Ермұрат Зейіпхан: Қыз күйіңде қашан іздеп келесің?

Бөлісу:

18.11.2016 3734

Ерм9аратат.jpg


ӨЗIҢЕ АРНАДЫМ


Қос қанат құсқа бiткен маған бiтсе,

Жетер ме ем Бестөбе?!

Алдымнан Әкем күтсе, Анам күтсе

Қос көне...

Қос қанат құсқа бiткен бiтпес маған,

Арман-ай, Бестөбе!..

Алдымнан күтпес те Әкем,

күтпес те Анам,

Қос төбе!



КӨҢІЛГЕ КҮЙІК, ТУҒАН ЖЕР...

Кербез күйі жатқан шығар,

Телқараның жазығы,

Арқандаған кіндігімнен Алмалы –

темірқазығым.

Ой қалыңдап,

Күй жалындап,

Сенен қара үзгелі

Жабырқаймын, арман ғана,

Жанның жалғыз азығы...

Қалып еді көз айырмай Көкшоқының

шыңдары

Жасын төгіп тұнжыраған бұлттары да

шулады.

Өзен тулап,

Құрақ шулап,

Қарағайы теңселіп,

Қайшыласқан қарлығаштар,

Төбемде ол да зулады...

Қарауытқан молаларға қарасам

көңіл бұзылар,

Аруақтар, өзің жебе, ұлыңның

дәм-тұзы бар...

Бір қария, десе жолдың –

Аптабы да,

Мұзы бар,

Бір балдырған – ұқсасам деп қызығар...

Жаутоғайдың ащы алмасы, дәміңді алып

барамын,

Сырлы әніңді ішке жұтып, қайырыла

қарадым.

Менің тұмса махаббатым –

Бар-шырыны араның,

Түсінерсің,

Туған жерден ажырады табаным!..

Алмалы – әнім, көкейде тұнып тұрған

қайғым да,

Ескексіз жалғыз қайықпын жүзген

айдында...

Өріктіарал! Жаутоғай!

Көктолқын өзен,

Көк шалғын,

Балаңды аңсап,

Түсіңде құшағыңды жайдың ба?!

Туған жер, сені қиялдап, ойлап кетем мен,

Нар болу қажет, қайыспай

жүкті көтерген.

Ән шырқап әсем,

Жыр арнап саған жүрермін,

Біреулер жетіп,

Біреулер жетпес,

Армандай Атамекеннен!




***




Мен жалғанда ұмыта алмайтын бір қыз бар,

Қыз күйінде мекендеткен бұл кеуде.

Бақытты едік, арамызға тұрды ызғар,

Қыңыр тағдыр иілмеді икемге.

Білесің бе, мың жыл өтті, жүз емес,

Жәудір көзің қадалып шартараптан.

Жұбын жазбай тірлігімнен қыз елес,

Ашты-тәтті кештер батқан, таң атқан.

Мың жыл өтті сұқтандырып мың қызға,

Мың сипаттан қымбат екен бір басың.

Дәл қасымда, бірде алыс жұлдызға,

Күн секілді шашып тұрды шұғыласын.

Жалғандағы арманымның – арманы-ай!

Қинай берсін, кетпесін тек елесің.

Көкейімде қыз күйінде қалғаны-ай!

Қыз күйіңде қашан іздеп келесің?




***



Жүректі және қызулы отқа тастадым,

Мұз жанып тұр ма зайыры?

Қасіретіне қаймықпайтын қас жаным,

Жиған жоқ әлі айылын.

Қанып ішерге жетпейді ғұмыр кәусары,

Жүзіп жүрсе да қайығым.

Алып-ұшып арман деген аусарым,

Қаражат көрер қайынын.

Ақпан лебі ажырамай-ақ бұл бойдан,

Тамызды сүйді айыбы.

Тамызда да тауанын боран қылды ойран,

Сүйемеді «алыбы».

Енді сен де еркіңменен жүр, қарғам,

Бірге өшпесін жалының.

Таңбасы тайдай өзім тектес «құлдардан»

Табылар ма екен сарығым?!

Анау нәркес көзіңді боталатпа енді,

Керек те емес қамығу.

Менікі деген бұлдырап кеткен көктемді,

Сағыну және сағыну.



ДОМБЫРА



Түпсіз. Төбесіз. Шендессіз.

Баламасыз. Теңдессіз.

Күмбір-күмбір, күмбір үн,

Шертті екен, кім бұрын...

Елітті екен, кім бұрын...

Күн мен түндей мәңгілік,

Ауысады жаңғырып,

Бір қуаныш, бір мұңым,

Қос шек – қан тамырым,

Шанағың – жан тәңірім –

Мекен етіп жүр бүгін.

Құлдығым бар, құлдығым:

Діннен, ділден адасып,

Тіліңнен де құры қалсаң,

Бейіл беріп, тәуба деп,

Бейіш күйге бір қансаң,

Қарсы жақтан көрмес те ем,

Қарсы жаққа өзің де,

Дізгініңді бермес те ең?!



МӨДЕ ХАННЫҢ СӨЗI

(Тастағы жазудан)



Түлкiлiгiңнен,

Түркiлiгiм биiк!

Есiмдi жиып,

Көк бөрi кебiмдi киiп,

Белiңдi иiп,

Қылтаңды қиып жiберемiн.

Жымысқылығыңнан,

Ырыс-тұнығым асқақ!

Арландарымды бастап,

Бiр жола жасқап,

Басыңды қара жерге жастап,

Тәнiңдi шыңырауға тастап,

жалғаннан аластап,

Жiберемiн!

Дөкiр неменi,

Заты – маса, кененi –

«Омыртқасын опырып – отын етермiн,

Қабырғасын қақыратып – қатын етермiн»,

Көзжасың көл,

Көңiлiң шер болар, сонда.

Әлiңнен аспайтындай,

Ұлы даланың пұшпағын баспайтындай

боласың сонда.

Келген iзiң, әне!

Керi қайт! Барып айт!

Бөрi деген қолға үйренбейдi екен де.

Именбейдi екен де.

Дос болса – ажар!

Тажалға ажал екен де.

Жалпақ әлемге аузын бiлеп,

Тырнағын созады екен де!

Солай де!

Бөлісу:

Көп оқылғандар