Қажым Жұмалиев: Абай Және Шығыс Әдебиеті
Бөлісу:
08.08.2015
3984
Жами, Эмир Хосров, т.б. Александр образын қалай жасап, қалай шешулеріне тоқталмағанның өзінде де, шығыстың атышулы үш ақынының көзқарастары, олардың Александр тақырыбын қалай шешкендіктерін байқау үшін Абай «Ескендірін» салыстырып зерттесек жеткілікті және көп мәселелердің беті де ашылады.
Шығыс классиктерінің барлығы да Александрдың батыс, шығыс әлеміне жасаған жорықтарын мол қамтып, кең суреттеулермен қатар, оның соғысы мен іс-амалдарын шенемей, құптау бағытында көрсетеді. Кейбіреулері оны езілушілердің қорғаны, әділдік үшін күресуші ұнамды образ, әрі данышпан-философ, әрі мемлекет қайраткері етіп бейнелейді. Әрине, бұл кездейсоқ нәрсе емес.
Ол поэмалардың авторларының бәрі де дана, ұлы адамдар. Демек олар Александр жорықтары мен оның өз басына сол өз замандарының тұрғысы, өз кезінің алдарына қойған тілек-талаптары тұрғыларынан келген.
Фирдоуси «Шахнаманы» ирандарды арабтар жаулап алғаннан бірнеше ғасыр кейін жазды. Оның үстіне Тұран хандығының күшті кездерінен қалған қанды жорық жолдары әлі сайрап жатқан-ды.
Бір кезде мықты, мәдениетті мемлекет саналған иран елін арабтар жаулап алып, адамдарын құл, қаласын күл етіп, тіліне тыйым салып, дінін қуғынға ұшыратқандары мәңгілік естерінен кетпес оқиғалар еді. Сондықтан өз халқын тереңнен сүйген Фирдоуси, Иран елінің аңыз, ертегі, тарихи деректерге сүйеніп, өз халқының шахтарының ескі заманнан бергі тарихы мен ерліктерін сөз етіп, батырлардың ерліктерін жырлап, образдарын жасау, көптеген шахтардың ел басқарудағы көрегендігі мен әділдіктерін көрсету, өз елінің өткендегі ешкім жеңе алмас бүтіндігі мен қаһармандықтарын еске түсіру, ирандықтарды күшті мемлекет ету идеясын аңсағандық болатын. Александр Дарияның баласы-мыс деген аңызды Фирдоуси түгел қабылдап, оны ескі замандардағы Иран шахтарының бірі етіп және әрі әділ патша, әрі батыр, әрі данышпан мемлекет қайраткері етіп суреттеуі де сондықтан.
Низами де Александрға тарихи жағынан емес, әдеби образ жағынан келген де, оның жер жүзін тебіренткен аты мен ерлік жорықтарын поэмасына негіз етіп, өзі аңсаған әділ хакімнің, халық мұңын жоқтарлық қоғам қайраткерінің бейнесін жасайды. Низами Александрды әрі әділ, әрі философ, әрі пайғамбар етіп көрсетудің үстіне, жаһан кездіріп, поэмасының соңында оны ерекше бір елге ұшыратады: ол елде бай да, кедей де жоқ. Билеуші, бағынушы дегендерді білмейді. Барлығының правосы тең. «Бозторғай қой үстіне жұмыртқалап», бар халық бақытқа бөленген ел болып шығады. Александр өзін қаншама әділ ел басқарушымын деп білсе де, адам баласын тегіс бақытты ететін қоғамдық құрылыс осы екен деген қорытындыға келеді деп, ақын поэмасын осылай аяқтайды.
Егер Фирдоуси өзінің ұлы туындысы «Шахнама» арқылы өз халқының патриоттық ой-сезімдерін оятпақ болса, талай хандардың Әзірбайжан халқына көрсеткен әділетсіздіктерін көзімен көрген, жауға айбар, елге қорған боларлық қасиеті де, қабілеті де жоқ, ақылдылық, көрегенділіктен жұрдай ел басқарушылардың талайын өз қолынан аттандырған қарт ақын: «Әттеген-ай, өзі данышпан, өзі әділ, өзі халық қамын ойлайтын қоғам қайраткері болса» деген жақсы ниет, ұлы арманын Александрдың басына жиыстырады. Ол осы мақсатты көздеді.
Навои ХҮ ғасырда сұлтан Хусейннің хандығы кезінде өмір сүрді. 1469 жылдан бастап, мухрадарлық (хранитель печати) қызметін атқарса, 1472 жылы эмир атағы беріліп, сұлтан Хусейннің бас уәзірлігіне тағайындалып, сол қызметте ол өмірінің соңғы кездеріне (1501ж.) дейін болды.
Навоидың өмірі мен творчествосын зерттеушілердің қайсысы болса да, оның даналығын, ел басқару істерінде халықтың шаруашылығын жақсарту, мәдениетін өркендету үшін көптеген жұмыстар атқарғандығын, Герат халқын талай рет қанды соғыстардан аман алып қалғандығын баяндайды. Өсек-өтірікке еріп, сұлтан Хусейннің Навоиды бас уәзірліктен тайдырған кездерінде сұлтанның үлкен апатқа ұшырауға шақ қалғандығын, Навоиды қайта шақыруға сұлтанның мәжбүр болғандығын тарихшылар фактілер арқылы дәлелдейді. Қысқасы, ол ұлы ақын ғана емес, ірі мемлекет басқарушысы да еді деген қорытындыға тіреледі.
1449 жылы үкімет тізгініне таласып, Ұлықбекті өз баласы Абдаллатифт өлтіруден бастап, Темір ұрпақтарының бірмен-бірі жауласып, бірін-бірі өлтіру тәрізді жойқын жорық, қанды соғыстары үзілмейді. Ұлықбек өлгенде, Навои 8-ақ жастағы бала болса, оның жігіттік, есейген кездері Темір тұқымдарының өзара жауласуларының жуан ортасында өтеді. Бұл ірушіліктің ең шарықтау шегі - сұлтан Хусейннің кезі. 1497 жылы сұлтан Хусейннің ең үлкен ұлы Бадиазземеннің әкесіне қарсы соғыс ашуы, Хусейннің екінші ұлы Муззаффар Хусейн мырзаның өзінің туған ағасы Мухаммед Мүминмен соғысып, Астрабадты қанға бөлеп, оны тұтқынға алуы, сұлтан Хусейн өзінің немересі Мухаммед Мүминді өлім жазасына бұйыруы Темір ұрпақтарының қай дәрежеде азғандығын толық дәлелдей алады.
Өздерінің жеке бастарының дәрежелерінің биік болулары үшін ғана күресуші, бір елдің өз ішінде отырып, өзара жауласушылардың халықтың санын азайту, шаруасын күйзелту, күшін әлсіретуге қаншама зиян келтіріп, апаттарға ұшырататындығы мәлім. Ендеше, осылардың бәрін өз көзімен көріп, өзі тірі айғағы болып отырған әділ хакім, ұлы ақын Навои өз еліне тыныштық іздеп, елін басқарушылардың халық қамын ойларлық адам болуын арман етті. Әрі әлеумет қайраткері, әрі данышпан философ адам болса, мына сықылды азғындық соғыстар, қантөгістер болмас еді, мағынасыз соғыстардан халықтың мойны босап, шаруасын өркендету, тұрмыстарын жақсарту арқылы бақытқа қолы жетер еді деген үлкен идеяны алдына қояды да, ұлы ақын өзінің «Хамсэ» («Пятрица») деп аталатын ұзақ поэмасының бір бөлімін Александр Македонскийге арнап, оған «Саади Искандари» деп ат қояды. Ел басқарушысының әділ, данышпан, философ болуын негізгі нысанасы еткен поэма Александрды бас қаһарман етіп, Темір ұрпақтарына үлгі етпек болады.
Сөйтіп, кезіндегі ел қамын, жұрт тілегін ойлау Навоидың Александрды ұнамды образ етіп көрсетуіне әкеп тірейді. Ол Александр жорықтарының тек керекті деп тапқан эпизодтарын алады да, соны әдеби образ етіп шығарады.
Бұл келтірген мысал, фактілер шығыс әдебиетінің классиктері Александр тақырыбына әрқайсысы өз кезі, өз халқының қажет еткен тілеп, талаптары тұрғысынан келгендігі және оны әдеби образ етіп алып, басқаларға үлгі етуді мақсат еткендігін көрсетеді.
Қазақ әдебиетінің классигі Абай бұл тақырыпқа шығыс классиктерінен басқаша келеді. Ең алдымен, Абай Александр Македонскийге кінәсіз елдерді күшпен жаулап алушы, қанқұмар патша деп қарады да, поэмасында оны осы өз түсінігіне сай етіп суреттеді. Екіншіден, Абай Александр тақырыбына тарихи жақтан қарады. Поэманың басында Ескендірдің әкесі - Филипп, туған қаласы - Македония. Филипп өлгесін, 21 жасында патша болды, «ханның ханы, патшаның патшасы» атанды, Аристотель оның ұстазы деген сөздердің тарихи деректермен дәлме-дәл келулері өз алдына, басқа елдерді жаулап алу идеясы Александрдың жас кезінен-ақ аңсаған арманы деп таныды. «Өз жұрты аз көрініп, көршілерге көз алартып қарады, оңды-солды» деген жолдарымен Филиптің бір жеңістігінен хабар алғанда, өз замандас-жолдастарына жас кезінде айтқан Александрдың: «Отец все делает до нас, и мне с вами не останется совершить ни одного славного подвига», - дейтін сөздерінің мазмұны бір. Демек бұл жайттар Александр туралы Абайдың тек әдеби мұраларды ғана емес, көптеген тарихи материалдарды да зерттегендігін және олардан қазақ ақыны өзінше қорытынды шығарып, Александрдың образын өзінше жасағандығын көрсетеді.
Абай поэмасында да әділдік, данышпандық, жауыздықтар сөз болады. Бірақ мұндағы әділ де, данышпан да, философ та Ескендір емес, Аристотель. Поэмада екі образ бар. Бірі - Ескендір, екіншісі - Аристотель. Көлемінің шағындығына қарамастан, поэманың идеясына сәйкес, екеуі де көркем жасалған образдар.
Біздің жыл санауымыздан 4 ғасыр бұрын өмір сүрген тарихи екі адамды ақын алады да, біреуін қантөккіш жауыз адамдардың өкілі етіп, екіншісін өмірдің бұраң жолдарын көп көрген, әр алуан құбылыстар мен ағымдарға зерделене қарап, әрқайсысына өзінше баға беріп, одан өзінше қорытынды шығарушы ақыл иесі, дана адамдардың өкілі етіп көрсетеді.
Күншілдік, қызғаншақтық, қаражүректік, қанішкіштік, қанағатсыздықтарды Ескендірдің басына жинақтайды. Абайша, Ескендірде жаулағыштықтан басқа қасиет аз. Басқа ақындарда суреттелінетін әділдік, даналық Абай Ескендірінде жоқ. Мінезі шәлкес, ашуланса, жұрттың бәрін қырып жіберуге әзір. Шат аузындағы қақпаға кездескен жерде де Ескендір ақылды адамның мінезін көрсетпейді. Жұмбақ қақпаның ар жағынан сөйлеген жұмбақ адамның сөзі арқылы ақын Ескендірге өз үкімін шығарады:
Мықтымын деп мақтанба, ақыл білсең,
Мықты болсаң, өзіңнің нәпсіңді жең.
Іші тар көре алмастың біреуі сен,
Ондай кісі бұл жерге келмейді тең.
Ескендірге Абай ақылды, дана ғалым Аристотельді қарама-қарсы қояды.
Сол күнде Аристотель жеке-дара,
Ақыл сөзін тыңдамас бар ма шара?.. деп, оқырмандарына оны бір ерекше ізетпен таныстырады. Аристотельдің қандай адам екендігін поэмада Ескендір мен қақападан лақтырылған қу сүйек оқиғасы арқылы көрсетеді. Гирдің екінші басына не салса да басып кете беретін кішкене қу сүйектің сырын да, мәнін де Ескендірге Аристотель сөзбен түсіндіріп және бір уыс топырақтың күшімен дәлелдеп те береді:
Хакім жерден топырақ алып барды,
Бір уыстап сүйекке шаша салды.
Ана басы сылқ етіп жерге түсіп,
Сүйек басы жоғары шығып қалды.
Осы жұмбақты шешу арқылы жауыздық пен әділдікті түйістіреді. Ақынша, жауыздыққа сүйрейтін күншілдік, қызғаншақтық, тоймайтын жебір, ашкөзділік екендігін баяндай келіп, оған әділдік, даналықты қарсы қояды. Әділдікке бастайтын жолды іздейді. Жұмбақ қақпа мен адамның көз сүйегін әділдікке бастайтын символ ретінде алады да, ол жұмбақтарды Аристотельге шешкізіп, даналыққа бас игізеді.
Бұл - адам көз сүйегі, - деді ханға, -
Тоя ма адам көзі мың мен санға?
Жеміт көз жер жүзіне тоймаса да,
Өлсе тояр, көзге құм құйылғанда.
Кәпір көздің дүниеге араны үлкен,
Алған сайын дүниеге тояр ма екен?
Қанша тірі жүрсе де, өлген күні,
Өзге көзбен бірдей-ақ болады екен, - дейді. Аристотельдің бұл шешуі өз нәпсісіне тыйым сала алмай жүрген Ескендірге ой түсіреді.
Ойлап-ойлап патшаның мойны түсті,
«Құдайым көрсетті, - деп, - бұл бір істі.
Бекерлік екен менің бұл ісім», - деп,
Қолын алып жұртына қайта көшті.
Сөйтіп, Абай әрі ғалым, әрі адамгершіліктің иесі Аристотельге Ескендірді бағындырып, бас игізді, қанды жорық соғысын тоқтатады, екінші сөзбен айтсақ, әділдікке жауыздықты жеңгізеді.
Поэманың негізгі идеялық мазмұны - Ескендір образында хан мен патшаларды көрсетіп, халықты олар сықылды ел жаулағыштардан жирендіру, әділдікке үндеу. Әділдік пен даналықтың айқын көрінісін Аристотель арқылы көрсету, оны басқаларға үлгі ету.
Абай Александр тақырыбына тарихи шындық жағынан келді деп, біз жоғарыда кейбір фактілер келтірдік.
Поэмадағы Александр мен Аристотельдің ақыл, парасат, мінез-құлықтарын оқиғаны баяндауларынан да, оқиғаның шешілуінен де аңғаруға болады.
Александр - сөз жоқ, ірі тұлға. Ол - Аристотельден оқып, тәлім-тәрбие алған, өз кезіндегі барлық пәндерден хабардар, қолбасшылық үстіне керекті жерінде ұтымды сөз тауып айтатын шешен адам. Александр айтыпты-мыс дейтін Плутарх арқылы кейінгі ұрпақтарға жеткен афоризмдердің өзі-ақ оның ойшыл адам екендігін мойындатады.
Филипп өліп, патшалық тізгінін өз қолына алғанда, Александр 20-ақ жаста екен. Ол Крания қаласында тұратын оғаш мінезді философ Диогенді көруге, тілдесуге келеді. Диогеннің өзінің үйі болып есептелетін үлкен бөшкесінің алдында күнге арқасын қыздырып жатқанының үстінен шығады. Жас патша философтың қайыршылық халін көріп: «Не мұқтажыңыз бар, айтыңыз, тілегіңіздің бәрі де орындалады», - дегенде, Диоген: «Менің жалғыз-ақ тілегім, күнді көлеңкелемей, тайып тұруыңыз ғана», - деп патшаға сыртын береді. Философтың мұнысын әдепсіздік, жас патшаны қорлау деп білген қасындағылар оған шара қолданбақ болып қызына бастағанда, Александр: «Если бы я не был Александром, я хотел бы быть Диогеном»1, - деп өзін ұяттан, философты азаптан құтқарыпты деседі.
Персия армиясының көптігінен қорыққан ірі қолбасының бірі Парменион шабуылды қараңғылықты жамылып, түнде жасауын сұрағанда, Александр: «Я не краду побед», - депті-міс деген тәрізді афоризмге айналған сөздері аз емес. Әйтсе де ол Аристотель емес. Аристотельге жазған хаттарында оқытушысының даналығын өзі де мойындайды. Оның осы афоризмдік сөз тапқыштығының да бір тамыры сол Аристотельдің тәлім-тәрбиесінде жатқандығы даусыз. Сондықтан даналық, әділдіктерді сөз еткенде, бірінші орынды Абайдың Аристотельге беруі - тарихи шындыққа дәл. «Ескендір» поэмасын Абай тарихи деректер негізінде жазғандығына поэманың кейбір жолдарындағы бас қаһарманына берілген мінездемелер мен тарихшылар жазған фактілерді салыстырсақ, біздің топшылауымызды растайды. Поэмада:
Жазықсыз жақын жердің бәрін шапты,
Дарияның суындай қандар ақты.
Шапқан елдің бәрін де бодан қылып,
Өкімдікпен қолына тартып апты...
Қанішер, қаһарлы хан ашуы көп,
Атағынан қорқады жұрт қайғы жеп.
Сол күнде қошеметші айтады екен:
«Ханның ханы, патшаның патшасы», - деп.
Қызметкердің бәрін де өлтірмекші,
Болыпты шөлдегенге шыдай алмай... - деген жолдардың тарихи шындығын іздесек, Абай оларды өз басынан шығара салмағандығын, өте бір құнды деректерге сүйенгендігін көру қиын емес.
1М.Н.Ботвинник, Г.А.Стратановский. «Замечательные греки», 1961, стр.207.
Патшалық тізгінін қолына алысымен-ақ (орталық Греция) Фивы қаласын талқандап, фиванцыларды жаулап алып, бір соғыста 6 мың адамын кескілеп өлтіріп, 30 мың адамын құлдыққа сатуы, македониялықтарға көнуден бас тартып, өз еркіндіктерін қорғау үшін көтеріліс жасаған фракийцтерді аяусыз жойқындаулары өз алдына, бір мінезі ұнамай қалса, өзінің ең жақын адамдарын өлім жазасына бұйыруы, кісі өлімін тиынға санамаушылықтары жайлы тарихшылар талай фактілер келтіреді. Грек пен Рим қолбасыларының тарихтарын салыстыра отырып жазған «Сравнительное жизнеописание» атты кітабында, ескі замандардың атақты тарихшысы Плутарх Александрдың тактик-стратег, дипломат, саясатшылдық жақтарын мақтаса да, оның қанішерлік, мейірімсіз, қаталдықтарын шеней көрсетеді. Плутарх кітабынан бірнеше фактілердің мазмұнын келтірелік.
Александрдың аяғына бас ұру Дарияны жаулап алғаннан кейін салтқа, оның алдында сақтанбай сөйлеу қауіпке айналған. Әйтсе де оның ең жақын, ең жақсы көретін екі-үш адамы болған. Бірі - өзінің емшектесі Клит («черный», жасында Александрды Клиттің анасы емізіп өсірген), екіншісі - Аристотель, үшіншісі - Аристотельдің немере інісі Каллисфен (өзінің тарихшы философы). Тек солар ғана Александрдың алдында өз пікірлерін жасқанбай, ашық айта алады екен. Бірақ Клит те, Каллисфен де ақыры Александрдың өз қолынан өледі.
Клит емшектес болуымен бірге, Александрға шын берілген және оны 331 жылғы Граникедегі ұрыста өлімнен аман алып қалған болатын. Осындай адамды бір ашуы келгенде найзамен шаншып өлтірсе, Каллисфенді персидтердің бектері тәрізді аяғына бас иіп, қолын сүймегендігі үшін тұтқынға алдырып, ит қорлығында өлтіреді. Александр үйіне жазған хатында Каллисфенді жұмысқа алуға ұсынғандығы үшін жорықтан қайтқасын, өзінің мұғалімі Аристотельді де жазаламақ болғандығын жасырмайды. Тек бұлар ғана емес, өзіне жақын жүрген адамдардың талайларына істеген қаныпезер, қара жүректік істері көп болған.
Қорыта айтқанда, Ескендір образын ұнамсыз етіп көрсеткенде, Абай тарихи шындықтарды тірек еткен. Бұл - бір. Екінші, Абай да бұл тақырыпқа өз халқы, өз кезінің талап-тілектерінің тұрғысынан келген: ХІХ ғасырдың екінші жарымында қазақ халқы үшін қажетті мәселе соғыс емес, оқу, өнер, мәдениет болатын. Сондықтан сонау ескі замандағы әлемді аузына қаратқан ғұлама Аристотельді жұртшылыққа үлгі етуі - ақынның ағартушылық, гуманистік идеяларымен үндес.
Поэма - құрылысы жағынан да көңіл аударарлық шығарма. Поэманың қысқалығының өзі - шеберлік. Поэмаға қойылатын шарттар - оқырмандарына айтпақ идеясын тұжырымды, қысқа, оқиғасын қызықты етіп бере білу. Бұл жайттар шығармада толық сақталған. Поэма негізінде баяндау, диалог, суреттеу, философиялық шегініс элементтерінен құралады және әрқайсысы белгілі мөлшермен шектеледі, әрі сол бөлшектердің ішкі симметриясы мүлтіксіз. Композициясының басқа элементтері де заңды түрде шебер келетіндігі әдеби сауаты бар оқырмандарға біз айтпай-ақ түсінікті.
«Ескендір» - сюжетті, көлемі шағын поэмада да терең мазмұнды жырлап беруге болатындықтың көрнекті үлгісі дерлік шығарма.
Абайдың «Әзім әңгімесі» мен «Вадимі» - аяқталмаған шығармалар. Сондықтан да оларды талдау да, белгілі бір қорытындыға да келу қиын.
«Мың бір түн» әңгімесінен алынған «Әзім» поэмасы ертегіге негізделіп, сол кездердегі «Мың бір түнді» өлеңге аударушы орта ақындардың стилін сақтаушылықтан ба, әлде хат білмейтіндерге түсінікті болуын көздегендіктен бе, әйтеуір бұл поэма қарапайымдау. Абайдың басқа өлең, поэмаларына не тереңдігі, не көркемдігі жағынан келіңкіремейді. Негізінде баяндаумен жазылған. Әзімнің теңіз толқыны, аспанмен астасқан Қап тауы, жер астындағы алтын сарай, айдай аруларға кездескен жерлері Абай сықылды үлкен суретшінің қиялын шарықтатып, әдемі картиналар жасауына толық мүмкіншіліктер туғызарлық жағдайлар болса да, не себептен екені белгісіз, ақын тек жай баяндаулармен ғана қанағаттанады.
«Мың бір түнде» мұндай ғажайып оқиғалар сан рет кездесе береді ғой. Әйтсе де, «Әзімнің» олардан бір айырмасы - алхимия мәселесінің сөз болуы.
Алхимия ғылымының тууы ҮІІІ-ІХ ғасырлар болса да, өріс алған кезі - орта ғасыр. Түбі арабтан (алғашқы алхимик Джабир Ибн-Хайян (Джафар) шықса да, Европаға тез тарап, Англия, т.б. елдерде өзінің қолдаушыларын тауып, қанатын кең жайған-ды. Алхимия жай металдарды ерекше қасиеті бар «философиялық тас» арқылы алтын, күміске айналдыруға болады деген теория ұсынды. Әйтсе де алхимиктер «философиялық тас» іздеу жолында кейде бағалы ғылыми жаңалықтар да ашқан. Тұздардың әр түрін, тұз қышқылы, фосфор, т.б. химиялық заттарды бірінші рет тапқан сол алхимиктер еді.
Абай орта ғасыр ғылымы саласындағы осы бір жайлардың сәулесі дерлік «Мың бір түн» әңгімесінің бір тарауын өлеңге айналдырады.
Джафар Бэкон тәрізді ғалымдар алдарына ғылыми үлкен мақсаттар қойса, Әзімге кездескен жәдігөй шал тәрізді сұм-сұрқиялар ғалымдардың ашқын ғылыми жаңалықтарын өздерінің баю мүддесіне пайдалануы, ол үшін неше түрлі зымияндыққа барулары мүмкін. Жәдігөй шал - солардың бірі. Байлықтың өзінше ауруы бар. Өмірінің ең қызығы, ең негізгі мақсаты тек баю ғана деп ұғынушылар қандай зұлымдық, іс-әрекеттерден де тайынбайды. Ездік те, қаныпезер қаражүректік те оларға бұйым емес. Поэмадағы алхимик жәдігөй шал өзінің зымияндық мақсатын орындау үшін Әзімді қолына алдап түсіреді де, тау басына, ысылдаған апжылан, айдаһарлардың ішінде қалдырады. Шалда ешбір аяушылық сезім жоқ, өз істерін заңды деп ұғады. Екіжүзділік, қаярлық, қаражүректік - бәрі де шалдың басынан табылады. Поэманың негізгі идеясы да баюды нысана еткен адамдарға тән мінез-құлықтарды бейнелеу. Әзім өзінің жастығы, аңқаулығы, тәжірибесіздігі арқасында құлқынның құлы болған қу шалдың баю жолындағы құрбандығы болады. Поэманың аяғында ол қандай адам болатынын кім білсін, әзірге Әзімнің дініне берік, жүректілігінен басқа қасиеті байқалмайды.
Жай баяндау үлгісінде поэма біркелкі тәуір де. Бірақ тым құрғақ, бірыңғай ұйқас, ырғақтары да ойдағыдай емес. Поэма әлі де зерттей түсуді керек етеді.
«Вадим» - М.Ю.Лермонтовтың жас шағында қара сөзбен жазған «Вадим» атты романының І, ІІ, ІІІ тарауының аудармасы. Абай қара сөзді өлең еткен. І, ІІ тарауларының негізгі мазмұны, эпизод, картиналары, кісі аттары - бәрі де дәл келеді. Тараулары қысқа, көпшілігі екі бет, үш беттен құралады. Үшінші тарауы - үш бет. Соның екі бетіндегі оқиғасы ғана Абай өлеңінде беріледі және эпизодтарының орындары ауыстырылады.
Лермонтовты зерттеушілердің айтуына қарағанда, ол юнкерлер мектебінде оқып жүрген кезінде 1833-1834 жылдарда жазған.
Шығарма тақырыбы екінші Екатеринаның патшалық құрған кезіндегі орыс өміріне арналады. 1774 жылдар Пензе губернасы, әсіресе Нижне-Ломовск және Керенск уйездері, помещиктерге қарсы күреске шыққан шаруалар көтерілісінің туын тіккен жері болады. Сол жылдардағы орыс өмірінен алынған тарихи оқиғалардың негізінде «Вадим» әңгімесі туады. Зерттеушілер Лермонтовқа қайыршы Вадимнің тарихын әңгімелеуші өзінің қарт шешесі де, пугачевшілер жайлы айтып берген жоғарғы уйездердің оқиғаны өз көзімен көрген шалдары болуға тиіс деп топшылайды. Сонымен қатар, 1830 жылдарда шаруалар қозғалысы тағы күшейіп, жаңа Пугачев шығу мүмкіншілігінің төбесі көрінеді.
Лермонтовтың «Вадимі» - недәуір көлемді шығарма, ХХІҮ тараудан құралады. Ал Абайдың аударғаны - үш-ақ тарау. Екінші сөзбен айтсақ, Абай қара сөзбен жазылған романды өлеңмен аудармақ болып бастаған, бірақ бітіре алмаған, не басқа бөлімдері сақталмаған.
Абайды қызықтырған, ең алдымен романның көркемдігі және мазмұнының терең, оқиғаларының тартымдылығы, әсіресе әрі қайыршы, әрі бүкіл Вадимнің мінезі мен іс-амалдарының шебер қиыстырылғаны тәрізді. Абай өзінің мейлінше сүйетін орыс ақыны Лермонтов романының көркемдік қасиетін, қызықты оқиғасын, тамаша шебер жасалынған адам образдарын түпнұсқасына сай етіп, мол даярлықпен, бар күшін салып аудармақ болғаны басқы жолдарынан-ақ байқалады.
«Вадимдегі» «День угасал; лиловые облака, протягиваясь по западу, едва пропускали красные лучи, которые отразились на черепицах башен и ярких главах монастыря», - деп басталатын тамаша суреттеуді Абай түпнұсқадан кем шығармайды.
Қазақша:
Батар күнге шымылдық, көк бұлт кең,
Толқынды қызыл торғын өртпенен тең.
Өткен дәурен секілді нұры жайнап,
Арттағы мұнараға береді рең, - деп аударған.
Лермонтовтың басқа да әңгімелері аз емес. Бірақ солардың ішінен «Вадимді» таңдауы ең алдымен көркемдігі дей тұрсақ та, тек сонымен шектелсек, қателескен болар едік. Өйткені көркемдігі жағынан «Герой нашего времени», «Княгиня Лиговская», т.б. әлдеқайда артық та болуы мүмкін. Бірақ Абай «Вадимді» аударуды жоспарлаған. «Неге олай?» деген сұрақ өзінен-өзі туады. Бізше, Лермонтов пен Абайдың өзара жалпы творчестволық, идеялық көзқарастарының байланыстары әуелден берік еді десек, «Вадим» әңгімесі екі ақынды бұрынғыдан да гөрі жақындата түскенге ұқсайды.
«Вадим» - Пушкиннің «Пугачев тарихы» атты еңбегімен қатар жазыла бастаған әңгіме. Екеуінде де шаруалар көтерілісі сөз болады. Ғасырлар бойы помещиктердің езуінде келген шаруалар әрі экономикалық, әрі моральдық азап-қорлықтарға шыдай алмай, 30 жылдарда Пугачев тарихын қайта тірілтпек болып, ереуілге шықса, орыстың прогрессив бағытындағы ақын-жазушы, әлеумет қайраткерлерінің ішінен де оларға жаны ашушылар аз болмаған. Солардың ең бастылары ұлы ақын Пушкин, Лермонтов, тағы басқалар еді. Осылар тәрізді тарихи жағдайлардың негізінде Пугачев пен Вадим әңгімесі туса, ондай оқиғалар сол кездерде қазақ даласында да болды. Демек, бұл тарихтардың бәрімен де жақсы таныс және демократтық-прогрессивтік бағытты қолдаушы қазақ ақыны Абайдың «Вадим» әңгімесін аударуының және бір себебі - оның өз идеясымен үндес келуі. Қысқаша айтқанда, Абай поэмаларының тарихи, идеялық, көркемдік жақтары осыларға байланысты.
Подпись: Абайдың қара сөздеріКөркем қара сөз қазақтың жазба әдебиетінің тарихында Алтынсариннан басталады. Публицистиканың алғашқы негізін қалаушы Шоқан болса, оны одан әрі дамытушы - Абай. Абайдың қара сөздері - көркем әңгіме емес, даналық сөздер, мақала, ғылымдық, философиялық шолулар. Сөйтіп ол өзінің көзқарасын, дүниетануын қара сөзбен де кейінгілерге қалдырып кетті.
Бірақ Абайдың қара сөздерінің өзінше ерекшелігі бар. Оның сөйлем құрылысы да басқашалау болып келеді. Сөздерінің көлемі аз болса да, мағынасы терең. Көпшілігі-ақ сұрау-жауап, не оқушылармен, не өзімен-өзі кеңесу болып құрылады. Бұл - батыс, орыс елдерінің ұлы адамдарының көп қолданған әдісі. Ғылым, көркемөнер, тағы басқа мәселелер туралы өз көзқарастарын айтқанда, олар осы әдісті пайдаланған. Түбі сонау ескі гректердің философтарында жатыр.
Абайдың қара сөздері мен өлеңдеріндегі идеялар бір-біріне қабысып отырады. Әйтсе де оның кейбір қара сөздерінде өлеңдерінде жоқ тақырып, тіпті кейбір қайшылықтар да кездеседі. Бұл еңбектерінің көпшілігінде бұрын қозғалмаған, тың, соны пікірлерді қозғайды. Өз кезіндегі ақындардың ешқайсысының басына келмеген әлеуметтік зор мәні бар мәселелерді сөз қылады.
Абайдың қара сөзді, өлеңді қатар қолдануы таңғаларлық нәрсе емес. Өйткені ол өз заманының мәдениетті адамы болды. Сондықтан дүниеге өз көзқарасын кейінгілерге жазып қалдырып кетуді азаматтық борышым деп білген. Өз елін өзгелердің қатарына жеткізуге, дұрыс жолға салуға көңіл бөлген Абай өзінің бұл мәселеге не үшін кіріскендігі жайлы: «Ақыры ойладым, осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім, басқада ешбір жұмысым жоқ», - деп, өз ойын, өзінің өмірге көзқарасын кейінгілерге жазып қалдыруға бел буады.
Абай - дана ақын. Әрбір дана адам қай кезде болсын, өмірді, өз айналасын бақылай отырып, одан өзінше қорытынды шығарады, өмір туралы аз сөзге көп мағына сыйғызып, өз көзқарастарын кейінге қалдырады.
Абайдың қара сөздерінің жалпы саны - қырық үш. Бірақ өте қысқа, кейбір қара сөздері бір бет, жарты беттен құралады. Солай бола тұрса да, әрқайсысы өз кезіндегі әлеумет өмірінің ең керек еткен күрделі мәселелеріне арналған. Көп әңгімелерінің өзінше тақырыбы, өзінше идеялық мазмұны болғандықтан, бөлек әңгіме болып саналады. Бірақ бұл айтылғандардан оның қара сөздерінің ішінде мазмұны жақтарынан өзара жақындық жоқ деген ұғым тумауы керек. Оның кейбір әңгімелері кейде тақырыбы, кейде мазмұны жағынан бірін-бірі толықтыра түседі.
Абай қара сөздерінің жалпы сарынын ұғыну үшін оның бірнеше сөздеріне тоқталамыз. Мысалы, «Жетінші», «Отыз бірінші», «Он тоғызыншы» сөздері ілім-білімді, оны қалай игеру жөніндегі ақының ой-пікірін аңғартады.
Өзінің «Жетінші сөзінде»: «Жас бала да анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: бірі - ішсем, жесем, ұйықтасам деп туады, бұлар - тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі - білсем екен демектік, не көрсе, соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызыға аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, даусына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу келсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене», «бұл немене» деп, «ол неге үйтеді», «бұл неге бүйтеді» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі - жан құмары. Білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген.
Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгендеп, ең болмаса дендеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады», - дейді.
Қазіргі түсінік бойынша, жан деп Абай адамның рухани күшін айтады. Осыны білсем, үйренсем екен деген ой, сезім, тілек, мүдделерді өсіру, өрістету, сол жолда арымай, талмай еңбек етудің керек екендігін ақын түсіндіре келіп, адамның жас кезіндегі табиғи талап, тілектерінің кейбіреулерде өсе келе, әлдебір себептермен дағдарысқа ұшырайтындығын, кейде кертартпа, бойкүйездіктерге соғатынын шенейді, жастардың ондай мінездерден аулақ болуын арман етеді.
«Жетінші сөзінде» адам баласының сол «білсем» деген табиғи тілегін Абай бақылай келіп, өзінің өмір тәжірибесінен түйгендерін ғылыми-философиялық тұрғыдан қорыта, оған көлденең тұратын бөгеттерді сынайды, ал адам қайткенде білімді болатындығының жолын көрсетуге «Он тоғызыншы сөзін» арнаған.
«Адам, - дейді ұлы ақынымыз Абай, - ата-анадан туғанда, есті болмайды, естіп, көріп, ұстап, татып, ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды танидыдағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегендерінен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады».
Бірақ данышпан Абай тек осы айтқандарымен ғана қанағаттанып қоймайды. Сол естіген, білген нәрселерді адам қайткенде есінде сақтап, қалай ұмытпай, оларды өзінің өмір серігі етудің әдістерін де көрсетеді. Бұл мәселеге оның «Отыз бірінші» сөзі арналған. Әңгіме қысқа, тұжырымды және оқушы жастар үшін өте маңызды, керекті.
(Жалғасы бар)
Бөлісу: