Астанада Мұса Жәлелдің жыр жинағы жарық көрді
Бөлісу:
Бүгін Астанадағы Орыс ғылымы мен мәдениеті орталығында татар халқының әйгілі ақыны Мұса Жәлелдің жыр жинағының тұсауы кесілді.
Шара Кеңес Одағы батыры, қаһарман ақынның 110 жылдығы мен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Мұса Жәлел ақынның жинағы татар, орыс тілдерімен қоса, тұңғыш рет қазақ тілінде де жарық көріп отыр. Ақын өлеңдерін қазақ тіліне белгілі журналист Мұрат Әбдірахманов аударыпты.
Өкінішке қарай, аудармашы Мұрат Әбдірахманов бір жыл бұрын өмірден озған еді. «Мұса Жәлелдің 14 шығармасы енгізілген «Моабит дәптері» деп аталатын жыр топтамасын көзі тірісінде аударып үлгеріпті. Сондықтан, біз Мұса Жәлемен бірге қазақтың Мұрат Әбдірахманов сынды азаматын да еске алып отырмыз. Олардың есімдері ұмытылмайды», - деді шарада сөз алған Астанадағы «Дослық» Татар білім және мәдениет орталығының жетекшісі Яннат Низамутдинова.
Бұл жобаның басты ұйымдастырушылары Яннат Низамутдинова мен журналист Ринат Дусумовтар екен.
Іс-шараға қатысушылар еліміз бойынша Мұса Жәлелдің 110 жылдығы кеңінен атап өтіліп жатқандығын, әрі мұның қзақ пен татар халықтарының бауырластық-достық қарым-қатынасының жарқын нышаны екенін атап көрсетті.
Қорғаныс министрлігінің Әскери-тарихи мұражайына М. Жәлелден қалған жәдігерлер тапсырылып, қаламызда ақын атындағы әдеби байқау тұңғыш рет өткізіліп, мектептер мен жоғарғы оқы орындарында мазмұнды кештер ұйымдастырылғанын ризашылықпен атап өтті.
Тұсаукесер барысында ақынның өлеңдері оқылып, шараға келген қонақтар дәстүрлі татар асханасы тағамдарынан дәм татты.
Бір айта кетерлігі, аталған жыр жинағы тек Қазақстанның, сондай-ақ Ресейдің Татарстан мен өзге аймақтарына ғана емес, әлемдегі барша татар диаспораларына таратылатын болады.
Фото: Ұларбек Дәлейұлы, baq.kz
Ақбота Күзекбай
Бөлісу: