Мұхтар Мағауин. Тазының өлімі (хикаят)

Бөлісу:

23.09.2015 45474

1

Сүлдерін сүйретіп басына бір, аяғына бір шықты. Үстін кіршіксіз таза ақша қар басқан кішкентай ғана төмпешік. Меңірейіп қалған. Жазда, алғаш үйілген кезінде әлі дымы құрғамаған қоянжон топырақтан жылы леп, мейірбандық есіп тұратын. Мүмкін солай көрінген болар. Әйтеуір тазы мұнда жиі келетін. Төңіректеп жүреді. Қиыршық тас аралас сарғыш топыраққа тұмсығын тығып жіберіп, қорқырай дем алады. Сыздықтап әлдебір иіс білінетін. Сүйкімсіз иіс. Терісін сыпырып, аулаққа лақтырып тасталған түлкіден екі-үш күн өткен соң, дәл осындай күлімсі леп шығар еді. Үстіне құрт-құмырсқа қаптап кететін. Тазы жеркене лоқситын-ды. Ал мына жас топырақты қаба дем тартқан кезінде бойын мүлде басқа сезім билейтін. Қолқаны атары рас, бірақ соның өзінде әлденендей таныс, жанға жақын бірдеңе бар. Не екені де белгілі. Шіріген етпен аралас, мұрынға болмашы ғана лебі жеткен иіс - иесінікі. Ол осы арада жатыр. Қисынға келмейтін нәрсе, бірақ анық солай. Өз көзімен көрген. Тазының бойы жеңілейіп, еңсесі көтеріліп қалатын. Алысқа ұзаған жоқ қой әйтеуір. Ертең-ақ оянады. Қашанғы жата берсін… Енді, міне, сол белгінің өзі жоғалыпты. Бәлки, тұрып кетіп қалған шығар. Мүмкін ендігі үйде отырған болар? Жоқ. Қар түнде ғана жауды. Ешқандай із көрінбейді. Ол осында. Тазы сау аяғымен қабірдің етегін қазуға кірісті. Жұқа көбік қар тез аршылды. Топырақ көрінді. Буы бұрқыраған жас топырақ емес, жел үрлеп, жауын шайып көнерген, иесіз, ескі іннің аузындағы үйінді сияқты сұрықсыз топырақ. Сіресіп қатып қалыпты. Тырнақ батпайды. Тазы ұзыншақ төмпешікке бажайлай қарады. Сұп-суық. Жансыз. Шомбал қара тастан қанша айырмасы бар. Бар, әрине. Астында иесі жатыр. Иесі жатыр! Тазы еңіске көз тастады. Шілікті сай. Бас жағында суы мұздай бұлақ бар. Сай табаны құлын, тайлардың жоны ғана көрінетін қалың шалғын еді. Жазда ауыл отырған. Қазір бәрін аппақ қар көміпті. Тек кең сайға бүйірден қосылатын, қарсы беттегі шағын қолаттан бір кездегі адамзат мекені ескі қыстаудың жұқанасы - қисайса да, құламаған жалғыз қабырға қарауытады. Тазы дәл ауыл көшер күні сол жетім дуал түбінде дімкәс көкжақ тоқтының өлексесі қалғанын есіне алды. Ол ешқашан да тұрмайды, ешқашан да маңырамайды. Шөп те жемейді, су да ішпейді. Қазір саудыраған сүйекке айналған шығар... Кенет тазының санасын найзағай қамшысы осып өткендей болды. Оған ғаламат құпия - осы уаққа дейін өзіне беймәлім боп келген сыр ашылған еді. Бұл сырдың қорқыныштылығы, алапаттығы соншалық, тазы құлағы түрілген, етекке көз тіккен күйі мелшиіп тұрып қалды. Тоқпақ жілікті кеміріп бітетіндей уақыт өткен соң ғана есін жиды. Сол-ақ екен, буын-буыны қалтырап, арқа жүні тікірейіп, төбе құйқасы шымырлап кетті. Тазы шоқиып отыра бере тұмсығын көкке созды. Ауыз еріксіз ашылып, ар жағынан үрейлі үн шықты. Сілтідей тыныш тұрған тау-тас күңірене жөнелді. Тазы ұлуын күшейте түсті. Оның көз алдынан енді қайтып келмес бақытты күндері тізіліп өтіп жатты...

2

Дүние кең екен, жарық екен. Аспан неткен әдемі, тұнық, тұңғиық. Аспандағы күн қандай жақсы, бетіне тура қаратпағанымен, мейірлі, жып-жылы. Қораның іргесінде шоқиып, шуаққа қыздырынып отырған ақ күшік рақаттана қыңсылап жіберді. Асты құп-құрғақ, әрі жұмсақ: үгілген жылқы тезегі, қиқым шөп-салам. Қарсы алдындағы ойпаң шұқанаққа су іркіліпті. Сап-сары су. Орнынан тұрып барып жалап көрді. Дәмі ашқылтым, сүйкімсіз екен, мал қиының иісі шығады. “Ішуге жарамайды” деп ойлады күшік. Ол өзі білетін нәрселерді ішіп-жеуге жарайтын, ішіп-жеуге жарамайтын деп екіге бөлетін және соңғысының алдыңғысынан әлдеқайда көп екенін білетін. Күшік алға қарай аршындай секірді. Қар. Күресінге үйілген қар. Әр жері омырылып, төмен түсіпті, ойқы-шойқы. Беті қоқым. Күшік батып кеткен оң жақ алдыңғы аяғын көтеріп еді, астынан жылымсы су көрінді. Қар еріп жатыр. Түйіртпек-түйіртпек кішкентай мұзға айналған. “Бұл да бір жақсы нәрсе, - деп ойлады күшік. - Тек жеуге жарамайды, жалауға ғана болады. Ешқандай дәмі жоқ, суық”. Әйткенмен, күшік мұздақ қарды жаламады: сыртқа шығарында ғана бір дәлеңке сүт ішіп тойып алған еді. Қоразданып жан-жағына қарады. Жаңа өзі отырған жерді топ шөжесін ерткен шұбар тауық иемденіп үлгеріпті. Қоқыр-соқырды аударыстырып, тынымсыз қыт-қыттайды. Үрпек жүн, сап-сары, доп-домалақ кішкентай балапандар шиқ-шиқ етіп енелерінің аяғының астында ерсілі-қарсылы шауып жүр. Мәз-мейрам. Шешелері бірдеңе тауып алып, дыбыс берсе болды: “Әкел, әкел! Маған, маған!” десіп жамырай ұмтылады. Содан соң қайта бытырайды. Қолма-қол: “Таптым, таптым! Кел, кел!” деген қуанышты айғай шығады. Шөжелер сүріне-қабына қайта жүгіреді. Қимыл-әрекеттерін қызықтап сәл тұрған соң балапандарды қуып ойнауға зауқы соғып кеткен күшік кішкентай құйрығын бұлғалақтатып, шаңқылдап екі-үш үріп алды да, күресіннен түсе берді. Сол-ақ екен тауықтың: “Аттан! Аттан!” деген дауысы естілді. Тырағайлап жүрген балапандар әп-сәтте енесінің бауырына кіріп, тегіс ғайып болды. Тауық қанатын қомдап, дүрдиіп тұр. “Кет! Кет! Кет, қу күшік” дейді. Күшік тауықтың өзіне жат пиғыл таныту себебін түсіне алмай, абдырап қалған еді. Кенет сап-сары, әдемі балапандардың бірі қылт ете түсті де, мамықтың арасына қайта еніп кетті. Делебесі қозған күшік алға қарай екі-үш қадам басты да, бауыры жер тірей, төрт тағандап жата бере үрді, түрегеп тағы үрді. Енді тауық шындап ызаланған сияқты. “Кет-кетін” күшейтіп қана қойған жоқ, шабуылға көшуге ыңғайланған түрі бар. Мұндайды күтпеген күшік сасайын деді, бірақ қиқарлықпен алға қарай және бір аттап түсті. Тауық дүрдиген беті орнынан көтерілді. Тұра ұмтыла ма деп еді, теріс айналды. Іргені жағалап, сол “кет-кеттеген” қалпы жылысып барады. Балапандар түгел бауырында, ешқайсысының да мұнымен ойнағысы келмейтін тәрізді. Арсалаңдап жүгіріп, бой жазып, көңіл көтермек ниеті іске аспағанына қынжылған күшік те кері бұрылып, ауыл сыртына таман беттеді.

Топырақ әлі дегдімеген. Ойпаңдар мен шұқанақтарда булары бұрқыраған іркінді сулар жатыр. Әр жерде - қомақты, биік тобылғылардың түбінде тулақтай-тулақтай қар қалдығы көрінеді. Бірақ әлем өзгеше түрге енген. Төңірек күн сәулесіне бөгіп, манаурап тұр. Ауа хош иіске толы. Күшік жұпар шашушы нәрселердің бірі - өзі тапап келе жатқан сабағы жіңішке, күлтебас шөп екенін аңғарды. Тұмсығын тақап еді, жеуге жарамағанымен, иісі ұнамды көрінді. Аяқ асты жұмсақ, түп-түп болып тығыз өскен қалың шөп. Тереңнен көк кеулеп келе жатқаны байқалады. Кейбір түптердің ағынан көгі басым. Күшік жаңа тебіндеген көдені де иіскеді. Рахат! Тамаша! Бойын түсініксіз қуаныш кернеп жасыл мамық үстіне аунап-аунап алды. Содан соң табандарын тарбитып, керги созылған қалпы бауырын күнге төсеп ұзақ жатты.

Маужырап көзі ілініп кеткен екен, түс көрді. Сары үрпек балапан шиқ-шиқ етеді. “Кел, ойнайық” дейді. Өзі кіп-кішкентай. Сүйкімді. Күшік қуанғаннан арсалаңдап үре береді. Міне, екеуі бірін-бірі қуып ойнап жүр. Шөже мұндай жүйрік болар ма, жеткізер емес. Әйткенмен, күшік те қалмайды, салдыртып келеді. Құлағының түбінен жел гу-гу етеді. Міне, жетті ақыры. Ұстайды енді. Құртақандай өзі. Аузына сыйып кетер еді. "Жеуге жарайтын нәрсе!" деген ой келді күшіктің басына. Иә, жеуге жарайтын нәрсе. Бірақ кенеттен балапан күшікке қарсы қарап тұра қалды. Ығатын түрі жоқ. "Р-р-р! - дейді. - Мен болдым, енді сен қаш. Р-р-р" Күшік селк етіп, көзін ашты. Үстіне төніп дәу қара төбет тұр. Күшік аспай-саспай ұзын тілімен аузы-басын бір жалап алды да, есіней керілді. Содан соң мана балапандарға үргеніндей, жіңішке даусымен шаңқылдай үріп, орнынан көтеріле берген. Екі ойлы тұрған төбет сол сәтінде-ақ бас салды. Күшік не боп кеткенін аңғара да алмай қалды. Өне бойы от тигендей дуылдап, көз алды қызылды-жасылды сәулемен тұманданып, дүние теңселе төңкеріліп бара жатты.

- Кет-ай, кет! Кет!

Жан ұшырған ащы дауыс пен жерді солқылдатқандай дүбір қоса естілді. Кеудені қысқан зіл батпан жүк босап кетті. Арашаға иесі келгенін аңғарған кішкентай күшік қаңсылап жылап жіберді. Иесі қалбалақтап аттан түсіп жатыр. Міне, жерден көтеріп алды. Денесіне қол тигенде өне бойы найза сұққандай шанышқылап қоя берген күшік дүлей төбеттің аузына қайта түскендей, шарылдай, ұзақ қаңсылады.

Атын шылбырынан жетектеп, күшікті құшақтай көтерген бойы қиралаңдай басып үйге келген соң иесі оның жарақаттарының аузына әлденелер жағып, жанын қинап көп әуреледі. Содан соң әр жерін ақ дәкемен орап байлады да, ауызғы бөлмеде бұрышта тұрған екі жағы торлы кішкентай темір төсекке салды. Тамақты өз қолымен береді. Күніне үш-төрт мәрте сыртқа алып шығады. Басқа уақыттарда күшік үнемі төсек үстінде қимылсыз жатады. Көп қозғалуға жер тар, ал өз бетімен тордан секіріп түсіп кете алмайды. Және өйтіп дала бетін көруге әрекеттенген де жоқ.

Екі-үш апта бойы жақсылап күткеннен кейін денесіндегі жаралар жазылды. Бірақ күшіктің жүрегіне басқа бір жара түскен еді: ол дүниеде әділетсіздік, зұлымдық, зорлық барын, басыңа бақытсыздық төнсе ақтығың, жазықсыздығың арашалап алып қала алмайтынын ұқпаса да, бұдан былай бейтаныс жан иелерінің бәріне күмәнмен, дұшпан көзімен қарайтын болған.

3

Күшік әбден таралып, қайта қутыңдай бастаған кезде алыстан бір кішкене бала келді. Өзі сотқар екен. Арбадан түсер-түспестен-ақ күшікке ұмтылды. Бұл кезде күшік адам атаулыны иелерім, - өзіне күнде тамақ құятын, үйдің бар шаруасын істейтін ұзынетек кісі де осы санатқа қосылатын, - және бөтен жандар деп екіге бөлетін. Ал мынау - бөтен бала. Күшік иесіне тығылды. Бірақ иесі оған қараған да жоқ, баланы бауырына басып, бетінен сүйіп жатыр. Әйткенмен де бала тез босанып, күшікке қайта қол созды. Иесі тәуір көретін кісі болғандықтан күшік енді қаша қоймады. Оның үстіне иесінің өзі де: “Лашын, Лашын, бара ғой!” деп жылы шырай танытып тұр. Баланың қолы жұмсақ екен. Кеудесіне қыса құшақтап алды. “Күшім, күшім!” деп, басынан, арқасынан сипап, аузынан жалап, еркелете бастады. Сауыны өткен биені қайырып келе жатқан, анадайдан “Әділ, Әділтай!” деп айқалаған шешесіне назар аударған да жоқ, күшікті құшақтаған беті үйге кірді.

Сол күні кешке үйге көп адам жиналды. Үлкен дөңгелек столды алқалай отыр. Дастархан үсті тау болып үйілген бауырсақ. Бауырсақ бетінде ағараңдап жатқан шақпақ қанттың көптігінен көз тұнады. Әділ Лашынды алдына алған. Бір бауырсақ, бір қанттан аралас береді. Жұрт көңілді, ду-ду етеді. Түйе сүтін қатқан қою, қызыл күрең шайды сыздықтата тартып, дабырласып отыр.

- Жігіт болды деген осы, - дейді Омар ақсақал. - Ұзағынан сүйіндірсін.

- Ал, Қазы, сен қырық күн той жасауың керек. Мұғалімдері бірінші класты бітірген жиырма бес баланың ішіндегі ең үздігі деп отыр. Екінші, үшінші кластың есебін шығарып, кітабын оқи беретін көрінеді, - дейді Әділді ала келген сатушы сепкіл бет Есенжол. - Бұдан былай ертегі, жыр айт деп ешкімді мазаламайтын болды. Күзге дейін сенің Қызыл отауыңдағы бар кітапты оқып тауысып кетері анық.

- “Ата көрген от жонар” деген…

- Еңбек біждің Кәмийа шіңиіміждікі ғой, - дейді аузы тола бауырсақты малжаңдай шайнаған қалпы Есенжолдың әйелі Айсұлу. - Пышық қой Кәмийа. Көймейшіңдей ме, ешіктің айдында үйуйі тұйған қиды. Шайуаға мығым ғой, мығым…

- Қатын, сен ол әңгімеңді кейін айтарсың, ақсақалдың сөзін бөлме.

- Ошы шен маған неге қожаңдай бейешің? Мен жаман бойшам жақшы қатын неге тауып аймайшың?

- Қой дедім ғой!

- Көжге шыққан шүйейдей иғи шетке қағып кемішітешің де отиашың, төйкініме кетіп, шойыңды қайнатаймын би күні…

- Жетер, бірдеңе көргің келмесе қой енді!

- Қойдық, бати-екеші. Кәмийа пышық емес дешең үндемей-ақ отиайын…

- “Ата көрген от жонар”, - деді Омар ақсақал сөзін жалғап. - Әмір марқұм, мына Қазының әкесін, жігіттің сырттаны еді-ау. Қолынан қыран тазы арылған емес. Түлкіні құйындай соғатын қаншырдай құмайлар. Е-е, көзімен көрмегенге бәрі өтірік. Сендер қазір малды асылдандырамыз деп жүрсіңдер. Мал жағын білмеймін, қазақ сол кездің өзінде-ақ аңшы иттерінің тұқымын асылдандырып бітіп еді. Желмен жарысқан не бір жүйрік қырандар өтті ғой бұл өңірде. Дариға-ай десеңші… Анау Мамай шалдың Бесқара дейтін тазысы болды. Осындағы бір байдың аңқұмар мырзасы бес құлынды бие ұсынғанда, айырбастамады ғой қисық шал, ол кезде, әрине, қылшылдаған жігіт шағы, содан Бесқара атанып кетті, өз ныспысы басқа еді. Көктарғыл, құдды бір жолбарыс кейіптес. Кеудесі шынтақтан сынық сүйем десек өтірік, тура үш елі төмен, құшақ жетпес зор; бір қырындап жантаймаса түзу жата алмайтын. Басы үлкен, шықшытты. Дене бітімі мөлшерден тыс ірі болатын. Адамзатта не бір асылдар, не бір даналар, не бір жүрек жұтқан батырлар жаралады ғой. Құданың құдіреті күшті. Жан-жануар, мақұлықтар ішінде де өз тұрғыластарынан озып туған ерекшелері кездеседі. Бесқара сондай ит еді. Бөгде кісі айтса бұ дүниеде сенбес ем, бірақ қыстауларымыз іргелес кез, өз көзіммен көрдім, бір жылы жалғыз өзі он үш қасқыр алды. Ал қоян, түлкіде қисап жоқ. Арқарға да жиі шығатын. Мамай шал сол Бесқараның ұрпағы деп анау кезде бір көк тазы ұстап жүрді. Әбден алжып, соғыс бітер жылы көктемде өтіпті. Ажал тақағанын сезісімен қаңғып кетіп қалса керек. “Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді”, - деген сол. Мамай неше күн аза тұтыпты деседі. Адам кісі өлгенде өйтпес. Шынында да, Бесқарадай болмағанмен, қыран-ақ еді, шіркін. Ондай тарлан тазылар қазір жоқ. Ит баптап, құс күйттеп, бұлғақтап жүретін уақыт қайда.

- Онда өкіметтің малын кім бағады, шөбін кім шабады... - деді Қазы. Жөтел қысып, сөзінің аяғын айта алмады.

- Арақты кім ішеді, - деді Есенжол сепкіл беті шабдарлана жымиып.

- Шатушы боймай кет, - деді Айсұлу. - Жынды шуы жоқ мәгәжін мәгәжін бә тәңйі!

- Сол кәпіріңнің жоғы жақсы, әкелмегенің жөн болған, - деді Омар ақсақал.

- Әкелмейін дегем жоқ-ау, баздың өзінде таусылыпты. Қанша артта қалған, қазақы дегенмен, біздің аудан да мәдениетке аяқ басып келеді. Алдыңғы жылы бір жәшік арақ осы ауылдың бір қысына жетіп еді. Ферма бастығымен екеумізден басқа ақаңа құмар ешкім жоқ-ты. Ал өткен күзде-ақ, қызылы аралас үш жәшік алғызып ем, жұғын болмады. Ауданға соңғы барған жолы мына Қазы да үйреніп кепті. Ферма орталығында жатақта қалатын айналдырған үш үйміз, ақсақал намазым бұзылады деп ішпейді...

- Астапыралда! Тіпті, намаз оқымайтын адамның да әуестенетін нәрсесі емес.

- Дәмін білмеген соң айтып отырсыз ғой. Ішпеген адам мына Қазыдай-ақ шығар, бір рет ұрттап көріп еді, баяғыдан бергі өмірінің бос өткеніне көзі жетті. Бәрінен бұрын маған жақсы болды, серік табылып. Осы қазір, құдай біледі, бір жартылық араққа қатынын сатып жіберуге әзір.

- Өй, сен де қоймайды екенсің. Жай бір реті келіп қалған соң дәмін татып ем...

- Ләйім, тата бер!

- Екеуі баяғының құрдастарындай ойнайды, - деді Омар ақсақалдың бәйбішесі, ақ кимешекті арық қара кемпір Нұрила, әңгімені басқа жаққа аударғысы келіп.

- Құйдаш деген қыжық қой, - деді Айсұлу.

Бұл кезде бауырсақ пен қантқа тыңқия тойып алған күшік Айсұлудың сөзін мақұлдағандай өзінен-өзі үріп-үріп жіберді.

- Ай, кәрілік-ай, - деді Омар ақсақал, - бірді айтып бірге кете берем. Мана не деп ем?

- Иттердің ішінде адамнан да артық не түрлі жайсаңдар кездеседі дегесіз, - деді Есенжол қуақыланып.

- Иә, адам атасына тартпай қоймайды екен-ау. Мына кішкентай Әділдің итке құмарлығы Әмір марқұмнан аумай қалыпты...

- Оның үстіне жаңа өзіңіз мақтап отырған Мамай шал менің туған нағашым ғой, - деді Қазы. - Мына күшікті қыста Бақанас бойына барғанда сол кісіден алдым. Енесінің бауырында жалғыз екен, шыны керек қой, бергісі келмеді. Балам өз бетімен ит жүгіртуге жарап қалды, жылайды деді. Бірақ мен тентектікке басып, қырық серкештің төлеуі деп зорлағандай қып алып кеттім. Сынап жіберіңізші.
- Жақсы итті көп көргенмен, өзім аңшылық құрған жан емеспін. Менен қай бір сыншы шығады дейсің.

- Қалай десеңіз де, бізбен салыстырғанда, көшелі сыншы екеніңіз анық. Әділ, күшігіңді сырмақтың үстіне түсірші. Ал ақсақал, айтып жіберіңіз.

- Кеуделі екен, ұзаққа шабар. Қысқа мойын, әрі шықшытты, езулі көрінеді, қайратсыз да болмас. Артқы аяғы да келісті, маймақ біткен - жүйріктік белгісі. Қасқыр алады деп кесіп айтпайын, бірақ түлкі тымаққа
жаритынымыз анық.

- О, пәлі! Аузыңызға май! Алғашқысы сіздікі, - деді Қазы риза болып.

- Бәсе, Мамай шал тегіннен-тегін қиналмаса керек қой, - деді Есенжол.

Сәлден соң үстіне құлағы жалбыраған, құйқасы сыдырыла піскен семіз бас салынған үйме табақ ет келді. Бұл кезде Әділ мен ақ күшік тұмсық түйістіріп, ірге жақта ұйықтап жатыр еді.

4

Лашынның өміріндегі қайғысыз, қамсыз қызық күндер басталды.

Әкесі Әділге:

- Өзі ауылдан шығып, қаңғып кете береді, анада Есенжолдың әлгі Бардасоқ дейтін жаман төбеті талап тастады. Мал қайырып келе жатып кездейсоқ үстінен түспегенімде өлтіреді екен. Сенің кішкентай кездегі төсегіңе салып, жиырма шақты күн бағып, әрең аяғына тұрғыздым. Енді қасыңнан тастама, - деп тапсырған.

Әділ онсыз да Лашынды жанынан қалдырмайды. Иен даладағы үш үйде өзінен бөтен бала жоқ, кітап оқығаннан соңғы ермегі - күшік. Алғашқы күні-ақ ұзын құрықтың басына түлкінің құйрығын байлады. Не екенін білмесе де, Лашынның оны тістеп көргісі келген. Бірақ Әділ тістетпеді, тұмсығының алдына әкеп иіскетті де, аузына түсірмей біраз ыза қылып барып, кенет өзі бір орында тұрған қалпы шыр көбелек айналдырып дөңгелете жөнелді. Күшік қуып берді. Бірақ құрық ұшындағы түлкінің құйрығы жеткізер емес. Тұмсығына тиер-тимес жерде толқындана созылып, зулап барады. Ақ күшік жүгірісін тездете түседі. Түлкінің құйрығы да бұрынғыдан гөрі жылдамырақ қашады. Күшік одан сайын өршелене шабады. Жетті ақыры. Міне, тістейді енді! Бірақ жаңағы пәле басынан қарғып өтіп, кейін тартады. Күшік артына бұрыла сала қайтадан шеңбер жасай қуады. Аяқтары ауырлай бастайды, қарқыны да кілт кемиді. Алайда бұлаңдаған нәрсе ұзап кетпейді. Одан шыққан жат, әрі сүйкімді иіс көңіліндегі құмарлық отын оятып, ата қанымен бойына біткен аңшылық сезімін қамшылайды да, күшік бұрынғыдан да асқан ызамен қууға кіріседі. Ақыры, ұлпа құйрық ауызға ілінеді. Күшік рақаттана, сүйрей тістелеп, ырылдай жұлқылап, ұзақ ойнайды. Кенет әлгі антұрған лып етіп аузынан шығады да қаша жөнеледі. Қуғын қайта басталады. Ақ күшік құрық ұшына байланған түлкі құйрығын қаншама рет ұстады, қаншама рет жұмарлап талады, бірақ ешқашан да құмары тарқаған, жалыққан емес.

Ұшар басына дейін ақ көде мен түп-түп тобылғы өскен тоқал биіктің ықтасынды етегіне салынған іркес-тіркес төрт-бес қораның алды еңіс. Бітік көк шалғын жел соқса теңіз бетіндей толқиды. Қарсы қабақта оқшырайған шоқының тастақ етегінен қайнап шығып жатқан қасқа бұлақ бар. Сайды бойлай, төмен құлай ағады. Өн бойы жапырыла өскен боз шілік. Әділдің мойнына жүктелген бар жұмысы - енді ғана толысып келе жатқан нәрлі шөпті ора жайылып, сауын мезгілін өткізіп ала беретін көк биені қайырып әкеп тұру. Күшік қалың шөп арасынан басы ғана қылт-қылт етіп, секіре жүгіріп, Әділдің соңынан салбақтап бара жатады. Қайтар жолда шәуілдей үріп, биені қуа жөнеледі. Бірақ көк бие тұра шапқанда ілесе алмай қалатын да, арсалақтап кеп Әділдің аяғына оратылатын.

- Мына қу күшігіңді несіне ерттің, жайлап айдамаған соң бие исініп кетіпті, - деп ренжитін Кәмила. Алайда Әділ күшігін соңынан ерткенін қоймайды, ал күшік биені үркіткенді қызықтағанын қоймады. Ақыры шыдамы таусылған шешесі:

- Кіп-кішкентай боп қиқарын қарашы жетпегірдің, - деп өзін желкеден бір түйіп, күшігін таяқпен көміп өткеннен кейін ғана Әділ ақылға түсті. Күшіктің мойнына ою-өрнекті жез қарғы жасатып тақты да, содан ұстап жүретін болды. Бірақ әдеттеніп кеткен күшік көк биені көре салысымен-ақ шабалана үретін, ал бие “осы пәлені шаңқылдата бермей кетейін” дегендей, бұрынғыша ауылға қарай шапқылай жөнелетін. Қазы қоржынына кітап теңдеп алып, түстік жердегі шөпші ауылға, бір шеті мен екінші шеті күндік жерге созылып жатқан жайлаудағы мал отарларына кеткен кезде Әділ мен Лашын Кәмиладан талай рет таяқ жеді.

Төңірек тегіс шоқы-шоқы, белес-белес. Қырқалардың арасындағы тарам-тарам жүлгелі өлке бойы шөккен түйе көрінбес, қымыздықты көк шалғын, мұздай суық, мөлдір сулы бұлақ, тал, терек, шілік араласа өскен шағын тоғай. Жаз ортасы ауа, күн әбден қызып, шөп басы толған кезде Әділ осы тебешіктерден асып, сай-салаларды шарлап кетті. Бұрын үй төңірегінен ұзап шығып көрмеген Лашын жаңа бір дүниенің есігін ашқандай еді. Мұрынға жүз түрлі иіс келеді. Шаңытып тұратын сұр қияқ иісі, жапырыла өскен шалғын иісі, сары, көк, алқызыл дала гүлдерінің иісі, шым топырақ иісі, шіріген ағаш иісі - толып жатыр... Ауаға тараған хош иістен басы айналған күшік өзінен-өзі үріп, көк шөпке аунап, Әділдің басына секіріп, арсалаңдап ерсілі-қарсылы жүгіріп, құмары тарқағанша шапқылайтын. Ауылдан ұзаңқыраған соң әр түрлі мақұлықтар иісі көбірек ұшырасатын. Мынау - жылқы, мынау - сиыр иісі, мына жерден кісі жүріп өтіпті, ал мынау - құрықтың ұшына байланған, күн сайын өзі қуатын ұзын құйрықтың иісі. Міне, мына бір жерді қазып тастапты, содан соң түп тікенді айналып өтіпті де, тауға қарай беттепті. Лашын осы иістің жөнімен жүре бергісі келетін, бірақ соңынан Әділдің қайт деп шақырған дауысы естілген соң, амалсыз кері бұрылатын. Әйткенмен, таныс иістерден гөрі бейтаныс иістер көбірек еді. Олардың қайсысы болмасын Лашынның делебесін қоздыратын.

Сай бойына біткен шоқ тоғайлар іші қоңыр салқын. Топырақ дымқыл, шөп жұмсақ. Сылдырап аққан су сыбдыры келеді құлаққа. Итмұрын, долана, құлмақ иісі мұрын жарады. Бірақ соның бәрінен де қарақат иісі басым шығады. Қалың талдың көлеңкелі саясы сыңсып өскен қарақат бұталарына толы. Әділ дымдана мөлдіреп, тұнып тұрған жеміске кішкене шелегін әп-сөтте-ақ толтырып үлгеретін. Содан соң мәуесі мол, шөбі қалыңдау тұсты таңдап алып, басына томар жастанып шалқасынан жата кетеді. Үш айыр, үшкіл жапырақтар арасынан аспан теңбіл-теңбіл, жырым-жырым боп көрінеді. Бірақ әдеттегіден әсем және тым алыс емес, түрегеп тас лақтырсаң жетер шамада. Онсыз да мол жеміс төменнен қарағанда тіпті көбейіп кететін. Бұрынғыдай жапырақ тасаламайды, моншақша тізіліп, жыпырлап тұрады. Әділ аяғын айқастырып, мардымсып жататын да, қарақатты уыстай сауып, аузына құя беретін. Қол жетер жерді тауысқаннан кейін, шынтақтай жылжып, орын ауыстырады. Көп ұзамай уыстап емес, үзімдеп жеуге көшеді. Содан соң екі қолын желкесіне қойып, ала бұлт көшкен көгілдір аспанға қарап қимылсыз ұзақ жататын. Иесіне еліктегісі келгендей, ақ күшік те жанға жайлы қоңыр леп есіп тұрған сазды көгалға бауырын төсеп, алға созылған екі аяғының үстіне басын қойып, қыбыр етпестен қатып қалатын. Мазаны кетіретін - шыбын-шіркей ғана. Әйтпесе неше түрлі тәтті түс көріп, ұйықтап алуға да болар еді. Күшігі екеуі өстіп рахаттанып біраз тыныстаған соң Әділ кенет есіне бірдеңе түскендей “әуп!” деп орнынан көтеріле береді. Құйрығын бұлғаңдатқан күшік те атып тұрып, дүр сілкінеді. Екеуі шіріген томар, құлаған ағаштардың арасымен жылтырап ағып жатқан бұлақтан қарғып өтіп, тал, теректі матастыра біткен шырмауықтарды бытырлата үзіп сыртқа шығатын. Сай бойы бүк, ыссы. Шақырайған күн шекеден өтеді. Әділ ұстарамен қырылған тап-тақыр басына қол орамалын байлап алады. Содан соң күшік екеуі жарысып, самал жел соғып тұрған белеске қарай жүгіре жөнеледі. Белес асты - ауыл.

Өз иелерінің, иелері ғана емес, жалпы екі аяқты атаулының өмірінде, тұрмыс-салтында түсініксіз жайлардың көптігін, өте көптігін Лашын жасы алты айдан асып, бойы өсіп, денесі іріленіп, үлкен итке жақындаған кезде ғана аңғарды. Бұрын бәрі де дұрыс, бәрі де орынды сияқты көрінетін. Енді ойлап қараса, ешбірі де ақылға сыймайды. Мәселен, жылқы. Орнықты төрт аяғы бар. Әділ құсап ешқашан сүрініп құламайды. Жүйрік, шаба жөнелсе адам атаулыға қарасын көрсетпейді. Күшті, анада көк бие әлденеге шамданып, қос аяқтап тұрып тебінгенде екпінінен тал шарбақ жапырылып құлап түсті, осы тұяқ адамға тисе қайтер еді? Быт-шыт қылмай ма! Соған қарамастан адамның айтқанынан шықпайды, не бұйырса да, нендей жұмыс тапсырса да орындай береді. Оларға, тіпті, кішкентай Әділдің өзі қожа. Әрине, ақыл жетпес нәрсе. Немесе сиырды алыңыз. Арбиған, жуан, үшкір қос мүйізі бар. Әнеугүні өзі бұзау маңынан шықпай қойғанда өкіріп тұра ұмтылды. Лып етіп бір бүйірге секіріп түсіп, бар пәрменімен зытпағанда сүйектерін күлпарша қылатын еді. Осы сиыр да адамға қызмет етіп жүр. Ал анау өркеші сорайған алып денелі, он кісінің әлі келмейтін жүкті бір өзі оп-оңай көтере беретін түйе дейтін жарықтық адамның жұмысын істей-істей әбден и болып кеткен; боздап жылап жүреді, алайда ешқашан да осы ауыр тұрмысына наразылық білдірмейді. Немесе жазғытұрым өзін талаған қара төбетті алыңыз. Азуы сұмдық. Тұра ұмтылса, кімді болмасын бүктеп салар еді. Бірақ ол да адамға құл. Тіпті Лашын құсап үйге де кіре алмайды, үнемі далада жатады. Өмірдің көзі, дүниедегі ең қажетті нәрсе - тамақ атаулы да тегіс осы екі аяқтылардың қолында. Өздері ең тәттісін, ең жақсысын жейді және қанша жеймін десе де ерікті. Рас, Лашын астан тарығып көрген жоқ, бірақ қара төбеттің ауладан аула аралап, ылғи тіміскіленіп жүретініне, үнемі бүйірі қабысып тұратынына қарап, оның тойып тамақ ішпейтінін аңғарған.

Күн өткен сайын түсініксіз нәрселер көбейе берді. Мәселен, бірде ауылға көлік жекпей өзі жүретін және жүрген кезінде күннің баяу, үздіксіз күркірегеніне ұқсас дыбыс шығаратын ғажайып арбаға мінген кісілер келді. Енді бір жолы ауыл отырған сайдың етегі кеңіп, үлкен, жазық алаңқайға айналатын тұсқа алып құс қонды. Аттарына міне сала шапқан жұртпен қанжығаласып Лашын да барды. Кәдімгі ақ темір. Ішінен адамдар шықты. Олар жерге түсіп, ат үстіндегілермен сөйлесіп, әлденені сұрап біраз тұрды да, құстың қарнына қайта кірді. Темір самұрықтың дауысы қорқынышты екен, оның үстіне ұшарында дауыл тұрғызды. Лашын жел лебінен ыққан аттардың алдын ала зырқырай қашқандықтан ғана аман қалды, әйтпесе бір зияны тиюі де мүмкін еді.

Жұмбақ жайттар молайған сайын Лашынның адамның құдірет, күшіне деген сенімі арта берді. Өстіп жүргенде болған бір ерекше оқиғадан соң Лашын жан иесі атаулының бәрі адамзатқа бас ұратынына таңырқауын қойды, адамның басқа мақұлықтардан артықшылығын құлай мойындады. Әділ екеуі қарақат теріп, кезекті сапардан қайтып келе жатқан. Беткейдегі шоқ ұшқатты айнала беріп еді, қарсы алдарында шылбыр бойындай жерде ғана тұрған Бардасоқтың үстінен түсті. Үнемі аш жүретін қара төбет тышқан үйген жем-шөпті талқан етіп шашып тастап, енді жұмсақ топырақты бұрқыратып жатыр. Болмашы қазады да, тұмсығын інге тығып жіберіп, құмарлана, қорқырай иіскейді. Содан соң әлгіден де қызу, құтырына қимылдайды. Ін түбіне тақаса керек. Күтпеген көріністің үстінен шыққан Әділ таңырқай қарап тұрып қалды. Ал Лашынның жүрегі дір ете түскен. Буын-буыны қалтырап, иесінің аяғының астына тығылды. Сабалақ төбеттің баяғыда күшігін талағаны сонда ғана есіне түссе керек, Әділ еңкейіп жерге қол созды. Тысырды құлағы шалған төбет басын іннен жұлып алды, бірақ қауіпті тым кеш аңғарған екен, бұрыла бергенше ауыр тас қара қабырғадан сарт етті. Қаңсылаған дауысы тау жаңғырықтырып, шарылдаған беті бүгежектеп қаша жөнелді. Соңынан қуа зулаған екінші, алғашқыдан гөрі кішірек үшкір тас Бардасоқтың үстінен асып, тобылғының арасына түсті. “Қап!” деді тірі нысанаға дарыта алмағанына өкінген Әділ санын соғып. Оқиға барысы дәл бұлай болады деп күтпеген Лашын аңырып қалған. Иесінің өкінішті дауысы шыққан кезде ғана селт етті. Кенет бойын ашу-ыза буып, шаңқылдай үрді де, артына жалтақ-жалтақ қарап, қаңсылай безіп бара жатқан төбеттің соңынан қуа жөнелді. Ізінше қоса жүгірген Әділдің жалына шақырған даусына дұшпанын әжептәуір жерге ұзатып салған соң зорға тоқтады. Өзінің өмір, тұрмыс, күшті мен әлсіз жайлы балаң түсініктерін асты-кестең еткен ғаламат оқиғадан соң әлі есін жиып болмаған-ды. Екі аяқтылардың ең кішкентайы Әділ мынаны істегенде үлкендері қайтпек?

Мен қайдан келдім, қалай жаратылдым, дүниеде құдай бар ма, жоқ па деген сияқты сауалдар күшіктің басына келген емес-ті. Бірақ осы оқиғадан соң Лашын әлемде құдіретті күш иесі - тәңірі барлығына және оның қолынан келмейтін нәрсе жоқ екеніне ден қойды. Бұл тәңірінің аты - Адам еді.

5

Күрк-күрк жөтелген Қазы есіктің ілгегін әрең ағытты. Иесінің алдын орай сыртқа атқып шыққан Лашын бетке ұрған жарық сәуледен көзін аша алмай қалды. Кеше ғана қап-қара боп жатқан төңірек өзгеше түрге еніпті: маңайдағы төбешіктері де, аула мен қора-қопсы да тегіс ақ көрпе жамылған. Салқын лептен денесі сәл-пәл тітіркенген ит алға қарай екі-үш аттап түсті. Аяқ асты сықыр-сықыр етеді. Бұрылып кейін қарады: жүрген ізі сайрап жатыр. Міне, иесі мал қора жаққа беттеді. Оның да артында тізбектелген таңба қалды. Лашын тосыннан ашқан жаңалығына таңырқап сәл тұрды да, қораның сыртына шықты. Дәл өзінің ізіндей із жатыр. Тұмсығын таяп, иіскеп көріп еді, қара төбет бардасоқ салып кеткен таңба екен. Тамақ іздеп тіміскіленіп жүрген кезінде түскен белгі.

Ауада бөтен иіс жоқ, салқын, бірақ дем алған сайын көкірекке күш құйылғандай. Лашын ақша қарды бората арсалақтай жүгіріп, ауланы әлденеше айналып шықты. Бұлақ жаққа барып, түйе мойнақ белестерден асып, төңіректі шарлап кеткісі келді. Ізіне қарағанда, таяу маңда жүргені аңғарылған Бардасоқтан именіп қана тоқтады. Және иесінің атты шарбақтың сыртына шығарып байлағанын көрген соң, бір жаққа барады екен, мүмкін, мені де ерте кетер деп үміттенген еді.

Көктемдегі дабал аяқ, сабау құйрық, шардақ қарын маубас күшік қазір үлкен тазыға айналған. Омырауы даладай боп, кеудесі іріленіп, іші тартылып, бойы кішігірім бұзауға жеткен. Денесімен салыстырғанда рабайсыз үлкен, шодыр төбелі басына түйе жапырақтай жалпақ, ұзын, шашақты құлақтары әсем кейіп беріп тұр. Аузын ашқанда көрінген, қаз-қатар тізілген үлкенді-кішілі сойдақ, аппақ азулар атан түйенің жілігін де омырып жіберетіндей.

Қияқ басы тікенденген шақта Әділ оқуына кеткеннен соң ересейіп қалған күшікті баптау Қазының өз қолына көшкен-тін. Бойға май бітіретін тамақ бермей, алғашқы сонарды асыға күтуде еді. Бірақ Қазыға ерегіскендей күз тым ұзаққа созылды. Жылауық жаңбыр төгіп, қара дауыл соқтырып тұрып алған. Тазы үйіне жеткенше аң ұстамаса мойны қатып кетеді де, епті, алғыр ит бола алмайды. Қазыны мазалаған да осы жай еді. Табаны тиеді деп қара жерде жүгірпеген. Сондықтан көптен аңсап күткен шақ туып, алғашқы қар жауысымен-ақ, түні бойы дөңбекшіп шыққан Қазы алакеуімде тұрды да, сабырсыз қимылмен ат ерттеп, Лашынға жеңіл сорпа ғана жалатып, айналасы сүт пісірімдей уақытта жүріп кетті.

Жауыртағыны бөктерлей қақты. Қар беті толы таңба. Ірілі-уақты, аралары жиі не алшақ біткен әр түрлі іздер. Тазы кез келгеніне түсіп кетуге аңсары ауып, иесінің тежеуімен әрең келеді. Ақыры манағы қара төбет тастаған белгіге ұқсас, бірақ одан әлдеқайда кіші із кездесті. Тұмсығын тығып жіберіп иіскеп еді - сырықтың ұшына байланған, жазда өзі талай қуған ұзын құйрық екен. Тазы басын төмен салған беті тастақ беткейге қарай бүлкектей жөнелді. Алайда иесі соңынан ермеді, қайта баяу дауыспен кері шақырды. Қарама-қарсы жақты нұсқайды, ат басын солай бұрып апты. Қателескенін жаңа ғана аңғарған Лашын кейін тартты. Сәлден соң иесінен озып, із жөнімен соқтыртып бара жатты.

Ұзын құйрық ойпаң еңісіне шоқ-шоқ қараған, басы мен беткейіне түп-түп сирек тобылғы өскен бұйратты шағылға жеткен соң жүрісін кілт тежеп, бұта-бұтаның түбін тіміскілеп кеткен екен. Қараған түбінде екі-үш жерде тышқан інін қазып, әлі тоң болып қата қоймаған сары топырақ пен күпсек қарды араластырып тастапты. Бірде қырға көтеріледі, бірде ойға түседі, әр бұтаның түбінен несібе іздеп, әжептәуір жерді шиырлап шығады да, ары қарай асады. Ізден айырылмай, иіс қуып келе жатқан жас тазының ауыл орнындай жерді он айналған ілгерінді-кейінді нәтижесіз жүрістен әбден берекесі қашты. Міне, иесі де жақындап қапты. Құмарлық сезім өршелендірген Лашын із ыңғайымен желе шауып, енді қырға қарай беттеді. Төбені аса бергені сол еді, етектегі боз қараған ішінен манадан бері бейнеттеніп іздеп жүрген аңы ата жөнелді. Құйрығы ұзын, өзі ит тұрықтас, бірақ одан әлдеқайда кіші. Ұлпа мамық. Қалай көз тұнбасын. Кір шалмаған ақша қардың бетінде жосылып барады. Сұлу көрініске қас қағымдай аңырып қалған тазы келер сәтте-ақ аяғының астындағы майда қарды бір-ақ серпіп, ағыза жөнелді. Аралық тез қысқарды. Тазының мұрнына түлкінің күлімсі иісі келді. Дене мүшесі тегіс анық көрінді. “Мен жүйрікпін, - деп ойлады жас тазы. - Ой, мен қандай жүйрікпін!” Түлкінің аяғы қысқа екен, жыбыр-жыбыр етеді, бірақ жүрісі өнімді боп шықты, жеткізер емес. Алғашқы ағынмен арқан бойындай келген Лашын енді аралық тұтамдап ұзара бастағанын аңғарды. Жүрісін ширата түскен түлкі көлденең салып, бірте-бірте тау жаққа қарай ойысты. Тастақ белестерге ілінсе бой жасырып кетуі оп-оңай... Бірақ түлкінің сорына қарай алдан қарауытып ит иесі көрінді. Өтер жолды кеспек боп, орағыта шауып барады. Түлкі де барын салды, әйткенмен атын сабалап, айғайға басып келе жатқан кісі алдын орай берді. Екі аяқтының тұмсығының астынан өте шығуға жүрегі дауаламаған түлкі қиғаш тартты. Біраз жер ұтып барып аттының алдын кесіп өтіп, тауға сіңіп кетпек. Аздан соң бөктер жақ қапталдан дігірлеген атты қала бастады, тазы да қауіпсіз шамада. Түлкі аман құтылғанына күмәнданбаған. Бірақ дәл осы сәтте алдарынан жайпақ ойпаң шыға келді. Жер межесін жақсы білетін түлкі қарбаласта үлкен қателік жіберіп алғанын жаңа байқады. Еңіс бойы жұқа қармен шабдар алаланып тұрған қалың қау. Өмірі орақ тимеген, жылқының жоны ғана көрінер көк шалғын қазір солған, құлап жатыр, әйткенмен жатаған түлкіге үлкен бөгет. Бірақ басқа амалы жоқ түз тағысы ойпаңға қойып кетті. Бұйра толқындана ұйысқан бітік шөп бауырын сызып, орғи, секіре жүгірді. Ал аяғы ұзын, күш-қайраты мол тазыға қураған шалғын бөгет бола алмады, екпіні бір мысқал да кеміген жоқ. Түлкінің төрт аяқтың бар қуатын жұмсап, қарыстап ұтқан аралығы тез қысқарды. “Жетем, - деп ойлады тазы. - Қазір жетем!” Қарға малшынған түлкінің құйрығы салбырап кетті. Желмен толқып су-су етпейді, қар сызып, жүрісін одан сайын тежейтін сүйреткіге айналды. “Жеттім, - деп ойлады тазы. - Жеттім-ау ақыры!” Әдемі ұзын құйрыққа ауыз сала берген. Бұл кезде шалғынды ойпаң бітіп, түлкінің аяғы қары жұқа, боз көделі, қасаң жерге ілініп еді. Бойына соңғы күшін жинап, жан ұшырып, алға еміне түсті. Ажал аранынан аулақтады, бірақ қара үзіп ұзап та кете алмады. Аралық шылбыр бойындай ғана. Оның үстіне еңістен өтуге көп күш жұмсалыпты, ауыр тартқан аяғы бұрынғыдай еркін алынбайды. Аман құтылатынына кәміл сенім жоқ, еңсесі түсіп, аруағы қаша бастаған. Дұшпанның қарпымды аяқ тастасын байқататын бір қалыпты сықырлаған қар даусынан, суық өткір тістердің нәзік денесіне қадала түсуге шақ қана қалғанын аңғартатын ентіге ырсылдаған дыбыстан түлкінің есі шығып кетті. Бойын түпсіз үрей биледі. Көзі тұманданып, дүние бұлдырап бара жатты. Себі тиер деген үмітпен емес, әдет жетегімен ұлпа құйрығын көтеріп, иттің алдына тоса берді. Ең жұпыны амал, ең соңғы далбаса. Алайда тәжірибесіз күшік тазы тұзаққа оңай түсті. Ол манадан бері түлкіні ұстау, талау ниетімен қумаған. Қызық жарыс сияқты ғана көрген. Жетіп алып, тіс батырыспай қар бетінде аударыспақ ойнамақ болған. Көз алдынан ұзын құйрықтың елбең етуін ойынның жаңа бір түрі деп ұққан тазы енді соны ауызға түсіруге тырысты. Бірақ бұлаңдаған құйрық ұстата қоймады. Тұмсығына тиер-тимес келе жатып, кенет көлеңдеп, оң жаққа қарай шақырады. Тазы бұрылып, ауыз сала бергенде лып етіп ырғап түседі. Ағынымен өтіп кеткен тазы құйрықтың да, түлкінің де сол жақ қапталға, құрық бойындай жерге шығып алғанын көреді. Бұрыла сап қайта қуады. Бастырмалатып-ақ келеді. Енді ұзын құйрық солға қарай жетелейді. Тазы құр ауаны қауып, қайта бұрылғанда түлкінің тағы да есік пен төрдей жер ұтқанын біледі. Айлакер түлкінің бұлаңдаған құйрығын қуған Лашын әбден шаршады. Ақыры осы нәтижесіз әрекетпен, бір өрге көтеріле бергенде түлкі үй орнындай тобылғыны айнала қашты да, тазының сілесін құртып, құйрығын соза сүйреткен қалпы ұзай берді. Сол сәтінде-ақ іргелес біткен екі төбешіктің аралығындағы түйемойнақ белден асып жоқ болды. Тазы алға аттай түсіп тұрып қалды. Әбден сілікпесі шыққан екен. Кеудесі қос өкпеден қысып, тілі аузына сыймай барады. Аяғы сырқырап, басы айналып қоя берді. Ақ қар басқан әлем шайқалып, тербетіліп тұрғандай. Кенет тазы бойын жиып алды, бірақ өз көзіне өзі сенбеді. Жаңа айырылып қалған түлкісі тоқал төбешіктің желкесінен асып, қарсы салып келеді. Қу түлкі өзінің зәресін ұшырған зор денелі тазының әлі үйіне жетпеген көкасық екенін білмеген және мұншама жүйрік ит ақырына дейін қумай қала берер деп тағы ойламаған. Аралықты ұзартып, белестен асысымен-ақ оңға бұрылып, із түспес тастақты беткеймен төбені айналып өтіп еді. Өкшелеп келе жатқан тазыны біржола адастырам деп айналған. Бірақ қулығы өз түбіне жетті: құтылдым деген дұшпаны қарсы алдынан шыға келді. Түлкі ажал тырнағына ілінгенін білді, әйткенмен жан-дәрмен бұрыла сала кейін қашты. Сәл-пәл тынығып қалған тазы енді оны екі аттатпай-ақ қуып жетті. Жеткен бойда шұбатылған ұлпа құйрықтан ала түсті. Түлкі лып етіп артына қайырылып, тазыны бетінен қапты. Сұлу аңға әлденендей қастандық жасау ойында жоқ тазы етіне тіс тигеннен кейін әбден ызаланды. Босаған соң қайта қаша жөнелген, өзімен салыстырғанда шүйкедей түлкіге бір-ақ қарғып жетті де, таңынан алып көтеріп соқты, кеуде сүйектерін күтірлете азуды басып-басып жіберді; сол бетімен түлкі өлі денеге айналғанша жұмалап талай берді.

Артынан иесі де жетті. Аттан аунап түсіп, умаждалып жатқан жансыз түлкіні “Күшім, күшім, қой!” деп жүріп, тазының аузынан айырып алды да, құйрығынан көтеріп тұрып қарға соқты.

- Үйіріңмен үш тоғыз!

Лашын иесінің неге өйткенін, не айтқанын түсінбеді, бірақ өзіне риза екенін, қатты масаттанғанын аңғарды.

Сөйтіп тазы өлтіруге үйренді және сол үшін мақтау еститінін ұқты. Оның өмірінде жаңа бір кезең - ерлікке, күреске, қан төгіске толы дәурен туған еді.

6

Ауызданып алған соң тазы түлкіні қынадай қырды. Ат жетер жердегі еркек кіндікті тегіс жаңа түлкі тымақ киген. Бәрі де риза. Әсіресе Омар ақсақал. “Жаман елтірі бөріктен басым тоңушы еді, кішкентай Әділдің арқасында көзім ашылды ғой, айналайын, өркені өссін, оқуы бестен түспесін, тең құрбысының алды болып, атағы алты алашқа жайылсын”, - деп Қазының үйіне келген сайын қауқылдап, алғысын жаудыратын да отыратын. Таяу маңдағы қыстаулардағы малшы, күзетші ағайындар не түнделетіп келіп, не біреуден сәлем айтып жіберіп, тегіс түлкі алғызған. Ферма бастығы Бекқали тіпті екі тымақ істетті: бірін ауыл арасына, бірін колхоз орталығына, не ауданға барғанда кимек. Түлкі байланбаған - сатушы Есенжол ғана. Қазы: “Елді шоттан жегенін тоқтатсын, жалақорлығын қойсын!” депті-міс.

Алғашқы сонардан соң көп ұзамай Қазы жылдық есеп беруге бара жатқан Бекқалимен бірге аттанғанда, аудан орталығында екі аптадай жүріп қайтқан. Сол күні кешқұрым ферма басы аталатын төрт үйдің адамы тегіс Қазынікіне жиналған-ды. Дастарқанның әдеттегіден айырмасы - дөңгелек столдың қақ ортасында мөлдір су құйылған екі-үш шөлмек тұрды. Әңгіме баяғыда Әділ келген кездегідей қызған жоқ, көбіне көп сөйлеп отырған - Омар ақсақал. Ал басқа жұрт - отызға әлі ілінбесе де қарны шығып, бет-аузы быртиып кеткен толық Бекқали да, қызыл түлкідей жылмаң қаққан секпіл бет Есенжол да, сақау Айсұлу да жаңағы иісі сүйкімсіз мөлдір суды сімірумен болды. Тіпті Бекқалидың келіншегі мен Кәмила да бірер рет көтерді. Олардың ашырқанып, тыжырынғанына қарап Лашын: “Онша жақсы нәрсе емес-ау, сірә”, - деп ойлаған. Бірақ Қазы тартынар емес. Қайта, бастырмалата, үсті-үстіне құйып, жұртты еріксіз алғызады. Ал өзі ниһаятсыз көп ішті. Күркілдей, шиқылдай жөтеліп отырады да, аузына құя салады. Ақыры қонақтары тарар-тарамастан жастықты шынтақтай қисайған қалпы қорылдап ұйықтап кетті. Лашын иесінің бұл мінезін мүлде түсінбеді, тек оның өмірінде бір өзгеріс болғанын байқаған.

Қазы аңға жиі шығатын. Ұзақ сонар, келте сонар, қан сонар деп аталатын, жаңа қар жауған, түлкі қағуға қолайлы күндерді құр жібермейді. Кейде оған да қарамайды. Итінің ізшілдігіне, жүйріктігіне сенетін. Сәтсіз деген жолы бірер қоян алып қайтады. Бұл кезде Лашынның күш-қайраты молайып, денесі жұмырлана, бұлшық еттері толыса түскен, сұлу мүсінді, бірақ бейсауат кісі қорқатындай зор арланға айналған. Тек ауыл төңірегінде еркін сайрандай алмайды, тіпті өз үйінің жанында да қорғалақтаңқырап тұрады: жас кезінде қара төбеттен жеген таяқ есінен кетпеген.

Көксау Қазы өзінің ащы суын ішіп, терлемек боп жатып қалған бір ымыртта сыртқа атып шыққан Лашын есік алдында төрттағандап тұра қалды: күресін үстінде тіміскіленіп қара төбет Бардасоқ жүр екен. Тазыны ол да көрді. Қырын тұрған беті мойнын бұрып, тісін ақсита ырылдады. Лашын бірден аңғарды: ырылда айбаттан гөрі қорқыныш басым. Бұған таңырқаған, әрі жүрегі орныққан тазы көптен көрмеген төбетке бажайлай қарады. Дене бітімі бұрынғыдан әлдеқайда кішірейіп кеткен сияқты, тіпті, далба-дұлба, тым қораш. Төбет те өзін тазымен салыстырып, ұрыс абыроймен аяқталмайтынына көзі жетсе керек, сол ырылдаған қалпы, құйрығын қысып алып, өз үйі жаққа қаша жөнелді. Бойын кенет лып еткен дүлей ыза бұған тазы төбетті екі-ақ қарғып қуып жетіп, түлкі ұстағандағы әдетімен таңынан алып көтеріп соқты да, басып қалды. Бірақ төбет түлкіден әлдеқайда күшті екен, бажылдай қаңсылаған қалпы аузына түскен жерден тістелеп жатыр. Тазының қышқаш азулары тамаққа ілінген кезде ғана қарсылығын тоқтатты. Дауысы тұншыға, қырылдай шығып, төрт аяғы сереңдеп, жанталаса тыпырлауға көшті.

Көзін қан жауып, ештеңені көрмей, сабалақ төбетті алқымдай сығымдап жатқан тазы кенет тиген соққыдан есін жиды. Бел омыртқасы үзіліп кете жаздаған еді, темір тағанды саптама етікпен пәрмендей тепкен Есенжол екен. Қайтара тебе бергенде құрбандығын тастай сала ырғып түсті. Бірақ қашқан жоқ. Ақсия ырылдап қарсы қарап тұра қалған. Иттердің таласқанын құлағы шалған Қазы да дәл осы сәтте сыртқа шыққан екен. Қиралаңдай басып жүгіріп келеді.

- Әй, итімді неге ұрасың? - деді ақырып.

- Ұрмақ түгіл терісін сыпырып алам.

- Омай, кімсің сонша?

- Әлі білмей жүр екенсің ғой! - деді Есенжол кекете мырс етіп. - Білерсің. Білгізермін. Нағашыңның соңынан кетерсің.

- Нағашымда шаруаң болмасын, - деді Қазы. Қарқыны басылып қалды. - Ал өзіме түк те істей алмайсың. “Ақ иіліп бүгілмес” деген. Мен қан төккен адаммын. Жұрттың бәрі біледі. Міне! - Қазы сол еңкейіп, ағаш аяғын алақанымен салып қалды.

- А, шіркін-ай, періштедей таза бола қалуын! - деді Есенжол. Дауысы көтеріліп, қалтырап кетті. Сөйлеген сайын еліріп, айғайға басты. - Ешкім сезбейді деп ойлайсың ғой! Көреміз, білеміз. Көз бен құлақ бар бізде де. Қызыл отауға қандай кітаптарды жинап алып отырсың? А?! Қандай
кітаптарды жинап алып отырсың деймін?

- Совет баспасынан шыққан кітаптарды.

- Оларды шығарған да сенің нағашың сияқты отанын сатқан адамдар. Бәрің сыбайлассың. Мен білмейді деймісің? Жазда Есжанның студент баласы сенен қандай кітаптар алып оқыды? Ылғи неміс, американ. Осындағы хат танитын жұртқа ұсынатының не? Тізімге ілінген, газетте сыналған, ескілікті көксейтін кітаптар. Оларды баяғыда-ақ өртеу керек еді. Тыққыштап, жасырып жүрсің. Не мақсатың бар? Кімдердің сойылын соғып келесің? А? Әрине, үндемейсің. Үндемей-ақ қой. Бірақ біз - ақ ниет Совет адамдары
үндемей отыра алмаймыз! Нағашың да...

- Тоқтат, алаяқ малғұн! - Қазы Есенжолдың жағасынан ала түсті. Бұл кезде ауыл адамдары да жиналып қалған еді.

- Мінеки, көріңдер, ағайын, - деді Есенжол алақанын жая, екі қолын екі жаққа созып. - Көріңдер, ағайын. Тазысы итімді талады, енді өзі мені сабамақ. Куә болыңдар!..

- Азғын! - деді Қазы тістеніп. - Аузыңды қан жалатайын ба?

- Ай, кетші әрі! - Есенжол жағасына жабысқан қолды оп-оңай ажыратып алды да, Қазыны бар пәрменімен итеріп жіберді. Жалп етіп қар үстіне отыра кеткен дұшпанына қарап:

- Маскүнем сорлы! - деп жирене мырс етті де бұрылып жүре берді.

Ақ тазы ұрыс үстінде айтылған сөздердің мағынасын түсінген жоқ. Әйткенмен де жанжалдың шығуына өзінің қара төбетті талауы себеп болғанын ұққан. Қазы да Есенжолды жағадан алған сәтте арқа жүні тікірейіп, иесіне көмекке ұмтылуға айналған еді, келіп қалған ауыл адамдары бөгет жасады. Алайда Лашын өзінің иесі шелтиген жаман сатушының дал-дұлын шығаратынына күмәнданбаған. Бірақ күш жау жағында болып шықты...

Тазы адамдардың өзара қатынасына назар аударған емес-ті. Рас, ол екі аяқтылардың да әр түрлі екенін білетін. Мәселен, Кәмила өзінің үлкендігін пайдаланып, кейде оңашада Әділді желкелеп алатын, содан соң Әділ бие қайырып келуге немесе су әкелуге жөнелетін-ді. Сол Кәмила бірде Әділге бақырып, төніп келген кезде Қазы шешіп жатқан сыңар етігін жіберіп қап, мықтының өзін үйден қуып шыққаны бар. Лашын осының ешқайсысына да мән бермеген. Ал мына оқиғадан соң адамдардың да күштісі, әлсізі болатынына, олардың бәрі бірдей емесіне көзі жетті. Әйткенмен иесіне деген қадір-құрметі кемімеді, қайта қысылтаяң жағдайлардың өзінде қауіптен арашалауға әзір екенін білген соң бұрынғыдан да жақсы көріп кетті.

7

Ажал шеңгелінен әрең құтылған қара төбет Қазылардың үйінің маңын баспайтын болды, тіпті ауыл ішінде бұрынғыдай еркін жүруден қалды. Лашынның қылпын шалса-ақ бой тасалауға тырысады. Ал Қазы бетпе-бет айқаста жеңіліс тапса да, Есенжолдан ықпайды. Қайта күнара немесе екі-үш күнде бір рет дүкенге барып, қалтасынан шытырлақ қағаз алып береді де, қойнына мөлдір су құйылған шөлмек салып қайтады.

Тазы иесіне еріп сатушының үйі жаққа барғанды ұнататын. Үнемі далада жататын қара төбет бұларды анадайдан көрісімен-ақ тыныштықтан айырылады. Дәлізге бір кіріп, сыртқа бір шығып, әбден берекесі кетеді. Ақыры Лашындардың тура осылай қарай беттегеніне күмән қалмаған кезде қақпаға еніп, зым-зия болады. Бірақ Қазы сатушының үйіне кірмейді, үймен жапсарлас салынған, ішінде екі адам әрең айналатындай шағын дүкеннің есігін ашады...

Тазыға барар жол ұнағанмен, қайтар жол ұнамайтын. Қиралаңдай, асыға басқан иесінің соңынан еріп, сатушының қора-жайынан ұзаңқыраған кезде сұмпайы төбет қалқиып күресінге шығады да, қарлығыңқы, сүйкімсіз дауыспен бар-бар етіп үре бастайды. “Менен қорқасыңдар ғой, ә! Қорықтыңдар ғой! Кетіңдер, кетіңдер! Тез кетіңдер!” дегендей. Алайда Лашын артына бұрылып тұра қалса, жым болады. Тіпті құйрығы шұбатылып, аулаға еніп кетеді. Бірақ тазы иесінің соңынан ере жөнелгенде Бардасоқ ит мінезін қайта бастайтын. Алғашында қатты ызаланған тазы қазір бұған мүлде мән бермейді. Оған ұнамайтын басқа нәрсе еді. Үйге барысымен иесі бөтелкені түбінен періп қап сарт еткізіп тығынын ашады да, қырлы, үлкен стаканды мөлдірете құйып алып, бір-ақ тартады. Содан соң мінез-құлқы өзгеріп сала береді. Жоқ, тазыға тимейді, аяғының ұшынан басып, лыпылдап жүрген Кәмилаға да тимейді. Ешкімге соқтықпайды. Қайта, басын үн-түнсіз қос қолдап ұстаған қалпы қимылсыз отыра береді. Қанша момақан көрінгенмен мұндай сәттерде Лашын иесінен қатты қорқатын.

Небары жиырма шақты ғана шаңырақтан құралған алыстағы мал отарын қант-шай, азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз ететін магазинге күн ұзаққа көп болса екі-үш-ақ адам келіп сауда жасайды. Алайда Есенжол таңертеңгі сағат оннан кешкі сағат алтыға дейін тапжылмастан отырады. Есеп-шотын сарт-сұрт еткізіп, әлденені санап, әлденені қаттап, қайта буып жатқаны. Түсте бір сағат үзіліс жасайды, жексенбіде тынығады. Иен далада өзі орнатқан осы тәртіптен айныған емес. Егер демалыс күндері шалғайдағы қыстаулардан ат сабылтып біреу-міреу келе қалса, қаншама жалынып, жалбарынғанымен дүкенді аштыра алмайтын. Сатушы: “Есікті мөрлеп қойдым, өкіметтің тәртібін бұзатын менің басым екеу емес” дегеннен бөтен сөз айтпайды, ақыры әлгі адам не бос қайтады, не ертеңгі күнді күтуге мәжбүр. Демалыс дегенді білмейтін, апта бойы, ай бойы, жыл бойы мал соңында жүретін жұрт Есенжолдың бұл мінезіне қазір үйренген еді. Оның тауарларды үстін бағамен сататынын, шоттан тағы жейтінін сезсе де, мән бермейтін, осы дүкен жоқ болса қайтер едік, сол қу қаққан бес-он тиыннан ырысымыз шайқалмас деп, сахара тұрғындарына тән дархан мінезбен бәрін де кешіре беретін.

Бір күні Қазы дүкеннен шөлмексіз қайтты. Ащы су таусылыпты. Наныңқырамаған еді, сатушы бос жәшікті көрсетті. Амал жоқ, шоқаңдай басып, сылбыр қимылмен үй жаққа қарай аяңдады. Жабырқаңқы. Бірақ Лашын көңілді еді. Борасынмен нығыздалып қалған қатты қарды сықыр-сықыр еткізіп, иесін айнала жүгірді. Екі-үш рет аунап алды. Қиыршық ұшқындап тұр. Сонар болады. Ертең үйде отырмайтындары анық.

Тазының ойын сезгендей иесі атты бұлаққа жетектеп апарып суғарды да, шарбақ ішіне әкеп байлады. Алдына шөп салып, ер-тұрманын оңтайлап қойды. Жұқа бұлт арасынан өлімсіреп әрең көрінген қызыл күрең күн таудың тасасына жасырынған шақта ғана екеуі үйге кірді.

Бөлме ала көлеңке. Қазы сыңар етігін сыпырып босағаға қойды, ағаш аяғын да шешті, оны әдетінше төсек астына тастады. Содан соң пеш түбіне - екі бүктелген көрпе жайылып, жастық төселген сырмақ үстіне шынтақтап жата кетті. Тазы иесінің аяғын ала жайғасты. Үй іші күңгірт тарта түсті. Шойын плиталы пешке толтыра салынған, гуілдей жанып жатқан қидың жарығы ғана сәулелендіріп тұр. Кейде от сырттағы ұйтқи соққан жел лебімен кейін серпіліп, жалп ете түседі. Пеш аузына қарсы қабырғадағы саржолақ сәуле толқындана ағарып, бөлме іші бір сәт жап-жарық боп кетеді. Тазы иесінің сол үнсіз, тұнжыраған бойы қараңғы бұрышқа тесіле қарап, қатып қалғанын көреді. Шыт перделі жалаң қабат терезеден түскен бозамық жарық мүлде сөнді. Пештің ауыз жағындағы сары қи енді дуылдай жанбайды, бетін сұрғылт күл қаптаған шоққа айналған, сәулесі кеміген. Бөлмені қараңғылық басты. Тек үстіне қазан асылған, шәугім қойылған плита ғана қып-қызыл боп көрінеді. Қазанда бүлкілдеп ет қайнап жатыр. Жылқы еті. Бұрқыраған иісі Лашынның мұрнын жарып барады. Кенет Қазы орнынан тұрды да, жалғыз аяқтап секірген қалпы төр үйге кіріп, бірдеңе әкелді. Домбыра екен. Пеш түбіне қайта жайғасқан соң сәл үнсіз отырды да, бұрын құлақ естімеген бейтаныс әуенді тартып кетті. Домбыра ішегін екпіндете ұрмайды, санамалап, баяу ғана қағады. Тазының өне бойы шымырлап қоя берді. Көңілі құпия сырлы мұңға толып, әлденені аңсағандай. Көз алдына шалғыны жайқалған кең қолат, аңызақ жел соққан белес-белес төбелер, күн қақтаған сұр жазық елестеді. Иесі екеуі түйенің өркеші әрең көрінетін қалың қауды кешіп өтіп, қырқа-белестерден асып, қоңыр самал ескен кең даланы кезіп кеткендей. Иесінің астындағы ат бүлк-бүлк желеді. Тұяқ тиген жерден шыққан жіптіктей шаң көтеріле бере жел лебімен ауаға тарап жатады. Жортқан аң ізінде қисап жоқ. Бірақ бұлар ешқайсысына да назар аудармайды. Кесіп өте береді. Мұрынға сан түрлі иіс келеді. Түз гүлінің иісі, жусан, көкпек, селеу иісі, белгілі, белгісіз жан-жануарлар иісі. Әне бір бұтаның түбінен қоян секең ете түсті, ал анау сүйекті, шоқ-шоқ, қалың тобылғының тасасынан елбең еткен - түлкі; бірақ азының бойындағы құмарлық сезім мүлде түтеленіп қалғандай, делебесі қозбайды, тұра қуып, әудем жер асырмай шалып түспейді, азуды қарыштай, батыра салып, кеудесінен жанын сығып шығармайды. Оның бірі де жоқ. Бойын жалғыз-ақ сезім, жалғыз-ақ арман құрсаған. Неткен түйсік, не мұрат - өзі де білмейді. Асу-асу белдер таусылар емес, сары даланың шеті-шегі жоқ сияқты, ал иесі екеуі бұлаң құйрықпен жүріп келеді, жүріп келеді…

Кенет ғажайып көрініс ғайып болды. Иесі дем ала алмай, қыстыға жөтеліп жатыр. Домбыра үні үзілген. Есік ашылып, құшақ-құшақ аязбен бірге Кәмила кірді. Малды жайғап келген беті. Есік жабылар-жабылмастан ренішті үнмен сөйлей бастады. Жөтелі басылған Қазы үндемеді. Кәмила сөйлеп жүрген бетінде сырт киімін шешті де, қолын пеш аузына тосып, болмашы жылынған соң пиялалы ондық шамды жақты. Қазының алдына дөңгелек стол жасап, дастарқан жайып, шамды оның есік жақ шетіне қойды, қолына жайпақ сырлы табақ пен кәкпірін алып, ет түсіре бастады.

Ет турап отырған иесі тазының алдына кемік сүйек тастады. Бір жақ ұшына жабысқан қол басындай майлы сіңірі бар. Кәмила кейіп бірдеңе деді. Қазы сонда да үндеген жоқ, әйелінің алдына шала аршылған омыртқа қойды. Бірақ оған Кәмила риза болмаған тәрізді, суырылып сөйлей жөнелді. Әдемі, оймақтай аузы сүйреңдеп, мөлдіреген үлкен қара көздері шатынап, ақ құба өңі сұп-сұр боп кетеді екен. Тазы жайсыз күйге түсіп, сүйегін де жөндеп кеміре алмады. Көңіліне күпті қауіп ұялады. Ақыры Кәмила біраз сөйлеп барып басылған кезде ғана тыншыды. Иесі де, иесіне байланып қалған долы әйел де ет жеп жатыр. Бірақ екеуінің де жүзі салғырт. Лашын алдына түскен жаңа сүйекті қаужауға кірісті.

Дариға-ай, ол да бір қызық дәурен екен-ау!

8

Ертеңіне иесі екеуі таңға бір ұйқы қалғанда тұрды да, шығыс жақ бозара бастаған шамада жүріп кетті. Іңір әлетінде жауған болмашы қырбақ қар жел лебімен сырғи көшіп, ойпаң жерлерге ауыпты. Көкжиекке дейінгі өңірді тегіс алып жатқан, әбден көнеріп, кірлеген ескі қардың бетінде ақтаңдақтанып, ойдым-ойдым болып көрінеді, бұл - меңіреу далаға тіпті көңілсіз кейіп бергендей. Ауа аязбен, таңғы өпкек ызғарымен шыңылтырлана түскен. Жел күнгі өзен бетіндей кей арада бұйралана, кей арада жал-жал боп сіресе қатқан ақ әлемде әр жерден бір қарауытқан сирек тобылғыдан басқа көзге шалынып, көңіл алаңдатар ештеңе жоқ. Суықтан ба, жаңа айқастарға асыққаннан, құмарлық сезімнің толқынысынан ба, үйден шыға бере тазының бойын жеңіл діріл алып кеткен-ді. Ауыл артта қалды. Лашын өзіне-өзі жаңа келгендей. Жүрісі ширай түскен. Иесінен арқан бойы ілгеріде, оңды-солды қағып келеді. Мұндай күні із кесу де, түлкі ұстау да қиын екенін білгенімен, Қазы бекер аттандым-ау демеді. Қанжығасы майланатынына сенімді.

Аңшыларды артынан қуа, көкжиекті ораған ұзыншақ ақ шарбы бұлтты түре көтеріп, күн де шықты. Қазанның қақпағындай үлкен, дөп-дөңгелек, әрі отқа балқыған темірдей қып-қызыл. Шашақты, ұзын сәулелері жылусыз, қайта ызғырық төгіп тұрған тәрізді. Бірақ дүние өзгеше түрге енді. Сіресіп жатқан өлі далаға жан біткендей. Жал-жал күртік қарлардың көлеңке беттері қарауытып, үңірейіп көрінсе, күн жағы көшпелі алтындай толықси құбылады. Ал түнде жауған жаңа қар үйірілген тұстар күмісше жарқырайды. Аппақ ақ ұшқын атып жатқандай.

Көз көрім жерге жете бере күңгірт сәулемен астасып кететін ұзын көлеңкелердің сирағы қысқарып, аз-маз қалыпқа түскен шақта алдан бір қоян қашты. Аралық әжептәуір еді. Қоян өрге салғанмен, табаны қышып келе жатқан тазы жер танабын қуырып жіберді. Екпіндей ұмтылған бойы жақындап-ақ қалған. Тебіне шапқан Қазы аппақ қоянның қып-қызыл қанын қар үстіне шашырата бауыздап, артқы екі аяғынан салақтата қанжығасына байлайтынына күмәнданбаған. Лашын да солай ойлаған-ды. Бірақ дәл осы сәтте ақылға сыймас іс болды. Арттан тықыр таянғанын аңғарған қоян қос құлағын жымитып алып, зулай жөнелді. Тазы да барын салды. Әйткенмен аралық бір тұтам қысқармады. Сол бетімен олар қырқа үстіндегі жазық алаңға шықты. Жел қанша нығыздағанмен, қар босаңдау екен. Қоянды еркін көтергенімен, итті көтере алмады, опырылып түсіп кете берді. Тазы енді қоянның өзінен шыжымдап ұзай бастағанын аңғарды. Талай түлкі, талай қоян ұстаған Лашын әлі алдынан ешкім тірі құтылмағанымен, аңдардың өзі әр қилы екеніне, олардың ішінде малма аяқ шабандары да, желмен жарысқан жүйріктері де ұшырасатынына көзі жеткен, істің сәті түсу, түспеуі алыстан не жақыннан қосылуға ғана байланысты еместігін ұққан. Мына құйрық жағы қоңырқай тартып, түлей бастаған ұзын сирақ ақ қоян өз аталастарының ішіндегі сырттаны тәрізді. Бір бүктеліп, бір жазылып, жұлдыздай ағып барады. Тірі жан иесі ілесе алмастай. Әйткенмен, ештеңеден беті қайтпаған тәкаппар тазы өзіне сенімді. Қазір-ақ пара-парасын шығарады. Сарқылмас күш бойына ата қанымен дарыған тазы қоянды көз жазып қалар жерге жібермей, бір қалыпты шабыспен қуа берді. Талай қырқадан асты, талай ойдан өтті. Тазы аяқтарының ауырлай бастағанын сезді. Сонда да берілмей келеді. Ақыры қары қопсыған қияқты ылдидан өтіп, қайтадан өрге көтеріле берген шақта қоянның арқан бойындай ғана жерде бара жатқанын көрді. Қимылы манағыдай ширақ емес. Ұзын, қаудыр құлақтары салбырап түсіп кеткен. Құрбандығының санаулы ғана минуттары қалғанын байқаған тазы бойына бар күшін жиып, ентелей түсті. Аралық жұтылып барады. Әйтсе де жан ұшырған қоян белден бұрын асты. Арғы бет қалың боз қараған екен, талып жеткен ит енді-енді ауыз сала бергенде қалыңға қойды да кетті. Арыстай тазы бет-аузын сабалаған бұталардан именіп кібіртіктеңкіреп еді, мұндай бөгетке ұшыраспаған қоян әп-сәтте-ақ жынысқа сіңіп ғайып болды. Көз көрім жерге дейін созылған ну қараған іші толы қоян жымы; тазы тілі салақтап, ырсылдаған қалпы әрлі-берлі біраз шапқылады да, ұзынқұлақтан біржола айырылғанын білген соң кері қарай аяңдады.

Барлыққан атын сабалай, ізді қуа далбалаңдап келе жатқан Қазы Лашынға ұшыраса салысымен ағаш аяғын серең еткізіп, қарғып түсті. Ең алдымен тазының тұмсық, ауыз жағын, омырауын бажайлап қарады. Шашырап жабысқан қан көрінбейді. “Апырай!” деді дауыстап. Үнінен кейістік те, таңырқау да аңғарылады. Әрине, Қазы өзінің итіне шалдырмас аң жоқ деп біледі, бар кінә - тазының салмағынан ойыла берген қарда. Қоян қуатын шақ өткен. Бірақ аңшылардың ырымы бойынша, ауылдан шыға бере қоян кездессе, оны қалай да соғып алу керек. Әйтпесе сол күнгі сапар сәтсіз аяқталмақ, тіпті жуық арада бірдеңе оралуы қиын. Қазы күтпеген жерден жолының байланғанына өкінген. Әйткенмен, бөгеліп тұрмай, итінің табанын қарады. Бүтін екен. Тек өзінің сыны кетіңкіреп қапты. Мойны түсіп, шашақты құлақтары салбыраған; қабырғасы ырсиып, қос бүйірін соға дем алады. Өне бойын ақ қырау көме бастапты. Қазы сеңсең тонын шешіп, қар бетіне жайды да, үстіне итін жатқызып, орап тастады. Қайдан суырып алғаны белгісіз, қол басындай құйрық май асатты.

Бие сауымдай мезгілден соң атқа қонған Қазы ауыл жаққа бет бұрды. Бүгін ештеңе ілінбесіне ден қойған. Ал тазы басқаша ойлайтын сияқты. Бойына күш құйылып, тынығып қалған екен. Тіпті, түк көрмегендей. Әдетінше иесінен әудем жер озып, алға түскен беті оңға бір, солға бір шығып, сумаңдай бүлкектеп, із кесуде. Дегенмен ештеңе ұшыраса қоймады. Осы қалыпта біршама жүрген соң олар қары жұқа құба жондағы қой жайылған шиырға түсті. Қабыршақтана қатқан бет жағы ойылған соң астындағы түйіртпек, мұздақ еспе қар мың сан тұяқ серпінімен мидай араласып кеткен. Бытырай шашылған құмалақтар күн қызуымен жылынып, қарды ұялай бата бере тоқтапты. Әр жерде тоқты-торымның аузынан кездейсоқ аман қалған селеулердің басы желбірейді.

Өріске түскен соң ізшілдік машығынан жаңылған тазы кенет осы маңда жат иіс барын аңғарды. Жаңа ғана өткен бейтаныс мақұлық иісі. Тұмсығымен жер сүзе іздей жөнеліп еді, аяғын аттар-аттамастан үстінен шықты: қой тұяғы сапырылыстырып тастаған қар бетінде ит ізі жатыр. Бірақ иісі бөтен. Қоян емес, әрине. Түлкі де емес. Таңбасы тым үлкен. Жау. Иә, жау! Тазының делебесі қозып, мана қояннан айырылған ызасы қайнап шыға келді. Денесі болмашы ғана дір етті; арқа жүні дүрдиіп сәл тұрды да, ізге түсті.

Дұшпан қаптай өрген қой шиырын қуалай жүріпті. Лашын із сорабынан айырылып қалмауға тырысып, бүлкектей жортып келеді. Көлденең белге шыға бергенде алда бірер шақырымдай жерде бытырай жайылған ақтылы қой көрінді. Қары сөгіле бастаған сирек тобылғылы бұйратқа ендеп кірген. Шопан арғы жақ шеттегі оқшау төбенің басында ермек үшін оба соғып отыр. Тұсаулы аты етекте тұр. Кенет тазы дәл аяғының астынан зор денелі сұр ит көрді. Бір желіп, бір тоқтайды. Алдындағы кішкене төбешікті тасалап, бұқпантайлап бара жатқан тәрізді. Тазы құтырына, ащы дауысы тымық ауаны қақ айырып, қатарынан екі-үш үрді де, өмірінде бұрын-соңды болмаған әдет, төмен, ылдиға қарай құлдырай жөнелді. Осы кезде арт жақтан иесінің дем бере айғайлаған даусы да естіліп еді.

Қалт тұра қалған шолақ арлан басына қауіп төнгенін аңғарысымен, бұрыла сала тау жаққа тартты. Алайда соңынан бастырмалата шапқан адамнан ғана емес, иттің алып денесі мен батыл қимылынан да именсе керек, артына алақ-жұлақ қарап, бүгежектеп қаша алмады. Тазы көп ұзатпай, бірер белді асар-аспастан-ақ қуып жетті. Иесінің дауысы жебеген, жауының бойында қорқыныш, үрей барын сезген Лашын ентелеп келген бетінде өзінің түлкі ұстағандағы әдетіне басып, қасқырды таңынан ала түсті. Көтеріп соқпақ. Бірақ бөрінің денесі құрыштай берік, ауыр екен, домалатып астыға баса салуға көнбейтінін байқатты, жұлқығанда арт жағы болмашы ғана қопаңдады да қойды. Сол сәтте-ақ тазының құлағының түбі сақ ете түсті. Қайырыла серпіліп құлақ шекеден қапқан бөрінің аузы еркін жетпей қалыпты. Көзі қып-қызыл боп шатынап, қатар-қатар тізілген, сойдиған аппақ тістері ызғар шаша, ысылдай ырылдап бұлқына тулаған күйі қайта емінгенде тазы көз ілеспес жылдамдықпен ыршып түсті. Қасқыр құр ауаны ғана қармап қалды, бірақ өзінің денесі де тазының қышқаш азуынан босап кетті. Төрт аяқты атқа мініп шауып келе жатқан екі аяқтының айғайы естілді. Бөрі артына тамшылаған қанды із салып, қаша жөнелді. Бұл кезде тазы әбден долданған. Айқаса кеткен бетте астына бүктей алмағанына ызалы. Бұл жолғы жауының осал емесін де аңдаған. Жаңа ептілігінің, жылдамдығының арқасында ғана аман қалғанына көзі жеткен. Бірақ именшектемеді, қайта бойын күш кернеп, өршелене түсті.

Қара төбетті талағаннан соң тазы төбелесқой болып алған-ды. Малшы ауылдардан қатынаған жұрттың соңына еріп келген иттерге тыныштық бермейтін. Жөн-жосықсыз тиісетін. Өз тұқымының бойына туа біткен қасиет: ептілік, жылдамдық, әдісқойлықтың арқасында өзінен күші кем соқпайтын, тіпті, қайраты артық тайыншадай төбеттердің талайын қан қақсатқан. Кейде өз етіне де тіс тиетін. Бірақ үнемі мерейі үстем шығатын еді. Және майданды ұзаққа созбай, тез, әрі ойсырата жеңетін. Лашынның азуының күшін бір рет байқаған ит енді қайтып бұл ауылдың маңынан жүрмейтін болған.

Қасқырды Маңқасқалар мен Бөрбасарларға қарсы қолданатын әдістерінің бірімен ғана жеңу мүмкін екенін аңғарған тазы енді ұрыс әдісін өзгертті. Ретін тауып оңтайлы жер: құлақшеке мен алқымның бірінен қаппақ оймен қатарласа берді. Қашып құтылмасын білген қасқыр бой салып жүгірген жоқ. Итті жазым етіп қана жан сауғалайтынына көзі жеткен. Тазы да қасқырдың от шашқан жанарынан оның ештеңеден тайынбайтынын ұққан. Қан майданды асыға күтті. Әйткенмен, аңысын аңдып, алдымен бастамады. Бірінің қимылын бірі баққан бөрі мен ит тұмсық түйістіре, арбаса, қатар жарысқан қалпы соңдарынан келе жатқан Қазыдан әжептәуір ұзап шықты. Көк шолақ арланға керегі де осы екен, күтпеген жерден шабысын қалт тежеді де, ағынын баса алмай оза берген тазыға жойқын күшпен тұра ұмтылды. Бұл жолы да тазы жылдамдығының арқасында ғана аман қалды. Бөрі аузы еркін жетіп, нық ұстай алмады, әйткенмен де тазының бір жақ қабырғасын жұлып түсті. Сыздықтап қан ағып қоя берді. Дұшпанының жарадар болғанын көрген қасқыр екіленіп кетті. Ал тазы ет қызумен жараланғанын білмеген. Тек денесін от шарпып өткендей көрінген. Бойына жаңа жігер құйылғандай, өршелене түскен. Әйткенмен де шабуылдаушы тазы емес, бөрі еді. Көздері ұшқын атып, алақ-жұлақ етіп, тұра-тұра ұмтылады. Бірақ тазы оңтайын бермеді. Екеуі де үнсіз. Қасқырдың ысылдай алған демі мен ауаны қауып сақ-сақ еткен тістерінің дыбысы ғана естіледі. Қайратты да, жырынды жауға ұшырасқанын білген тазы бір ғана тегеурінді соққымен ұрысты аяқтау үшін бөрінің қалт басқан қимылын бағуда еді. Біраз арбасқаннан кейін сол сәт туды. Тазыдан өз күшін әлдеқайда басым деп есептеген қасқыр шыдамы таусылып, кеуделей ұмтылған-ды. Көзіне қан толып, сақтықты ұмытқан. Тазы лып етіп бір бүйірге ырғып түсті де, қасқырға бас салды. Көздегені тамақ тұсы еді, сәл қиыс кетіпті - жуан мойыннан ұстады. Бірақ мол, берік қарпыған екен. Жан таласа ышқынған қасқыр да иттің омырауынан, иығынан алуға тырысып еді, батыра тістеуге ыңғайы келмей, тықыр жүнді теріні ғана сыдырып, еңбегі еш болды. Тазы қасқырдың мойнын өткір, қайратты азуларымен сықырлата қысып, қайырып әкетіп бара жатты. Бұрап жықпақ. Қатерлі азуы Лашынның денесінен алыстағанымен, бөрінің өзі жығылмады. Бұлшық етті жуан мойын өте мықты екен, тас боп қатып қалған тәрізді. Алайда қасқырдың бұл қалпында ұзақ тұра алмайтынын білген тазы айбат шаша, езуден ырылдаған қалпы дұшпанының мойнын сығымдай түсті. Осы тістеген жерінен айырылмау керегін, өзінің жеңгенін аңғарған. Кенет ат дүбірі, ышқынған айғай естілді. Төрттағандап сіресіп тұрған бөрі сәл босаңсып кетіп еді, өзіне көмекке иесінің келуі қосымша қуат берген тазы сол сәтінде-ақ құрыш мойынды бұрап жіберді де, қасқырдың төрт аяғын серең еткізді. Алайда бөрі әлі де беріскен жоқ-ты. Тазыны көтеріп кетуге тырысып, қарды бұрқырата тыпырлап жатыр. Бірақ осы сәтте “а құдайлаған” Қазы атынан домалай түсіп, сүріне-қабына құлаған беті қонышынан қандауырын суырып алып, қасқырдың ішін есіп жіберді.

Қазы иттің қарысып қалған жағын қамшының сабын салып, мылжаланған ұйпа-тұйпа мойыннан әрең ажыратты. Қабырғасындағы жарақат аумақты болғанымен қауіпті емес екен. Тері мен бір қабат етін ғана сыдырып өткен тәрізді. Ал омырау тұсындағы, жауырын үстіндегі жаралар тегіс сызат, бес-алты күнде-ақ бітіп кетері анық. Қазы итінің денесінен аққан қанның тыйылғанына қуанды.

Шынында да, Лашын көп ұзамай жазылды. Тек қабырғасындағы алақандай жара ғана қара қотырланып біраз жүрді. Ақыры, бүртік-бүртік болып ол да бітті. Ал бойын суық шалған Қазы сырқаттанып ұзақ жатты.

9

Қар кетіп, көк шығып, жер аяғы кеңіген шақта Қазылар көптен қорада жинаулы тұрған ескі киіз үйді дөңгелеп қаңсыған шиқылдақ арбаға тиеп, шөпші ауылмен бірге жайлауға көшті. Қызыл отау Есенжолдың әйелі сақау Айсұлудың қолына өткен-ді. Қазы ренжіген жоқ. Аурудың дендей бастағанын аңғарған соң, ендігі жерде биесін сауып ішіп, жан күтіп, тыныш жатқанды мақұл көрген.

Шөпші ауыл - бес-алты-ақ түтін. Күн қызып, төл отыққан соң алдындағы отарларын бөлшектеп, әр қойшыға қосып беріп, пішен дайындауға шығарылған малшылар. Сондықтан әр үйде екі-үш ит бар. Көбі төбет, бірлі-жарым дүрегейлер де кездеседі. Бұлардың кейбірі Лашынға таныс, талай таяқ жеген сабаздар. Ал қалғандары көп ұзамай-ақ кезек-кезек тазының умаждауынан өтті. Иттердің арасына түскен иелері талай рет ренжісті. Алайда бір де бір рет қыста Есенжолмен болған жанжал қайталанған жоқ, ондағыдай ауыр сөздер айтылған емес.

Жайлауға шыққан соң көп ұзамай бір күні іңірде өзі жүретін дырылдақ, жүйрік арбаға мінген, киімдері бөтен үш адам суыт келді де, аялдамастан Қазыны ертіп әкетті. Лашын бұл оқиғаға мән бермеген: қайрат-күші толысып, дер шағына жеткен тазы өзіне мүлде белгісіз болып келген жаңа бір қызықтың есігін ашқан-ды. Оның себепкері - қыналағаннан бері осы ауылдың бар итін соңынан шұбыртып жүрген дүрегей қаншық Ұшар еді.

Нағыз қан майдан енді басталды. Көбіне жалғыз қалатын, бар ит бір өзіне жабылатын Лашын орасан күштілігінің, әдіс, айлаға жетіктігі мен жылдамдығының, қауіп-қатерге қарамайтын жанкештілігінің арқасында ғана ажал тырнағынан аман қалып жүрді. Сабалақ жүнді маң төбеттердің талайының құлағы жұлынды, талайы үстінен қан сорғалап, ұрыс даласын тастай қашуға мәжбүр болды. Лашынның өзінің де денесін жарақат басып кетті. Бірақ екі-үш күнгі үздіксіз айқастан соң дұшпандарын бет қаратпай жеңіп, дүрегей қаншықты жалғыз өзі иемденіп алды. Қалған иттер бұлардың қызығына қарап төңіректеп қана жүреді. Ешқайсысы жақындап, таяқ тастам жерге келуге батпайды. Әйткенмен тазы ұзақ салтанат құра алмады. Басқа балалармен бірге жазғы демалысқа ауылға келген Әділ арбадан түскен бетінде үйге бас сұға сала қайта шықты да, қолындағы кішкене таяқпен ит біткенді жасқай қуып, Лашынды ұстап алды; қарғысынан жетектеп әкеп, қыл шылбырмен босағаға байлап тастады. Тазы кіші иесінің келгеніне қуанғанмен, мына ісіне ризашылық білдіре қоймады. Әйткенмен Әділ оның қыңсылағанына, тыншымай аласұрғанына қараған жоқ. Базар тарқаған кезде бір-ақ босатты.

Әділ былтырғыдан көп өзгеріпті. Бойы өсіңкіреп, кішкене кекіл қойғаны өз алдына, жасына жетпей салмақты бола қалған. Аз сөйлейді, әр ісінде үлкен кісіге ұқсауға тырысады. Ауыл балаларымен көп ойнамайды. Үйде қалыңды-жұқалы он-он бес кітап бар, соларды кезекпе-кезек қайта-қайта ақтарады. Басқаларынан гөрі көрнектірек біреуін тіпті қолынан тастамайды. Нақышына келтіріп, судыратып оқып отырғаны. Әділдің дауысын естісімен-ақ, биыл қыстаудан Қазылармен бірге көтерілген, қайрақшылық жұмысқа жегілген Омар ақсақал ұзын таяғымен киіз есікті серпе ашып, үйге кіреді. Малдасын құрып, төрге жайғасқан соң:

- Бұл қай батыр? - деп сұрайды.

- Алпамыс.

- Жөн-ақ, қарағым. Жалғыздың жары құдай деген. Ол да осы сендей жалғыз. Бойына отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын, атса оқ, шапса қылыш өтпейтін қасиет, мың сан қолға қарсы шабар қайрат дарыған батыр болған соң, дұшпандарын мұқатып мұратына жетті. Ондай алыптар қазір жоқ. Бірақ өнер, білім бар. Адамға күш берер, қанат берер, кеудесіне арыстанның жүрегін орнатар, көкірегіне жұлдыз жағар құдіретті нәрсе осы білім. Оқы, қарағым. Тәңірі тізгінін оңдаса, ертең-ақ ортан қолдай азамат боласың. Тек сол күнге қара жаяу жетіп жүрме.

Екеуі де үнсіз қалады. Сәлден соң Омар:

- Ал, Әділжан, атаңның еңсесі көтеріліп қалсын, қиссаңды оқып жібер, - дейді.

Осы көрініс күн сайын дерлік қайталанады.

Кейде Әділ өткен жылғыдай Лашынды ертіп, шығып кетеді. Бірақ бұрынғыша жолай кездескен бұталар мен апандардан секіріп, қолына ұстаған солқылдақ шыбығын көкке көтере сермеп, өзінен-өзі айғайлай жүгіріп, қурай, сасыр біткенді белінен бір салып, отап түсіріп, тау-тасқа жаңғырыққан үнін тамашалап, көгалға аунап, асыр салып ойнамайды. Таяу маңда басқа төбешіктерден гөрі еңселірек шоқы болса, соның басына көтеріліп, әлдебір биік тастың үстіне шығады да, бір қалыпты соққан қоңыр самалға кекілі желбіреп, ирелеңдей созылып барып көз ұшынан өшетін жам жолға қарап ұзақ отырады. Мұндайда Лашын да желге кеудесін төсеп, арқасын күнге қыздырып, көк ала қына басқан тастың ернеуінде, Әділдің қасында рақаттанып жататын.

Шөп басы сола бастаған кезде бір күні түс ауа Қазы аудан орталығына барған Бекқалиға еріп қайтып келді. Әділ әдеттегіше Омар ақсақалға жыр оқып отырған. Ер Тарғынның Бұлғыр таудың ішінде қалған жеріне жеткен-ді. Сырттан абыр-сабыр дауыс естілген соң жүгіріп шықты. Көкесі аттан түсіп жатыр екен. Құшақтай алып, омырауына бетін басып ұзақ жылады.

Кешіне бүкіл ауыл Қазының төрт қанат киіз үйіне жиналды. Бәрі де көңілді. Әсіресе Омар ақсақал. Қозғалақтап бір орында отыра алмайды. Жан-жағына қораздана қарап, үйге жаңа біреу кіріп-шыққан сайын:

- “Ақ иіліп-бүгілмес” деген. Пәле-жаладан аман келгенің мына Әділдің, ана ақ келіннің тілеуі. Тәуба құдайға, - дейді. Насыбайын бір атып, бір алады. Осыдан аз жыл бұрын ел басына төнген қиыншылықтарды, кешегі өткен қырғын соғысты еске түсіріп, соның бәрінің артта қалғанына шүкіршілік айтып қояды.

Ал Қазы көп сөйлемей, үнсіз ғана отырды. Әділді бауырына баса құшақтап алған. Кекілінен сипай береді. Анда-санда қыстыға жөтеледі. Түрі өзгеріп кетіпті. Өңі қашып, бозара түскен. Ширатылған қап-қара мұрт қойған екен. Онысы ұнасқанымен, бетіне бұрынғыдан да жүдеу кейіп береді. Ескілікті сырқаты меңдеген сияқты.

Шынында да, Қазы қайтып оңала алмады. Ауыл қоныс аударып Суықбұлаққа қонған күні ажал жастығына бас қойды да, ертеңіне түн ортасында көз жұмды. Ел жауын астында көшкен еді. Жұмыс тоқталып, бас көтерер ер-азамат тегіс үйде отырған. Әп-сәтте бұлақтың ылди жағындағы кішкентай төбенің басынан кісі бойы қабір қазылды. Ұзақ күтпей жаназасын шығарып, ертеңіне сәріде өлі денені жер қойнына тапсырысты. Көзіне жас алмаған адам жоқ. Омар ақсақал дауысы дірілдеп, құранды оқып біткенше әлденеше рет үзіп алды. Сазарып, үнсіз қалған Әділ ғана. Тек ақ кебінге оралған мәйіт терең қабірге түсірілген кезде ғана көзі болмашы жасаурады. Үлкендердің айтуымен қолына алған бір уыс топырақты көкесінің үстіне септі де, артын күтпей бұрылып жүре берді.

Төсек тартып жатқан иесі оянбай қойған кезде Лашын онша мазасызданған жоқ. Аулаққа апарып, көміп тастағанда да бөтен ой келмеген. Адамзаттың түсініксіз істері көп, соның бірі шығар деп түйген. Иесі күні ертең-ақ ұйқысынан оянып, үйге қайтып келеді. Талай рет жолаушылады ғой. Үнемі оралатын. Бұл жолы оншама ұзаған да жоқ. Ауылдың іргесінде жатыр. Бір күні болмаса бір күні тұрары анық. Әйткенмен, басына келіп қайтқан сайын тазының көңілі құлазып қалатын. Мазасыздана бастаған. Бұл - иесі жазда үш ай қатарынан жоғалғаны сияқты, ұзақ уақыт бойы тұрмай қояр ма екен деген қауіп еді. Сондықтан Омар ақсақал өгіз арбаға оқуға баратын бес-алты баланы салып алып, ауылдан шығып жүре бергенде, тазы олардың соңынан ерді. Әділ кет деп қанша зекігенімен қалмады. Ақыры арбадан түсіп, тас лақтырған кезінде ғана кері бұрылды. Жазықсыз жәбірленгеніне қатты өкпелеген еді. Әділдің өзінің қандай сезіммен кеткенін білген жоқ.

10

Қазы төбе басында ұйықтап жата берді. Тұрмай қойды. Үйге ең құрмаса бір рет келіп қайтпады. Ақыры жапырақ солып, аспан жүдеу тартқан шақта шөпші ауыл тарап, әдеттегідей үйреншікті қыстауларына көшті. Лашын мен Кәмила да ферма орталығындағы өздерінің тамына кеп кірді. Ал Қазы топырақ астына көмілген қалпы ескі жұртта қала берді.

Үш бөлмелі үй қаңырап тұр. Сыртқа шыға қашқың келеді. Бірақ дала да көңілсіз. Ақ жауындар басталған. Нөсерлетіп төгіп те жібермейді, толас та таппайды. Ертеден қара кешке дейін сілбіреп тұрғаны. Алда-жалда бір сәтке басыла қалса, ызғары сүйектен өтер салқын жел соғып қоя береді. Суық. Көңілсіз.

Лашын бұрынғыдай тойып ас ішпейді. Кейде Кәмила мұның бар, жоғын мүлде ұмытып кететін сияқты. Бір күні тамақ сұрап аяғына оратылғанда, теуіп те жіберді. Сұрамсақтанғанмен ештеңе өнбейтінін аңғарған тазы енді пеш түбінде бүрісіп жата беретін болды. Ол иесін күтуде еді. Есік ашылған сайын басын жұлып алады, бірақ үйге кірген басқа кісі болып шығады. Сырттан еркектердің дабырласқан дауысы естілсе есікті итеріп ашып атқып шығады, алайда сөйлесіп тұрған адамдардың ішінде иесі көрінбейді. Мұндай ауыр тұрмысқа тазы көндіге алмай-ақ қойды. Тірлігіне мағына берген нәрсе - ием қайтып келеді деген үміт сәулесі ғана еді.

Бір күні іңір әлетінде үйге Есенжол кірді. Көптен қабағы ашылмай жүрген Кәмила көңілді-тін. Қазанда ет қайнап жатқан. Есенжол табалдырықтан аттай бере күліп бірдеңе деді де, әй-шәй жоқ төрге жайғасты. Кәмила да бөгелмей дастарқан жасап, ет түсіруге кірісті. Есенжол қойнынан мөлдір су құйылған шөлмек алып, стол үстіне қойды. Жымия күлгенде секпіл беті бір-ақ уыс боп кетеді екен. Табақ келісімен Лашынның алдына сүйекті үйіп тастады. Еті шала сыпырылған кемік сүйектер. Тазының қыстауға қонғаннан бері жарытып тамақ жегені осы еді. Баяғыдан ұмытылмай көкейінде жүрген ашу-кегі тарқап, сатушыға риза боп қалды. Аш қарынға түскен астан әлі құрып, маужырап, қалғи бастады. Сәлден соң көзі ілініп кетті.

Қанша ұйықтағанын білмейді, ыңырсыған үннен оянды. Шам сөндірілмепті. Дастарқан жинаусыз. Табақ түбінде бір шөкім ет көрінеді, шөлмек босап қапты. Лашын қайтадан қалғи бергенде, ыңырсыған дауыс тағы естілді. Кәмиланың даусы. Төргі бөлмеден шығады. Өзін біреу буындырып жатқан сияқты. Ұйқысы шайдай ашылған тазы столдан қарғып өтіп, төргі үйге жетіп барды. Ауызғы бөлмеден түскен жарық сәулесімен бірден көрді: төсек үстінде Кәмиланы Есенжол тұншықтырып жатыр екен. Умаждап астына басып алыпты. Көмекке ұмтылған тазы бірінші қарғығанда, олардың үстіндегі көрпені жұлып түсті. Келесі сәтте ұзын, өткір азулар қорғансыз май құйрыққа бойлай кірген еді. Ойбайлаған дауыс шықты. Апыр-топыр екеуі де атып тұрды. Тазы Есенжолға қайта бас салған сәтте анасынан жаңа туғандай тыр жалаңаш Кәмила көмектесудің орнына Лашынның өзіне ұмтылды. Бірақ қолында ештеңе жоқ екен, көзіне қан толып кеткен ит ыға қоймады. Ақыры Кәмила Қазының төсектің аяқ жағында тұратын таяғын алып, Лашынды сыртқа қуып шықты. Сол күні тазы өмірінде бірінші рет далаға түнеді.

Осыдан былай қарай Лашынның тұрмысы жан төзгісіз боп кетті. Кәмила арнап тамақ құймайды. Тазы күресінге лақтырылған сүйек-саяқты ғана талғажау етеді. Кейде нәр сызбай қатарынан екі-үш күн ашығатын. Сонда да қара төбетше тіміскіленіп, үй-үйдің жуынды төгетін жерлерін аңдыған емес. Тышқан аулап, өлмес қорегін айырып жүрді. Бір рет ауылға жақын жерден қоян да ұстап жеді. Ең қиыны - күздің қара суығы еді. Тазы қораның сыртында жатқан, мал аузынан қалған бір құшақ сабанды паналайтын. Алайда, жылы үйде өскен итке оның берер қызуы шамалы еді. Әсіресе таңға жақын, шөп басын қырау көміп, өкпек жел қатая түскен шақта діріл қағып, жанын қоярға жер таппайды. Ал жаңбырлы түндері тіпті қиын. Тазы қораның ық жағына шығып алып, шоқиып отырған қалпы көрер таңды көзімен атырады. Есік аш деп қыңсыламайды. Кәмиланың жібімейтінін біледі. Ауылда жанына жақын тұтар жалғыз-ақ адам қалған-ды. Ол Омар ақсақал еді. Лашынның далада түнеп жүргенін аңғарған соң бір күні іңірде әдейі кеп, үйіне ертіп әкетті. Мол қып тамақ құйғызды. Енді осында жата салар деп еді, тазы есіктің ашылуын ғана күтіп тұр екен. Сыртқа атқи жөнелді. Барып, қора артындағы үйреншікті орнына жайғасты. Омар ақсақал Лашынды қарғысынан жетелеп, әлденеше рет үйіне әкелді. Алайда, тазы мұнда тұрақтамады. Тамағын ішіп алады да, тайып тұрады. Ол иесін аңдуда еді. Енді бір рет көрсе айырылмақ емес. Қайда барса да соңынан ере кетпек. Бірақ иесі келмей қойды. Кейде күнара, кейде екі-үш күнде бір рет түн ортасы ауа, я таңғы алакеуімде біреу терезе тықылдатады да, іштен Кәмила есік ашады. Алғашқы жолы беймезгіл келген адамның иесі екеніне күмәнданбаған тазы сүріне-жығыла атып тұрып, жетіп барып еді, лып етіп үйге кіріп бара жатқан Есенжолды көрді. Содан былай қарай таң алдында терезенің ақырын ғана тырсылдағаны, есіктің сықырлай ашылғаны Лашынға үйреншікті нәрсе боп кетті. Қозғалмай жата береді. Секпілбет сатушыны сүбеханы сүймейді; әйткенмен өзінің араласуы жөнсіз екенін білгендіктен табиғатында қабағандық мінез жоқ тазы іштен тынған.

Бірде түн ортасында жапалақтап қар жауа бастады. Ауа тымық, түн әдеттегіден жылы еді. Арық тазы сабанға тығыла бұйығып, ұйқылы-ояу қалыпта жата берді. Таң сыз бере, қар жауып біткен шақта ғана көзін ашты. Дүние тазарып, аспан кеңи түсіпті. Төңірек тегіс аппақ. Маңайдағы төбешіктер тапал тартып, бұрынғыдан алыстаңқырап кеткендей. Тазы керіліп, құрысқан бойын жазды да, дүр сілкінді. Салқын, таза ауаны көкірек кере жұтып, тұрған орнында өзінен-өзі секіріп-секіріп алды. Әлдекімге еркелегісі келгендей. Қораны айнала жүгіріп өтті. Үйге біреу кіріп шығыпты. Келген із жартылай қар басқан көмескі де, кеткен із ап-анық, етіктің табанының бедеріне дейін көрінеді. Есенжол. Иесінен ешқандай хабар жоқ сияқты. Тазы Жауыртағының өркеш-өркеш биіктеріне қарап біраз тұрды да, әлдененің соңынан көңілсіз ергендей аяңдай басып ауылдан шықты. Артына қарап сәл бөгелді. Содан соң Суықбұлақты бетке алып, жортып кетті.

11

Қар беті толған із, қар беті толы жазу. Сайрап жатыр. Өз ғылымына жетік сарыасық тазы бәрін де еркін оқиды. Кім өтті, қашан өтті, қайда бармақ, қай жерде аялдауға тиіс - тегіс біледі. Мынау үш аяқтап жортқан - сары кіс. Бір түп оқшау тобылғының тұсынан қарға сіңіп кетіпті. Он-он бес қадам жерден қайта шығады. Міне, шықты. Енді оңға қарай тартыпты. Лашын ізіне түспейді. Өзі шүйкедей, әрі бағасыз аң. Ал мынау көлденең өткен із - күзендікі. Кішкентай болса да қайратты, әдісқой, әрі шақар пәле. Иесі жақсы көруші еді. Түлкінің ізін қуып келе жатқанда кездесе қалса, осыған бұрылатын. Бірақ қазір Лашынның уақыты жоқ. Кейін, иесі екеуі бірге жүргенде аулар. Міне, түлкінің өзі. Ойнақтай басқан. Бұл да бір қырын кетті. Соңына түсуге мұрсат қайда. Тағы да із. Күшік түлкінікі. Бұл да барсын. Тағы да түлкі. Осы жаңа ғана өтіпті. Ізі ірі. Арлан. Түгі күнге шағылыса жайнап, ақ қар үстінде толқына бұлаңдап кетіп барады-ау!.. Бірер төбе ғана асты. Қап! Болмады енді. Ізге түсе жөнелген тазы алдындағы қырқаға шыға бере иек артпадан баспа қып қарап еді, түлкі шынында да ойдағы шоқтала өскен быртық қарағанның арасында жүр екен. Тау жақ қапталды ала лап берді. Қамсыз түлкі дыбысын естіп тұра қашқанша, арқан бойындай келіп қалып еді. Одан ары әудем жер жібермей ұмар-жұмар астына басты.

Тазының өзі де таң қалды. Бұрынғы құмарлық жоқ. Неге қуды? Кім үшін ұстады? Өлтіріп қажеті қанша еді? Білмейді. Түлкі ұзынынан созылып, қимылсыз жатыр. Қар үстіне тұмсығынан бір тамшы кірлеуіт қан тамыпты. Тазы таяу маңда ешкім көрінбес пе екен деп жан-жағына қарады. Адам жоқ. Айтпақшы, біреу бар. Өз иесі. Тіпті жақын жерде жатыр. Үйден не үшін шыққаны ойына түскен тазы өлі түлкіге назар да аудармастан Суықбұлаққа қарай текіректей жөнелді. Төте жол есінде. Итмұрын, тікен, ұшқат өскен қия жартасты тар саймен асып түсу керек.

Тауға ене берген сәтінде өзін біреу сырттан бақылап тұрған тәрізденді. Артына мойын бұрды. Ешкім көрінбейді. Сезікті ештеңе де жоқ. Тазы бөгелмей, алға қарай жүре берді. Бірақ жайсыз сезім қайтадан пайда болды. Тітіркеніп кеткен тазы төңірегіне именшектей көз тастады. Көңіл аударар, ошаң еткен жан жоқ сияқты. Әйткенмен, жүзі ызғарлы құпия күш иесі өзінің құрсауын тарылта түскендей. Алдан да, арттан да, қос бүйірден де қысып, жақындап келеді. Жылжи сырғып дәл қасына жетті. Тазы бойын бейтаныс мақұлықтың суық демі шарпығандай қалтырап қоя берді. Жүрісін ширата түсті. Міне, мына қос жартастың арасындағы қылыдан өтсе, ар жағында таяқ тастам жерде иесі жатыр. Кенет, тазы есі шыға қалшиып тұрып қалды. Қарсы алдында биік сұр тасқа шынтақтай сүйеніп біреу тұр. Бет бейнесі де, тұлғасы да буалдыр. Әйткенмен, Қазы екені анық: басында түлкі тымақ, үстінде күзен ішік. Лашынға қарап жымиған сияқты. Үнсіз ымдап шақырғандай. Қуанғаннан дауысы шығып кеткен тазы арсалаңдап, иесіне қарай бір-ақ қарғыды. Әлдене сарт етті. Қазының сүлдесі ғайып болған. Манағы қорқынышты елес темір тіспен оң жақ алдыңғы аяқтан, кәрі жіліктің басынан нық қауыпты. Тазы осы төңіректі күзеген малшылардың бірінің қасқырға құрып, ұмыт қалдырған қақпанына түскен еді.

12

Әу баста бойын үрей буып, ышқына секірген. Темір қышқаш қалмады, қоса көтерілді. Екінші қайтара секіргенде қақпанға жалғанған кере құлаштай шынжырдың ұшына бекітілген шойын қырқаяқ сопаң етіп қар бетіне шықты. Бірақ ауыр салмақ алдыңғы аяқтан тартқан тазы екпінін баса алмай, тоңқалаң асып түсті. Кәріжілік бел ортасынан морт сынды. Көзіне қан толған тазы тұра сала қақпанға салды ауызды. Жеңіл тот басқан сұрғылт болат шақыр-шұқыр етті. Әйткенмен, тазының азуынан ыққан жоқ, сол сірескен-қалпынан жазбады. Тазы жансыз темірді қарш-құрш шайнай берді. Сәлден соң қақпанды да, қар бетін де қып-қызыл қан басып кетті. Алайда, темір құрсау жұмсармады, қайта бұрынғыдан да нығызырақ қыса түскен тәрізді. Ақыры қалжыраған тазы қар үстіне сылқ құлады. Талмаусырап ұзақ жатты.

Бір кезде көзін ашты. Ессіз үрей бойдан кеткен, қорқынышты елес те ғайыпқа айналыпты. Енді тазы аяғына тас боп жабысқан пәлеге адам қолынан шыққан қауіпті қарулардың бірі деп қана қарады. Жағал тот басқан, сынған осындай бір ескі қақпанның өздерінің қорасында да жатқаны есіне түсті. Осының өзі-ақ денесіне күш құйған еді.

Есін жиған тазы бойында аяғының ауырғанынан да қатты бір дерт барын аңғарды. Ол екі-үш күннен бері нәр сызбаған аш еді. Мана ұстаған түлкісін ойлады. Өмірі түлкі етін татып көрмесе де, сонда жеп, тойып алмаған екем деп өкінді. Кенет оның көзі алдындағы жентектеліп жатқан қанға түсті. Қақпанның түбі ғана емес, төңіректегі екі-үш адым жер тегіс қызыл ала. Тазы орнынан тұра сала мұздақтана қатқан қанды асай бастады. Сәлден соң қар бетінде қызарған бір де бір дақ қалмады.

Аш қарынға шамалы ас барып, әлденген тазы темір құрсаудан өз бетімен құтыла алмасын түсінді. Бұл күйден иесі ғана шығаруы мүмкін. Мүмкін емес, анық. Тек басына жету керек. Алыс емес. Иек астында. Жетуге болады.

Қақпанның ұшына сүйретпе тоқпақ ретінде байланған қырқаяқ темір ауыр екен. Тазының әрбір тұтамды жан төзгісіз қиындықпен жеңіп алуына тура келді. Сынған сүйектер өзара үйкелесіп, шықыр-шықыр етеді. Аяқтың басы үзіліп түсіп қалғаны-ақ жақсы еді, үзілмеді. Сіңір мен етке ілініп, берік тұр. Жаралы аяғына күш түскен сайын тазының көз алдын қызылды-жасылды от шарпығандай болып, дүние мұнарланып кетеді. Әйткенмен бір қарыстан соң екінші қарысты ұтып, алға жылжи берді. Кейде сүйретпені тас қағып, немесе бұта іліп қалады. Мұндайда тазының ұзақ азаптануына тура келетін. Бір жолы қырқаяқ тобылғыға матасып, мүлде шықпай қойды. Тазы ет пісірімдей жанталасты. Ақыры, кері бұрыла тартып, әрең босатты. Содан соң бұтасыз, тассыз жермен жүруге тырысты. Алайда, бөгеліссіз бір қалыпты жылжи алмады. Ілгері аттаған сайын қақпан ауырлай берген. Қанша тегіс жермен жүрдім деп ойлағанмен қар астына жасырынып жатқан, жолды ауырлататын кедергілер таусылмады. Бәрінен де иесі жатқан төбеге көтерілуі қиынға соқты. Бұрын екі-ақ ырғып шығатын кішкене төбешік өлшеусіз биіктеп кеткендей. Бір жақсы жері, бұл кезде жаралы аяқ мұз боп қатып қалған-ды. Жансыз, бөтен дене тәрізді. Тазы бойына ең соңғы күшін жинап, алға еміне түсті. Үміт жібі жетелеген азапты сапарын сәскеде бастаған Лашын екінті әлетінде иесінің басына жетіп еді...

13

Тазы ұзақ ұлыды. Қысқа қайырып өксіп-өксіп ұлыды. Аруанадай аңырап, даусын соза тартып, зар төге ұлыды. Тау-тасты күңірентіп жіберді. Ұлымасқа шарасы жоқ-ты, жыламасқа шарасы жоқ-ты. Ол өзі осы уақытқа дейін ашқан жаңалықтарының ішіндегі ең сұмдығын ашып еді: адам, тірі мақұлық атаулының бәріне әмір жүргізген, көк темірге жан бітіріп, көлік етіп мінген, қолдан құс жасап, қыран қалықтар биіктен де жоғары самғаған тәңірі текті, құдіретті адам да өледі екен, жүзі ызғарлы ажал алдында адамзаттың өзі дәрменсіз екен. Тазы иесінің мәңгілік ұйқы құшағына енгеніне, енді қайтып тұрмасына көзі жетті. Қол ұшын беріп жәрдем етер ешкімі жоқ, аяғынан темір талқы кейпіндегі ажал қапқан, әбден қансырап, әлі құрыған өзінің де санаулы ғана сағаттары қалғанын ұқты. Тазы әзірейілдің әміріне қарсы сөз айта алмай, топырақ астына көмілген иесін жоқтап ұлыды. Сол өлімді өзі де мойындап, жарық дүниемен, кең дүниемен қоштасып ұлыды.

Бірақ ажал тазы ойлағаннан да тез, әрі күтпеген жақтан келді. Буы бұрқыраған, түтіні будақтаған қыстауларды, жайылымдағы ендей өрген малды бірнеше күн торыса да ауыздарына ештеңе түспеген, бүгін таң қылаң бере сонарлап, қоян, түлкі қағуға шығып, ештеңе шала алмаған үш бөлтірікті қаншық қасқыр, зарлана ұлыған ит үнін естісімен, бойлары өзіне жете-қабыл жас қанішерлерін артынан шұбыртып, осылай қарай соқтырта жөнелген. Мен мұндалап шақырған дауыс жөнімен жаңылмай тапты. Алыстан баспа қып тұрып, таяу маңда екі аяқтының жоғын да, бұл - адасып жүрген жалғыз ит екенін де көрді. Ауызға өзі түскен ас қашып әуреге салмасын деп үнсіз келіскендей, төртеуі төрт жақтан бұқпантайлай келіп, төбешікті қоршап алды да, көздері от шашып, аппақ, сойдиған, пышақтай өткір тістерін көрсете, ауыздарын арандай ашып лап берді.

Бір күн ішінде соншама бейнет шеккен, өзіне мәлімсіз сұмдық сырдың бетін ашқан, азапты тіршілік қажытқан тазы қорықпады да, таңырқамады да. Бірақ өмір өз заңын жүргізді. Тазы өлімге мойын ұсынып, беріле салмай, тіршілік үшін күреске түсіп, арпалысып кетті. Жалғыз итті оңай олжа көріп келген бөрілердің алғашқы шабуылы нәтижесіз аяқталды. Тек қаншық қасқыр ғана Лашынның санын жұлып өтті. Тазының сақ-сақ еткен, оңды-солды лыпып тұрған азулары тәжірибесіз бөлтіріктердің тісін денеге дарытпады. Күтпеген қарсылыққа ұшырасқан қасқырлар қас қағымдай уақыт аңтарылып қалды да, шешімтал, дүлей қимылмен қайта ұмтылды. Тазы біреу, қасқыр төртеу. Тазы байлаулы, қасқырлар бос. Қасқырлар күші бойына сыймай жалақтап жүрсе, тазы күн ұзаққа күрестен әбден қалжыраған. Таразы басы тең емес еді. Шабуыл жасаушы жақтың күші төрт есе, бес есе, мүмкін, тіпті, он, жиырма есе артық-тын. Оны тазы да сезді, қасқырлар да білді. Осы қазір жылы қан ішіп, жас ет жейтініне көпті көрген кәрі қаншықтың күмәні жоқ-ты. Сондықтан сақтық атаулыны ұмытқан еді. Бәрі ұмар-жұмар болып қалды. Ең астында - ақ тазы. Бірақ ол мейірімсіз, сойқанды азулар өзін жан-жаққа тартып кергілеп әкеткенге дейін, көз ілеспес шапшаң қимылмен қаншық қасқырды шаптан іреп үлгерген еді.

Бөлтірік қасқырлар енелерінің анадай жерде өз бүйірін өзі қауып, ішегі шұбатылып, шыр көбелек айналып жүргенін тазыны жеп тауысқан кезде ғана аңғарды. Қарындарына түскен бір шөкім арық ет жұғын болмаған. Бұрынғыдан да ашықтыра, бұрынғыдан да ширықтыра түскен. Жарадан шашыраған қан ізін көрісімен бір сәт те бөгелместен үшеуі қатар лап қойды. Бір шай қайнатым өтер-өтпесте үш қасқыр өздерін тапқан, емшек сүтін беріп асыраған, бауырларын көтергеннен бастап осы қарақшылық өмірге баулыған енелерінің шолақ құйрығының ұшы мен төрт табанын ғана қалдырған еді.

14

Жауыртағы тауының көк майсалы, қалың шілік, мөлдір бұлақты сайларының біріне құлай біткен тақиядай төбенің басында топырақтан үйілген кішкентай төмпешік бар. Жайлауға шыққан ауыл жылда осы араға қонған күні қолына ырғай таяқ ұстаған ақсақал адам кішкентай баланы жетектеп келеді де, бетін құбылаға қаратып, тізерлей отыра қалып, бар мақамына сала құран оқып шығады. Марқұмды есіне алып, топырағын сипайды. Шешесінен таяқ жеген күні баланың өзі де үнемі осында келіп, жақ жүні үрпиіп үн-түнсіз ұзақ отырады. Бұл төмпешік - бір кезде сыңар аяғымен болса да жер басып жүрген Қазының моласы. Ал кішкене бала - Қазыдан қалған көз Әділ.

Осы қабірдің дәл іргесінде қыран тазы Лашынның да қаны төгілген-тін. Бірақ оны ешкім де білмейді. Тазыдан қалған жалғыз белгі - ауыл еркектерінің басындағы түлкі тымақтар да көп ұзамай тозып бітті. Олардың орнын елтірі тымақтар мен арзан малақайлар басты. Өйткені Лашын осы өңірдегі асыл нәсілді ең соңғы тазы еді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар