Ұмтыл Зарыққан:Үкілі кер көп кіресің түсіме
Бөлісу:
Күй шақыру
Ауырлығы алған серттей,–
не қастерлі уәдедей.
Көз жасынан тамған нұрдай,
Иа, таңғы сәуледей.
Перне санай қонған пірім;
Шанақ бойлай толған мұңым;
Қанды басың қайыра тарт,
Тарт, сәуегей, сәуегей...
Сары жал жел, саған айтам,
Сары бас бел, саған айтам,
Сағымды көл саған айтам,
Сағынған ел, саған айтам
Қайғылы ер, саған айтам,
Қазулы көр, саған айтам,
Жырау- жырау, жырау күйім,
Жанары жас бұлау күйім,
Аққу- қаздай таранып кел,
Аш бурадай жаранып кел!
Қырық таңба қырымыңнан,
Он таңбалы ұрымыңнан,
Қара басың хан болып кел,
Қаралы елге қам болып кел!
Тоғыз санды торғауыттан,
Он сандайын оймауыттан,
Жазиралы жаз болып кел,
Назиралы саз болып кел!
Жырау- жырау, жырау күйім,
Жанары жас бұлау күйім,
Тырна жілік сыбызғыммен;
Қарағайлы қобызыммен;
Қоңыраулы қоңыр үнмен;
Шерге толы шанаққа серт,
Құсынилы ғаламға серт,
Қауырсынды қаламға серт,
Құлақ күйін шақырайын,
Аруағым сапырайын,
Жаратылған жеріммен серт,
Суғарылған кегіммен серт,
Мылқау тілмен ымдаса күй,
Көмейіме қорғасын құй.
Азалыға ән болып кел,
Ажалдыға жан болып кел,
Жырау-жырау, жырау күйім,
Тәңірімнен тіл алып кел!
Күй
−Мұхаң айтыпты ғой «Қазақтың ары тен ұяты, кісілігі күйде ғана қалды» деп.Сол рас сөз...
А.Сүлейменовтен
Кәрі саусақ,
Күй бастады,
Қорғалап...
Жеткен үн ғой,
Ұзақ сапар,
Жол қажап...
Менің жырым – Алтай асқан қаршыға,
Сенің күйің сұңқардайын сорғалап.
Жеткен үн ғой,
Толқын ұрып,
Жал қажап...
Күйден күйге көштің тағы қоңырлап,
Қоңыр түнде қорғасындай ауырлап.
Сұңқылдайды үн,
Саусағыңнан сорғалап.
Отырмын мен қос қабырғам саудырап.
Күмбір-күмбір, күмбірлеген күллі ырғақ,
Шымыр- шымыр, шымыр етті жанды улап.
Жанған шамдай жел үрлесе дір етем...
...Өлмепті сөз!
Күйде әлі тірі екен.
Алдына алған алты құрлық аймақты,
Бақ тайса да, алаштан күй таймапты...
Кәрі саусақ көн шанаққа қағылса,
Ешкі ішегі сөйлеп отыр абызша...
Күйден күйге көштің тағы ауырлап,
Көшеді бұлт қара жерді бауырлап.
Ықылым бір заманадан жеткен үн,
Көшелерді шайып өтші шуылдақ.
Қобыз текті қайран, қоңыр домбырам,
Жеттің маған болса да алыс жол бұраң.
Алашымның аруақты даласын,
Жұпар күйің енді қардай борасын.
Жолдарым бір тоғысар ма бөлінген?
Ботасымен қауышар ма бозінген?
Жеті жұрттың сөйлесем де тілімен,
Жеткізе алмай қойып едім бұны мен.
Ей, екі ішек, енді мен боп боздашы,
Екі көзден үзілген...
Ей, ащы ішек, боз жусан боп бұрқыра,
Өмір керек!
Рухың керек!
Ұлтыма.
Шертші қане,
Шерге де бір тояиын...
Келші қане,
Үкі қадап қояиын...
Жүзші қане,
Аппақ бұлттар ішінде,
Алтын қанат аққу құсты пішінде.
Үкілі бір домбырасын көтеріп,
Үкілі кер көп кіресің түсіме.
«Тауқұдірет»
(Халық күйі)
Ерте,
Ерте,
Ескі заман тұсы екен,
Тауқұдірет сыңар қанат құс екен.
Аталығы оң қанатын сабалап,
Аналығы сол қанатын сабалап,
Талпынғанмен бағынбапты көк аспан...
Аңыз айтса қыздырып бір көрікті,
Домбырада жалғыз ішек болыпты.
Күйші жігіт көсіліп күй төге алмай,
Тауқұдірет есіліп бір ұша алмай,
Тәңірге қол жайыпты:
«Құдірет-ау, құдірет-ау, құдірет,
Көк аспанды көлбеп ұшар ғұмыр ет.
Құдірет-ау, құдірет-ау, құдірет,
Қу ағашты мылқау қылма күмбірлет»
Сонда құсқа ой салыпты құдайы,
«Қол ұстасып» ұшыңдар деп ұдайы.
Аталығы оң қанатын сабалап,
Аналығы сол қанатын сабалап,
Қанаттасып құлаған да құзардан,
Бауырында жер қалыпты домалап.
Күйші жігіт: «бұныңа да шүкір» – ,деп,
Домбыраға қол созғанда күмбірлеп
Құдіреттің зарлауы мен самғауын,
Қос ішекке қондырыпты бір-бірлеп.
Аңыз айтса қыздырып бір көрікті,
Содан бері қос қанатты құс біткен,
Ал домбыра қос ішекті болыпты.
P.S.
Өр даланың шарпыған өртіндей бір,
Көңілімнің тұманы серпілмей жүр.
Өлеңімнің тереңгі иріміндей,
Домбырамның бір күйі шертілмей жүр.
Бота жырым емексіп емсе түнді,
Иімейді көңілі шер секілді.
Осы күйді тыңдасам, сырлы сөзде
Менің де бір қанатым кем секілді.
«Қос басар»
(Төлеген Момбековтың рухына)
I
Кешір мені, Қаратау.
Кешір мені, Бабатау.
Шанағымда ақ теңіздей жөңкілген,
Домбырамның қос ішегі секілді ең.
Мен сендерге бола алмадым опалы ұл,
Кешір мені, топаным,
Кешір мені, топырағы отанның.
Сырқыратып қарағайдың сүйегін,
Қайда қалқып бара жатыр киелі үн.
Дала...дала...
Маңдайын күн қақтаған,
Шулаған жұрт,
Шұбырған ел,
Ақтабан...
Бір ішегі байсалдыққа шақырса,
Бір ішекте боздайды кеп ақ боран.
Қос-қос басқан,
Қос-қос басқан,
Қос басқан...
Қос ішекте отпенен су отасқан.
Қаралы елдің қасыреті буынды ап,
Қаратау тұр...
Төбе құйқа шымырлап.
Күйден тыңдап жүрегінің дүрсілін,
Аспан аңсап бір нөсердің күр-күрін.
Көзін аша жарымаған желінге,
Жетім лақтай маңырайды қасқа түн.
Әй, зарлы саз,
Ей, сырлы саз самалы,
Саған пана қыл қобыздың шанағы.
Зар еді бұл күймен ғана ұқтырып,
Қазақ қана көтеретін тік тұрып.
Қос-қос басқан,
Қос-қос басқан,
Қос басқан...
Қос ішекте отпенен су отасқан.
Тұлданған бір жануардың жалындай,
Қаралы бұлт құштым сені бауырлай.
Қайыңды ерге айтам нені, бос қалған,
Көңілімді қайтем мынау, қош, арман...
Сеңгір-сеңгір,
Сеңгір-сеңгір сонардан.
Мұнр-мұнар,
Мұнар шөккен тұманнан.
«Жер азатсыз, елім азат болар ма,
Ел азатсыз, ерім азат болар ма,
Қос жанарым саусам көлің толар ма,
Ақсұңқарым айнала ұшқан қонар ма?!»
.......
Қос-қос басқан,
Қос-қос басқан,
Қос басқан...
Қос ішекте отпенен су отасқан.
Дала... Дала...
Маңдайын күн қақтаған,
Шулаған жұрт,
Шұбырған ел,
Ақтабан...
Бір ішегі байсалдыққа шақырса,
Бір ішекте ұлиды кеп ақ боран...
II
Қаға-қаға қара жолдар,–
Талықсыған қанат шығар.
Тама-тама қара сулар,–
Мұз боп қатқан қабақ шығар.
Қоға-қоға қоғалы көл,
Сазын аңсар жетігендей,
Таға-таға тағалы тау,
Тұяақ асты кетілгендей.
Саға-саға сары құмдар,
Сары жонды сары атан ба?
Асу-асу асқан бұлттар,
Артқан қомдай сол атанға.
Мылқау дала.
Мықан ағаш.
Түбірінен кесілгендей.
Соның бәрін сырлы саз ғып,
Қу шанаққа көшіргендей.
Қара-қара қаралы тау,
Қаралы шал қабағында.
Жетім бота боздайды кеп,
Домбыраның сағағында.
Қара-қара қаралы күй,
Тұрды асылып түнге сіңбей.
Қарағайлы қара шанақ,
Қаралы шал кеудесіндей.
Алқымды кеп алған ашу,
Ал қайнашы, бұрқырашы,
Қара тасты ерітердей,
Нұрлы күйдің ыстық жасы.
Қаға-қаға қанаттарын,
Қалған қаздай қатарынан.
Тар маңдайын тасқа соғып,
Жәудірейді жаралы таң.
Терең-терең ирімдері,
Мың бояулы,
Мың қатпарлы...
Кетті бір күй қанжығада
Киіз қапта құндақтаулы.
Қара-қара қаралы күй,
Тұрды асылып түнге сіңбей.
Қарағайлы қара шанақ,
Қаралы шал кеудесіндей.
Бөлісу: