Қажым Жұмалиев: Абайдың Түсінігінше, Ең Қызық Өмір - Татулық, Достық
Бөлісу:
08.08.2015
5314
Абай туындыларының реалистік жақтарын сөз еткенде айрықша тоқталуды қажет ететін негізгі бір мәселе - әйелдер туралы көзқарасы. Бұл мәселе кеңірек тоқтап, кейбір салыстырулар жасауды керек қылады. Абайға дейінгі ауыз әдебиетін және кейбір тарихи әдебиет нұсқаларын алсақ, әйел туралы екі түрлі көзқарастың болғандығын аңғарамыз. Біріншісі - халықтық, екіншісі - феодалдық. Халықтық көзқарас әйелді жоғары бағалайды. Көп жайттарда ерлерден артық етіп көрсетуге тырысады. Ел бастар көсем де, сөз бастар шешен де, топ жарған батыр, аяулы ару, ардақты азамат та анадан туады. Сондықтан өмірде ананың ролі ерекше деген қорытындыны ұсынады. Мысалы, «Алып - анадан, ат биеден туады», «Аяғын көріп асын іш, анасын көріп қызын ал», «Ердің атын қатын шығарады, қатынның атын жатым шығарады», «Жақсы әйел жаман еркекті адам етеді, жақсы еркек жаман әйелді адам ете алмайды», «Жақсы әйел - жігітке біткен бақ, жақсы жер, жайлы қоныс, алтын тақ», «Алғаны жақсы жігіттің әрқашан ісін оңдайды, алғаны жаман жігіттің ісінің сәті болмайды», «Әйел жерден шыққан жоқ, о да еркектің баласы, ерлер көктен түскен жоқ, әйел - оның анасы», «Алқызыл гүл - жердің сәулеті, асыл жар - ердің сәулеті», «Анаңды Меккеге үш арқалап барсаң да, қарызыңнан құтыла алмайсың».
Қазақтың көптеген мақал-мәтелдерін алсақ, ер адамның өміріндегі бақыт та, бақытсыздық та бәрі әйелінің жақсылық, жамандығына тіреледі. Кейбір мақалдарда әйел мен ерлердің әлеуметтік ролі бірдей деп санаса, ата мен ана туралы балаға жүктелетін міндет пен өтейтін қарызы жайлы ой-пікірлерінде халық ананы әрдайым бірінші орынға қояды.
Ауыз әдебиетіндегі өлең, аңыз, ертегі әңгімелерден біз неше түрлі сұлу, ақылды, айлалы әйелдердің образдарын кездестіреміз. Ертегі, аңыздарда ұшырайтын аңғал батырлардың әр алуан алып дәу, мыстан кемпірлер, жер астындағы жылан патшаларымен кездескенде өзін сүйген сұлу қыз, айлалы әйелдердің ақыл-кеңестері арқылы жауларын жеңіп шығып, мұраттарына жетеді. Басқаларын айтпағанда, көпшілікке мәлім Жәнібек пен Жиренше шешен аңызы - бұған толық мысал.
Аңызда Жиренше - әрі сөз тапқыш, әрі ақылды, қандай қиын-қыстаудан болсын сүрінбей шығатын тайпалмалының өзі. Бірақ патшаның өте қиын үш тапсырмасын орындауға келгенде, оның салы суға кетіп, не қыларын білмейді. Соның үшеуінде де ақыл тауып, Жиреншені ажалдан құтқаратын - әйелі Қарашаш. Ақыры ол өз сүтінен қымыз ашытып, ханмен бірге Жиренше жорыққа аттанарда жанторсыққа құйып, күйеуінің қанжығасына байлап жібереді. «Бір кезде хан шөлдеп, саған сусын тап, әйтпесе өлтірем! - дер, сол кезде сен осы қымызды ханға ұсын, ішіп болып, ненің сүті деп сұрар, сонда қымыздың сырын ашарсың», - дейді.
Қарашаштың айтқаны жорықта дәл келеді. Хан қымызды ішіп алып, Қарашаштың сүті екендігін естігеннен кейін, санын бір-ақ соғады. Енді оны әйелдікке ала алмайтын болады да, Жиреншеге жаулығын тоқтатады.
Сөйтіп, халық ханнан да, ханның атышулы шешенінен де ақылы артық әйелдер бар екендігін мойындап қана қоймайды, «Жиренше, Қарашаш» аңызы арқылы, сондай әйелдердің болғандығын тарихи адамдардың атымен байланысты Қарашаш сықылды ақыл, айласы мол ұнамды әйел образын жасайды.
Қарашашты бұлай көрсетудің өзінде де әйелге деген үлкен ізет, зор құрмет жатқан жоқ па? Бұл шын мәніндегі халықтық көзқарас емес пе?
Әйелге деген халықтық көзқарастың бір алуан түрін біз эпостық, лиро-эпостық поэмалардан да кездестіреміз. Эпостардың көпшілігінде-ақ халық ең аяулы ару, адал сүт емген сұлуларын батырлардың серігі етеді. Құртқа, Гүлбаршын, Ақжүніс, Қыз Назым - бәрі де халықтың ардақты ұлдары саналған батырларын сүйіп, соларға көмекке келеді. Кейбіреулерінің ел қорғарлық батыр дәрежесіне көтерілулеріне әйелдерінің көмегі, кейбір жайттарда жеңістікке ие болу үшін ақыл-кеңестері жәрдем етеді. Қобыландының Алшағыр елін шабуы да, жеңуі де Құртқаның ақыл-айласымен байланысты десек, ноғайлылықтарды қалмақ ханы Қараман келіп қамағанда, оларға Қамбардың қол ұшын беруі - түптеп келгенде Назыммен байланысты.
Бұл қыздардың қайсысы болса да, қолына найза алып соғысқа шықпаса да, жауларға қару көрсетерлік өздерінің не жұбайы, не сүйген батырларына көмекшілік істері арқылы ел қорғау ісіне араласады. Тіпті сұлулардың батырларға ғашық болуының негізінде ел қорғау тілегі, өз халқының бір пайдасына жарау деген арманы жататындығын көреміз.
Эпостық жырларда елдік мәселелерге әйелдердің қатысулары батырларға көрсететін ақыл-кеңестері арқылы болса, лиро-эпостардың кейбіреулерінде біз әлеуметтік мәселелерге әйелдердің тікелей қатысып, ел арасындағы дау-шарлардың арқауы өзі болуға жараған әйел образдарын да кездестіреміз. Сондай қыздардың бірі - Айман образы. Менмендік бақталас иесі Көтібар мен Маман арасындағы егестің аяғы екі рудың жауласуына, шабыншылыққа ұласқан жағдайда, өзі тұтқында жүрсе де, бүкіл мәселенің түйінін шешуші - Айманның ақыл-айласы. Оқиғаның шешуінде өркөкірек Көтібар да, менменсіген Маман да мазақ болып қалады да, Айман бастаған топ дегеніне жетеді.
Келтірілген мысалдардың барлығы да әйел мәселесіне деген халықтық көзқарастардың қандай екендігін дәлелдесе, сонымен қатар фольклорда болсын, әдебиет тарихында болсын, әйелге ескі феодалдық көзқарасты айқындайтын да пікірлер бар. «Алтын басты әйелден, бақа басты еркек артық», «Әйел - жеті дұшпанның бірі», «Астыңдағы атыңа, қойныңдағы қатыныңа сенбе», «Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» деген тәрізді мәтелдер әйелді ерлерден төмен санайтын феодалдық көзқарасты көрсетеді. Бұл тек ауыз әдебиетінде ғана кездесіп қойған жоқ, ХІХ ғасырда Абаймен тұстас өмір сүрген ақындарының да шығармаларында жырланды. Ескі хандық-феодалдық өмірді аңсаушы, сол таптың жыршысы болған Шортанбай, Әубәкірлердің өлеңдерін алып, жалпы әйелге, әйелдің бас бостандығымен байланысты мәселелерге қалай қарағандықтарына шолулар жасап, Абайдың әйел туралы көзқарастарымен оны салыстырсақ, араларында жер мен көктей айырма барлығын аңғарамыз.
Әубәкір өзінің заман туралы жазған ұзақ өлеңінде қазақ даласындағы әр алуан өзгерістерді суреттей келіп, әйел мәселесіне, олардың бас бостандығы жайлы айрықша тоқталады.
Ерінің айтқан сөзіне
Қатын мойнын бұрмады.
Ерге қызмет қылмады
Жалынып күнін көрмесе,
Қатты айтса, қатын тұрмады.
Кітаптың сөзін тәрк етіп,
Көңіліне шайтан орнады, - дейді.
ХІХ ғасырдың екінші жарымында қазақ әйелдерінің бас бостандығы тап осы айтылған тәрізді болған емес. Бұрынғы дәуірлермен салыстырғанда, қанша әлсіреді десек те, бұл кезде де қазақ даласында үстемдік етушілер әлі бай-феодалдар болды. Демек, «Жесір дауы, жер дауы» олардың ел билеудегі көңіл аударарлық негізгі мәселелерінің бірі болды. Сондықтан әйелдің бас бостандығы, бата айырып, сүйгеніне тию тек бір семьяның өз ішінде шешіле салатын мәселесі емес, рудың, не рубасыларының сарабына түсіп, шешілсе, зор қиыншылықпен ғана шешімін табатын мәселе еді. «Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді» дейтін нағыз кертартпа, феодалдық көзқарас ол кезде әлі өзінің толық күшінде болатын. Сол көзқарастың сәуегей жыршысы болған Әубәкір ілуде біреудің бас бостандығына қолы жетсе, салт бұзарлық нәрсе деп, жұртшылыққа мейлінше құбыжық етіп көрсетуге тырысты. Өз кезіне тән емес өмір құбылысын ескішіл ақын асыра суреттеп, оқушыларын теріс бағытқа сілтеді.
Әйелдерді еркектерден кем санаушылық тәрізді феодалдық көзқарастарға тойтара соққы беріп, бұл мәселе жөніндегі халық көзқарасын қолдаушы және мәдени биік сатыға көтеруші - қазақтың бірінші ақыны Абай. Ол өзінің ұлы адамдығын да, үлкен реалистігін де әйелдің қоғамдағы орнын айқындау мәселесінің айналасында көрсете білді.
«Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында» деген өлеңінде сұлу, жас қызға үйленбек шалдың «қалыңдығына» туғызған барлық жағдайы мен іс-әрекеттерін, оның өз басындағы қуаныштарын суреттей келіп, қыздың шалға барып тірлік еткеннен де, суға кетіп өлуін артық санағандығын тамаша түрде суреттеп береді:
Деген сөз: бұқа - буға, азбан - дуға,
Хан қарық боп түсіп жүр айқай-шуға.
Етімді шал сипаған құрт жесін деп,
Жартастан қыз құлапты терең суға...
Абайдың бұл айтқаны ол кездегі, я онан бұрынғы және соңғы кездегі өмір шындығы болатын. Ақын мұны көре де, сынай да білді. Әйел жөніндегі әлеуметтік теңсіздік Абайдың жанын ауыртқан мәселенің бірі болды. Абай бұдан өзінше қорытынды жасап, бұл мәселені айта қалғандай жоғары сатыға көтерді:
Есерлер жас қатынды тұтады екен,
Жас қайғысын білдірмей жұтады екен.
Ортасында бұлардың махаббат жоқ... - деп, бір жағынан әйел теңсіздігін айтып, соны қолдап отырған үстем тапқа, ескі салтқа өлтіре соққы берсе, екінші жағынан, әйелдің бас бостандығын, махаббат мәселесін айрықша мәселе етіп көтерді. Әйелді малға сату ең надандық, адамның адамдық қасиетін бағаламағандық деген қорытынды шығарды. Сату мен сүю кәрілік пен жастық, түн мен күн, жаз бен қыс сықылды бір жерде тұра алмайтын нәрсе деп, оған үлкен мән берді:
Кәрі, жас дәурені өткен тату емес,
Епке көнер ет жүрек сату емес.
Кімде-кім үлкен болса екі мүшел,
Мал беріп алғанымен қатыны емес! - деп, сүю мәселесін малға сатып алуға болмайтындығын, шын адамгершіліктің көзімен қарағанда, сүю саудаға салатын нәрсе емес екендігін, сүю мен сүйіспеншіліктің ерікті болуы керек екендігін айтты. Абайдың бұл көзқарасы сол кезде қазақтың өз ішінен шыққан алдыңғы қатардағы адамдардың тілегімен, бүкіл халық тілегімен, әйелдің бас бостандығын көксеген дүниежүзіндегі адамгершілік көзқараспен ұштасады. Абайды әйелдің бас бостандығын жақтаған қазақтың бірінші ақыны деп толық айта аламыз. Мұны «Масғұт» дастанынан да айқын көруге болады. «Масғұт» дастанында Абай әйелдің семьялық және әлеумет өміріндегі орнын мейлінше жоғары бағалайды.
Дастанда өзін ажалдан айырып алып қалған Масғұтқа ақ, сары, қызыл үш түрлі жеміс ұсынып, шал:
Ағын жесең, ақылың жаннан асар,
Сарыны алсаң, дәулетің судай тасар,
Егерде қызыл жемісті алып жесең,
Ұрғашыда жан болмас сенен қашар, -
дейді.
Масғұт ойланып тұрады да, қызыл жемісті жеуге бел байладым дейді. Шал мәнісін сұрағанда «еңбексіз мал дәмету - қайыршылық» деген сықылды пікірлерді айта келеді де:
Қызылды жесем, мені әйел сүйер,
Арамдыққа жүрмесе, не жан күйер.
Ұрғашы да көп жан ғой, досым болса,
Деп едім бір пайдасы маған тиер.
Еркектің еркек адам болса қасы,
Қатын, шеше, қызы жоқ, кімнің басы,
Хан қаһар, қара кісі қастық қылса,
Сонда ұрғашы болмай ма арашашы?
Тегінде адам басы сау бола ма?
Үйінде тексерілмес дау бола ма?
Ері ашу айтса, әйелі басу айтып
Отырса, бұрынғыдай жау бола ма? -
деп жауап қайырады.
Бұл - тамаша айтылған пікір. Абайдың бұл көзқарасы «әйел мені ғана ұнатсын» деген өрісі тар, өзімшіл тоғышарлық көзқарастан аулақ. Ол әйел мен еркектің тең дәрежедегі достығын, үй ішінің бірлігі мен әйелдің әлеумет өміріндегі орнын терең түсініп, мәселеге осы жағынан қарайды. Сондықтан да оның қаһарманы Масғұт қызыл жемісті жемек болады. Демек, қоғамның тең жартысы болып отырған әйелдердің әлеуметтік өмірінде үлкен орны барлығын және болуы керек екендігін айқындайды. Ақын өз пікірін Масғұтқа айтқызып, «Қыдыр» шалға мойындатып және өзі де мойындап, мынадай қорытынды шығарады:
Сол заманда-ақ надандар шырыш бұзған,
Жалғанның дәмін бұзып қауіп қылған.
Ақыл мен мал екеуін асырай алмай,
Арашашы тілепті қатын-қыздан.
Бұл үзінді - дастандағы айтайын деген ойдың қазығы.
Ақын бүгінгі заман ғана емес, өткен заманның өзінде де әйелдің әлеумет өмірінде үлкен орын алғандығын көре білді. Абай әйелдің тек әлеуметтік ролінің зор екендігін айтып қана қойған жоқ, махаббат, достық және әдемілікке көзқарастарын да өлеңдерінде айқын танытты.
Ең алдымен Абай махаббат, достық мәселесін басқалардан анағұрлым кең, анағұрлым терең түсінді. Ол жалпы адам баласының достығын жыр етті. Абай - ірі гуманист ақын. Сондықтан ол адам адамды сүйе білуі керек деген идеяны берік ұстады. Оның бұл сапқа қоспай, жек көріп, сатира еткендері адамдық ар-намыстан жұрдай, өз басы, өз қамынан басқа еш нәрсе ойламайтындар болды. Осындай мінез-құлықтан жирендірудің негізінде оның достықты жырлау мотиві келіп туды, әркім тек өз қамы емес, жұрт мүддесін ойлауы керек деген идея туды. Абайдың көп өлеңдерінде адам баласы біріне-бірі жаулық емес, достық іздесін деген пікір өзек болып тартылып жатады. «Жігіттер, ойын - арзан, күлкі - қымбат» деген өлеңінде:
Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,
Жетпесе біріңдікін бірің жеткіз.
Күншілдіксіз тату боп шын көңілмен,
Қиянатшыл болмақты естен кеткіз.
Абайдың түсінігінше, ең қызық өмір - татулық, достық. Бірақ ақынның бұл тілегі өз кезінде орындалмады. Ру мен руды, бір ел мен екінші елді атыстырып, шабыстырып отыруды негізгі саясатының бірі етіп отырған феодалдық, «адам - адамға қасқыр» деп білетін капиталистік қоғамда оның іске асуы мүмкін емес болатын. Оны ақын сезіне де, түсіне де білді. Әйтсе де алған бағыты мен аңсаған арманынан ол тайған жоқ. Күн сайын жаулықтың отына май тамызып тұтатушы қоғамның жуан ортасында отырса да, Абай өле-өлгенше достықты жырлаумен болды.
Махаббатсыз - дүние бос,
Айуанға оны қосыңдар.
Қызықтан өзге қалсаң бос,
Қатының, балаң, досың бар.
Жүрегі жұмсақ білген құл,
Шын дос таппай тыншымас.
Пайда, мақтан - бәрі тұл
Доссыз ауыз тұшымас, -
деді. Бұл өлең - ұлы ақынның достықты жыр еткен барлық өлеңдерінің кілті.
Жазба әдебиетіміздің тарихына көз салсақ, сүйіспеншілік, махаббат мәселесін де биікке көтере жыр еткен бірінші ақын Абай екендігін көреміз. Феодалдар үстемдік еткен қоғамдық құрылыста махаббат-сүйіспеншілік мәселесін жыр ету фактісінің өзі кезінде үлкен прогрессивтік нәрсе еді. Өйткені мұның негізі, түптеп келгенде, әйелдің бас бостандығымен байланысты. Екінші, үстемдік етуші феодалдық қоғам әйелдердің азаматтық правосын мүлде жойып, белгілі нарық қойып, сатып алуға болатын тірі мүлік дәрежесіне жеткізген дәуірде санаға сіңген кертартпалыққа тайынбай қарсы шығып, әйелдің әлеумет өміріндегі ролін көрсетумен қатар, олардың ерлерден еш кем түспейтін сезімін ерекше жыр етіп, сүйіспендік, махаббатты дәріптеудің өзі ескішілдікке дәл тиер ауыр соққы еді.
Қандай тақырыпты сөз етсе де, жеріне жеткізе жырлайтын зор талант иесі Абай махаббат мәселесін де үлкен шеберлікпен жыр етті. Өмір шындығына табанын нық тірей отырып, бұл мәселені кейде романтикалық асқақтық дәрежесіне шейін көтерді. Жазғы түн, жайлы кештерде сарғая сағынып, сарқыла күткен ғашықтардың сәтті кездесу, сыпайы сырласу, тәтті сүйістерін таңғалдыра шебер суреттей келіп, олардың аузына:
Сенсің - жан ләззаты!
Сенсің - тән шәрбаты!
***
Қайғың - қыс, жүзің - жаз,
Боламын көрсем мәз.
Күлкіңіз бойды алар,
Бұлбұлдай шықса әуез, - деген тәрізді ғашықтардың ішкі сезім дүниесін дәл бейнелейтін сөздер салады. Бұл тақырыпқа жазған ақынның өлеңдерінің қайсысын алсақ та оқушыларының эстетикалық сезімін оятарлық асқан ісмерлікпен жазылғандығы даусыз. Кейбір жолдарда анайылық натурализм элементтерінің кездесетіні рас. Бірақ ол ақынның жалпы стиліне тән нәрсе емес және бұл оның әлеуметтік көзқарасына ешбір нұқсан келтіре алмайды.
Абайдың махаббат тақырыбына жазған өлеңдерінің ішінде оның эстетикалық идеалын айқындайтын өлеңдер де жиі кездеседі. «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Білектей арқасында өрген бұрым» тәрізді Абай өлеңдері тек қана сұлу қыздың портретін жасау үшін жазыла салынған емес, сонымен қатар ақынның әдемілікке көзқарасын да көрсетеді.
Әдемілікті кім қалай таниды, оның әлеуметтік себептері қандай деген мәселе жөнінде Г.В.Плеханов өзінің «Адрессіз хат», «Қоғам өмірі және искусство» деген мақалаларында терең талдаулар бере келіп, барлық ел, барлық тап, барлық дәуірге сай жұрттың бәрін бірдей мойындататын абсолюттік түрдегі әдемілік жоқтығын, әдемілікке көзқарас әр елдің тіршілік, күнкөріс жағдайларымен, өзінің өскен ортасы, алған тәрбиесімен байланысты болатындығын дәлелдеп, ол туралы әр халықтың тарихынан көптеген фактілер келтіреді. Сайып келгенде, адамның әдемілікке көзқарасын айқындайтын нәрсе қоғам ішіндегі таптардың экономикалық жағдайлары деп қорытты. Мысал үшін ол орыстың ақсүйек-дворяндар табы мен орыс шаруаларын алып, кісі күшін пайдаланатын тап өкілдерінің көзқарасынша, сұлу, әдемі санайтындары, өздерінің искусство мен әдебиетінде дәріптейтіні нәзік әйелдер болса, ал қара шаруалар өз еңбегімен тіршілік етпеушілерді тіпті де дәріптемейді, әдемі де санамайды.
Абай кезіндегі, не өзінен бұрынғы қазақтың әдемілікке көзқарастарын тамаша түрде қорыта келіп, қандай әйелді әдемі деуге болады деген сұраққа жауап іздейді, оның жауабы - «әдептілік, арлылық, адамгершілік» болады. Абайша, әдемі әйел осындай болуы керек. Сайып келгенде, Абайдың эстетикалық идеалы - тек дене сұлулығы ғана емес және жан сұлулығы. Бұл мәселе жөніндегі Абайдың тірелген жері осы деуге болады.
Жоғарғы аталып өткен екі өлеңінде Абай өзіне дейінгі қазақ және шығыс әдебиетіндегі әйелге сыртқы мүсін сұлулығы жағынан келетін көзқарастың әсері барлығын кей жерлерінде:
Қиғаш қас, қыпша бел,
Солқылдар соқса жел...
Бұраң бел, бойы сұлу, кішкене аяқ,
Болады осындай қыз некен-саяқ.
Піскен алма секілді тәтті қызды,
Боламын да тұрамын көргендей-ақ, - деп, әйелдің нәзіктігін дәріптейтіндігін тіпті жоққа шығармайды. Бірақ Абайдың әдемілік туралы эстетикалық идеалын айқындайтын бұл өлеңдері емес. Бұлар суретшінің кейбір өмір құбылыстарына тереңдемей, кейбір жағдайлармен байланысты ойнақылық түрде сыза салған эскиздеріне ұқсайды. Әйтсе де эскиз ұлы талант, үлкен суретшінің кистісінен шыққандықтан, сол қалпында да ол мүлтіксіз кең ойлап, терең толғанып жасалған суреттердей сенім туғызады. Бізше, бұл екі өлеңнің оқушыларға ететін әсері де екі түрлі тәрізді.
Абайдың эстетикалық идеалын толық аңғартатын және оның әйелдер туралы халықтық дұрыс көзқарасты оның жалғастырушы екендігін дәлелдейтін шығармаларының бірі - «Жігіттер, ойын - арзан, күлкі - қымбат» атты өлеңі. Бұл өлең ақынның әр алуан өмір құбылыстарын, адамдар арасындағы қарым-қатынас, мінез-құлықтарды бақылай келе, көп ойланып, терең толғанып, өмір арқылы түйген қорытындысы, келешек үшін айтылған ең соңғы сөзі тәрізді.
Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,
Лапылдап, көрсеқызар нәпсіге ерме!
Әйел жақсы болмайды көркіменен,
Мінезіне көз жетпей, көңіл бөлме!..
Шүу дегеннен көрінер сұлу артық,
Көбі көпшіл келеді ондай қаншық.
«Бетім барда бетіме кім шыдар», - деп,
Кімі паңдау келеді, кімі тантық...
Жоқ болса қатыныңның жат өсегі,
Болмаса мінезінің еш кесегі.
Майысқан бейне гүлдей толықсыған,
Кем емес алтын тақтан жар төсегі.
Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма, - дейді. Демек, ақынның эстетикалық иеалы - «Піскен алма сықылды тәтті қыз» емес, ар-ұяты мол, жақсы семья құратын, тату-тәтті өмір сүруге көмек етерлік, өмірде шын серік бола аларлық әйел.
Қорыта келгенде, Абай өзінің ұлы еңбектерінде өз кезіндегі әлеумет өміріндегі теңсіздікті, бай-феодалдардың еңбекші кедейлерді езіп, қанап отырғандығын, әлеумет өміріндегі алауыздық, кертартпалық, мәдениетсіздік, еңбек сүймейтін жалқаулықтарды көре білді. Қазақтың феодалдық өміріндегі әйелдердің теңсіздіктерін терең суреттеп, сүйіспеншілікті, бас бостандығын жыр ете отырып, олардың әлеумет өмірінде шынында үлкен орын алатынын, алуы керектігін көрсетті. Сөйтіп, қазақтың ұлы ақыны әлеумет өміріндегі өте маңызды, үлкен мәселелерді шығармаларының тақырыбы етіп алды да, оларды терең түсініп, сол кездегі өмір шындығымен жанастырып көрсете білді. Жоғарғы айтылған көп мәселелер жөнінде өте маңызды, аса құнды пікірлер айтып, дұрыс кеңес берді.
Қараңғыда қазақ елінің ортасынан жарып шыққан жарық жұлдыздай жалынды пікір иесі Абай өз халқын ілгері сүйреудің қамын ойлады. Елді мәдениетке, ғылымға шақырады. Абай да Шоқан, Алтынсарин ұстаған бағытты өрістетуші болады. Дүниежүзілік мәдениетке қол созған данышпан ақын өз елін мәдениетке шақыра отырып, жастардың алдына оқу, өнер, білім мәселесін қояды.
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткесін түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім, - деп, өзінің жас кезінде оқи алмай қалғанын арман етеді. «Жастар, менің мұнымнан үлгі алма, жастық шақты бос өткізбей, оқуға, ғылым алуға жұмса» дегенді айтады. Ол кезде байлардың балаларын оқытқандағы мақсаты - шен алу, патша үкіметіне қызмет ету, елдегі өз қожалығын берік ұстау болса, Абай ғылым алуды, ғылымды ел керегіне жұмсауды мақсат етеді. Абайдың бұл мақсаты, әсіресе «Интернатта оқып жүр» деген өлеңінен айқын көрінеді. Оқытқан әкеңнің де, оқыған баланың да ой-өрістерінің тарлығын, орыс тілін білудегі мақсат «прошение» жазудан әрі аса алмай жүргенін сынай келіп:
«Нан таппаймыз» демейді,
Бүлінсе елдің арасы.
Иждаһатсыз, мехнатсыз,
Табылмас ғылым сарасы.
Аз білгенін көпсінсе,
Көп қазаққа епсінсе,
Кімге тиер панасы? - деп, ғылымның оңайлықпен қолға түспейтінін, адам өз білімін еш уақытта көпсінбей, өзіне-өзі сын көзімен қарау керектігін ескертеді. Сөйтіп, оқу-білім алу - елге ептілік жасау үшін емес, бірлікке, ел болуға, мәдениетті болуға жұмсалса, сонда ғана одан нәтиже шығады деген қорытындыға келеді. Абай оқыған жастардың теріс тәрбиеленуіне олардың өскен ортасы, қазақтың надандығы, алауыздығы кінәлі деп біледі.
Ойында жоқ олардың,
Салтыков пен Толстой,
«Я адвокат, я тілмаш
Болсам» деген бәрінде ой, - деп, өрісі тар, күнделікті ғана ойлаушылықты шеней отырып, адамның мінез-құлқын түзетуге әрекет істейді. Елді тұншықтырып отырған помещиктер қоғамының негізін жоюға күш салған Салтыков-Щедринді мадақтайды. Оқушыларға сендер де Толстой, Салтыков-Щедриндей болыңдар дейді. Оларды үлгі етуі - қазақтан солардай ел қамын ойлайтын адамдар шығуын аңсағандық еді. Сондықтан да оқып, білімді бола тұрып, патша үкіметіне қызмет етуді ақын қорлық деп санайды.
Военный қызмет іздеме,
Оқалы киім киюге.
Бос мақтанға салынып,
Бекер көкірек керуге,
Қызмет қылма оязға,
Жанбай жатып сөнуге.
Абай жастардың алдында тұрған зор міндет - ғылым, қайткен күнде де ғылымға қол созу керек деп, көп өлеңдеріне-ақ ғылымды жыр етеді:
Ғылым таппай мақтанба!
Орын таппай баптанба!
Ойнап босқа күлуге...
Немесе:
Ғалым болмай немене
Балалықты қисаңыз?
Болмасаң да ұқсап бақ
Бір ғалымды көрсеңіз.
«Ондай болмақ қайда?» - деп
Айтпа, ғылым сүйсеңіз! - деп, ақын адамның ең қымбатты кезінің, жастық шақтың, оқу, ғылымға жұмсалуын талап етеді. Ойын-сауықты кейін қоя тұрып, алдымен ғылым жолында еңбек ет, ізден, ғалымдардан үлгі ал, солардай болуға тырыс деп айта келеді де:
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл бөлсеңіз, - деп қорытынды шығарады. Бұл - сол кездегі жаңалықты аңсаушы алдыңғы қатардағылардың идеясы. Сол идея Абай өлеңінен орын алды. Абайдың бұл пікірі ғылымға жол бермей келе жатқан ескі надандыққа аяусыз соққы болып, жаңалыққа жол ашты. Халықтың білімге талпынуына басшылық көрсеткен пікір болды.
Абай халықты тек жалаң ғылымға ғана үндеп қойған жоқ, жастардың болашағына үлгі боларлық ақылдар айтты, қандай нәрседен қашып, қандай нәрсені өзіне жолдас ету керектігін көрсетті:
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ,
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой,
Бес асыл іс көнсеңіз.
Абайдың бұл сөздерінің мәні күні бүгінге дейін зор. Күні бүгін айтылып отырған сөз сықылды. Ақын айтқан «өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік, орынсыз мал шашу» сияқты теріс әдеттерге біз күні бүгіннің өзінде де аяусыз күрес ашып келеміз, біз де жастарды осы айтылғандарға қарсы тәрбиелейміз. Ал оның айтып отырған «талап, еңбек, ғылым, қанағат, рахымы» да қазіргі тәрбиеге дәл келеді. Талап ет, еңбек ет, ойлы бол, бір нәрсені өз бетіңмен іздеуге тырыс, досқа қайырымды бол деп біз де айтамыз. Абай айтқан бұл пікірлердің бәрі де бүгінгі тілекпен түгел қабысады.
Әрине Абайдың тәрбие жөнінде айтқандары жалғыз бұл емес. Басқа өлеңдерін былай қойғанда, осы «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңінің өзі де тәрбиелік мәні зор үлкен-үлкен мәселелерді жастардың алдына қояды. Байға, ақсақалға бас имеу, шыннан өтірікті айыра білу, не болса да ақылға салып айту сияқты ақылдар айтып, жастарды адамгершілікке үйретіп, олардың мінез-құлқын, көзқарасын дұрыс жолға салатын кеңес береді.
Абай ғылым мен еңбекті еш уақытта бөліп қарамайды.
Қызмет қылып, мал таппай,
Ғылым оқып, ой таппай -
Құр үйінде жатады, - дегені тәрізді, еңбек пен ғылым мәселесін қатар көтерді. Талап, еңбек, ой, рахым деген сөздер Абайда әр жерде әртүрлі айтылғанмен, құятын арнасы біреу. Талап пен еңбек бір жерде қайрат болып, ой ғылым болып, рахым жүрек болып айтылса да, ақыл, еңбек, жүрек, ғылым - осы төрт сөздің маңынан алыс кетпейді. Оның көп өлеңдерінде осы төрт сөздің мәнін кеңінен шолып, тереңірек түсінгендігі байқалады.
Әуелден бір суық мұз - ақыл зерек,
Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, талапты, шыдамдылық
Бұл қайраттан шығады, білсең керек.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жолда жоқ жарым есті жақсы демек.
Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап, бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек, - деген тәрізді өзінің философиялық өлеңдерінде бұл төрт сөзді арқау ете сөйлейді. Сөйтіп, қазақ даласында да ол өзінің тамаша көркем асыл сөздерімен әділеттіліктің, ғылымның, еңбектің, адамгершіліктің туын көтереді. Ол - тек өз заманының адамдары ғана емес, келесі ұрпаққа да осыны айтып өткен ақын.
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар, қалан! - деп, кемеңгер ақын өз кезінің де, келесі ұрпақтардың да алдына үлкен бір игілікті міндет қойды.
(Жалғасы бар)
Бөлісу: