Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
Ұлы даланың ұлы есімдері
/
Мұқан Иманжанов жазбасындағы Мәлік Ғабдуллиннің өм...

17.09.2025 297

Мұқан Иманжанов жазбасындағы Мәлік Ғабдуллиннің өмір жолы 12+

Мұқан Иманжанов жазбасындағы Мәлік Ғабдуллиннің өмір жолы - adebiportal.kz

Жазушы, журналист Мұқан Иманжановтың батыр, ғалым, жазушы Мәлік Ғабдуллин өміріне қатысты жазбасы – тұлғатану тұрғысында құнды мұра.

Ерлігін ел болып жырлаған

Сан қырлы тұлға Мәлік Ғабдуллиннің білім-ғылым саласындағы зерттеу еңбектері, ұстаздығы мен басқарушылығы және көркем әдеби шығармашылығы, сондай-ақ майдан даласындағы ерліктері мен қызмет жолы туралы жазылған туындылар баршылық. Әсіресе майдандағы ересен ерлігі үшін қазақ ұл-қыздары арасынан алғашқы болып 1943 жылы 30 қаңтарда Кеңес Одағының батыры атағы берілгеннен  кейін Мәлік Ғабдуллиннің есімі күллі Кеңес Одағына кеңінен белгілі болды. 

Мәлік Ғабдуллинге Кеңес Одағының батыры атағы берілген сәттен бастап оның өмір жолы, майдандағы ерлігі туралы қазақстандық, кеңестік әдебиет және өнер саласының адамдары сан түрлі жанрдағы туындылар жазуды бастап кетті.

Қазақ топырағында сол тұста Мәлік батырдың ерлігін жырлаған ақындардың қарасы көп болды.

Батырым Мәлік беренім,

Жүйрігім, озған өренім.

Халқы сүйген қалаулым,

Жырымды саған төгемін, - 

деп жыр төккен қарт жырау Жамбылдан бастап, өлең арнамаған ақын кемде-кем болар. Соғыста нағыз қайсарлықтың үлгісін танытқан Мәлік батырдың ерлігін көзбен көріп сүйсініп:

Ел күйзелген кезінде,

Ерлік еткен бауырым,

Жау жағадан алғанда, 

Батырлық еткен бауырым,

Ел намысын құрметтеп,

Ер намысын ізеттеп.

Құтты болсын айтамын,

Шын жүректен, Мәлігім! –

деп алғашқы болып жырмен ізгі тілегін білдірген – қарулас-майдандас ағасы, даңқты қаһарман Бауыржан Момышұлы болатын. Мәлік батырға арналған туындылардың жанры да сан алуан: шағын көлемді өлеңдерден бастап, көлемді эпостық жырларға дейін жазылып, жарияланып жатты.

Мұндағы бір ескерерлік жағдай: Мәлік Ғабдуллинге 1943 жылы 30 қаңтарда Кеңес Одағының батыры атағы берілгеннен бұрын-ақ оның есімі, ерлік істері майдан мен тылдағы ел-жұртқа таныс болған. Бұл жөнінде дәйектер мен деректер көп. Әйгілі киносценарист әрі жазушы, әскери тілші Борис Полевой Мәлік Ғабдуллиннің қаһарман тұлғасы жайлы 1943 жылы жазылып, «Правда» газетінде жарық көрген «Эпостың тууы» атты көлемді деректі мақаласында: «Жақын арада СССР Жоғарғы Советінің Президиумы гвардия майоры Мәлік Ғабдуллинге Советтер Одағының Батыры деген атақ берді. Бірақ, генерал келіп оның кеудесіне «Алтын Жұлдызды» қадаудан бұрын-ақ Мәлік өз дивизиясының ерекше сүйетін геройы, ақындар өлең шығарып, жырларына қосып жатқан қазақ халқының батыры еді. Жаңа эпос, Ұлы Отан соғысының эпосы осылай туады», - деп атап көрсетеді. Эпос демекші, 1944 жылы Жамбыл облысының Шу ауданының тұрғыны, халық ақыны Жақсыбай Жантөбетов «Мәлік батыр» атты эпостық жырлар сарынындағы дастан жазған. 

...Мұны естіп ер Мәлік,

Буырқанды бұрсанды,

Мұздай темір құрсанды.

Ашумен қанын қашырып,

Бес қаруын қолға алды, - 

деп суреттейді, халық ақыны, Мәлік батырдың қан майданға кірген сәтін. 

Кеңестік кезеңнің өзінде Мәлік Ғабдуллиннің сан қырлы өмір жолының әрбір елеулі сәттері туралы жазылған туындылар баршылық. Көрнекті жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Тоғыз толғау» атты повесть-монолог кітабында Мәлік Ғабдуллиннің көптеген көрнекті тұлғалармен қарым-қатынасы арқау болған. 

Мұқан Иманжанов шығармашылығындағы Мәлік Ғабдуллин ғұмырнамасы

Жазушы, драматург, журналист Мұқан Иманжанов – өткен ғасырдың қырқыншы-елуінші жылдары жарқырай көрінген талантты қаламгерлердің бірі. Өмір жолына қысқаша тоқталар болсақ: Мұқан Иманжанов 1916 жылы 20 желтоқсанда қазіргі Ұлытау облысының Ұлытау ауданында дүниеге келген. Төртінші сынып бітірген соң ФЗО-да оқып, одан соң 1935-1938 жылдары Алматыдағы есеп-экономикалық техникумына түсіп аяқтайды. 1938 жылы Жазушылар одағы жанынан ашылған алты айлық курсты бітірген соң республикалық радиохабарлар тарату комитетінде редактор, 1942-49 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, «Пионер» журналында бөлім меңгерушісі қызметін атқарған. 1938 жылдан әдеби шығармашылықпен шұғылданған Мұқан Иманжановтың ең көлемді туындысы – «Алғашқы айлар» хикаяты. Сондай-ақ «Көк белес» атты аяқталмаған роман жазған. Денсаулығы ақауланған талантты қаламгер шығармашылық қарымын толық танытып үлгермей, 1958 жылы қырық екі жасында өмірден өтеді.

Мұқан Иманжанов пен Мәлік Ғабдуллин

Тарих бетінде өзара тығыз қарым-қатынастары айқын таңбаланбаса да, қазақтың екі қаламгері Мәлік Ғабдуллин мен Мұқан Иманжановтың бірін-бірі жақсы білген деп сеніммен айта аламыз. Себебі соғысқа дейін-ақ екеуі де Алматыдағы шығармашылық ортада жүргенін ескерсек, олардың жақын таныс-білістікте болғаны анық. Әрі Мәлік Ғабдуллиннің шын мәнінде 1916 жылғы екенін ескерсек, екі қаламгер бір жылдың төлі. Бұл дерек Мұқан Иманжановтың жазбасында да бар.

Екі тұлғаның өзара шығармашылық қарым-қатынаста болғандығының анық дәлелі: Мұқан Иманжановтың1950 жылы жарық көрген көлемді туындысы «Алғашқы айлар» хикаятын оқығаннан кейін жазған сын-пікір хаты. «Құрметті Мұқан! «Алғашқы айларыңды» оқыдым. Бұл жөнде ойға келген азын-аулақ пікірімді рецензия ретінде газетке жазудан да өзіңе айтуды дұрыс көрдім. Мүмкін, келешекте «Алғашқы айларды» қайта іздейтін де боларсың. «Сол кезде керегін алар» деген оймен, қысқа түрде болса да, пікірімді жолдап отырмын», - дей отырып, Мәлік Ғабдуллин автордың тырнақалды туындысы тақырыбы жағынан өзекті екеніне тоқталады. Және өзінің хикаятты оқып талдау барысында байқаған кемшіліктерді атап көрсетеді. Мұндай кемшіліктерді түзету үлкен жазушыларға тән екенін еске сала отырып, алдағы кезеңде жөндеп, толықтыруды тапсырады. «...Әзірге жазарым осылар. Біраз ойымды өзіңмен жолығып сөйлескенімде айтармын. Сәлеммен Мәлік. 22 февраль, 1951 жыл», - деп аяқтайды хатты.

Бізге белгілісі – журналист, жазушы Мұқан Иманжанов 1943 жылы Мәлік Ғабдуллиннің туған өлкесі Зеренді ауданына келіп, даңқты тұлғаның отбасымен, туыс-туғандарымен, бала шақтан бірге өскен достарымен кезігіп, мол мәліметтер жинағаны. ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты қорында сақталған Мұқан Иманжановтың жинақтамасы (көшірмесі М.Ғабдуллин мұражайы қорында сақтаулы) – осы сапардың жемісі. Мұқан Иманжановтың Мәлік Ғабдуллин тұлғасына қатысты жинаған деректерді төменде жариялап отырмыз.

Мұндағы ескеретін жағдай: автордың жазбадағы түпнұсқа мәтіні өзгертусіз алынды. Қазіргі заманғы орфографиялық, пунктуациялық заңдылықтардан өзгеше қолданыстарды осылай түсіндіруге болады.

Мұқан Иманжанов Мәлік Ғабдуллин өміріне қатысты деректер жинау үшін Ақмола облысының Зеренді ауданына келген кезде батыр шамамен Мәскеуде қызметте болатын. Қаламгер Зеренді-Көкшетау мен Алматы қаласындағы Мәлік Ғабдуллинді жақсы білетін адамдармен кездесіп, өзіне қажетті ақпараттар жинаған. 

Мұқан Иманжанов жазбасындағы Мәлік Ғабдуллиннің өмір жолы

Кез келген қазақ адамының өмірі жайында айтылғанда оның шыққан тегі, ата-бабасы туралы дерек алдыға тартылатыны белгілі. Осыған сәйкес Мұқан Иманжанов та өзінің жинақтау жазбасында Мәліктің шыққан тегі туралы таныстырып өтеді. Жазбада ол мынадай мәліметтерді келтіреді: «МәлікҚарауыл елі, оның ішінде – Құттымбет, одан Қанай, Малай, Аю, Бөкей.

Құттымбеттен Қанай туған. Қанай – хан болыпты. Тұрған жерлері, ұрпағы Желтау, Дәулет көлі, Жамантұз көлі, Ұялы, Түлкі атқан тауы. Ескене жалы (тау) өскен.

Желтаудың шығысы жылы болады. Көктем бір ай бұрын түседі. Күздік болған. Айнала бұлақ, Желтау көлі бар. 

Қанай – ұлы жиын болыпты. Ол 17-де екен. Екіден күреске түсіпті. Қанай сырт қалыпты. Байлаған аттың үстімен ортаға шығып, күреске түсіпті. Біз өкше шоңқайма ері бар екен. ... көріп растағанда біз өкше жерде қадалып қалыпты. Ақылды, алғыр адам болған. 12 қақпақ Тәшкенді билеген. Ол кезде:

Ақыл іздесең, Қанайға бар,

Дау іздесең, Малайға бар,

Бірлік іздесең, Бөкейге бар,

Ұрлық іздесең, Аюға бар, - 

деген екен Қашқымбай. 

Расымен де Құттымбетұлы Қанай бидің ел сөзін сөйлеп, соңынан қалың жұртын ілестіре жүріп шұрайлы қонысты мекен қылған, сайда саны жүрген Сабалақ баланың әуелі сегіз ата қарауыл мен он екі ат атығайға сұлтан болып, одан арғы кезеңде Үш жүздің атының басын бір кезеңге тіреп Хан Абылай атануына өлшеусіз үлес қосқан айтулы тұлға болғаны тарихқа аян. «Мәліктің аталары» атты белгілеу жазбада Мұқан Иманжанов бұл жөнінде мынадай деректерді келтіреді: «Қанай. Қанай хан болып, 12 қақпа Ташкентті билеген. Балуандықпен аты шыққан... Зыяраты Ташкентте.» Иә, бұл – шындық. Абылай хан Қанай бидің елеулі еңбегін еске отырып, Қазақ хандығының құрамындағы Ташкент қаласының бір қақпасының (бір ауданын деп түсінуге болады) иелігін бергені айтылады. «Ханның қара сыбағасы» деп аталатын қаржылай үлесті Қанай би мен оның мұрагерлері бірнеше буынға дейін алып тұрғаны аңыз болып айтылады. Дегенмен мұндағы «зыяраты Ташкентте» деген мәлімет жаңсақ екенін, Қанай бидің Түркістанда жерленгенін атап өткен жөн. 

Мәлімет жинаушы Қанай бидің ұрпақтары туралы былай деп тарқатады: «Қанай ұрпақтары Көкше маңына орналасуы өзі өлген соң, қоқандар қуып шыққан. (Итқара, Бақы, Солтанкелді). Бұлардың зияраттары Көкше маңында. Қанай ұрпағы тілді, ер, батыр болды. 

Қанай тұқымына:

Қанайды найза беріп жауға қой,

Малайды сұңқылдатып дауға қой,

Аюды сыбандырып шайға қой,

Бөкейді бүркендіріп сайға қой, - 

деген сипаттаманы келтіреді. Жинақтамада ауызша жеткен аңыз деректер бойынша өр тұлғалы адам болған Қанай бидің немересі Бекболат биге қатысты біршама сипатта берілген: «Қанай немересі Бекболат – атақты би, тілді адам. Дәулетті адам болмаған. Абылай тұсында өмір сүріп, одан кейін өлген. 

Абылайдың сүйікті бір баласы өліп, қайғырып жатып алыпты. Небір шешен жұбатса да тұрмапты. Сонда Бекболат келіп былай дейді:

Ей, ханым, жұрт ортасында бір бәйтерек едің, тұрағың сынды!

Ей, ханым, жұрт ортасында бір дария көл едің, көбігің шайқалды.

Ей, ханым, жұрт ортасында бір ақсұңқар едің, қанатың сынды.

Айтып болмас,

Қайтып келмес,

Өлген келмейді,

Өшкен жанбайды.

Босатпа беліңді,

Мұңайтпа еліңді.

Абылай басын көтерген екен. 

Бекболат Абылай өлген соң Петроградқа барып, патшамен сөйлесіп, қазақтан әскер алмайтын етіп, ит терісіне жаздырып қағаз алып келеді.

...Бекболат Көкшетау қаласын салдырмай 30 жыл жүрген. Ақыры күші жетпей, 1824-36 жылы салынады. Қала бастығы Алексей Максимович тұрады (казач. станица). Ол қазақша білген, Бекболатпен сан рет сөз саптасқан, жеңілген. Бірде үйіне шақырып отырып:

- қазақ дәретке отырады, тұрып бара жатып нажысқа қарайды. Осынысы не екен? - деп сұрайды. 

 - Ол нәжісті шошқа жейді, ол шошқаны сендей төре мен сенің патшаң жейді. Сонысы несі екен? - деп қарайды деген.

Максимович жау бола тұрса да сыйлап өткен. Бекболат өлгенде бір казак оған шен алмақ болып, сүйінші сұрап келгенде:

- Ол жау болса да, ақылды адам еді, неменеге сүйінші сұрайсың деп жаптырып тастаған екен.

Бекболаттың баласы Нұрсейіт. Шешен болған. Кедей, тон, сапта етік киіп жүреді екен.»

Бұл жазбада Қанай ұрпақтарынан шыққан қайратты, қажырлы адамдарға қатысты көптеген қызықты деректер бар. Соның бірі – Тілеу бай туралы: « Еламан баласы Тілеу – бай болған. Өз малын өзі баққан. Желтау аясында елі күзекте отырған. Айқайлы, үнді адам екен. Желтау көлінен айқайлаған даусы 20 км жерге жетеді екен. 

Бір күні үйінде жатса, атақты ұры Айберген қойшы атын ұрлап кетіп, Зеренді жақтағы Ақшоқының (15 км) бауырында бара жатады. Таң бозарған кез. Осы кезде Тілеу оянады. Ат жоғын оған хабарлайды. Ол төсекте жатып Айберген алғанын біліп:

- Ей, Айберген, атымды таста! - деп ақырып жібереді. Бұл Айбергенге дәл артынан келіп қалғандай естілініп, келіп қалған екен деп атты тастай қашқан екен.

Желтаудан Тілеу ертемен қой өргізгенде: - Шайт! - деген дауысын естігенде Жамантұз көліндегі Елтоқ ауылы: «Атам ауылы қой өргізді, қойды өргізіңдер», - дейді екен. 

Тілеу баласы Өтес – әділ би болғандықтан, қарабалта атанған, орта дәулетті адам. Көзді адам болған. Түрі ызғарлы адам. Пара алмаған. Қартайғанда соқыр болған. Қатындардың қарызын жемеймін дейді екен.

Өлерінде не айтасың дегенде:

Көзі жоқ деп сыйлайтынын қайдан білейін?

Сөзі көп деп қинайтынын қайдан білейін, - депті.

Бақы ұрпағы Мұқит деген кісі Еліш дегеннің шабындыға мал жібердің деп төбелесіп, көзін шығарады... Билікке Өтеске келеді.

-Уа, жаным, жүз қой алсаң да саған көз болмайды, жаманға айтқанмен де сөз қонбайды. Сендерге ұрыс сал деген жерім жоқ. әзірше бара тұр, бір басқа бір көз жарар, - депті.»

Желтаудың етегінде Өтес бұлағы деген қайнар көз осы кісінің есімімен аталса керек. Жоғарыдағы мысалдардан Мәліктің ата-бабалары тек батырлық, қажыр-қайратқа ғана емес, қара сөздің қадіріне жеткен шешендігімен де ерекшеленгенін көреміз.

Шежіре – әлемнің көптеген жұртына, соның ішінде қазаққа ерекше тән, патронимдік ата-тектік тізбек. Мұқан Иманжанов жазбасындағы Мәлік Ғабдуллиннің ата-тектік таралымы былайша әрі қарай былайша беріледі: «Қанайдан Итқара, Солтанкелді, Бақы. Бақыдан 4 ұл туған, үлкені Жаубасар. Жаубасардан – Еламан, Елтоқ, Айтпай, Торғай.

Еламаннан – Тілеу, одан Тілеке, одан Аманжол, одан Елемес, одан Ғабдолла, одан Мәлік, одан Майдан (Майдаш)

Тілеуден – Тілеке, Әлдеке, Мендеке, Төлеп, Өтеп, Өтес туған. Өтес би болған. Қарабалта атанған, пара алғанды – қатынның қарызын жедің, - деп кінәлайды екен. Әділ болған, ұрпақ қалған.

Тілекеден (4) – Аманжол, Амантай, Көшербай, Манамбай туады.

Аманжолдан – Батыр қажы (Иткүшік), Елемес, Мұстапа», - деп тарқата отырып, Аманжол әулетінің сол тұстағы адамдарын, кейбірінің тұрақты мекеніне дейін тәптіштей мұқияттап көрсетеді: «Елеместен – Мағпия, Бекен, Балқия, Жақия (қыз), Ғабдолла. Бекеннен – Қойшығара, Тайғара, Дәлден, Шотан.

Қойшығарадан – Мырзатай, Мырзабек, кішкентай балалары бар. Өзі стахановшы. Тайғара өлген. Тайғара, Шотан армияда. Хабар жоқ. Дәлденде 1 ұл, 1 қыз (кішкентай) бар. 

Ғабдолладан – Қаппас, Қамза, Мәлік, Рамазан, Ғабдылоқақ, Мәди, Сәлік, Нәсима, Нағима, Қадиша туады. Бәрі де кіші күнінде өлді. Мәлік Сәліктен бастап біледі. 

Балқиядан – Тұрсынайкамал, Ғайникамал. Тұрсынайкамал – Қызылегісте (Зеренді). Ері армияда. Ғайникамал – Еңбекшілдер ауданында.»

Мұқан Иманжанов жинақтауында Мәлік Ғабдуллиннің өз және ұлы нағашыларына қатысты да нақты деректерді кездестіреміз: «Ғабдолланың шешесі Мәдиан. Мәлік соның қолында өскен. 32 жылы өлді. Мәдиан Байбосын қызы. Руы – Қылды (8 ата Қарауылдың бірі) оның ішінде Мұсақұл.

Байбосын аю ұстапты. Әлді адам. Балалары: Мақыш, Қасым, Әбіш, Әбілхас, Әбілпейіс, Баймолда.

Әбілқас, Әбілпейіс тірі – Әбілхақ Петропавл қаласында (қарт). Екі баласы (Тумырза, Бимырза) армияда. Заводская 13-те тұрады. Әлпейіс Зеренді ауданы, Туражол к/х тұрады. Шал. Екі ұлы (Зия, Шахмұрат) армияда. Кенжеболат, Темірболат деген қолында кішкентай балалары бар. Үш қызы: Ақлима, Жанбөпе, Ажар – 60-70 жыл бойына құдалық үзілмей келеді.

Мәліктің өз шешесі – Әлия. Ол 32-жылы өлген. Төркіні Дәулет көлінде Солтанкелді. Оспанның қызы. Үш ұлы болған: Қоқан, Рақымжан, Рахмет. Қоқаннан бір бала майданда (Қабдеш, 21 ж). Рахмет тірі, армияда.»

Мұқан Иманжанов Мәлік Ғабудллиннің өмірбаянын жазуда біршама тыңғылықты жұмыс атқарғанын көреміз. Мұнда әрбір адамның түр-сипатын, мамандығын, мінез-құлқын, Мәлікке қатысты түрлі жағдайларды мұқияттап жазуына қарағанда, болашақта көлемді туынды жазуды да жоспарлаған болар деген ой түюге болады: «Мәлік (өмірбаяны). 1916 жылы ноябрьде туды. 20/ХІ Желтаудың шығыс бетінде туды. Көкшетаудан 35 км оңтүстік шығыс жағында. Мұнан бұрын туғандары өлген еді бұл кезде. Атын Бекен қойған. Бір бөлмелі тоқал үй, қоңыр үй. Екі терезелі. Түн іңірде туған. Тілеу ауылында (15 шамалы үй) Қамза тірі – 2 жаста еді. Екі ананың ортасында жүрді. 8 жасында Қырғыз ауылында оқыды. Әкесі апарды. (Қазір Құлет колхозы). Ескі орыннан 2 км жер шығысқа. 8 дейін Әлімбай (Құсайынов), Дәулетқан Манамбаевпен ойнады. Ең кішісі Мәлік, достық ұласуда. Сұлтанбеков (жиен), Қожақметов (Армияда – доцент - КазПИ), Досымбек Әміржановтар (31 жылы өлген) бірге оқыған. 

4-ге дейін оқыды. Жақсы оқыды. Балалардың алды болды. Әкесі оқыған, қисса жинаған. «Алпамыс», «Қобыланды», «Салсал», «Зарқұмдарды» жинаған. Мәлік оны үлкен анасына оқып беріп отырған. Кісіге оқып беріп жүрді. Оқытқан Нұғыманов Рамазан өлген. Байқошқарлық, Шушы ауданы. Екеуі бірін-бірі жақсы көрді. Өлеңші-домбырашы. 

11 жасында Көкшетаудағы 7 жылдық коммуна-мектебіне түсті. Көшімов Әубәкірдің (Сәлиманың күйеуі) үйінде жатты. Сәлима Бекеннің қызы. 20-да еді. 31 жылы өлді. Профессиональная көшесінде тұрды. Электричество болған. 1 бөлмелі тәуір үй. Көшімов Нұрмұханбет оқытты. Көкшетау ауданы, Сталин колхозында мұғалім болды, директор, қарт педагог. Революциядан бұрын мұғалім . жездесі мазасыз болған, сабаған, одан келесі жылы шықты. Боқтады. Мұғалім Көшімов коммуна мектепке түсірді. Ақыл берген. Байланысып отырған. Әубәкір көктұқыл қу. Қазір Көкшетауда Н заводында істейді. Пугачева, 59 тұрады. Мәлік қулықшыл, ақжарқын. Мұғалім. Әдебиет-тілден берген. Әйелі Бағила да сабырлы, момын адам болған. Ғабдолланы да оқытқан. Дос болған, құда болған. 

(Мәлік ауылда оқып жүргенде Әбенов деген мұғалім балаларды сабағандықтан Мәлік балалар атынан районоға арыз жазып шығартқан). Осында Мәлік газет шығарады, плакаттар жазады екен. 

Мәлік өлең шығарып жүретін сықақшыл, ойынқұмар, мылтық жақсы ататын. Ауылда қырғыз балаларымен соғыс салады. Мәлік бастайды. Ерке өсті.

Көкшетауда орыс баласын «түзетуге» ұрыс салған. Оның пышағы, кірі бар. Оқудан қуылған. Мәлік қорықпайды.

 - Мен одан қорықпаймын, - дейді. Қожақметов, Рахымов, Рахымжанов осында бірге оқыды. Бір жылы Алматыға пионер слетіне барды. Үйіне хат жазды, әкесі тамақ беріп кетті. Рахымжанов, Рахымов үшеуі осында оқуға жазылып қайтып келді. КазПИ рабфагына түсті. 20 күндей жүрген соң, театрда болған. Алманы әңгіме етті, алма әкелді. Екі шеше бір жылы, 31-жылы өлді. Әкесінің нағашысы (Жанбөпенің әкесі) домбырашы. Ауылда жүргенде Мәлік оқудан шығысымен кооперациядағыларға көмектесіп бәкі алады...

Көкшетауда кітаппен шұғылданады. Өлең жазады. Қабырға газетке жазады. Қайсар. 

Жақсы жолдастары:

1. Сұлтанбак Қожақметов – доцент по педагогике, в армии. Туған жері Көкшетау ауданы, Қарабұлақ к/х. Жастайынан бірге оқыған. Көкшетаудан кейін Москваға кетіп, Моск. Аспирантураны бітірді, КазГУ мен КазПИ-де сабақ берді. Финн компаниясында армияға кетті. Соғыста.

2. Манамбаев Дәулетқан – үш қора жеке еді. Ғабдолланыкі, Мәкежандікі, Жағыпардікі.

Мәлікпен Дәулетқан сырғанақ теуіп жүрген. Сұлтанбек үйі 8 шақырымда болған. Мектепте Дәулетқан үйінде жатып оқыған. Үшеуінің достығы осыдан басталған.

Мәлікпен Дәулетқан екеуі оқуға қашып кетеді, өйткені бұл кезде Сұлтанбек Көкшетауда оқып жүреді. Елігеді... Дәулетқанның ағасы Жаманбала (40-ж. өлген) Көкшетауға барып сабап алып келген. Тағы қашқан... Петропавлға қашқан (6-кластан). Онда педтехникумға түседі. ІІ курсын бітіріп, КазПИ-ге түседі. Мәлік литфакта, мынау физматта оқыған. 36-жылы екеуі де бітірді. Қазір Шуши ауданында Қарағай к/х-да істейді. Хат жазысып тұрады. 15-жылы туған.

3. Тұрымов Файзулла – КазПИ-де 40-жылға дейін неміс тілінен сабақ берді. Қазір армияда. Финн компаниясынан бері.

4. Бек Сүлейменов – аспирантурада бірге оқыған.

5. Әлішер Тоқмағамбетов.

6. Нұрмаш Шоқаев – бір үйде тұрған досы. Красина, 49, одан Пролетарская 12 тұрды. Қазір армияда, Мәлікпен бірге.

7. Тұрар Сатыбалдин – аспирант, армияда.

8. Жұмаш Қонақбаев

9. Есімхан Таймасов – 8-армияда. Бұрын нач. отдела кадров упр. Турксиба.

10. Есмағамбет Смаилов 

Мәлік 30-жылы рабфакқа түсіп, 32 жылы ҚазПИ-ге түсті. 36-жылы отлично бітірді. 36-жылы армияға кетті. Одан бұрын екі-үш ай «Л.Ж» газетінде істеді. Армияда ковалерия болып, Ферғанада тұрды. 9 айдан кейін Алматыға қайтты. Осыдан кейін «С.Қ» аз істеді.

38-жылдың алғашқы жартысында Академия Наукта мл. науч. сотрудник болады. Екінші жартысында аспирантураға түседі. Бұл кездерде «Окт. бал» консультант болады. За хорошую работу консультантства грамота алды Верх. Советтің (21/ІІ. 40 ж). аспирантураны 41 ж. 16/VІІІ дейін аспирантурада болып, майданға аттанды. Осыдан І-ІІ курста (ҚазПИ-де) қазфольклордан сабақ беріп жүрді. ҚазПИ-де 40-41 ж. пред.месткома болды.

40-жылы 4-августта үйленді. «Қойсалғанда».

Мінеки, осы бір түйдек мәліметтер жинағының өзінде Мәлік Ғабдуллиннің айналасына қатысты қаншама тұщымды деректер бар. Мәлік Ғабдуллиннің бұл кезде майдан өтінде немесе Мәскеудегі Жоғары Саяси Бас басқармада қызметте жүргенін ескерсек, Мұқан Иманжановтың бұл деректерді осында аты-жөні аталған, әсіресе бірге өскен достары Сұлтанбек Қожахметов, Дәулетқан Манамбаев сияқты сырлас-туыс адамдардан жазып алғаны анық. Музей қорында Дәулетқан Манамбаевтың Мәлік Ғабдуллинге жазған туыстық-сырластық хаты бар.

«Мәліктің мінезі: Ашуланбайды, ашуланса, қайтпайды. Сөйлеп отырады. Мінез көрсетеді», - деген сипаттама да Мәліктің осы сыралғы достарының берген мінездемесі екендігі анық.

Мұқан Иманжанов белгілеулері – ел мен жерге қатысты статистикалық жалаң сан-цифрлық немесе публицистикалық сарындағы жазба емес, онда Мәлік Ғабдуллиннің өмір жолындағы күйініштер мен сүйініштер де молынан қағазға түскен: «31-жылы Мәліктің екі шешесі, Сәлік, екі қарындасы өледі. Декабрінде Көкшетауда. Олар Серафимовкадан көшіп барған еді. (Жалғыз ала сиырын туысы мұнан ұрлап сояды). Жалғыз Ғабдолла қайтып келеді. Әркімнің үйінде жүріп, осы әйелі Әкуәннің әйелі (Күнжан) 

Мәлік жүрегіндегі зор қайғы.

Осы кезде ... Әбдуәли Сәрсенбаев пред. райсовета болды... Жау болып кетті. Осы кезде Мәлік рабфакта еді, үйіне көмектесе алмады. Іштей тынды:

Сұм өмір...

Өлген анам тіріліп,

Жылағанға келе ме?

Қалқатайым, келші деп, 

Емшегін созып бере ме..., - 

деп қынжылады. Көп переживать еткен. 

Осыдан 1936 жылы әлденіп бір-ақ келді. Кімге барам? Анам жоқ - деп қиналады. Ой дүниесі үлкен өзгеріске ұшырайды. Поез үстіндегі қиял...

Ақтамақ Манамбаева – Мәлік осында түседі. еңіреп жылайды. Өз үйіне барады. Екі-үш күн үндемей тұнжырап отырып алады... көп томсарады. Күнде ерте тұрып, тау кезеді. Ақтамақтыкіне түнеп, төсін құшып жылап жатады... Өз анасындай құшады, күңіренеді, анасы көзге елестейді... Ақтамақ Бекболат сөзін айтып жұбатады. Өмір... Өмір... Бекен үйіне де түнейді. Бекқожаның баласы Ғабдолды ініме ұқсатам. Көзіме сол елестейді деп қамығады. Әбіке деп атайды екен. 

- Ой... тербету – анаға борышы... Ол мені қарғады ма екен? Көмектеспедім-ау... шер. Таңертең терезе қағып келді... Әуелі үйіне келеді... Келеді... келеді... келеді... Аз күн жатып қайтып кетті. Екеуінің переживаниесі. 

Мәлік есі кіре ойынды азайтады. Оқуға беріледі... Ұлы анасы оны Алматыға оқуға жүргелі жатыр деп жылап келеді. 

- Тағы жылап келеді. Қаршадай Мәлігім Алматыға кетті, мен көрмеймін ғой деп... Көне алмады... Ана переживаниесі... Смерть матери... Ақтамақтың үлкен баласы Өтежан өлген еді.»

Мұқан Иманжанов жазбасында Мәлік Ғабдулиннің алғашқы жары Жанбөпе жайында әр түрлі жағдайларға қатысты біршама деректерді жинағанын көреміз. «Жанбөпе Әбілпейісова» деген тақырыппен берілген жазбада мынадай мәліметтер бар: «1921 жылы туды. Зеренді «Тура жол» колхозы. Руы – Мұсақұл, оның ішінде Қадір ауылы. Әбілпейістің әкесі Байбосын аю ұстаған, батырлау адам. 

Әбілпейіс – өлеңші, домбырашы, мерген, аңшы. Қазір 67-де, колхозында. Зерендінің түстігінде 25 км. Айдабол спирт заводы жанында 5 шақырым жерде. Мәдиан төркініне барып жүргенде Мәлік бірге барып жүрген, сүйек болуды аналар келісулі болған. 35-36 жылға дейін ауылда, 35-36 жылы Зеренді ауданындағы Ленин к/х-да орта мектепте оқыған. 37-39 жыл Петропавлда қазақ 10-мектепте оқыған. 40-41 ж. Алматыда 12-мектепте оқыған. 8 кл. бітірді. 40-ж. 30/VІІІ. үйіне келді.»

Мәліктің балалық, жастық шағы туралы Мұқан Иманжановқа көптеген мәліметтер берген адам – жақын туысы, болашақ көрнекті математик ғалым, «Халық календары» атты танымал еңбектің авторы Мыңбай Өтежанұлы Ысқақов болған деп болжаймыз. Мұқан Иманжанов жазбасында Мыңбай Ысқақовқа қатысты мынадай дерек бар: «Мәлік балажан, балаларды күрестіруге құмар, ойынға ұтқыр. Мыңжан. 1921 жылы туған. Мәлік 4-класта ауылда оқығанда 1-класта оқыған. Мәлік арқалап жүрген. Мәлікті таз мұғалім подполға жабам дегенде балалар жабылып сабап алады. Мәлік өздігінен оқыды, Әбенов сабағы оны қанағаттандырмады.

Мәлік Көкшетауға барып хат, кітап жіберді. Алматыға кетті. 1939 жылы августта хат беріп, оқуға учит. институтқа түсірді. Барғасын көмектесіп тұрады. Мәлік жатқан үйде түней кетеді, сырласады. Кейін Мәлік киімдер жібереді. Әйелді өзім әперем дейді, тәрбиелейді.

Ол (Мәлік) ерте тұрады. Түрүси мен майка киіп, аяғына чувак киіп, алдына кітапты қойып оқып алады. (Мәдениетті стол) чай қойып жіберіп ішеді. Театр, ойын-сауық. Байланыс осы уақытқа дейін... Мыңбай 1 жыл оқып ауылға келеді... Үйленуді ойлайды. Ажар... Армияға кетеді. Оңтүстікте болады. 1 ай передов. линияда болып, аузынан жараланып келеді. Зам. политрука, пулеметчик – еңбектеп келе жатып жараланады. Келіп үйленеді.»

Бұдан өзге Мұқан Иманжанов Мыңбай Өтежанұлының өз қолынан Мәлік Ғабдуллиннің жазған хаттарының көшірмесін алған деп көреміз. «Мыңбайға жазған хаттары» деген жазбалардан біз Мәліктің ауылдағы отбасындағы түрлі жағдайларға деген алаң көңілін көреміз: «... Мен қазір Мәскеудемін. Маған тиісті наградтарды алдым. Бұл жерде жазушы, суретші дегендер басымды қатырып болды. Мазаны алады, ананы айт, мынаны айт деседі. Шынында есі бар адам өзі туралы әңгіме айтып мен мынадаймын деуі қиын ғой... 17/ІІ – 43. М..!»

Расымен де жан жақтан анталаған жаудан қорықпаған батыр сол жауға қарсы көрсеткен ерліктері туралы айтуын сұрап жиі мазалаған шығармашылық, өнер адамдарының сұрақтарынан жалыққан да болар. Келесі бір хатында өмірге келер ұрпағының атын қою туралы ойын айтады: «Аман-сау боларсың. Мен де аман-саумын. Бірсыпыра әңгімені бұдан бұрынғы хатымда жазғам. Одан басқа өзгеріс жоқ. Мына бір суретімді жіберіп отырмын. Көріксіз кеңірдек сияқтымын ба, әлде қалай?.. Сен неге уақытымен хат жазып отырмайсың? Жанбөпеге мынадай заказ жіберіп ем, егер аман-есен босансаң, балаңның атын Майдан қой деп. Баласы құрсын, аман-сау жаны қалса болды. 5/І – 42.»

Мұқан Иманжановтың жинақтау жазбасында Мәлік өмірінің жастық кезеңіне қатысты көптеген деректер бар. «Сүйек жаңғырту» дейтін салты бойынша, қазақ аналары өз төркініне қыз беріп, қыз алысуды қолай көрген. Ұлы анасын тыңдап, тәрбиесінде өскен жас жігіт Мәлік те осы салттан аттамағанын көреміз: «Үйлену. Ана өлерінде Жанбөпені алсын деген екен, Мәліктің есіне әкесі осыны салады. Көруге барып, ұнатады. Келесі отпускада алады», - дейді жазушы өз белгілеуінде. Жазушының Мәлік өмірінен болашақта әдеби туынды жазбақ та болған болуы мүмкін деген болжам жасауымызға жоғарыдағы үйлену мәселесін толықтыра түсетін «Сырлы карточка не ана өсиетінің күші» деп тақырып қойылған жазбада Мәлік өмірінің Алматыдағы базарлы жастық шағынан хабар береді. «ҚазПИ-де оқыған Ғазиза Ақболарова әдебиет факультетінде оқыған. Соны Мәлік сүйеді. Осы сүю үстінде үйленуге уәде береді. Сөйтіп, үйіне келеді. Жанбөпе жөнінде ана өсиетін естиді. Қынжылады... өсиет сүйдіреді. Қайтып барып Ғазизадан суына бастайды... Мұңын айтады. Шындыққа көшеді. Переживание болады. Екінің ортасында болады. Сырын айтады. Оның суреті конвертке түсіп Жанбөпеге барады. Бұл танысу 39 жылы еді. Атпен барады.

Ғазизаның подругасының жігіті Мұқамбетжан Мұстафин (секретарь комсомола, литфак) қарсы болған. Қыз осы арқылы кек алмақ болады. Екі қыз 4-курста, Мұқамбетжан 3-курста. Бұл төртеуі үнемі бірге жүрген. Мәлік демалыстан кейін бөліне бастады. Қыз Мұқамбетжанға шығады. Ол келіп Мәлікке айтады, ренжиді... Осыдан басталады жүз шайысу... 40-жылы елге қайтады, Ғазиза оқуын бітіреді. Ал дейді, ол қайтып келемін, тоқта дейді... Жанбөпені алып келеді. Дүкен жанында Ғазиза көреді. Көп қарап тұрады. Жанбөпе де біледі. Тыныш тарқасады.» Ақ қағазға қара сиямен түсірілген осы бір жазба басты кейіпкердің жалындаған жастық шағындағы сүю мен күю халін суреттеп бейнелейтін көркем туындының сюжеттік арқауына айналуға сұранып тұрғандай.

Мәлік Ғабдуллин өз хаттарын қазақ және орыс тілінде, сондай-ақ төте жазумен, кириллше де жазғанын білеміз. Орыс тілінде жазған бір хатында былай дейді: «Идем по направ. Новгорода. Передай привет всем родным. Забота о родных возлагается на тебя. Нужно хорошо готовиться к зиме... 2/ІХ – 41 г. М. Аман-саумын. Осы екі сөз жүрекке жылы, әрі жақын сөз болуы керек.»

Мәлік Ғабдуллиннің Мыңбай інісіне жазған келесі бір хатында алыстағы жары Жанбөпенің денсаулығына алаңдаумен қатар, отасын әуреге салып қойған басқарма ауылдасына деген ашу-ызасы да бар және оларды бұл жерде көрсетіп жатудың қажеті жоқ болар деген ойдамыз.

Мәлік Ғабдуллиннің батырлығына ғана емес, оның әдебиеттанушы ғалым екендігіне де мән берген Мұқан Иманжанов оны жастайынан танып білетін адамдардан осыған қатысты мағлұматтарды молынан сұрастырып жинағанға ұқсайды. «Әдебиет қызметі» атты жазбаның мазмұны осыған құрылған: «Ол Қобландыны сүйген. Жатқа айтады. Абайды әнмен айтады. Неміс тілін біледі. Гейне, Гетені оригиналынан оқиды. Бір сумка немісше кітап әкеледі. «Ер Тарғынның» прологын ылғи айтып жүреді. Халық фольклорын сүйеді. Академик Юрий Матвеевич Соколовпен фольклор жөнінде көп кеңескен, жуырда өлді (41 ж.).

Онымен танысуы: аспирантурадан Москва, Ленинградқа барады, осында Москвада Соколовпен танысады. Хат алысып тұрысты... Дос болған. Бальзакты ұнататын.

1939 жылы ҚазПИ-де кандидат партии болады, соғысқа член болып кетті.», - деген мәліметтерді жаза отырып, Мәлік Ғабдуллиннің майданға дейінгі еңбектерін де көрсетеді: «Еңбегі. 1. Қобланды батыр туралы жазды – ғылыми зерттеу – «Ә.М» журналына (39 ж); 2. Қазақтың ақын-жазушысының тіл байлығын пайдаланулары туралы (мақала) «Ә.М» журналы (39 ж); 3. Ұсақ мақалалар; 4. «Жұмбақ жалау» туралы сынын жазып ешқайда бермеді, салып қойды. 

Жазбасының соңындағы «Мәлікті білетіндер» деген тізіммен бес адамның аты-жөнін атап, олардың Мәлікке кім болып келетінін, қайда, қандай жұмыс атқаратынын да жазады: «Мәлікті білетіндер.

1. Мыңбай Өтежанович Ысқақов – жақын руы, жолдасы, бажа аға, тәрбиесін көрген. Мәлік оқуға түсірген. Зеренді ауданы, Мәлік к/х-ы...

2. Мананбаев Дәулетқан – туысы, жолдасы. ҚазПИ-ді бірге бітірген. Шучие ауданы, к/х «Қарағай»-да. Мәліктен 2 жас үлкен. Науқас.

3. Көшімов Нұрмұқамбет – Көкшетау ауданы, Сталин к/х-зы. 60-та. Қарт мұғалім, тәрбиешісі.

4. Түменбай Қосдәулетов – (шал, 17 разъезд Көкшетау қасы (Ақмола жағында) қазақ тарихы жөнінде көп біледі.

5. Әбілхас Байбосынов – Петропавловск, Заводская 13. Тумырза, Бимырза – балалары.

Бұл аталған адамдар негізінен Мәліктің жақын туыстары, ұстазы, көз көргендері мен нағашысы екенін көреміз.

Мұқан Иманжановтың Мәлік Ғабдуллин еліне жасаған сапары ақпараттық-деректік тұрғыда құнарлы да қайырлы болғанын көреміз. Бұл шығармашылық барлау сапардың нәтижесі қандай болды? Бұл сұраққа жауабы – Мұқан Иманжанов қаламынан туған «Герой туған ауылда» атты көркем очерк. Очерктің «Ұл», «Қуаныш күні», «Жүрек серті», «Колхоз адамдары», «Геройдың семьясы» тақырыптарымен берілген бөліктерінен жоғарыдағы жинақтау жазбаның сұлбасы анық аңғарылады. «Папа, деп төр алдындағы ілулі тұрған суреттерді көрсетеді. Оның кішкентай саусағы көп суреттің ішінен Мәліктің суретін мегзейді. Бөбек жаңылмайды. Өз әкесінің суретін айнымай таныйды. Оған қарап әлде нелерді айтып, мәз болып қалады.

Бұл бала әкесін көрген де емес. Ол құрсақта жатқанда Мәлік майданға кетті. Бірақ ата мен баланың арасындағы махаббаттың ұлы күші оны ылғи да жақсы ырымға бастайтын, сездіріп тұратын сияқты. 

Бөбектің аты Майдан. Бұл есімді геройдың өзі қалап қойдырды. Ол бір хатында: «Жанбөпе, аман босана қалсаң, перзентіміздің атын Майдан қойыңдар» деген еді. Оның сол тілегі бойынша сәбидің аты Майдан қойылды. Сол осы Майдан. Ауыр күнде, әкесі қанды ұрыста жүргенде туған Майдан. Оның есімі жауынгершілік заманының алып тұлғасын, айбарлы үнін бір өзіне түйіп тұр. Ел жүрегіндегі бір ауыз сөздің дабылы болып қағылып тұр. Майдан! Ардақты елдің ар-намысы, бақыт-қуанышы осы сөздің бойына сыйып тұр. Бұл әрі қатерлі, әрі қасиетті, әрі мағыналы сөз. Совет адамдарының жүрегінде сақталған үш сөз бар: Отан! Майдан! Жеңіс! Бұл соның бірі. Осы үш сөзбен Мәлік майданға аттанды. Сондықтан да ол жанындай жақсы көрген тұңғышын Майдан деп атады. Ол бұл атты ойланып қойды. Өз басын Майдан жолына тіктім деп қойды! Майдан үшін қан кешіп, жеңіске жетемін деп қойды! Ол жеңіске жетеді! Сонда ол екінші баласының атын Жеңіс қояды. Майдан, Жеңіс азаттықтың символына айналады. Майдан мен Жеңістен бақытты келешек ұрпақ өрбитін болады.» 

Академик Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен ғылыми еңбегі, әдеби шығармашылығы, педагогикалық және басқарушы, халық қалаулысы ретіндегі қызметі, адами тұлғасы жайында жақын туыстары, жерлестері, зерттеуші ғалымдар мен ізденімпаз журналистердің еңбектері мен көзін көріп, шапағатына бөленген адамдардың естеліктері қаншама. Солардың ішінде қазақтың танымал жазушысы, қаламы жүйрік журналист Мұқан Иманжановтың Ақмола (ол кезде Көкшетау облысы құрыла қоймаған, әрі өзі де очерктің соңына «Ақмола» деп жазған) облысына, Мәлік Ғабдуллин туып-өскен елге келген сапарында үлкен ізденіспен түзіп қалдырған деректері мен жариялаған очеркі мәліктану үшін құнды жазба. Сондықтан да аталған жазбаның мазмұнын толықтай болмаса да ықшамдап халық көпшілікке таныстыруды мақсат еттік.

(Мақаланы жазу үшін Мәлік Ғабдуллин музейі қорының жазба материалдары пайдаланылды.)


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар