Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: Айтыскер ақынның бір қолжазбасы хақында

Бөлісу:

09.08.2016 4491



Қолында – қара домбырасы, бөркінің төбесінде үкісі бар (маған солай елестеуші еді) бала Дәулеткерейді баяғыда әрәдік жалт-жұлт көріп қалып жүретінмін. Апталар ұшып, айлар көшіп, жылдар жылжып; сол бала Дәулеткерей айтыс өнерінің әйгілі саңлағына айналды. Айналды да,... бейне бір отставкаға кеткен жап-жас генералдай, жыр додасынан бойын бірден аулақ салды. Енді міне, ойға қалам, қолыма түскен қолжазбасына қарай отырып. Ол қолжазба – жазба ақынның жан-дүниесінің өрнектері. Мені суырыпсалма ақын → жазба ақын түріндегі осы рухани тосын трансформацияның мәнісі ерекше толғандырады. Мұның гәбі неде екен деймін де баяғы.


дау-тыныш.jpg


Тегінде, өз түсінігімде: қазақтың айтыскер ақындары – көшпеліліктің, жазба ақындары отырықшылықтың символдары. Өйткені, табиғаттың төл баласы болып табылатын көшпелінің мыйы – қыртысы күрделі жаратылыс, санасы – ойға бай эпикалық парасат болып келеді. Көшпеліге тән сондай ерекше қасиет – айтыскер ақындардың көш-керуендей тізілген көркем сөзді кез келген жерде, кез келген сәтте суырып салып айта жөнелмегінің басты кепілі. Жан-дүние байлығы мен сезімталдығы һәм ұшқыр ойлау жағынан алғанда, айтыскер ақындардың ең әлсізінің мынау дейтіндей жазба ақындардан «бір елідей» болса да биік тұратындығы сондықтан.


Әрине, қазақтың қазақстандық қазіргі мықты жазба ақындары да, белгілі бір мөлшерде – көшпеліліктің перзенттері. Олардың өзі екі категорияға бөлінеді: байырғы орасан көшпелі өмірдің ауыл-ауылда сақталған кейінгі жұқана- жұрнақтарының өзін көріп өскендер және байырғы көшпелі өмірдің тек сөзін естіп жетілгендер. Алғашқыларында жасырын жатқан суырыпсалмалық сұлу таланттың негізі бар, – көкірегіне түскен ойдың нұрлы өрнектерін көп жағдайда қағаз бетіне демде әсем көшіртіп үлгертетін. Екіншілеріне – ой ұшығын ұстап алып, соның мән-жайын кеңінен, асықпай толғануға бейімділік тән. Алайда, олардың да жүректерінің түкпірінде суырыпсалмалықтың әз импульсы аз да болса сақталған. Осы екі топтың бір ұқсастығы сол, ол – екеуінің де өз жан сырларының бұқараға жария жетуіне еш асықпайтындығы, әр ойдың лебізін қырнап-жонып ұзақ өңдейтіні, әр ойдың әуезін көңіл қобызының құлақкүйімен сәйкестендіре, барынша қоңырлай түсуге тырысатындығы. Оның себебі неде? Оның бір себебі:


«айтылған Сөз – атылған оқ», сондықтан, «аттың» екен, оны дәлдеп «атуың» керек, өйткені, бір оқты екі рет ата алмайсың. «Қайыра атылмайтын» ондай сөздің өкініші аз болмайды. Екінші себебі – суырыпсалма таланттың жасампаздық көрсетер тыңдармандық аясының барынша тарылуы, керісінше, оқырмандық сферасының барынша зораюы. Ал, «айттым – бітті, аттым – тиді» – нағыз суырыпсалма ақындардың принципі. Ол принцип – олардың тілге бай көшпеліге тән шапшаң да дана ойлай білетін шешендік ерекше қабілеттің өз бойларында барлығына бек сенгендіктен қалыптасқан үрдіс. Яғни, жазба ақындардың «тоғыз толғанып-он ойланып» барып қана дүниеге әкелетін туындысына сай шығарманы хас суырыпсалма ақындар салған жерден-ақ саңқылдап айтып бере алады. Оған ноғайлы заманындағы Қазтуғандарға бармай-ақ, бергі Сүйінбайларға келмей-ақ, бүгінгі Айтақын, Аманжол, Айбек, т.т. үздік айтыскерлерді мысалға алсақ та болар. Әйтсе де, қазіргі заманда суырыпсалмалықтың жасампаздық аясының өте тарлығы – аксиома. Оны айтыс кезінде сол жыр додасы өтетін сарайлардың тыңдармандарға әркез лық толы болуы да жоққа шығара алмайды. Айтысқа әр он мың қазақтың бірі ғана барады, сөзді ұғатын, қастерлей білетін.


Жалпы, Рух пен Ес жасампаздығы тұрғысынан келгенде, көшпелінің символы – өлең, отырықшының символы – қара сөз; көшпелі – көне сезімнен қуат алып, жаңаша ойланады, отырықшы – ескі ойдан қуат алып, жаңаша сезімге беріледі; көшпелінің қарекеті – априори «ой-сөз», отырықшының қарекеті – апостериори «іс-жүзе», т.т. Сәйкесінше, «бір-біріне антагонист» көшпелілік мен отырықшылық ақындарында да солай: «сабасына қарай – піспегі...».


Қош, сонымен, қазақтың мықты жазба ақындары көп, мықты айтыскер ақындары аз. Солардың бірі – Дәулеткерей. Оған ешкімнің таласы бола қоймас. Осы орайда «өткен ғасыр басындағы «түйе мінгендерінің өзі төрт ауыз өлеңге шебер болған» («Түйе мінген әр қазақ төрт ауыз өлең біледі») суырыпсалма қазақтың кейінгі кезде жазба ақындығының кеңінен өрістеуінің мәнісі неде?» – деп сұрақ қоюдың да еш қажеті жоқ. Ол құбылыс жоғарыда айтқанымыздан шығады – қазақтың ақыл мен көңілді жұпарлайтын, рухты асқақтататын ежелгі көшпелі өмір сүру салты біртін-біртін адыра қалып, елдің саналы тірлігін өркөкірек сайтанға тән прагматикалық отырықшылық біржолата жаулап алып қойды. Соның кесірінен, аталы сөзді «қырағы көзбен оқып қана» қоймай, кемел құлақпен де меңгеруге жетік болмыс ретіндегі ортақшыл жомарт-мәрт-дана- аңқылдақ көшпелінің дәурені көзден бұлбұл ұшты. Яғни, көшпелінің аталы сөзді жарату-тарату, оқу-тоқу, қабылдап-қасиеттеу кеңістігі – ұлан-ғайыр еді. Бір формуласы: «көз жетпеген жерге Сөз жетеді». Ал, отырықшы не нәрсені де «өзі меншіктеген» оңаша тар аяда «көзбен шұқшия қабылдауға» ғана қадеттенген. Өлеңді оқып түйсінуінде де бастысы – сол «көз» факторы. «Құлақпен оқу» оларда – екінші планда. Қазақтың «жазба ақындығының» кең өріс алуының басты себебі де – сол, бұқара қазақтың оқырмандыққа ғана бейімделген отырықшылыққа тұтастай түбегейлі душарлануы. Яғни, «Казахский стих до сих пор рассчитан на слушателя» (О. Сулейменов. Аз и Я. Алма-Ата. «Жалын»-1989. стр. 11.) дәуірі өтті, оқырмандық заманы түбегейлі орнықты.


Дәулеткерейдің қолжазбасын оқи отырып, оның айтыс өнеріндегі өзінше сардарлығының һәм оның сол айтыс өнерін тастап шығып, жазба ақындыққа біржолата бет бұруының мәнісі жайында ойланғанда, міне, осындай ұзақ толғанысқа түсемін. Анығырақ айтсам, «схематизмдік теорияға» көшуге мәжбүрмін. Өйткені, қазақтағы суырыпсалма ақындық → жазба ақындық трансформациясының барша мән-мазмұнын саралап-сараптап айтуға бет бұрсақ, тарихы көнеден суырылатын туған еліміздің орасан жарадай сыздаған аса дертті жүрегін ор төске салып аяусыз соққылағандай рақымсыз күй кешетініміз анық. Сол күйдің бертінгі көрінісінің бір үзігінің өзі – «майқы-мөңке-бұқар-шортанбай» зар. «Алла» деген сөз – жеңіл, Аллаға ауыз жол емес» (Абай) демекші, «...шортанбай»-зар» деудің өзі де – айтуға ғана оңай. Себебі, қазақтың гендік жадында бұл бес Күндік Жалғанның адам баласы өткерер мыңдаған жылдық барша «жазуы» бар десек, еш қателеспейміз. Ең бастысы, сол «жазудың» мәңгүрттенген өз мый қыртысымызда тірідей көмілген – Өлең (жұпар ән-жыр), Абайша айтқанда, Патша Сөз екендігі. Біздің бүкіл фольклорлық қазынамыз, халықтық ән-күйлеріміз, баршасы – суырыпсалма дарындылықтың дүр- жауһарлары. Амал нешік, біз – өзіміздің әлсіреген рухымыз бен тегіміздің, бас қауашағымызда «қоңырси түтіндеген» жанымыздың ежелден Патша Сөз кейпінде болғандығын мүлде ұмытқан халықпыз; қазір «ат кекіліндей бір тұтам» мөлшерге түскен суырыпсалма ақындық талантымыздың ежелгі ата-бабалар кезінде жалпыға тән болған рухани рыцарлық ерекше қабілет-қасиеттен аз-маз сақталып қалған бір шоқ ұшқын ғана екендігін мүлде ұқпайтын халықпыз.


Мұндай кепке қалай түстік? Ол да – күні-түні сарнап тауыса алмайтын бір шерлі әңгіме. Ол әңгіменің ең басты айтар ақиқаты – Табиғат-Анадан бөлектеніп қана қоймай, оны аяусыз қорлап-зорлап, барын тартып ала отырып, оны өз бас пайдасына ғана жаратуды ойлайтын безбүйрек пендешілікке тәу еткізер отырықшылыққа байырғы көшпелінің түбегейлі душарлануы жайындағы пәлсапа. Біз, солайша, жұпар патша Ой болып табылатын ежелгі аңқыма табиғатымыздан айырылдық, көркем сөздің мәні мен мазмұнын һәм маңызын ұғынудан мақұрымдандық, Аталы Сөзге тоқтауды қойдық, руханиятты өзімізден емес, өзге елдерден іздеуге көштік, соларға өлердей еліктедік, тіпті, өлең өрнектеріне дейін. Ата тіліміз шұбарланды, Ата мекеніміз өзіміздікі болудан қалды...


Осындай қасіретті бір ұқса, алдымен суырыпсалма сұңғыла ақындар ұқпақ. Олар оны ұғып қана қоймайды, «ақырып теңдік сұраған» дулығалы бергі жырау бабаларымыздай, бейруханият пандемиясына Айдай дауа қарсылайды. Сондағы олардың нақ та хақ сенімі – тірлік-тұрмысымыз ғылыми техникалық даму бағытын ғана басты ұстаным етер отырықшылық сипатында болса да, пендені періштеге айналдырарлық алапат ізгі қуатқа ие рухани парасаттылық даму негізіндегі көшпелі өмірдің ұлттық Рухымыз бен Ақылымызда бек сақталуының өмір сүруде ауадай қажеттілігі һәм парыз екендігі жөніндегі кемел таным. Осындай таным-сенімнің нұрлы дәнін ауыл аңқыған аудиторияларға ғана шаша беру де – ақылдының ісі емес. Өйткені, ол көрермен-тыңдарман топ – көшпеліге тән аңқылдақ қасиеті онсызда баршылық қауым. Рухани парасаттылық дамудың дәнін шашсаң, әбден отырықшылана ассимиляцияланып-урбанизацияланып, тегін ұмытуға тездете бет алған дәнемесіз бұқара-қазаққа шаш, төтесінен, төбесінен.


Осы қарапайым ақиқатты суырыпсалма ақындардың көбісі жас кезінде аңғармай, қошеметтің буымен тағы біраз жыл және «әндетіп» өткізіп алатындығы болмаса, жалпы алғанда, айтыс өнерінің шеберлері ақырында әлгі ақиқатпен («В эпоху фольклора казах был Слушателем, за полвека новой истории он стал Читателем». Олжас) бәрібір айқара қауышып, айтылмаған сөзі жоқ бағзы көшпелі дана ата-бабаларымыздың аса бай фольклорлық мұрасы жауһарларын модерндік технологиямен қайыра өңдеп-жаңғырту жолында отырықшы оқырмандардың санасы мен талабына сай келер жазба ақындықтың иір-иір соқпағына еріксіз түсуге мәжбүр болады деп ойлаймын. Тіпті, «шапан киіп, ат мініп шаршағандарының» өздері де сол соқпақтың төңірегін «ерсілі-қарсылы шимайлап» жүретініне сенімім кәміл.


Бір сөзбен айтқанда, нағыз айтыскер ақынның жүре келе бетке ұстар құбыласы, байыздап барар жері – отырықшылық оқырмандарына бейімделген жазба ақындық. Алайда, суырыпсалмалық пен жазбалықты қатар алып жүретін ақындар да бар. Мысалы, Ринат Заитов бауырымыз – сондай құбылыстың өкілі. Ал, Дәулеткерейдің жөні өзге айтыскерлерден мүлде бөлек. Біріншіден, оның қазіргі жас мөлшері айтыскер ақынның нағыз кемелденер шағына дөп келеді. Соған қарамастан, ол айтыс аренасын бірден тастап шығып, жазба ақындықтың жолына түбегейлі бет бұрды. Бұл – екі. Үшіншіден, ол тұқымынан-тумысынан ақындық қасиетке ие: ақын Кәп (Құмарұлы) ағаның ұлы, сөз сайысының ежелгі салтын уыз сақтаған ақын Егеухан (Мұқамәдиқызы) тәтенің айдарлысы. Төртіншіден, біздің кешегі колхоз-совхоз малшылары ұстанған коммунистік көшпелілігімізбен салғастырғанда, Дәулеткерей – шын мағынасында көшпелінің перзенті, аяулы Баян-Өлгийде күні бүгінге дейін ырғағынан жаңылмаған нағыз көшпелі өмірдің көзін де көріп, сөзін де естіп бұла өскен Дәулеткерей Есенғали Раушанов ағасының «көшпелінің ең соңғы ақыны – мен боламын» деген «менмендігіне» шамданып қалатыны да сондықтан:


Есен аға, есенсіз бе, әуелі?

Бұтақ жайған тораңғылдай мәуелі. 

Тауда туып тарпаң өскен тарғылдай ақындықтан

мен де – өзіңше дәмелі.


Дүрбелеңге ілестіріп дүрмек күн,

«барлығынан кеш қалыпсыз құрметтің».

«Ат тағалап, атан қомдап ер жеткен

ең соңғы ақын – сіз...» екенін білмеппін.


Ал, мен болсам, теріскейінде 

Алтайдың марқа қозы дауысымен марқайдым.

Таң-күзетте шұрқырата жылқы айдап, 

жалқы мұңын тыңдап өстім жарты Айдың...


Міне, осындай аңқылдаған тағдыр иесі нағыз кемеліне келген шағында көшпеліге тән суырыпсалмалық өнерден өз еркімен бас тартып, жазба ақындықтың иір-иір соқпағы арқылы, қалың қазақтың әлгінде өзіміз айтқан дертті жүрегі мен Рухын һәм жұпар патша Сөз тірідей көмілген ұлттық Есін қасиетті көшпелі өмірдің белгілі бір мөлшерде өзі көріп-біліп, танып-сенген шапағатты шарапатымен қолдан келгенше барынша жұпарлап қалуға сапарлата шығады.


Ешқандай асыра айтқандық емес, далалық ақын Дәулеткерейдің өз табиғатына мүлде жат отырықшылық тірліктің шырмауында шиыршақ ата шамырқанған кейінгі жазба ақындығын мен осы тұрғыда түсінемін. Әрине, бауырымыздың бұл орайдағы қолжазба дүниелерінің бәрін бірдей саф алтын деуге келмес. Дегенмен, ол да – түсінікті, жазба ақындықтың да өзіндік критерийлері мен параметрлері болады. Яғни, «Читатель нуждается и в зрительном рисунке, и в тоническом подтексте. Он требует углубленности и компактности стиха» (О. Сулейменов. Аз и Я. стр. 11.) Сол негізде «Сүтті іңір» атты шағын өлеңдер жинағын ғана шығарып үлгерген бауырымыздың «айтыскерлік аспанынан» түсе- мүсе, жазба ақындық әлемінің «минотаврлық лабиринтін» де бірден меңгеріп кетуі оңай шаруа емес. Алайда, Дәулеткерейдің аталмыш қолжазбасы ертең кітап болып шыға қалған жағдайда, өлең түсінер оқырманның ондағы жырлардың басым көпшілігінен байырғы ата-бабаларымыздың қымыз бен қымыран, жусанды дала мен жұлдызды аспан, аршалы тау мен өзен-көл, дана сөз бен күмбір күй, жауынгерлік һәм жомарттық салт-дәстүр аңқыған айбарлы көшпелі өмірінің жанға шипалы самалын емірене жұтқандай ерекше поэтикалық самала сезімге бөленері – хақ.


Көшпелі өркениеттің бел баласы болғандықтан, Дәулеткерей – тілге шешен де шебер. Бұл да – оның өзге ақындардан бір ерекшелігі. Бізге белгісіз архаизмдердің (бәлкім, диалектілердің) әр шумақтың өн-бойынан жұмбақ жалаулап, өлеңнің айбаты мен арынын асыра түсетіндігі де сондықтан.


Жалпы алғанда, аталмыш қолжазбадан дүниенің төрт бұрышын тұлпарларының төрт тұяғы бек мөрлеген; әлемдік барша отырықшы өркениеттердің рухани негізін киізүйлі арбасының ізімен айқын салып берген; достарын бұлтқа теңгерген, дұшпандарын қара жерге еңіреткен; ләззәт пен мұң атаулыны кемел парасатымен кәміл өткерген жауынгер де жасампаз бағзы бабаларымыздың көшпелі өмірінің перілік қасиетін автордың егіле көксеуінің, періштелік көркемдігін өлердей сағынуының бебеулеген һәм буырқанған құпия сарыны айқын шалынады жүрекке. Және, сол ерекше сарынға Алтайдың ар жақ- бер жағын тұтас алып жатқан туған ел – туған жерге деген іңкәрлігінің қош әуезі мен бүгінгі капиталистік қоғамға деген қамырықты ойларының манартаудай зор маңызы да қосыла-жалғаса шалқиды.


Қалай десек те, Дәулеткерейдің бірлі-жарым әлсіздеу өлеңдерінен басқаларының бәрінен де ежелгі көшпеліге тән ешкімге бас имес рух асқақтығының ұйқас пен буын заңдылықтарына мүлде бағынбайтын бейне бір күркіреген күндей, жарқыраған алапат найзағайдай ғаламат еркін қуаты анық аңғарылады. Олардың әр жолына үңілуден, әр сөзіне шүңілуден саналы түрде бас тартуымыз да содан – артық-кем айтып қаламыз ба деген сақтықтан. Біздің ендігі тілек – осы қолжазбаның тезірек тасқа басылып шықпағы.


Бөлісу:

Көп оқылғандар