«Алтай асып, Алатауда түлеген» ұл
Бөлісу:
15.03.2016
3895
–Алтай астым,
Алатауда түледім,
Сарыарқаға салдым
жырдың түренін.
Таң асырып, тамшы терін
тұндырдым,
Күн қақтырмай күлік ойдың күреңін, – деп жырлаған дауылпаз ақын Дәулеткерей Кәпұлының алғашқы кешін өткізуге Жамбыл атындағы кітапхана сеп болыпты. «Жалғыз түп аршаны аңсаған» ұлдың кешінде инешаншар орын болған жоқ. Кешке ақынның рухани аға-інілері Ұлықбек Есдәулет, Жүрсін Ерман, Нұртөре Жүсіп, Мұрат Шаймаран, Ринат Заитов, Аспанбек Шұғатаев, Болатбек Оразбаев қатысып, өз лебіздерін білдірді.
Бұл кештің ерекше айтатын тағы бір тұсы, мұнда арнайы кітаптың тұсаукесері, не болмаса, ақынның мерейтойы емес. Жай ғана оқырманмен сырласу. Алтай мен Атыраудың арасындағы ақындардың поэзиясын, көркем дүниесін елге таныту, жұртшылыққа паш ету. Кітапхананың да бұл идеяны қолға алудағы мақсаты осы. Халыққа айтыскерлігімен танылған ақын кейін домбырасын қаламға айырбастады. Содан бері ақынның үш бірдей кітабы жарық көрген екен. Қазақ поэзиясына өзіндік үлесін қосып жүрген, қара сөзден інжу-маржан терген Дәулеткерей Кәпұлының өлеңдерін тыңдап, оқырман бір серпіліп қалды. Өлеңдері арқылы оқырманымен сырласты.
«Бүгінгі күн – Алаш үшін атаулы күн. Бүгін – Әлихан Бөкейханның туған күні. Алматыда 1999 жылы қазақ ұлттық университетін бітіріп, Астанаға кеткелі бері, осында бірде-бір сырласу кешін өткізбеген екенмін. Бұл менің кісі болғандығымнан немесе оқыған жерімді ұмытып кеткендігімнен емес, жалпы, ізденіп-жетілу үшін Елордаға жол тарттық. Оқырманмен алғашқы жүздесуімнің Алаш көсемінің туған күнімен қатар келуі көңілімді жылытып отыр» деп сөз бастаған ақын ары қарай өлеңмен жалғады.
–Толыбай да жоқ заманда
Күреңбай да жоқ,
Қазанат тұқым кеттің бе
кілең майда боп?
Әбдіғайса шал жасаған
ауыздығымен,
Ауылға барсам іздеймін
жүген қайда деп?
Басымнан менің аса алмай
бұлт табандасын,
Жүйрік деп өткен бабамның
ұрттағам жасын.
Құмарым қанбай қойды бір,
тақымым толмай,
Құмарбек шапқан ер-тоқым
жұртта қалғасын.
Рас, Дәулеткерейдің алғаш есімі қалың жұртшылыққа айтыс арқылы танылды. Қаршадай баланың домбырасын құшақтап, сахнаға шығып айтқан ойлары, түйдек-түйдек тіркестері, көнеден жеткен небір асыл маржандарды ағытқанда, көпшілік оған ерекше тәнті болатын. 1989 жылы айтыстың үлкен жанашыры Жүрсін Ерман халықаралық айтыс жасамағанда, шекара асып, Егеухан ақын елге келер ме еді, келмес пе еді. Сол жолғы айтысты таспалары арқылы көріп, Жүрсін Ерманның кім екенін танып-білген ұл кейін Қазақстанға қоныс аударып, елге оралғанда, айтысты, айтыстың жанашырын іздеп табады. «Айтыс менің Дәулеткерей болғаныма көп әсер етті. Бір қазақ Дәулеткерей Кәпұлын танып жатса, ол да айтыстың арқасы» деп білемін дейді ақын.
Жүрсін Ерман ол туралы: «1989 жылы халықаралық айтыс жасап, оған шекара асып, Дәулеткерейдің анасы Егеухан ақын келмесе, ол Қатимолламен айтыспаса, Қатимолла өз домбырасын шекара асырып жібермесе, Дәулеткерей ақын болар ма еді, болмас па еді деп ойлаймын кейде. Тәуелсіздіктің арқасында елге оралды. Оған да тәубе! Қазақта сал-сері деген ұғым бар. Сері деген ұғымға сыймайды. Сері дегеніміз – сертті ұстаған адам болуы керек. Мен Дәулеткерейді сері деп түсінемін. Мұның бойында қанмен келген қазақы қасиеттер көп. Дәулеткерей айтыста көп жүрген жоқ. Бірақ соған қарамастан, оның да айтыста өз тыңдарманы болды. Дәулеткерейдің айтысында көркемдік, даланың иісі, бөлекше қою нақыштар болды. Серінің, серттің сөздері болды. Сол үшін де тыңдарман әлі күнге айтыстан Дәулеткерейді іздейді. Бір жағынан оның айтыстан кеткенін де қолдаймын. Ол бекер кеткен жоқ. Өзінің өрісін дұрыс тапты. Оның өлеңдерінің бояуы қанық, тілі көркем, нағыз жыраулық поэзияның элементтерін көргендей боламын» дейді. Жүрсін Ерманның оған «бақытын жазба поэзиядан таптың» деуі тегін емес. Өйткені оның өлеңдерінде сөздік қорының мол екендігі бірден аңғарылып тұрады.
Ол атбегінің баласы. Әкесі биенің ішіндегі құлынын сатып алған кісі екен. Көзін ашқалы көргені жылқы болғандықтан ба, «шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» жануарға арнаған өлеңдері жетерлік. «Тамырында қаны ойнаған арқардың» деп жырлайтын дауылпаз ақын:
– Алтайдан күн көтерілді,
Ақ бесік –нұр мекенімізді еске сап.
Аманат қылдым кімге төрімді?
Қайқы бас ер мен бірге тебіңгі,
Есіме түсті-ау, ескі ошақ,
Менің айбалта төзімімді төске сап! – дейді.
Рымғали Нұрғалиев пен Тұрсынбек Кәкішевтің де Дәулеткерейдің өмірінде алатын орны бөлек. Содан болар, айтыскер інісі Ринат Заитов:
–Жарықтық Рымғали ағамыздың
Желбіретіп ұстаған жалауысың.
Толтырған сенімінің сиясына,
Кәкішевтің қалдырған қаламысың, – дейді.
Қазіргі оқырман қазақтың қара өлеңін қажетсінбейді. Өйткені оны оқитын, тыңдайтын орта қалған жоқ. Біз солай деп ой қорытқанбыз. Сөйтсек, қателеседі екенбіз. Оқырман да өлеңді аңсайды екен. Оқырманның бірі: «біз қазақтың қара өлеңін аңсадық. Суретті, қоңырлықты, қарапайымдылықты, қоржыны жұтамаған тілдік қорды аңсадық. Соған шөлдедік. Біз дегеніміз – әуелі оқырман жағы. Осы орайда қазақылықтың иісін аңқытып, сөздік қорының мол екендігін өлеңнің алғашқы тармағынан-ақ дәлелдеп жүрген ақындарды іздейсің... Біз, сол шөлді қандыратын, сол иісті жоғалтпаған ақынды таптық. Ол – Дәулеткерей Кәпұлы.
–Құлағымда құбылады қыдыр үн,
Қыдыр үнге қосылғанда күбірім.
Сұлбамды Айдың сүт сәулесі танытқан,
Елес қуған ессіздердің бірімін, – дейді.
Шындығында, ол елес қуған жоқ, жыр жолына түсті. Оның соңынан өлең қуды. Өлең – кие. Кез келгеннің басына қонбайтын бақ. Дәулеткерей Кәпұлы сол киенің қасиетін танып, жыр атанға жүгін артты. Әуелгі жолын айтыстан бастаған ақын, кейін поэзияға ойысты» деп жазады.
Дәулеткерей айтыстан текке кеткен жоқ. Оны жазба поэзияға жол сілтеген ағалары болды. Оның бірі – Ұлықбек Есдәулет. «Дәулеткерейді қос қанатты құс деп атар едім. Суырыпсалма ақындығы да бар, жазба ақындығы да бар. Айтыс ақыны қандай мықты болса да, жалғыз өзі кеш өткізе алмайды. Міндетті түрде қарсыласы болуы керек. Ал жазба поэзияның арқасында жалғыз өзің кеш өткізіп отырсың. Жүкең екеуміз көкпар тартқандай таласып отырған секілдіміз. Ол кісі өзінің айтысына қарай тартады. Мен жазба жағына қарай тартамын. Қалай болғанда да, жазба поэзия өзіне үйіріп алып кеткен сияқты. Сонау өткен ғасырдың алпысыншы жылдары «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газетінен анасы Егеухан апамыздың өлеңдерін оқушы едік. Ол кісі ол кездері қазіргі Алматы мемлекеттік университетінің студенті болатын. Сол кісінің өлеңдерінде сөздің құнары керемет сезіліп тұратын. Өзі қалжыңдап, «ағам» деп айтады, әкесі Кәпекең де өлең жазды. Өлең қонған, өнер дарыған шаңырақтан осындай тұлпар бала тумаса, қайдан туады? Өлеңдерін оқып отырып, қазақтың «уызынан жарыған» деген сөзі есіме түседі. Шындығында, ол ана тілдің мәйегіне уызында жарып өскен бала. Сонау Қазтуған, Ақтанберді, Доспанбет жырауларымыздың бүгінгі көзі секілді. Дәулеткерейдің өлеңдерінен Мұхтар Әуезов пен Қалихан Ысқақ та бар көркем сөздің мәйегін, Жұмекен, Кеңшілік, Нұрлан Мәукенұлының тіліндегі жақұтты тапқандай болдым. Негізінде, дер кезінде айтысты қоя қойғаны дұрыс болған сияқты. Кейде талай көлік мінетін жерінен «шөміштен қаққандай» болған жоқпыз ба, обал жасаған жоқпыз ба деп те ойлаймыз. Дегенмен, жазба поэзияға бет бұрмаса, мұншама тіркестерді, бояуы қанық өлеңдерді жазбас еді» дейді Ұлықбек ақын.
Оның махаббаты – дала. Оның махаббаты – өлең. «Дәулеткерейдің жырындағы далаға құмарлық, жылқыға құмарлық – ол азаттыққа құмарлық деп білеміз». Ол:
–Қара өлең –қайғым, көз жасым,
Шемен шерімді қозғасын.
Атанның жүгін көтерер,
Атамның жыры болғасын! – деп тегін жырламаса керек-ті.
Дауылпаз ақынның рухқа толы жырлары мәңгілік! Ғасырдан ғасырға жетері анық.
Гүлзина Бектас
Бөлісу: