ӘЛИХАН МЕН ӘУЕЗОВТІ ЖАРЫСТЫРҒАНДА НЕ ТАБАМЫЗ?

Бөлісу:

17.11.2016 2693
Талғат Ешенұлы.jpg

"Әдебиет порталына" шыққан Сұлтанхан Аққұлының «Абай жолы» романы Мұхтар Әуезовтің идеясы емес» деген шағын сұхбатына әрі-сәрі болып отырмын. 
Жарайды, Сұлтанханның айтып отырғаны дұрыс-ақ дейік. Бірақ бұл «дұрыстың» жаңалығы қандай? Онда тұрған не бар? 
Бірінші. Әлемдік әдебиеттегі, ғылымдағы, музыкадағы идея атаулының тоқсан тоғыз пайызы авторына тиесілі емес. Арыдан, бейнелеп айтқанда, төрт кітаптың, жалғыз алманың немесе бұлбұл құстың арқасы. 
Беріден, деректеп айтқанда, әлем көркемөнеріндегі ең сүбелі деген дүниелердің бәрінің де «идеялық иесі» бар. 


Мысал үшін Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романы идеясының артында Софья Андреевнаның (Толстойдың әйелі) әкесінің тұрғаны айтылады. Роман туралы пікір бөлісіп, жазысқан хаттары да бар. 
Габриель Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романы жазушының өз әулетінің тарихы іспеттес. Шешесінің идеясы, оны өзі де жазады. 
Ұлы композитор Фредерик Шопеннің шығармаларының біразы Жорж Сандтың идеясымен, қанаттандыруымен туған. Мың сан мысал бар.
Екінші. Жаңағы шағын жазбада «Алғашқы «абайтанушы» Әлихан» деген әңгіменің де шеті шығады. Болсын, лайықты. Бірақ, әлдеқашан айтылып, мойындалып жүрген жайттарды қайтара дауға салудың не қажеті бар? Дау қусақ алғашқы «абайтанушы» Кәкітай мен Мүрсейіт Бікеұлының бірі болып шықпай ма?!

Осындайды доғару керек. Қазақ әдебиеті алып, гранит тастардан, мызғымастай боп қаланған ғимарат, пирамида тектес. Оның о жер, бұ жеріне ши жүгіртіп, кірпішін қопсытқаныңмен, одан Абайдың да, Мұхтардың да, Әлиханның да ештеңесі кетпейді. Ғасырлар, жылдар бойы қалыптастқан, қағазға түскен, қатталған, қазақ әдебиетінің авангардына, генетикалық кодына айналған тұлғаларға, дүниелерге шәй ішіп отырып соқтыға кетудің қажеті жоқ. 


Меніңше, Сұлтанхан бір әңгіме үстінде субьективті пікірін айта салған болар. Әйтпесе, ол арғы-бергі алаш арысын қағыстырып-соғыстыратын азамат емес қой. Одан сенсация іздеп, жалаулатудың жөні жоқ еді.




Талғат Ешенұлы

Бөлісу:

Көп оқылғандар