"Орынсыз сындардың орын алуы көңiл қынжылтады"

Бөлісу:

18.11.2016 3118


Сыегуфпрнд.jpg


“Қазақ әдебиетi” газетiнiң тiлшiсi, сыншы Бағашар Тұрсынбайұлының “Әуезов жолы–роман” атты мақаласы оқырмандарға әртүрлi ой салды (9.09. 2016 жыл). Бiрiншiден, сыншы мiнеп отырғандай, қазiргi қазақ әдебиетiндегi тарихи шығармалардың бәрi “адам жанын толқытпай, құжат негiзiнде зуылдап өте шыққан шығармалар” емес. Екiншiден, “Бiзде жазылып жатқан тарихи шығармалардың жаппай оқылмауының бiр себебi – ортақ кейiпкердiң жоқтығы (Ол мiндеттi емес – Г.П). Фактiлердiң, тауып айтқызған шешендiк сөздердiң жиынтығы болғандығы. Әркiмнiң өз атасын дәрiптеп, оны күллi қазақтың қайраткерi қылуға талпынуынан. Бұл – әдебиеттiң әзелгi мұратынан айнығандығы”,–деген дүдәмал ойларын нақты әдеби фактiлермен дәлелдемей, “тисе терекке, тимесе бұтаққа” деген сыңай танытады.


Тағы бiр мысал, “Қазақ әдебиетi” газетiнде осы жылы Әбiл-Серiк Әлiәкбар есiмдi әдебиеттанушының “Еуропалық көзiлдiрiктi әдебиеттану” атты (2.09.2016 жыл) мақаласында: “...Ал әдебиеттанушылар қауымы ғылымнан көзi өткен бұрынғы марксшiл пайғамбар беделдердiң, бүгiнгi дәуренi жүрген еуротектi тiрi құдайлардың кәрiне шыдамай, әдеби көрпесiн тарс бүркенiп, дәуiрлiк ұйқыда жатыр. Бiзде бар болғаны бiр ғана әдебиеттанушы бар: ол – Ахмет. Ал қалғандарымыз не оның қасы, не оның iзбасарымыз”,– деген секiлдi даулы пiкiр айтқан.


Қазiргi жариялылық, тәуелсiздiк бiзге осындай сындар айтуға, еркiн көсiлуге мүмкiндiк берiп те жатқан болар. Бiрақ бүтiн бiр ұлттың тарихын, әдебиетiн, әдебиеттану ғылымын, көркем мәтiндерiнiң бәрiн бiр кiсi келiп, белден сызып тастай салуға кiм құқық бердi? Өткенi жоқтың келешегi қайдан болсын? Тақыр жерден қандай құнды ойлар туындасын? Әдебиетке күнi кеше келген, келешегi бар жастардың бұл жауапсыздығын қалай түсiнуге болады? Осылай орынсыз сөз айтып, көпке топырақ шашуға бола ма? “Қазақ әдебиетi” газетi – Қазақстан Жазушылар одағының ресми органы. Ол – бiздiң қазақ әдебиетiнiң бет-бейнесi. Ауыл-аймақ, өсiп келе жатқан жас ұрпақ үлкен үмiтпен, ал өзге ұлт өкiлдерi сынмен қарап отырғанда, осылай оңды-солды пiкiр айтудың өзi өз тәуелсiздiгiмiздi өзiмiз бесiгiнде тұншықтырғанымыз емес пе? Республикамыздағы жалғыз қазақ әдебиетiнiң мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, жақсылығын жариялап отыратын басылымда осындай орынсыз сындардың орын алуы көңiл қынжылтады. Егер де осы мақалалар өзге басылымдарда жарияланып жатса, көңiл бөлмеске де болар едi.


Осы орайда Гүлбараш Байтоғаеваның “Ұстаз бен шәкiрт” атты естелiгiнде келтiрiлген Мұхтар Әуезовтiң: “Қырықаяқтан бiреу қалай жүретiнiн сұрап: сен екiншi аяғыңды алға басқанда, жиырма бесiншi аяғың не iстейдi? – дептi. Бұрын ойында ештеңе жоқ, қаннен-қаперсiз зыр жүгiрiп жүрген қырықаяқ ойламаған жерден мына сұрақты естiгеннен кейiн мүлде жүре алмай қалыпты”, – деген мысалынан көп ой түюге болады. “Жоқ” дей берсек, сондай өлшем қалыптастырып, қазақ әдебиетiн құрдымға түсiрiп жiберуiмiз ғажап емес. Әйтпесе, Қазақстан Жазушылар одағының 700-ден астам жазушысы (кешегiсi, бүгiнгiсi, келешегi бар) және бiр ғасырға жуық тарихы бар ҚР ҰҒА-ның М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтынан бастап, республикамыздың бiрнеше ЖОО-дағы қазақ тiлi мен әдебиетi, фольклоры, әдебиеттану, орыс және шетел әдебиетi және т.б. кафедраларындағы әдебиеттанушы-ғалымдар (Ахмет Байтұрсыновтың бүгiнгi iзбасарлары) ат тағалап жүрмеген болар?!


Қалай дегенмен де, қазiргi кездерi жарияланып жүрген көлемдi көркем шығармалар оқылмай жатыр деген ой – қисынсыз. Сын нақты шығармаға бағытталу керек. Менiңше, сол көлемдi шығармаларды қопарып оқуға, олардың жетiстiгi мен кемшiлiгiн танып, талдауға деген бiздiң талпынысымыз бен өремiз жетпей жатқандай.


Әрине, бес саусақтың бiрдей еместiгi тағы белгiлi. Бағашар мен Әбiл-Серiк айтып отырғандай, ұлттық әдебиеттану ғылымы мен қазақтың көркем әде­биетi, оның iшiнде тарихи туындылар құлдырап төмен кетсе, өзгенi былай қойғанда, 2012 жылы ұлт-азаттық көтерiлiстiң көсемдерiнiң бiрi, би, шешен, батыр Сырым Датұлы туралы жазылған Қажығали Мұқамет­қалиевтiң “Тар кезең” атты тарихи романы Мемлекеттiк сыйлыққа ие болар ма едi?! Ал 2016 жылғы Қазақстан Республикасының Әдебиет және өнер саласындағы Мемлекеттiк сыйлығына көрнектi жазушымыз Бексұлтан Нұржекеевтiң “Ай, дүние-ай!” романы жүзден жүйрiк ретiнде ұсынылар ма едi?! Қалай болғанда да, сын қайда да, қашан да керек, алайда нақты дәлелмен сөйлеуге дағдыланған дұрыс деп ойлаймыз.


Әсiресе, бүгiнгi тәуелсiздiгiмiз, рухани, саяси еркiндiгiмiз сынға түсiп отырған шақта жетiстiгiмiздi көрсетiп, олқылығымызды орынды сынап, шынайы жанашырлық танытқанға не жетсiн?! Оның үстiне ендi ғана төл тарихымыздың ақтаңдақтары түгенделiп, бiртұтас қазақ тарихын тәуелсiз ұлттық сана тұрғысынан жаңаша жаза бастағанымызда, тарихи тұлғаларымыздың өшкен өмiрi ендi ғана тiрiлiп, туған әдебиетiмiздi, тарихымызды түрлендiрiп, толықтырып келе жатқанда, бiрнеше ғасырлық тарихымыздың ғұмырын ұзартудың орнына аузымызды қу шөппен сүртiп, қуарғаннан не ұтамыз? Елiн сүйiп ерлiк жасаған ерлерiмiз бен елге төрелiк айтқан төбе билерiмiз көп болса жаман ба? Кешегi кеңестiк кезеңде солардың сөзiне, рухына зар болып жыламадық па, оқулық беттерiнен тек өзге ұлттың тарихы мен батырын көрiп, ұнжырғамыз жермен-жексен болмады ма? Ендi бiрлi-жарым батырларымыз туралы, би-шешендерiмiз жайлы шығармалар жазыла бастап едi, бiрiмiзден бiрiмiздiң атамызды қызғанып, қырық пышақ болып жатырмыз. Әрбiр бала батыр бабаларының ерлiгiн айтып мақтанбас па, ұлттық рухы көтерiлмес пе? Кiм көрiнгенге қолжаулық болып кетiп жатқан Алпамыстарымызды, Қобыландыларымызды, Қожанасырларымызды қызғыштай қорғаудың орнына, iшiмiзге қыл айналмай, өз iшiмiзден iрiп отырғанымыз қай сасқанымыз? Өзге емес, ендi өзiмiз түп тарихы түркi, сақтардан басталатын тарихымызды жиып қойып, тәуелсiздiк алғаннан бергi кезеңдi оқыту керек деген көзқарастардың туындауының өзi үрей тудырып отыр. Халық “өз қадiрiн бiлмеген кiсi қадiрiн бiлмейдi” деп тегiн айтпаса керек.


Керiсiнше, биыл елiмiздiң Тәуелсiздiк алғанына – 25 жыл, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiсiне – 100 жыл, Желтоқсан көтерiлiсiнiң 30 жылдығы аталып өтер тұста осы тәуелсiздiгiмiзге оңайлықпен жетпегендiгiмiздi, ата-бабаларымыздың ұлан-байтақ жердi бүгiнгi ұрпаққа найзаның ұшымен, бiлектiң күшiмен ғана емес, көнеден келе жатқан көсемдiк пен кемеңгерлiктiң, ер жүрек батырлықтың арқасында жеткенiмiздi әр маман, әр ғалым, әр жазушы өз тарапынан, өз өлкесiнiң тарихынан бастап, өрендерiнiң өшпес ерлiгiн паш етiп жазбас па, жырламас па, зерттемес пе? Сондай мүмкiндiктiң болғанына қуанбасақ, неге ренжуiмiз тиiс? Алдымен – сан, сонан кейiн сапа болуы да табиғи заңдылық емес пе?


Кез келген ғылымдағы ұстаным бойынша, бiрiншi кезекте тарихи фактiлердiң, ел iшiндегi әдеби, мәдени мұралардың жиналып, жүйеленуi, екiншi сатыда зерттелуi, жазылуы, үшiншi сатыда оқытылуы мен насихатталуы қажет деп табылса, дәл қазiргi кезде бiздiң тарихымызда да, әдебиетiмiзде де, археологиямызда да “ақтаңдақтардың” жиналу, жүйелену, жариялану мәселелерi қолға алынып жатқаны мәлiм. Әлi де ел арасында да, төл және шетел мұрағаттарында да, археологиялық қазбаларда да табылмаған, зерттелмеген, ғылыми, әдеби айналымға енбеген мұраларымыз қаншама?! Оларды табу, таныту жолындағы талпыныстарға неге таршылық етемiз? Әрине, дәлелденген тарихи деректер негiзiнде даналарымыз дәрiптелiп жатса мақтаныш әрi мәртебе емес пе? Мәселен, көрнектi ғалым Әбсаттар Дербiсәлиевтiң бiр өзi әлем мұрағаттарынан қазақ топырағынан шыққан қаншама ғұлама ғалымдарды, ойшылдарды, әл-Фарабиларды тауып, мұраларын жариялап, Отанына әкелiп таныстырып, табыстап жатыр. Бұлардың бәрi бiр ұлт үшiн оңай олжа емес. Бұл фактiлер қазақ халқының мәр­тебесiн көтермесе, рухын асқақтатпаса кемiтпесi кәмiл. Олай болса, бiздiң тарихи тұлғаларымыздың өмiрi мен тағдыры туралы тарихи романдарымыздың саны көбейсе, көбейiп жатса – бұл жақсылық. Ендеше, бiз де өз тарапымыздан кеңдiк көрсетiп, кемшiлiктерiн нақты мәтiндердегi мысалдармен дәлелдей отырып, жанашырлық танытқанымыз оңды болар. Батыр бабаларымыздың аруақтары қолдап, би-шешендерiмiздiң баталары демеп, iсiмiз оңға бұрылар. Өйткенi, төл тарихымыз бен тұлғаларымызды түгендеп, оны кезең-кезеңiмен жүйелеп, тұтас оқытпай, келешегiмiздi көгерте алмасымыз кәмiл. Ал шешендiк сөздерге, осы шешендiк сөздермен әдеби тiлiмiздiң әрленiп, баюын бақ деп есептегенiмiз жөн. Қысқалық пен нұсқалықты насихаттаймыз деп тiлiмiздiң жұтаңданып, сөзiмiздiң сөлi азайып бара жатқанын сыншыларымыздың да, ақын-жазушыларымыздың өздерi де сезiп жүргенiн жасыра алмаймыз.


Олай болса, әлемдiк әдебиетте Байронмен бәсекеге түсiп береке таппасын бiлiп, поэзиядан бас тартып, бұрындары бөгденiң iзi түспеген тарихи роман жанрының тұсауын кескен Вальтер Скотт (“Айвенго”) пен қазақ әдебиетiндегi Мұхтар Әуезов әкелген жаңалықтардың (“Абай жолы”, “Қилы заман, “Қараш-Қараш оқиғасы”) заңды жалғасы болған тарихи романдар көркем әдебиетте тұтас дәстүр қалыптастырып, желiсi үзiлмеген үлкен бiр шығармашылық үрдiстi танытады. Бұл дәстүр үлкен жанрсыз әдебиеттiң жарқын келешегi болмайтынын үнемi дәлелдеп келедi. Күрделi жанрға тән толғауы тоқсан түрлi тағдырларды, тамыры мен тарихы сан тарау халық өмiрiн, күрмеуi қиын кейiпкерлердiң жан әлемiндегi толғаныстар мен мың қатпарлы психологиялық құбылыстарды қазiргi тарихи романдар алдыңғы шепке шығарды. Қоғамдағы саяси, әлеуметтiк жағдайлардың жұмбақ сырларын астарлап жеткiзуде де үлкен жетiстiктерге ие болған тарихи туындылардың кейiнгi көшiн бастаған I.Есенберлиннiң үш кiтаптан тұратын “Көшпендi­лерi”, Ә.Кекiлбаевтың “Үркер”, “Елең-Алаң”, “Аңыздың ақыры”, Ш.Мұртазаның “Қызыл жебесi”, “Ай мен Айшасы”, М.Мағауиннiң “Аласапыраны”, Ә.Нұрпейiсовтiң “Қан мен терi”, “Соңғы парызы”, Қ.Жұмадi­ловтiң “Соңғы көшi”, “Тағдыры”, С.Сматаевтың “Елiм-айы” және т.б. секiлдi өмiрлiк фактiлер мен тарихи тұлғалар тағдырын тiлге тиек еткен тарихи романдар – соның дәлелi. Осылардың бәрi – бiздiң рухани олжамыз. Рухани игiлiгiмiз.


Мәселен, бiр ғана Мұхтар Әуезовтiң өмiрi мен шығармашылық тұлғасы туралы Зейнолла Қабдоловтың “Менiң Әуезовiм” роман-эссесi, Дүкенбай Досжановтың “Мұхтар асуы” (1986), “Мұхтар жолы”(1988), “Алыптың азабы”(1997), Тұрсын Жұртбаевтың “Бейуақ” атты туындылары – тарихи-биографиялық жанрдың көкжиегiн кеңейткенi күмәнсiз. Ал Қажығұмар Шабданұлының алты кiтаптан тұратын “Қылмыс”, Қалмұқан Исабаевтың “Шоң би”, Б.Нұржекеевтiң “Ай, дүние-ай” атты шығармалары тарихи-хроника романдарының қатарын толықтырып отыр.


Бұл тiзiмдердiң қатарын белгiлi жазушы Тұрысбек Сәукетайдың “Қилы тағдыр” атты романдар топтамасының “Ай­қараңғысы” атты (бiрiншi кiтабы) тарихи романы да толықтырып, төл тарихымыздың беттерiн халық өмiрiнiң белгiлi бiр кезеңдерiнiң көркем шежiрелерiмен байытты. Елiмiз егемендiкке қалай қол жеткiздi деген сауалға жан-жақты жауап бере алатын қаламгердiң шығармасы – қоғамдық танымда қозғалыс тудырып, ұлт санасына сәуле түсiрген ойлы дүние. Мұнда қайта құру кезеңiндегi қиындықтар, Желтоқсан оқиғасының тууына себепкер болған фактiлер, оның құрбандары болған куәгерлер мен осындай өлiара сәтте сынға түсер ел басшыларының шынайы бет пердесi, адами болмыстары, олардың санасы мен iшкi жан әлемiндегi психологиялық құбылыстар арқылы жан-жақты ашылады. Бұл романда сол уақыттың рухын сезiну, қасiретi мен қуанышын бастан кешу бар. Жан толқытар тағдырлар, өзектi өртер өкiнiштер бар. Олай болса, тәуелсiздiк кезеңдерi жарияланған тарихи романдардың көпшiлiгiн бүгiнгi оқырманның рухани зәрулiгiне жауап бере алмайтындай көркемдiктен кенде, интеллектуалдық өреден төмен дей алмас едiк. Сондықтан, бардың бағасын бiлiп, өз әдебиетiмiз бен тарихымызды түгендей бiлгенге не жетсiн?!


Әсiресе, кейбiр жазушыларымыздың бүкiл ғұмырын сарп етiп жазған тарихи романдарын елеп-ескеру де, бағалау да – бiздiң оқырмандық парызымыз. Ал олардың көркемдiк дәрежесi мен суреткерлiк шеберлiгiн нобайлап, тұспалдап, болжалдап емес, нақты деректермен, жүйелi дәлелдермен сөз еткенiмiз жөн.



Гүлзия Пiрәлi,

филология ғылымдарының докторы

Түпнұсқадағы тақырыбы: Дәстүрi бар әдебиетке дәстүрсiз сын жараспайды

Бөлісу:

Көп оқылғандар