Ақпараттық қорғанысы мықты ел - әлемнің қожасы...
Бөлісу:
24.11.2016
4021
Ақпараттың берілу жылдамдығы мен форматы, оны қабылдау мен сақтаудың жетілуі – кез келген қоғам өркениеті дамуының да деңгейі десек қателеспеспіз. Алайда бәрі де жетіліп, жаңартылып, сақтау құрылғылары микропішінге, сыйымдылығы килобайттан эксабайтқа дейін қарыштады. Ал адам миы 1 петабайт мәліметті сақтауға қауқарлы екен. Мұның өзі де орасан сыйымдылық қой.
Әлмисақтан бері жалғасқан зәузаттық жадымыздағы ақпараттар арқылы біздің ұлттық сипатымыз айқындалып тұрмай ма? Қарап отырсаңыз, заманауи компьютер дегеннің өзі – адамзат ақыл-ойының көшірмесі. Компьютерлердің өзіндік бағдарламалары болатыны, хакерлік вирустар арқылы жады жүйесі зақымдалатыны, қорғанысы мықты және әлсіз болатыны...
Қорғаныс демекші, бүгінгі һәм болашақ ақпараттық дәуірде кез келген мемлекеттің қорғаныс беріктігінің басты критерийі оның әскер саны немесе қаржылық қуаты болмайын деп отырғандығында. Қорғанысы мықты, әлемге билік жүргізуге лайық ел, бұл – ақпараттық тұрғыда қолы ұзын мемлекет. Осы тұрғыда алғанда біздің жас тәуелсіз мемлекетімізге әлі де көп жұмыс істеу керектігін, рухани жадымызды да мемлекеттік шекарамыздай қырағы қорғаудың қажеттігін сезінеміз.
Рухани жады тұтастығы, яғни ұлттық менталитет тұтастығы – тіпті шекарадан да тысқары дүние. Солтүстік көршіміздің «орыс әлемі» дейтіні осыда болса керек. Қазақтың рухани әлемі өткен ғасырда салыстырмалы түрде біртұтас болды деуге болады. Оған себеп - қазақтардың басым бөлігі Кеңес Одағы атты алып империяға тікелей тәуелді немесе бағынышты елдерде өмір сүруі еді.
КСРО-ға саяси-экономикалық бағынышты өмір сүретін мен туып-өскен елдегі өмір қазақи еді. Бала кезімізде, қыстың ұзақ кештерін қазақи рухтың нәрін сіңірумен өткізетінбіз. Яғни, мектепте оқитын аға-әпкелеріміз үй тапсырмасын орындап тастаған соң, үлкендердің қалауымен ертегі немесе батырлар жырын оқитын. Әр жерінде ертегі мазмұнына сай салынған түрлі-түсті суреттері бар, ертегінің бірінші сөйлемінің бас әрпі көк түспен ерекше әдеміленіп безендірілген қалың кітап әлі есімде. Аға-әпкелердің оқығанын тыңдай-тыңдай, кітаптың мазмұны ойымызға жатталып үлгерген еді. «Ұшар ханның баласы», «Тоғыз тоңқылдақ, бір шіңкілдек» т.б. тамаша ертегілердің тілі жатық, көңілге қонымды болатын. Бала қиялымызды тербеген Алпамыс пен Қобыланды, Қарадөң мен Бегіс, Көгіс батырлар арқылы біз ерлік, батырлық рухты алғаш сезінген едік. Яғни, төл әдеби кейіпкерлерімізді идеал ретінде жүрекке түю арқылы біздің ой-санамызда өзге ұлттың Жәңгірі мен Гесірі, Илья Муромеці, Добрыня Никитичі идеал болуына орын қалмаған екен.
Өзгенің қаңсығын өз ұлтыңның таңсығынан артық қоятын бәз біреулерді көргенде, «ұлтық ой-сананың уызын ембеген, мәйегіне жарымаған жарымаған пенденің бірісің-ау» деген ойға қалатынымыз рас.
Индустриалды-аграрлық ХХ ғасырдың ұрпақтары біздің өмірімізде ол заманда радио мен теледидардың да үлкен орны бар еді. Коммунизм мұраттарына үндеген бір сарынды идеология барысында ерліктің қос шынары – Әлия мен Мәншүк, Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров, Қасым Қайсенов сынды Ұлы Отан соғысының қаһармандары ұлттық батырларымызбен орынды мақтануға мүмкіндік болды, әрине.
Кітап пен киноның орасан идеологиялық зор мүкміндігін сарқа пайдаланған ХХ ғасырдағы бір жүйе болса, ол – коммунистік құрылым болар. Әсіресе, дүкенге келіп түсіп жататын, кітапханада сықап тұратын кітаптардың оқылуы да ересен еді. Шетелдік Алтайдың алыс түкпіріндегі біздің ауылдың кітапханасынан қазақтың кез келген классик қаламгерінің кітабын тауып оқуға болатын. Бұл – кешегі заман.
Ал қазіргі заман – жылдам ақпараттың дәурені. Әлемдік экономикадағы жалпы дағдарыстар мен үкіметтік менеджерлердің қателігінен мемлекеттің соншама жыл ішінде пәленбай сомада шеккен зиянын есептеуге мүмкіндік бар. Алайда сонау латынамерикандық «Изаура күңнен» басталып, қазіргі үнділік «Келінге» дейін шұбалған, ұшы-қиырсыз көпіршік сериалдардың зиянын есептеген кім бар? Яғни, миллиондаған қазақ әжелердің пәленбай жылда түгленбай сағат сериал көріп, алтын уақытты босқа өлтіруі салдарынан бала тәрбиесіне бөлінбей қалған уақытты, төгілмей қалған мейірім шуағының мөлшерін есептесе ғой? Және осы сериалдардың қазақ руханиятына шектіріп жатқан есептеп зиянын есептеген кім бар?
Рухани залалдың көлемін есептеуге болмас, ал салдары ап-айқын көрініс беруде екені анық. Тастанды сәби толы жетімханалар, соңғы жылдары қазағы басым бола бастаған қарттар үйлері, шайқалған шаңырақтар, өз өмірін қиюдың жоғары деңгейі. Салдар тым көп-ақ. Әрине, осының бәрі тікелей рухани жұтаңдықтың салдары. Жансусарлы дүниені жастайынан тыңдамаған, көрмеген баланың өскенде қатігездік пен дөкірлікке бейім болатыны ежелден мағлұм әңгіме еді. Грек жұртынан шыққан ұлы ұстаз Аристотель өзінің шәкірті Ескендірдің соғыс өнері, есеп-қисап т.б. сабақтарды оқытқанда көзі жанып құлшынса, әдебиетке келгенде кжегесі кері тартуына қарап, бұл бала түбі қатыгез тиран болар деп жоритыны бар емес пе?
Кешкі жиылыста отбасылық мейірімге толық шомылмай, телесериал қарап өсуге мәжбүр болған кешегі өгейсымал буынның өзі бүгіндері – ата-ана. «Мұртқа өкпелеп жүргенде, сақал шықты» демекші, сериалға өкпе артып жүргенде, смартфон деген дүние шықты. Бұрынғы бұрынғы ма, енді отбасы мүшелері үстел басында отырып бірін бірі көретін көзден, бір-біріне үн қатар тілден қалып бара жатқаны – көптеген отбасының басындағы жағдай. Бұл дегеніміз – көптің ішіндегі жалғыздық, жалғыздықпен әдіптелген көпшілік емей немене? Отбасымен бетпе-бет отырып, бір-біріңмен арқа-жарқа әңгімелесіп, емен-жарқын сырласу Мұндай жағдайда ұлттық педагогика, ұрпақтар сабақтастығы, дәстүр жалғастығы туралы не айтуға болады.
Ұлттық педагогика демекші, сонау тоқсаныншы жылдардың басында ұлттық негіздегі педагогикалық элементтерді оқу үдерісіне енгізуге біршама талпыныстар болғаны есімізде. Солардың бірі – жаңашыл педагог Мұхамедрахим Құрсабаевтың «Атамекен» бағдарламасы еді. Тек Қазақстанда ғана емес, шетелдегі қазақ мектептері арасында кең өріс тапқан аталған білім-тәрбиелік кешенді жүйенің қазірде қай жерлерде қолданыста екендігінен хабарымыз жоқ. Жалпы алғанда, ұлттық негізге суарылмаған білім мен тәжірибенің еш нәтижеге жетпейтіні сияқты, қазіргі күні білім беру саласында қаншама реформалар жүргізіліп жатқанымен, үлкен ілгерлеушіліктердің болмай отырғаны – тұжырымдаманың ұлттық негізде болмауы, бағдарламалардың көбінесе шетелдік үдерістен тура көшірілетіндігінде болса керек.
Әрине, өзгенің жақсы дүниесінен үлгі алуға болмайды емес, болады. Бірақ, ұлттық ерекшелікті, менталитетті де ескеруге болады ғой. Мектепте оқытылып жүрген әдебиет пәні бағдарламасы – жас ұрпақтың ұлттық таным көкжиегін кеңейтіп, қалыптастырушы басты тетіктің бірі. Күні ертең сыныптағы біреу-екеуден өзгесі тіл мен әдебиетке мүлде қатысы жоқ мамандық әлде кәсіп иесі болатын бүгінгі оқушының эстетикалық талғамын, әдебиетке деген өмір бойғы құмарлығын оятуы тиіс бұл пәннің қазіргі ұсынатын материалының мазмұны көңіл көншітерлік дер едік. Оған қазақ мектептері бойынша қазіргі бағдарламаға сараптау жасау арқылы көз жеткізілді.
Көз жеткізе отырып, ұлттық рухтың шырын сөлі шүпілдеген осы оқулықтардан білім алған азат ұрпақтың арманы бар ма екен дейсің. «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ!», - деп Қасым ақынша айқайлағың келеді! Кешегі біздер «Абылай хан оңбаған», «Құнанбай жауыз» дейтін немесе ат үстіндегі ырғызбай мырзаларын орыстың маржалары мен ауылдың кедей-кепшігі жабыла сабаған эпизодты «ұлы достықтың шынайы көрінісі» ретінде көрсететін оқулықтардан білім алып едік-ау! Шүкір, тәуба дейсің, осындайда. Бәрі бірден бола салмайтыны сияқты, бүгінгі күні ұлттық рухымыз, ақпарттық қорғанысымыз тұрғыда кейбір алаңдаушылықтар болса, оның да орны толар, жыртығы жамалар:
Біз болмасақ сіз барсыз,
Үміт еткен достарым,
Сіздерге бердім батамды, -
деген ұлт ұстазының батасы қабыл болып бүгінгі күнге жетіп отырмыз. Ендеше, ертеңгі күнімізге де Мағжан ақынның сенімімен қарайық:
Мен сенемiн жастарға.
Алаш атын аспанға
Шығарар олар бiр таңда,
Мен жастарға сенемiн!
Ақпараттық жылдамдықтың көз ілеспес ағысына төтеп беріп, ұлттық жадының тұнығын қорғап қастерлейтін сапалы буын келе жатқанына сенейік!
Асылбек Байтанұлы
Бөлісу: