Ономастика мәселелері талқыланды
Бөлісу:
Бүгін Шымкент қаласында «Ономастика саласындағы жұмыстарды ұйымдастырудың өзекті мәселелері» атты республикалық семинар өтті. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы ұйымдастырған шарада ономастика мәселелері талқыланды.
Ел тәуелсіздігін алғанан бері 2500-ден аса атау өзгертілген. Атап айтсақ, 1107 білім беру, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау ұйымдары, 23 қала мен аудан атауы, 1361 елдімекен және 20- мыңға жуық көше атаулары қайта рәсімделген. Бұл туралы семинар барысында модератор ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғ. Мелдешов мәлімдеді.
Басқосуды Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Е. Садыр өңірдегі ономастика саласында жүргізіліп жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті. Жиын барысында филология ғылымдарының докторы, профессор М. Мырзахметұлы ономастиканы дағдарыстан шығару жолдарын қарастырып: «Ономастика халықтық, отаршылдық, тоталитарлық болып бөлінеді. Бүгін біз отаршылдық топонимикамен күрес жүргізіп жатырмыз. Бірақ жетеріне жете алмай келеміз. Павлодарды, Петропавлды өзгерту керек. Ал оған бас көтеруге билікте отырғандардың басым бөлігі советтік санамен қалып қойғандар. Сондықтан мұны дауысқа салып, созбаққа салмай, өзгертіп тастау керек» - деді.
Сондай-ақ, саясаттанушы Дос Көшім түрлі этнос өкілдері мекендейтін ауыл-аймақтардағы ономастика мәселесіне алаңдайтындығын жеткізді.
- Ертең бірнеше этнос өкілі тұратын аудандарға сол ұлттың азаматтарының аты беріліп, ескерткіштері орнатылатын болса, онда біз унитарлы, қазақ елі бола алмаймыз. Сондықтан мұны байқауымыз керек,- дейді ол. Сонымен қатар саясаткер атауларды ауыстыруда үнем жасау қажеттігін қаперге салды.
- Бір көше ауыстырылатын болса оған 1 млн теңге жұмсалады. Яғни 10 көшеге 10 млн теңге кетеді. Ал бұл сомамен бірден 100 көшені ауыстыруға болады. Неге біз әр ретте бірлі-екілі көше атын ауыстырмай, ә дегеннен бірге ауыстырып, ел қазынасын үнемдемеске,- дейді ол.
Шара соңында ономаст-мамандар іс барысында кездесетін кедергілерді ортаға салып, пікір алмасып, ортақ шешімін тапты. Семинар жұмысын Ғ. Мелдешов: «Алдағы уақытта семинар барысында көтерілген мәселелердің оң шешімі табылады» - деп түйіндеді.
Бөлісу: