Несіпбек Айтұлы: Арынды жырдың алкүреңі

Бөлісу:

19.05.2016 4107


Алғаш тәуелсіздік жариялаған кезде, мемлекеттің атын иеленіп отырған титулдық ұлттың үлес салмағы 40 пайыз ғана еді. Ал қазір 70 пайызға жеттік. Бұған масаттануға болмас, бірақ тәубә деуге тиіспіз. Бұл ненің арқасы? Бұл елдегі алтын құрсақты аналар мен Елбасымыз жүргізіп отырған көші-қон саясатының арқасы. 20 жылда бір миллионнан астам бауырларымыз елге оралыпты. Бұны балшықтан қазақ жасай алмай отырған біздің еліміз үшін өте ауқымды күш, сарқылмас қуат, ұлы жеңіс деп бағаласақ несі айып?! Біздегі қалам ұстаған қауым көбінде елге оралған ағайындардың санын ғана қызықтап кететін секілді. Ал шұқшия зерттеп, үңіле қарасақ елге оралған ағайындармен бірге жас мемлекетімізге ұлттық рух, дәстүр-салт, мұнда өшкіндеп бара жатқан сан түрлі дәстүрлі мәдениет үлгілері, бізге ауадай қажет өнер-білім келіп жатқанына көз жеткізер едік. Сондай-ақ олардың ішінде еліміздің ғылым-білім, руханият, экономика саласында жемісті еңбек етіп, Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде қалыптасуы мен дамуына өз үлесін қосып жүрген талантты, өнерлі, іскер азаматтар мен білікті мамандар қаншама?!


Солардың бірі, азаттықтың алғашқы жылында-ақ елге оралып, содан бері еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында табан аудармай еңбек етіп, елімізге аса қажетті мамандар тәрбиелеу ісімен айналысып келе жатқан ұстаз, талантты ақын, аудармашы, белгілі қытайтанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлы.


Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары. Жазушылар одағында әдеби кеңесші болып жұмыс істеп жүрген кезім болатын. 1993 жылы ма, әлде 1994 жылы ма, бір күні есігімді қағып орта бойлы, қараторы, мұртты жігіт «ассалаумағалейкум Нес-аға», -деп кіріп келді. Қимылы шипақ, киімі ретті, сөзі орнықты. Тілінен еш қандай акцент байқалмайды. Мен басында өзіміздің осындағы жас қаламгерлердің бірі шығар деп ойлап отырғам. Сөйткенше болған жоқ, келген жігіт өзін қысқаша таныстырды. Сөйтсем, соның алдында ғана біраз газет-журналда өлеңдері, сұхбаттары жарияланып, «қытайдан келген ақын жігіт» ретінде жыр сүйер қауымды елең еткізген «Дүкен Мәсімханұлы» деген бауырым екен. Мені Қытайда жүргеннен білетінін, іздеп оқитынын айтып, бір-екі өлеңімді жатқа соқты. Біраз әңгімелестік. Ата-бабалары әйгілі «1916 жылғы Қарқара көтерілісінен» кейін Кеген-Нарынқол өңірінен қытай асыпты. Өзі университетті Пекиннен оқыпты. Осы кездесуден кейін-ақ аға-іні болып, сирек болса да араласып жүрдік.


1998 жылы қазақтың көрнекті жазушысы, Мұхтар Мағауин ағам мені «Жұлдыз» журналына поэзия және ғылым бөлімінің меңгерушілігіне жұмысқа шақырды. Бардым. Бас редактор тарапынан аталған бөлімді көтеру, жандандыру міндеті жүктелді. Әуелгі жұмысымды редакцияның қоржынында не бар, не жоғын түгендеуден бастадым. Бір қызығы, шаң басып жатқан құшақ-құшақ қолжазбалардың арасынан жарамсыз дүниелермен қоса, халқымыздың азуын айға білеген, не бір мықты ақындарының да өлеңдері табылды. Міне қызық, бір кезде қолыма Дүкен Мәсімханұлының «Мен қолымды туға бекер созбаймын» деген жалпы тақырыппен берілген топтама өлеңдері іліне кетті. «Несі қызық?» дейсіз ғой, қолжазбаның бұрышында бас редактордың «нөмірге!» деген бұрыштамасы мен қолы тұр. Қол қойған кезі жаңылмасам 1996 жылдың іші. Өлеңдерді оқи бастадым. Алғашқы өлеңнің аты «Түрік туы» деп аталады екен:


Ай-жұлдызды Түрік туы мақтаным,

Сен болған соң тым күйреп те жатпадым.

Қиын кезде адассам да үйірден,

Тоныкөктің аманатын сатпадым,

Ататүрік өсиетін жаттадым.


...............................................


Ойхой, менің оттай қызыл киелім,

Әз басымды мен саған да иемін.

Мен сен үшін оққа төсеп кеудемді,

Мен сен үшін отқа түсем, күйемін, - деген шумақтары бар, Мағжан ақынның «Алыстағы бауырыма» атты әйгілі өлеңінің жалғасы іспетті көлемді толғау-жырды тебіренбей оқу мүмкін емес. Келесі өлең «Алматы көктемі» деп аталаты. Ондағы сурет те жаңа, үлгі де тың.


Алматының жас талы, алып терегі,

Жымысқы түрде жыбырлап бүршік жарып келеді.

Ару қаланың шешініп-киінген шақтарын,

Алатау-жігіт анық та қанып көреді.

Даламның жақын-шалғайларында,

Бақыттың барқын бал-қаймағында,

Әнші-жыршының таңдайларында,

Шалқыған сәттің қандайларында,

Қазақтың жүрген әр жайларында,

Дүкеннің жазық маңдайларында –

Алматы көктемі.

.............................................................


Аталған өлеңінде ақын міне осындай құйқалы мазмұн, әрлі де нәрлі сөз кестесі арқылы сол кездегі ел астанасы Алматының әсемдігін де, саяси орнын да айшықтап берген. Осы топтамадағы келесі бір өлеңнің аты «Көк туым қолымда» деп аталады екен. Бұл өлеңдегі:


Көк түс – менің Тәңірім мен кендігім,

Өрнек – менің тыныштығым, елдігім.

Ал алтын күн – менің туған құдайым,

Ата қыран – серілігім, ерлігім.

Көк ту барда ақындардың мен дүрі!


............................................................


Көк ту барда мен ешкімнен кенде емен,

Бақыт, байлық, жетіп жатыр шен деген…

Мен ауырсам, өткенді ойлап ауырып,

Сосын келіп көк туыммен емделем.

Біз бақытты өлшемейік тенгемен! - деген шумақтарды оқығанда ақын сезіміне ілесіп жүрегің елжіреп, арқаң қозады. Енді бір кезде ақынның «Көктем келді гүлін алып...» деген өлеңін оқи бастадым. Содан осы өлеңнің:


Жан болсаң да санаң – тас, ойың берік,

Табиғаттың тасисың тойын көріп.

Жаңа оянған жас ана секілденіп,

Есінейді күнгейлер бойын керіп, - деген шумақты оқыған соң, дереу Дүкен бауырымның үйіне телефон соқтым. Трубканы өзі көтерді. Мына топтама өлеңдерінің «Жұлдызда» немесе басқа басылымдарда жарияланған- жарияланбағандығын сұрадым. «Мұхтар аға апарған бойда «келесі нөмірге шығады» деп еді, поэзия бөлімінің меңгерушісі «әне-міне» деп екі жыл ұстады. Мұхаңа ол туралы айтайын десем, арызқой болып көрінем бе деп, әлі күтіп жүрмін. Ол өлеңдерді өзге еш қайда ұсынған жоқпын», - деген жауап алдым Дүкен інімнен. Сөз осымен бітті. Мен Дүкеннің аталған топтама өлеңдерін «Жұлдыздың» 1998 жылғы №7 санына үтір-нүктесіне тиіспей, тұтастай салып жібердім.


Осыдан көп өтпей мен Астанаға қатар қоныс аудардым. Менен кейін, араға бір-екі жыл салып Дүкен бауырым да көшіп келді. Соңғы оншақты жылдың жүзінде Елордамыздың руханият алаңында аға-іні болып, қатар еңбек етіп келе жатырмыз.


Негізінде мені Д.Мәсімханұлымен таныстырған да, табыстырған да әдебиет. Оның ішінде поэзия. Өйткені ол анау-мынау өлеңші емес, талантты ақын, әрі мықты әдебиетші. Дүкеннің шығармашылықта да, ғылымда да осындай жоғары деңгейге көтерілуіне оның еңбекқорлығымен қоса, миллиярттың тілін білуі де көп септігін тигізгендігін байқаймын.


Сондай-ақ, жалпы әдебиеттің қай саласы болса да, тағдырлы туынды қашан да тағдырлы қаламгерден туатыны ақиқат. Поэзия тіпті де сондай. Онда ақынның бар болмысы, мінезі мен қайраты, өмір соқпағының бұрылыс-бұлтағы мен бұралаңдарындағы жүрек лүпілі мен көңіл толқынысы сайрап жатады. Мұқағали ақынның «менің өмір бойы жазғаным бір ғана дастан» дейтіні сондықтан болса керек. Дүкен бауырымды мен сондай тағдырлы қаламгерлердің қатарына жатқызар едім. Өйткені, Елімізде тәуелсіздік туы желбірегенде, Қытай еліндегі бауырларымыздың алғашқысы болып отанына оралды. Содан жиырма жылдан бергі еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында талмай, табан аудармай істеп келе жатқан ұстаздық қызметі мен ғылыми-зерттеу жұмыстары өз алдына бір төбе. Ол жайлы сол саласының мамандары айта жатар. Дүкен ақын бүгінде қазақ поэзиясы деп аталатын ұлы сарайдың қабырғасына өз қолтаңбасын қашап үлгерді. Оның әр жылдары жарық көрген «Жүрекке саяхат» (1991жыл, ҚХР Үрімші), «Семсер суы» (1998 жыл, Алматы), «Көкпар» (2003 жыл, Алматы), «Алтынның буы» (2006 жыл, ҚХР Пекин), «Алкүрең арман» (2008 жыл, Астана) қатарлы жыр жинақтары патша көңілді, талғампаз оқырман жүрегіне жол тапқан шығармалар. Оның жырында тағдырдың жазуымен шекара сызығының сыртында қалған қазақ жерінің құйқалы бір пұшпағына, өзінің туған жеріне деген мәңгі бітпес зарықты сағыныш пен адамды еріксіз бас шайқататын қуатты рухани бұлқыныс, емендей берік жігер жатады. Қане, сондай өлеңнен бірер шумақ оқып көрейік:


Туған жер десе, желпінбес жан көріп пе едің?!

Тауынан рух, суынан нәр беріпті елім.

Ауылға деген сағыныш – сарала мұңым,

Қобыз кеудемде сарнайды саз болып менің.

Текесім менің текті ордам, шаңырақ күні,

Түндігі – шаңқан бұлт-киіз, арым – ақтығы.

Керегелері – таулардан, уығы – нұрдан,

Сағынамын деп ойлап па ем аңырап түбі?!


Бұл автордың «туған жер» аталатын лирикалық поэмасынан алынған үзінді. «Сал күрең тайын ерттеп, тарлан ұлдарға ерген» балалық шағы мен «Ай мүсін қыздың жүрегін, балаң жырымен тербеген» туған өлкесін, атасы күйеу болып барған, анасы келін болып түскен, жат жұртта қалған бейкүнә ауылын жүрегі сыздай сағынған ақын әрі қарай:


...Қайран да Ақши – ауылым,

Артымда қалған сауығым.

Аппақ шилері ормандай,

Тал-теректері қорғандай,

Жаһанда жәннат жер едің,

Қыдыр да қалап қонғандай...

Немесе:

Ар жақта қалған базарым,

Заржақ та қылған ғазалым..., - деп бабаларынан қалған бағзы әуенге боздатып салғандай, жүректің түбінде жатқан ескі бір сағынышты қоламтадай қоздатады. Қазақтың классик жазушыларының бірі Ғабит Мүсіреповтың «Қазаққа бәрін берген, тек жақсы көрші бермеген» дейтін сөзі бар еді. Екі алпауыт көршісінің зымиян саясатының салдарынан тұтас даласын шекара сызығы шимайлаған қазақ даласының қасіреті қазақтың барлық ақындарының жан жарасы, жүрек дерті. Көңілін тұман жапқан шайырлар кешегі ертегідей ерлік заманын ойлап зарланады. Керуені теріс бұрылған тарихтың көшіне көк түркінің, батыр ғұнның, бастының бәрін идірген, тізеліні бүктірген бабаларының көзімен қарап, көңіліне медеу тапқысы келеді. Мағжанның «Әдемі өткенді ойлап айнымасам...» дейтіні сондықтан. Дүкеннің «Қытай қорғанына» да сол батыр бабалардың ерлігі арқау болған:


...Өткенімнің қайда арғы, бергісі,

Қорған соққан қорқақ, – бүгін ер кісі.

Миллиярдқа мақтан болған бұл қорған –

Көк түріктің ерлігінің белгісі.

Қымбаттысын қия қойсын жатқа кім?

(О, ақиқат осы тұста ақтарыл!)

Түбін қусаң ұлы қытай қорғаны,

Менің ғана ерлігім мен мақтаным! – деп кешегі ерлік заманын, кеудесі биік бабалардың дәуірін аңсайды. Қаймана жұрттың қалай ойлайтыны қайдам, ақындар үшін жырдың екінші аты – сағыныш. Олар ғасырлар тұманы арасында мұнартқан кешегі Алаштың еңсесі биік күнін сағынады. Дүбірлі тұяғы жалпақ жаһанды тітіреткен, көсіліп шапқанда шашасынан от шашқан «арғымақ ару-аттарды» сағынады. Баһадүр бабалардың болмысын сағынады. Ер-азаматтарының аты-затына сай жігіт болып ғұмыр кешкен кезін аңсайды. «Жігіт» демекші, Алаш жұртының аузынан түспейтін «жігіт» деген сөз өте күрделі пәлсапалық категория. Оның әрине, «жас ер адам» деген де мағнасы бар, бірақ көбінде ер адамның азаматтық, кісілік, дегдар болмысының ең жоғары деңгейін безбендейтін қазақы дүниетанымның бір көрінісі. «Жас ер адамды» ғана емес, атам қазақтың қатты разы болып кеткенде заты ұрғашы болса да, іші кең, мінезі ірі әйелдің өзіне де «Жігіт екен!» деп жататыны содан. Осы ұлттық ұғымдағы, биік пәлсапалық түсініктегі «жігіт» ұғымын Дүкен ақын өте шебер суреттейді. Бұған көз жеткізу үшін ақынның «Жігіт» деп аталатын шарболаттай шымыр да шағын өлеңін толық оқып шыққанның еш артықтығы болмас:


Кұж денесі қорғасыннан құйғандай,

Жүрегі бар ғалам түгел сыйғандай.

Ақылы бар түн-түнекті түргендей,

Айбаты бар алапатты тыйғандай.

Ар- ожданның күзетшісі қабағы,

(Сол қабаққа ілінбесең жарады).

Намыс тұнған, иман сіңген екі бет,

Екі беттен қан да, нұр да тамады.

Ғадауатты кірпіктермен байлаған,

Сақшы дей бер қос жанарды жайнаған.

Адамдықтың ақ жолы мен арманы,

Қазан баста қашан көрсең қайнаған.

Тау-даланың, замананың сұлтаны,

Қам-қайғысы – отаны һәм ұрпағы.

Батыл, батыр.

Бірақ оны байлауға,

Жетіп жатыр қыз шашының бір талы.

Барын бұлдап, жоғын айтып зарламай,

Отырады көктен түскен қамбадай.

Сол ер жігіт қыздар түгіл, бүгінде –

Заманаға арман болып қалғаны-ай!


Иә, бұл өлеңді теорияның қасаң ережелеріне салып талдаудың қажеті шамалы. Өлеңге өзек болып отырған «жігіт» ұғымы, жоғарыда айтқанымыздай, жай ғана еркек жынысты дегенді меңзеп отырған жоқ. Керісінше өлеңдегі «жігіт» - «қыздар түгілі, заманаға арман болып қалған», кешегі алып таулардан кертіп алғандай ірі, «қам-қайғысы – отаны мен ұрпағы» ғана болған, адамдықтың биік үлгісін жасап кеткен бабаларымыздың шын болмысы-тын. Сол кесек болмысты арыстан қазақтар елдің еркіндігі үшін ойда орыспен, қырда қытаймен жан аямай күресті. Алаштың сондай адал ұлдарының бірі, қырық екі жыл қытай түрмесінде отырған Қажығұмар Шабданұлы болатын. Сол қайсар рухты Қажекеңнің ішкі запыраны ақын қаламынан тотияйындай уытты шер-толғау болып құйылыпты:


...Айға, күнге, отқа, суға..жүректі,

Қиялыммен ұсынамын күн-түні.

Қазақстан қабыл көрсе тілекті,

Мен өлгенде бірге көмсін құлпыны...

Шабданұлы монологінің тұжырымды түйіні іспеттес осы шумақты оқығанда жүрегі еттен жаралған кез-келген адамның өзегін бір ақ жалын шарпып өтері анық. Бұл кең тынысты ақындар ғана жете алатын көркемдік. Көркемдік демекші, Дүкен Мәсімханұлы поэзиясындағы суреткерлік те біраз зерттеуге жүк боларлық тақырып. Ақынның әр өлеңдері шебер салынған картина секілді. Табиғатты тірілтіп көз алдыңа әкеледі. Қазақы ауылда өсіп, құнарлы сөздің қаймағын қалқып ішкендігіне риза болып, көңіліңіз байыз тауып рақаттана оқисыз:


.......................................


Бір уыс болып кең өлкең,

Жанады оттай, маздайды.

Қуырылып құрттай көлеңкең,

Артыңа кері жаздайды... («Ауыл, шілде»)

Немесе :

Ақ жорға тайпалып даламен,

Тізгінін ойпаңға іркеді.

Бүрісіп, құрысып бар әлем,

Күн көзін тұманмен сүртеді... («Қыс»).


......................................................


Жаңбырдан соңғы даланы айт,

Жуып бір жайып қойғандай.

Бағландары танадай,

Шалғында жүзген қой қандай! («Көкемер жайлауы»).


...................................................


Жайлауда.

Тауға бұлт ілінді де,

Жоқ болды шоқ боп тұрған күнің міне.

Қара аспан қара сел боп ақтарылды,

Әр жері от қамшымен тілінді де... («Қара айғыр. Ақсақ қой және адам»)


.......................................................


Бәйшешекке толып бір атырады,

Тоңы кеппей теріскей «аһ» ұрады.

Бұтақтары бұлғандап тал-теректер,

Әлдекімін, білмеймін, шақырады. .. («Көктем суреті»)


Біз ақынның сере түскен қазыдай мұндай құнарлы шумақтары мен тіркестерін тере берсек, ұзаққа шабарымыз анық. Көзіқарақты оқырман теңіздің дәмін тамшыдан сезіп те отырған болар. Егер сезінуге бұл жолдар аздық қылатын болса, ақынның жинақтарын парақтарсыз.


Жылқы қазақтың қос қанаты ғана емес, ең адал серігі. Тарихтың мың тараулы жолында қазақ пен бірге сан қансоқтаға түскен де жылқы. Жылқының жалындағы жылудан қуат алған бабаларымыз «Күңіреніп күн түбіне жортқан», жеңбеген жауы қалмаған. Қылқұйрық пен қазақтың рухани байланысын қапысыз пайымдаған кешегі залым империя да қазақты жеңу үшін атынан түсіру керек екенін жақсы түсінген. Жылқы мінезді Алаш баласын қашыр құлықты құлға айналдыруға барын салды. Ол саясат жемісін де бермей қалған жоқ. Атынан айырлыған біздің жұрт, қанаты қайырлыған қыран құс секілді пұшайман, пәсең күйге түсті. Елдің ежелгі болмысын іздегенде ақындардың жылқыға жиі айналып соғатыны сондықтан болса керек. Сондай тұщымды жырдың бірі Дүкен ақынның «Құла айғырдың үйірі» деген өлеңі. Үйірден құлын бермейтін көсем айғырды таусыла жырлаған ақын, бүгінгі азаматтарымыздың азғындап, ұсақтап бара жатқанына налиды:


...Әттең дейсің!

Әттең алаш жұртының,

Тамырынан жерігені сор екен.

Өзге түгіл, тек бір ғана жылқының,

Ержігітке үйретері мол екен.

Бір ауылды қабағымен қайырған,

Туған елін бермейтұғын дауылға.

Қара қылды қақ екіге айырған,

Құла айғырдай бір жігіт жоқ ауылда.


«Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе» дейді халық даналығы. Бұл нақыл арқылы бұрынғылар жалпы «көңілдің жүйріктігін» меңзеп отыр. Ал жүйріктің жүйрігі, ұшқырдың ұшқыры ақын қиялы. Себебі ақын қиялы үшін қас-қағым сәтте кеңістікті көктей өтіп ғарышқа, мұнар шөгіп, мүк басқан уақыттың белінен бір-ақ аттап ту бағзыдағы өткен күнге барып байырқалау түк те емес. Ондай сәтте, үшбу ғасыр мен ұшы-қиыры жоқ тарих үш-ақ шумақ жырға сияды екен. Біз ақынның «Ормандар көшінен» соны аңғардық:


Түннің тұп-тура жарымында,
Он бесте толған Айдың жарығында.
Қара орман күбірлесті,
«Көшейік бүгін» десті.

Осыны мақұлдасты,
Тау-таспен бақұлдасты…


«Тездеңдер! Үркер ауып кетті…» десіп,
Бір-біріне «жол болсын!» деп тілесіп.
Тау-тасын – ата жұртын тастады да
Қара орман бір-ақ түнде кетті көшіп.

Қолдағанменен Тәңірі,
Табылғанменен сарығы.
Көшпелі қара орманның –
Тауында қалды тамыры.

Біздің тауымыздан орман емес, жерімізден қазақ құрып кете жаздаған қасіретті тарих болды. Еске алсақ, алқымға тығылған жастан кеңсірігіміз ашитын кесірлі заман, бодандық қамыты, қара орман Алаш елтұтқа ерлерінен бір-ақ жылда көз жазып қалған күндер болды. Кешегі сол қайғылы да қасіретті күннің зілмауыр сызы түгел сыйып тұрған бұл үш шумақ жырды бір роман десе де болғандай. Орман көшкенімен «тауында тамыры қалды». Тәңірі тағаланың рахметінде шек жоқ екен. Бүгін еліміз еңселеніп келеді. Қазақияның тартылып қалған арнасына әр саладан бұлақтар келіп құйып жатыр. Кешегі көнекөз шалдар айтып кеткен «Орнында бар оңалар» деген осы шығар. Атыңнан айналайын ардақты тәуелсіздіктің арқасында біздің санамызда отарсыздану процесі жүріліп жатқаны белгілі. Бұл үрдіс әсіресе жыртқыш қызыл империя тұсында жоғалтқан ұлттық мінездерімізді жаңғыртуға яғни психологиялық жақтан отарсыздану бағытында үздіксіз жүріліп келе жатқаны ақиқат және бұл керек те түние. Үдере көшкен, бірақ «тауында тамыры қалған» ормандай жұртымыз дүрк көтеріліп өсіп келеді. Тура ақынның «Іле өзені» атты өлеңінде айтылғандай:


Дала ашып өзегін,

Жол беріпті тау, тас та.

Туған жердің өзені,

Құйып жатыр Балқашқа,

Сиып жатыр Балқашқа...


Иә, Іле елге оралып, Балқашқа құйып та жатыр, сыйып та жатыр. Ел аман болсын дейік. Сонда ғана Алаштың бар мұраты, бар арманы біртіндеп орындала бермек. Кемеліне енді келіп, елі үшін аянбай тер төгіп жүрген, Алаштың ай маңдай ақын ұлы Дүкен ініме де зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілегім келеді.


Несіпбек АЙТҰЛЫ

Ақын. ҚР мемлекттік сыйлығының иегері.


Бөлісу:

Көп оқылғандар