Т. Кәкішев: Абайтану тарихының мәселелері
Бөлісу:
08.08.2015
7195
Әдеби мұраны игеру мәселесін әңгімелеген уақытта оны тек ауыз әдебиеті үлгілерімен ғана шектеп қоюға болмайды. Өйткені ол жалпы әдеби мұраның мәнді бір саласы ғана. Біздің ғылыми-сыншылық ойымыздың өркендеу барысында жеке ақын-жазушылардың, тарихта аты қалған дарындардың творчествосына назар көп аударылды.
Әдеби мұраның екінші бір мәнді тармағы — жеке дарындар творчествосы
жөнінде айтылған пікірлерді, әрбір ақын-жазушы жайындағы еңбектер мен
мақалаларды тізе берудің, кімнің не айтқанын келтіре берудің ғылыми
жөн-жосығы болмайтынын ескеріп, сыни-ғылыми ойдың эволюциясын Абай
творчествосы төңірегінен көрсеткен абзал. Өйткені Абай — қазақтың жаңа
жазба әдебиетінің негізін қалаушы және идеялық-творчестволық мәнді
мәселелерді көтеруге, екінші жағынан, қазақтың сыншылық ой-пікірін
өсіруге, өскен өресін танып-білуге жағдай жасайтын ұлы дарын. Шын үлкен
талант қана өрелі ойларды, салиқалы пікірлерді туғыза алатыны әдебиеттің
бұлжымас заңы.
Абайдың творчествосы жайында совет заманында айтылған ой-пікірдің
эволюциясын сын жанрының қалыптасуы тұрғысынан қарардан бұрын осы
мәселеге тікелей қатысы бар кейбір еңбектерді айтып өткен жөн. 1945 жылы
Абайдың туғанына 100 жыл толуына байланысты көптеген еңбектер жазылды,
солардың ішінде Е. Ысмайыловтың «Абайды зерттеу жайында» деген тақырыпта
арнайы баяндамасы тыңдалды. Осы мәнді еңбекте, яғни Абайтану ілімінің
қалыптасуы қарсаңында, Абай творчествосы төңірегіндегі сыншылық,
ой-пікірлерді үш кезеңге: революцияға дейінгі кезең, революциядан
кейінгі алғашқы 10 жыл (1917-1933), Абайды ғылыми жолмен зерттеудің басы
(1934-1945) деп бөле қарайды да, әрбір кезеңнің ерекшеліктерін
негізінен дұрыс көрсетеді. 1959 жылы М. Сильченконың «Абай
шығармаларының жариялану және зерттелу жайы» деген мақаласында 1945
жылдан бері жазылған ғылыми зерттеу және сыни еңбектерге шолу жасалған.
Абайтану ілімінің өркендеу барысы оны арнайы зерттеу қажеттігін тудырды.
1964 жылы Мекемтас Мырзахметов «Абай Құнанбаевтың әдеби мұрасын зерттеу
туралы» кандидаттық диссертация жазып, жалпы Абайтанудың қалыптасу
процесін Е. Ысмайылов белгілеген кезеңдер негізінде едәуір тереңдете
зерттеді.
Диссертацияның екінші тарауы Абай жайында 1918-1940 жылдар арасында
жазылған сын, ғылыми еңбектерге арналып, бұл дәуірді іштей үш кезеңге
бөліп қарайды. Автордың сыншылық, ғылымдық ой-пікірлер эволюциясын
жинақтай баяндау талабын құптағанмен, Абай творчествосы жөнінде
жазылғандарды 1918-1925, 1927-1936, 1936-1940 жылдарға бөле қараудың
ғылыми дәлелі жеткіліксіз екені және едәуір мәнді еңбектер мен сыншылық
ойлар ілтипатқа алынбай қалғаны байқалады.
Совет дәуірінде Абайтану ілімі негізінің қалануын, қазақ әдебиеттануының
жеке отау болу процесін басқаша кезеңдеу қажет. Бұл арада 1918-1940
жылдарды үш кезеңге бөлудің ғылыми дәлелдемесі жетіспей жатса, Е.
Ысмайыловтың 1934-1945 жылдарды: «Абайды ғылыми жолмен зерттеудің басы»,
— деп көрсетуінің негізінен дұрыстығын мойындай отырып, осы кезеңнің
өзін басқаша атау керектігін айтпасқа болмайды. Біздіңше, 1917-1945
жылдарды Абайтанудың үлкен бір дәуірі деп қарап, оны іштей екі кезеңге
бөлген жөн сияқты.
Әдеби мұраны игерудің барысы тұрғысынан да, сонымен қатар, сыншылық
ой-пікірдің эволюциясы тұрғысынан да бірінші кезеңді 1917-1933 жыл
аралығымен белгілеген дұрыс, өйткені осы кезеңде Абай творчествосын
тану-танымау мәселесі айқын шешілді. Абай шығармаларының 1933 жылғы
жинағы алғашқы кезеңнің қорытындысы болды. Демек, Абай шығармалары
айтыс-тартыс, «ішке тарту, сыртқа тебу» дәуірінен өтіп, халық
кітапханасынан орын алды. Алайда Абай творчествосының шын мәні, тарихи
орны әлі анықталмай, келешек кезеңнің ауқымына ауысты.
1934 жылы Абайдың қайтыс болуына 30 жыл толуын атап өту жөнінде Қазақ
АССР-ның Орталық Атқару Комитетінің указы шыққаны, 1945 жылы ұлы ақынның
туғанына 100 жыл толуының ұлттық көркем сөз мерекесі ретінде тойлануы
тек әлеуметтік тұрғыдан ғана емес, ғылыми эстетикалық тұрғыдан мәні зор.
Бұл кезеңді шартты түрде Абайтану ілімінің дайындық дәуірі деп атаса да
болғандай. Өйткені Абай творчествосының мәні мен маңызына, эстетикалық,
қуат-қауқарына, саяси-әлеуметтік және қоғамдық көзқарасының қыры мен
сырына жан-жақты барлау жасалды. Ал, бұдан кейін жазылған күрделі де
мәнді еңбектер Абайтану ілімінің қалыптасу дәуірін айқындайды.
Қазақ әдебиеттану ғылымында өз алдына отау тіккен Абайтану ілімінің
қалыптасу жолдарын осындай үш үлкен дәуірге жіктеп қарау тарихи
шындықтарды мол қамтуға және әдеби-ғылыми ойымыздың өсу кезеңдерін
айқынырақ байқауға мүмкіндік береді.
Абайдың творчестволық тұлғасын, қазақ халқының ұлы ақыны, ойшылы деп
тану дәуірінің (1917-1945), сөз жоқ, Октябрь революциясына дейінгі
кезеңнен түбірлі айырмашылығы бар. Революцияға дейінгі кезеңде Абай
даңқының жайылу, елге танымал болу, қанат қомдап келе жатқан сынға арқау
болу жайы көбірек әңгіме болса, енді ол сәбиліктен өтіп, ғылыми өңірге
қол соза бастадық.
Абайды тану-танымау мәселесі әлеуметтік талқыға түскен дәуірдің өзін
іштей бірнеше өзек-салаға бөлуге болғандай. Бірінші өзек — Абай мұрасын
жинау, жариялау. 1909 жылғы жинақпен шектеліп қалмай, қазақ зиялылары
Абайдың шығармаларын, Абай өміріне қатысы бар деректерді жинау
мәселесіне айрықша назар аударды. Бұл процесс 1933 жылғы жинақтан кейін
де толастай қойған жоқ.
«Сана», «Таң», «Әдебиет майданы» журналдары мен «Ақ жол», «Қазақ тілі»
газеттерінде Абайдың бұрын баспасөз бетін көрмеген өлеңдері басылып,
қалың оқушы қауымға ұсынылуы бір болса, екінші жағынан, Абай
шығармаларының жинақтарын шығару процесі де жүріп жатты.
1917 жылы Самат Нұржанов «Абай термесі» деген жинақ шығарғанымен, Абай
шығармаларын жариялау мәселесі 1921 жылдан бастап қана жүйелі арнаға
түсе бастады. Абай жинағын шығару жөніндегі ұсыныстарда дәйектілік
жетіспеген соң, 1909 жылғы кітапты қайтадан жариялау қажет деп табылып,
оған алғысөз жазу міндеті Нәзір Төреқұловқа тапсырылды. Түркістан
республикасының халық ағарту комиссариаты жанындағы Қазақ ғылым
комиссиясы 1922 жылғы 15 февральдағы қаулысында Абайдың өмірбаянын
жазып, шығармаларына сын берген уақытта қазақтың жазба әдебиетінің атасы
екендігін дәлелдей айтуға назар аудару қажеттігін ескертті.
Комиссияның 10 сентябрьдегі мәжілісінде Әбубәкір Диваев Абайдың
қолжазбасы Н.Төреқұловтың қолында жатқанын, алғы сөзі әлі жазылмағанын
өкіне хабарлап, осы басылымның мән-жайына қысқаша түсіндірме беру керек
деп ұсыныс жасады. Осындай ыждағатпен 1921 жылы Қазанда, 1923 жылы
Ташкентте Абай өлеңдерінің жинақтары шықты.
Қазақстан Оқу комиссариаты 1925 жылы Абай шығармаларының толық жинағын
баспаға дайындауды Мұхтар Әуезовке тапсырды. 1927 жылы жинақтың алғашқы
варианты жасалып, Оқу комиссариатының ғылым және методика советінің
талқылауына ұсынылды. Оны екі күнде оқып, пікір айту Сайдалинге, ал, ол
үлгере алмаймын десе, Майлинге тапсыру қажеттігі ескерілді. Советтің 29
августағы мәжілісінде Сайдалиннің рецензиясы талқыға түсіп, жинақты
баспаға тапсыру жөнінде ұсыныс қабылданды. Рецензияда айтылған
ескертпелерді тиянақтап қарау, жөндеу М. Әуезовке тапсырылды. Ертеден-ақ
қолға алынған игілікті істің нақты шешімін тапқаны — 1933 жыл. Жинаққа
үлкен кіріспе жазған — Ілияс Жансүгіров.
Осыдан кейін Абай өлеңдерінің жинағы үнемі басылып тұрды. 1939-1940
жылдары Абай шығармаларының толық жинағы екі том болып жарияланды. Тап
осындай жағдай Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармаларының жинағын жариялау
кезінде де болды.
Демек, тарихқа аты белгілі ұлы дарындардың жинағын шығару ісінің талай
қиындықтар мен уақыт талқысына түсуінің өзін әшейінгі бір ұқыпсыздық деп
қана қарауға болмайды. Олардың шығармаларын жариялау-жарияламау
мәселелері тек творчестволық жағынан ғана емес, саяси мәселелермен
сабақтасып жатты да, халыққа ұсынар мұраның мән-маңызына айрықша назар
аудартты.
Абайды мойындау-мойындамау процесінің алғашқы белесі оның шығармаларын
жариялау ісі осындай кезеңдік көңіл-ауанмен сабақтасып жатса, Абай
творчествосының негізгі мәселелерін саралау, эстетикалық арналарын,
көзқарасын, дүниетанымын айқындау және ақындық кемеңгерлігін тану асулы
белес болғаны тарихқа мәлім.
Екінші өзек-арна — Абай кімнің ақыны, оның көзқарасы қандай деген
проблема — 20-жылдары әшейінгі мәселе емес еді. Бұл өзекті проблеманы
оңтайлы шешіп алуға буржуазияшыл ұлтшылдардың қырсығы көп тиді. Октябрь
қарсаңында басталған айғай-шу, яғни Абайды қайткен күнде ұлтшылдық
әдебиеттің басы етуге талаптану Совет өкіметі орнағаннан кейін де
толастамады. Абайдың дүниетанымын тұмандата көрсету үшін оның ата-тегін,
өзінің іс-қылығын әдейі бұрмалай, дәріптей даурықты. Осының бәрі совет
әдебиетінің өкілдерін қатты алаңдатты, кейде ашына жазуға мәжбүр етті.
Бұл мәселенің объективтік жағы болса, енді кейбір дарындар өздерінің
білім өресі, таным деңгейінен қарап, кем сілтеп алғаны да жоқ емес. Осы
жайды анық көрсету үшін көптеген ақын-жазушылардың ой-пікірін келтіріп
жатпай-ақ, қазақ совет әдебиетінің негізін қаласқан үлкен дарын Сәбит
Мұқанов көзқарасының эволюциясын баяндаған абзал. Өйткені оның
ой-пікірлері сол кездегі сыншылық көзқарастың өсіп-өркендеу жолдарынан
анық хабар бере алады.
1923 жылы «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер» деген мақаласында
кейбір ұлтшылдарды Абаймен салыстырғандарға қарсы шығып, өз ойын
білдірді. Әдебиет майданындағы айтыс-тартыстар күшейген кезде Сәбит
Мұқанов 1928 жылы «Әркім өзінше ойлайды» деген мақаласында жоғарыдағы
ойын енді ашық тұжырымдады. «Пушкин де, Абай да орыс пен қазақ,
әдебиетін бастап жаратқандар емес, түйінін түйіп қорытқандар. Қазақтың
әріден келе жатқан жақсылы-жаманды әдебиеті болды, сол әдебиет те
сарқылып келіп, Абай заманында бір қазық қағылды. Осының кезеңіне Абай
кез келген соң даяр таяқтың иесі, даяр тоқпақтың ұрушысы, даяр қазықтың
қағушысы болды да жүре берді.
Абай — байшыл табының ақыны. Абай өлеңдерінің жалпы сарыны екі түрге
бөлінеді: біреуі — ескішілдерді сөгіп, олардың надандығына, бақ
құмарлығына кею, екіншісі — елді өнерге, оқуға шақырған. Бұл екеуі де
жаңашыл байшылдықтың өркендеуге бет алған кезінде басталатын жұмыстар.
Абай — қиялшыл. Оңдап зерттеген кісіге байшылдың, ұлтшылдықтың түп
қазығы — Абай.
Абай кедейге көріне қарсы жазған жоқ.
Абай — жаңашыл. Осынысында дау жоқ. Өз заманында пайдалы адам болды. Әлі
де пайдасы бар, онысында да дау жоқ. Бірақ ол өнерге ұмтылған, қазақтың
ақсүйектіктен жаңалыққа ұмтылған жаңашыл байының тілегінен туған.
Абайды орынсыз көтеретіндер бар, ол дұрыс емес» [«Жаңа әдебиет», №1-2,
1928], — деген кезеңдік ойларда Абайдың ақындығын тану, мойындау процесі
ақынның ата-тегінің құрбандығына шалынады.
30-жылдардың бас кезінен С. Мұқановтың көзқарасында әдеби мұраны,
әсіресе, Абайдың творчествосын тану мәселесінде өзгеріс пайда бола
бастады. Енді мәселенің бәрін әрбір шығарманың туған дәуіріне, әрбір
дарынның өскен ортасына бейімдей бермей, тарихи нақты бағалау қажет
екендігін ескерді.
«Блокшылдықтан демьяншылдыққа» деген мақаласында осы жаңаша түсініктің
алғашқы қарлығаштары көріне бастады. Мәселен, жалпы әдеби мұра жайында
айтқанда: «пролетариат жазушылары өздерінен бұрын өткен ақсүйек
байлардың жазушыларының табысымен толық пайдаланады. Олардан түр
үйренеді, мазмұнды өрбітудің әдісін үйренеді. Онда дау жоқ» деп ой
түйіп, Абай жайында тұжырым жасады: «Қазақтың ұлт әдебиетіне күшті негіз
салған Абай Пушкин мен Лермонтовтың үлгісімен жүрді». Философия жағынан
Абайға толық әсер еткен адам — Толстой [№2, 1931] екенін айту Абайдың
идеялық-эстетикалық арқауын анықтаудың жемісті өңірін меңзейді. Әлі де
зерттей түсу қажеттігін аңғартады.
«ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» атты 1932 жылы шыққан кітабында, Қазақстан
жазушыларының бірінші съезінде қазақ поэзиясы туралы жасаған
баяндамасында (1934 жылы) бұрынғы тұжырымдардың сарқыншақтары сыздықтап
көрінгенін байқаймыз. Осындай ой-пікір эволюциялары 1937 жылы Сәбит
Мұқановқа «Абай — халық ақыны» деген мәнді мақаланы жаздырды. Мұның
жетілдірілген, ғылыми жағынан толыққан және Абай жаңашылдығының сырын
жарқырата ашқан варианты Абай шығармаларының бірінші томына 1939 жылы
жазған алғы сөзі болды.
Сыншылдық ой-пікір эволюциясын айқын таныту үшін Абай творчествосы
жайында жазылғандарға, эстетикалық проблемаларға молырақ тоқталу қажет.
Сонда ғана бүгінгі Абайтанудың арғы бастауларында талай пікір-тұжырымдар
айтылып, бәрі жинала келе кең арналы ілімге құйғанын, қазақ
әдебиеттануының өнімді бір саласы боп қалыптасқанын дәлелдей аламыз.
Абай шығармаларын жинау, жариялау және дүниетанымын бағдарлау
процестерімен қатар, Абайдың қазақ әдебиетіндегі тарихи орнын анықтау
мәселесі үзеңгі қағыса сахнаға шықты. Бұл салада да артық-кем пікірлер
айтылғанмен, аздан көпке, саяздан тереңге, жақыннан алысқа көз салу
тенденциясы байқалып жатты.
Абай — қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы деген ең негізгі
концепция Октябрь революциясына дейін, тіпті, Абайдың көзі тірісінде де
айтылған болатын. Абай творчествосын идеялық жағынан мойындау-мойындамау
мәселесі күн тәртібіне қойылғанда, осы негізгі тұжырым додаға түсіп,
оның мән-мағынасын ашу қажет болды. Абайтану ілімінің алғашқы
бастауында, яғни 1918-33 жылдар ішінде идеялық тұрғыдан талай пікірлер
айтылғанмен, ешкім де Абайдың ақындығына, жаңашылдығына, өнерпаздығына
шек келтірген емес.
Совет заманында шыға бастаған газет-журналдардың бетінде Абай аты
аталмай қалған кез аз. 1922 жылы 29 октябрьде Самат Нұржанов Павлодардың
«Красный пахарь» газетінде: «Қазақ ақындарының көш басында данышпан
адам — Абай (Ибраһим) Құнанбаев тұр. Ақындық таланты мен ақыл-парасаты
оны тамаша ақындардың катарына қосып отыр. Қазақтар оны айрықша
қадірлейді, өз поэзиясын тудырушы, философ, қазақ ақындарының ұстазы
санайды», — деп жазды.
Абай мұрасын жинау, оның творчествосының мәнін түсіну жайынан болсын,
Абайдың қазақ, әдебиеті тарихындағы орнын айкындауда болсын, көп еңбек
сіңірген Мұхтар Әуезовтің алғашқы пікірлеріне айрықша назар аударған
жөн. Өйткені ол Абай ұлылығының сырын жыға түсініп, ғылыми қомақты
пікір айта білді. «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» деген мақаласында:
«Абай — қазақтағы суретті сұлу сөздің атасы, терең сырлы, кең мағыналы
кестелі өлеңнің атасы. Қазақ өлеңіне үлгі, өрнек берген, түрін көбейтіп,
қалпын молайтқан Абай. Ол қазақтың ішінен оқушы тапқан. Әдебиетке,
өлең-жырға бұрыннан орнаған теріс пікір, теріс ұғымның бәрін жоғалтып,
жұрттың ойын тәрбиелеген.
Бұдан соңғы бір үлкен қызметі – қыр-дағы қалың қазаққа мәдениеттің
есігін ашқан. Орыстың Пушкин, Лермонтов, Крыловтарын қазаққа аударушы
Абай. Абай здоровый реализмнің ақыны, соның негізін салушы» [«Шолпан», №
4—5, 1923], — деп тауып, Абай творчествосының еңбір айшықты сипаттарын
айқындаған. Абайдың жаңашылдығын және орыс әдебиетімен байланысын дәл
бағдарлау ол кезеңдегі сыншылық ойдың бір үлкен көрінісі болумен қатар,
екінші жағынан, Абай твор-чествосын танудың ең бір көрнекті арналарын
көрсетумен пара-пар еді. Әрине, бұл анықтамада Абайдың бар тұлғасы толық
көрінбеген, өзекті мәселелердің өнікті салаларына ғана назар
аударылған.
Алайда: «Бұл күнге шейін қазақтың жазба әдебиеті жайынан сөз
жазушылардың көбі біздің жазба әдебиетіміздің басы Абайдан басталады деп
есептейді. Бұл пікір суретті (художественная литература) ретінен
қарағанда дұрыс болса да, әдебиет тарихының ретінен қарасақ, үлкен
адасқандық болар», — деген пікірге тоқтала кету қажет.
Бұл пікірге ойлана қараған жөн. Ғылыми деректердің 20-жылдардағы өресі
алысқа көз салуға мүмкіндік бермегеніне қарамастан, М. Әуезов өнікті
болжам айта білген деп табуымыз керек, ал, оны дәлелдеу жағына келгенде,
онша көп ғылымдық ыждаһат жасамай, жаңсақтыққа ұрынған.
Ақындар айтысы, жалпы айтыс өнері: «бір жағынан ауызша әдебиетке кірсе,
бір жағынан жартылап келіп жазба әдебиетке кіреді. Біздің айтыстар сол
эпистолярлық роман түріндегі өлеңдер. Сондықтан жазба әдебиетінің
басына бұл өлеңдер кіруі тиіс. Одан бері де жазба әдебиеттің өз міндетін
ұға бастаған, қазақ тұрмысындағы кем-кетікті қолға ала бастағаны да
Абайдан бұрын басталады», — деген уақытта М. Әуезов әдебиет тарихын
әріден тартпай, бергі қол созым жерден бастайды. Наурызбай мен
Тілеуқабақ қызының, Біржан мен Сараның айтысын ғана дәлел етеді.
Айтысты эпистолярлық романға балауында белгілі шарттылық та бар.
Алма-кезек жазысқан хаттар негізінде жазылатын шығарма мен қолма-қол
айтыста суырып салып айтылатын өлеңдердің мән-мағынасына, көркемдік
формасына бір өңірден қарауға болмайтыны тағы белгілі. Айтыстың түп
төркіні, бар табиғаты ауыз әдебиетінде жатқанын аңғару қажет еді. М.
Әуезов бұл пікірін кейінгі еңбектерінде ары жаңғыртпай, айтысты
фольклордың үлкен де сүбелі бір жанры деп табады. «XVIII ғасырдың соңғы
жарымынан бастап, XIX-XX ғасырдағы айтыстар және Совет дәуіріндегі
айтыстар жазылып алған түрлерінің, үлгілерінің өздеріне қарағанда да
қазақ фольклорының мол саласының бірі», — деген тұжырымды пікір айтып,
алғашқы кездегі ойынан ат құйрығын кеседі.
Алайда осы ойын әрі қарай дамытқан уақытта: «Абайдың алдындағы адамдар
деп Шортанбай, Алтынсарин, Нармамбеттерді алу керек. Бұл адамдардың
кейбірінің Абайдан жас болғандығын есеп қылуға болмайды. Бәрінің анық
аңғарылса керек. Шынында да Абайдың қазақтың жаңа жазба әдебиетінің,
классикалық әдебиетінің негізін қалаушысы болуы оған дейінгі көркемдік
дамуды жоққа саймайды, қайта, казақтың көне жазба әдебиеті болғандығына
назар аудартады. Демек, қазақ даласының маңғол шапқыншылығына дейінгі
тарихи және мәдени дамуын санаттан шығарып тастауға еш болмайды. Абай
төңірегінен өрбіген ойлар осы тақылеттес талай өнімді арналарға жол
салып, болжал айтқызған болатын.
Татар ғалымы Әбдірахман Сағдидың 1923 жылы «Ақ жол» газетінде «Абай»
деген атпен бірнеше мақаласы жарияланды. Ол «Келешек дүниесінде тіл,
әдебиет және олардың өсу жолдары» деген 1926 жылғы жинағына енді. Осы
еңбек жайында Есмағамбет Ысмайылов мынадай пікір айтқан: «Абай туралы ең
алғаш елеулі пікір айтқан адам Орта Азия университетінің профессоры
Әбдірахман Сағди болды. Сағди Абайдың шығармаларын дүние жүзілік классик
ақындармен салыстыра отырып, Абайдың қазақ әдебиеті тарихында маңызы
ерекше зор екенін, Абайды дүниежүзілік данышпан жазушылардың қатарына
қойып бағалау қажет екенін айтады. Бірақ Сағди мақаласының негізгі бір
методологиялық қатесі болды. Ол Абайды қоғамдық-әлеуметтік өміріне
байланысырып қарамады және көбінесе Абайды татар, шығыс ақындарына
салыстырып отырды. Абайдың орыс әдебиетімен байланысын жете ашпады»,
1925 жылы «Еңбекші қазақ» газеті мен «Лениншіл жас» журналында Бейсенбай
Кенжебаевтың «Абай» атты мақаласы жарияланды. Бұл мақала Москвада оқып
жатқан қазақ студенттерінің әдебиет үйірмесінің арнаулы тапсырмасы
бойынша жазылған. Мұны атап көрсетудің бір мәнді жағы бар. Қазақтың
мерзімді баспасөзін қарап отырған уақытта, Москвада оқып жатқан
студенттердің пікірі айрықша ілтипатқа алынып отырғандығын көреміз.
Олардың ой-пікірлері кей кезде шешуші сипат алғанын да байқаймыз.
Мәселен, «Қазақ әдебиетіндегі орынды һәм орынсыз сындар», «Ешкімнің
қолжаулығы бола алмаймыз», «Көркем әдебиет туралы Мәскеудегі қазақ
оқушыларының пікірі» деген көлемді де мәнді мақалаларға әлеуметтік
жұртшылық та, әдеби қауым да назар аударғаны тарихи шындық. Демек, Б.
Кенжебаевтың «Әдебиет үйірмесінің тапсырмасы» бойынша жазған мақаласын
да осындай коллективтік пікірдің бір сілемі деп бағалаған жөн.
Коллективтің тапсырмасымен жазылып, кейіннен құптау тапқан осы мақала ең
алдымен екі мәселеге жауап берген. Әрине, эстетикалық дәлелдеуі мен
танымында балаңдық, қалыптаспағандық аңғарылып, ой аңғарын ажарлы
жеткізу жағынан жетімсіздігі байқалғанмен де, Абай «шын ақын ба, ақын
болса қандай? Ол кімнің ақыны, ұстаған жолы, көздеген бағыты қандай?»
деген түбегейлі мәселелерге оралымды да орнықты жауап береді. Бірінші:
«Абай — өте ақын кісі, бұған өлеңдерінің суреттері, ұйқасымдары, ойына
келгенді қиналмай толқытып, түйдектеп шығаратындығы дәлел. Осымен бірге,
Абай — сыршыл ақын», — деген тұжырымды Абайдың қазақ поэзиясына қосқан
жаңашылдығымен дәлелдемекке ұмтылған. Мұның өзі сыншылық ойдың қай
өңірге көз сала бастағанының бір көрінісі еді.
Екінші сауалға: «Абай көшпелі дәуірдегі әдебиеттің өкілі болғандықтан,
сатираның бар қуатымен пайдаланды, өйткені Абай бұрынғы өткен заманның
қайта оралмайтынын білген. Ескі әдет-мінездің халыққа зиянды екенін
тағы білген. Сонан соң олардың бәрін кекетіп, жаңа заманға халықты
үйретуге тырысқан», — деп негізінен алғанда түтіні дұрыс қорытынды
жасаған. Мұндай пікір ол кезде көпшіліктің көкейіне қона қоймаған,
әрі-беріден соң тыңнан айтылған ой екенін ескермеске тағы болмайды.
Өйткені біреулер Абайды аспанға көтеріп, ұлтшылдықтың атасы етіп
жатқанда, оған қарсылар Абай творчествосының шын мән-мағынасын әділ
таразыдан өткізе алмай жатқан кезде Москва студенттерінің ұйғарымымен
осындай пікір айтудың өзі құптарлық құбылыс. Өйткені зиялы жастар
талқысынан өткен мақала: «Абай қазақтың жазба әдебиетін бастады, соған
негіз салды. Сондықтан Абай — қазақ жазба әдебиетінің ағасы. Бұл орын
Абайға үлкендік те, кішілік те қылмайды. Абай өлеңдерін қарап келіп
шығаратын қорытындымыз: Абай — халық ақыны» [«Лениншіл жас», № 6, 1925],
— деген тұжырымның 20-жылдардың орта шенінде жасалғаны қазақ әдебиет
сыны үшін үлкен мәні барлығын аңғармасқа болмайды.
ҚазАПП съезінде (1932 жылы) жасалған баяндамада тұрпайы социологизмнің
дауылы көтеріліп, бірқыдыру әдеби-мәдени мұраларды, Абай творчествосын
да сыртқа тепкен кезіміз жоқ емес. «Әдебиет энциклопедиясына»
байшыл-ұлтшыл ақын-жазушылар туралы мақалалар орынсыз жазылды дегенде,
«қара тізімнің» ең басынан Абай орын алған болатын. Әрқилы мақалаларда
Абайдың аты тағы да әр саққа жүгіртілгенін тізе бермей, осы
көңіл-сыңайдың кейбір шындығын аңғартатын Ілияс Жансүгіровтің 1933 жылы
Абай шығармаларының жинағына жазған кіріспесіне арнайы тоқтаған жөн.
Өйткені мұнда көзеңдік ой-пікірдің, ҚазАПП сынының табы әбден айқын.
Сонымен бірге, бұл мақала Абайды танудың алғашқы кезеңіндегі, яғни
1917-1933 жылдар аралығындағы ой эволюциясының нақты бір көрсеткіші бола
алады.
Сондай-ақ, әдебиеттану ғылымына РАПП, ҚазАПП-тың жасаған ықпалын да айта
кеткен орынды. Өйткені Ілияс Жансүгіровтің Абай жайындағы осы
социологиялық еңбегінің бір тармағы, тіпті, әрі-беріден соң, негізгі
арқауы РАПП, ҚазАПП ұстанған идеялық-эстетикалық талап-тілектен
өрбігенін айқын көреміз.
20-жылдары, әсіресе, оның екінші жартысында «Плеханов ортодокциясы
үшін» деген ұран көтерілді. Оның негізгі талабы көркемдік дамудың
себебін қоғам тіршілігінен, әлеуметтік-экономикалық өмірден іздеу керек,
көркем шығарманы соның ыңғайына қарай талдау керек деген ойдан
тармақтанады да, әдебиеттің; көркемөнердің өзіндік өсіп-өркендеу
заңдылықтарын теріске сайды. Осы бағытты қатаң ұстаған В. М. Фриче:
«Көркем шығармаларды жасаудың айла-амалдары материалдық байлықты
өндірудің заңдарына бағынады», — деген болатын. Классицизмді
сентиментализмнің алмастыруын, сентиментализмді романтизмнің, ал,
романтизмді реализмнің алмастыруын өндірістік карым-қатынасқа, қоғамдық
формацияға байланысты қарайды да, өнерді өзіндік ерекшеліктен жұрдай
қылып шығарады. Сондықтан адамды адам қанау дәуірінде жасалған
әдеби-мәдени мұраның бағасы өте төмен, одан алар үлгі-өнеге жоққа тән,
өйткені олар қанаушы таптың, халықты езіп-қанап отырғандардың шашпауын
көтерді, даңқын шығарды деген ойға шырмалып, дөрекі социологизмнің етек
алуына «теориялық» негіз дайындады.
Совет әдебиет сыны мен әдебиеттануының басып өткен өткелдерін проф.
С.Машинский «Жолдар мен бұралаңдар. Совет әдебиет ғылымының тарихынан»
деген еңбегінде арнайы зерттей келіп: «Тұрпайы социологиялық құйын
30-жылдардың бірінші жартысында совет әдебиеттануының едәуір бөлегін
қамтыды. Классиктер, өнер саласындағы қайраткерлердің барлығы дерлік
арнайы «өңдеуден» өтті. Өткен заманның ұлы шығармалары буржуазияның не
дворянствоның, не әралуан әлеуметтік жіктердің «психологиясын»
жырлаушылар деп табылды. Пушкин — «I Николайдың малайы», Гоголь —
«феодалдық идеологияны қайтадан қалпына келтіруге жанталасқандардьң
өкілі» деп жарияланды. Тұрпайы социологтар псевдомаркстік сөздерді
жамылғы етіп, классиктердің көркем туындыларына әділетсіз зорлық жасады»
[«Наследие и наследники», 1967, 69-73 б.], — деген пікірлері қазақ
әдебиетінің сын-зерттеу саласына да арнап айтылғандай.
Ілияс Жансүгіровтің Абай жинағына жазған кіріспесінің негізгі мақсаты —
кемеңгер Абайдың дүниетанымын айқындау болғанымен, артық сілтеп
жіберген. Ілияс Жансүгіровтің бұл еңбегі, негізінен алғанда, бірінен
бірі туындап жатқан екі мәселенің сырын ашуды көздеген. Біріншісі — Абай
заманы, екіншісі — осы заман идео-логиясының Абай дүниетанымын
қалып-тастыруға жасаған ықпалы. Қазақ халкының тарихы, сондай-ақ
әдебиетінің тарихы жасалмай жатқан кезде және ескі идеология мен жаңа
идеологияның арасындағы идеялық-творчестволық күрестің сілемі әлі де
болса сезіліп жатқан кезде Абайдың өмір сүрген заманын ұзақ сонарлы
зерттеудің ешқандай әбестігі жоқ. Осыны терең де толғамды айтамын деген
игі тілек әрқашан өрелі биіктен табыла бермеген.
Абайдың ақындығына келгенде, Ілияс біраз көсіліп, бұрынғы ой-пікірлерде
кездеспейтін өңірлерге көз салады. Өйткені ақынды ақынның түсінуі, оның
сырын ашуы бірқыдыру құнарлы ойларды сабақтатқан. Алайда алдағы
социо-логиялық ой ағыны тартына сөйлетіп, емеурінмен ғана білдірткен
кезі де жоқ, емес. «Алтынсарыұлы Ыбырай, Уәлиханұлы Шоқан, Құнанбайұлы
Абай — осылар біртұтас, бір бағыттас адамдар» [57-бет] екенін айту сол
кезеңнің өзінде жаңа ойдың қарлығашы еді. Тек Абаймен болып, Ыбырай мен
Шоқан көбіне ауызға алынбай, ал, әлдеқалай айтыла қалса, беттері теріске
бұрылып, талай атақты арқалап шыға келетін. Үшеуін бір сарындас, бір
бағыттас етудің өзі сын үшін өнікті де құнарлы ой екенін аңғармасқа
болмайды.
Қазақ әдебиеттануының туа бастау және сынның қалыптасу дәуірінде
ақын-жазушьның шығармасында қамтылған өмір шындығының әр саласына,
тақырып аумағына ойлана көз жіберудің өзі ұнамды құбылыс. Оны Ілияс
«Абай пікірлері» деген тарауда өмірден көрген-түйгенін жүйелеудің өзі,
әрі-беріден соң, қазақ халқының мінез-құлқындағы кесір-кесапаттардың
бәрін түйдектеп, бір арнаға салудың өзі сыншылдық ойдың өрісі
кеңігендігін де, сонымен қатар, айтар ойдың молайғандығын да анық
танытады.
Ал, сол тақырыптық аумақтың өзі қай үлгі-өнеге, қай тұрғыда
көретіндігіне, яғни поэзияның ішкі жанр, түрімен нақышталатындығына
назар аудару — эстетикалық талап-талғамның өскендігін аңғартатын
құбылыс. Абай лирикасының ішкі дүниесіне, сезім байлығына біраз бойлап
алған автор: «Абай бұлардың үстіне, шебер суретші (художник), өлеңмен
Абай салған суреттер мінсіз, көрікті, ер-тұрманы түгел», өмір шындығы
«жанды тұлғасымен тұтас түрекеледі» [60], — деген байқауларын ортаға
жайып салады. Өйткені бұл ой аңғарында тек әдебиетшілерде ғана
кездесетін байқағыштық емес, өзінің практикалық ісінен, тәжірибесінен
туатын шындық бар. Ал, мұның өзі сын жанрының қалыптасуы үшін айрықша
ілтипатқа алынатын эстетикалық құбылыстар, жылт етіп көрініп, көбіне
қолға ұстата қоймайтын ерекшеліктер.
Осының бәрін Ілияс тезис түрінде айтқан уақытта, әлі ешкімнің сыншылық
ойы баяндай қоймаған салаға ауады да, өзінің социологиялық, тұрғыдан
тұжырымдағандарына қарсы шығатын, өз ойындағы қайшылықтардың бәрін
жеңілдететін үлкен бір проблемаға ауысады. Ол: «Өлеңді өнер деп
бағалаған Абай, сол өлеңді кестелеп жасауға қызмет етті. Өлеңнің өнер
екенін көрсетті. Қазақта да мынадай өлең, мынадай сөз өнерінің үлгілері,
өнегелері болады деп өнер белгісін калдырды. Абайды жазба әдебиеттің,
сырлы әдебиеттің басы дейтініміздің бір жағы осында», — деп көңілге
ұялар, ғылымға ой салар пікір тұжырымдайды.
Ал, жазба әдебиеттің басы деп санауға іңкәр етіп отырған оның тек
жаңашылдығы, қазақ өлең құрылысына кіргізген жаңалықтары ғана емес,
сонымен қатар, «Абайдың жалпы өлеңінің дені сау, тілі таза. Абайдың
өлеңі таудан тасыған бұлақтай сарқырап жатса, сөздері сол бұлақтың түрлі
тасындай жарқырап жатады», Абайдың тарихи зор еңбегі «тіл өнерін жасап,
қазақтың жабайы тілінен үлгілі, өнер, әдебиет тілін жасағандығы», — деп
дұрыс та перспективалы қорытынды жасайды.
Осындай ірі тұжырымды барынша дәлелдей түсу үшін Абайдың қазақ өлеңіне
14 түрлі өлең өрнегін қосқанын жалпылай айтады: «Абай өлең түрін жасауға
қызмет еткен жазушы. Абай бұрынғы қазақтағы өлең, жырлардың өлшеу,
үлгілерін кеңітудің үстіне, араб, парсы, шағатай, орыс өлеңдерінің
үлгісін кіргізіп, қазақ әдебиетін жаңалаған адам». Оның шығармаларынан,
өлеңнің әуез ырғағынан күйлі, ырғақты, сорғалап келетін талай өлеңдерді
тауып, «Абайдың жыры ырғақ, музыка дыбысы, құрылысы жағынан төгіліп
келеді. Өлең ұйқасындағы етістіктердің сайдың тасындай ірі қимылды,
қозғалысты көрсетудегі жандылығы», «дыбыс ұйқастығы, әуен сәйкестігі
(аллитерация) ақындық шеберліктің, талант қуаттылығының, өлең
көркемділігінің белгісі», — деп айрықша қадірлейді.
Сонымен, Ілияс Жансүгіровтің Абай жинағына жазған алғы сөзі ұлы дарынның
ерекшелігін бірқыдыру аңғарған, кезеңдік эстетикалық, талап-талғамның
ауыр жүктерін көтерген еңбек болды. Осындай еңбектердің дүниеге келуі
арқасында Абайды дұрыс тануға жаңа кілт, жаңаша көзқарас табу, яғни
маркстік-лениндік ілімнің қағидаларын басшылыққа алып, нақты жүзеге
асыру қажеттігі аңғарылып, мәнді сыншылық-ғылымдық ой-пікірге үлкен арна
дайындалды. Көптеген мақалалар мен еңбектердің осындай ерекшелігі де,
қате-кемшілігі де Абайтанудың алғашқы кезеңі-нің 1917-1933 жылдарға
тұспа-тұс келетіндігін, сыншылық ой эволюциясы соны арна тауып, ғылыми
процеске ұласа бастағанын танытты.
Әрине, Абайдың өмір сүрген дәуірінің жай-күйін, әлеуметтік ой-пікірінің
жаңа арна табуын, кезең идеологиясының Абай шығармаларына жасаған әсерін
айту айрықша мәнді болғанмен, оның творчествосын жан-жақты тануға аздық
жасайды. Қазақтың XIX ғасырдағы қоғамдық тарихына Абай өмірбаянын,
ақындық болмысын жанастыра қарау қажеттігін туғызады. Бұл міндетті М.
Әуезовтің осы жинаққа жазған «Абайдың туысы және өмірі» атты
ғұмырнамалық еңбегі атқаруға тиіс болды.
Осы ғұмырнаманы әңгімелеген уақытта, бір жағдайды айта кеткен жөн. 1909
жылғы Кәкітай жазған Абай өмірбаяны 1933 жылға дейін ұлы ақын жөніндегі
ақпар-мәліметтің негізі боп келген-ді. Бұл екі аралықта жазылған
мақалалар, айтылған ой-пікірлер Абайдың өмірбаянын жасауды мақсат
етпеген. М. Әуезовтің «Абайдың туысы және өмірі» атты еңбегі — қазақ
әдебиеттануында Абайдың ғылыми ғұмырнамасын жасауға талаптанған күрделі
қадам. Әдетте, көп зерттеушілер ақын-жазушының өмір жолын қуа баяндап,
одан кейін идеялық-тақырыптық, қауқары жетсе, эстетикалық талдаулар
жасайды. Ал, М. Әуезов осы үш саланы жіктемей, тұтастыра, бір-біріне
байланыстыра отырып ой өрбіткен. Осы әдісті 1933 жылғы өмірбаянда алғаш
рет қолданып, кейінгі редакцияларында жетілдіре қомақтандырып отырған.
Абайтану ілімінің салалана өркендеп кетуіне осы әдіс өзінің игі әсерін
тигізген. Мәселен, 1889 жыл «Абайдың барлық ақындық, қызметінің ішіндегі
ең өнімді, ең жемісті жылы болады. 89-жылы 25 шамалы өлең жазылады. Бұл
сөздерінің ішінде бұрынғыша елінің өзі көрген кемшілік-міндерін қатал
сыншы, үлкен ұстаз тілімен сынап, тексеру бар, сонымен қатар, махаббат
жайындағы сөздер, табиғат суреттері, бас қайғысы да бар.
Одан соң Пушкиннің «Онегинінен» аударма жасайды.
Осы жылдан бастап Абайдың білімі мен өсиетіне құмар болған ел ішінің
көзі ашық жастарына Абайдың ауылы — үлкен білгіштің медресесі сияқты
болады. Абай — ұстаз да, сөз ұғынатын ынталы, талапты жастардың бәрі —
шәкірт» [372-бет], — деген үзіндіге көз салсақ Абайдың әлеуметтік ісі
мен творчестволық өмірі қоян-қолтық араласып жатады да, одан мәнді
қорытынды жасай алатын білгірлікті байқаймыз.
М. Әуезов жазған осы ғұмырнама бұрынғы деректерге көп мағлұмат,
оқиғалар, фактілер қосып, творчестволық өмірдің қат-қабат сырларын
ақтарып барып, жаңа бір дүниеге айналып кетеді де, Абайды тану ісіне
үлкен олжа қосады.
Абайдың тарихи өмірі мен творчествосының ой аңғарын әбден жыға түсінген
М.Әуезовтің Абай біреу емес, екеу деп тұжырым жасауы сол кез үшін де,
жалпы Абайтану үшін де үлкен жаңалық еді.
Абайдың өз заманымен алысып, оны жаңа жолға салғысы келгенін және тың
сүрлеумен жүруге талаптанғанын дәлелдей айта келіп: «40 жастан асқан
соңғы Абай бізге бір Абай емес, екі Абай болып кетеді. Біреуі — өмірге
үйлескісі келмей, заманнан, ортасынан озып шығып, сыншы, ұстаз ақылшы,
ақын, данышпан болуға айналған Абай да, екіншісі — күндегі өмірдің
бетімен елдің сөзін ұстап, бұрынғыша партия тартыстың, билік
әкімшіліктің жолындағы ру басы, ел меңгерушісі Абай.
Абайдың өз ішінде осындай екі тарау жол шығады. Бір жүрек екіге бөлініп,
жыртылып айрылады. Заманнан ақыл-сезімі артып, басы озған жалғыздық
трагедиясы (қайғысы) туады. Соның қайғылы сыны сыртқа шығаратын бір жол
болу керек. Абайдың сыртқы өмірі жеміссіз, ажарсыз, мағынасыз болса,
соған өз ішінде толып жатқан қарсылық бар. Ойына жиналған ұлы зар, үлкен
мұң, көп арман бар. Осының бәрін сыртқы көзге көрсетіп, іштегі арман
мен өкінішке аз тыныс, аз ғана ем болатып нәрсе ақындық болады. Сонымен
1884-1886 жылдан бері қарай Абайдың ақындығы басталады»
[364-365-беттер], — деп жасаған тұжырымы М. Әуезовтің Абайға арнаған бар
еңбегінің лейтмотиві екенін көреміз. Бұл пікірдің арғы бастауы Ф.
Энгельстің Гете, В. Н. Лениннің Л. Н. Толстой туралы айтқан данышпандық
ойларынан нәр алды, ғылыми-эстетикалық, тұрғыдан Абайды тану процесін
айқындай түсетін мәнді қорытынды, қазақ, әдебиеті тарихында бұрын ешкім
айтпаған жаңа пікір болды.
