ОМАР ХАЙЯМ РУБАИЛАРЫНДАҒЫ «ШАРАП» СӨЗІНІҢ МЕТАФИЗИКАЛЫҚ МӘНІ
Бөлісу:
Әбілеті мен Әділеті қатар жүрген мынау ақ әлем алты күнде жаралғалы һәм жер бітіп, су аққалы ұршықтай дөңгеленген жұмыр дүниені таң қылған жұмырбасты таланттардың қаншасы өмірге келіп, қаншасы кетті десеңізші?! Тарих- барлығына куә! Иә... Тарих демекші, тас пен қағазға қатталған қадым заманнан бергі тарихтың қалыптасуы мен ілгеріленуіне үлкен себін тигізіп, дүниежүзілік ғылым мен мәдениеттің дамуына үлес қосқан, адамзат аяғын өркениеттің босағасына бастырған мәдениеттің алғашқы бесіктерінің бірі- Орта Азия. Батысқа табынған жалған тарихшылар ұзақ уақыт Орта Азия халықтарының тарихын бұрмалап, жоққа шығарғандай болғаны да кәдік. Өзбек, тәжік, түрікмен, қазақ, қырғыз, ұйғыр, қарақалпақ халықтарын «тарих жасай алмаған халықтар» деп сырт көзге құбыжық көрсетіп келді. Олардың айтуынша, Орта Азия халықтары мәдениетсіз, дәрменсіз болған-ды-мыс. Бұл-,біз білсек(жоқ, бәрі де білетіндей) колониализм сандырағы екені даусыз.
Батыс қанша бас тартып, ерік бермегісі келсе де, санамызда қалқып жүрген сөздер «Бар ілімнің бастауы- Шығыс» деп сайрайды... Фирдоуси, Низами, Руми, Науаи, Аттар, Ширази, Жәми, Жүніс Әміре, Рудаки, Сағди, Фараби, Бируни, Ибн Сина секілді тағы да басқа ұлыларды тудырған Шығыс елін қалайша мойындамасқа?! Артында қалған ой- тұжырымдары кейінгі ұрпақтың сана- сезімін кеңейтіп, өлеңдері поэзиядағы жаңа бағыттың қалыптасуына түрткі болған Шығыс әлемінің аспанындағы «Жеті жұлдыздың» өзі Машырық пен Мағырып арасындағы талай ақынның бағыт- бағдарын анықтап, тура жол нұсқаушы Темірқазығына айналғаны жасырын емес. Оған қазақ ауыз әдебиетінің өзінде кездесетін шығармалар мен арғы- бергі қазақ ақындарының өлеңдері дәлел. Сол арғықазақ пен бергіқазақтың қай- қайсысы да Темірқазық жұлдыздарының бетін бұлт торламағанын, өз биігінде қалғанын қалайтыны ақиқат. Олардың есімдеріне бір жаманат сөздің қосарланып жүргенін көп көреді. Біздікі де сол баяғы баян ғой. Омар секілді ардағымызға кір жұқтырып алмаудың қамынан туған рухани қамқорлық деп түсінерсіз. Бірақ, сіздей саналы оқырман олардың қамқорлықты қажет етпейтінін, қанша күйелесе де оларға деген халық махаббатының сүйемдей де болса кемімейтінін бізден жақсы біледі...
Рудакиден кейінгі, Шығыстың ұлы әдебиетін алты жүз жылдай арайына алып тұрған ХҮ ғасырдың ұлы толқынының көшбасшысы- Омар жайлы сөз бастағанда- сөздің «біссімілләсі» дауға келіп тірелетіні бар. Даулы- екі мәселе. Алғашқысы- туған жылы. «Біреулер былай дейді» деп, сұқ саусақты шошайтқаннан гөрі, бір- екі- ақ дәлел көрсетсек жетіп жатар. Мысалға: М. Исқақовтың «Халық календары»(Алматы, 1963 ж.) кітабында О. Хайям 1040 жылы туылған десе, дәл осы автордың төрт жыл кейін шыққан «Математика мен математиктер жайындағы әңгімелер» кітабында Хайямның 1048 жылы 18 майда туылғанын хош көріпті. Ендеше, біз де хош дейміз. Екіншісі, тегіне байланысты (анығырақ айтсақ, өрнектелуіне). Хайям, Һаям, Хәйам, Хайам, Һәйам... Толып жатыр.
Шынтуайына келгенде, біз бұл әңгімеден «қашуды» жөн көрдік. Оның себебі, алдымен, басқа әңгіменің ауанына ауып кетерміз деп қорықтық. Кейін... Кейін, мақаламыздың көлемінің де көтермейтінін еске алыңыз.
Біз Абу-ль Фатх Омар ибн Ибраһим аль-Һайямды математик, астроном, философ, медицина мен музыкалық теориялардың авторы ретінде танимыз. Ендеше, Омардың жоғарыда айтылған бірде- бір ғылым саласымен байланысын қаузамай, әлемге аян төрттағандары (рубаилары) жөнінде аз- кем сөз қозғайық.
Ақындығынан гөрі ғалымдығы арқылы айдай әлемге танылып үлгерген Омар Хайямның рубаилары арқылы көрінуі бақандай жеті ғасырды қажет етті. ХІХ ғасырда ғана жалпы ғаламға ақын ретінде мәшһүр болған Шығыс шайырының рубаиларының метафизикалық мәні әлі күнге дейін талас тудырып келеді. «Халық этимологиясы» деп аталатын, сөздің арғы төркінін бұрмалап әкететін кейін шығарылған жол- жөнекей қисындар шын Ақиқатты тасада қалдырып жататыны бар.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Хайямның ақын ретінде әлемге танылуына жеті жүз жыл керек болды. Хайямды әлемге ақын ретінде ең алғаш таныстырған ағылшын әдебиетшісі Эдвард Фитцджеральд еді. Ол 1859 жылы өз ақшасына «Омар Хайямның рубаяттары» деген жеке кітапша шығарады. Екі жыл бойы таралмай баспа үйінде жатып қалған кітаптың бір- ақ күнде бүкіл данасы сатылып кетеді. Тағы да айтар жайт, ол небәрі 250 дана ғана еді. Кейін, Эдвард Фитцджеральд аударған нұсқадағы Омар Хайям рубаиларына сұраныс Англия, Еуропа, Америка елдерінде көп бола бастайды. Фитцджеральдтың көзі тірісінде кітап үш қайтара басылады.
Хайямды әлемге танытқаны үшін бәлкім, Фитцджеральдқа өкпелеуге тиіс емес шығармыз. Себебі Р.Н.Фрай айтпақшы: «Омар ақынға Фитцджеральдтың аудармасы, Омардың ғалымдығынан гөрі үлкен атақ алып берді». Яки, бәлкім, Э. Фитцджеральд аударған Хайямның «таңғажайып» рубаилары ағылшын тілінде жарық көрмесе, бүгінгі күні белгісіз күйінде, архив астында қала берер ме еді?!
Ойланып отырып, шын мәнінде, аудармасы үшін Фитцджеральдқа алғыс айтқым келмейді өз басым. Себебі бар әрине. Діні бөлек елден түпнұсқа арқылы таралған рубаиларда Хайям жаңа қырынан, яғни «супермен, ішкіш, қызқұмар, ұрлықшы ақын» ретінде танылып кетті. Фитцджеральд өзінің осынау «Рубаят» аударма кітабының «Омар Хайям- парсылық астроном және ақын» атты библиографиялық алғы сөзінде сенімді түрде Хайямды құдайсыз- материалист, ән, рахат, шарап құмарлықтарына салынған ессіз ақын ретінде баяндайды: «Өмірдің ұшы- қиыр, мән- мағынасын таба алмаған Омар Хайям, бүкіл рубаиларында өзін жұбатуға тырысады. Шарап, ән, хор қыздары жердегі жұмақ деп есептеген» дейді.
Ал, біздің көзқарас...
Хайям өлеңдеріндегі «шарап» сөзінің метафизикалық мәнін ашу үшін ең алдымен Хайямның сопылық бағыттың өкілі, дін адамы, Құдай үшін қызықтан безген тақуа екендігін ескеруге тиіспіз. Тіпті, Омар Хайямның «Джулиат», «Ваджуд» еңбектері- сопылық көзқарасын білдіретін бірден- бір туындылары қатарында. «Омар Хайямның сопылық төрттағандары» аталатын Роберт Арноттың еңбегінде Омар тұрғысынан құдайды іздеу мәселесі көтеріледі.
Парсы елі Хайямды сопылық бағыттағы ақын-философ ретінде біледі. «Священные книги и древние тексти Востока» (Лондон, 1917 ж.) кітабының кіріспе сөзінде профессор Чарльз Хорн «Омар Хайям сопылық бағыттағы алғашқы ұлы ақын» деп баға береді. Өкінішке орай, батыс халқы Омарды шарап пен қыз құмарлығына салынған ішкіш- зинақор ақын ретінде қабылдайды. Бұл сопылық ұстаған әулиеге әрине, түбірімен кереғар дүние.
«Islamtoday.ru» сайтында жарияланған «Омар Хайям- поэт, которого неправильно поняли» атты Ильдар Мухамеджановтың зерттеу мақаласында, қазақша тәржімасы шамамен төмендегідей пікір білдіріледі:
«Төрттағаннан тұратын атақты Омар Хайямның рубаиларын орыс тілді оқырмандар В.Державин мен Г.Плисецкийдің аудармасында оқып келді. Еуропа жұртшылығы (оның ішінде орыс халқы да бар) Омар Хайямды алғаш Э.Фитцджеральдтың аудармасы арқылы таныды. Ал аталмыш аудармаларда Хайям шарапқұмар, қызқұмар, эротик ретінде суреттеледі. Ғалымдар 5000 рубаидың ішінде 400- 500-і ғана Омардікі дейді»,- деп пікір білдіріледі.
Орыс халқы демекші, Хайямнан орыс тіліне тікелей аударма жасаған авторлардың ұзын саны елу шақты. З.Н. Ворожейкина мен А.Ш. Шахвердовтың құрастыруымен 1986 жылы жарық көрген «Омар Хайям в русской переводной поэзии» атты еңбек бар. Онда О.Хайямның өлең- жырларының орыс тіліне аударылып келе жатқанына жүз жыл дейді. Ең алғаш «Еуропа хабаршысы» жинағына, 1891 жылы «Омар Хайямнан(парсы тілінен)» атты айдармен В.Л. Величконың аудармасы басылған көрінеді.
Орыс халқы ауызында:
«Встал с могилы Омар Хайям,
И спросил «Кто перевел?»
Ему сказали «О. Румер»
Омар Хайям снова умер»,- деп келетін әзіл өлең бар. Қандай аянышты әзіл десеңізші?!
Жоғарыда, сіздің санаға сіңсе ғой деп, жанталасқа түсіп жазып отырған сөздеріміздің дәлелі ретінде Ө. Күмісбаев:
«Тегеран университетінде оқып жүргенімде, мен екі түрлі Омар Хайямға тап болдым. Өйткені ирандықтардың түсінігі бойынша, Омар- сопышыл, терең ойшыл. Орыстардың түсінігінде- шарапшыл, ішкіш, қызықшыл болып суреттеледі» дейді.
Енді, әңгіме ауанын өзімізге қарай аударсақ. Бірде пәк, бірде күнәлі, бірде сабыр толы, бірде ойнақы, бірде құдайдың құлы, бірде қарсы Омар Хайямның төрттағандарын қазақ оқырмандары ақын Қ. Шаңғытбаевтың аудармасы арқылы оқыды. Кейін, Ө. Күмісбаев, А. Бекбосынов, М. Исқақов, С. Мұқанов, С. Шәріпов, Ф. Мұртаза секілді аудармашылардың еңбегі арқылы ұлы шайырмен етене байланыса түстік.
Дегенмен, қазақ оқырмандары Қ. Шаңғытбаевтың Омар Хайямнан аударған төрттағандарын өте жылы қабылдағаны жасырын емес. (Тіпті, ауыл шалдарының қойын қалтасынан «Жыр жаһанын» талай көріп өскенімді айтқанның да артықтығы болмас.) Ойлап отырсаң, адамзат тарихында көпе- көрнеу түсініспеушілік арқасында мұндай кездейсоқ даңққа ие болған ақын жоқ екені даусыз шындық. Шаңғытбаевтың 18 жыл бұрын «Лениншіл жасқа» басылған мақаласында өзі: «Биылғы жазғанымды былтырғыға балап көрген емеспін. Бірақ, тауық жылына өкпем жоқ. Омар Хайям рубаяттарының аудармаларын қайта қарап, біраз жөндеп дегендей, данышпан алдындағы міндетімді өтеген сияқтымын» десе, ақынның қызы Гауһар Шаңғытбаева бір сұқбатында: «Әкем өз өлеңдеріне, аудармаларына қанағаттанбайтын. Омар Хайям рубаяттарының аудармасын қайта өңдеді» дейді. Расында да, «Жыр жаһанындағы» мен кейінгі шыққан «Шайыр» көптомдығындағы Омар аудармалары арасында біраз өзгеріс бар екенін аңғаруға болады. Қуандық ақын парсы тілінен тікелей аударғанда қазақ әдебиетіне қосылған сүбелі үлес сол болар ма еді?! Кім біледі...
Таң атып, көгергенде бақтың іші,
Ішеді мөлдір шарап жақсы кісі.
Ішкендер: шарап ащы,- деп айтады,
Ендеше, шарап ішпек- Хақтың ісі-, деп «жырлаған» Омарды оқып жүрген бүгінгі ұрпақтың мойнындағы үлкен борыш та, алдында кесе- көлденең тұрған мәселе де: Хайямның қанша рубаи қалдырғаны мен өлеңдерінің мәнін жете ұғыну ғана.
Хайям сықылды «шарап, қыздар, гүлдер» жайында Иүгінеки, Иассауи, Фарабилер де жазғанын есіңізге сала кетейік. Ендеше, бүкіл бабамызды қызқұмар, арақкеш, зинақор қылып, әлемге сол арқылы танымал болғанымызға мәз болып отыра берейік те. «Неге олай» дей көрмеңіз! ЖОО- дағы өз мұғалімімнің (білдей профессор) студенттерге Хайямды жоғарыдағыдай оймен баяндап отырғанын көргенім бар. Иә, ол ағайымыз рубаиларда үлкен сопылық классикалық метафоралардың сондай шеберлікпен қолданылғанын ұғынуға тырыспайды. Ол ағайымыз «шарап» сөзінің астында- Нұр, махаббат сөзінің астында- Құдайға деген махаббат, Жар сөзінің астында- әйел мағынасында емес, Жаратқан Алла жатқанын түсінгісі келмейді.
Хакім Абай: «Адамның адам атына ие болуы Хақты махаббатпен көксегенде ғана болады» деді. Я болмаса:
Менің жарым қыз емес,
Хақиқаттың шын нұры.
Оны сезер сіз емес,
Көзге таса бұл сыры,- деп жазған Шаһкерім әулие. Басы барға мұнан кейін басы артық сөздің керегі шамалы. Шаһкерімдер біз үшін, әрине, «Шын ақиқат шарапта!» деп өткен А. Блоктардан қашан да биік!
Омар Хайям жайлы көлемді зерттеулер жазып жүрген, тарих ғылымдарының кандидаты Б.С. Айтаев сындылар Хайям өлеңдерін жете түсінбеген сынды.Ал біздің қалам ұстағандағы бар айтпағымыз осы ғана болатын.
Омар Хайямнан біздің тілге рубаилар әлі де аударылып келеді. Кеше ғана, 2012 жылы жарыққа шыққан Рза Оңғарбай аударған Омар Хайямның рубаяттарынан да Батыстың иісі мүңкіп тұрғаны жасырын емес. Іздеген ұрпақ, Рзалардың аудармасына ырза ма?!
Айналып келгенде, әңгіме түйіні мен өзегі түпнұсқа арқылы жасалған білімді аудармаға кеп тіреледі.
Ал, біз пақырыңыз болса, өткеннің шаңын қағып алады да, алдағы күндерден үміт үзбек емес... Парамахамса Иогананда іспеттілер бізден де шығар!
Еділбек ДҮЙСЕН
2015 жыл
Бөлісу: