Ұлттық саналы қоғам болмай реформаларды қалыптастыра алмаймыз

Бөлісу:

29.05.2017 6077

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында мәдени, рухани құндылықтар жайында көп дүние айтылды. Атап айтқанда, латын әліпбиіне көшуді жеделдетуден бөлек, «Туған жер», «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиялық белдеуі», сондай-ақ «Жаныңда жүр жақсы адам», «100 жаңа есім» атты бағдарламалық жобалардың түп-төркінінде патриоттық рухты көтеру, ізгілікті арттыру, әр адамның кеудесіне іңкәрлік сезімді ұялату жатқаны анық. Ал бұл міндеттерді жүзеге асыру ақпарат құралдарына жүктелетіні айтпаса да түсінікті. Бұл тұрғыда жастарды экспедициялық саяхатха апарып, туған жердің әрбір түйір тасын сүюге баулып жүрген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультеті Баспасөз және БАҚ кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Сұлтанбаеваның өз айтары бар.

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын академиялық ортада талқылап, оны қалай жүзеге асыру тетіктерін қарастыруға кірісіп кеттік. Шын мәнінде, бұл бағдарламалық толғау. Жолдауға қарағанда еркін, халықтың көкейінде жүрген толғамдардың жиынтығы. Оның талқыға көп түскен тұсы – кириллицадан латын әліпбиіне көшу мәселесі. Үштілділік білім беру, сандық технологияға өту туралы нақты қадамдарын атап өтті. Осы бағдарлама аясында қоғамда қозғау салатын ой-пікірлердің халыққа түсінікті болуы үшін БАҚ-қа үлкен миссия жүктеледі. Сондай-ақ, «Қазақстандағы 100 жаңа есім», «Жаныңда жүр жақсы адам» деген жаңа дәстүрді жаңғырту ақпарат құралдарының мойнында. Бұл ел арасында бұйығы жүрген қарапайым азаматтардың өміріне назар аударудан бастау алады. Бізге бұрыннан белгілі, БАҚ-та қарапайым еңбек адамдарын насихаттау, портретін жасау үрдісі болды. Жастардың өмірге шынайы көзбен қарауы, өз тағдырына өздері иелік ете алатын азаматтар болу үшін үлгі ұсынуымыз керек. «Медиамәдениетті суырыла сөйлейтін «шешендер емес», өмірдің өзінен алынған шынайы оқиғалар қалыптастырады. Мұндай оқиғаларды көрсету бұқаралық ақпарат құралдарының басты нысанасына айналуға тиіс», – деген Елбасы бұл жерде мына мәселеге назар аударады. Ақылымен, қолымен, дарынымен заманауи Қазақстанды жасап жатқан нақты адамдарды қоғамға таныту. Бұл БАҚ-қа берілген үлкен міндет. Мәселен, заманауи Қазақстанды кім, қалай жасайды? Қандай адамдардың үлесі бар? Міне, мұны жұрт баспасөз арқылы таниды. Сондай-ақ, оларға ақпараттық қолдау жасап, танымал етудің жаңа мультимедиалық алаңын қалыптастыруға көңіл бөлу маңызды. Елбасы жеке тұлғаларды танымал етуден бұрын ең алдымен қоғамдағы бағдарламалық хабарларды, реформаларды стандартты түрде емес, шығармашылық тәсілдермен, креативті үлгілермен жеткізу жолдарын қарастыру керектігін қаперге салды.

Қалай ойлайсыз, еліміздегі ақпарат құралдары мультимедиалық алаңға шықты ма?

– Әрине, біздің БАҚ әлемдік көштің ұлттық тармағы ретінде мультимедиалық алаңнан көрініп жүр. Тәуелсіздік алған жылдары дәстүрлі БАҚ-та көбінесе тарихи, мәдени, әдеби құндылықтарды жария етудің, ақтаңдақтарды ашудың үрдісі қалыптасса, одан бері біздің медиа сұхбат жанрларына, интерактивті бағдарламаларға көше бастады. Уақыт өте келе дәстүрлі медианың жаңа конвергентті алаңы енді. Оның ішінде газет сайттарының, порталдардың, электронды ресурстардың дамуы ақпаратты жылдам таратудың, сапалы жеткізудің, халыққа қолжетімді етудің жолы ретінде мультимедиа алаңынан орнын тапты. Қазір біз кез келген ақпаратқа әлеуметтік желідегі сілтемелер арқылы кіреміз. Сондықтан дәстүрлі көрерменнен гөрі мультимедиалық көрермен деген ұғым қалыптасты. Бұл нарықтың талабы. Мультимедиа – көптеген медиа құралдардың жиынтығы, олардың бір алаңға тоғысуы. Біздің медианарық тұтыну жағынан да, мультмедиалық технология тұрғысынан да дамушы елдердің қатарында жақсы позицияда тұр деуге болады.

Алайда, ақпаратқа қолжетімділіктен бөлек, қазақтілді контентті сапалы ету жағы кемшін түсіп жатқан жоқ па?

– Ондай мәселе бар. Контентті толтыру, сапалы ету, әсіресе қазақ тілінде сөйлету мәселесі өзекті. Себебі контентті орыс тілінде қалыптастыру оңай. Өкініштісі сол, ақпараттың көбі орыс тілінде. Біздің БАҚ таратып отырған ақпаратын әлі күнге орыс тілінен аударып береді. Ал негізінде әуелі қазақша, одан кейін орысша нұсқасын жариялау үрдісін қалыптастыруымыз керек. Ақпараты қазақша сөйлеген елдің тілі де дамиды. Медианарықта да позициясы басым бола түседі. Көптеген медиашараларда ақпараттың басым бөлігі орыс тілінде сөйлесе де, қазір қазақтілді аудиторияның үлес салмағы едәуір артты. Себебі білім алып жатқан ақпараттық ресурстар, орта қазақ тіліне бет бұра бастады. Медианың құлағын ұстап тұрған холдингтер, медиақұрылтайшылар осыны ескеруі керек. Мәселен, медиалаңда өзіндік орны бар «Қазақпарат» мультимедиаға алғаш қадам басқан агенттік. Қазақ тілінде ақпарат таратудың үш жазу тәсілін ұсынды. Алғаш инфографиканы да қолға алды. Ақпараттық оқиғаны инфографикалық тәсілмен суреттеу – визуалды мәдениетті арттырады. Себебі, аудиторияның талғамы артқаны соншалық, құрғақ ақпараттан гөрі визуалды ақпаратты қабылдау тренді басым. Адам ақпаратты оқу арқылы есте ұзақ сақтайды. Бұл мультимедиалық форматқа көшудің белгісі. Мәселен, бір оқиға орын алса, алдымен фотосын, бейнесін қарауға құмармыз. Сонда ғана ақпараттың құндылығы артады. Бүгінде оқиғаның құндылығын мультимедиалық құралмен өлшейтін болдық. Бір жаман жері, елімізде табиғат апаттары орын алған кезде халқымыз визуалды ақпаратқа сусындағаны соншалық, кейде дөрекі түрінде жариялаудан тайсалмаймыз. Көбінесе жанжал, төбелес болса міндетті түрде жадылық ақпаратты қанағаттандыру үшін картиналық образын іздейміз. Бізде қалыптасып кеткен жағымсыз үрдіс осы. Осылайша, оқылуымен, тыңдалуымен, көрілуімен құндылығын арттырамыз. Қанша оқырман оқыса, демек құнды деген сөз. Бірақ оның этикалық, эстетикалық жағын ұмытып кететініміз өкінішті. Меніңше, журналистер ақпарат таратуда этикалық норманы, эстетикалық тазалықты сақтауы керек.

Мүмкін болса әлеуметтік желіде, дәстүрлі БАҚ-та, электронды медиада визуалды мәдениетті енгізіп, яғни мәдени кодекті қалыптастыруымыз керек. Себебі, қоғам дәстүрлі медиа мен жаңа медианың арасындағы кезеңде өмір сүруде. Жаңа форматқа көшкенде аудиторияны жоғалтпау үшін қатаң бәсекелестік нарығында боламыз. БАҚ үшін ең басты құндылық – ақпаратты жылдам, объективті таратудан бөлек, аудиторияны жоғалтпау. Осы жағынан келгенде көп редакция жабайы бәсекелестікке түсіп кетпеу керек. Жағымсыз ақпаратты берудің де өзіндік нормаларын қалыптастырсақ деймін. Қанды көп насихаттаудың қажеті шамалы. Онсыз да техниканың тілін білетін ұрпақ басқа да құралдар арқылы көріп жатыр.

Елбасының мақаласында гуманитарлық ғылымға ден қою керектігі баса айтылады. Бұл тұрғыда ойыңыз қандай?

– Мультимедианың екінші бір қырына келсек, елімізде орын алып жатқан позитивті дүниелердің графикасын, динамикасын жасауды көтеруіміз керек. Себебі, бұл қоғамның дамуына, азаматтардың елдің болашағына деген сенімін арттырады. Біз алғаш болып ғалымдар тобы гуманитарлық технологияны зерттеп келеміз. Бұл билік пен азаматтар арасындағы сенімді арттыру технологиясы. Елбасының мақаласында гуманитарлық технологияны дамытатын идеялар баса айтылады. Мысалы, «Жаңа гуманитарлық 100 жаңа ғылым» дейді. Бұл ұсынысты қолдауымыз керек. Әл-Фараби айтпақшы, білім тәрбиемен берілсе, ол білімнің түкке қажеті жоқ. Ол қоғамның дамуына ықпалын тигізе алмайды». Ғылым саласы белгілі бір нәтижеге жетсе де, оның гуманизмдік жағын ойлауымыз керек. Себебі, гуманизмдік платформа болмай, ішкі өзегі мәнсіз болып қалады. Кез келген атқарған жұмыстың сыртқы формасы бар да, ішкі өзегі болады. Сол ішкі өзекті гуманитарлық білімнен іздеп отырған мақала заман талабына сай жарияланды. Мүмкін біздің қоғам идеологияға он, он бес жыл кеш келген шығар. Өйткені бізде алдымен экономикалық даму стратегиялық мақсат болды. Яғни, қоғаммен көп жұмыс істеу керек. Біздің қоғамда адамның сенімі, азаматтардың елге, билікке сенімін арттыратын технология қажет. Азаматтар елдің мүддесін ойлаудың орнына жеке бастың, мүдденің қамымен кетіп қалғандай. Елбасы патриотизм мәселесін бекерге көтерген жоқ. «Туған жер» деген бағдарламаны бекер тілге тиек еткен жоқ. Әр адамның кіндік қаны тамған жері болады. Оның анасы біреу болса, туған жері де біреу. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Ұлттық саналы қоғам болмай, көптеген реформаларды, қадамдарды қалыптастыра алмаймыз. Оның бәрі «Жаныңда жүр жақсы адам», «100 жаңа есім» не болмаса «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі» бағдарламасын айтты. Бізді кез келген жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Бұл өте керек нәрсе. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бір топ ғалымдары менің жетекшілігіммен 2013 жылдан бері «Қазақ елі» студенттер экспедициясын жасақтадық. Мұндағы мақсат – тәуелсіздік алғалы бергі жаңа қасиетті орындарға барып, қазақ халқының тарихи-семантикалық атласын жасау керек болды. Бұл ғылыми міндетті орындап келеміз. Жоба әлі жалғасын табуда. Жастар үлес қоссын деп студенттік экспедиция деп атадық. Жастарды ғылымға баулу мақсатында өзімнің мемлекеттік грантымның аясында қаржыландырдым. Жастар мұндай жобаға қатыса отырып, елге деген жерге деген сүйіспеншілігін арттырады.

Сондықтан біздің үш жыл бұрын қолға алған идеямыздың Елбасының мақаласында айтылған ұсыныстармен дөп түскеніне және оған шама-шарқымызша үлес қосып жатқанымызды мақтаныш тұтатыз. Ғалымдар тобының белгілі бір деңгейдегі мақсаттарымен үндесіп жатқаны үлкен жетістік. Елбасының жүрегі осы арнаға бұрылып, еліміздің қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуін құру үлкен дүние. Елбасы туған жер деген не, мәдени генетикалық ұлттық кодтың негізі көне ескерткіштерінде, қасиетті орындарда, туған жерімізде дейді. Семантикалық құндылық – көне жәдігерлер ғана емес, тәуелсіздік құндылықтарын да танытуымыз керек. Біздің тарихи-мәдени географиялық белбеу жасайтын уақытымыз келді. Себебі, өз географиямыздың белбеуінен бөлек, саяси, экономикалық, тарихи, мәдени құндылықтардың белгілі бір деңгейдегі белбеуі болуы керек. Жер бетінде тілдердің картасы бар, интернет қолданушылардың картасы болады, алпауыт елдердің домендік атауларының қолданыс картасы болады. Соған туған жеріміздің ең қасиетті орындарды көрсететін карта жасау керек. Экспедиция жұмыс траекториясы ауқымды. Жыл сайын үш студенттен тұратын ғылыми жорық еліміздің әр өңіріне барып, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Қасиетті орындар туралы мәліметтерді, деректерді жинап келеді. Мұның барлығы құндылықтар. Оны Елбасының өзі бастап, салып берді. Оған «Бәйтеректі» айтуға болады. Аңыз бойынша бәйтеректің басына жұмыртқалаған самұрық құсты заманауи символға айналдырды. Сондықтан да бұл бағдарламаға ғалымдардың қосатын үлесі көп. Бұл гуманитарлық ғылымға берілген сенім, басымдық, үміт. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жақын арада гуманитарлық барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасауға ерекше тоқталды. Бұл қазақ халқының гумандық моделі бола ала ма? Парасаттылықтың, ізгіліктің, іңкәрліктің тұтас гуманитарлық идеясының моделі болуы керек деп ойлаймын. Ғалым және журналистерді дайындап отырған ұстахана ретінде бағдарламалық міндеттерге күш-қайратымызды салуымыз керек. Себебі, ғалым ретінде қасиетті орындардың мәдени-географиялық белдеуі туралы естігенде қатты қуандым. Осы уақытқа дейін тырбанып жүргізіп келе жатқан «Қазақ елі» экспедициясының да мақсаты Елбасының идеясымен сабақтасып тұр. Мұны Президент тарапынан қолдау деп білдім. Жұмысымызды өте серпінді түрде жалғастыруға дайынбыз. Биыл жазда экспедицияның ауқымын кеңейтуді қолға аламыз. Біз археологтар ғалымдармен бірге көне патшалар мекеніне атбасын бұрамыз. Астана мен Алматы ғалымдары Берелде кездесіп, Зейнолла Самашевтің 70 жылдығын атап өтіп, көптеген шараларды ұйымдастырамыз деп отырмыз. Археологтар мен студенттер ашық дала семинары және әр аймақта арналған мобильді мектеп аясында археолог-ғалымдарға көне жәдігерлерді сандық форматқа көшіру, мультимедиалық тұғырнамаға қалай ауыстыру жөнінде шеберлік сыныптарын өткіземіз. Біздің бұл бастаманы ЮНЕСКО және БҰҰ-ның Қазақстандағы департаменттері тарапынан және Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі қолдау білдіріп отыр. Биыл өтетін шара үлкен кешенді қадам. Сондықтан біз қазақ халқының кіндік көне өркениетіміздің дамыған жерінен медиа керуенді бастаймыз. Археолог-ғалымдар мен журналистер қасиетті орындарды аралап, жазбасын түсіріп, соңында Берелде басты шараларды жүзеге асырамыз деп жоспарлап отырмыз.

  • Экспедицияның атауы қалай аталады?

- «Ұлы Алтай жолымен» деп аталады. Медиа керуеннің құрамында 5 экспедиция бар. Бұған дейін бізде әр университеттің ғалымдары біріккен жобасы болмады. Екі универсиетет ғалымдарымен қоса, Германиядан, Ресейден, Түркиядан ғалымдар келіп қосылады. Олар далада ашық аспан астында, қорған жанында мультимедиалық тұғырнама қалыптасу жолымен көне жәдігерлерлдің, құндылықтардың виртуалды образын жасауға орай шеберлік сыныбын ұйымдастырамыз. Қолдағы бар жәдігерлердің виртуалды алаңға көшуіне ықпал ете аламыз. Бұл елімізде бесінші мәрте өтетін «Мобильді мектеп» аясында өтеді. Бұған дейін төрт аймақта: Павлодар, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласында өтті. Сол өңірдегі журналистермен бірігіп, қасиетті орындарда шеберлік сыныбын өткізу, елге сауатты ақпарат жеткізуді. ЮНЕСКО-ның медиа және ақпараттық сауаттылық бағдарламасы аясында жүзеге асты. Арыстанбабта, Түркістанда болды. Біздің медиакеруен траекториясы екі батыттан бастау алады. Алматы-Шілікті-Күршім-Берел; Астана-Шыңғыстау-Берел. Берел тарихи мемлекеттік мұражайында өтеді. «Берел» экспедициясының жетекшісі Зейнолла Самашев, «Алтай» археология экспедициясының жетекшісі Ғани Омаров, «Шілікті» археологиялық экспедициясының жетешісі Әбдеш Төлеубаев, «Шыңғыстау» экспедициясының жетекшісі – Ұлан Үмітқалиев, «Қазақ елі» экеспедициясының жетекшісі мен, әл-Фараби ат. Қазақ ұлттық университетінен үш экспедиция, Л. Гумилев ат. Еуразия ұлтттық университетінен екі экспедиция жасақталуда. Бұл кешенді шара елдіміздегі ғылым, мәдени тұрғыдан серпін жоба болғалы тұр. Бірнеше экспедиция бас қосып, қазба жұмыстарынан бөлек, ағарту шараларын өткізеді. Бұл идеялық ұсынысты өзім тастадым. Бір жиында археолог ғалымдар Берелге жол жүреді дегенді естіп, жетекшісін тауып жоспарымды айттым. Археолог-ғалым Ғани Омаровқа көп рахмет. Осы жобаны бірден қолдап, қазір жан-жақты келісім, дайындық жобаларын бастап кеттік. «Ұлы Алтай жолымен» демекші, біз Алтайға жол тартамыз. Берел – көне патшалар мекені деп атайды. Былтыр ғана мемлекеттік қолдауымен ашық аспан мұражайы салынды. Біз бұл жоба арқылы Берел аймағын ЮНЕСКО-ның мәдени мұрағаттар тізіміне қосуды ұсынбақшымыз. Бүкіләлемдік деңгейде тұрақты туризм дамуына да осы шаралар арқылы ықпал еткіміз келеді. Көптеген ғадымдармен ақылдаса отырып, туризм картасын сызып, көне жәдігерлерге елдің, жұрттың назарын аудару керек. Әлі инфрақұрылым дамымаған, мәселе жетеді. БҰҰ қолдау білдіріп, халықаралық тұрақты туризм жылы аясында өткізуді ұсынды. Және Қазақстанның БҰҰ-ға енуіне 25 жыл толады екен. Биыл бұл шаралар дипломатиялық деңгейде аталып өтеді. Бәрі сәтті өтеді деп ойлаймыз. Қолдайтын халықаралық ұйым, жергілікті әкімдік бар. Ғалымдардың басын қосатын керуенге үлкен жүк артылып отыр. Сондықтан мемлекеттің тарапынан қолдау болса дейміз.

Гүлмира Сұлтанбаева,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

Бөлісу:

Көп оқылғандар