрсетеді:

- Сен қарашы, тамағыма не болғанын. Қарашы, қане. А-а... О-о!

Тамағымның баспасы ұстап желбегей безі бес есе өсіп кеткен. Қарашы!

- Атаңның басының желбегей безі! Арақ сылқ етіп өтетін тамақтарың науқассыз жүретін кезі бола ма екен – деп Нюра жақтырмады.

- Сондықтан да, ішеміз ғой. Басқа амалдың жоқтығынан! Желбегей безім үлкеймеген болса, мен арақты татып алмас едім.

- Жоға, Иван сен қалаға бара сала ең алдымен... Мені тыңдап тұрсың ба? Сен бара салысымен... Ваня, бері қарай құлақ түрші, сен бара сала...

- Тұра тұршы, барар жерге жетіп алайықшы.

Әрбірі қатар сөйлеп, өзінің сөзіне ешкімнің зер салмағанына Иванның ызасы келіп тұрған еді.

- Ауылдың бір жігіті қалаға келіп алып, қайдан шалып қалсам екен деп ойланыпты...

- Не шалу ол?

- Не емес, кімді десеңші, адам деген жанды нәрсе ғой.

- Кім?

- Кімі бар ма? Сен өзі адам сөзін ұғасың ба?

- Ұғып тұрған жоқпын. Сен өзің шалу дейсің. Кімді шалу, ол?

- Несі бар, бір әдемі қызды да.

- А-a. Иә, солай екен.

- Сен тыңдашы, өзің...


Екі адам үстелге екпеттеп алардай еңкейіп алып, әңгіме айтады. Бір ауылдық тұрғынның қалаға барған хикаясын әңгімелемек болып барын салып жатыр. Ол үшін қасындағы адамның алқымынан алып өзіне қарай тартып әкеліп айтпақ болғанда әлгісі қолын қағып тастап жатыр.


- Сен тыңдашы!

- Тыңдап отырмын. Сен неге қолыма жармаса бересің?

- Мен жармасқан жоқпын, енді, тыңдашы!

- Қалаға барып, қайдан шалсам екен деп ойлапты.

- Ол не деген ойлап бітпейтін адам, өзі? Ойлай береді, ойлай береді. Сен неменеге қолыма жармасып қалдың?


Дастарханның келесі бір шетінде асқазан жарасынан қалай сауығуға болатыны туралы қызу әңгіме өрбіп жатыр.


- Мен автобуста бір кісімен сөйлестім... дейді, алтын тісті арық жігіт ағасы. Ол тым шұбалаңқы әрі барынша беріліп сөйлейді:

- Сенің түрің неге қарайып кеткен, ауырасың ба деп сұрайды әлгі кісі.


Мен айттым, ауру дейтін ештеңем жоқ, бірақ, құлан таза сау адам да емеспін. Тоқ ішегімде жарақат бар. А, ендеше оны қалай емдеуді мен саған үйретейін, бір айдың ішінде шауып кетесің деп қояды, әлгім.


- Қалай деп мен сұрадым.

- Көрпе иіс суынан туп-тура бес шишасын ал да алояны ұсақтап турап араластырып қой! - дейді.

- Неге иіс су ол, арақ емес пе?

- Көбінесе, спиртке қоспайтын ба еді?

- Қайдан білейін, көрпе иіс суы болу керек деді ғой.

- Сонымен қанша көлемді ішу керек?

- Әне, Лев Казимирыч кетіп барады. Лев Казимирыч! – деп біреуі терезеден айғай салды. Бәрі терезе қағып:

- Лев Казимирыч! – деп, жамырай шақырды.


Лев Казимирыч шляпа киген ақылды басын баяу көтеріп бір қарады да есікке қарай беттеді. Ол баяу ғана адымдап келеді. Үйдегілер Лев Казимирычтің ақылдылығына тамсанып, білмейтін пәлесі жоқ, алма өсіреді, кітап, газеттерге жазылып алдырады десіп әңгіме өрістетті.


- Мен көкөніс қоршауының шетімен кетіп бара жатыр едім, шақырды. 

Кір дейді. Кірдім. Сөйтсем, Лев Казимирыч бір қолында әлде бір журнал бар, теория деген мынау, практикасы анау деп көрсетіп алма же деді. Мен алмасынан дәм таттым – десе, енді бірі:

- Егор Козловтікіне тұқым себуге барғанбыз. Шелек, тегене, табақ қолыңа ілінгенді тарсылдатып ұра бергін. Дыбыс, шу өте қажет болады деген! Сөйтіп дүрлігіп жүргенде Козловтың Нюрасының бес бірдей құмырасының быт-шытын шығардық. Қоршаудың басына кептірмек болып іліп қойған екен. Мен оны қазықпен бір перемін, дыбыс шығармақ болған түрім ғой!

Бәрі күліп алды.

- Нюра, сенің басыңа ұрып та дыбыс шығармадық па?

- Тұқым себіп жатқанда құмыраны ойлауға мұрша бола ма!

- Әй, осы Казимирычтің басы қатты істейтін адам ғой!

- Біз бір күні...

Лев Казимирыч кіріп келіп, бас киімін қолына алып, барлығының алдында бас иді:

- Топ ортаға бір сәлем!

- Лев Казимирыч, сәл тізе бүгіңіз!

- Қане, орындық беріңдер! – десіп жік-жапар болысты.

Лев Казимирыч жайғасқан соң болмашы таңданыспен былай деді:

- Мұнда не болып жатыр, өзі?

- Иванымызды шығарып салып отырмыз. Ол енді, теңізге тартады.

- Теңізге тартқаны, қалай?

- Шипажайға демалысқа кетіп барады...

Иванның енесі Акулина Ивановна әлгі Казимирычке бет бұрды:

- Ал, Казимирыч сіз бір жол сілтеп, қол ұшын беріңіз. Иванымыз балаларды алып кетем деп болмайды, мен қой деп. Балалары тым жас болғасын менің тіпті жүрегім езіліп кетті. Бала алып жүріп, қатқанының басын бітіре ме?

- Қайтесің? – деді, Лев Казимирыч.

- Не «қайтесің»?

- Бала алып жүріп.

- Күнге қыздырылсын, мұхит, теңіз көрсін...

- Сенде ес бар ма?

Бәрі үн-түнсіз Лев Казимирычке көз тікті.

- Онда тұрған не бар? – деп Иван ауыз ашты.

- Балаларды сонда қойып келейін деп пе едің?

- Бұл не деген сөз?

- Мына балалардың іштерінен дереу қан өтіп шыға келеді ғой. Тіпті, іш ауру жол-жөнекей де іліп әкетуі мүмкін. Әкесі, сәл ақымақ жасайын деп отырған жоқсың ба?

- Солай ма?

- Солай – деп, Лев Казимирыч өте байсалды тіл қатты. Барлығының көңілдері орнықты. Тіпті, отырғандар көңілдене бастады.

- Әне, естідің бе, Ванька! Біз бұған айтуындай-ақ айттық қой. Ал, бұл сүзеген бұқаша өз бетімен бой бермейді... Лев Казимирыч, сізге рахмет!

- Оқасы жоқ.

- Лев Казимирыч, ішімдіктен алып қойыңыз! Азғана болса да...

- Ішпеймін, рахмет. Болмайды.

- Азғана.

- Азғана да болмайды, рахмет.

Әлгі бір алтын тісті жігіт үстелдің арғы шетінен шалға қарай ұмтылып:

- Лев Казимирыч, маған бір сөзіңізді қиыңызшы, егер алояны иіс сумен қосып... дей бергенде әлде бірі оның сөзін бөліп жіберді:

- Сен андағы иіс су, иіс су дей бергенді қой! Егер білгің келсе, мен-ақ айтып берейін. Қызыл миядан артығы жоқ. Ал, Лев Казимирыч, мен сізден басқа нәрсе сұрайын. Мысалы, сіздің көлігіңіздің қалпақшасы бітеліп қалды делік... дей бергенде, Лев Казимирыч басын жоғары көтеріп:

- Ал, сосын?

- Бітеліп қалғасын цилиндрге отын бармайды. Неге?

- Бірақ, мотор істеп тұрады!

- Мотор істемейді.

- Істейді!

- Ендеше, қалпақша бітелген жоқ.

- Жоға, бітеліп тіпті, тарс-тұрс атылып тұрса.

- Онда бітелсе де біржола жабылып қалмаған ғой.

- Лев Казимирыч, ән салайықшы!

Үстелдің әлгі алтыг тісті жайғасқан бұрышынан «әндетейік» деген дауыс шықты да:

Сырға, жүзік сатылған,

Шулы қалада отырған...

деп қошқар мұрынды толық әйел әндете тұра қасында отырған жігітке тесіле көз тастайды. Сол сәтте ол әйел жас жігітті көпе-көрінеу ықтырдым деп ойлаған шығар.

Онда өзі барған соң,

Депті ғой, әйелімін сығанның.

Отырып ашық терезе алдында,

Армандадым мен, анда-санда.

Сыған әйел қасы қара,

Келді, міне дәл қасыңа...

Әйелдің тесілген көзі жас жігіттің көңілін аулай алмапты. Ол манағы қалпақшасы бітелсе де моторы істеп тұратын жігіт ағасына қарай бұрылып былай деді:

- Ол қалпақша бітелмеген ғой, түсінікті ме?

- Онда не болған?

- Піспегі желінген. Кальцо. Ашып көрдің бе?

- Мүлде ашпағанмын.

- Кальцоны алып ауыстыра сал.

Қара барқытпен табыт оралған,

Айналасына көп шырақ жағылған.

Ішінде сол табыттың бір ару көз жұмған,

Мәңгі ұйқыға оянбастай батып кеткен...

Жиналғандар бұл әнді тыңдағанымен қосылып айта алмай тұрды. Бірақ, жай тыңдап отырудың не қажеті бар? Концертке келген адамдар емес.

«Табыттың қасында тізерлеп,

Опасыз жігіт отыр қамығып»

- Әй, Зина, Зин деймін! – деп, әлгі толық әйелдің әнін зорға тоқтатып:

- Бәріміз білетін ән айтайықшы! Айналайын, андағы табыт-мабыт дегенің тым қорқынышты естіледі екен.

Лев Казимирычтің қасында отырған байсалды әрі мұңлы кейіптегі сұңғақ бойлы еркек:

- Ей-аһ! – деп күректей алақанын үстелдің үстіне қойғанда Лев Казимирыч шошып қалды. Әлгі ұзынтұра:

- Лев Казимирыч, революциялық әндер шырқайық па?

- «Рябинушка» бола ма, бір орыс ән айтсаңдаршы!

Сонымен «Рябинушканы» айтты. Тамаша шырқады. Олардың әні көше бойлап естіліп тұрса да тамылжыған кештің тыныштығын бұзбады, әуені көше аралап әр құлаққа жетсе де, тыңдаған адамдарға қолайсыздық тудырған жоқ.

- Ивандікінде біреулер әндетіп жатыр ма?

- Иә. Тоқымқағар. Әндетіп жатыр.

- Әдемі шырқап жатыр.

- Иван демалысқа кетпекші ме?

- Демалысқа. Ақшасын қайда шашарын білмеген, ақымақ.

- Иван десе, Иван ғой. Есектің құлағына алтын құйсаң да басын шайқайды. Нюра да бара ма?

- Алып кетеді. Балаларын да ертіп жүрмекші шығар.

- Ой-бу! Енді қайттік!

- Сен Ивандікіне барып, торайын көрдің бе?

- Жоқ. Енді, торай сатып алуды қойдым. Қараша айына дейін біреуді асырасам да жетеді. Соншаманы не қыламын, сайтан.

- Сонда, өзі Ивлевыда бір торай қанша тұрады?

- Қанша? Жиырмабес еді ғой. Бір айлық па?

- Бір айлық.

- Жиырмабес.

- Ертең барып көрейін. Мен бір еркек шошқа асырап көрейін дегенмін, сайтан алғыр. Етсіз қиын екен ғой.

- Қиын болмағанда ше?

- Қиын.

Ертеңінде Иван мен Нюраны автобус аялдамасына дейін шығарып салды. Ұлы жолға аттандырмақ. Иван мен Нюраны аға, әпкелері ортаға алып, көше бойлап барады. Иван кешегі тоқымқағардың әсерінен жүзі жабырқау болғанымен су жаңа сыртылдаған сулық киіп, басына шляпа қойған. Нюра қара юбка, жылтыр атлас жейде киіп, шұбар ала орамал жамылған. Тойға бара жатқандай-ақ сәнденген.

Иванның туысы бір жігіт гитара асынып алып, қолын сермеп, оның ішектерін пергілеп, жат жұрттың әлде бір әуенін ойнап келеді. Жолда кездескен адамдар тұра қалып, қызықтап қарайды да ары қарай жұмыстарына кетеді. Бәлкім, олардың қай бірі ауылынан кетер болса, туыстарымен осылайша көптің назарын аударып жүрер.

Автобус аялдамасына келді. Иван нағашы ағаларымен бірге асханаға кірді. Зайыбы Нюра, жасы үлкен туыстары да оған ләм-им демеді. Алыс сапарға шығарып салу кезінде асханаға кіріп шыққанда тұрған не бар екен.

Кешікпей Иван және оның туыстарының беттері қызарып, жөтеліп шыға келісті. Темекі тартысты.

- Қане, темекіңнен әкелші, менікі ұнтақталып қалыпты.

- Астыңа салып алып ұйықтап па едің?

- Үстінен басып отырған секілдімін ғой...

- Ваня, жолда көп сілтемегін.

- Мен бе, ол не дегенің?

- Егер ішсең сыра дұрыс. Ішкің келіп бара жатса, екі шиша сыра алып ішсең пәлендей мас та болмайсың, әдемі отырасың.

- Мен бе, ол не дегенің...

Бұлардың ағайындары шетінен жуан жұдырықты, денелері ширақ, қатал болып келеді. Бәрі жұмылған жұдырықтай біріксе, жұрттың зәресін ұшырарлықтай. Бірақ, қалалық жерден бәрі бастарын ала қашады. Иванның көңілі толқып тұр.

- Онда барған соң қызбалыққа салынбағайсың...

- Мен бе, ол не дегенің...

Автобус келді.

Туыстар сүйісіп қоштасты.

- Иван, абай болғайсың...

- Анашым, балаға жақсы қараңыз. Өзенге қарай жібермегейсіз...

- Алаңсыз жүре беріңдер, мен қараймын ғой!

- Көңіл алаңдап тұр!

- Бара бер! Алған бетіңнен қайтпа!

- Ақымағым-ау, онда барып демалмағанда не істейсің? Жүре бер!

- Нюра, әй Нюр! Ақшаңды юбкаңның арт жағына салып ал-ей, сайтан да сезбейді. Мен ылғи солай істеймін... жоғалмайды.

- Анашым, балаларға абай болыңыз. Олар өзенге кетіп қалмасын!

- Иван хат жазарсың!

- Бәрімен көңілжай боламыз ғой! – деп, Иван автобус терезесінен айғай салды.

- Анашым, Құдай үшін бала...

Автобус қозғалып кетті. Екі жұп сапарға аттанды. Еш алаңдаудың қажеті жоқ. Көңіл орнықтыру керек, үйреніп кетесіңдер, әлі!

Иван автобус ішінде қабағын түйіп, бала кезінен бауыр басқан мекені көзден таса болғанша терезеден көз алмады. Мал өрістері артта қалып, орман жалғасты. Иванның қасында отырған мінезі жібектей егде адам:

- Алғаш рет жолға шықтың ба? – деп қызықтады.

- Жоға, қайдағы! – деп бұрылып қарап, сергек үн қатқан Иван өтірік соға салды.

Сосын, әйеліне бір қарап алды да тағы қабағын түйіп, терезеге телмірді. Біраз жер жүрген соң әлгі сапарласына бұрылды:

- Қайда алғаш рет деп сұрадыңыз?

- Алыс сапарға.

- Неге олай ойладыңыз?

- Туыстарың бәрі шығарып салып, көрініп тұр ғой.

- Жалпы, мен қалаға барып жүрдім, бірақ, дәл осылай алысқа алғаш рет шығуым.

- Қай жерге дейін барасың?

- Қара теңіз.

- Тамаша.

- Демалуға бара жатырмыз.

- Тамаша.

Теміржол вокзалының сыртында билет сатылып жатыр, қырғын кезек. Иван шағын бақшадағы ағаштың жанына әйелін шабадан қаратып, отырғызды да өзі кезекке тұруға кетті. Бір шляпа киген адамның артына барып тұрды да, қос шляпалы екеуі бір сапқа енді. Иван неге екенін қайдам, біртүрлі ашық жарқын болып кетіпті. Жалпы, Иван қалаға келсе, көңілі толқып алқына ма, біршама ұшқалақ болып кететіні бар. Әлгі шляпа киген кісіден сұрады:

- Cіз билеттің кезегінде тұрсыз ба?

- Жоқ, шұжықтың кезегінде тұрмын – деп ол газетке тесіліп, мұршасы болмай тұрса да Иванға көз салды. Иван оған ренжіген де жоқ.

- Ұзаққа кетесіз бе?

Әлгі тапал адам тағы да газетінен бас көтеріп Иванға қарады да:

- Ленинград.

- Мен оңтүстік жаққа жол тартамын.

- Жақсы екен.

- Тәуекел барып көрейін деп шешіп кетіп барамын. Билет таусылып қалмас-ә?

- Таусылмауы тиіс. Бірақ, сайтан біліп пе, адам көп екен.

Иван газетке тесілген адамның шляпасына өзінің де басындағы шляпасын жақындатып, баяу дыбыстады:

- Адам көп екен. Не аталарының басын іздеп жүреді екен? Үйлерінде отырса болмас па?

Әлгі кісі тағы да Иванға бір қарады да газетін оқи бастады. Иван үнсіз қалып, олай-бұлай көз салды да әлгі ұзын-сонар кезекті көрді. .. Әлгі кісінің иығының үстінен газетке үңілді де:

- Газетте нендей жаңалық?

- Буэнос-Айресте пойыз бір пілді соғып кетіпті – деп, ол жақтырмай басын шайқап, тас-түс жауап қатты. – Ой-бу! – деп, Иван таңданыс білдіргенде кезекте тұрғандардың біразы газет оқып тұрған кісіге таңдана қарасты. Иван сұрап жатыр:

- Пойызға не болды екен?

- Жолымен кете берген де. Мына ыстықта көп сөйлеу сізді жалықтырмай ма? – деді.

Иван мінін біліп үнсіз қалды. Ол негізі, ұзақ та ұзын кезекте әзілқой сергек тұрса көңілді болар деп ойлаған. Иван біраз уақыт тұрды да әйеліне ымдады.

- Сен мұнда тұр. Мен темекі тартып келейін.

- Шабаданның қасында темекіңді тарт...

Иван шабаданның қасына барып, Нюра кезекке тұрғанда ұзақ уақыт күтуге төзім керек екенін түсінді.

Әр адам билет алды. Соған қарамастан Иван мен Нюра жайғасқан купеде бір ғана адамның отырғанына қарағанда әлі билет қалғанға ұқсайды. Иван купеге емен жарқын кірді.

- Әй, Нюра, жиырма екі, жиырма үш деген мұнда ғой. Бері, бері! Ал, сәлеметсіз бе?

Көзі сәл күлімдеген, біршама сабырлы әрі өзіне сенімді кейіпте бола тұра ештеңеге шімірікпейтіндей түрі бар адам вагонның кішкентай үстелінің жанында отыр екен. Іссапармен жүрген адам көрінеді. Нюраға қарап ол:

- Иә, танысайық, мен Николай Николаевич деген кісі боламын – дегенде Иван іліп әкетті:

- Иван Расторгуев. Бұл менің зайыбым Нюра.

- Дұрыс – деген іссапаршы адам ерлі-зайыпты екеуімен беталды

сөйлесе беруге болады дегендей екеуіне, әсіресе, Нюраға еш қысылмастан көз тігіп, тіпті, иығын сипай жаздап: - Ұзаққа жол тарттыңдар ма? – деді.

- Оңтүстік жаққа...деп Иван бірдеме білетін адамша сыпайы жауап қатып еді, Николай Николаевич күліп жіберіп:

- Сендер өзі жыл құсысыңдар ма? Оңтүстік жақ дейсің бе?

Оның мазағына Иванның жыны келсе де онысын ашық білдірмеді. Жолсерік те кіріп келе қалды.

- Төсек жаймасын аласыздар ма?

- Мен алмаймын, кешікпей Горсктен түсемін. Мына кісілерге қажет шығар. Бұл кісілер тіпті оңтүстік жаққа бара жатқан жайы бар – деп, Нюраға қарап тағы күлді.

- Расында, бізге керек болмағанда ше, алып келгін – деп, Иван асығыс тіл қатты...

Вагон жол серігі қос төсек жаймасын алып келді.

- Екі рубль – дегенін естіген Иван себебін түсіне алмады.

- Қайдағы екі рубль?

- Төсек жаймасының бағасы.

Иван екі рубль тағы шыр ете түсетін болды деп ойлап үлгерді де: - Бұл сонда, төсек жаймасының бағасы бөлек болғаны ма?

Іссапарда жүрген кісі мен жолсерік екеуі бір-біріне қарады.

- Бөлек, бөлек. Қане, тез төлеңіз, мен асығыспын.

- Нюра, мына кісіге екі рубль алып берші.

Иван өте байсалды айтты. Есесіне, Нюра ақырын ғана:

- Мені далдалай тұршы! – деді. Иван әйелін екі бірдей еркектен далдалап тұрды.

- Біз қазір шұлықтың ішінен ақшамызды шығарып алайық. Сосын, береміз.

Иван ақша-пұлын әйелінің «шұлығында» сақтағанына қатты ыңғайсызданды. Осы себептен, іссапаршыл кісі мен жолсерік өзара жымиысқанда Иван оларға қаймықпай тік қарап, күліп тұрғанымен езуінде ащы емеруін бар еді. Егер іссапаршы кісі Иванға қатты зер салып қараса, ол күлкісін дереу тыйған болар ма еді. Алайда, ол мүлде мән бермей қарағандықтан күлімсіреген күйі Иван: - Әйелім өте қорқақ адам, ақша-пұлымызды біреулер ұрлап кете ме дейді. Біздің азғана ақшамыз кімге керек? Солай емес пе? – деді.

Нюра бестік банкнот шығарып жолсерікке ұсынды, ол үш рубль қайтарды да шығып кетті.

- Алғаш рет қой? – іссапаршыл кісі қулана сұрады.

- Не?

- Алғаш рет сапарға шығып отырсыңдар ғой?

- Иә, онда тұрған не бар?

- Адамға сену керек. .. Мысалы, сіздер менімен бірге жолдасыңдар,

алайда, ақшаларыңды қайда салдыңдар? Олай болса, маған сенбей тұрсыңдар ғой. Солай ма? Шынында, солай болып тұр. Мені танымай, білмей тұрып күдіктенесіңдер! Алыс жолға бара жатырсыңдар, әр адамға осылай сенбей жүресіңдер ме? Сол ауылдық мінездеріңізді қойсаңдар ғой. Сенің айтуыңша, оңтүстік жаққа бара жатсаңдар, өздеріңді жөнімен алып жүріңдер... Немесе бүйтіп жүргенше үйлеріңде тыныш отырғандарың артық. Оңтүстік жақ дегенде қай жерге дейін жетесіңдер? Оңтүстік өлке үлкен ғой...

- «Қайда» деген тауға барамыз. Сондай тауды естідің бе? Сонда

жаңадан бір демалыс орны ашылған екен. .. Мен шаңғымды майлап алып, сол жаққа алғаш рет бара жатырмын - дегенде, Нюра еріксіз күліп жіберді.

Бұл жағдай әлгі іссапаршыл кісі үшін отқа май құйғандай әсер етті. Әсіресе, Нюраның күлкісі оған оған тіпті жайсыз тиді.

- Сен неге беталды қызарақтай қалдың?

- Сіз неге сөзді көбейтіп, қызарақтап кеттіңіз? Мен сіздің екі туып, бір қалғаныңыз емеспін ғой...

- Мәссаған, ал ендеше! – деп, іссапаршыл кісі әдейі зорлықпен күліп:

- Сен екеуіміз де өркөкірек жандар болып шықтық.

- Құрметті жолдас, қалай болғанда да мен сіз секілді біреуді мазақтап, жырқылдамаймын. Сол қылығыңызбен сіз өте ақылды бола аласыз ба? Жоға..

- Иван! – деп, оған дауыс көтеріп, Нюра араласты. Іссапаршыл кісі сабырлы кейіпке енді.

- Сіз қалай болғанда да өзіңізді дұрыс ұстап үйренгеніңіз абзал. Сіз

ауылыңызда жүрген жоқсыз ғой. Адамның түзету үшін айтқан сөзіне құлақ асу керек, ол үшін дегбірсізденудің еш реті жоқ... деді де, даусын көтеріп:

- Ең алдымен сапарға шығуға үйрену қажет. Онымен қоймай тағы әйелін сүйреп жүреді!

- Менің әйелім саған пәле болып жабысты ма? – деп, Иван ақырын болғанымен өте зілді сұрады. Өстісе болды, жанжал шығарып, төбелесетінін білетіндіктен Нюра:

- Вань!.. деп тағы да ескертті.

- Менің әйелім саған пәле болып жабысты ма?

- Алдымен, адам өзі жол жүруді үйреніп алып, сосын, әйелін сүйресе жарасатын шығар!

- Сенің онда шатағың қанша? Мен саған жайдан жай тиістім бе?

- Ызадан жарылып кетіп, пәле болмашы! Біз сен тұрмақ, сенен зорының талайын көргенбіз. Мұрныңның тесігін ұлғайтып, ентікпей-ақ қойғын! Пойызға қалай мінген болсаң, солай түсіп қалып жүрме!

- Кім, сен түсіресің бе?

- Ванька! Құдай үшін үніңді өшірші! Ылғи ілінісіп жүресің...

Іссапаршыл кісі тіпті есіріп, батылданып кетті.

- Мұны бір жөнге салмасам, істі насырға шаптыратын түрі бар. Қарай гөр өзін...

- Ал, жөнге сала қойшы!

- Қазір. Келесі бекетте сақшы шақыра саламын. Сол жерде қалып, лаң сала ғой. .. онбес күн бөгелерсің. Жол сапарда адам өзін қалай алып жүруді ойлау керек қой. Өйтпесе...

- Мына бір шалбар киген бейшара! Мен қорқытпақшы ма? Сен өзің түсіп қалма! Терезеден лақтырылғың келе ме? Сосын, жол ағаштарымен адамдай бер! – деп, Иван атып тұрғанда, Нюра қолына жармасты.

Іссапаршыл кісі де тұрды. Ол зәресі ұшып кеткенінен ұялса да тәкәпарлығын сақтады.

- А, солай ма? Тұра тұр, бәлем! Сені түсіртіп тастаймын! – деп купеден шығып кетті. Нюра қатты қорықты.

- Жаман мінезіңді тежей алмайтының бар, атаңның басына мені ертіп шықтың ба?

- Қам жеме! Мен бастаған жоқпын ғой.

- Шынымен келесі бекетте түсіріп тастаса. Сол жерде осылай қыртып отырарсың.

- Ондай қайда.

- Бұл кісі әлде бір бастық шығар. Сен қайдан білесің?

- Ол бір жүрген есалаң! Адамды мазақтап жырқылдауды қайдан тапқан?

- Ол жырқылдады екен деп сен кеміп қалдың ба? Жырқылдай берсін... Тәуір-ақ келе жатыр едік! Жайлы мінез танып жүрмейсің бе.

- Байбалам салма. Қорқып саспа! Мейлінше еңсеңді көтеріп, паң мінез танытпасаң түсіріп тастауы да мүмкін.

- Тәуір-ақ келе жатыр едік... – деп, Нюра мұңая үн қатты.

Купенің есігі ашылып, екі жолсерік әлгі іссапаршыл кісіні ертіп кірді. Әлгі бір төсек жайма берген жолсерік тіл қатты:

- Сізге не болған?

- Не? Ештеңе де болған жоқ – деді, Иван.

- Неге шу көтеріп жүрсіз?

- Кім? Ешкім де шу көтерген жоқ.

- Мені вагонның терезесінен лақтырмақ болған кім еді? - деп, іссапаршыл кісі сұрағанда Иван айылын жимады.

- Сіз қателесіп тұрған сияқтысыз. Керісінше, сіз мені пойыздан түсіремін дедіңіз. Ал, мен пойыздан түсіп қалғым келмейді. Сол үшін мұңайып отырмын.

Иван мас емес, сап-сау отырғандықтан екі жолсерік іссапаршыл кісіге бұрылды:

- Сіз өзге купеге орналасыңыз, бос орын бар. Екінші купеде екі бірдей орын бос тұр.

Іссапаршыл кісі портфелін алды да Иванға кектене қарады.

- Горскте кездесерміз, әлі!

- Әрине. Бір бір кесе сыра ішерміз. Жолсерік өзінше дауыс көтерді:

- Жолдас сен...шектен шықтың. Саған ішкізе қоярмыз.

Олар шыққан соң Иван екі қолын қалтасына салып, купе ішінде еркін адымдап жүрді.

- Ал, бітті ғой! Менімен ойнамасын, білдің бе!

- Тыныш отыр... Кердеңдемей-ақ қой! Шын мәнінде зәре-құтың қашқан шығар.

- Кімнің? Менің бе? Мен бекетте қалуды қаламадым ғой. Әйтпесе, ол неменің...

Купеде тамаша еркіндік орнады. Иван темекі тарпақ болып, қалтасына қол салды.

- Шығып тарт. Мұнда болмайтын шығар.

Иван дәлізге шықса, әдемі киінген, жүзінде күлкі үйірілген бидай өңді жігіт тұр екен. Біртүрлі суық түсті жігіт көрінді. Иван темекісін тұтатпақ болып, сіріңке сылдырлата беріп еді әлгі жігіт жылы жымиып, тұтатып тұрған шылымын ұсынды. Иван темекісін тұтатты. Бидай өңді жігіт вагон қызметкерлері отыратын бөлмені нұсқап:

- Ыңғайсыз жағдай болды ма?

- Бір жолдас бас-көз жоқ...

- Алысқа барасыз ба?

- Оңтүстікке. Сәл дем алмақшымын. Мемлекеттік демалыс орны ғой.

Иван әр кіммен жайлы қатынас жасауды ойлады.

- Жалғыз жүрсіз бе?

- Жоқ. Әйеліммен.

- Менің атым Виктор – деп, бидай өңді қолын ұсынды.

- Иван.

- Сіздің купеде өзге адамдар бар ма?

- Жоқ, бір неме болды, кетті.

- Онда мен сіздерге қосылайын – деді де, Виктор көрші купеден үлкен сары чемодан көтере келіп:

- Мұнда ылғи әйелдермен ыңғайсыз екен. Сіздің купеге кірейін.

- Мақұл!

Олар купеге кірді. Виктор зор қуанышпен сәлем беріп, шабаданын төсектің астына салды.

- Бәрекелді – деп, көңілі орныққан ол Нюраға қарап күлімсіреп: - Ал, сонымен колхозда жағдай қалай?

- Қалай деуге болады? – деген Иван сәл ойланды да:

- Кейбір жағы жақсы, еңбекақы мол. Кейбір жағынан... Айтпақшы, өз мамандығыңыз қандай?

- Мен бе?

- Ия!

- Конструктор.

- Қала адамы екенсіз. Қала мен ауылды теңестіреміз дейді. Көрейік. Қалалықтарға ең негізгісі ақша ма? Ал, ауылдықтар үшін басты мәселе ақша деуге бола ма? Оттаубай! Олай деуге болмайды!

- Иван! – деп, Нюра ескерту жасады.

- Не дейсің?

- Сен көп әңгімеге кеттің. Мына кісі шаршап отырған шығар – деп, Нюра барынша жұмсақ үнмен айтып, күлімсіреді.

- Жоға, мен шаршаған жоқпын. Ал, сонымен ақша ма? – деді, Виктор.

- Ақша. Мысалы, мен тракторшымын. Бұл сауыншы. Екеуіміз кейде екіжүзден асырып аламыз.

- Солай ма? Мен аз деп ойлаушы едім.

- О, қайдағы. Кейде үшжүзге де жеткіземіз.

- Вань!..

- Сен не деп алқымдап кеттің.

- Сонымен, сосын? – деп, конструктор қызықтай түсті. Иван тәуір көретін әңгімесін қыздыра түсті.

- Сонымен не болды де. Егер мен жалқауланбасам жүз жиырма рублді қиналмай соғамын. Солай ма? Мен азаннан ақшамға дейін...кейде түнделетіп те перемін ғой... солай ма?

- Иә, солай.

- Дұрыс. Бірақ, бір кішкентай сұрақ бар. Мен көп ақша тапқан сайын сол алаңға астық өсіріле ме, жоқ па дегенге аса бас қатырмаймын. Осылай.

- Мұның несі сұрақ? Жауап қой.

- Жарайды, жауап екен. Одан да сорақы бар. Сұрашы.

- Кімнен?

- Менен.

- Не туралы?

- Мысалы, жер жыртуға жаның аши ма деп сұра. Мен де адам баласы болғандықтан, жаным ашуын ашиды. Бірақ, біртүрлілеу. Жер жыртылды ма, менің шаруам бітті. Солай ма?

- Солай.

- Атасына нәлет! Мысалы, мен зауытта дөңгелектің ортасындағы темір айналмасын жасаймын делік. Оған қозғалтқыш керек пе? Олай болса, оның бәрін мен жасадым деген сөз.

- Қозғалтқыш машина үшін керек зат. Бірақ, жалғыз онымен тағы алысқа шаппайды ғой.

- Дұрыс! Ол машинаны кейін өзге адамдар құрастырады. Құрастырған соң тиын-тебен бірдеме алады ғой. ..

- Ауылда да айырмашылық жоқ. Сен жыртқан жерге басқа біреулер тұқым отырғызады. ..

- Мен жер жыртамын да ақшамды аламын, олар астық үшін ақшаларын алады. Бірақ, астық жоқ. Мен мысал үшін айтып тұрмын.

- Бұл енді, Гегель секілді болып кетті ғой.

- Жоқ, ешқандай да Гегель секілді емес.

- Онда неге астық жоқ? Өспей қала ма?

- Менің онда шатағым жоқ, солай болады. Астық шықпауы да мүмкін, себебін мен білмеуім де ықтимал. Есесіне, жерді молынан жырттым, ақша көп таптым. Сонымен, сіне шипажайға бара жатырмын. .. Маған жеткілікті.

- Вань!... деп әйелі ескертіп қойды.

- Сен Вань, Вань дей бермеші. Мен беталды ештеңе айтқан жоқпын, колхозым үшін жаным ауырады. Мен осындай кісілерден бірдеме тыңдап алуым керек қой.

- Олай болса, сіздердің жағдайларыңыз жайлы болып шықты ғой? - деп, конструктор тұжырымдық сауал тастады.

- Жақсы. Менің түріме қара. Мынаған да... Жалпы, тәуірміз, жақсы өмір сүріп жатырмыз.

- Олай болса, жұрт неге ауылдарында отыра бермей қалаға шұбыра береді?

- Мұның енді, сұрақ емес, пісте болды. Мен сол бір жүзжиырма рубльді жұмыс істеп, қайдан болса да табамын. Қалада жұмыс істесем де табамын ғой.

- Табатын шығарсыз.

- Табамын! Күш-қуатым бар, ден сау болса, бәрі болады.

- Қолыңнан келеді. ..

- Ал, қалада жүзжиырма рублмен тәп-тәуір тіршілік етуге болады.

Қалада азық-түлік дүкені, зат дүкені, шаштараз, шарап дейсің бе, бәрі іргеде. Ауылда әлгі бірнеше ақшаңды қалтаңа саласың да, қызға польтоны, өзіңе жейдені, әйеліңе кү польтоны қайдан табамын деп шарқ ұрып жүргенің. .. Ұсақ-түйек бірдемелер үшін де аудан орталығына баруың керек. Алайда, ауданның өзі жетпіс шақырым, кейбір дүние ол жерден де табылмайды...

- Солай-ақ болсын. Қазір қайда бара жатырмыз? Ауылдан безіп, бас сауғалайтын орын іздеп барамыз ба?

Иван біршама ренжіді.

- Қап, ұсталып қалдық! Конструкторға ұсталдық! – деп, Иван риясыз күлді. – Сіз барлап тапқан жайлы жер бар ма?

- Ренжіп қалдың! Жер жыртушы өкпеледі! – деп, конструктор да күліп: – Ренжіме, мен жай кездейсоқ айта салдым. Сендер өзі қайда бара жатыр едіңдер?

- Оңтүстік дедім ғой.

- Иә, оңтүстік. Бұл тамаша іс екен. Мен де сол жаққа зытқым келеді деген конструктор бір әзіл әнді әндетті: - «Қара теңіздің құмы мен жағажайы, Көңілді жаулаған өмірдің еркіндігі». Солай ма?

Нюра тіпті сақ-сақ күлді. Жалпы, бұл өте күлекеш әйел. Күлкісі соншалықты сенімді әрі өте нәзік.

- Е, солай де! – деп, конструктор көңілі толып, орнынан тұрды да

астыңғы жүк салғыштан шабаданын шығарды: - Ал, менің шабаданыма не салып қойды екен. Біз өзі жолға шыққанда ылғи... Үнемі асығып жүретін жандармыз. .. Ал, міне, шабаданның кілтін үйде пианинаның үстіне қойыппын да ұмытқан екенмін. Мұндай оқиға мәңгілік әдет қой. Иван пышақ бар ма?

- Бар.

- Мынандай әдемі шабаданды несіне бүлдіресіз? – деп, Нюра састы.

- Ештеңе етпейді, мына ғасырымызда шабадан жеткілікті, солай емес

пе, Иван? – деген конструктор шабаданның екі жылтыр құлпын пышақтың ұшымен асқан әккілікпен сарт еткізді.

- Сіз трактор ойлап табатын адам емессіз бе?

- Жоға, мен темір жол саласының адамымын.

- Олай болса, бірер нәрсе сұрап білейін деп едім.

- Оның қажеті жоқ! – деді де, конструктор әлгі шабаданын аса бір

дәніккен адамша қопарыстырып, сұраққа жауап беруге құлық танытпады. Мен сұрақтан шаршадым. Бәрекелді, бір шиша коньяк салыпты. Кавказдың таңдаулы бір ішімдігі! Бұл не болды екен?... Ақша ғой. Әй, осы оқымыстыларды-ай, шабаданға адам ақша сала ма екен? – деп, ақшаны қалтасына сүңгітті де: - Әдеби кітап неге салынбады екен. Ондай да болады...Мұнысы несі? – деді де, Иван мен Нюраға әлде бір сырмен көз салды. Конструктордың ойын аяқ астынан тосын идея туды. Шабаданнан бір көздің жауын аларлық кофта шығарды да:

- Қанеки, Маруся, тұршы! – деді.

- Нюра ма? Біздің Маруся үйде қалған.

- Қане, Нюра мынаны киіп көрші!

- Не үшін?

- Киіп көр, мен қарайын.

- Ойбай, мен мұндай әсем киімді өмірімде киіп көрген емеспін. ..

- Мына кісі киіп көр деп өтінді ғой – деп, Иван жік-жапар болды.

- Онда теріс қараңдар!

Екі жігіт теріс қарап өзара сыбырласып тұр. Конструктор ақырын сұрап жатыр.

- Коньякқа қалай қарайсың?

- Мен бе? Тәуір ішімдік қой.

- Бір тартып жіберуден кет ары емес шығарсың? Кавказдікі ғой.

- Әлгің сонда коньяк па?

- Иә, оның өзінде генерал коньягі.

- Еш қарсылық жоқ.

- Ал, қараңдар - деді, Нюра. Кофтаны кигенде шынында әдемі, тіпті

мүлдем өзгеріп кетіпті. Жігіттер қарағанда Нюра ұялып қызарғанымен баяғы тартымды күлкісінен ажырамады.

- Әдемі жарасып тұр.

- Сіз осындай заттарды кімге апара жатырсыз? – деп, Нюра сұрады.

- Осы кофтаны сіз алыңыз! – деді, конструктор байыппен.

- Ойбай, ол не дегеніңіз! – деген Нюра абыржып қалды.

- Оқасы жоқ, сіз киіңіз. Өңіңізді ашады, жарасып тұр – деп, бидай

өңді сыпайы күлімсіреп: - Бізде тағы бар. Ой, сізге тіпті ғажап жарасады! Біздіңше, жаңа бір дүние жасап бітірген соң айтатынымыздай нағыз жайнап кетті!

Иван да абыржып қалды.

- Біз ақша-пұл жағынан ...шамалы мұқтаждау шығып едік. Бары жолақыға ғана. Бұл кофта өте қымбат тұратын зат шығар. Конструктор бас шайқады.

- Иван, еш қам жеме! Ақша деген барып тұрған оттаубай нәрсе ғой. Оның орнына мына коньякқа тіскебасарды не істейміз, соны айтшы!

- Бізде азғана тұздалған қияр бар еді.

- Бұл жерде қияр жүрмейді... о, бәрекелді! – деп, шабадан ішінен шокалад тауып алды. – Тамаша, бәрін ойластырып салған екен!

Нюра сол бір жақсы адамға ерекше жақсы сөз тауып айтқысы келіп:

- Сіздің жарыңыз өте мейірімді адам екен – деді.

- Жаман емес, сәл ұмытшақтығы болмаса.

- Ойласам, сіздердің қызметтеріңіз солай шығар. Біздің аулада бір терең ойлы, басы қатты істейтін сіз секілді мықты ғалым бар. Алайда, оның үнемі шалбарының алдығы түймесін салуды ұмытып кете беретіні бар.

Нюра күлкіге ерік берді. Конструктор да күлді. Иван да. Бәрі күліп, жайлылық орнады.

- Ал, Иван алып қой!

Иван сол коньякқа аса қомағайланбасын деп Нюра оның жеңіне тартып еді, Иван аяғымен түртіп, ұрысқандай бетін тыржитты. Конструктор неге екенін қайдам, аяқ астынан мұңая қалды.

- Осылай жұмыс істеп, күн көріп жүрміз. Алайда, еш қуаныш жоқ. Ешбір қуаныштан адамыз. Шынайы шығармашылық жұмыстан жұрдаймыз. Қайдағы бір ұсақ-түйекпен айналысумен... шаршадық. Көңіл күй әрдайым саз аспабының ішегі секілді сымша тартылғанда кейде үзіліп кетер ме деп қорқамын.

Иван аса бір білікті адамның кейпін жасауға тырысты.

- Әй, темір жол-ай! Жай пойызда отырғанның өзінде бас айналарлықтай болғанда, сіздер үнемі ойлануларыңызға тура келетін шығар. Бұл бір таңданарлық іс емес еді...

- Енді, не істейміз?

- Тартып жіберейік!

Екі жігіт қымбат коньяктан тартып жіберіп, шокалад жеді. Конструктор әлгі шабаданнан шыққан алтын жолақты шылымды сорып, көсіле отырып көзін сығырайтып былай дейді:

- Ұйқыға кеткенде ғана бір тынышталып қаласың да!

- Мен сізге бірдеме айтайын, Виктор... кім еді?

- Александрович. Бірақ, достарым жай ғана Виктор дейді.

- Мен бірдеме айтайын, Виктор! – деп, Иван біршама жағымпаздыққа көшті: - Сіздерсіз біз алысқа бара алмаймыз.

- Бізсіз қайда барасыңдар!

- Мысалы, мен тракторшы адаммын. Үш-ақ ай үйрендім де сарт та сұрт айдап кеттім. Алайда, тракторды ойлап табу керек. Қаншама түйіні мен жүйесі бар. Отын жүйесі, от алдыру жүйесі, суыту жүйесі... – деп, Иван саусақ басып санай бастады. Виктор оны тоқтатып мақтады:

- Жақсы! Сіз тракторды жақсы біліп тұрсыз. Ұшақ конструкторлары біз үшін...

- Темір жол жағының адамымын деген жоқ па едіңіз?

- Темір жолдікі екенім темір жолдікімін ғой, бірақ, ұшақ бағытындамыз. Біз қазір игрек жүйесін жасап жатырмыз. Қысқасы, көпірсіз темір жол салмақшымыз.

- Ол қалай?

- Былай ғой, пойыздың жолында өзен сулар кездеседі, бірақ, онда көпір салынбайды.

- Сонда, қалай өтпекші?

- Өте оңай. Пойыз ақырындап әуеге көтеріледі де өзеннен өткен соң темір жолдың үстіне топ етіп қона қалады.

- Оның қанаты қай жерінде болады? – деп, Нюра да қызықтап сұрады.

- Ешбір қанат болмайды, әуе жастығы арқылы. Паравоздан көп бу шығады ғой, сол бумен...

Иван қарқылдап тұрып күлді.

- Ондай тетікті ойлап тапқан адам қыруар сыйақы алады ғой.

- Алуына болады – деп, Виктор мақұлдап күлді.

- Бұл шын ба, өзі? – деп, Нюра ештеңеге түсінбей сұрағанында екі

жігіт қарқылдап тұрып күлді.

- Сен өзі қалжың түсінбейсің бе?

Пойыздың жылдамдығы тежеліп, тарсыл-тұрсылы көбейді. Виктор өңешін созып:

- Бұл қай бекетке келді? – деді. Иван терезеден қарап:

- Гор...ск, Горск – деп, оқыды.

- Мұнда неше минут аялдайды екен?

- Білмедім.

- Қайта бір құйып қой. Тыныш қана әңгімемізді жалғастырайық.

- Екеулеріңізге енді жетеді ғой. Виктор Александрович сіз өзіңіз ішіңіз, Иван бір рет қалыс қалсын. Әйтпесе, вагон аралап, кезіп кетуі кәдік – деді, Нюра. Виктор оның мәнін түсінбеді.

- Неге?

- Бұл аузына бірдеме тисе қаңғырып кетеді.

- Қойшы-ей, сен! Коньяк ішіп алып қалайша тентірейміз. Бұл біздің самогон емес қой – деп, Иван ашуланды.

- Бұл кісі несіне кетеді? Біз жөнімізбен әңгіме-дүкен құрып отырмыз.

- Сендер колхозшылар сьезіне қатыстыңдар ма?

- Жоқ.

- Онда қандай сұрақ... – дей бергенде, купенің есігі ашылып, бір сақшы, оның артында әлгі іссапаршы кісі тұрды.

- Әне, коньяк сіміріп отыр ғой – деп, іссапаршы кісі жиіркене ырбиып: - Мына кісі Новосибирскке де жете алмайды. Ана әйел де... Мұндай маскүнем немелер тағы мемлекеттік шипажайға бара жатады екен.

Сақшы Иваннан біраз сұсты сұрады:

- Қайда бара жатырсыз?

- Оңтүстік жаққа. Ал, не? Себебін түсінбей тұрмын. Билетім міне, шақыру мынау.

- Сені демалысқа емес, айықтырғышқа жіберсе лайықсың. Онымен қоймай әйелін сүйреп жүр ғой! – деп, іссапаршыл кісі кектене айтқанда сақшы:

- Сіз сәл күте тұрыңыз! – деді, Иванның билеті мен шақыруын мұқият қарап: - Мекеніңізден ұзамай жатып, шиша қойыпсыз, неге бұлай?

- Жолдас, себебін түсінбей тұрған секілдісіздер – деген темір жол конструкторы қабағын түйіп, өте сабырлы кейіппен баяндады: - Мына колхозшы жолдасты мен коньякпен сыйлап отырмын. Біз бұл шишадан титтей ғана ауыз тиіп отырмыз, сіз қараңызшы. Бұдан бұрын бұл кісінің сап-сау болғанына кепілдік беремін.

- Сіз бұл кісіні жақтамай-ақ қойыңыз. Оның адамгершілігі жоқ сіздің жақсылығыңызды...

- Мен жақтап тұрған жоқпын – деп даусын көтерген конструктор: - Мен дерекпен айтып тұрмын. Бұл кісі сау болатын, мен ішкіздім. Ал, сіз...милицияға жүгіріп шағымданудан ұялмайсыз ба! Өсек тасып жүруден ұялсаңыз нетті!

- Мен өсек тасыдым ба?! Андағы үстелдің үстіндегі не? Арасан ба?

- Бұл коньяк! Кавказдікі. Біздің мемлекетте ішімдік ішуге болмайды деген заң жоқ. Бұл белгілі. Өсек тасып адамдарды қинауға болмайды. Бұлар шипажайға баратындай еңбек сіңірген адамдар.

- Сіз өзі кімсіз? – деп, іссапаршы кісі күпінді.

- Осы сұрақты мен сізге қойғым келеді. Сіз қай жерде қызмет етесіз?

– деп, конструктор қалтасынан белгілеу дәптерін шығарып, жазуға ыңғайланды.

- Сіз қайда барасыз? – деп сақшы конструктордан сұрады.

- Мен Новосібірге, академиялық қалашыққа барамын – деп, ол енжар кейіпте жауап қайтарды да, іссапаршы кісіден: - Жолдас, сіз қайда істейсіз?

- Онда сіздің шаруаңыз болмасын.

- Жарайды – деп, конструктор белгілеу дәптерін қалтасына салды. - Біле салуға болады. Николай Сергеевич арқылы білуге тырысармын. Еш қиындығы жоқ. Сол кезде мұнда емес, өзге жерде жауап беретін боласыз. Сіздер не үшін колхозшы қауымды қорқытып-үркітіп, құжатын тексеріп әлде қандай боласыздар...

- Мына кісі ғой, жұртты келемеждеп тіл тигізген, сңз естіген жоқсыз...

- Оны қойшы, ер азаматтардың ісі ...деп конструктор зулай жөнелді.

Оның сөзінің арасына әлде бір сұрақ қыстырудың өзі мұң еді. Олар вагонның тамбурына барып түсіністі. Конструктор айтады: - Жоға, сіз мына сақшыны әкеліп, оны тікелей міндетті жұмысынан алыстаттыңыз, қоғамдық тәртіпті орнықтыратын мәртебелі қызметкер жайында ауыл шаруашылығы жұмыскерлері арасында сенімсіздік тудырып отырсыз...

- Жолдас, сіз сабыр етіңіз, сабыр! – деген сақшы: - Біздің жұмысымыз

алдын ала сақтандыру. Олар жолда жүр, оның өзінде екеуі ғана. Сізге де айтарым, тіскебасарсыз ішімдік ішіп отырсыздар. Сіз жас адамсыз, бұл жағынан тәжірибеңіз аз. Еріксіз мас боласыз. Осында дайын вагон-ресторан тұр, содан бірінші, еінші тамақ алып келіп ішуге болады. Онда мас болмайсыздар. Ал, бұлай жай ішу қауіпті. Сіздерге ештеңе жасайық демедік, қорқытып-үркітуден де аулақпыз, жөндеріңізбен жүре беріңіздер. Ал, мен аға ретінде, жолдастық тұрғыдан да айтарым, ішіп-жеуде абай болыңыздар. Коньяк деген ішкенде жағымды болғанымен аяқ астынан ұшырып жібереді. Ал, сау болыңыздар!

- Сау болыңыз!

- Сау болыңыз!

Купенің есігін жапқан соң біраз уақыт үнсіз отырысты. Конструктор көзін жұмып, шалқайып біраз отырды да:

- Валерьянка бар ма? – деді. Түрі расында сарғылт көрінді. Нюра абыржып кетті:

- Әлгі төсек жаймасын тарататын жігіттен барып сұрап келейін. Оларда бар шығар.

- Керек емес. Біз мына азғантайдан жұтайық – деп, Виктор жарты стақан етіп құйып алды да тартып жіберіп: - Енді, тәуір болдым.

Пойыз қозғалды.

- Кеттік! Әй, сен де... ақымақ, қорқып кеттің,ә! – деп, конструктор коньяктың әсерінен бе, сөзі көбейіп кетті.

- Иван, сен игректің жүйесі туралы сұрап едің ғой. Жаңа ғана сенің көз алдыңда сол игрек жүйесі жұмыс істеді ғой. Біз әуеге көтерілдік қой. Сен аңғардың ба?

- Қалайша әуеде? Біз тоқтап тұрдық қой – деп, Нюра таңданды.

- Біз әуеге баяу көтеріліп, қайтадан ақырын түстік қой... деп

конструктор ол қозғалысты қолының қимылымен көрсетті. Неге екені белгісіз ол көңілденіп, қарқылдап күліп отырды.

- Қорықтың ба?

- Қорықтың ба деп пе? Түсірп тастай ма деп...

- Солайы солай. Түсірем десе түсіре салады. Ал, жолдарың болсын! Мен кетпесем болмайды...

- Сіз қайда кеттіңіз?

- Осында бір досымды іздеймін – деп, конструктор шабаданының қайыс белдеуін тартып, - Менің досым осы пойызда жүруі тиіс ...

Конструктор бір қолына шабаданын, екіншісіне әлгі коньягін ұстап алып, одан жұтты да иіліп тағзым етті.

- Шишаның тығынын жауып қалтаңызға салып қойыңыз. Әлгі досыңызбен кезіккенде ішпейсіздер ме? – деді, Иван.

- Бізге табылады, сау болыңдар!

- Виктор Александрович, мұндай әсем кофта бергеніңізге қалай алғыс айтарымды білмей тұрмын. Әйел-балаларыңыз болса, құдайдың құдіретімен есен-аман жүрсін!

- Айтқаның келсін!

- Сіздің үйдегілер ренжіп жүрмей ме? Мынандай әдемі кофтаны кімге бердің деп.

Конструктор құлақ түріп, әлде бір сыбдыр тыңдады да:

- Оқасы жоқ... еш алаңсыз кие бергін. Жаратушы жар болса, Қырымда кездесерміз – деп, есікті ашып бір бақылап қарады да шыға жөнелді.

- Көрдің бе, осындай да жақсы адамдар болады екен. Сене алмайсың. Мұндай кофта қырық па немесе елу рубль болатын шығар. Грушка Богатковаға ағасы қырықбес рублдің кофтасын жібергені бұдан нашар зат болатын – деп Нюра айтқанда Иван.

- Мынау ма? Алпысқа жетпесе де қырық рубль молынан болады...

Андағы белгілеріне қарамайсың ба, шетелдің заты екен. Бұл сен достасатын дүние емес-ау.

- Не үшін маған кофта сыйлағанының себебін мен еш түсінбедім.

- Біз нені түсінеміз? Біз жегі құрт секілді өмір сүретіндіктен барлық

адамды өзіміздей ойлаймыз. Алайда, бүркіт пен сұңқардай жұрт та бар. Егер сенде дүниеқоңыз мінезің болмағанда осылар секілді тұрар едік. Әлгі азын-аулақ ақша бері әкел. Қажет болған сайын дамбал мен шұлыққа қол салып, ұяттан жарылып өлетін болдым.

- Ұяттан жарылып өлмейсің. Осында болса, сенімді. Ана жақсы адамға жаратушы жар болсын! – деген Нюра айнаға қарап: - Шынында, жарқырап тұр.

Сол сәтте айна шетке қарай ығысып, есік айқара ашылды да екі сақшы, жолсерік және жай киімі бар бір кісі кірді. Әлгі іссапаршы кісімен бірге келген сақшы:

- Ана кісі қайда?

- Кім?

- Сіздермен бірге отырған кісі...кетіп қалды ма?

- Кетіп қалды.

- Қашан? Көп болды ма?

- Кеткеніне жарты сағаттай болды, бәлкім, жиырма минуттай шығар. Сіздер конструкторды сұрап тұрсыздар ма?

- Конструктор...

- Заттарын алып кетті ме? Ол не алып жүрді?

- Бір сондай ... сары шабадан.

- Басқа ештеңесі жоқ па?

- Жоқ секілді...

Нюра әлгі кофтаны киіп отырғандықтан сақшыларға үйрейлене қарап отырды.

- Ол кісі Горскіге түсті ме? Кейін түсті ме?

- Кейін. Негізі, Новосібірге баратын адам ғой. Осындағы вагондарды аралап, досын іздемек болған.

- Жоғарғы Тур кезеңіне өрлеген кезде вагоннан секіріп кеткен екен. Басқаша не істейді – деп сақшылар әлгі жай киімді кісімен өзара болжам жасасты.

- Алпысжетіден де секіріп түсе салған шығар, сайтан біле ме? Ол вагонның басына қарай беттеді ме, әлде, соңына қарай ма?

- Купеден шығып кеткен. Оның қалай кеткенін көрген жоқпыз. Ол кісі не істеп қойған?

Екі сақшы мен жай киімді кісі кетерінде:

- Купеден шығушы болмаңдар! – деді.

Жолсерік абыржулы кейіпте орындықтың шетіне тізе бүгіп:

- Өстиді, міне. Билетсіз адамды неге отырғызасың дейді ғой. Бос орын болғасын отырсын дедім. Кінәлі адамды таппай ма екен. Қалай сонда! Ол кісі сендермен бірге ішімдік ішті, сонда кінәлі сендер боласыңдар ма?

- Не болған өзі?

- Өздері ұстай алмай қалады да кінәні өзгеден іздейді! – деп жолсерік қатты абыржыды: - Оны орналастырдым, иә. Үнемі солай жалынады, ол. Новосібірге дейін онсыз да бос орын тұрса. Жүру керек болса, кете берсін. Кінәлі адамды ғана табу керек қой, ай, бейшара! – деді де тұрып кетті.

- Вань...не болған, өзі?

- Ұры емес пе. Оңбаған ұры неме...

Осылай дегенде Иван еш сасқан жоқ, керісінше, іскерлік пиғыл танытты: - Андағы кофтаны шеш! Тездет! Бері әкел! Өзіңдікін ки!

Сонымен әлгі қорқынышты кофтаны құрту ісі басталды. Иван кофтаны қойнына тығып вагонның әжетханасына қарай шықпақшы болғанда жолсерік есіктен сығалап:

- Ана коньяктың шишасына, жалпы ешнәрсеге қол тигізбеңдер деді ғой! Саусақтың таңбасын алмақ екен. Сендер шықпаңдар, отыр!

- Отырмыз ғой, енді!

Жолсерік кетісімен Иван сәл отырды да, есіктен сығалады, вагонның дәлізімен суыт жүріп әжетханаға кірді. Абырой болғанда, әжетхана маңында тірі жан жоқ екен. Иван әлгі жейдені унитазға нығады да су тартқышты іздеп біраз мыйтыңдады. Алайда, әлгі жейдесі түскір унитаздың көзін бітеп, су толып кетті. Тар бөлме ішіне қанша көз жүгіртсе де оны ары қарай нығап жіберерліктей таяқша бірдемелер көрінбеді. Кенет есікті сырттан итеріп...құлыптың тұтқасын қозғады.

- Қазір, ішім бұрап кетті, жолдас! – деп, Иван қатты дауыстады.

- Тергеуші келіп шақырып жатыр – деді, жолсерік.

- Дереу барамын.

Алайда, жолсерік кетпей есік сыртында күтумен болды.

- Сені шақырып жатыр ғой, барсаңшы!

- Қазір дедім ғой – Иван ызалана айғайлады.

- Иә, бар енді – деді де жолсерік кетіп қалды.

Иван амалын таусып, бастырғысын тағы бір басып қалғанда унитаз ернеуінен асып кеткен су еденге жайылып кетті.

Осы сәтте тергеуші Нюраны сұраққа алып жатқан.

- Ол кісі сіздің күйеуіңізді танитын ба еді?

- Жоқ, байым темекі тартуға шыққанда еріп келген.

Тергеуші манағы жай киімді әсем көзілдірік киген кісі еді, Нюраға зер сала қарады.

- Жай жол-жөнекей кездескен болды ғой. Ол кіріп келе сала не деді?

- Ештеңе деген жоқ, сәлемдесті. Мінезі жақсы адам көрінді.

Енді ғана кіріп келіп, орындықтың бұрышына жайғасқан жолсерік жағымпаздана күліп:

- Мінезі жақсы дейді ғой...

- Жаңа ғана шығып кетті деген жолдас қайда? – деп, тергеуші жолсерікке бұрылып қарап сұрады.

- Мен айттым. Ол өзі... – Құлағыңызға бірдеме десем бола ма? – деп, тергеушінің құлағына бірдеме сыбырлағанда, ол ырбиды.

- Қорыққанынан ба?

- Әлбетте. Екеуі күлді.

- Іші ауырып па? Сөйтеді – деп, Нюра айта бергенде есік қағылды.

- Кіре бер! – деді, тергеуші.

Иван келді. Су жаңа костюмінің сыңар жеңін иығына дейін сулап алыпты.

- Амансыз ба, құрметті тергеуші!

Тергеуші тым паңданып отырғанын ұмытқандай қарқылдап тұрып күлді. Жолсерік ешнәрсенің байыбына бармаса да еріп күліп еліктеді. Иван да күле жаздап барып, байсалды тергеуші неге соншама ыржақтағанын түсінбей қалды. Тергеуші күлкісін зорға тежеді:

- Мен неге құрметті болып кеттім?

- Сонда не деуім керек?

- Жай ғана жолдас демейсің бе.

Тергеушінің не себептен күлгенін жолсерік енді ғана түсініп, астарлы ойды ұғатын дәрежеде екендігін білгенде қуанып кетті.

- Ерте, әлі ерте ... құрметті деуге. Кейін айтарсың, әпендім.

Пойыз осы сәтте бір ірі станцияға келді. Жұрт құжынап тұр, бірі шығарып салса, келесісі қарсы алып жатыр. Бір тобы мұңайып қайтса, енді бір тобы жарқылдап күліп жатыр. Әдеттегі бір шулы тіршілік көрінісі. Өмір деген дүние сыртта да, вагон ішінде қайнап жатыр.

Екінші дәрежелі теңіз флотының старшинасын жұрт қарсы алып жатыр. Ол баспалдақта тұрып, осыншама көп аламның өзін қарсы алғанына мысы басылғандай көрінді. Флот әскерилері де жаппай әртіс! Адамдар пойызға ере жүгірісіп, теңізші әскери адамды тезірек түсіріп әкеліңдер десіп айғайласады. Әлгі бақытты жан сол қалпы «енді не істеймін» деген кейіпте тұр. Пойыз мүлде тоқтатылды. Теңізші де достарының қолына қона кетті.

Бір егде адам полковниктер киетін қаракөл-папах ұстап алып көптің ортасында жортып жүр.

- Папах бас киім! Папах бас киім бар! Кім алады? – деп бір қалыпты

үнмен сызылтып жүргенде аузының салымы күшті бір саудагер жолыға кетті.

- Қане, көрейін, қаншаға бересің? – дегені құлаққа шалынады.

Пойыз қайтадан қозғалды.

Иван сыртқы жейдесін шешіп, басқасына ауыстырды. Нюрасы екеуі үн-түнсіз келеді. Анау бір «темір жол конструкторы» екеуінің көңіліне қаяу түсіріпті. Иван терезеден сыртқа көз сала отырып:

- Сұмдық екен,ә! – деді.

- Сондай жас адам бола тұра қызық екен! Не үшін олай жасайды? деп, күрсінді.

Сол сәтте есік ашылып, жас жігіттерше жеңіл әрі әзілқой тіпті, кеселді балаларға тән көздері ойнақшыған, сақал-мұртты, мұнтаздай таза егде адам келіп кірді. Кірген соң қайыс тартқышпен жабылған сары шабаданын жерге қойды.

- Сәлеметсіздер ме? Менің орным осы ма? Жиырма төрт мынау екен. Біз бірге жүретін жолаушыларымыз ба? – деп, көтеріңкі көңілмен самбырлады.

Иван оның белдеушесі бар үлкен сары шабаданын көргенде көзі шарасынан шығып кете жаздады. Нюра да жаңа үзеңгілесін көргенде күдіктенген, қорыққан кейіпте болды.

- Алысқа барасыңдар ма? – деген көп сөзді кісінің сұрағына Иван:

- Алысқа барамыз – деді.

- Мен алысқа кетемін – десе де, ерлі-зайыпты екеудің көпе-көрінеу жақтырмай отырғанына таңданып: - Мен сендерге бөгет болған жоқпын ба? – деп сұрады.

- Жоқ.

Үшеуі де үнсіз отырды. Сәлден соң Иван ауыз ашты.

- Сіз конструктор емессіз бе?

- Жоға, неге мені конструктор деп ойладыңыз?

- Жай – деді де, Иван оған мазақпен әрі күдікпен қарады: - онда немен айналысасыз? Білсем, қызық болар еді.

- Мен профессормын. Бірақ...өте мазасыз қызық профессор боламын.

Сіздердің ауылдық жерлерді аралап, халықтың әзіл әндерін, ертегілерін жинап, қайтып келе жатырмын.

Иван мен Нюра бір біріне қарады.

- Сонымен жинадыңыз ба?

- Көп жинадым – деп, профессор шардиған шабаданын шапалақтап: -

Халық бай ғой, әй, бай, бай. Сол байлықты ғасырлар бойы сақтап келіп «мінеки» деп тегін бере салады. Менің шабаданымда бір пұт алтын бар. Көресіңдер ме? – деп, профессор ашпаққа әрекеттенгенде Нюра абыржып кетті.

- Біз ештеңе көргіміз келмейді – деп бәйек болды.

Иван тіпті ашып қоймасын дегендей атып тұрып, ғалымға жақтырмай тесілді. Профессор аң-таң. Үшеуі де үнсіз отырысты. Профессор орнынан тұрып:

- Мен шай әкелейін. Шайға тапсырыс бересіңдер ме?

- Бізге шай қажет емес.

Профессор шығысымен Иван:

- Ақша-пұлыңды бір тексеріп қой, дос-жаранымыз келген секілді.

Нюра ақша тыққан жерін басып көрді де:

- Бар екен.

- Ақшаны төменірек түсіріп, астыңа басып отыр, беталды қозғала берме!

- Менің осы жерімнен алып қояды дегенің бе?

- Бұлар адамның қолындағы сағатты да алып қояды... Еш білдірместен алады.

- Бұлар сосын, не деген жайлы мінезді адамдар?

- Шай әкеліп іш десе, ішпе, ішіне ұйықтататын дәрі қосуы мүмкін.

Менің ойымша бұлар бір топтың адамдары секілді...деп Иван әлгі «темір жол конструкторынікіне» айна-қатесіз ұқсайтын профессордың сары шабаданын нұсқады.

- Барып тиісті адамдарға хабарлайық па?

- Не? Кейін қабырғаңа пышақ шаншып кетер. Сен ауыз ашпа, тыныш отыр. Біз ауылдың қараңғы адамдарымыз, еш нәрседен сыр алдырмауымыз керек. Түнде екеуіміз кезектесіп ұйықтайық.

Профессор кіре сала:

- Шай әкелдім, өте тамаша шай екен. Сен екеуің бекер тапсырыс бермедіңдер.

- Біз баяғыда шай ішіп алғанбыз.

Профессор Иванға біртүрлі көз салды. Нюра тілін жұтып қойғандай үнсіз.

- Ауылдықсыңдар ма?

- Иә, ауылдағы деревнядан келеміз.

- Ауылда жағдай қалай? Менің байқауымша, өте мәз-мейрам думаншыл секілді көрінді. Солай ма? Адамдар бірдемеге әзілмен қарап...

- Әлбетте солай. Кейде тіпті сол думаннан қашып құтылуға шақ қаламыз. Дәт жоқ. Ауылда бүкіл көше бойы жаппай думандатып, қарқылдасып кететінін қайтерсің!

- А, ия! Жаппай көңілді думаншыл. .. Неге олай екен?

- Бар болғаны думан ғой! Мен өзіме келер болсам, кейде азанда тұрған кезде тәуір, алайда, таңғы асты ішпей отырғанда-ақ ойын-күлкі басталады. Шыдайын десем де төзуге амал жоқ! Күлкілі! Кейде түс ауғанда да жыртыңдасып жатқаны.

- Сол думанды қалай тоқтатуды білесің бе? Мен де күні бойы күліп көрдім. Одан қалай құтылуды бір ақылды кісі маған үйреткен болатын. ..

- Қалай арылуға болады? Әйтпесе, қиын болатын түрі бар.

- Қиын, қиын! ... Мен білемін! Жұмыс істейсің бе, ілде, ыржыңдап күліп отыра береміз бе...

- Ия, рас.

- Сыңар аяқпен тұрып, оң қолмен сол жақ құлақты ұстап...атыңыз кім еді?

- Иван.

- Олай болса...

Ваня, Ваня билей бер,

Аяғың сенің тым тәуір.

Аяғың сенің тым тәуір.

Ваня, Ваня билей бер – деп, секіріп кетесің.

Нюра еріксіз күліп жіберді. Ал, Иван бұл әнге неге екені белгісіз, біршама ызаланған түрі бар.

- Бүйтті екен деп не өзгереді?

- Дереу тыныстап қалады ғой.

- Солай екен-ау... Ғалым адамдар бәрін білетіндері неткен тамаша. Құдай-ау, қызғаныш тудырар жансыздар! Не дейсіз? Ваня, Ваня билей бер дейсіз бе?

- Ваня, Ваня билей бер.

- Әлгі езу жимай күлудің орнына енді, үнемі секіретін болып кетсек қайттік? Ол қауіпті ғой.

- Билейсің бе?

- Әлбетте. Солай секіретін болып кеткен адамның аяғы күні бойы қышитын шығар.

- Ол да болар, болады. Ал, енді не істеу керек екен. Жақсы жеміс шарабынан бір шишаны жұтамыз ба? Одан

біз... – деп, профессор тосын ұсыныс жасады. «Әйтпесе, біз біртүрлі жақын таныса алмай ауыз ашсақ болды, бір бірімізден ілік іздейтін түріміз бар» деп айтқысы келді де айнып қалды. Алайда, Иван мен Нюра шиша шарап деген сөзді ести сала:

- Ішпейміз – деп қатар ауыз ашты.

- Неге?

- Ішпеймін, көп рахмет!

- Себебін түсінбедім...

- Жоға, біздің кісі ішпайді – деді, Нюра.

- Темекі де тартпайтын адаммын – деп, Иван да қосып қойды.

Профессор Иванның жүзіне қарады:

- Алтын жігітсің!

- Тағдырдың маған берген сыйы... Балалайканы тамаша шертеді – деді, Нюра.

- Бұл жерде алтынның қатысы қанша? – деп, сұрады Иван.

- Несі бар, арақ ішпейсің, темекі тартпайсың. Ақшаң көп шығар,ә?

- Ақша қайдан болсын? Біз оңтүстікке бару үшін жолақының жарты

бағасын зорға төледік. «Бөрі арықтығын білдірмеудің» амалы. Қарыз-борыш та шашетектен... – деп, Нюра абыржи тіл қатты.

- Сонда, қалай қайтасыңдар?

- Қайтерімізді білмейміз...Өйтіп-бүйтіп...

Профессор ауылдық екеуге зер сала қарады. Шын мәнінде, не болып хатқанын түсіне алмай дал.

- Мысалы, мен тракторшы адаммын, мынауым сауыншы. Бізде көп ақша қайдан болады? Жерден қазып

аламыз ба? Сіз шарап іш дейсіз. Шынын айтқанда, жұтып жібергім-ақ келеді, көңілімді жылытып... Ал, сол бір жұтым шарабың дереу лаң тудырмақ. Мысалы, мен кешке өлердей шаршап, дүкеннің жанынан өткенде, әй шіркін, екіжүз грамм тартып жіберер ме еді деп ойлаймын. Бірақ, ақылға салып ойланғанда рубль деген оңайлықпен келмейді. Осылай ойлайсың да үйіңе дұп-дұрыс қайтудан басқа амалың қалмайды. Әлгі дүкеннің қасынан да өте шығасың. Сосын, үйіңе келіп, сүтіңді ішесің де ұйықтайсың. Сондықтан, бұл асқазанға сол жақсы шараптың өзі жақпайды. Әйтпесе, қазір сізбен қуана-қуана ...деген Иванның сөзін Нюра бөлді.

- Біздің мынау дереу құсып тастайды.

- Иә, дереу...

- Сіз бір жайсыз мінез көрсетіп, алдап соққалы тұрған секілдісіз, Иван Иванович...

- Менің аты-жөнім Иван Федорович.

- Иван Федорович сіз айлакерлікке көшіп отырғаныңызды біліп тұрмын. Ал, не себептен екенін түсінбей тұрмын.

- Сіз бір конструкторды танисыз ба? – деп, Иван тікелей сұрады.

- Мен бірді емес, бір тобын танимын. Онда тұрған не бар?

- Жоқ, жай ғой. Әлгі «темір жол жағының» адамы ше?

- Не, «темір жол жағының» дей ме?

- Көпірсіз...игрек жүйесі дегенді білмейсіз бе? ... Үлкен адамсыз... Ұялмайсыз ба?

- Вань! – деп, әйелі кедергі жасады.

- Осыларды сайтан иектесе екен. .. Ұятсыз немелер! Соқыр тиын үшін өлген адамның көрін қазатындар,

өзгенің сандығы мен шабаданын үптеп, сапалы шарап пен коньяк ішіп мәз болып жүретіндер. Менде ақша бар, астыртын білгіңіз келіп, арандатпаңыз! Бір рубль алмақ болсаңыз, мынаны білесіз бе? – деп, тоқпақтай жуан жұдырығын көрсетіп: - Құнан сиырдың өзін мұрттай ұшырамын...

Профессор оның ұсынған жұдырығын иіскеп:

- Солай екен, көрдің иісі шығады. Ғаламат ірі әрі сенімді жұдырық екен. Алайда, Иван жан, біз әлде бір

себеппен түсінісе алмай жатқан сияқтымыз. Сіз мені басқалармен шатастырып тұрсыз-ау. Болмаса мен жолсерікті ертіп келейін бе? Менің кім екенімді сол кісі айтып берсін. Мен құжаттарымды оған көрсетейін немесе сіз көресіз бе?

- Маған ешқандай құжаттың қажеті жоқ. Сіз де ешқайда бармаңыз. Мен де ешқайда бармайын. Бұл менің

ісім емес. Егер осы купеде үйлесім тауып жүре алмасақ мен алдын ала айтамын.

- Жалпы, мен барып келейін. Әйтпесе, бүкіл жол бойы бір бірімізге арам ойлап, күдіктене береміз – деп,

профессор шығып кетті.

Нюра алаңдап:

- Вань,біз оны бекер ренжітіп алған жоқпыз ба?

Иван тіл қатпады, көңіліне белгісіз бір қаяу түскендей.

- Солай ма, Вань?

- Мен қайдан білейін. Сен барып себебін таппайсың ба...

- Бұл өзі қайдан пұт алтын тауып жүр? – деп, профессордың шабаданын тепті:

- Ит тұмсығы өтпес тайгада біреуді ұрып жықпаса...

- Ондай адамға мүлде ұқсамайды.

- Манағы конструктор ұқсайтын ба еді?

- О, құдай-ай, адамдарды танып білудің өзі мұң болды ғой – деп, Нюра күрсінді.

Профессор жолсерікті ертіп кірді. Жолсерік қутың-қутың күлімсірейді.

- Сен неткен сауысқаннан сақ болып кеттің? Бұл кісі мәскеулік профессор, ғалым адам. Саған әр қадам

сайын ұры-қары кездесе бере ме. Жолдасты ренжіткенің жарамады... – дегенде, профессор:

- Ренжу туралы сөз мұнда артық. Мен еш ренжіген жоқпын.

- Неге ренжімейсіз?

- Мен еш ренжіген емеспін, керісінше, түсініскеніміз жөн болды.

Жолсерік Иванға өте маңызды бірдеме тауып айтқысы келді.

- Мұның жарамады, жолдас! Бұл кісі қайдағы ұры? Адамдардың ара жігін айыра білу керек қой.

Жолсеріктің имандылық айтып, үйретпек болған жағымпаздық мінезіне жыны келген Иван:

- Ана бір конструкторды билетсіз отырғызғанда ара жігін қатты ажыраттың ба? Анда бір, мында бір жүгіріп...шу шығарып, онымен қоймай қутыңдайсың.

- Жолдас, тәртіпке келгін, сен үйіңде пештің үстінде жатқан жоқсың! – деп, жолсерік дауыс көтерді де:

- Профессор жолдас, сіз осында жайғасыңыз.

- Мен мұнда боламын, бәрі дұрыс.

- Егер мына жолдас бірдеме деп басыңызды қатырса, маған айтыңыз. Біз мұны сілкіп тастаймыз. Біз бұған... – деп, ұрса бастаған жолсерікке профессор ашуланды:

- Кетіңізші әрімен! Сіз не үшін бұл кісімен байланысып тұрсыз?

Жолсерік абыржып, үнсіз қалды. Профессор былай деді:

- Сіз кешіріңіз! Рахмет! Біз өзіміз бәрін реттейміз, сіз бара беріңіз!

- Жарайды, сөйтіңіздер! – деп, желсерік шығып кеткен соң профессор:

- Ой, неткен қырсық еді! Жайсыз жігіт...

- Профессор жолдас құдай үшін бізді кешіре көріңіз! Біз қателескен екенбіз... – деп, Нюра кешірім сұрады.

- Не үшін! Неге кешірім сұрайсыңдар. Мен бір алжыған қақпас жолсерікке бекер жүгіріппін. Өзара түсінісуіміз керек еді.

Иван намысқа тырысып, қабағын түйіп отыр.

- Сен кешірім сұрасаңшы. Содан тілің тартылып қалмас – деді, Нюра қатқылдау үнмен.

- Иә, кешірім сұраудан келер не бар? – деп, Иван бетін тыржитты.

- Бұл оқиғаны бәріміз ұмытып кетейік. Біз ұзақ жолға бірге шыққан жандармыз. Не үшін бір біріміздің көңілімізге қаяу түсіреміз, Иван! – деп, профессор кесіп айтты.

Пойыз тағы бір бекетке келді.

Жұртшылық тағы да кететіні кетіп, келетіні келіп, құжынап жатыр.

Иван мен Нюра әлгі профессормен бірге отырған вагонға гитара ұстаған ұл-қыздары аралас көп студент жастар кірді. Қыздар жағы басымдау.

Пойыз айналаны жаңғырта дабыл қақты.

Иван мен профессор екеуі биік шишалы шараптан сорып отыр. Профессор белгілеу дәптерін алып, Иванның ана тіліне қаншалықты жүйріктігін тексеріп келеді. Иван да «емтиханға» біршама мұқият кірісіп, Нюра үнемі жөн сілтеуді де сиреткен.

- Әдетте жай ғана «ұру» деген сөз бар. Мен ұрдым, әлде біреу ұрды... тағы басқаша қалай айтуға болады?

- Періп жіберді дейді – деп, бастады Иван.

- Дұрыс.

- Сыбағасын беру.

- Сыбағасын беру дейсің бе?

- Иә, әдемілеп тұрып сыбағасын беру.

- О, тамаша. Тағы?

- Ит терісін басына қаптау!

- Иә, солай. Тағы?

- Боқтауға бола ма?

- Жоқ, боқтаудың қажеті жоқ.

- Негізі, көп еді.

- Жоға, қажет жоқ. Мұнда әйел адам бар.

- Талай естіген сөз еді.

- Ал, енді?

- Қағып жіберу деп те айтады – деп, Нюра қосты.

- Қағып ...а, солай. Жаттауға қиындау сөз секілді.

- Жалп еткізу. Быт-шытын шығару.

- Ал, мұның енді...Етістік. Үрейлі сөз.

- Сындыру. Таңба салу. Ұйықтату. .. еңкейту...жоқ, бұл келмейді.

- Шаншу, сойып салу дегендер бар.

- Иә, иә... деп профессор көңілденді. Нюра да кірісті.

- Шыжғыру деген үрдіс бар.

- Шыжғыру дейсің бе? Жақсы. Бұл тебу ме?

- Иә, тебудің түрі. Қыз-келіншектер арасында көп айтылады.

- Кемпір-кешектердің сөзі – деген Иван:

- Тағы калгандау деген бар.

- Бұл не деген сөз?

- Басымен сүзіп сабауды айтады – деп, Иван профессордың иығынан тартып сүзуге ыңғайлады. Бірақ, сүзген жоқ, ишарамен көрсетті.

- Калган деген бас па?

- Бас.

- Қай тілде?

- Орысша. Бізде ауылдық кеңесті солай атай береміз.

- Иә, тағы қандай сөз бар?

- Томпақша.

- Тіпті, шектен шықты. Профессор аға, мұндай сөздер сізге қажет пе?– деп, Нюра таңдана сұрады.

- Керек, Нюра!

Осы сәтте үш студент қыз шулап кірді. Біреуі купедегі бос орынға жайғастырмақ.

- Сіздерде бір бос орын бар деген. ..

- Ол рас! – деді, профессор өте биязылықпен: - Сендердің қайсың жайғасасыңдар. Күте тұрыңдар, ең сұлуын таңдаймыз.

- Солай ма, ендеше таңдаңыздар!

Олар аяқтарын айқастырып, тұра қалды, бәрі жас әдемі қыздар.

Профессор көзәйнегінің үстінен оларды бақылады да...шынымен-ақ күрсінді.

- Үшеуіңді де таңдауға тура келеді. Негізі, алатын адам ғана таңдау керек қой. .. Жарайды, бәрі қалжың.

- Сонымен қайсымызды аласыздар? – деді, қыздар күліп.

- Қайсысын алайық, Иван?

Иван ақырын күлімсіреп беті қызарып Нюраға қарады.

- Олай болса, сен таңда. Маған бәрі бір. Мен жасым ұлғайған адаммын – деді, профессор.

Люба деген көк көзді, ірі төсті қыз қалды.

- Сабақ бітіп, қолды аяққа тимей жүрген шығарсыңдар – деп, қызыға да, қызғана да айтқан профессор сұрақ қойды:

- Қай оқу орында оқисың?

- Педагогикалық.

- Факультет?

- Физмат.

- Ылғи физмат. Бәрін жеңетін физмат болды ма! Сол физика мен математикамен сендер қайда барар екенсіңдер? – деп, профессор мұңлы үн қатты.

- Сізге математика мен физика тамаша емес пе?

- Сендерге де тамаша болып тұрғаны шамалы, айналайын! – деп, профессор студентке әзілдей көз тастады. Ол таңданып:

- Неге?

- Неге десең, сендерге Лермонтов, Есенин...ұнамайды деуге болмас.

- Бір біріне бөгет жасауға тиіс емес!

- Бәрекелді, қарай гөр, өзін!

- Пединститут болғандықтан сендер мұғалім болып шығасыңдар ма?

- Иә, - деп жауап берді, Иванның сұрағына.

- Қазір оқу оқып, қуанып, думандатып жүрсіңдер. Еңбекке араласқан соң не болар екенсіңдер, сендерге жаным ашиды...

- Иван! – деп, зайыбы оған ескерту жасады.

- Не?

- Не деп тұрсың? Жаным ашиды дейді ғой. Саған не болды?

- Сосын, Иван! Нюра, сен неге оның сөзін бөлесің? – деп, профессор қызығушылық танытты.

- Негізі, мен біздің ауыл мұғалімдері туралы айтқым келген.

- Сонымен?

- Жә, қояйыншы!

- Қоямын деген не деген сөз? Айтсаңшы!

- Бұларға , ай, байғұстар-ай, тым көп міндет жүктеледі. Бірақ, мен шынында мәселені кемшіндеу ойлаған шығармын. Сөйлесу тиімді. .. бірақ, қояйын.

- Мұғалімдердің бойлары аласа болып кетті деп айтады. Мына кісі соны айтқысы келген болар – деді, Люба.

- Иван сен не айтқың келді? Ұзын бойлы мұғалімдер тек қалада ма?-

деп, профессор сұрақ қойды.

- Бұл енді, не айтарын өзі де білмей қалды. Тым артық сілтеп жіберген жоқ па? Енді, ұйықтап тынық! – деп, Нюра ызалана айтқанда, Иван айтар сөзін ойлап тапқанымен ауыз ашпады.

Осы сәтте көрші купеден әлгі студент қыздардың өкілі келді:

- Сергей Федорович, кешіріңіз!

- Ал, не болып қалды? – деді, профессор.

- Біз сізді таныдық. Сіз телевизия бағдарламасында сөз сөйлегенсіз.

- Сөйледім. Күнә жасадық та.

- Біздің купеге келіп әңгіме айтыңызшы. Сізді арнайы шақырамыз. Көрші купе ғой.

- Иван жүр, алыс емес қой...деген профессор қыздарға бұрылып: - Шишадағы сусынымызды да ала жүрейік пе?

Қыздар күлісті.

- Ала жүріңіз.

- Иван сен қалсаң игі еді – деді, Нюра.

Алайда, Иван профессормен бірге баруға ынталы еді.

- Жә, сен! Не боп қалды? Мына тұрған көрші купе ғой.

- Жайша ма! Сен кейін вагондарды аралып кезіп жүрерсің.

- Нюра, ол вагон кезбейді – деп, профессор Иванды ертіп кетті.

Ғажайып айлы түн! ... Жер әлем ақ жамылғы кигендей ағараңдайды.

Көпір үстінен сартылдатып өтіп бара жатқан пойыз темір қоршаулардан зулап өткен сәтте қуана алақайлағандай дыбыстайды. Ақ мүсінді қайың ағаштар пойыздың алдынан зулап өтіп жатқаны ай сәулесімен шағылысып, айпарадай анық әрі өте сүйкімді көрінеді. .. Сөйте тұра пойыз соңынан мұңая қарап тұрғандай қалып қояды.

Көрші купеде сөзге шешен, мығым денелі Иван студенттерді шулатып отыр. Оның әңгімесі:

- Сендер ауылға барып көріңдер. Сонда, менің көзқарасымды білетін боласыңдар.

Студент қыздар көңілді. Иван да дән риза.

Ал, профессор Иванды аяғандай ма, әлде, ыңғайсызданғандай ма, ойға шомып оған қарап отыр.

- Бізге шөп шаптырта ма?

- Шөп шабудың қажеті қанша? Біздің жақта қазір шөпті машинамен шабатын болған. Әлде, өздерің шөп

шабуға құмарсыңдар ма? Онда, дұрыс. Мен-ақ шөп шапқызайын. Бірақ, балалар, бұл өте ауыр жұмыс қой. Одан гөрі бізбен бірге қайықта отырып алып:

Қарындаспен біз қайықтамыз,

Толқында шалқып, тербелеміз – деп, әнде айтылатындай жүргеніміз жөн болар. Студенттер күледі.

- Сіздің «Волга» машинаңыз бар ма?

- Машинаны қайтейін? Айналайын, мен ауқатты адаммын. Менде не жоқ дерсің. Үйге барсаң, көрерсің, бес бірдей кілем ілулі тұр. Бәрі парсы кілемдері!

- Аюдың терісі бар ма?

- Үшеу бар. Бірі сыртқы есіктің алдында төсеулі, етік сүреміз. Бірі балалар бөлмесінде, олар ойнап жүнін жұлып отырады. .. Ал, одан оңға қарасаң, барометр ілулі тұрады. ...

- Найзағайдан сақтандыру құралы бар ма?

- Найзағай қорғанышы үйдің шатырында орналастырылған. Мен алдымен үй ішіндегілерді айтайын.

Кіреберістің сол жағында шидиген сирағы бар ыдыс-аяқ шкафы бар. Бірде мен айлық түскен күні сүзіп кетіп, қырық сегіз рублдің тәрелкелерін қиратып тастағаным бар.

- Әйеліңіз ашуланып ұрысты ма?

- Жоқ, менің әйелім ондай емес. Жалпы, кейбіреулер пәле ғой... Сендер сондай болып кетпеңдер, дүниеде

содан жаман ештеңе жоқ. Олай болу бақыт емес, тіпті, үйде болса ше! Ал, жұмыста болсаң иттей болып шаршайсың да, сұлқ түсіп ұйықтап, ертеңінде тағы да жұмысқа кетесің. Ал, үйде отырсаң...қиын, тіпті, лажы жоқ. Одан сорақы ештеңе жоқ...

- Сіз тәуір тұрамын дегеніңіз қайда?

- Мен жақсы тұрамын. Өзгелерді айтып отырмын. Әр адам құдайдың құдіретімен мендей тұратын болса,

тамаша болар еді! Айталық, мен жұмыстан келемін де: «Нюся сүйіктім, тамақ әкел!» деймін. Әйелім пісірілген ет пен картоп әкеліп алдыма қояды. Біздің отбасымыз жылдың төрт мезгілін етсіз өткізбейміз. Біздің шошқалар менің мына жеріме міне жаздайды – деп, мойнын шапалақтап алып: - Өте жалмауыз немелер! Кейде мылтық алып шығып, бәрін қырып тастағым келеді. Егер мен сап-сау болсам, жұмыстан қатты шаршап келемін де босағаны аттай бере «Әй, Нюся...» деп шақырамын.

Осы сәтте Нюра қараңғы терезенің қасында отырып, радиодан орындалған ән тыңдап отырған. Профессор кіріп келіп:

- Иә, Нюра зерігіп кеттің бе? – деп, сұрады.

- Біздің әлгі адам онда не істеп жатыр? – деп, Нюра алаңдады.

- Иван ба? Айтарлықтай ештеңе болған жоқ, алаңдама. Өзінің бай-қуатты тіршілігі жайында студенттерге әңгімелеп отыр.

- Пү, сені ме, бәлем! Нағыз оңбаған! Екі шалбары мен жуылған бірнеше жейдесі ғана бола тұра ... баймын

дейді! Жалпы, ер азамат ретінде тәуір, балаларын жақсы көреді, маған жаны ашиды. Оны жамандасам, күнә болар. Тек ішіп алғасын, біресе байлығымен мақтанады немесе лаң шығарып, төбелеседі. Ақымақ оңбағанға талай рет үйреттім. Бір төбелесте ағашпен басын жарғызып келді. Сабақ алған ол жоқ. Көзін шығарып тастаса да бес адам жабылып келсе де пергілесе береді.

- Үнемі іше ме?

- Жоға, олай десем, тағы күнә. Жұмысы көп. Бұлар өзі тұқымдарымен өте еңбекқор. Бұны жұрт қатты

сыйлайды. Бірақ, сондай бір ит мінезі бар... Той, мереке жақындаған сайын мазам кетеді. Жұрт думандатып жатқанда мен үйде жападан жалғыз отырып «Әлгі Иван кіммен ұрғыласып жатыр екен, кім қашан жүгіріп жетер екен» деп ойлап отырамын.

Профессор күрсінді.

- Біздің ананы мазақтап күліп жатыр ма?

- Жоқ, жоқ. .. Жалпы, жастар саусағыңды шошайтсаң да күле береді ғой. Бірақ, еш зияны жоқ... Ал – деп, профессор бірдеме айтпақшы болды да қойды: - Ештеңе етпейді, қам жеме!

- Қалай қамсыз отыра аламын? Жаным ауырады.

Студенттердің купесінде гитара шертіліп, ән шырқалды:

Інжу-маржан шатырда,

Тонаушылар кемесі көңілді.

Капитан өзі өле мас,

Кемені айдап келеді – деп, әлде бір мағынасыз даңғаза әнді айтады.

- Тонаушылар...малшылар...асау өсімдік. Бейшара тобырлар – деп, профессор сыбырлап, ойға шомды.

Бір таңқы танау жігіт есікті ашып:

- Бұл сіздерде ме?

- Не?

- Ән айтып жатқандар.

- Жоға, мына көрші купеде айтқан. Қазір тоқтады. Сөзін жазып алайын дедің бе?

- Жаттап аларлық жақсы ән екен.

- Қайда бара жатырсың? – деп, сұрады профессор.

- Қырымға! – деді, таңқы танау орынның шетіне жайғасып.

- Екінші мәрте бара жатырмын. Арқамнан шаншиды, азап шектім.

- Ауырып тұр ма?

- Ауырып тұр – дегенімен, ол енжар кейіппен басқа әңгімеге көшті.

- Адам көп-ақ! Теңіз жағалауында жүргенде анда да жалаңаш әйел, мында да жалаңаш әйел жатады. Ол жермен жүргенде үстерінен аттап өтуге тура келеді.

- Тырдай жалаңаш па? – деп, Нюра таңдана сұрады.

- Қайдағы? Суға шомылғанда киетін киімдері бар. Дегенмен, жасанды нәрсе ғой. Мен бірде ішкі

дамбалыммен жортып жүргенмін. Алайда, бір жігіт «суға шомылатын киім» деп кеңес берді. Олар көшеде де әлгі тыртысқан ішкиімдерімен жүре береді. Солай кетіп бара жатқандарын көргенде біртүрлі ыңғайсыз.

- Сөйтпегенде ше. Басқаша киінгендерді ұрып жалп еткізер.

- Жоға, олай етпейді. Бірақ, біртүрлі ыңғайсыз. Тағы бір жолдас маған «Қара көзәйнек тағып ал. Қара көзілдірікпен жүрсең не болып жатқанын көрмейсің, рақат» дегені бар.

- Ал, ендеше!

- Кешкісін мейрамханаға барып, кәуапқа тапсырыс беріп отырсың музыка дегенің тарсылдап ала жөнеледі.

Біреу ән айтып, жұрт би билейді. Билеуі енді, сұмдық, пай-пай! Әй, тажалдар! Жүрек жарылардай. Алғаш көргенде ұяттау секілді сезілгенімен кейін ойласаң, жап-жақсы! Олар өздері ұялмаса, менің қырымнан қысылуым не тәйірі! Жалпы, барлығы біркелкі әуен. Бір кісі олардың биін көріп «мына ұяттан безгендер не істеп жатыр» деп еді, дереу сыбағасын беріп тастады. «Саған ұнамаса қарамағын, барып ұйықта!» десті ғой. Бірде «Қара көз» деген ән орындалып, көз жасыма ерік бере жаздағанмын. Оншақты адам қарсы келсе де қорықпастай жігерленгенім бар. Мен еңіреп жіберуге шақ қалдым. Бірде тауға шықтық. Еңбектеуге дейін барып, таудың басына шықсам, ғажабын айтсайшы! Теңіз кемелерінің бәрінде сазды әуен әуелегенде музыка су астынан көтеріліп жатқандай елестегенін қайтерсің. Таудан түскен соң қайтадан мейрамханаға бардым ғой.

- Жан-жақтың бәрі мейрамхана болғанда, қыруар ақша кететін шығар? – деп, Нюра қайран қалды.

- Ол енді, әр қадам сайын ғой! Демалысқа бір рет қана барып көрдім.

Сол жерде бір сиырдың құнына жетерлік ақша шығындағаны туралы бір жолдастың айтқаны бар. Ол жерде тұшпара асханасы бар. Үш тәрелке алсаң, бітіп кетесің. ..

Иван отырған купеде бір әдемі дауысты жігіт гитараның сүйемелдеуімен «Ана болған Ресей» туралы ғажайып бір әнді айтты.

«Ана болған орыс елі үшін ойшылдардың бәрі,

Ана болған орыс елі үшін жүректілердің бәрі» - деп, әндеткенде Иван тістеніп отырып тыңдады. Ол ән оған ерекше ұнаған екен. Әлгі таңқы танау (демалушы) да купеге кіріп келіп, тістеніп отыра қалды. Оған да ән ерекше ұнаған болса керек.

Жігіт әнді айтып біткенде бәрі үнсіз отырысты. Әлгі бір таңқы танау жігіт:

- «Көз» деген әнді білесің бе? Айтып берші! – деп музыканттан өтінді.

Иван жұдырығымен тізесін салып қалып:

Қарындаспен біз қайықтамыз,

Толқында шалқып, тербелеміз – деп, дәлізге шығып, купесіне енді.

- Менің мәртебелі... – дей берді де, профессор мен Нюраның сыбырласып отырғанын көріп үнсіз қалды.

Профессор мен Нюраның ешбірі Иванның кіріп келгенін аңғармастан біртүрлі нәрсені әңгімелеп отырды.

- Сізге қалай дерімді шынында білмеймін. Мен екі балалымын...олар әлі тым жас – деп, Нюра терең ойлана айтып отыр. Ал, профессор:

- Е, бейшара-ай! Сонымен не дейік? Ол кісі балаларды өте жақсы көреді...үйі Мәскеу маңында. Оның үйінде

тұрып, тамаша өмір сүруге болады. Ол кісі арақ-шарап ішпейді, төбелес, шу шығармайды, осы жасқа дейін ешкімге жаман сөз айтқан емес. Иса пайғамбардың қойнына кіргендей-ақ өмір сүресің. Өзің шешерсің.

- Не дерімді де білмеймін. Шындығын айтқанда, мен тірліктен жалығып кеттім. Жұрт тойлап жатқанда мен

жалғыз өзім жан дүнием ауырып отырамын. Бір жаққа шықса да не бүлдірер екен деп қиналып отырамын. Ол кісіңіз жалпы, қанша жастағы адам?- деді, Нюра мұңлы үнмен.

- Ана кісі ме? Жетпісте. Бірақ, өте ширақ таза адам. Буырыл шашты, үнемі тік жүріп-тұрады, әдемі азамат. Өмір бойы опера-балет театрында билеген жан ғой, өзін әдемі ұстауға дағдыланған адам.

- Жалпы, өте егде адам екен...

- Бірақ, ешбір жас жігітке бергісіз адам дегенді айтып отырмын ғой. Сыпайылығын айтсаңшы! Бір сөз айтады да «мерси», «пардон», «данке шөн» деп иіліп-бүгіліп жүргені.

- Солай жасайтын болса, маған ұнайды екен.

Иван дереу мастықтың әсерінен шыққандай болды:

- Кешіріңіздер, кім туралы айтып отырсыздар? – дегенімен Нюра оны көрген де, естіген де, аңғарған да жоқ.

- Менің жайлы, жақсы өмір сүруімді қоя тұрайықшы, балаларымды үлгілі адамның ықпалымен тәрбиелесем дегенмін. Қазір біздің балалар үшін керемет үлгі-өнеге болмай тұр.

- Мен де соны айтып отырмын ғой. Өте керемет үлгі-өнеге көрсетеді – дейді, профессор.

- Мен ойланып көрейін.

- Ойлан, ойлан.

- Жетпіс жасында тұрған не бар, мен оны жақсылап күтіп...

- Күтетіндей де еш нәрсе жоқ. Таңертең жетектеп апар да шағын саябақтағы орындыққа жайғастырып

қойсаң ол әлгі «мерси»-ін айтып отыра береді. Тамақ ішіп те жарытпас. Быламық бірдемелер жасап берсең талғажу ете салады. Кешкісін түнде енді...

Иванның көзі шарасынан шығып кете жаздады.

- Оу, тыңдасаңыздаршы! Мен кешіріңіздер деп тұрмын ғой. Мен мұндамын! Не болып жатыр?

- Сен осындасың ба? Мен аңғармадым, Сергей Федорович екеуіміз әңгімелесіп отырмыз. Сен баяғыда келдің бе? – деп Нюра кенет есін жиғандай айтты.

- Сіз қалай байқатпай келіп қойғансыз? – деп сұрады, профессор таңданып.

- Не болып жатыр? – деп, Иван қайтадан сұрады.

- Ештеңе болған жоқ.

- Кім жетпісте?

- Мен.

- Жалған, мен жаңа ғана естідім ғой.

- Ваня, жатып ұйықта. Мына жоғары қабатқа шығып жат. Жұртқа бар сырыңды ақтарып келдің бе? Қалай

тұратыныңды айтып...басқа не дедің? Енді, нормаңды орындаған болсаң жантая көр. Ванюшенька мына жоғарғы төсекке шығып, жат, сүйіктім, қане, жата ғой!

- Мен ештеңе түсінбедім.

- Ертең түсінерсің. Ертең бәрін естірсің.

Иван жоғарғы жаққа шығып, жым-жырт болды. Люба келіп, қараңғыда сарт-сұрт шешінді де жеңіл ғана секіріп жоғарғы қабатағы орнына жайғасты да үнсіз қалды.

Профессор мен Нюра терезе алдында отырған күйі қалды.

- Үкіметтік демалыс орнында сондай болады деп жаңағы жігіттің айтқаны рас па? – деп, Нюра сұрағанда, профессор:

- Дәл ондай болмас. Бірақ, шындықтың негізі де бар.

- Бүтін бір сиырдың құнымен демалады дейді. Солай бола ма?

- Сиырдың бағасы қанша?

- Төрт жүз, төрт жүз елу...егер бұзаулы болса тіпті қымбат.

- Сондай болады, бұзаулы сиырдың құнындай шығын шығады.

Тізбектелген ұзын вагондардағы жолаушылар жаппай ұйқыға кеткен сыңайлы. Тек пойыздың басындағылар ғана ояу. Біршама егде жастағы машинист жолға қарап келе жатты да кенет:

- Колька, кадр бөліміндегі есепшінің не істеп жүргенін білесің бе? – деп, көмекші ұлдан сұрады.

- Білемін. «Сізге қанша керек?». Сен осымен жетінші рет айттың! – деді, үшінші бір адам.

- Қызық нәрсе ойлап жүреміз! – деп, қарт машинист күлді.

- Қызық нәрсенің өзі әжуа болмағанда қайтсін.

- Сонда да күлкілі. Сондайды кім шығарады екен?

Бозбала иығын қиқаң еткізді:

- Адамдар...

- Мен де бірдеме шығарайын десем, мүлде болмады.

Нюра ұйықтап жатыр... Алайда, оның сабырлы түрінде әлде бір көңіл алаңдатқан үрей байқалады. Нюра түс көрді.

Бірталай шырмауық шөп пен махаббат гүлін салбыратқан мейрамхананың сәулелі залы айқара ашылды. Үлкен зал сол күйі теңселіп ырғақтайды. Тыр жалаңаш дерліктей әйелдер, үсті-бастары жүн-жүн жас жігіттер «Қаракөз» деген билерін қойып жатыр.

Әлгі сол бір «әуенді өмір» дегені тарсылдап, жұрт итектей бастады. Әлемнің думаны дегені басталғандай, ертең дүние төңкеріліп тәмам болатындай. Дінбасы Гавриил керней тартып жатқандай, көз тартарлық сұлулар мен сыпайы еркектер арасында шашақты ұзын қоныш етіктілерге орын болмайтын сияқты.

Сол бір тарсылы мен тұрсылы көп ойнақы залға Нюра зорға еніп Иванның тойлап отырған үстеліне барса, ол шын рақатқа бөленіп, шалқып отыр. Екі жағында тыржалаңаш дерліктей қыз-келіншектер қоршап отырған, мәз болып шампан шарабын сіміріп отыр.

- Иван жүр үйге! – десе, ол басын шайқап, жымиып күледі.

Кенет музыка қатты сартылдап, жұрт жиіркенішті бұратылып итектейді...

Нюра есікке қарай беттегенде әлгі әйелдер қарқылдап күліп, толқында жүзгендей билеп, иықтарымен қағады...

Нюра тоқтай қалып еді, музыка да кілт үзіліп, тыныштық орнады. Нюра тағы да үстелге қарай бет алды. Оның кері бұрылған қадамымен бірге әлгі «аралдың артынан судың тереңіне» деген әуен баяу басталды да барған сайын күшейе түсті.

Иван дастархан басында Степан Разиннің кейпіне еніп отыр. Нюраны адам шошырлық ала көзбен атады. Нюра оны үстелден жұлып алып, тұрғызды да құйрықтан бір теуіп алдына салып, өзі соңынан еріп келеді. Есіктің табалдырығына келген соң бұрылып ызалана қарады:

- Мәссаған, сендер күліп отырсыңдар ма? Кімді мазақ етіп ыржыңдайсыңдар? Керісінше, өздерің

күлкілісіңдер. Сендер емес, мен сендерді әжуалап күлгім келеді! Не істеп жүрсіңдер, өздерің? Неткен арсыз адамсыңдар? Әйелдер, сендер неге осыншама жалаңаштандыңдар? Еркектерді құмар ету үшін бе? Егер тәндерің әсем, ниеттерің таза болса, онсыз да ерлер сендерді тауып көреді. Сендерге қарағанда көз ашиды. Тфу! ... Осындай шақтарыңда еңбек етіп, бала тауып отырудың орнына бұлайша жынданып жүргендерің!

Нюраның соңынан зейнет жасындағы қариялар еріп, бәріне сын көзбен қарағандарымен ләм-им деп ауыз ашпайды.

- Сендерге айтарым, бұл әдеттеріңнен бас тартып, қоғамға пайдалы еңбекпен айналысыңдар!

Бұл игілікті іске қариялар қол соқты.

- Мұндай сорақылық енді қайталанбасын!

Қариялар тағы да қол соқты. ..

Нюра ұйқыдан оянып, біраз жатты.

- Вань! – деп, ақырын шақырды.

Ол терең ұйқы құшағында екен. Нюра тұрып, Иванды тартқылап еді, оянбады. Қайтадан жатып, көзін жұмды.

Таңертең оянған соң Иван кешегі оқиғадан ұялып, бұрылып та қарамай үнсіз жатты. Профессор Нюра мен Любаға жастық шағынан естелік айтты.

- Мен де кезінде тым асқақ жүрген адаммын. «Осы үйде туғаным менің қалауым емес, ал, бұл жерден

біржолата кету өз еркімде» деп шешенсіп айтады екенмін. Өте астамшылдық қой. Жалпы, жиырма жасында әр адам тым өркөкірек келеді.

- Неге әр адам? – деп сұрады, Люба шүбәланып.

- Барлық адам сондай болады – деді, профессор шегелеп.

- Сосын, не болды? – деп сұрады, Нюра.

- Сосын, не болушы еді, үйден кетіп қалдым.

- Әлгі әйел не болды?

- Ол қалды.

- Сіз оны сүйетін едіңіз ғой?

- Иә. Бірақ, мен өзімді де сүйетін едім. Мен өзімді артығырақ жақсы көргенмін. Сонымен Вологда

қаласынан ауданның алыс ауданына барып мұғалім болдым. Тамаша бір кезең еді. Күз келген, терек ағаштарының жапырығы түсе бастаған, орман үстінде көк аспан...

- Содан не болды? – деп, Нюра оқиғаны білмекке асығады.

- Содан... Сол жерде Машамен, қазіргім Мария Ивановнамен жолықтым. Осы.

- Катя не болды?

- Катя да...әлде бір Василий Иванович деген кісімен ұшырасып, тепе-тең болдық қой.

- Кім алдымен ұшырасқан? Катя ма, сіз бе? – деп, Люба қызықтағанда профессор күлді.

- Иә, менің романшылығым осы ғой! Бақандай бір бөлімін қалдырыппын! Катя алға шығып кетті. Ол кезде

мен алыстағы ауылда туристермен бірге жүрдім. Сонда естіп, ауылға тартқан едім. Бұл жолы жаяу. Жүз жиырма шақырымды адымдап бағындырдым.

- Жол-жөнекей сізді ала кеткен жан болмады ма?

- Жоқ, мен өзім қаламадым. Мен ащы мұңға батып, қатты қиналдым. Атарбаға мінсең де өзегіңнің өрті

басылмайды ғой. Жүз жиырма шақырымды жаяу жүріп өткенім дұрыс болған. Дүние өте жылдам оның өзінде бір түнде өзгеріп шыға келеді дегенге өз басым сенбеймін. Ал, Вологданың жолы жүз жиырма шақырым дегенге сенемін. Әртүрлі ойға баттым...көп дүниені түйіп жүрдім.

- Құдайым-ау, бұл кітаптағы оқиға секілді болды ғой – деді, Нюра сұлу.

- Сондағы қиналғанымды тек махаббат машақаты, бірақ, өмір емес дегенді түсінген едім. Ал, өмір кейін басталған болатын.

- Әкеңізге қайтадан барған жоқсыз ба?

- Жоқ, бармадым. Жалпы, менің кейінгі өмірім ...мүлде басқаша болды. Махаббаттың шытырман оқиғасы емес. Бірақ, сол махаббат қызық болған,ә!.. Солай ма?

- Өте қызық екен.

- Расында, өте қызық.

- Шай аласыздар ма? – деді, жолсерік есік ашып.

- Аламыз, аламыз. Көп шай, он кесе. Мұнда газет әкелесеңдер ме? – деді, профессор.

- Жоқ, газет бекеттерде ғана сатылады.

Жолсеріктің келгенін пайдаланып Иван көрпе астында шалбарын тездетіп киді де, төбеден секіріп түсті.

- Жайлы демалдыңыздар ма? – деп, баяу ғана үн қатқан Иван орамалын ала салып, сып беріп шығып кетті.

- Ұяты оянған екен – деген Нюраның сөзін профессор түсінбей қалды.

- Не?

- Кеше асыра ішіп жіберіп, бүгін ұялып жүргені. Енді, күні бойы ауыз ашпайды.

- Ол не дегенің? Онда зерігіп кететін шығар, байғұс.

- Зеріге берсін. Біраз қиналсыншы, бәлем!

- Ылғи сөйте ме?

- Үнемі төбелес жасаса сол түні ол үйге қайтпайды, жөндеу орнының күзетшінің қасында қонады. Ол жерден екі тәулік шықпай қояды. Ұяттан жарылардай болатын шығар.

Пойыз бекетке келіп тоқтады. Иван қолында сүлгісі бар, вагоннан секіріп түсті де газет сататын дүңгіршекке қарай жүгірді. Газеттердің әр сандарынан бірден алып, кері қайтты. Бұл сәтте өзгелер таңғы шай ішкелі отырған. Иван кірді де қолындағын газеттерін үстелдің үстіне қойып, жасандылау үнмен:

- Бәріміз газет қарасақ па екенбіз...

- Газет дейсің бе? Иван мұны қайдан алдың?

- Ана жерден... деп бекеттегі үйді нұсқады.

- Ал, қалайсың? – деген Нюраның даусы шыққанда Иван шошып басын көтерді де қайтадан төмен қарады.

- Не, не? – деп, асыға тіл қатты.

- Тәуір секілдісің ғой!

- Не тәуір? Не нәрсе ол?

- Жаның қиналмайтын мығым адамсың ғой, сен! – деп, Нюра сүлгі алып, беті-қол жууға

кетті. Люба да бірге шықты. Екеуі ғана қалған соң профессор ауыз ашты.

- Шара қолданды ма?

- Ияя...деп Иван төмен қараған күйі бетін тыржың еткізді. Ол әкелген газетін тізесіне қойып оқып отырды.

- Басың ауырып тұр ма?

- Жоға... деп ол өте жарқын дыбыстағанымен басын көтермеді.

- Менде тағы бір шиша шарап бар. Тартып жібересің бе?

Иван есікке қарай көз тастады.

- Ол әзір келе қоймайды, кезекте тұрғандар көп. Бір жұтып жібер, құрыс-тырысың жазылып кетеді.

- Ал, сіз ше?

- Мен ішпеймін, басым тәуір.

Профессор шабаданынан ұзын мойын шиша шығарды да есік жаққа бір көз тастап, стақанға толтыра құйды. Оны Иван бір деммен тартып жіберді де:

- Ай-һа! – деп дыбыстады.

- Тағы құяйын ба?

- Жоқ, рахмет!

- Ішімдік ішкеннен кейін ертеңінде ауыр бола ма?

- Ауыр еш нәрсесі жоқ, ішім алай-дүлей болып тұрады.

- Сен аса уайымдамай-ақ қой, кеше жайсыз ештеңе болған жоқ.

Иван қинала қабағын түйді.

- Мен біраз қыртылдатқан шығармын? Менің тілім ащы, үнсіз қалмаған болуым керек. Тіпті, өзіме өзім

ит жыным келеді. Бір жолы мен бізден елу шақырым жердегі көрші ауылдағы қамбаға барғанмын. Сонда біршама бидай өңдеп, жергілікті жігітермен ұрттап-жалап қойғанмын ғой. Менің басыма не кіргенін қайдам, өзімді социалистік еңбек ері деп құйқылжытыппын...

- Ал, ендеше!

- Олар мені мазақтаса керек, төбелес шығарыппын. Әрең дегенде тірі қалғанмын ғой. Айналасы жеті-сегіз адам жабылған.

- Сен кеше неге сонша тез мас болдың?

- Алдында әлгі сұмырай ұрымен бірге бір шөлмек коньяк ішкенмін. Оған шарап қосылған соң мас болып қалыппын. Мен соншалықты қатты құлдыраған жоқпын...бірақ, сізге не айттым?

- Қайда? Студенттерге ме? Бай-қуатты тұратыныңды айттың.

- Түй, оңбаған теке!

- Жалпы, беталды қыртылдатпағанда тіршілігің қалай, өзі?

- Жаман емес, бір қалыпты. Мен баюға қатты құмартпайтын адаммын. Балаларымның көзін ашсам, маған

өзге еш нәрсе керек емес. Негізі, барлығы бар да. Теледидар бар, сиыр бар, қанша жек көрсем де бірнеше шошқа асырап отырмын, оңбаған немелер мешкей ғой. Бәрі бар, болып жатыр.

- Иван сен бір мұғалім туралы айтпақ болған едің. Соны айтшы!

Иван тағы да есікке қарай берді.

- Жарайды, кейінірек болсын.

Ана болған Ресей елі неткен байтақ, неткен ұлы еді? Күн шыққанда да, батқан сәтте де, жарық күн, қараңғы түнде де пойыз зулай береді. Адамдар әлде бір жаққа асығады. Жолаушылар жүріп жатыр.

Анасының қойнынан енді ғана шықты дерліктей жап-жас офицер сүйкімді де көрікті қызға былай дейді:

- Мұның бәрі тамаша, дегенмен, жаппай нәзік дүние. Біз мүлде өзге жандармыз – дейді.

- Бірақ, ол тым әдемі – деп, сенімсіздеу үн қатқан сүйкімді бикеш:

Көңілді көктемнің мамыражай таңы,

Көгілдір атпен желдіріп жеткендей – деп, өлең оқығанда тік мінезді лейтанант:

- Андағың ерлердің өлеңі екен. Көгілдір ат. Жиырмасыншы ғасырдың өлеңі емес, келісетін шығарсың.

Екі қатын жайлы мінезді жандар болғысы келіп, барынша таласып әуіре:

- Күте тұрыңыз, мен үстіңгі орынға жатайын.

- Жоға, ол не дегеніңіз? Мен еш қиындықсыз шыға саламын.

- Маған да еш айырмашылығы жоқ, соншалықты ауыр емес.

- Мен тіпті ешқандай да ауырсынбаймын.

- Маған да еш кедергі келтірмейді.

- Сіз мына астыңғы орынға жайғаса беріңізші, өтінемін. Шынында маған еш ығайсыздық тудырмайды. ..

- Жоқ, жоқ! Сіз астында болыңыз!

Астыңғы екі орынның бірінде жатқан еңгерзедей жігіт жантайып әдеби журнал оқып жатты да, оны қоя салып, екі қатынның әрекетіне таңырқай қарады.

Бір шал шабаданы мен қапшығын көтеріп, көпшілік вагонның дәлізінде қарсы келгеннің бәрін жапырардай ентелеп келеді. Адамдар шулап жатыр:

- Әй, шалеке! Ішіп-жемге ұмтылғандай қайда тартып барасың?

- Мен сонда қайда жайғасуым керек?

- Әй! ... Сәл байқап жүруге болмай ма?

Бірақ, шал олардың сөзіне пысқырып та қарап жүрген жоқ. Ең бастысы, орын тауып жайғасу ғана екенін ол орыс жолаушыларының ащы тәжірибесінен біледі. Қай бір заманда әр вагонда жеке бөлмелер болады, көпшілік вагон болған күннің өзінде қаңырап бос тұрады деп ойласа керек. Бірақ, не болар екен? Қапаландырмай қайтсін!

Пойыз жүйткіп келеді, жүйткіп келеді. Адамдардың кейбірі ұйықтап жатыр. Кітап оқу үстінде. Карта ойнап отыр. Нарданы да ойнап жатыр. Өміріндегі түрлі қызықтарын бір біріне айтып жатыр. Ішіп-жеп те жатыр. Жеп те барады.

Иван жолда аулына хат жазды: «Амансыздар ма, енем Акулина Ивановна, Ефим Кузмыч аға, Маня әпке, Вера, ата және менің балам, Валя, Нина бәрің!

Ең алдымен айтарым, біз есен сау жүрміз. Сендер де аман-есен болыңдар. Біздің сапар аяқталмағандықтан жолда хат жаздым. Біз екеуіміз жайлы жүрміз, бірақ, мен бекер купеге билет алыппын. Сонда да мұңаятын жайым жоқ. Еліміздің шетсіз кең мекенін терезеден тамашалап барамыз. Аспан ашық, плюс жиырмабес градус. Вагон мейрамханасына бір рет кірдік. Бірінші тамаққа борщ, екінші тамаққа азғана қуырдақ алып жедік. Бізбен бірге бір профессор жүр, өте жақсы адам. Түрлі қызықтарымыз да бар, барған соң айтармын. Біз Мәскеу қаласына жолда соғады екенбіз. Мәскеуге түсіп, біздікіне бірнеше күн қонақ болыңдар деп профессор қария шақырып отыр. Олардікі бес бөлмелі көрінеді. Ол ұсынысты Нюра қолдап отыр, себебі, Мәскеудегі мемлекеттік әмбебап дүкеніне (ГУМ) кіріп көргісі келеді. Мен де хайуанаттар бағы секілді бірлі жарым жерлерді көрмек ойдамын. Мүмкіндік болса, адам мүрдесін өртейтін жерді көрсем деймін. Біз үшін қам жемеңіздер. Балаларға мұқият қараңыздар! Иван».

Осылайша, Мәскеуге келіп жетті.

- Жолаушы азаматтар! Пойыз еліміздің астанасы батыр қала Мәскеуге келіп жетті! – деп, радиомен

салтанатты түрде жариялады.

Иван мен Нюраның көңілдері толқып кеткен. Профессор екеуіне қызыға қарайды.

- Вань!... Ой, ана бір үйдің құрылысын қарашы! – деп, Нюра ойбай сала жаздайды. Иван таңырқап келе жатса да, сабырлы кейіппен Нюраға:

- Сен неге айғайлайсың? Үлкен үй екен. Осылай дегенде профессорге қулана қарайды.

Онымен қосылып Нюраны мазақтағысы келген.

- Мынау – «Ленинград» қонақ үйі – деді, профессор.

- Неше қабаттан тұрады? – деп, Иван қызыға сұрады.

- Ит біле ме. Мен мәнін түсінбеймін.

Пойыз тоқтады. Профессор, Иван және Нюра перронға шықты. Профессор құжынаған халық арасынан әлде кімді іздеп тұр.

- Менің ұлым күтіп алуы керек еді. Иван сен оған әлгі мұғалім әйел туралы айтып бер. Жалпы, оған

айтқанның еш артықтығы жоқ. Сен жақсылап айт. Әйтпесе, жас ғалымдар өздерін бәрін білетіндей ойлап жүреді.

- Сіздің ұлыңыз да ғалым ба?

Иван әдепті ойлап қана сауал тастағаны болмаса, айналаның бәрі оны қызықтырып тұрған-ды.

- Мұнда тұрайық, әйтпесе адасамыз – деп, профессор айтқанда олар адам аяғынан оқшаулау шығып тұрды.

- Неткен көп адам? – деп, Нюра таңданысын жасыра алмай тұр.

- Мәскеуде он миллион адам тұра ма, одан да көп пе? – деп, санды жақсы көретін Иван қызықтайды.

- Мен ұғудан қалдым. Оны біздің ғалымдар біледі. Білгендерімен ештеңе істей алмайды. Вавилон өсіп

ұлғайып келеді! Міне, көрмеймісің! Әй, десеңші! Бір қадамның өзі қандай... Өте өр көкірек адамдар! – деп, профессор қолын сермейді.

Адамдар ағыны арасынан ұзын бойлы бір жігіт суырылып шықты.

- Әке, мен келдім – деп, қатты дауыстады. Әке мен бала сүйісіп амандасты.

- Мынау менің ұлым – деп таныстырды. Ұлы:

- Менің атым Иван!

- Менің де атым Иван!

Профессор күлді. Нюра да атын айтып қол берді.

- Бұлар менің қонақтарым. Анаңның денсаулығы қалай? – деді, профессор.

- Бір кездегіден ойлағанда...

- Өзің қалайсың?

- Жақсы! Сіз жақсы жүріп қайттыңыз ба?

- Жақсы жүріп қайттым, жарайды, мұнда тұрмайық, кетейік.

- Сізге телефонмен...- деп, әңгіме өрбіткен олар көп нөпірдің арасына сіңіп кетті.

Әлгі «миллион адам» интіресіп, әңгімелесіп, айғайласып, асығып-аптығып, ашуланып бара жатқандары көрінеді.

Профессордің үйінде қонақтарды әйелі Мария Ивановна деген біршама толықша келген, дөңгелек жүзді әйел қарсы алды. Ауызғы бөлмеде сүйісетіндері сүйісіп, танысатындары танысты. Мінезге бай профессор қонақтарды төрлетуге шақырды.

- Жоғары шығыңдар, Иван!

- Не дедіңіз, әке?

- Жоға, саған айтқан жоқпын, қонақ Иванға айтамын. Сен де кел. Ұлым Иван сенде бүгін қандай шаруа бар?

- Менде дәріс бар еді, сізді күтіп алу үшін ғана сұранғанмын.

- Дәріс, дәріс! Осындай шынайы адамдармен сөйлессең игі еді. Бұл сандарды толтыратын әлеуметтік зерттеудің кестесі емес қой – деді, көңілі ортайған профессор.

- Әлеуметтану да шынайы адамдар ғой. Біз кешке жақсылап әңгімелесеміз – Иван атты ұлы.

- Сендер кеш болса, кино және театр, достар деп жоғаласыңдар... Өмірдің шындығына зер салсаңдар екен. Иван сен бұған әлгі мұғалім әйел туралы айтып берерсің.

Әлде бір бөлмеде телефон шырылдады. Иван есімді ұлы соған қарай асықты.

- Керемет іскер жандар екен ғой – деп, профессор күңкілдеді.

Профессор шынымен бірдемеге алаңдады ма немесе үйінде сондай мазасыз ба. Оның себебін Иван мен Нюра түсіне алмады.

- Әке, сізді телефонға шақырады.

Профессор телефонмен сөйлесуге кетті. Ерлі-зайыпты Расторгуевтер оңаша қалған соң Нюра:

- Тағы да беталды оттадың ба? Мұғалім әйел туралы не айтып едің? Қандай мұғалім ол?

- Несі бар...Федоровты...

- Тфу! Енді, газетке жазып жібереді ғой. Сен бірдеме деген екенсің, тағы не деп сандалдың?

Иван оқиғаны ой елегінен бір мәрте өткізді.

- Біріншіден, мен аздап ішіп алған едім, сондықтан қызу отырып айта салғанмын деуге болады емес пе.

Солай ма? Екіншіден, ол мұғалімді айына жүз рубль алады дей салғанмын...Оның алимент алатынын ұмытып кетіппін! Алиментке қырықжеті рубль алады, жүз қырықжеті деген соншалықты кедей емес қой...

- Отын тегін – деп, Нюра қосты.

- Алым-салық аз... Тағы телефон қойдырған, мысалы, мен телефон қойдырмақ болсам, алдымнан қол шығарады ғой.

- Телефонды қайтейін деп едің?

Оның өте күрделі бірдеме ойлап тапқанын ешкім түсінбейтіндігіне налыған Иван ашуланды.

- Мысалы, мұнда телефон деген өте қажет шығар! Бізге қажетсізінде не шатағымыз бар,

телефонсыз күні қараң адам секілді отырсайшы!

- Сен бұл ғалымға не айтып едің?

- Қойшы, қойшы...

- Ванька, айтшы, енді! Мен бір амалын тауып саған көмектесуім мүмкін ғой. Не айтып едің?

- Мен білімсіз адам болсам да сол мұғалімнен артық тіршілік етемін. .. Бұл әділдікке жатпайды. Ойлап

қарасаң, қалыпты жағдай емес қой. Ол ұстаз балаларымызға білім беріп жүріп бізден төмен өмір сүруі қалай... Маған салса, қосымша пайыз төлеу... – дей бергенле профессор мен ұлы келіп қалды.

- Ал, жарайды кете бер! Бір топ білім! Үйде жаттауға болмайтын ба еді?

Ұлы Иваны иығын қиқаң еткізді де шығып кетті.

Қонақ Иван мен Нюра орындарында түп-түзу қақиып, қозғалыссыз отыр.

- Иван, Нюра екеуің қақимай еркін отырсаңдаршы!

Иван орнын түзеп отырды. Ал, Нюра бөтен үйде өзін қалай ұстауды білетіндіктен болмашы күлімсіреп, сәл ғана басын изеді.

Профессор асүйге енді.

- Бұлар біздің үйде көп бола ма? – деп, Мария Ивановна сұрады.

- Не үшін сұрадың? – деді, профессор тосырқап.

- Жай сұрағаным ғой.

- Жай сұрамаған секілді көріндің маған.

- Мен шаруа жайын ойластырып, есептеуім керек қой.

- Бұлар біздікінде екі апта болады – деп, профессор сабырлы кейіппен айтқанда, Мария Ивановнаның көрікті көзі тостағандай болып кеткенін аңғармастан: - Тамақ дайында! – деді.

- Неге екі апта болады? Бұлардың бара жатқан жерлері бар емес пе, еді?

- Қанша қонса да қонсын, сен неге ашулысың?

- Мен бе? Еш ашуланған емеспін.

- Ал, саған бір өтініш бар. Мәскеуді сен аралатарсың. Иванның жұмысы бар, қолы босайтын түрі жоқ...

- Оның дәрісі бар. Иә, білемін – дегенді айтқанда, сабырлы кейпінен айырылып, - Егер сен... дей бергенде сөзі үзіліп қалды.

Қонақ Иван осы сәтте кітап сөрелері иін тірескен үлкен бөлмеге жүрексіне кіріп, кітап қарап тұрды.

- Еш нәрсесіне қол тигізбе! – деді, Нюра.

- Не дейсің?

- Жайыңа тыныш отырсаңшы! Арлы-берлі кезе берме. Не іздеп жүрсің, онда?

- Кітап көріп тұрмын... Басқа не істеуші едім? Мәдениетті адамдар осылай істейді.

- Мәдениетті адам біреудің үйінде тыныш отырады.

- Оның енді, қате! Бірдемелер айтып, еркін отыру керек...

- Сен айтарыңды айтып қойған жоқсың ба, көгала қырт-ау!

- Сөйтпегенде ше...Біз ауызымызға су толтырып алғандай үнсіз отырып, жұрттың көңілін күпті етеміз. Бұлардың көңілдерін көтеру керек – деп, Иван ақыл айтты да, аяқ астынан не болғанын қайдам:

- Сен мысалы, былтыр аюға тырналып қалғаныңды айтпайсың ба? Жұрт күлсін...

- Қазір, тамақ дайын болды – деді, келіп кірген профессор.

Нюра орнынан қозғалмады. Иван басын изеп:

- Ол бір тамаша іс болды – деді.

- Ал, Мәскеу қаласы жайында лебіздерің қандай?

- Өте ірі қала екен – деп, Нюра әдеппен үн қатты.

- Вавилон! Ал, соңғы кезде бала туу көрсеткіші екі есеге төмендегенде, тұрғындар саны бір жарым есеге

өсіп отырған жайы бар. Ауыл тұрғындары да өсіп жатыр. Қалалықтар балалы болуды ойламайды, керемет бірдеме тындырып жатқандай қолымыз босамайтын сияқтымыз.

Мария Ивановна дастархан жайып жатты да кенет:

- Профессор жолдас, сіз қонақтардың мазасын алып, өзіңіз ғана... – деді, айыптағандай үнмен.

- Бірдеме біліп алғандары бұларға да пайдалы ғой.

- Ұлың дәріс беруге барамын десе, жазғырасың да өзің...

- Ол ғалымдар жасаған сандық кесте ғой. Әлеуметтану.

- Ондай санды біліп тұрса несі жаман? Олардың жұмысы сол. Қоғам алдында мәселе көтеретін адамдар ғой.

- Адал еңбек ететін адамдар мәселені өздеріне алдына қоймаса... дей бергенде есік қоңырауы соғылды. Мария Ивановна есік ашуға кетті...

Сырттай қарағанда, ғалымға ұқсайтын егде жастағы қасқа бас адам кіріп амандасты.

- Келді бе?

- Келді.

- Ал, сонымен ауылдық азаматтың ат-көлігі аман ба?

- Айтар бар ма? Тіпті ертіп келіпті. Енді, ұлын дәріске кетті деп сөгіп отыр.

Қасқа бас профессор сулығын шешіп, жайдары күлімсіреді.

- Ұлыңды ауылға халық арасына жібермек болар.

- Жетпегені сол еді – деді, Мария Ивановна күрсініп.

Қасқа бас профессор басын сипай бөлмеге кірді.

- Амансыңдар ма? Ал, есен сау жүріп қайттың ба? – деп, жұмсақ орындыққа баппен отырды да: - Ауыл өлкеде жағдай қалай? – деп жөн сұрады.

- Вавилон, аманбысың? – деді, үй иесі профессор тартымды күлкісімен жадырап.

- Қала баяғы сол, іргесін кеңейтіп келеді, у-шу көбейді – деді, күлімсіреген күйі.

- Бұл енді, кеңею емес, ұйлығысу шығар. Өсу деген басқаша... шынайы тыныш өмір болса керек – деген үй иесіне жауап ретінде қонақ профессор:

- Егер жылдамдықты қалпында сақтаса заттық дене құламайды деген табиғаттың мәңгілік бір қарапайым

заңын гуманитарлық ғалымдар ылғи ұмытады... Ардақты Сергей Федорович, ол заңды сіз екеуіміз түзей алмаспыз. Онсыз да бұл қала өсе береді, шу одан ары көбейеді. Жылдамдықты сақтауға тырысып жатыр ғой – деді.

- Дастархан басына келіңіздер! – деп, Мария Ивановна шақырды.

- Рахмет, біз таңертең шай іштік қой... – деп, Нюра қаққан қазықтай бола қалды.

- Не деген сөз? Қане, бері отырыңдар! – деді, үй иесі профессор.

- Оқасы жоқ, біз әлде бір асханадан...

- Үйдің тамағы тұрғанда асханасы несі, қане, бері отыр – деді, ас иесі әйел.

- Біз асханаға барар болсақ, бар уақытымыз кетеді! Сен өзің дүкен араламақ едің ғой – деп, Иван қадап айтқанда, Нюра еріксіз үстел басына келді.

- Жарайды, астан ауыз тиейін...

Олар үстелге орналасқан соң (қонақ профессор үй иесінің жазбаларын оқимын деп дастархан басына келмеді) сырттан Люда кірді. Осы үйдің келіні ерекше сұлу әрі сұңғақ бойлы келіншек екен. Иван әдеп атаулыны ұмытып, келіншектен көз алмай қалыпты. Үй иесі профессор ауыз ашты:

- Бұлар менің қонақтарым.

- Өте қуаныштымын.

- Людмила сенде...бүгін қандай шаруа бар?

- Сағат екіде сырттай оқитындарды қабылдаймын.

Профессордің ұнжырғысы түсіп, үнсіз қалды. Атасының түсіп кеткен ұнжырғысын аңғармады ма, аңғарғысы келмеді ме Люда:

- Ваня, телефон соқты ма? – деп, сұрады.

- Ол дәріске кеткен.

Люда мен Мария Ивановна екеуі асүйге қарай кетті.

- Сергей Федорович сен қызық адамсың. Сен не айтқың келеді? Бұларға не қыл дейсің? – деп, қонақ профессор сұрағанда, үй иесі профессор:

- Керісінше, сен қызықсың. Мен бұрыннан бұларға бірдеме айтуды қойғанмын. Бір рет айтып көрсем екен!

- Ал, ендеше не істейміз?

- Бұл мәселені отағасы білуге тиіс. Алайда, бізде қазір ондай дәстүр жоғалған – деген Сергей Федорович Иван мен Нюраны меңзеп: - Мына кісілер жақта сол дәстүр сақталды ма? – деді.

- Орыс адам негізінен... Отбасы құрылымын сөз ететін болды. Бұл бір қызық арман... Профессордің үйінде де бірдей. Осыны ойлап көрдің бе?

- Жоқ, оны ойламадым.

Қонақ профессор қайтадан әлгі дәптерге үңілді. Олардың не туралы әңгімелескенін Иван мен Нюра түсінбеді. Иван шағын шыны құмырадан кішкентай қасықпен балықтың қызыл уылдырығын аузына салады да қайталайды. Оны үй иесінің аңғарып тұрғанын білген Иван:

- Өте дәмді екен!

- Же, же! Бұл отбасы естелігі. Сирек нәрсе – деді, Сергей Федорович бас изеп.

Мемлекеттік үлкен әмбебап дүкен.

Онда адамдар ағыны асау теңіздей толқиды. Бір тобы шұлық сататын бөлімінің аузында топталса, келесі тобы электрондық тауарлар залында құжынайды. Кейбірі дүкеннің ұзын сонар дәлізін көлделеңнен байланыстырып жатқан бүкір көпірге шығып, демдерін басады, ес жиып жан-жаққа қарайды.

Көпірдің үстінен төмендегі адамдарға көз тастағанда Иванға өте қызық сезілді. Бірақ, Нюра кетейік деп асықтырды. Ол қайда несіне асыққанын ит біле ме? Нюра алған заттарын Иванға ұстатты. Иван қаптаған қағаз қобдишаларды көтеріп жүрді.

Нюра түрлі заттарды шаршауды білмей таңдап-талғап көреді әрі орамалдардың бәрін басына қойып көреді, сатушы жақтырмай бірдеме айтса да оған еш назар аудармайды. Нюра әртүрлі тауарларды мұқият қызықтап көреді. Көпе-көрнеу мүлде өзгеріп, әлгі ауылдық қорқақ, ұялшақ мінезі тіпті жоғалып кеткен.

Ол Иванды одан ары ерте жөнелді. Ол сырт киім бөліміне келіп, бір сулықтың екеуін ұстап көріп, тартты, мыжығылады, бағасы жазылған белгісін сығалады да ары қарай кетті. Кенет көптің ортасында келе жатып екеуі бір бірінен көз жазып қалды. Иван абыржып кетіп, олай-бұлай жалтақтады, бетінде дақтары бары, мынандай толық әйелді көрдіңдер ме десе, бірі басын шайқаса, кейбірі күледі.

Абырой болғанда бір ізгі ниетті жас жігіт кезігіп, сіз дүкеннің радио узеліне барып әйеліңіздің аты-жөнін айтыңыз, олар радиомен жариялап, зайыбыңызды ана су бұрқақтың қасына келтіреді деп Иванға мәні-жайды түсіндірді.

Бұл сәтте профессор Сергей Федорович Курск вокзалының анықтама бөліміне қанша рет телефон соқса да, жауап ала алмай жатты.

- Антұрған! Сағат бойы телефон шалдым, бір босамайды!

- Олар тұтқаны үстелдің үстіне алып қояды да, өздері детектив роман оқып отырады – деді, қонақ профессор.

Иван сол баяғы мемлекеттік әмбебап дүкеннің су бұрқағы жанында әйелін күтіп...жас махаббатын күткендей тағатсызданып тұрды.

- Бұл өзі не болып жатыр, сайтан! – деп, отағасы профессор телефон тұтқасын лақтырып, бөлме ішінде

адымдай жөнелді.

- Бұлар жұмыс істемейді екен. Қолдарынан келмейді! Жұмыс істегілері келмейді! Сол анықтамадағы әйел

онжылдық мектепте оқығанда адам тағдыры деген Мәскеуден Владивостокқа дейін тікелей ұшу деп түсінген біреу шығар...

- Ол солай ғой, өзі де – деді, қонақ профессор.

- Биікке секіруден әлемде үздіктер қатарындағы елде бола тұра бір адам Мәскеу-Симферопол пойызының

нешеде жүретінін біле алмай отыр ғой – деп, Сергей Федорович ашуланып: - Енді, тұтқаны көтерсе, Мәскеу-Симферопол пойызының нешеде жүреді деп зіркілдесем, «Әй, кәрі қақбас» деп ойлайтын шығар.

- Сенің даусыңды жас адамның жуан үніндей етіп көрсеңші!

Профессор қайта телефон шалғанда тағы шақыру бармай тұрды.

- Тағы да! – деп, қатты ашуланған профессор аяқ астынан бәсең дауыспен: - Қарапайым адамның мәртебелі міндеті егер адам сұрақ қойса соған жауап беру дегенді оған айтатын адам табылмады ғой – деді.

- Сенің даусың жас адамның үні секілді естіліп тұр ғой.

- Сайтанның сапалағы!

- Сен несіне тілдейсің? Шынымен сөйлесіп жатқан шығар. Телефон соғып жатқан жалғыз сен емессің ғой?

Осы сәтте баласы Иван келді.

- О, сен келдің ғой. Сен маған бірдемені түсіндірші!

- Не болды?

- Курск вокзалының анықтамасымен байланыса алмадым. Үнемі сөйлесіп жатқандай.

- Тым құрығанда істей ме екен біліп берші.

- Қашан қажет? Билетті осында, үйге әкеліп береді ғой.

- Ертең.

Ұлы Иван телефон соқты.

- Сергейсің бе? Сережа, екі билет қажет. Симферополға дейін тікелей пойыз бар ма?

- Жоқ.

- Ертеңге. Екі билет. Симферополға дейін. Рахмет... деп Иван тұтқаны қойып: - Ертең он мен онекі арасында екі билет әкеліп береді.

Екі шал үн-түнсіз біраз отырды.

- Барлық жерде тамыр-таныс. Бұлай өмір сүруге де болады,ә! – деп әке профессор ойын-шыны аралас айтты

да дауысын өзгертіп: - Иван мен сенен шын өтінемін. Кешке ана ауылдың адамдарымен сөйлес. Ол өзі өте ақылды, қулығы да бар сөйте тұра таңданарлық сенгіш адам. Оның тұла бойы бүгінгі орыс елі деген сөз...

- Барлығын жалғыз Иванға үйіп-төгіп нең бар еді? – деді, қонақ профессор.

- Не туралы сөйлесемін? Ауыл мұғалімдерінің қазіргі жағдайы ма? Бұл жайды мен одан да артық білемін.

- О, тоба!

- Мысалы, еліміздегі мұғалімдердің басым бөлігі әйелдер екенін біліп тұрмын. Сандық деректер келтірейін бе?

- Қажет емес. Сонда әйелдер болса, қайтеді екен?

- Бұл жайсыз. Басқаша айтқанда, жайсыз да емес, дегенмен, мұғалімдердің басым көбі еркектер болғаны

абзал. Мұны сізге түсіндірудің қажеті қанша. Мысалы, ұл балаларға әйел мұғалімдерден гөрі еркек мұғалімдердің бірдеме айтқаны мүлде басқаша. Оны білеміз ғой.

- Онда бүгін кешке не істейсіңдер?

- Ғылыми дәреже үшін диссертация жазылады.

- Мықты балалар, ә!

- Біз кейін ауыл мұғалімдерінің мәдени деңгейін не десем екен, арттыруымыз керек. Жалпы...

Осы сәтте телефон қоңырауы естілді. Профессор тұтқаны көтерді.

- Үйде жоқ, сәлден соң телефон шалыңыз. Жалпы ол деңгейді арттыруды қаламағандығында емес, керісінше...

- Менімен сөйлеспек болды ма?

- Иә. Алаңдап отырған секілдісің, неге?

- Біріншіден, мектептерге шектен тыс, кейде тіпті беталды қажетсіз міндеттер жүктеледі. Мұғалімдерге

айтуындай-ақ айтамын. Ауыл басшылары барлық бұқаралық іс-шараларды мұғалімдерге артуға құмар. Мұғалімдер үгіт-насихат жүргізеді, ұйымдастыру шараларын өткізеді, әуесқой өнерпаз да болады, тағы ауылдық кеңесте депутаттық, белсендідік те бар.

- Оның несі жаман?

- Жаман жағы, олардың кітап оқуға, кино көруге мұршалары болмайды. Жұмыстан әбден қалжырап, жатып ұйықтауға ғана мәжбүр болады.

- Үшіншіде?

- Үшіншіден, мен олардың жалақысын өсірер едім. Алайда, мен өз қалтамнан қосып бере алмайтыным анық қой.

- Ендеше, не істеу керек? Еліміздің болашағы – жас өспірімдерді оларға сеніп тапсырдық. Мен көп адаммен жүздестім, олардың арасында шағым айтқандар жоқ. Мұғалімдер өте ізгі ниетті, сыйымды жандар. Тіпті, сергек те көңілді жұрт!

- Олар еңбеккер адамдар! Олар мәскеулік бір профессорге шағым айта ма? Сіз жас кезіңізде шағымданып көрдіңіз бе?

Профессор үнсіз қалды.

- Әке, бүгін кешке бірнеше адам біздің үйде бас қоссақ сіздерге кедергі болмай ма?

- Кім? Жоға, кедергі болмайды. Әлгі ұзын шаштылар келе ме? – деп, профессор бет-аузын қисаңдатып, гитара шерткен ишара жасады.

Алайда, әкесінің ол қылығына ұлы Иван еш мән берген жоқ, бөлмесіне кірді. Қонақ профессор әлгі бір белгілеу дәптерді алақанымен қойып қалып: - О, Сергей сен өте ғажап дүниелер тауып келіпсің. Мынаның ішінде тамаша зат өте көп екен! – деп, қайран қалды.

Үй иесі профессор оған қарағанымен ештеңе демеді. Сөйтті де ұлының артынан басын изеп сұрады:

- Бұлардың ішінде бірдеме болып жатқан секілді ме?

- Кім? Олар ма? Болатын болыпты.

- Болатын болыпты. Мен ғажап дүниелер әкеліппін бе?

- Сөз жоқ тамаша! – деп, қонақ профессор дәптерді сипады.

Сол күні түнде профессордің басына бір тапқыр ой сап ете қалды. Жазғы демалыс кезінде Мәскеуде жүрген студент, аспирант, университет оқытушылары және жалпы тірі орыс тілінің көркем әуенін тыңдағысы келген адамдарды Иван Расторгуевпен кездестіру керек деп шешті. Осылайша, «әдебиетке әуес» бір топ адам жиналды.

Кездесуді ашып сөйлеген сөзінде профессор:

- Әріптес достар! Кездесуге шақырған себебім, тілді жасаушы, оны қастерлеуші делінетін адамдардың

бірімен жүздестіріп, оның сөзін тыңдатуды көздеген бір ғана мақсатым болды. Адамдар музыка тыңдау үшін жиналады! .. Адамдар жиналып алып, гитара құшақтап иірелеңдеген ауру кісіше сандырақтаған неше түрлі әндерге зер салады, тыңдап отырады. Сол «ерін аулаушылар» неге жұрт назарын аударатынын мен бұдан бұрын да айтқанмын, жазып та жүрмін. Жасанды дүние адам назарын аударатын болса, шынайы болмысты аңсайтын арманның болуы да заңдылық. Біз көп нәрсені білеміз. Біз бұрын соңды болмаған ірі Вавилон құрдық. Машинаның гүрілі мен қауіп-қатерді меңзеген сигналдан құлағымыз керең болуға шақ қалды. Біз сандық деректермен, жартылай ток өткізушімен, схемалық көрсеткіштермен, телевизиямен мақтанамыз. Біз әлеуметтанушы, математик және нумизматиктерміз, классикалық демогогияның хас шеберлеріміз... халқымыздың қалай сөйлейтінін тыңдамағанымызға көп болды. Ендеше, қазір тыңдаңыздар!

Мәскеу көшемен университетті бет алып көлікпен келе жатқанда профессор Иванға былай деген:

- Сөйлейсің бе? Олай болса, өзің туралы бірдеме айт. Балаңа қалай білім бергің келеді, соны айт. Неге міндетті түрде білім беру керек. Осының бәрі туралы не ойлайтыныңды айтсаң, соның бәрі өмір туралы әңгіме болып шығады ...

- Ол болады. Нюра сөйлей ме? – деп, Иван сұраған.

- Болады.

- Жоқ, мен сөйлемеймін, сөйлей алмаймын – деп Нюра қашқақтаған.

- Нюра турасында барған соң көрерміз. Ал, Иван сен баяндама жасайын деп тұрған жоқсың, шамаңша әңгіме айтасың ғой. Түсіндің бе?

- Иә бәрі дұрыс болады.

Одан бұрын бір азанда екі профессор маңызды әңгіме қозғаған еді.

- Неге? – деп, Сергей Федорович сұрағанда қасқа бас профессор қатқыл болса да ашу-ызасыз жауап қатқан.

- Неге десең, сен оны білмейсің. Түсінбейсің. Мәселені қатын-қалаштың сөзімен айқындап, білмей отырсың.

Бұл іске мұрын тықпа! Сен ұятқа қалма, өзіңді де, ұлыңды да күйелейсің, ыңғайсыз жағдайға қаласың. Сергей, бұрынғы шаруа қазір жоқ. Қаратаев деген ата тек те қалмаған. Сен идеалистік көзқарасыңнан шаршамайды екенсің. Таң қаларлық жайт.

- Өкінішке қарай Лев Николаевич көз жұмып кетті. Әйтпегенде бір ауыз сөз болса да естір едім. Нағыз сенімді идеалист еді ғой.

- Иә, шаруалар жайында ол да идеалист еді.

- Онда қазіргі шаруалардың тегі қандай болмақ? Жартылай өткізгіш Шестеркин дейміз бе?

- Білмеймін. Мен мұнда өзгелерден дара маман емеспін. Шестеркин демесе де Қаратаевтың жоғы анық. Савкин-Буркин деген де тек жоқ. Сен шатастырма. Сергей халық әділ ғой, шатастырма.

- Көрерміз...

Иван мінберге көтерілді. Профессор мен Нюра бас үстелде, қасқа бас профессор залда отыр.

- Құрметті жолдастар! – деп, Иван сөзін көтереңкі дауыспен бастады.

- Маған өмір туралы не ойлайтыныңды айтып бер деп Сергей Федорович қолқа салған еді. Мен жақсы ойдамын, жолдастар!

Залдағы жұрт күлді.

- Мен шаруалар отбасында дүниеге келген адаммын... Нюра да солай. Осы себептен, біз шаруалар үйінде

өскен жұртпыз. Мен алтыншы сынып бітірдім. Нюраның сегіз сыныптық білімі бар. Біз шетелде болған жоқпыз.

Жұрт тағы да күлді.

- Анауың не деп жатыр? – деп, Нюрадан профессор ақырын сұрағанда Нюра:

- Сөз сөйлеп жатыр. Онда тұрған не бар? – деп, көңілі толғандай жауап берді.

- Менің мамандығым ауыл шаруашылық механизаторымын, тракторшымын. Жоспарымды...

- Нюраның мамандығы ше? – деп, біреу залдан сұрақ қойды.

- Мен сауыншымын, жоспарымды мен де орындаймын.

- Тіпті, асыра орындайды – деп, Иван ары қарай сөйлей бастағанда ұзын шашты, қылжыңбастау пысық бір жігіт залдан:

- Неше пайыз? – деп, айғайлады.

- Нешеу еді? Нюра мен ұмытып қалыппын – деген Иванның сұрағына орнынан сәл көтерілген Нюра:

- Отыздан қырық!

- Иә, солай. Отыздан қырық пайыз – деген Иван әлгі айғырдың жалындай жалбыраған шашы бар жігітке

қарап: - Жігіт жолдас! Сені көргенде жас кезімдегі бір оқиға ойыма оралды. Соны айтайын деп еш зілсіз жеңіл әрі көңілді әңгімеледі. Жас кезімде бір бием болды. Онымен шабылып үйілген шөп сүйрейтінмін. Ол биемнің аты Майшабақ еді. Майшабағымның жалы керемет әдемі ұзын болатын – дегенде Иван даусына лирикалық сипат беріп ертек айтып тұрғандай бастырмалата жөнелді. Біздің бригадиріміз Гришка Коноплев деген кісі-тін. Ол кісі үнемі қолына шыбық ұстап етігінің қонышын сабалап жүріп, ақыры Тоқылдақ деп аталып кеткен еді. Тоқылдағым бір күні бригадаға келіп «Әй, Ванька! Майшабағыңды жетелеп әкел, жалын күзейміз» деді. Әскери парадта маршал жолдастың атының жалын қалай күзеп, реттегенін мен кинодан көргенмін. Мен биені әкеліп, екеуіміз бірлесіп қой қырқатын қырықтық қайшымен жалын күзеп тастадық. Сөйтсек, дәл маршал жолдастың аты секілді көрініп тұр. Бірақ, әлгі Майшабақ деген биеме не болған десеңші! Басына ноқта салдырмайды. Алдынан келсең, тістеп, артынан келсең теуіп маңына жолатпайды. Енді, не істейміз! Біздің ауылда Кузя шал деген сиқыршы қария бар еді. Мен соған бардым. Қария айтады: «Биені бір аптадай далаға бос жібер, жалғыз жүріп жалсыз кейпіне үйренеді. Сендер несіне оның жалын күзедіңдер?» дейді. Ал, жолдастар, осындай оқиға өткен еді. Ал, енді...

- Оған неге Майшабақ деген атау берілген? – деп, залдан тағы да әлгі жылқының жалындай ұзын шашы бар жігіт сұрады.

- Неге Майшабақ аталды дейсің бе? Арық еді. Дәл майшабақ секілді жалынан өзге ештеңесі болмаған соң сондай атау алған.

Жұрт күлкіге қарық болды. Профессор де еріксіз күліп бас шайқады. Нюра оған қарай еңкейіп:

- Ал, қалай, тәуір сөйледі ме? – дегенде, профессор:

- Тәуір. Сенің Иваның қу жігіт екен. Әдемі сөйлеп кетті.

Нюраның көңілі көтерілді.

- Біздің жігіт қажет кезінде сөз айта да алады.

Екі профессор, Иван мен Нюра машинада келе жатты. Сергей Федорович:

- Иван! Сен не себептен Майшабақ туралы айттың? – дегенде қасқа бас профессор қарқылдап күлді. Иван да күлімсіреп:

- Жұрт көңілін көтерсін дедім. Жалпы, менің атам кезінде «Ванька, сен қиындыққа ұшырай қалсаң ақымақ адам секілді бола сал. Ақымақтан ешкім ештеңе сұрамайды» деп үйреткен – деді.

- Сол жерде сөйлеу саған қиын болды ма?

- Қиын ештеңесі де жоқ. Олардың күле жөнелетінін білмедім. Сол бие туралы оқиға соншалықты жаман ба?

- Қызықты оқиға – деді, салған жерден қасқа бас профессор.

- Қызық екен. Ал, Вавилон туралы ештеңе айтылмағаны өкінішті.

- Қандай Вавилон?

- Қала туралы. Қаланы өте жек көретін адамдар болады.

- Қала емес, Вавилон! – деген Сергей Федорович: - Әр нәрсені дәл айту керек.

- Вавилон деген өте үлкен қала! – деді, қасқа бас профессор Иванға.

- Өте үлкен әрі шала салынған қала – деп, Сергей Федорович нақтылады.

- Сондай Вавилонда жайлы, жақсы тұрып, оны үнемі...

- Жоқ, олай деуге болмайды. Ол ымыраға айналады. Қала қаншалықты ұнады дегенді Иваннан сұрау керек қой?

- Солай болсын...

- Қалай?

- Маған өте тамаша сезілді – деп, Нюра бірден айтты.

- Мен де жақсы лебіздемін. Сіздер босқа дауласасыздар. Қалада өмір сүруге болады. Сіздер не деп

отырсыздар? – деді, Иван. Профессор күлді.

Иван Мәскеуден үйіне екінші хатын жазды. «Құрметті туыстар, достар! Сіздерге Мәскеуден хат жазып отырмын. Біз мұнда көп нәрсе көрдік. Вавилон екен! Мен тіпті артық дегім келеді. Біз профессордікінде отырмыз. Ол үйге бір кеште көп жастар жиналды. Бір өте әзілқой жігіт болды. Оның қалай қалжыңдағанын жазу қиын. Нюра күле-күле ауырып қала жаздады. Қалғанын кейін айтармын. Тағы мен университетке барып сөз сөйледім. Ауыл өмірінен қалаға қажет дүниелер айтып берші деп профессор өтінген. Билеп-төстемеген шығармын. Өте әдемі сөйледің деп Нюра айтқан. Жалпы, біз мұнда уақытты қызықты өткізіп жатырмыз. ГУМ-ЦУМ-ға да бардық. Бұл сөзге таңданбаңыздар, мұнда дүкенді солай атайды. Мен шынында крематорийге ғана барған жоқпын, ол жер алыс әрі көретін ештеңе жоқ дейді. Профессормен бірге барып, түрлі діни және құдайлар суреттерінен тұратын көрме көрдім. Біздің Матрена әжейге көрсетерліктей екен. Ол тамаша бояулармен салынған қасиетті дүниелерді көріп жүрегі жарылар. Ол шынында тамаша, бірақ, сонымен қатар жайсыздықтар да бар. Өнер ізденісі емес, құр айғай. Жайсыз. Мен бірнеше ұзын шаштыларды көрдім. Олардың бірі профессордің үйіне келіп ән салды. Жалпы, тәуірлеу болғанымен...профессор жек көреді. Мен де.

Бүгін 22.30-да оңтүстікке жолға шығамыз. Иван»».

Оңтүстікке жетті. Иван алдымен шипажай басшымен оның кеңсесінде зорға дегенде тіл табысты.

- Мен сіздерге не істей аламын? Сіздерде бір адамға ғана шақыру бар екен ғой – деп, себебін түсінбеді.

- Колхоз артық бермеді...жоқ та.

- Онда неге зайыбыңызды ертіп келдіңіз?

- Онда тұрған не бар? Мен осында жалғыз өзім сарғайып, әйелім үйде отыруы керек пе? Ол да бір рет теңіз көруге ынтызар ғой.

Бағалы ақ костюмі бар, ірі толық денелі басшы тағы да түсінбеді.

- Сіз шын айтып тұрсыз ба, әлде, менімен қалжыңдасып тұрсыз ба?

- Кім? Мен бе? Құдайдан тап!

- Әйеліңіз қайда?

- Әне! – деп, терезені нұсқап: - Ана жерде отыр.

Басшы терезеден төмен қарай қараса, Нюра тас мүсінді су бұрқағының қасында отыр екен.

- Сіз тым сәтсіз іс жасадыңыз.

- Неге?

- Сіздің зайыбыңызды қайтаруға тура келеді.

- Неге?

Иван сол бір «неге» деген сөзімен жұрттың ызасын келтіруге машықтанған жан еді. Осы жолы да басшы ашуланды.

- Неге, неге...Неге десеңіз, ешкім де жалғыз шақыруы бола тұра әйелін ертіп келмейді.

- Ол кісі де демалғанды жақсы көреді.

- Сіз не үшін мұндай есалаң нәрсе айта бересіз?

- Неге?

- Ол әйеліңіз қайда тұрмақшы?

- Менімен бірге тұрады да.

- Қалай сізбен бірге? Қайтіп?

- Маған әлде бір бөлме тиесілі шығар.

- Сосын...

- Сонда жайма төсек сала саламыз.

Шипажай басшысы барынша таңданып, санын соқты.

- Сіз тіпті керемет идея тапқан екенсіз. Ақыры, әкелген соң енеңізді де ерте келмедіңіз бе?

- Менің енемді бұл жерде атамаңыз! – деп, Иван қатты ренжіді. – Менің енемдей жанды еш қайдадан таппайсыз. Оның атын атамаңыз!

- Сіз кетіңіз, өз бөлмеңізге барыңыз, ал, ешқандай жайма төсек анау-мынау жоқ – деп, басшы ашуланды.

Иван абыржып қалды. Біраз үнсіз отырды.

- Сонымен әйелімді не істеймін?

- Өзіңіз білесіз. Мұнда колхозшылардың сарайы бар деп пе едіңіз!

Иванның санасына бір керемет ой сап еткендей болды.

- Сіз күте тұрыңыз, мен әйеліммен сөйлесіп келейін – деп, шыға жөнелді.

- Ал, не болды? – деп, сұрады Нюра.

- Ештеңе... Жолатар түрі жоқ.

- Сен жақсылап жалыншы, ауылдан келдік, оны-мұны деп.

- Түрлі амалмен көрдім. Болмай жатыр. Маған бір ой келді. Оған бірдеме ұсынайық. Жиырма рубль.

- Алмаса не істейміз?

- Алмай қайда барады? Ал, жиырма рубль аз болмай ма?

- Жиырма болады.

- Жиырма бесті берейік пе? Біз айға жуық боламыз ғой...

- Жарайды, жиырма бес болсын. Бастысы, жақсы бөлме берсе, үлкенірек...

- Ол жақсы бөлме беретін шығар.

- Терезесінен мына су бұрқақ көрініп тұратын бөлмеге кірсек жақсы болар еді. Қарай бергің келетін жер екен. Мұнда қандай керемет! Нағыз жаннат екен ғой!

- Әй, сайтан алғыр, қиын екен – деп, Иван қиналады.

- Саған не болды?

- Мен...әлгіні ұсына алмайды екенмін... көрмеген затым.

- Қолына ұстата сал дейді ғой! Кім кімге ұстатуы керек, мен оған ба, ол маған ба?

- Ал, серігім, енді не істейміз? Мына жағдайдан қалай да шығу керек.

- Екеуіміз кірейік...

- Мен кіріп не істеймін?

- Сенімен бірге кірсем, батылданып кетермін...

- Тіпті қиын! Бетпе бет келгенде ыңғайсыз, аулақ болғаным дұрыс. Алмаса алмай қояр, ұрып-соғатын емес.

- Ұрып-соғу болса жай ғой, пара алмай қойса қиын... басқа жерде демалудың реті жоқ, тағы бір дос табылар ма...

- Онда не істейміз?

- Иә, жүректі қатайтып алып кірейін. Біреуге бірдеме беріп көрмеппін. Шопырлар ғана бұған машықтанған ғой... Жарайды, барсам барып келейін.

Иван қайта барғанда басшының кабинетінде дәрігер болса керек, бір әдемі әйел отыр екен. Басшы Иванға:

- Сәл күте тұрыңыз!

Иван сонда, басшының кабинетінде күткен дұрыс деп шешіп отырды. Дәрігер Иванға көз тастады да, не болса да шаруасын айта бермекке оқталған секілді.

- Екпе деген ауыртпағанда ше деп оған айттым. Сөйтіп едім, басқа мейрбике шақыр, өйтпесең шағымданамын дейді. Түсіндіңіз бе?

- Сәл күте тұр! – деді де басшы Иванға бұрылып:

- Сіз тағы неғыл деп келдіңіз? Мен сізді орналасыңыз дедім ғой.

- Сіз әңгімеңізді айта беріңіз, мен күтемін – деді, Иван жұмсақ үнмен.

- Нина Георгиевна, сіз...оншақты минуттан кейін келесіз бе...мен мына жолдаспен...

- Жарайды, жақсы – деп, дәрігер шығып кетті. Басшы қатты кетуге ыңғайланған секілді.

- Ал, не болды?

Иван бастықтың үстелінің қасына барып, бетіне қарап тұрып алдына 25-тік банкнотты тастай салды.

- Осылай келісе салайық па? Бастық... үнсіз.

- Не дейсіз? Менде артық бірдеме жоқ боп тұр. Тек тамаққа, қайтар жолға ғана қалған ақша бар.

Бастық ақшаға қарап...ұстап көріп тұр.

- Артық бергім келеді, әнтек ақша жоқ – деп, Иван қояр емес.

- Жарайды, әйеліңізбен бір бөлмеге енгізейін! – деп шешім айтқан басшы: - Мына ақшаңызды алыңыз!

- Жоқ, андағысыз да біз боламыз, сіз алыңыз. Бастық күлді.

- Мына ақшаңызды алыңыз! – деп, басшы бұйырды да: - Сіз қайдан келдіңіз?

- Алтайдан – деп, Иван балконға шықты да, айғайлады: - Нюра, бері кел! Нюра екінші қабатқа естілердей өзінше ақырын:

- Алды ма?

- Кейін, кейін мен қазір шықтым!

Әлгі су бұрқақтан атылған судың ортасында тас мүсін жүзіп жүргендей. Иван мен Нюра теңізге қарай барды.

- Неткен көп адам? – деп, Нюра дауыстап жіберді.

- Сен айғайлай бермесеңші! – деді, Иван.

Екеуі теңіз жағасына барды. .. Иван асығыс шешініп, іш киімшең ғана қалды. Нюра әзірше шешінбеді, тастың үстіне жайғасты.

- Теңіз! Теңіз! – деп Иванның көңілі көтеріліп, күн көзі жарқыраған теңіздің алыс жиегіне қарады. Теңіздің тентек толқыны қат-қабат қатарласып келгенде Иван аяғын малып: - Суығын-ай! – дегенде Нюра: - Суық па? – деп сұрады.

- Жоға, ойнап айтамын. Жаңа сауылған сүт секілді жылымық екен. Сен шешінсеңші!


Осылайша, Иван теңіз жағасынан үйіне үшінші хатын жазды. Хат: «Менің қымбаттыларым, амансыздар ма? Мен теңіз жағасында тұрмын. Егер тура қарасаң Түркия көрінеді. Менің оң, сол жағымда жалаңаш-жалпы бақытты адамдар жатыр. Мен де жалғыз іш киіммен сәнденіп шауып жүретін болғанмын. Тек Нюра жынды мені мазақтап күле береді» - деп, басталған.



f149f5011393913f911252f90bb18faa.jpg

Орыс тілінен аударған:       

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ.      


20.07. – 10.08.2015 ж.         

Бөлісу:

Көп оқылғандар