1933 жылғы ғұмырнамада айрықша айқындықпен тұжырымдалған күрделі
пробле-маның бірі — реализм. Мұның шет-жағасын М. Әуезов 1923 жылы
«Қазақ әдебиетінің қазіргі жайы» туралы мақаласында: «Абайдан басталған
реализмнің сарыны казақ әдебиетінің осы күнге дейін жол болып келе
жатыр», — деген болатын. Басқа авторлар Абай реализміне назар
аударғанмен, М. Әуезовтей көп зерттеген және ғылыми дәл, өнікті пікір
айтқандар аз.
М. Әуезовтің «Абайдың туысы және өмірі» деген еңбегінде соны ой аңғарып
іздеп, суыртпақтап шығара беретін тарихи дерек те, ғылыми ой-пікір де
бірқыдыру мол. Әйтсе де, методологиялық желі жетіспегендіктен, бұл
ке-зеңде Абайдың бар болмысы екі жақты бағаланып, әрқилы ой-пікір
туғызып жүргенімен, оның творчествосы — тарихи мұра, сондықтан одан
іргені аулақ салмауымыз керек деген тұжырымға ойысты. Тайыр Жароковтың
«Қазақстан» баспасы атынан жазған дәйектемесінде: «Пролетариат тілегінде
өсіп келе жатқан жұртшылығымызды Абайдың көркем шығармаларымен
таныстыруды теріс көрмедік. Сөз ұйқастыруы, тілінің жеңіл орайлығы,
көркемдігі, алған тақырыбын бөтен сөзбен былықтырмаушылығы, жазу
техникасының шеберлігі жағынан әлде де пайдалануға болады.
Абайдың бұл жинағы шыққанда, кейбір обыватель ұлтшыл-байшылдар: «Абайдың
толық жинағы шықты», «Абай жалпы қазақтың қамқоры», — деп, өшіп
баратқан тап әлде де таптық қару еткісі келер, бірақта ондайларға Маркс,
Ленин қисынымен большевиктік жауап беру әрбір коммунист, комсомол,
одақ, мүшесі және колхозшы жастардың міндеті», — деп ескерту жасауы
біраз шындықтың бетін ашып, Абайтану ісінің әлі де шығар белдері, асар
асулары бар екенінен хабар береді.
Абайтану ілімінің дайындық дәуірінің екінші кезеңі 1934-1945 жылдардың
арасын қамтиды дегенбіз. Бұл кезең ерекшелігін Е. Ысмайылов «Абайды
ғылыми жолмен зерттеудің басы» ден тапқан болатын.
ВКП(б) Орталық Комитетінің 1932 жылғы 23 апрельдегі «Көркем әдебиет
ұйымдарын кайта құру туралы» қаулысының игі ықпалы мұра мәселесін ғылыми
негізде зерттеуге мүмкіндік берді. Жалпы идеялық арнадан өрбіген
эстетикалық таным-білім М. Горький бастаған СССР Жазушылар одағының
ұйымдастыру комитетінің ісінде өнікті арна тауып, 1934 жылы әуелі
республикаларда, соңынан бүкілодақтық көлемде өткізілген жазушылар
съезінде дөрекі социологизмге мықтап соққы берілді, бүгінгі көркемдік
ізденіс-барлауларға да, сондай-ақ, мұраны дұрыс игеру жайына да әсерлі
ықпал етті.
М.Горькийдің ауыз әдебиеті туралы айтқан ой-пікірлерінің бәрі де әдеби
мұраның дәстүрінен жатсынбай, үлгі-өнеге алу, ұлы дарындардың ұлан-ғайыр
өнерпаздық еңбектерінің классикалық сипатын айқындау, эстетикалық мәні,
адамгершілік ғибраты мол екендігін ашық айту сыншылық-ғалымдық
ой-пікірлерді өрелі де жемісті өріске бағыттады. Көп мәселеге жаңаша
қарауға, жаңа тұжырым-қорытынды жасауға игі әсер етті. Кеше ғана дворян
жазушысы деп танылған Пушкин де, пессимист, уайымшыл деген Лермонтов
та, толып жатқан атақ-ярлық таңылған ақын-жазушылардың бәрі де тарихи
шындық, деңгейінен қайта қаралып, қайсыбірінің мүшелді мерекелері
өткізіле бастады. А. С. Пушкиннің қаза болуының 100 жылдығы айрықша
сән-салтанатпен өтуі дөрекі социологизмнің күлін көкке ұшырудың көрінісі
болды. Одақтық көлемдегі, үлгі-өнегесі мол орыс мәдениеті мен
ғылымындағы жаңалықтың барлығы да ұлт мәдениеті мен әдебиетіне, әсіресе,
қазақтың жаңашыл қауымына игі ықпал жасады. Оны ең алғаш сезген, жаңаша
түсінік-танымның құшағына енген әдеби мұра — Абай творчествосы.
Қазақстан Жазушылар одағының және әдебиетшіл-мәдениетшіл қауымның
кезеңдік ынта-тілегі Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің қазақтың
классик ақыны Құнанбайұлы Абайдың өлгеніне 30 жыл толғанын өткізу
туралы 1934 жылдың декабрінде алған қаулысына ұласты. Абай енді жеке
ақын-жазушының, сыншы, ғалымның «уысынан» шығып, қоғамдық қамқорлыққа
бөленді, үлкен әлеуметтік арна тапты. Міне, осы жағдайдың өзі Абайтану
ілімінің дайындық дәуіріндегі екінші кезеңнің, яғни 1934-1945 жылдарда
ғылыми жолмен тану кезеңінің басы болатындығына айғақты дәлел.
Әдетте, әдеби өмірдегі үлкен оқиғаларды, жаңа тыныс, соны өзгеріс,
ізденісті белгілі бір қаулы-қарарға сабақтастырған уақытта, олардың
мән-мағынасына, ғылыми-эстетикалық арнасына көз саламыз. Коммунистік
партияның қамқорлығы әрқашан өміршең, келешегі мол игі іске бастайтынын
жадымыздан шығармаймыз. Демек, Абай творчествосы енді үлкен мұрат
деңгейінен бағалануы, зерттелуі қажет екені айқындалды. Абай бұдан
былайғы жерде ұлы дарын ғана емес, бір халықтың мақтанына айналуға
тиісті болды. Осындай мақсат-міндетті дұрыс ұққанда ғана қазақтың
сыншылық-ғалымдық ойы өркен жая алатыны, өзінің эстетикалық мұраты мен
жанрлық сипатын таба алатыны айқындалды.
1934 жылы «Әдебиет майданы» журналының 11 және 12 сандары тұтастырылып,
алғашқы бетінен ақырғы мұқабасына дейін түгел Абайға арналды. Абай
творчествосын ғылыми жолмен жан-жақты зерттеудің алғашқы қарлығашы
осыдан басталып, та-лай соны өңірлерге көз тасталды. Журналдың «Абай»
атты кіріспе мақаласында қандай еңбектер жарияланып отырғанын айта
келіп: «Бұл мақалалардың ішінде әртүрлі көзқарастар бар. Бәрі де Абай —
үлкен талантты мастер дегенді дәлелдейді. Бұл жолдастардың әрқайсысы
Абайды әр жағынан тексеріп, Абай туралы үлкен зерттеу жұмы-сын істеп
отыр.
Әрине, Абайдың қырық жыл жазған өлеңдерін бір журналдың бетінде түгел
зерттеп бітіруге болмайды. Сөйтсе де, жоғарғы айтқан жолдастар Абай
туралы осы уақытқа шейін болып келген сынау, зерттеу жұмысын әлдеқайда
жоғарғы дәрежеге көтеріп отыр», — делінген болатын.
Журналдағы материалдардың бағыт-бағдарына және қорытқан ойларына
қарағанда, бірден көзге ұрар үш саланы байқаймыз. Бірінші, өнеге алған
арналары және Абай поэзиясының қазақ әдебиетіндегі орны мен ерекшелігі;
екінші, Абайдың дүниетанымын тексерудің жай-күйі; үшінші, қоғамдық
сананың басқа салаларына Абайдың қосқан үлестері. Бұларды әңгімелеген
уақытта да бұрын сөз болмаған жаңалықты ой-пікірлерді мүмкіндігінше
жүйелеп айту жағын қадағалап отырмақпыз, өйткені осы кезден бастап Абай
жайындағы мақала, еңбектердің саны молая түскені, ғылыми зерттеулер туа
бастағаны және де қорытылған пікірлерді жүйелі-жүйесіз қайталаушылар
кездескенін естен шығармау керек.
Сонымен, Абайдың творчестволық арна-ларын тану, оны ғылыми тұрғыдан
баяндау, Абай поэзиясының сыр-сипатын айқындау мәселесіне оралғанда,
алдымен М. Әуезовтің «Абай ақындығының айналасы» деген мақаласында
Абайтану ілімінің туу, қалыптасу барысында бірде құпталып, бірде
талас-тартыс тудырған екі мәселе бірінші рет кең көлемде ғылыми тұрғыдан
баяндалды. Автор бұл проблемалардың шешуін бірден табамын деген игі
тілектен гөрі, оларды шын зерттеу арнасынан өткізу, ой салу мақсатымен
жазған. Ол мәселелер — Абайдың Шығыс және Батыс әдебиеттерінен алған
үлгі-өнегелері, ықпал-әсері, екінші — Абайдың ақындық мектебі, оның
мәні.
Шығыс және Батыс әдебиеттерінің Абай творчествосына жасаған ықпалдарын
айтардан бұрын, қазақтың өз топырағындағы рухани байлықты сөз
етпейтінін, ол арнайы зерттеуді талап ететін ең үлкен мәселе екендігін
ес-керткен автор Абай творчествосын өзенге теңейді. Көл-көсір ағып
жатқан өзеннің арнасы — қазақ әдебиетінің бай мұрасы мен дәстүрі болса,
өзеннің екі жағасы — Шығыс пен Батыс әдебиеттері деп біледі. Осы екі
жағаның көрік-келбеті Абай творчествосын қалай ажарландырды деген
мәселені автор әуелі Шығыстан бастайды. Абайдың алғаш қолына алған
кітабы, бойына сіңірген наным-сенімі, көрген-білгені Шығысқа байланысты
болды. Тінтіне ізденіп, жан-жаққа көз тастаған дарынды, Шығыстың дінінен
бұрын, поэзиясы өз иіріміне тартып, алғаш ақындық сезімі ояна бастаған
жас талап Физули, Науаи, Сағди, Фирдоуси, Хафиздердеи медет тіледі,
қолын соларға созды. Сондықтан өзінің алғашқы лебізінде «юзи раушан,
кози гауһар-ды» ауызға алып, «Әліпбимен» сабақтастырды. М. Әуезов: «Бұл
кез Абайдың шағатай поэзиясына таза еліктеу ретінде ілеспек болған
талабын көрсетеді. Онда тақырып, тіл, ырғақ, кейде ұйқас және теңеу,
салыстыру суреттерінің (көзи гауһар сияқты) бәрі де өз төркіні кім
екенін танытып тұр… Балалық күннің еліктеу үлгісін тастағанмен, өмірінің
ақырына шейін Абай осы жағадан қол үзбеді. Абай ақындығының ішінде
Шығыс арқауы ұзыннан ұзақ тартылған желідей болып созыла келіп, ең ақыры
1902 жылы жазылған «Алланың өзі де рас, сөзі де распен» аяқталды. 1902
жыл — Абай өлеңінің сарқып кеп тоқтаған жылы» [13-бет], — деп ой түйеді.
«Бұл аралықта «Масғұт» пен «Ескендір», «Әзім әңгімесі» сияқты Шығыс
сілемінен туған шығармалары 1889 жылы, ал, «Қор болды жаным», «Көзімнің
қарасы» 1891 жылы жазылып, Шығыс желісі үзілмей келе жатқандығын
көрсетеді», — деп баяндады.
Шығыс әдебиетінің үлгі-өрнектері жайындағы мәселені әзірге қоя тұрғанда,
осы тұжырымнан өрбіген екі мәселеге тоқтай кетейік. Бірінші — Абай
Шығыс әдебиетімен «қай уақытқа дейін жолдас» болды деген мәселе. Бұл
жөніндегі әрқилы ой-пікір әлі бір тиянаққа жеткен жоқ. Осы журналда
жарияланған мақа-ласында Құдайберген Жұбанов: «1864 жылдан кейінгі
Абайдан шағатай ықпалын іздеу — бос арам тер болып шығады» [36-бет], —
дегенін еске тұтқан күннің өзінде, бұл мәселені кейінгі зерттеулер
айқындап, ашып берді дей алмаймыз. Күні бүгінге шейін Абайдың Шығыс-пен
байланысын арнайы зерттеген көлемді еңбек аз. Бұған белгілі себеп те жоқ
емес. Міне, осыдан екінші мәселе тармақтанады.
Жұртқа мәлім, М. Әуезовтің Абай творчествосының бір арнасы, өзінше
айтқанда, «жағасы» — Шығыс әдебиеті мен мәдениеті болды деген тұжырымы
көп уақытқа дейін үлкен дау-дамай туғызып, тіпті,саяси мән-мағына
берілген көзі көпшіліктің есінде. М. Әуезов Абай творчоствосынан Шығыс
әдебиетіне қатысты нені көріп оді, оны қалай түсіндіріп еді дегенге
оралар шақта: «Абайда Батыстан кірген белгіден гөрі, Шығыс белгісі
басымырақ, нақтырақ. Батысқа келгенде, ол арқасып Шығысқа, ақылмен
қорытып алған мұсылмандыққа нық, тіреп алып келді» [15-бет], — деген
тұжырым шындықтан гөрі, сәл өсіре айтылғанын байқаймыз. Дау айтушылардың
бәрі де осы тұжырымға табан тіреп, дәлелдей сөйлеген-ді. М. Әуезов
өзінің кейінгі зерттеулерінде бұл мәселенің негізгі идеясынан жалт
бермей, Абайға Шығыстың классикалық поэзиясының ықпалы болды деген жалпы
пікірді айтқанмен де, Батыс, әсіресе, орыс әдебиетінің үлгі-өнегелерін
терең баяндаған болатын.
Енді мақаланың творчестволық, ой ағынына назар аударсақ, М. Әуезов Шығыс
әсерін екі салаға жіктейді. Бірінші — Шығыс әдебиетінің идеялық ықпалы.
Абай фанатик те, схоластик те емес. «Шығыс жағасынан алған нәрдің бәрін
Абай өз ақылымен, сыншы, ойшыл ақылымен, бірақ, әрине, санашылдық
(идеалистік — Т. К.) жолмен өзінше қорытып алады. Бұған кірген
бұйымдардың басы ислам діні, онан соң Шығыс поэзиясы және мұсылман
ғылымының ілгері-соңғы ғұлама философтарының сөздері болады» [14-бет], —
деген пікір болса, екіншісі – поэзияның нақты түр-үлгісі. Бұған «Қазақ
әдебиетінің көлеміндегі ғаруз әсерін тексеру және соның бір жағын Абайға
да тірей тексеру әдебиетшілердің алдындағы бірден-бір сыни проблема»
[12-бет], — деп білді де, өзі біраз тереңдеп барды.
Осы мәселені түсінудің кейбір сілемдері Құдайберген Жұбановтың
мақаласында да көрініп, Шығыс поэзиясының үлгі-өрнегі деген проблема
алғаш рет көрнекті әңгімеге арқау болған. Жасыратыны жоқ, қазір қазақ
әдебиеттану ғылымы қарыштап өркендеп отыр деп қуана айтсақ та, осы
проблема, яғни Шығыстың поэтикалық үлгі-өрнектерін талдау, түсіндіру
мәселесі бізде әлі ақтаңдақ күйде.
Өз қазанында өзі пісіп шыққан «таза» әдебиетті тарих білмейді. Демек,
Абайдың Шығыс жағасына қол созып, үлгі-өрнек алуын сөкеттеуге болмайды.
Араб, парсы поэзиясының негізгі үлгісі — ғарузға, яғни дауысты
дыбыстардың ұзыны мен қысқасы кезектесіп, алмасып келіп отыратын өлең
жүйесіне еліктеп өлең жазғаны шындык. М. Әуезов те, Қ. Жұбанов та бұл
салада бірқыдыру өнімді ой өрбіткен болатын.
Батыс, әсіресе, орыс әдебиетінің Абайға жасаған ықпал-әсерін баяндаған
уақытта, М. Әуезов: «Абай көбінесе өз іргесін бермеуге тырысады. Тың
жаңалықтың барлығын талғап-талғап қана ала алады. Бірақ, барған сайын
икемделіп, сыпталып, сырт буындығынан арыла береді. Рационалшы, жаңашыл
Абай пішіні айқындалып ашыла береді. Өз ішін бермеймін деп жүрсе де,
ақын көп жанасу арқылы бірқатар жаңғырып, түлей бастайды» [15,
17-беттер], — деген уақытта, «Шығысым — Батыс, Батысым — Шығыс» болып
кетті деген Абайдың «Ішкі дүниесінің барлығы бірдей қопарыла өзгеріп
кетпегенін» де [17-бет] еске салады. Бұл ой «Шығыс жоралғысы Абайда
басымырақ» деген түйіннен туған.
Орыс әдебиетінің әсеріне келгенде, автор Абайға Чернышевскийдің
күрескерлігі дарымайды, оны «көз салып құнттамайды. Пушкин,
Лермонтовтар, Крыловтар сарынына бой ұра береді» [16-бет], — деген ойды
өрбітіп, таратып алып кетеді.
Бұл мәселе, яғни Абай орыс әдебиетінен нені алды, қайсысын жаратты, өз
бойына не дарытты деген жайлар бұрынғы еңбектерде де біраз айтылған,
сондықтан М. Әуезовтің өзіне тән білгірлікпен тұжырымдаған ойларына ғана
тоқталған жөн.
Абай — қазақтың Пушкині деген тезиске М. Әуезов өзінің өрнегін қосқан.
Абай өзін Пушкиннен кем санамай, тең санағандай болып, «олай айтпай,
былай айтса нетер еді» деген кісіше, аз ғана бойкүйездікпен бұрылады»
[16-бет], — деген ойын «Евгений Онегинді» аудару процесінен өрбітеді.
Татьяна мен Онегиннің хаттарын мүлде басқаша, жаңа мағына бере аударады,
«қаймақ едің көңілімде, бізге қаспақ болды жем» деп, «бірталай қошқар
мүйіз салады», қазақ ұғымына жақындатады, ал, Пушкин күлкі қып тастап
кеткен Онегинді Абай қолтығынан сүйеп тұрғызып, қолына мылтық ұстатып»
[16-бет], өзін-өзіне атқызады. Бұл мүлде басқаша шешім, демек, ол
Пушкинмен бой теңестіреді. Абай осы мінезін И.Крыловқа да өзгертпейді,
«өзі айтып жүрген қазақы өсиет өлеңдеріне мынаны қосымша ғана қып
ұсынады» [17-бет].
Замана талқысынан, ел игілігіндегі көп талас-тартыстан әбден қажыған,
Лермонтовпен мұңдас, сарындас екенін байқаған ұлы ақын «Лермонтовтан әрі
аударады, өрі үлгі алып, күйіне күй қосады. Лермонтов сөзін өз сөзіндей
нашаланып, мейірленіп, өмірене жыр қылады да, өзінікі мен оныкінің
шекарасын жойып, «мал басын» араластыра қосып, «еншілес» боп кеткендей
болады… Мұны маңдана, талмаурай сүйеді. Лермонтов жырымен туысып, бірге
жасасқандай болады» [17-бет], — деп ой түйген автор Абай шығармаларының
түріне, жыр жаңалықтарына көз тастайды. Ең алдымен, көңіл-күй, махаббат
лирикаларының «батыстану» жайына көбірек назар аударады. Шығыс
ақындарынша сүйдім, күйдімді бірден айтып, көзін гауһар, жаным жараланды
деп жатпай, тұспалдап айту, қалғанын өзің ұға бер дегендей сыңай
таныту, оның өзін табиғат көрінісімен қабыстыра, ұластыра жеткізу жайын
әңгімелейді. Абайдың табиғат лирикаларында жаңалық мол екеніне,
ақындықты үлкен өнер деп табуының эстетикалық арналарына назар аударады.
Осындай мәнді арналардан нәр алып, өнеге көрген, соның арқасында құлашы
кеңіген ұлы дарынның үлгісі жоқ боп шықса, онда ерен еңбек зая болар
еді. Осыны анық аңғарған М. Әуезов өзінің осы мақаласында «шәкіртсіз —
ұстаз тұл» дегенді үлкен проблемаға айналдырады. Сөйтіп, мақаладағы
өрбітілген екінші өзекті мәселені — «Абай мектебі» проблемасын орынды
көтеріп, өзінің ой-пікірін ашық айтады. М. Әуезов: «Бұл мәселеде біз
Абай ақынның төңкеріс алдында не төңкерістен бергі ақындарға еткен
әсерін айтпаймыз. Ол айрықша ұзақ талдауды керек етеді» [20-бет], — деп
ескерту жасап, тікелей Абай шапанының астында өскендерге тоқталады.
Өзінің осы концепциясын теориялық қисынмен нығыздай түсу үшін «әдеби
мектеп деген ақынның өзі алған түр, өзі жырлаған тақырыпты ғана тебіндей
беру емес. Сол басшы ақын берген екпін-бағыт, негізгі күйлерінің
бетімен тың жол іздей өсуде. Ұстаз ақынның өзі айтуға үлгермеген немесе
заманында әдейі айтқысы келмеген жайларды тереңдетіп үңгіп, бір-талай
өріске апарып тастау» екенін тұжырымдай баяндады. Бұл пікір де үлкен
әңгімеге арқау болды. Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет
институты мен Қазақстан Жазушылар одағы 1951 жылы үлкен дискуссия
өткізуі Қ. Мұхаметхановтың осы мәселені арнайы зерттеуі, бірақ әлі
күнге дейін осы проблеманың бір тиянаққа келе қоймауы ойландырарлық жай.
Сонымен, М. Әуезовтің 1934 жылғы «Абай ақындығының айналасы» атты
мақаласы өзінің проблемалығымен көзге түсіп, көптеген тың да соны
мәселелерге барлау жасап, Абайтануды ғылыми негізде өрбітуге мұрындық
бола білген айрықша құнды еңбек деп білеміз. Осы проблемаларды шешісуге
және Абай кемеңгерлігінің арнасын кеңейтуге үлкен үлес қосқан
Құдайберген Жұбановтың «Абай — қазақ әдебиетінің классигі» атты тамаша
құнды еңбегінде талай мәнді проблемаларға назар аударылғанын көрсете
кеткен абзал. Аяқталмай қалған осы еңбек Қ. Жұбановтың «Қазақ тілі
жөніндегі зерттеулер» жинағында кайтадан 1966 жылы жарияланды.
Ең алдымен, осы мақаланың тақырыбына көз салған жөн. «Классик» деген не,
ондай құрметке кім ие болуы керек деген мәселеге Қ.Жұбанов оңтайлы
жауап іздеп, мәнді пікірлер айта білгеп. Абайды казақ әдебиетінің
классигі деген тезисті алғаш рет айтқан автор өз еңбегін үш тарауға —
«Еленбеген ерекшелік», «Абай және шағатай әдебиеті», «Абай және халық
әдебиеті» деген айтары көп, аңғартары мол сүбелі-сүбелі проблемаларға
бөледі.
«Еленбеген ерекшелік» тарауын: «Қазақ әдебиетінің тарихындағы Абайдың
ұстайтын орнын босағаға қарай ысырмалаушылар, оған да місе тұтпай,
табалдырықтан шығарып тастаушылар, менің байқауымда, даусыз бір жайды
ескермей жүр: ол — өз тұсында жалғыз қазақ қана емес, басқа көршілес
елдерден де Абайдың әдебиеттегі үздіктігі», — деп бастап, әлі күнге
дейін ешкімнің елемей келе жатқан мәселесіне назар аударады.
«Абайдың әдебиеттегі үздіктігін» дәлелдеу үшін түркі тілді әдебиеттердің
тарихына шолу жасайды. Өзбек, түрікмен, қырғыз, қарақалпақ елдері
«Күншығыс ислам мәдениетінің кірлі көрпесін қалың жамылып, Батыс
ауасынан әлі тыныс ала қойған жоқ еді» [29-бет], мұндай жай-күй осман
түріктеріне де тән екенін айта келіп, түрікменнің Махтұмқұлысы,
башқұрттың Шайхзаде Бабичі, татардың Шағабуддин Мәржаниі мен Хаюм
Насириі, азербайжанның Мырза Фатали Ахундовымен салыстырған уақытта,
үлкен білімдарлық диапазон танытып қана қоймай, автор жүйелі пікір
өрбітіп, негізгі ойын былай тұжырымдайды: «Абайды көрші елдердегі
замандастарымен салыстырғанда, Мырза Фаталиден басқа ешкім де теңдесе
алмай шығады. Ұлт тіліне, әдебиетіне сіңірген еңбегін, ақындық күшін
алғанда, Абай бәрінен де озат шығады. Өйткені ол кезде таза халық
тілімен жазып тұрып, ол жазғаны классик әдебиет үлгісімен шығарған ол
елдерде адам болған жоқ. Абайдың бірқатар сыншылар ескермей жүрген бір
оқшаулығы осы» [32-бет].
Осы еңбектің екінші тарауы — «Абай және шағатай әдебиеті» деп аталады
да, «Абайдың алды жоқ емес, жоққа жуық. Өйткені Абайдың алдында да
әдебиет болулы» [32-бет], — деген уақытта, оның екі түрлі екенін,
біріншісі — «емшек сүтімен қатар құлағына кіріп, сүйегіне сіңген» ауыз
әдебиеті, екіншісі — қожа-молдалы Құнанбай аулына ала бөтен таныс
шағатай әдебиеті екенін, «Абайдан бұрынғы қазақ әдебиеті бұл екеуінің
шаранасынан шығып көрмегендігін» [32-бет] баяндайды да, екінші салаға —
шағатай әдебиеті мен Абайдың байланысына айрықша назар аударады.
Шағатай әдебиетінің мәні қандай еді дегенге келгенде, Қ. Жұбанов оның
тек мистицизмі мен «нәпісқұмарлығына» көңіл бөліп, осыдан аулақ болуға
үндейді. Сондықтан Абайда тек үш өлең ғана шағатай әдебиеті үлгісімен
жазылған, «Абай мұны 13-19 жастарында ғана жылтыратып тағынып, сонан
кейін суынып, тастап кеткен» [32-бет], 1864 жылғы «Әліп-биден» кейін
«Шығыс жұртына қонуды тоқтатқан. Бұдан соңғы Абай өлеңдерінен шағатай
үлгісін іздеу, меніңше, құр арам тер болу» [36-бет] сияқты пікірі Абай
творчествосындағы Шығыс сілемі жөніндегі мәселенің идеялық-көркемдік
мотивтерінен гөрі, өлеңдік түріне тікелей байланыстырыла айтылған.
М.Әуезовтің концепциясына Қ.Жұбанов көзқарасының қабыспайтыны
байқалады. Қайткен күнде де, Абайды Шығыстан ертерек бөліп алу ниеті
авторға мынадай тұжырымды қорытынды жасатады:
«Сонымен, 1864 жылдан кейінгі Абайдан шағатай ықпалын іздеу — бос
арамтер. Өйткені: 1) Шағатай әдебиетінің негізгі бағыты — мистицизм;
Абайда бұл жоқ. 2) Шағатай әдебиетінің тілі араб, парсымен шұбарланған
шұбар тіл; Абайда бұл, машықтау үшін болмаса, ұшырамайды. 3) Шағатай
әдебиетінде өлең өлшеуі — араб, парсының ғаруз өлшеуі. Абай мұны ерте
тастаған. 4) Абай сияқты төрт аяғы тең жорға ақын шағатайдың ғарузына
сүйсінген болса, жазып алып сүйсінбей, басқа да бір қасиеттерін қосып
ала жүрген болар еді; Абайдың еш қылуасында олармен әдеби оты өрелі
жанатын қылық жоқ. Абай Шығыс үлгісін көрмей, білмей аман кеткен ақын
емес, белшесінен кешіп барып, батпағына аунап барып, одан шығып, тастап
кеткен ақын» [36-бет]. Осы ойлардан Абайды шағатай әдебиетінен арашалап
қалу ниеті айқын байқалады. Кейінгі кездегі әңгімелерді былай қойғанда,
журналдың бір санында қарама-қарсы екі пікірдің айтылуы, оқушы ойын әр
өңірге жетектеуі тегін емес. Сондықтан да Абай және Шығыс әдебиеті деген
проблема әлі де жете, түбегейлі зерттелетін үлкен де күрделі, кезек
күттірмейтін проблема.
Қ. Жұбанов осы тарауда талай соны, тың байқаулар жасап, ғаруздың
заңдылықтарына іштей еніп, ғылымдық диапазонын танытқан. Абайдың еліктеу
дәуірін дәлелдеуге талаптанғанда: «шағатай әдебиеті Абай өлеңінің
поэтикалык, техникасына да шалығын тигізгендігін мойындағымыз келеді»
[33-бет], — дейді. Абайдың ақындық қуаты, кемеңгер ойшылдығы жеңіп,
тұтас гармония жасаған, «сондықтан, Абай өлеңінің мазмұны түрін көрсетіп
тұрады, түрі мазмұнын көрсетіп тұрады. Абайдың тілінің сөздігі
(лексикасы), грамматикасы, Абай өлеңінің өлшеуі, ырғағы, ұйқасы, Абай
суретінің бейнесі — бәрі бірге қосылып та, жеке тұрып та негізгі
тақырыптық күйіне билеп тұрады. Оның сөздері тек бермек ұғымын
жеткізерлік амал болып, поэтикасы өлең қалыбына сиярлық қана болып
қоймайды, бірі олай, бірі бұлай да кетпейді, солардың әрқайсысы, үлкен
симфония оркестріндегі жеке музыка аспаптары сияқты, өздері бір-бір күй
тартып тұрады да, бәрі қосылып негізгі күйді шығарады, тақырып соның
бәріне дирижер болып тұрады» [32-бет]. Абай поэзиясының сырын жыға
ұққандықты танытатын мұндай бақылаулар мен сүбелі ойлар осы еңбектің әр
саласынан жиі кездеседі.
«Абайға сүтпен кіріп, сүйегіне сіңген әдебиет үлгісінің бірі — халық
әдебиеті» [36-бет] екеніне осы мақалада арнайы назар аударылған. «Шам
жарығы түбіне түспейді» дегендей, бұған дейінгі мақалаларда Абайдың
қазақ әдебиетінен алған үлгі-нұс-қалары арнайы әңгімеленбей, сөз
арасында ғана айтылып қана келгенін ескертсек, автордың ауыз әдебиеті
мен Абайдың байланысын ашу талабын айрықша құптаған жөн. Абайдың жаңа
эстетикалық норма жасағанын, қазақ өлеңіне зор өзгеріс енгізгенін
айтқанда, көбіне Батысқа, әсіресе, орыс әдебиетіне бағыштай береміз де,
Шығыс әдебиетінің әсерін желе-жорта, ал, қазақ әдебиеті әлі фольклорлық
қалыпта, көркемдік шеберліктің шырқау биігіне көтерілмеген, шынтуайттап
келгенде, қазақ әдебиеті өзіне өзі үлгі-өрнек бола алмайды деген теріс
түсінікті тілге тиек етіп шыға келетінбіз. Сөйтіп, Абайды, тіпті, ұлттық
поэзияның топырағынан алшақтатып әкетуге дайын тұратынбыз. Соның
салдарынан болу керек, Абайға дейін қара өлең мен жыр ғана болған, Абай
жаңа өлең өрнектерін жасады деп, өлеңнің сыртқы құрылысына ғана назар
аударып, қазақ өлеңінің негізгі жүйесіне, дәстүр сабақтастығына көңіл
бөлінбей келе жатқан болатын.
Қ. Жұбанов осы еңбегінде Абай халық әдебиетінің «қызығына ерте тояттап,
ескірген даналығын көп ұзамай-ақ өзіне мұра санаудан қалған. Халық
әдебиетінің заман таптап даңғылданған көне жолы Абайға тарлық еткен»,
сондықтан ол «көр-жерді өлең қылған» ақындардан және Шығыстан өзгеше жол
іздеп, «Байрон мен Гетенің, Пушкин мен Лермонтовтың етегінен ұстайды.
Классик әдебиет дөңіне шығып, артына қарағанда» [37-бет], жамау-жасқаулы
Шортанбай, Дулат өлеңдері, сөздің қасын түзеймін деп кезін шығарған ел
ақындарының жырынан безіп, Абайдың «тіл ұстартып, өнер шашпақ» болғаны
жайлы ой түйіп, осының өзін «күні бүгінге шейін құнын жоғалтпаған
артықшылықтарының бірі» деп табады. Халық әдебиетіндегі басы «артық
сөздер» мен қыстырмалардың жайын білгірлікпен баяндайды.
«Қазақтың халық әдебиеті де сахна әдебиеті болатын, көпшіліктің
тыңдауына бейімделген шығарма болатын. Тыңдалатын шығарма мағынаның
артық қоюлығын көтермейді. Ондай болса, тыңдаушының миын шаршатады.
Сондықтан халық шығармасында шығарманың тақырыбына қатысты сөздердің
аралығында тыңдаушының миына гимнастика болғандай «басы артық» сөздер
енгізілетін. Ауыз әдебиетте мұндай қыстырма әңгіменің үш түрлі пайдасы
бар.
1) Тақырыптан тыс әңгіме болғандықтан, тыңдамасаң да, түсінбесең де,
әңгіменің ұзын-ырғасын ұғуға кемшілік қылмайды. Сонымен ол тыңдаушыға
демалыс болады. 2) Тақырыптан тыс әңгіме болғандықтан, тыңдаушының
зейінін аударып, миға гимнастика болады. 3) Тақырыптан тыс әңгіменің өзі
бір шетімен тақырыпқа байланысып жатса әрі логика, образ жағынан дұрыс
құрылса, тыңдаушыны күнілгері даярлап, негізгі тақырыпты жақсы, жанды
түрде түсінуге себеп болады. Ауыз әдебиеті үлгісінде бұл таптырмайтын
әдіс. Бірақ жазба әдебиетте мұндайлар мағынаны сұйылтып әкетеді.
Сондықтан мұнда ұзақ қыстырма әңгімеге орын қалмайды. Мұнда оның орнын
сөздің образдылығы ұстайды» [38-39, 40-беттер],- деген ойларының өнікті
екені және творчество психологиясын, оның ішкі сарайын жыға түсініп,
індете, қазбалай айта білгенін көреміз.
Қ. Жұбанов Абайдың образ жасау жолындағы ізденістерін халық әдебиетімен
бауырластырып, өскен арнаның көне болғанымен де, құнарлы екенін танытуға
талаптанған. «Қысқасы, Абайдың образ қолданудағы өзгешелігі: әуелі —
қатесіз анық таныс бейнені алады, екінші — образы ескі, өлі қалыбында
қалмай, жанданып кетеді, үшінші — ескі образды өсіріп, жаңартып жалғап
әкетеді. Оның ескі таныс образ алуы тек таныс жағымен тартып, жуықтатып
алып келгеннен кейін басқа жаққа бұрып жіберейін деген сияқты. Ескі
әдебиет мұрасын Абайдың пайдалануының бәрі осылай. Ол ескіні де, өз
заманын да дәріптемейді. Ескі образды алғанда, оны сүйдіру үшін емес,
ескіні бұзып, жаңа қылып, сонымен жаңаны ұғындыру үшін алады. Абайдың
әдебиет, мәдениет істеріне қолы тиіп кетсе, ол тек сүртіп, шаңын кетіріп
шықпайды, өзінше бұзып, өзінше түзеп, өз қолының ізін қалдырады.
Өлеңнің ырғағы да, ұйқасы да, буыны да, әні де, тақырыбы да, сөз төсегі
де, суреті де Абайдың қолынан өткенде бұрын көрмеген жаңа нәрсе болып
шығады. Абайдың арқасында XIX ғасырда қазақтың әдебиеті өзінің атам
заманғы «азалы аң көрпесін сілкіп тастап», Европаның классик әдебиетінің
қалыбына түседі, сөйте тұра, қазақ әдебиеті болушылығын да бұзбайды»
[41-42-беттер], — деген тұжырымды ойлар түйеді.
Ғылыми дәлелдемелері мен эстетикалық бақылаулары мол автор өз пікірін
түйіп тастап отыруға, сол айтылған ой-пікір негізінде үлкен корытынды
(обобщение) жасауға ұмтылатын ғалымдық стилін әрқашан танытып отырады.
Шығыс пен қазақ, әдебиеттерінің болмысын жыға таныған Қ. Жұбанов Абайдың
классик ақын екендігін ішкі процестермен түсіндіріп: «Абай біздің жазба
әдебиетіміздің атасы болғанда өлеңін, қара сөздерін тек қағазға
жазғандығымен ғана емес, жазба әдебиет пен ауыз әдебиеттің осы
айырмашылығын ашқандығымен атасы болады. Қазақ әдебиетін ауыз әдебиеті
дәрежесінен шығарып, неше мың жылдай көнігіп, етке, қанға сіңіп болған
ескі ауыз әдебиет дағдысынан құтқарған адам — Абай» [40-бет], — деген
қорытындысына еріксіз қол қойғызады. Қ. Жұбановтың бұл еңбегі әлі толық
танылып, оның мән-мағынасына айрықша назар аударыла қойған жоқ. «Е, Абай
жөнінде кім не демеді» сыңайымен келе жатырмыз. Екіншіден, Абайды
ғылыми жолмен тану-дың алғашқы кезінде осындай ой-пікірлердің айтылғаны
зор табыс болса, үшіншіден, казақтың эстетикалық ой-пікірінің өсу,
жетілу жолдарын, яғни сынның өз алдына жеке жанр болып қалыптасып келе
жатқандығын, әдебиет-танудың алғашқы қарлығаштары ұша бастағанын
көрсету мақсатын көздедік.
«Әдебиет майданы» журналының Абай-ға арналған осы санында Қ. Жұбановтың
еңбегінен кейін Ілияс Жансүгіровтің «Абайдың сөз өрнегі» деген макаласы
жарияланған. Бұл тың, соны еңбек емес, I. Жансүгіровтің Абай
шығармаларының толық жинағына арнап 1932 жылы жазған алғы сөзінің акырғы
тарауы.
Абай творчествосының эстетикалық кадір-қасиетін ашу, өзге әдебиеттермен
байланыс-ықпалдардың сырына үңілу, Абай ақындығының мәнін түсіну
саласындағы үйірлі материалдардың ішінен Есмағамбет Ысмайылов пен Зейін
Шашкин жазған «Абайдың поэтикасы» деген мәнді еңбекке назар аударған
жөн. Өйткені Абай творчествосын шын ғылыми жолмен игерудің айқын
көрінісі болуымен бірге, осы құнды зерттеу бұл уақытқа дейін жалпы
долбарланып, нақты әңгімеленбей келген проблемаға оңтайлы барлау
жасайды, түйінді ой-пікірлер айтады. Сонсын, жалғыз Абай поэзиясы ғана
емес, жалпы қазақ әдебиетінің поэтикасы бұрын-соңды арнайы сөз
болмағанын ескерсек, бұл тұңғыш еңбектің қадір-қасиеті еселене түседі.
Авторлар Абай поэтикасын үш жүйеге бөле қараған. Әуелі — Абайдың қазақ
өлеңіне қосқан жаңа өрнектеріне, екінші — көркемдік амалдарына, үшінші —
Абай өлеңінің дыбыстық, яғни әуендік жүйелеріне назар аударған.
Сол кездегі сынның аңғарымен бұл авторлар таза эстетикалық
категорияларға, талдау-анализге идеялық мұнарадан қарауыл қоя отырып
барғанын да көреміз.
«Абай — қазақ поэзиясының сөзсіз бір биік асқар белі. Қазақ поэзиясын
тұйықтан шығарып, шын, мәнді поэзияның есігін ашты. Әдебиет тарихымызда
поэзияның айқын жолдарын салды. Ол жол қазіргі әдебиетімізде де сайрап
жатыр», — деп жалпы поэзияның даму сатыларына көз салады, орыс
поэзиясына Пушкин жасаған өзгеріс қандай болса, Абай қазақ поэзиясына
соншалық өзгеріс жасады, «шын көркем поэзияға жол ашты. Абайға дейін
қазақтың бай ауыз әдебиеті, тілі өріс ала алмай, тұйыққа тіреліп тұрса,
Абай ол тұйықты жазды. Өзінің поэзиясына жаңадан өріс іздеді, қанаты
талмайтын жазыққа құлаш ұрды. Ол шыңнан аспанға өрмелеген соң, жазықтан
шыңға өрмеледі. Жазықтан поэзияға сара жол салып аспандады. Сондықтан
Абай, қазақтың нағыз көркем поэзиясының басы десе дұрыс болар еді»
[97-бет]. Осындай жалпы ой-пікірлерден кейін Абайдың өлең өрнектеріне,
өздері аңғарған жаңа түрлерге талдау жасаған.
Абайға дейінгі қазақ, поэзиясындағы өлең түрлері 11 буынды қара өлең мен
жыр екенін жалпылай айтады да, осы екеуін қосқанда, Абай жаңадан 16 түр
шығарды деп, әрбір жаңа өрнекке мағыналық тұрғыдан да, эстетикалық
тұрғыдан да, кей кезде статистикалық деректер тұрғысынан да дәлелдер
келтіреді.
Мақаланың мазмұнын, талдау-анализдерін баяндардан бұрын, бір мәселеге,
яғни Абай қазақ поэзиясына қанша жаңа өлең өрнегін енгізді дегенге
азырақ тоқтай кеткен абзал. Бұрынғы мақалаларда Абай жаңашыл ақын,
сондықтан ол қазақ өлеңіне көп жаңа түр қосты деген жалпылама пікір
айтылса, Ілияс Жансүгіров Абай жинағына жазған алғы сөзінде Абай 14 жаңа
өлең өрнегін жасады деген ойын нақты мысалдармен дәлелдемей айтса, осы
журналда жарияланған мақаласында: «Абайда ескілі-жаңалы 11 өлең өлшеуі
бар» [49-бет], — дейді, бірақ оны тарамдап, жүйелеп талдамайды. Қазақ
әдебиеттануында Абай енгізген өлең түрлерін алғаш нақты талдаған Е.
Ысмайылов пен 3. Шашкин. Бұдан кейін С. Мұқанов «Абай — халық ақыны»
деген 1937 жылғы принципті еңбегінде 15 түрді атап көрсетсе, «Жарқын
жұлдыздар» монографиясында оны 20-ға жеткізген. М. Әуезов бұл мәселеге
арнайы назар сала қоймаған. Ал, Қажым Жұмалиев: «Абай ең алдымен 8
буынды және 6 буынды жаңа екі түр кіргізді. Бұның екеуі де Абайға
дейінгі әдебиетімізде жоқ еді. Үшінші, «аралас буынды» өлең құрылысының
жаңа түрлері»,- деп С. Мұқанов пен Е. Ысмайыловтың өлең түрлерін
жіктеуіне қосылмайды. «Абайдың кіргізген жаңалығы он бес пе, он алты ма,
әлде онан да көп пе, ол мәселені ашық калдырып, жалпы алғанда Абайдың
өлең құрылысына үлкен өзгеріс кіргізгендігін ғана айтамыз» [1960, 2-т,
349-6], — деп өте бір қажетті де керекті мәселені орағытып өткен. Зәки
Ахметов та «Қазақ өлеңінің құрылысы» атты еңбегінде осы жолмен кеткен.
Тегінде, бұл мәселе әлі де болса арнайы зерттелуге тиісті айрықша
қажетті проб-лема. Абай енгізген жаңалықтың бәрі де тек жалпы
идеялық-көркемдік тұрғысынан ғана емес, қажетті жағдайда стуруктуралық
тұрғысынан да қаралуға тиіс. Әдебиет-тану-дағы структурализм әдісінің
жетістігін, оңтайлы жақтарын пайдаланып, осы мәселені тиянақты шешіп алу
қажет-ақ.
Сонымен, Е. Ысмайылов пен Шашкиннің Абай поэтикасына алғашқы рет жасаған
нақты талдауына оралғанда, 20-30 жылдарда әдебиеттану саласында жиі
қолданған зерттеу тәсілдеріне ден қойған жас авторлар орыс
әдебиеттануынан бірқыдыру өнеге алған. Олар поэтикалық, туындының жан
сырын ұғып, ішкі процесін түсінуге талаптанған. Оған осы мәнді еңбекте
дәлелдер көп. Абайдың «Жаз» деген өлеңіне жасаған талдау осының айқын
көрінісі.
«Абайға дейінгі халық әдебиетінде де, Абайдың жыр үлгісімен жазылған
өлендерінде де «Жаздай» шебер жазылғаны жоқ. Бұл өлеңде Абай сөзді
ойнатып, ырғаққа билетіп, дауыс толқындары да бірыңғай шығып,
ұйқастарында ешбір олқылық білінбейді, жорға аттың жүрісіндей тайпалады
да отырады… Басынан аяғына дейін жолдың әр тармағы 8 буыннан не аспайды,
не кемімейді. Абай өлеңдерінің ішіндегі көтеріңкі, серпінді рухпен
жазылған шаттық жағдайы өлеңнің мағынасынан ғана емес, ырғақ, дауыс
толқыны, ұйқасымының өзінен көрініп отыратын өлең. Сондықтан «Жазды» өз
алдына бір түр етіп алдық» [99-бет], — деп осы өлеңді сөз қолдануы
жағынан талдауға салады. Сондай-ақ, Абайдың атақты «Сегіз аяғына»
келгенде, авторлар өлеңнің түрін мазмұнына тәуелдейді.
«Қайғылы сарын күйі жүректен шалқып шығып, қалқып, сорғалап, аспанға
өрлеп барып, қайта жайылып, бәсеңдейді. Күйдің пернесі қайтадан
тартылғандай дауыс толқыны бір көтеріліп, өрлеп, өрістей, тағы басылып,
тынғандай болады. Бірақ жаңғырық күй тынбастан іле-шала іркілген түйдек
толқын бір шарпып, жарға ұрылғандай шаңқ етіп, беті қайтады, жаралы
болған жан тәрізді өзін мойын ұсындырып, әлсіреп, әлі бітіп барып
тоқтайды. Өлеңнің ырғағы, дыбыс толқыны (әні өз алдына және бар) «Сегіз
аяқтың» осы сарын күйіп күшейте түседі: тағы ырғақ пен мазмұнның ән
күйіне бірлігі келіп шығады» [101], — деп тапқан авторлар «өлеңнің түрі
мазмұнына тәуелді болмақ» тәрізді ой айта отырып, осы «Сегіз аяқ»
үлгісімен Бейімбет жазған «Жаңартты қазір жырды ауыл» өлеңіне талдау
жасайды. «Қайғылы күй кестесі шаттық әуенді шығармаға орайласпайды, түр
мен мазмұн екі айырылып, қабыспай тұр» [114-бет] деп табады.
Осындай эстетикалық таным-білікпен жас авторлар Абайдың Шығыс
әдебиетінен алғандарына, ғаруз үлгісімен жазылғандарына тоқтай келіп,
шыққан тегі ғаруз болғанымен, «Жүрегі — айна, көңілі ояу» өлеңінің қазақ
өлеңінің ырғағына түсу жайына назар аударады: «Абай поэзиясының түр
өрнектері, ырғақ, сарын күйлері қазақтың ауыз әдебиетіне негізделіп
жатумен қабат, араб, парсы, шағатай, орыс әдебиеттерімен де араласып
жатыр. Солар-дан үйренгендігі, солардың өлең түрлерін (әсіресе, орыстан)
қазақ жағдайында өзінше жасай білгендігін көріп отырмыз. Абай
өлеңдеріндегі өлшеудің көбі әлі әдебиетімізде қолданбағандығын, тіпті,
өзі де кейбір түрлерді жетілтпей кеткендігін көреміз. 16 өлең түрінің
бастапқы екеуінен басқасы — Абайдың кіргізген жаңалықтары. Абай
өлеңдерінің ең қиын, ең оңай мөлшер, өлшеулері де қазақтың бұрынғы халық
әдебиетінде бар үлгі мен Шығыс, орыс әдебиеттерінен алынған»
[105-106-беттер]. Мұндай тұжырымдарының мәнділігін бай-қамасқа болмайды.
Ал, «Абайдың көріктеу заңы» деген тарауда авторлар «Абай поэзиясының ең
басым, күшті жағы теңеуде» [107-бет] жатқандығын айтып, бейнелеу
(метафора), кейіптеу, айқындау, әсірелеу, түйдектеу, арнауға тоқтайды
да, «Дауыс ырғағы туралы» тарауда дыбыс қуалап отыру (аллитерация),
эпифора мен апафора сияқты бірқыдыру көркемдік тәсілдерінен білгір
байқаулар, орынды түйіндер жасап отырады. Мәселен, «Абайдың «Күз» деген
өлеңінің дыбыстары жаратылыстың кейбір құбылыстарын келтіріп тұрады.
Күздің қоңыр салқын желінің ысқырып, ызыңдап, дамыл алмай, құбылып
тұратындығын Абай бір жағынан дыбыс естілуімен көрсеткен. Абайға «Күзді»
жазғанда «с», «з» дыбыстары келуінің өзі де кездейсоқ емес. «Күзде» не
бәрі 24 жол бар. Сол жолдарда 38 «с», 8 «з» дыбысы бар» сынды бақылаулар
бұл еңбектің эстетикалық талдауы жағынан бірқыдыру биікке көтеріліп,
Абай поэтикасының мәнді арналарын дұрыс көре білгендігіне дәлел бола
алады. Абайдан үйренушілердің есінде жүрсін деп бұл авторлар Абай
өлеңдерінен үш мін көреді: «Абайдың негізгі бір кемшілігі көп өлеңнің
ырғағы әнге келмейді» [115-бет], — дейді. Оны 1932 жылы Ілияс та айтқан
болатын. Бұл жаңа пікір емес, ондай ой 1914, 1926 жылдары А.Байтұрсынов
еңбегінде айтылған-ды. Осы жайға 3. Ахметов әдейі назар аударып: «Халық
поэзиясының үлгісімен Абай өз өлеңдерін әнмен сүйемелдеп айтуға әрқашан
бағыштай бермеген. Ол ол ма, қазақ, поэзиясында тақпақтап айтылатын,
оқылатын өлеңнің дәстүрін жасауға саналы түрде талпынды, ондағы көздеген
мақсаты — осы өлең түрінің жаңа мүмкіндіктерін бар қуатымен таныту еді»
[313-бет], — деген ғылыми пікір тұжырымдаған.
Мұнымен қатар, авторлар Абайдың екінші кемшілігі — «кейбір өлеңдерін
бастап қана қойып, аяқтамай кеткендігі бар, үшінші — құрғақ, үгіт
түрінде келетін дидактикалық өлеңдері де кездеседі», — деп білген,
бірақ мұның ешқайсысы да Абайдан үлгі-өнеге алуға кедергі жасай алмайды,
жаңа жағдайға лайықтап ала білу керек, сондықтан одан «түрді, түрдің
кестелерін, образдарын өзінің идеясына бағындырып, алған тақырыбын
өрнектеп беретіндігін үйрену керек. Өлеңнің ырғағы, сөз екпіндері,
сыртқы құрылысы мағынасыз қалай болса солай қолдана салатын нәрсе емес.
Онда да мағына, онда да идея, пікір бар. Абай сияқты классик, мастер,
шебер, шешен, ұста ақын өз дәуірін қалай суреттеді, қалай көрсетті, соны
көрсетуде тілді қалай жұмсады, қалай пайдаланды, міне, осы шеберлік
жағынан үйреніп, дәуірімізді, Отанымызды осылай суреттей білу керек»
[114-бет], — деген тұжырымдары өзінің эстетикалық сауаттылығымен, ой
ағынының мәнділігімен көрінуі — қазақтың сыншылдық ойының биік белге
көтеріліп келе жатқанын аңғартатын белгілер.
Абай творчествосының мән-маңызын аңғару тобындағы көп еңбектің бірі — М.
С. Сильченконың «Абайдың реализмі» деген мақаласы. Алайда осы мақалада
«Абай мәселесі», «Абайдың дүниеге көзқарасы», «Абай поэзиясы» деген
тарау аттары аңғартқандай, жалпылай ой топшылау басым. Рас, автор сыншыл
реализм деген терминді қолданған, бірақ оның сыр-сипаты Абай
творчествосынан өрбімей, сырттай қисындалған. Абай реализмін зерттеу
қажет деген пікірді нақты дәлелдеп көрсетпеген. Осы күрделі мәселе М.
Әуезовтің «Орыс реализмінің дәстүрі және революцияға дейінгі қазақ
әдебиеті», «Абайдың халықтығы мен реализмі» деген еңбектерінде ғылыми
шешімін тапқан.
Сонымен, М. Әуезов, I. Жансүгіров, Қ. Жұбанов, Е. Ысмайылов пен 3.
Шашкиннің, М. Сильченконың «Әдебиет майданы» журналында жарияланған
еңбектері Абай ақындығының қыры мен сырын ашуға, Абай поэзиясының қазақ
әдебиетіне қосқан жаңалығын саралауға, көркемдік шеберліктің биік
сатысына көтерілерде қандай мәнді арналардан үлгі-өнеге алғандығын
танып-білуге мүмкіндік берді. Екінші жағынан, казақтың әдеби сынының
алымы молайып, тынысы кеңігендігін, ғылыми арнамен өркендеуге мүмкіндігі
мол екендігін, жанр ретінде қалыптасып келе жатқандығын танытты.
Проблемалы сын мақалалардың, ғылыми ізденістердің бәрі де қазақ
әдебиеттануының өркен жаюына қолайлы жағдай туғандығын, ал, сынды өзінің
профессионалдық арнасына айналдыратын білімді жас дарындар жасағы бар
екенін көрсетіп берді.
«Әдебиет майданы» журналының осы арнайы санында жарияланған
материалдардың енді бір мол саласы — Абай заманын, ұлы ақынның дүниеге
көзқарасын анықтау мәселесіне арналған. Әзімбай Лекеровтің «Абай және
оның дәуірі», Әмина Мәметованың «Абай — кезеңнің дана ақыны» деген
мақалаларының идеялық-творчестволық өрістері, негізінен алғанда, бұдан
да бұрын талай әңгіме, айтыс-тартыс объектісі болған жайларға
аударылғанмен, әр автордың ой түйіндеуі, пікір қорытуы әр алуан.
Сондықтан олардың негізгі ой-пікірлерін топтастыра қарастырған абзал.
Бұл авторлар ең негізгі мәселе — Абай өмір сүрген заманның сыр-сипаты
әлі зерттелген жоқ. Абай жөніндегі дау-дамайдың барлығы да осы түбегейлі
мәселеден өрбіп жатыр. Абай заманын әркім әрқилы талдайды, сондықтан өз
заманының бел баласы болған Абайды әркім өзінше бағалайды деген ойды
айтқан.
Ә.Лекеров Абай творчествосындағы әлеуметтік сарындарды талдай келіп:
«Абай қай мәселе болсын, қоғам құрылысы, жұртшылық, ел билеу, дін —
бәрін әкеліп өзінің негізгі көзқарасы — ағартушылыққа бағындырады,
барлық мәселеге сол көзбен қарайды» [62-бет], — деп тауып, Абайдың
ағартушылығын үлкен ғылыми концепцияға айналдырады, дәлелдей баяндайды.
Бұл пікір кейіннен толықтырылып, «Абай — ағартушы-демократ» деген
тұжырымды Сәбит Мұқанов жасағаны әмбеге аян.
«Әдебиет майданы» журналында жария-ланған материалдардың үшінші тобы –
Абайдың қоғамдық сананың әр саласы жа-йында айтқан ой-пікірлерінің мәнін
ашу. Оған бір мысал — Шарафи Әлжановтың «Абайдың педагогика туралы
көзқарасы» деген мақаласы. Кейін бұл салада көптеген еңбектер жазылғаны
белгілі. Ш. Әлжанов: «Кейбіреулер айтады — Абай тек болғаны жазушы,
ақын, онда философия, психология, педагогика туралы көзқарас жоқ. Осы
соңғы пікір дұрыс па? Жоқ, дұрыс емес» [23-бет]. Абай сегіз қырлы
дегенімен, автордың социологиялық қайшылыққа ұрына бергенін де
байқаймыз. Мәселен: «Абай ғылымды, мәдениетті, прогресті жаңа көзбен
көре алмады. Абайдың «ғылымы» ескіліктен, дінмен, құдаймен шумақтасып,
шатасып жатыр» [25-бет], — дегендері автордың ниетіне тұсау сала берген.
Сонымен, Абайды ғылыми тұрғыдан танып, зерттеудің алғашқы қадамы осы
«Әдебиет майданы» журналының ақынға арналған санынан басталды деп
білуіміз керек. Мұнда Абайдың заманы, дүниетанымы, творчествосы, өнеге
алған арналары, жаңашылдығы, поэтикасы арнайы әңгіме арқауына айналып,
алғашқы ғылыми мәнді барлаулар жасалды, жаңа да соны концепциялар
тұжырымдалды. Ол материалдардың басым көшпілігі Абайтану проблематикасын
қайткенде де көбейте түсу үшін емес, шешіп алынуы айрықша кажетті
түбегейлі мәселелерге арналды. Сыншылық пікір мен ғылымдық ойлар
ажыраспас тұтастық тауып, қазақтың әдебиет сыны жанр ретінде бірдыдыру
эстетикалық-көркемдік биіктерге көтерілуге даярлығы бар екендігін айқын
танытты. Бір ғана 1934 жылдың ішінде Абай жайында жиырмаға тарта
мақалалардың жазылуы, сентябрь айында Абайдың мұрасына арналған
дискуссияның сәтті өтуі, жалпы ынта-тілектің Абай творчествосын
жан-жақты біліп, тануға аууы, сонымен қатар, эстетикалық талдау жүйесіне
кешегі күннің салқыны тиіп, инерция бойынша айтылған ой-пікірлердің
кездесуі де қазақ әдебиет сынының өсу, өркендеу процесінің құнарлы
екендігіне айқын дәлел бола алады.
Абайдың қайтыс болуына 30 жыл толуын атап өту жөніндегі үкімет
қаулысынан қанаттанған сыншылық-ғылымдық ой-пікірлер көзі ашылған
бұлақтай мөлдіреп ақты. Кейінгі жылдарда ең аз дегенде он-он бестен, ал,
1940 жылы 150-ге тарта мақала, зерттеу, дәйектеме мен жарнамалар
жазылғанын айтар болсақ, жаңадан іргесі қалана бастаған Абайтану ілімі
әдебиеттану ғылымымен үзеңгі қағысып, «үрдіс өсіп келе жатқан және қазақ
әдебиетінің өзге тарауларын тануымыздан гөрі, өнімдірек өскелеңдеп келе
жатқан ғылым тарауы екенін» [М. Әуезов. Абай Құнанбаев. 1967, 275] анық
танытты. Сондықтан біз алғашқы кезеңдей емес, енді Абай творчествосын
игеру мәселесіне өзіндік үлесін қосқан кесек те күрделі еңбектерге
қысқаша шолу жасасақ та жеткілікті деп есептейміз. Айтылар ой,
дәлелденер пікір, әр проблемадан өрбіп шығатын ішкі мәселелердің бәрін
түгелдей, ішіне кіре жазу бұл еңбектің міндетіне жатпайды.
Қалыптасу дәуірін өткеріп келе жатқан казақ әдебиеттану ғылымында Ғаббас
Тоғжановтың «Абай» атты 1935 жылы шыққан зерттеуі бар. Абай
творчествосының бар проблематикасын әңгімелеген, көбіне оңтайлы жауап
берген ғылыми эстетикалық еңбек емес, социологиялық арқауы басым
монографиялық очерк. Ол Абай лирикасына тоқтаған уақытта: «Оның бір ұшы
қазақтың ескі әдебиетінде, енді бір ұшы орыстың Пушкин, Лермонтовтарында
жатыр. Абай екеуін де қоса білді. Абай лирикасында жеке адамның мұңы
мен әлеумет тілегі араласып жатады. Абай қарабасын сол көп үшін, жұрт
үшін жылатады, өлеңмен өлердегі сырын айтады. Абай сыры — жүрек, сезім,
сананы түгел аралайды. Адамның ішіне кіреді, жанын қозғайды. Бұл жағынан
карағанда терең сырлы ішкі сырды қопаратын лирика қазақта Абайдан
басталды деуге болады» [136], — деген бақылаулар жасайды.
Абай творчествосы жайында 30-жылдардың бірінші жартысында жазылған
зерттеулер мен мақалаларда бірқыдыру өнімді ізденістер болды. Осы
кезеңнің ерекшелігін Сәбит Мұқанов 1937 жылғы «Әдебиет майданы»
журналында жарияланған, кейіннен Абай шығармаларының бірінші томына 1939
жылы алғы сөз ретінде жазылған «Абай — халық ақыны» атты
ғылыми-эстетикалық жағынан айрықша мәнді еңбегімен айқындап, Абайдың
жеке басын, оның асыл творчествосын дау-дамай, айтыс-тартыстың додасынан
шығарып алды.
Абайдың заманы, дүниетанымы, ақындығы, жаңашылдығы сияқты күрделі де
мәнді мәселелердің бәрі де күн тәртібіне қойылып, идеялық-көркемдік
шешімін таба бастаған уақытта, ендігі жазылар еңбектер құр баяндауға
негізделмей, түйінді жинақтауларға көшуге тиісті еді. Міне, осыны С.
Мұқанов кезең талабын ескере отырып жүзеге асырды. Абай творчествосын
әңгімелегенде, бұрынғыдай ұзақ сонар дәлелдер келтіріп, тарихи-әдеби
шолу жасау қажеттігі анохронизмге айнала бастады. С. Мұқанов «Абай —
халық ақыны» деген ең негізгі концепцияны жан-жақты дәлелдеп шықты.
«Абай ру қамын емес, жалпы қазақ халқының қамын ойлаған, бақытын
көксеген, қазақ шаруасын мәдени жолға түсіруді, қазақтың әлеуметтік
тұрмысындағы теңсіздікті жоюды, қазақтың ұлт мәдениетін, ұлт әдебиетін
өсіруді арман еткен, ұлттың самосознаниесі күшті қазақ халқының бірінші
ұлы ақыны», — деген ең негізгі пікірді тұжырымдауы 1937-1939 жылдарда
үлкен ерлік қана емес, ғылыми-эстетикалық жаңалық болатын. Ал бұл
қорытынды пікір Абайды ғылыми жолмен тану бағытында жазылған барлық
еңбектерден, мақалалардан өнетін, өсіп-шығатын, бірақ, сол уақытқа дейін
ешкім тұжырымдап айтпаған түйінді қорытынды болды. Осындай концепция
жасау үшін С. Мұқанов өзінің 1937 жылы «Әдебиет майданы» журналындағы
мақаласының негізгі арқауын мүлде өзгертіп, жаңаша баяндауына тура
келгендігін көреміз.
Абай сынды халық ақыны қалай өсіп-жетілді, ақындық дарыны қалай
қалып-тасты, кімнен үлгі-өнеге алды деген мәселе-ні осы тұжырымға
тәуелдей баяндады. Өйт-кені бұған дейінгі еңбектер тарихи-әдеби
деректерді баяндай отырып қорытынды шығаруды көздесе, бұл еңбек Абай
төңірегінде осыған дейін айтылған ой-пікірлердің бәрін ескере отырып,
әуелі негізгі қорытынды жасап алып, соны социологиялық-эстетикалық
тұрғыдан дәлелдеп көрсетуді мақсат еткен. Мұндай синтездік еңбек
зерттеулер объектінің сыр-құпиясы бірқыдыру ашылып, даңғыл түсе бастаған
шақта пайда болатын құбылыс.
С. Мұқанов Абайдың халық ақыны екенін айқын дәлелдегеннен кейін, оның
дүниетанымы, көзқарасы жайында өнімді ойға тізгін беріп,
ағартушы-демократ деген терминді алғаш ұсынды.
Абай революциялық ой-пікірге, яғни қоғамды күрес жолымен жөнге салу,
өзгерту идеясын уағыздамағанымен, таптар қайшылығын көре білді, еңбектің
мәнін ұқты, саяси теңсіздікті көрді, болысты, старшынды сынады,
әйелдердің азаматтық правосын қорғады, бірақ осының бәрін революциялық
тұрғыдан емес, ағартушы-демократтық позициядан көрді деп дұрыс ой
түйеді. Осы концепция әдебиеттанудан бекем орын алып, өнімді (табысты)
ізденістер жасатуда.
Осы идеялық мәселелердің бәріне оңтайлы жауап тауып, үлкен тұжырымдар
жасағаннан кейін, автор енді творчестволық салаға, әсіресе, Абайдың
қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаудағы ерен жаңашылдығына барынша көп
назар аударады.
Абай қазақ поэзиясына 15 жаңа түр кір-гізді деп, оны нақты-нақты
мысалдармен дәлелдейді. Е.Ысмайылов пеп 3.Шашкиннің «Абай поэтикасы»
деген еңбегінің методологиялық тәсілін сыртқа теппегенмен, мүлде жаңаша
ой толғайды. Абай жасаған жаңа өлең өрнектерінің сырт құрылысына емес,
ішкі тынысына баса назар аударады. Осыған байланысты үш түрлі ескерту
жасауды қажет деп тапты. «Бірінші, бұл жаңалықтарды табарда Абай
негізінде Европа әдебиетіне сүйенгенмен, олардан аударды деуге
болмайды» [21-бет], оның көп түрі қазақ поэзиясының бесігіне бөленген,
екінші, орыс өлеңінің құрылысы тоникалық болса, Абай силлабикалық
өлеңнің жүйесін қатты қолданады, үшінші, көп өлеңін әнге лайықтап
шығарған, өзінің жаңа өрнегін қалыптастыру үшін әдейі 17 ән шығарады,
жаңа әуенді музыканы поэзия жаршысына айналдырады. Өз өлеңіне жаңа
мазмұн, жаңа ырғақ, жаңа үйлес, жаңа түр ізденіп, оны көп еңбек сіңіру
арқылы тауып, қазақ поэзиясын бұрынғыдан жоғары сатыға көтерген Абай осы
ізденудің арқасында өлеңдерінің көркемдігін жаңаша құрып, көркемдіктің
жаңа түрлерін, жаңа образдарды, жаңа теңеулерді көп тапқан ақын»
[23-бет], — деген тұжырымды Абайдың көңіл-күй, табиғат лирикасына
сабақтастырып жібереді.
Табиғат лирикасы көбіне профессионалдық поэзияның мәнді көрсеткіші
екенін ескерте отырып, қазақ поэзиясының теңеу объектісінің өзгере
бастағанын орынды байқаймыз. Абайға дейінгі өлең-жырда поэтикалық
теңеулер көбіне малға, жануарға байланысты еді, енді табиғат сазы ене
бастады, табиғат құбылысымен көңіл-күй сырын ашу заңды жүйеге айналды,
«Абай табиғаттың шын, ақиқат көркем бейнесін көз алдыңа алып келеді.
Табиғаттың құбылыстарын Абай табиғат үшін ғана емес, адамның өмірімен
байланыстыра, адамға бейне қыла жырлайды» [25-бет].
Сонымен, С. Мұқановтың «Абай — халық ақыны» деген ғылыми-эстетикалық
жағынан толымды да дәлелді қорытындысы біздің әдебиеттануда әбден
қалыптасып, Абайдың творчествосы туралы эстетикалық жаңаша талдау
жасауға бағыт сілтеді.
Абай жөніндегі ой-пікірлердің жетіле толысуы, өрелі өркендеуі барысында
Абайдың ғылыми ғұмырнамасын жасау мәселесі күн тәртібіне нақты қойылды.
Мұны негізінен М. Әуезов атқарып шықты, ерен еңбек сіңірді, ұлы Абайды
әлемге танытты.
Абайдың өмірбаяны әлі толық емес, қомақтандыру шарт, әсіресе, Абайдан
қалған қолжазбаның сақталмауы мүмкін емес, талай көшірмелер болған,
солардың соңына жарық алып түсу, Абайдың орыс достары туралы деректерді
іздестіру, Семей, Омбы архивтерін ақтару жайлы ойлар айтылды. Міне, осы
жай Абайдың екі томдығын 1939-1940 жылдары шығару кезінде қатты
ескерілді. Мұхтар Әуезов пен Өтебай Тұрманжанов екеуі Алматы, Семей
архивтерін ақтарып, Мүрсейіт қолжазбасының жаңа варианттарын тапқан.
Ірілі-уақты деректік дүниелер, естеліктер жинаған. Осының бәрі-бәрі
Абайдың толық жинағының II томдығында жарияланған. Сол материалдардың
бәрі де М. Әуезовтің қолымен жазылғанын Қазақ, ССР Ғылым академиясының
Орталық ғылыми кітапханасының сирек кітаптар қорында «1913» деген рет
санымен сақталып тұрған қол жазба-кітаптан анық көреміз. Солай бола
тұрса да, М. Әуезов өзінің «Абай (Ибраһим Қүнанбайұлы» атты классикалық
монографиясында әлі де болса: «Абайдың өмірбаянын зерттеп, толықтырып
жазу жұмысы жетер өресіне жетіп, аяқталған жоқ», — дегені әшейінгі
кішіпейілдік қана емес. Демек, Абайды ғылыми жолмен тануға үлкен
септігін тигізетін осындай еңбектердің кезеңдік мәнін ғана емес, жалпы
тарихтық орнын айқындау шарт.
1945 жылы Абайдың туғанына 100 жыл толуы бүкіл халықтық мерекеге
айналды. Мерекеге арналып шыққан Абай шығармаларының толық жинағына С.
Мұқанов «Абай — қазақ халқының данышпан ақыны» деген алғы сөз жазуы, М.
Әуезов пен Б. Кенжебаевтың «Абай — қазақ халқының ұлы ақыны» деген
кітапша шығаруы, Қ. Жұмалиев, Е. ЬІсмайылов, Ә. Қоңыратбаев, Қ.
Мұхаметханов, Т. Нұртазин, Т. Тәжібаев, М. Сильченко, Ә. Тәжібаев
сықылды ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің, ақын-жазушылардың 300-ден
астам мақала жариялауы Абайдың жазба әдебиет негізін қалаудағы еңбегін
ғана айтып қоймай, бүкіл қазақ қоғамындағы, мәдениет тарихындағы орнын
айқындап берді. Соның арқасында қазақ әдебиеттану ғылымында Абайтану
ілімінің өз алдына отау тігуіне жағдай жасалды.
Бұдан кейін, яғни қазақ әдебиеттануының қалыптасу дәуірінде бұл салада
ізденіс-барлаулардың барынша өркендей түскені әмбеге аян. Өз алдына ілім
саласына айналғанда, оның тарихын, басып өткен жолын М. Мырзахметов
арнайы қарастырғанын ескеріп, Абайды ғылыми жолмен зерттеудің өнікті де
жемісті арнамен дамыған шағын танимыз.
Сонымен, мәдени-әдеби мұраны танып, бағалауда қазақтың
сыншылдық-ғылымдық ой-пікірі осындай асуларды асып, толыса бастағанын
көреміз. Абайтанудың жеке бір ілім саласына айналу процесі — бүкіл қазақ
әдебиеттану ғылымының үлкен жеңісі.
Абайтанудың алғашқы кезеңі ұзақ сонар баяндалуының бір себебі — Абай
жайындағы ғылыми-сыншылық ой-пікірдің эволюциясын көрсету мақсатынан
туса, екінші жағынан, жеке ақын-жазушылардың творчествосын игеру ісі тап
осындай болмағанымен, осыған ұқсас процесті басынан өткергенін аңғарту
еді. Бұл жөнінен Сұлтанмахмұт Торайғыров төңірегінде болған әңгімелерді
баяндап жатудың қажеті шамалы. 1932 жылы С. Мұқановтың «Сұлтанмахмұт
қандай ақын?» деген алғы сөзі мен «XX ғасырдағы қазақ әдебиеті»
кітабындағы арнайы тарауды, одан кейін жарияланған еңбектерді талдау
қажетсіз қайталауға ұрындырары анық. Сол сияқты, Махамбет Өтемісов,
Мұрат Мөңкеұлы, Ыбырай Алтынсарин, Ақансері Қорамсаұлы, Ығылман Шөреков,
бертінгі Баймағамбет Ізтөлин мен Шолпан Иманбаевалар жайында жазылған
мақалалар, олардың шығармаларын жариялау қаншалықты мәнді екенін
ескергенмен, олардың да тану, танылу процестері Абай творчествосының
өткелдеріне ұқсас болуы айдан анық.
Сондықтан жалпы әдеби мұраны дұрыс игеру, әсіресе, жеке ақын-жазушының
тарихи орнын айқындау процесінде Абай творчествосының шешуші сипаты
болды, кейбір дарын тағдыры осы үлгімен пішіліп, әдебиет тарихынан
тиісті орын алды. Әрине, әрбір дарынның алға тартар әңгімесі де, көтерер
проблематикасы да Абаймен деңгейлес емесі өзінен өзі түсінікті.
Қазақ халқымен талай ғасырдан бері бірге жасап, рухани байлығы болған
ауыз әдебиетінің озық үлгілері мен жеке дарындардың, әсіресе, Абай
сияқты данышпан ақынның творчествосын игеру барысында қазақ әдебиет сыны
өсу дәуірінде екені танылып қана қоймай, қазақ әдебиеттану ғылымының
туып, қалыптасып келе жатқандығы аян болды.
Т.Кәкішев
АБАЙТАНУ ТАРИХЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Аннотация. Мақалада қарастырылған мәселелер. Абайтану ілімінің қалыптасу
кезеңдері. Абай шығармашылығының негізгі мәселелері. Абай көзқарасы
және Абай заманы. Абай жаңашылдығы және реализмі. Абайдың дүниетанымы.
Абай ақындығы. Шығыс және Батыс әдебиетінің ықпалы.
Тірек сөздер: Абай, Абайтану, шығармашылық, жаңашылдық, реализм.
Т.Какишев
ПРОБЛЕМЫ ИСТОРИИ АБАЕВЕДЕНИЯ
Аннотация. Вопросы, рассматриваемые в статье. Этапы становления
абаеведения. Основные проблемы творчества Абая. Мировоззрение Абая и
современность. Новаторство и реализм Абая. Поэтика Абая. Влияние
восточной и западной литературы.
Ключевые слова: Абай, абаеведение, творчество, новаторство, реализм.
T.Kakishev
PROBLEMS IN THE HISTORY OF ABAI
Abstract. The issues dealt in this article. Stages formation of science
of Abai study. The main problems in the works of Abai. Worldview and
time of Abai. The novelty and realism of Abai. The poetry of Abai. The
influence of Eastern and Western literature.
Keywords: Abai, Abai study, creativity, originality.
Бөлісу: