Рахманқұл Бердібаев: Жаңа Жазба Әдебиетіміздің Негізін Салушы
Бөлісу:
08.08.2015
4040
1.1. КЕМЕҢГЕРЛІК КЕЛБЕТІ
Жаңа жазба әдебиетіміздің негізін салушы, данышпан ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбаевтың қайтыс болғанына 80 жыл толуы тұсында жұртшылық өзінің ұлы перзентінің мәдени рухани тарихымыздағы орнын, өлмес шығармаларын, ізгі өнегесін келелі кеңес тақырыбы етуі табиғи. Өйткені Абай мұрасы мәңгілік мәнін жоймайтын, әр заманда да әсері азаймайтын, уақыт озған сайынтерең сырлары ашыла түсетін, бүгінгі мен болашақтың сан буынын тәрбиелейтін ұлттық байлығымыз. Қандай ұлы ақиқатты да әр қауымның құлағына құйып, санасына сіңіріп, үздіксіз үлгі тұтып, ардақтап, насихаттап отырмаса, мәдени жалғастық баяулап, дәстүріміздің тұтастығына нұқсан келмек. Ал классикалық әдебиетіміздің асқар биігі болып табылатын Абай шығармаларын әрдайым қайталап оқып, мағынасын үғып отыру халқымыздың елдік санасын, көркемдік тұшынымынөсіретін мықты құрал болып қала береді. Керісінше Абайдың асыл ойлары мен ақыл сөздеріне, халқына қалдырған ғибрат, өсиеттеріне немқұрайлы қараушылық зындандай қараңғылық, ем қонбас жәһілдік белгісі болмақ. Ендеше жаңа тарихымыздағы ең ірі, ең нұрлы тұлға туралы пікір тізбегі толастамауға тиіс.
Біз бұл мақалада Абайға қатысты қыруар мәселелер тобынан бірер нәрсеге ғана кідіргіміз келеді. Соның бірі — ұлы ақын туындыларының біздің дәуірімізде де танытқыштық әрі тәрбиелік мәнін жоймаған заманагөйлігі, екіншісі — Абай мұрасын бұдан былай да зерттеу мен насихаттау міндеті.
1. Өткендегі ақын, өнерпаз, ғалым, ойшылдар еңбегінің бағасы қашан да халықтың терең мүдделерін, үлы сауалдарын батыл көтеруіне, соған орнықты, әділ, ілгерішіл көркемдік жауап айта алуына қарай өлшенеді. Осы тұрғыдан алып қарағанда Абай туындылары өз кезінің көкейкесті сөзіндей, ұлы арманындай естіледі. Заман мен адам туралы кемел ғибрат болып қала береді. Біздің дәуірімізге ақын шығармаларының ішкі қуаты әлсіремей, талдау, сынау күші кемімей, өмір өксіктері өшпеген қалпында жетуі олардың тәрбиелік мәнін арттырады.
Абай мұрасының теңдесі жоқ білгірі М. Әуезов өзінің монографиясында ақын шығармаларында әлеуметтік сыншылдық сипаттың күшті екенін былайша тұжырымдаған: «Шынға келгенде Абайдан қалған сөздің ішінде барлық ақындықтың шарты болатын жалынды, жанды, өткір сезімді былай қойғанда, қалған сарынның ішінде салқын ақылмен сөйлегіштік көп пе, жоқ, шанышпа тілді, сатиралы ащы мысқыл, улы күлкіге ұрғандық көп пе? Біздің ұғуымызша соңғы түрі басымырақ сияқты» (Абай Құнанбаев, «Ғылым» баспасы, 1967, 39—40 беттер). Бұл Абай өмірі мен туындыларын тиянақты тексеруден, үлкен танығыш талғамнан туған тұжырым.
Кезінде ақын шығармаларында күрделі орын алған сарындар біздің заманымызға да үндес шығуы қайран қаларлық. Елді тұрақты еңбекке, кәсіпке, адамшылыққа, оқу-білімге, достық-ынтымаққа шақыратынөлеңдер қазір де күн тәртібінен түспеген мәселелер. Абай шығармалары советтік дәуір адамдарынада бұл тараптан өнеге, үлгі таратарлық тартымды. Мұның өзі ағартушылық реализмнің әлі күнге дейін көркемдік тәсілдері жалғасып келе жатқандығын көрсетеді.
Ақынның «орынды іске жүріп, ой таппаған, не болмаса, жұмыс қып мал таппаған, құр бекерге бұлғақтаған» жастарды сынауы нысанаға дөп тиеді. Адамды еңбек арқылы жетілдіру біздің қоғамымыздың да түбірлі тәрбиелік принциптерінің бірі ғой. Ол жастардың еңбекке баулынбай, дүниенің оңайына қызығушылығы үлкен дерт деп санайды («Терін сатпай, телміріп, көзін сатып, теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман»). «Сегіз аяқ» деген атақты өлеңінде ақын жұртшылықты еңбекке үгіттейді, бұл адал өмір сүрудің, бақытқа жетудің негізгі шарты деп қарайды («Еңбек қылсаң ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Егіннің ебін, сауданың тегін, үйреніп, ойлап, мал ізде»). Бәріміздің бала күнімізден жатқа білетін «Әсемпаз болма әрнеге» деген өлең де еңбекшілдік ұраны секілді әсер қалдыратын. «Сен де бір кірпіш дүниеге, тетігін тап та, бар, қалан»деген сөздерде терең философиялық мән жатыр.
Абайдың адамшылдық, ар, парыз туралы өлеңдері де тарапынан бүгінгі коммунистік қоғам құрылысшыларының санасына өшпес өнеге құйып келе жатқаны белгілі. «Ғылым таппай мақтанба» деген өлең, мәселен, тұтас дәріс, адамшылық сабағы десе болады. Көбіміз мектеп қабырғасында жүргенде-ақ білетін, бірақ мағынасына аса көп ой жүгірте қоймаған жолдарда кісіліктің кодексі, әдептілік низамы тізілген екен.
…Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпак, —
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой
Қанағат, рахым, ойлап қой —
Бес асыл іс көрсеңіз…
Бұл жолдарда саналған жақсы мен жаман деген шарттың әр қайсысында телегей-теңіз үғым жатыр. Осындай ойларын ақын басқа да өлеңдерінде ұдайы айтып отырады. Бұлар халықтық педагогиканың тармақтары тәрізді, адамзаттың неше ықылым заманнан бері тәжірибесінде калыптасқан, сыннан өткен шындықтар. Абай шығармаларында толық, кәміл адам деген тіркестер де ұшырайды. «Ақыл, қайрат, жүректі қатар ұста, сонда толық боласың елден бөлек» дейді ол. Осы түсініктер жан-жақты жетілген коммунистік құрылыс дәуірі адамдарын тәрбиелеуді көздейтін қазіргі қоғамымыздың ең биік нысаналарымен ұштасады.
Оқу-білімге, достыққа, ынтымаққа шақырған шығармалардың да актуальды мәні күшті екенін білеміз. Адамдар арасындағы мақсат бірлігі, татулық таусылмас береке екенін ақын көп өлеңінде қайталай мадақ етеді.
Кемді күн қызык, дәурен, тату өткіз,
Жетпесе біріңдікін бірің жеткіз.
Күншілдіксіз тату боп шын көңілмен
Қиянатшыл болмақты естен кеткіз!
Жүрегі жұмсақ білген құл,
Шын дос таппай тыншымас,
Пайда, мақтан — бәрі тұл,
Доссыз ауыз тұшымас,
Сезімпаз көңіл
Жылы жүрек
Таппадым деп түңілмес.
Бір тәуір дос
Тым-ақ керек
Ойы мен тілі бөлінбес.
Абайдың «ойы мен тілі бөлінбейтін» дос, сырлас іздеуі, оны тіршіліктің тірегі, қызығы санауы дәл бүгінгімұратқада орайлас. Ал ақынның «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» деген өлеңі ойы да, көркемдігі де кемел, іңкәрліктің мәңгілік сұлу әніндей әсер қалдырады.
Ақындық, сөз өнері туралы Абай толғамдары дамейлінше заманалық екені көрінеді. Реалистік әдебиет эстетикасының талаптары ақынның «Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы» деген өлеңінде толық таратылып айтылған. Өлеңнің талғамды, екшелген болуы, оқуға жеңіл әрі тартымды шығуы, түр мен мазмұнның үйлесуі, бөтен сөзді араластырмау, қызықтылық, қисындылық — мұның бәрі тұтас бір теориялық, кітаптың үғымын қысқа да ұтымды тұжырымдайды. Шығарманың қоғамдық мәні, халық өмірінде алатын орны да аса білгір айтылған («Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол»). Шын ақын келбеті мына жолдарда тамаша мінезделген.
Қыранша қарап Қырымға,
Мұң мен зарды қолға алар.
Кектеніп надан зұлымға,
Шиыршық атар, толғанар.
Енді бірде ақын қүрғақ өлеңшілік пен шын жүректен шымырлап шыққан туындының арасындағы жер мен көктей айырмашылықты аңғартады.
Ақылмен ойлап білген сөз
Бойыңа жұқпас, сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз
Бар тамырды қуалар.
Осы келтірілген мысалдардан-ақ Абайдың ғибратшыл өлеңдері бүгінгі идеологиялық майданда да өз қызметін адал атқарып келе жатқанын білдіреді.
Ал ақын кезінде әшкере еткен, таңбалаған, адам бойындағы кеселдер деп тапқан қырсықтарда бүгінде түгелдей жойылып бітті деуге ерте. Ескі рулық-феодалдық қоғам күйреп, оның орнына озық социалистік құрылыс бекісе де, ежелден бері бірге ілесіп келе жатқан алауыздық, күншілдік, қараулық, надандық секілді жамандықтар санадан арылып біте қоймапты. Сондай ұнамсыз көріністерді тануға, мінеп-шенеуге Абай өлеңдері бүгінде де өз көмегін тигізетіні анық. Ертедегі адам шошырлық жауыздықтар типінің жаны сірілігі айқын танылады. Сонда ақынның өсер елге, келер қауымға кесепат, қырсық деп тапқандары, жирене, мысқылдай түйрегендері қандай көріністер
«Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деген өлеңде қазақ қауымында кездесетін кертартпа, кеселді салттардың шындығы сипатталған. Мәселен, мына екі жол ел пысықтарының кең тараған кейпін айнытпай суреттейді.
Алашқа іші жау боп, сырты күлмек,
Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек…
Бұндай екі жүзділік, тажалдай тақыстық қандай жағдайда сіңді екен деп ойласаң, мұның да «тамағы тоқ, жұмысы жоқ» ортада, шын еңбекке үйренбеген, азаматтығы қалыптаспаған, рушыл, топшыл, пайдакүнемдер арасында орын тепкенін түсінесің. Ауыл атқамінерлерінің, бір рудың «өкілі» болып сөйлейтін, сыбаға тілейтін пысықтардың сұрқы мына жолдарда тайға таңба басқандай елестейді.
Сырттансымақ, қусынбақ, өршілденбек,
Сыбырменен топ жасап бөлек-бөлек.
Үлкен елдік мүдделерге көтерілмеген, бүгінгі пайдасын, түсетін табысын ғана ойлайтын, өздерін ерекше жытқыр санайтын, қалған жұрт касіретке ұшыраса селт етпейтін топшыл, жікшіл алапестердің арамзалығы әшкереленген.
Ант ішіп күнде берген жаны, құрсын,
Арын сатып тіленген малы құрсын.
Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып,
Қу тілмен қулык, сауған заңы құрсын.
Халық қамын ойлауға қабілетті, қатарынан озық жандарды қалайда сүріндіріп, оның орнына болымсыздарды көтеретін мінездердің адамшылдық, әділдік жолына жат екендігі де ақын назарынан тыс қалмайды.
Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап?
Жұрт жүр ғой күйкентай мен қарға сақтап.
Қыран шықса қияға жібереді
Олар да екі құсын екі жақтап.
Қарқылдап қарға қалмас арт жағынан,
Күйкентайы үстінде шықылықтап.
Өзі алмайды, қыранға алдырмайды
Күні бойы шабады бос салақтап,
Тиіп-шығып, ыза қып, ұстатпаса,
Қуанар иелері сонда ыржақтап…
Ақын осындай қасиетсіз төмендіктерге кейде ызаланса, кейде мұншама сорлылық қалайша жабысқанын ойлап қасірет шегеді, жүрегі қан жылайды. Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың, Жақсы менен жаманды айырмадың, Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың… Өзімдікі дей алмай өз малыңды Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың. Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінеки бұзған жоқ па, елдің сиқын? Бұл жолдарда терең шындық бар… Мұндағы «жақсы», «жаман» деген сөздердің тікелей ұғымынан басқа ұланғайыр астары да сезіледі; «дүниені танымайсың, шикі, надансың, пайда мен зиянды, дос пен қасты ажырата алмайсың, әрқайсың аспанды тірегендей болып жүріп, елді сорға душар еткеніңді білмейсің» деген ашынды ақиқат естіледі. Ұлтарақтай жер үшін өзара таласып, араздасып жүріп, көлдей жерін жау басып алғанда шыдап отыра беретін пасық, ұсақ мінез бұл өлеңде өзгеше рас болып көрінеді.
Бүкіл халық мүддесін айтып, мұқтажын ескертіп, әкімшілік орындарға мәселе көтеруге барынша енжар, ойсыз, тегеурінсіз «пысықтардың» бір-бірінің үстінен шағым, арыз беруге машықтанғанында ақын оңай жазылмайтын ауру қатарында санайды.
Барып келсе, Ертістің суын татып,
Беріп келсе, бір арыз бұтып-шатып.
Елді алып, Еділді алып есіреді
Ісіп-кеуіп, қабарып келе жатып.
Ұлт болып қалыптасып үлгермеген, ортақ мәселелер үшін күресіп, бас біріктіріп, сол ынтымақтың қызығын, мұратын, сәнін көріп үйренбеген шақта оның орнын өзара жатырқаушылық, шын елдік арманға қабілетсіздік, құбылмалылық баспақ екен.
Кей құрбы, бүгін тату, ертең бату,
Тілеуі, жақындығы — бәрі сату.
Көкірегінде қаяу жоқ, қиянат жоқ
Қажымас, қайта айнымас қайран тату.
Сол замандағы әкімдердің мінез-қүлқын, «типологиясын» ашатын, анық талдау беретін өлеңнің бірі — «Сабырсыз, арсыз, еріншек». Ол арсыздық, көрсеқызарлық, күншілдік, алауыздық, өтірікшілдік, нысапсыздық секілді залалды көріністердің себебі мен салдарын білгір мінездейді, кейде бір-екі жол өлеңмен-ақ қоғамның болмысына түскен дертті өте дәл сипаттайды («Бір-ақ секіріп шығам деп, бір-ақ қарғып түсем деп, мертігеді, жатады»; «бір сөз үшін жау бол бір күн үшін дос болып, жүз құбылған салт шықты»; «Пысық кім деп сұрасаң, қалаға шапса дем алмай, өтірік арыз көп берсе, көргендерден ұялмай», «сыбырдан басқасыры жоқ, шаруаға қыры жоқ»). Елдің бетке шығар сорпасы саналып жүрген белсенділердің нәрсіздігін, жүртшылық жайымен мүлде ісі жоқ, бір құлқынның қамы үшін ұятты белден басып жүргендерді көріп-біліп отырған ақын мұны нағыз қасірет деп есептейді. Ондайлардың кескіні «таршылықта қайрандап, кеңшілікте ойрандап», «күн жауғанда қойныңда, күн ашықта мойныңда», «жат айбынар ісі жоқ, жау айдынар күші жоқ», «нанымы жоқ, анты бар» тәрізді сипаттамалар арқылы берілген. Осылардың халықтық көлемге шығарлық қауқары жоқтығын көріп, ақын «бас қосылса арысқа, кім шабады намысқа» деп сауал қояды, бірақ жауабын таба алмайды. Осы ойлар «Күлембайға», «Мәз болады болысың» деген әйгілі шығармаларда толық таратылып айтылған.
Өзі көрген, таныған сан сорақылықтан, көп кесірден, ақылға сыймас парықсыздықтан арылу жолын іздеген суреткер кейде күйініш үстінде өте ауыр да болса ақиқат сөздерге еріксіз барады.
Жарлы емеспін, зарлымын,
Оны да ойла толғанып.
Жұртым деуге арлымын
Өзге журттан ұялып.
Кезінде атағы дабырайып шыққан әкімдердің тек арам әдіспен байлыққа, мансапқа жету айласы «Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда» деген жолдарда нақтылы суреттелген. Ал бейбіт момын көпшіліктің арқасында биік дәрежеге қолы жеткендер қарауындағы халыққа жаны ашымайтындығы, тек өздерінің тәжі мен тағын ұстап тұруды ғана арман ететіні, зәбірленген, намысы тапталғап жұртының мұқтажы үшін бел шешіп кіріспейтіні де аяусыз таңбаланған («Көздің жасы, жүректің қаныменен, жібітуге болмайды ішкі мұзын»).
Осы мысалдар Абайдың өз шығармаларында уақыттың ең жанды, ең мәнді мәселелерін көтергенін, адал сөзімен еңбекші халықты жақсылыққа шақырғанын, жамандықтан жирендірмек болғанын, шын мәніндегі заманагөй суреткерлігін дәлелдесе керек. Адам мінезінің білгірі, кең ойлайтын кемел ақын кезінде әшкерелеген, зұлымдық деп таныған құбылыстар, салт пен санадағы көлеңкелі көріністер біздің тұсымызда мүлде жоғалып кетті, ондай сорақылықтан құлан таза арылып болдық десек жаңсақ түжырым болар еді.
Арамызда әлі де болса жершілдік, рушылық, топшылдық, қоғам, ел мүддесінен қара басының құлқын артық санайтындық кездесіп қалып отырады. Демек Абайдың ыза мен мысқылға толы, уытты өлеңдері жұртшылық санасын оятуға қазірде де пәрменді қызмет атқарып келе жатыр дей аламыз. Ақын шығармаларының өміршеңдігі олардың мінсіз керкемдігімен қатар асқан шыншылдығында, өсуімізге кедергінің атын атап, түсін түстеп сықақ ететіндігінде.
2. Енді ұлы ақын мұрасын тану, зерттеу саласында алда тұрған уәзипалар жөнінде пікір қозғауды орынды көреміз. Абайтану бойынша құнарлы еңбек еткен ғалымдар, ақын, жазушы зерттеулерін ел біледі, сол үшін біз оған кең тоқталмаймыз. Дегенмен солардың ішінен көрнекті зерттеушілерді атасақ, М.Әуезов, С.Мұқанов, X.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Е.Исмаилов, М.Сильченко, Ә.Тәжібаев, Т.Әлімқұлов, А.Нұрқатов, Ә.Жиреншин, 3.Ахметов, X.Сүйіншәлиев, М.Мырзахметов т. б. есімдерін айтар едік.
Ұлы ақын өмірі мен шығармаларын ғылымның бұған дейінгі жетістіктеріне сүйене отырып тереңдеп тексерудің сала-сала тақырыптары бар. Ол тақырыптардың бірқаншасын ұлы жазушы, үлкен ғалым М.Әуезов өзінің еңбектерінде ертелі-кешті айтып, ескертіп отырған, негізгі ойлар мен желілерді тізіп көрсеткен. Мәселен оның Абай дарынын нәрлендірген үш рухани бұлақ жөніндегі тұжырымдарын алдымен еске салғымыз келеді. «Абай Құнанбаев» атты тамаша зерттеуіндеол былай деп жазды: «…Дана ақынның өз халқынан және жалпы адам баласының өнер-ой байлығынан алған үш үлкен салалы түп-төркіні барын байқаймыз. Мұның біріншісі — қазақ халқының есте жоқ ескі заманнан жиып, өсіріп келген өз даналығы, халықтың ауызша әдебиет қоры… Екінші бір қол артқан қазынасы — араб, парсы, түрік тіліндегі шығыстың көркем классик поэзиясы. Үшінші үлкен өнер, мол азық алған зор саласы — орыс халқының мәдениеті және сол арқылы европа мәдениеті. Осы соңғы өріске құлаш созған Абай өз заманы үшін әрі жаңа тарих, жаңа дәуірдің басы, әрі кең майдан келешек еді» (270 бет).
Бұл тақырыптар түрлі зерттеулерде азды-көпті көтеріліп келеді. Бірақ Абайдың өз халқының көркем сөз даналығымен, шығыс, батыс әдебиеттерімен сан тарау байланысы кең көлемде тексерілген жоқ. Аталған таңырыптың әр қайсысынан алуан проблема екшеліп шыға бермек. Абай және орыс әдебиеті көбінесе идеялық тұрғыдан сөз болып келген, ал ұлы ақынның сол әдебиеттің көркемдік тәсілін меңгеру сатылары, шеберлік мәселесі, оған революционер, демократтар тәсірі жете ашылған емес. Абай және шығыс классикалық әдебиеті де үлкен ізденістерді күтіп тұрғаны кәміл. Бұл жөнінде М. Әуезовтің «Абай Құнанбаев» атты монографиясында қысқаша айтқанынан, М. Мырзахметовтің соңғы жылдарда жарық көрген зерттеу еңбегінің бір тарауынан басқа көзге түсерлік еш нәрсежоқ. Абай мен Науаи, Низами, Физули, Дауани, Руми туындылары арасындағы байланыстар жеке-жеке салаланып анықталуға тиіс. Ұлы ақынның суфизмге қатысы, шығыс әдебиетіне еліктеуі мен үйренуінің, сын көзімен қарауының кезеңдері, кейде орта ғасырлық шығыс поэзиясының Абайға теріс ықпал жасаған тұстары, ақын туындыларында ислам этикасы мен догмасының аралас көрініс беруі, өзге ел шығармаларын қазақ топырағына әкелудің нәзирагөйлік дәстүрі тәрізді жайлар зерттеушілік нысанасы болуға лайық.
Абайдың дүниетанымы бірсыпыра зерттелген, бірақ бұл тақырып одан әрі тереңдей түсуді қажет етеді. Ең басты мәселенің бірі — ұлы ақынның творчестволық методын, реализмінің сыпатын, халықтығын айқындауға тіреледі. Бұл кезге дейін Абай шығармаларында ағартушылық, сыншыл реализмнің сәйкестігі қаншалық дегенге берілген жауап жеткіліксіз. Осылайша тізе берсек, тағы да бірталай ғылыми аспектілерді атауға болар еді. Абайдың ақындық айналасы, оның дәстүрінің XX ғасыр басындағы әдебиетте дамытылуы, совет әдебиетінде жалғастық табуы, ұлы суреткердің өлең құрылысындағы жаңалықтардың түп негізі, шығармаларының жазылу тарихы — бәрі де жан-жақты ыждағатты зерттеуді тілейді.
Тіпті, Абайдың туындыларын көшіріп, үлкен тарихи, мәдени қызмет атқарғандар еңбегі де жеке сөз боларлық. Өзбекстанда бұл секілді хаттар жайында арнайы кітап жазылғанында білеміз. М. Әуезов ұлы ақын өлеңдерін көшірушілер турасында былай дейді: «Абай мұрасының халыққа таралуында көп еңбек етуші бір топ адамдар… болады. Ол көшірушілер ең әуелі Абайдың ұдайы қасында болған жақын адамдары: Көкбай, Ақылбай, Мағауия, Кәкітай (27)». Бұл қатарда татар молдалары Ғабитхан, Мұхаммет — Кәрім, Махмұд, қазақ зыялылары Мүрсейіт, Самарбай, Ыбырай, Хасен, Дайырбай есімдері аталады. М. Әуезов ақын шығармаларын көшіруде еңбек сіңірген Уәсилә, Әсия, Рахила, Ғалия, Ғабида, Қаныш тәрізді қыздар есімін де келтірген (көрсетілген кітап, 28 бет).
Үлкен міндеттің бірі — Абай шығармаларына текстологиялық жұмыс жүргізу. Бұл тарапта орындалған іс аз емес, бірақ оны жетілдіре түсу шарт. Абай аудармаларының табиғатын анықтау, шығыс ақындарының белгілі бір оқиғаны жарыса немесе қайталай жазатын нәзирагөйлік дәстүрін оның орыс әдебиетінен жасаған тәржімасына қаншалық дәрежеде қолдануға болатынын да сөз ету жөн. Абайдың 1977 жылы «Ғылым» баспасын шыққан екі томдығында ақынның аударма деп есептелетін шығармаларына кең түсініктеме берілген, аудармалардың түп-төркіні нұсқалған. Сонымен қатар кейбір аударманыңөзінше жеке шығарма деңгейіне көтерілген кездері де көрсетілген. Мәселен, «Сұрғылт тұман дым бүркіп» деген өлеңнің түпнұсқаға жақын, алыстығы сөз етіле келіп, «бүтіндей алғанда өлең аударма көлемінде қалмай, тың, жаңа шығармаға айналған» (2 том, 245-бет) делінеді. Демек, Абай аудармаларының сипаты, бағыты жөнінде зерттеу жалғаса беруге тиіс секілді. Онан соң ақынның тәржіма дегендерін алдағы басылымдарда бөлек топтамай, хронологиялық ізімен өзге шығармалар арасында беріп отыру дұрысырақ болар еді. Бұл суреткердің шеберлік эволюциясын тануға да қолайлы.
Мұншама көп жұмыс құрамын жүзеге асыру оңай емес. Ол үшін Қазақ ССР Ғылым академиясының М. Әуезов атындағы әдебиет және өнep институтында Абайтану бөлімін ашатын уақыт жетті. Әзірбайжан, өзбек ғылым академиясында Низами, Науаи бөлімдері көп жылдан бері бар екенін жол-жөнекей айта кетудің артықтығы болмас. Осындай бөлім ашылып, маман кадрлар тәрбиелеуге көңіл бөлінгенде ғана іс оңына баспақ.
Классикалық әдебиетіміздің титан тұлғасы, өз творчествосында қазақ ақынның, шығыс шаирының, европа деңгейіндегі суреткердің мүмкіндігін шебер қиюластырғап, бір өзі қазақтың көркемдік дамуындағы ренессанс көрінісі саналарлық кемеңгердің еңбегін тек осындай көрнекті, мемлекеттік шаралар арқылы ғана жаңа биіктен, ғылымның өскелең, қазіргі талабы тұрғысынан қарап талдауға мол жағдай тумақ. Пушкин, Шевченко, Низами, Науаи оқулары секілді Абай мұрасын жүйелі түрде талдап, ғылыми ойды серпілдіріп тұратын оқулар жүргізу керектігі де өзінен-өзі түсінікті. Абай энциклопедиясын шығару да абыройлы істің бірі болар еді.
Абай мұрасының орыс тіліне әлі де болса шебер аударылмағаны көптен бері жұрт көңілін қобалжытып келеді. Ал оның үстіне ең таңдаулы ақынымыздың өлеңдері, дастандары, қара сөзі еліміздегі көптеген халық тіліне аударылып жетпегеніне өкінбеске болмайды. Бізге таныс деректерге қарағанда Абай өлеңдері бұл кезге дейін армян, грузин, эстон, литван, белорусс, башқұрт, қырымтатар, қарашай, балқар, құмық, ноғай, саха, тува, гагауз т.б. тілдерде жеке кітап ретінде шықпаған көрінеді. Мұның бәрі тиісті мекемелердің аударманы жоспарларлау, ұйымдастыруындағы салақтығына, қаттырақ айтсақ, классикалық әдебиетімізге шын жанашырлық көрсетпей келгеніне байланысты.
Ұлы ақын мұрасын насихаттаудың жолы көп. Абай поэзиясы күндерін жыл сайын тұрақты өзгертіп тұруды шешетін кезі келді. Абайтану курсын барлық жоғары оқу орындарының филология факультетінде өтетін жағдай жасау керек. Абай мұрасын игеру біздің ұлттық мәдени дамуымыздың қажетті шарты, елдік ісіміз деп қарасақ абзал. Көрнекті ақынымыз Ә.Тәжібаев айтқандай Абай – біздің тауысып болмаған университетіміз. Дана ойшыл санаткер туындылардың жан-жақты әрі тереңдігі соншалық оның өнерлік жұмбағын шешуге әлі де зор ізденістер қажет.
Бердібаев Р. Замана сазы: Зерттеулер мен мақалалар. – Алматы, 1985. – 1985. – 216-226-беттер.
Сайтта жайғастыруға дайындаған
Талшын Есентаева,
Абай институтының магистранты
Бөлісу: