«Шабыт-2016». Бәйтеректің түбіндегі басқосу. Жастар пікірі. (фото)

Бөлісу:

03.11.2016 4859



IMG_7668.jpg

3-8 қараша күндері Астанада шығармашыл жастардың «Шабыт» халықаралық фестивалі 19-рет өткізілмек. Жастарға арналған бұл дүбірлі доданың әдебиет аталымына биыл 46 үміткер қатыспақ. «Әдебиет порталы» байқауға қатысушы жас ақындармен дөңгелек үстел ұйымдастырды. Жас ақындар «Шабыт» фестиваліне қатысты, сондай-ақ бүгінгі әдебиетіміздегі, оның ішіндегі жастар поэзиясындағы тың ізденістер туралы өз ойларын ортаға салды. Бұл еркін ойталқыда көптеген тың пікірлер айтылды. Жастар фестивальге дейінгі көңіл-күйін, осы бір ұлы дүбір өнер мен әдебиет мерекесінің ұйымдастырылуына қатысты өз пікірлерін білдірген еді.


IMG_7609.jpg



Шерхан Талап:

«Шабыт» бұл – жас ақындардың басын қосатын поэзия мерекесі. Мұнда жиналған жастардың жүзі таныс, жүзі таныс болмаса да әлеуметтік желілер арқылы танимыз. Мен бұл сайысқа жүлде мен бүлде үшін келген жоқпын. Жер-жерден келген қатарлас ақындармен пікір алмасып, ой бөлісудің өзі біз үшін үлкен жетістік. Сыртынан қарасаң, кейбір жігіттер іш бермей, жылы қабақ танытпайтындай жүреді. Ал «Шабыт» бұл үдеріске тосқауыл салып, бір-бірімізге жақындастырады. Екі жыл бұрын өткен «Шабыт» фестивалі жоғары деңгейде ұйымдастырылған еді, биыл біршама шашыраңқылық бар ма деймін. Әдеби аура аса қатты сезілмей жатыр. Жүлде бар жерде қаңқу сөз бола береді ғой.

Астанаға келсек үнемі «Әдебиет порталының» аясында басымыз қосылып отырады. Конкурс өткен жылдағыдай ашық платформада өткені жақсы деп ойлаймын. «Кімдерді ұсынасыз» сұрағына келер болсам, ол біздің емес, қазылар алқасының шешімі.











IMG_7640.jpg



Азамат Әбілқайыр:

«Шабытқа» жете алмай қалған қаншама ақын бар. Бұл жерде «әшейін Астананын көріп кетейін» деген адам жоқ шығар. Барлығы осы жерге жүлделі болу үшін, ішкі сенімсіздігі бар ақындар ортаны көріп кетейін деп келді. Шерхан бауырымыз айтқандай «Шабытта» кім жетістікке жетеді, жетпейді, лайықты немесе лайық емес деп дөп басып айту қиын. «Шабыттан» күтерім – лайықты адам жүлделі болса екен. Қазылардың шешімі оң болғанын қалаймыз. Фариза апаларымыз бар кезде «Шабыттың» дәуірі асқақтап тұр еді. Сол кездердегі жеңімпаз ақындарға қызғып қараушы едік. Бұл додада лайықты ақын жеңіске жетсе, бәріміздің жігеріміз қайралады.








IMG_7581.jpg



Наурызбек Сарша:

Екі жылда бір келетін «Шабытты» қаламгерлер асыға күтеді. Бірақ, осы күткеніміздің арты жетім қыздың тойы сияқты боп қалады. Рас, биылғы «Шабыттың» орасан атмосферасы онша сезіле қойған жоқ. Қатысушылардың тізімінен бөлек, олардың өлеңдері де жұрт алдында жарияланып отыру керек. Жер-жердегі ақындар атындағы сыйлықтың қатары көбейе түссе жақсы болар еді. Бұл да бір әдебиетті танытудың үлгісі. Шығыстың ақыны атындағы сыйлықты бастыстың жас қатысушысына берсе, керемет қой. Мысалға, Төлеужан Смайылов сияқты ақындарды осы фестивальден танып. білген едім. Мәселен, Таразда Серік Томанов деген мықты ақын бар екенін осы жердегілердің көбі біле бермейді.







IMG_7586.jpg



Бекзат Смадияр:

«Шабыттың» бір жақсысы өңір-өңірден жиналып, пікір алмасамыз. Мүмкін, басқа облыстың топырағының аспанында басқа поэтикалық ойлар қалықтап жүрген шығар. Соның бір тоғысатын шағы осы «Шабыт» болып тұр. «Кім орын алады?» деген сұраққа тіреліп қалған ештеңе жоқ. 











IMG_7593.jpg



Әділет Шопен:

«Көңілдегі көрікті ой ауыздан шықса, өңі қашады» дейді. «Шабытқа» алғаш қатысуым. «Шабытты» кім алады, кім алмайды дегенді мен былай ойлаймын: ақынға Нобель сыйлығын әкеліп берсе де, оның дауысына, тіліне әсер етпейді ғой. Өлең деген тілдің құдіреті, күбірі мен сыбыры. Поэзия революция емес, эволюция жасайтын жер. Сондықтан «Шабыттың» дамуы қарқынды жүзеге аса берсін...













IMG_7607.jpg



Қайсар Қауымбек:

«Шабыттың» аты айтып тұрғандай халықаралық деңгейін төмендетпеу қажет. Бұл сайыстың жүлде қоры әлдеқайда аз. 300 мың теңге былайша айтқанда бір ағаларымыздың айлығы ғана. «Шабыттың» мәртебесі мемлекеттік ауқымдағы байқаулардан жоғары ғой. Болашақта сыйлығы да соған сай келсе екен. Алдағы жылы ұйымдастырушылар ескере жатар.

















Шабыт» халықаралық байқауының әдебиет аталымы бойынша жүлдегері кім болмақ деп есептейсіз? – деген сұраққа жиырмадан астам қатысушының бәрінің пікірі: «бұл біздің еңбегімізді бағалап, қорытындылайтын әділ қазылардың құзырындағы дүние. Бәрімізге де сәтілік болсын!», - деген тұжырымға тиянақтады.


Жалпы жас ақындардың сөз ләміне, пікір ауанына қарап аңғарғанымыз, олар өз қаламдастарының шығармашылығымен әлеуемттік желі арқылы жақсы таныс екендігі. Дегенмен, қазіргі жастардың, шетелдік әдеби қауыммен әдеби байланысы, яғни өзге мемлекеттерде болып жатқан әдеби үдерістен хабардарлығы кемшіндеу ме деген ой түюге болатындай.


Жас ақындармен болған емен-жарқын келелі кеңестің толық нұсқасын «Әдебиет порталы» таяу күндері жариялайтын болады. 


IMG_7588.jpg


IMG_7665.jpg


IMG_7558.JPG


adebiportal.kz



Бөлісу:

Көп оқылғандар