Мұқият Қойшыбайұлының тұңғыш жинағы оқырманға жол тартты
Бөлісу:
Бүгін Ұлттық академиялық кітапханада ақын Мұқият Қойшыбайұлының тұңғыш жыр жинағының тұсаукесері өтті. Кеш қонағымен қатар келген қонақтар да өз өлеңдерін оқып, жыр көрігін қыздырды. Шараға №70 мектептің, Оқушылар сарайының оқушылары, Еуразия Ұлттық университетінің студенттері, әдебиетшілер келді. Атап айтқанда - Мемлекеттік сыйлық иегері Несіпбек Айтұлы, Қайырбек Кемеңгер, Омар Жәлел, Ақеділ Тойшанұлы, Ұларбек Нұрғалымұлы, Еркеғали Бейсенов, Қанат Едірісов, Нұртуған Тұрсынғазыұлы сияқты азаматтар қатысып, өз ой-пікірлерін білдіріп, ақынға ақ жол тіледі.
Қазақтың белгілі ақыны, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Несіпбек Айтұлы Мұқияттың ақындық жолдағы тырнақалды туындысына ақ жол тілеп, батасын берді.
«Мұқият өзінше толғанады, өзінше мұңданады, өзінше жыр өрнегін салады. Туған шаңырақтан жалғыз ұзап шығып, атажұртта отау тігіп, от жағып отырған жас жігіттің жүрегі нұрға да, мұңға да толы екен. Жырларынан соны аңғардым. Көңілі кейде сынық болса да жаны тұнық. Өлеңдерінде мөлдірлік, шынайылық айқын көрініп тұр.
«Сезініп көр бақытты екеніңді,
Мен секілді қайғыдан жылап тұрып», - дейді Мұқият. Міне, Мұқият кешіп жатқан тіршілік тынысы осылай жырға айналып, оқырманын ойландыруға мәжбүр етеді», - дейді Мұқият Қойшыбайұлының «Еркелеткім келеді» атты жыр жинағына жазған алғысөзінде ақын Несіпбек Айтұлы.
Сонымен қатар, жоғарда аттары аталған қаламдас аға-бауырлары да ақынға ақ тілектерін арнап, жастар ақынның өлең-жырларын мәнерлеп оқыды. Кеш барысында, сонымен қатар, жас ақынның сөзіне жазылған «Астана» және «Атамекен» әндері орындалып, қонақтарды әсем әсерге бөледі.
Айта кетейік, «Еркелеткім келеді» атты жыр жинағына лирикалық туындылар топтастырылған. Алайда жас ақынның ешкімге ұқсамайтын, өзіндік қолтаңбасы бар, ұлттық бояу мен нақышқа бай жырлары кім-кімді де терең ойға жетелеп, рухын оятпай қоймайды.
adebiportal.kz
Бөлісу: