Ақын, драматург, аудармашы Маржан Ершудің «Жаңғырық» атты мистикалық микропоэмасын ұсынып отырмыз.
Ел білетін ұлы ақынымыз, тірісінде жұмбақ ақын атанған Жұмекен Нәжімеденовтың туғанына биыл – 90 жыл. Жұмекен терең мұхиттай. Жұмекенді қанша оқысақ та, ойдың орманына бой шалдырамыз. Жұмекеннің шығармашылығы туралы жүздеген еңбектер жазылса да, айтылмай келе жатқан бір сыр бар. Ол сыр – Жұмекен ақынның Махамбетпен туыстық қатынасы. Ақын һәм батыр бабамыз Махамбет Өтемісұлының анасы Қосуан, шығу тегі жағынан Жұмекен ақынның әулетіне жақын туыс болып шығады. «Топырағы жақын» дейді қазақ мұндайды. Әбіш Кекілбайұлы былай деп жазған еді: «Қанша бетің бар, жүзің бар демей, ойына не келсе, соны лақ еткізе салады деп жүргендерімізбен, Махамбет те ішіне құлта бүге білген. Өлеңдерінен жайдауыт, жалаңқабат, жадағай шумақтарды атымен ұшырата алмайсың. Кей ретте жыр емес, әлдекімге әлдене хақында әлдеқандай тұспалхат (шифрограмма) жолдап отырғандай әсер етеді. Өз қауымы үшін осынша жұмбақ тұлғаның өзгелерге одан да бетер тылсымдана түсері хақ. Біз Махамбеттің өлеңдерін өміріне , ал өмірін өлеңдеріне қарап, терең үңіле алсақ қана, толық түсіне аларымыз хақ». Әбіш аға жазғандай, «Махамбеттің ішіне бүккен құлта» Жұмекен шығармашылығынан да алыс кетпейді. «Жұмекен-жұмбақ ақын» дейтініміз де содан шығар. Жыр-да бір тылсым дүние, аруақты дүние. Мен болсам, анам жағынан Махамбет бабамызға жиеншар болып келетін себебім бар болғандықтан, жыр әлемінде Махамбетке сыйынарым да шындық. Жұмекенді пір тұтарым да рас.
Жаңғырық.
Жыр-жаңғырық
Естіді бір күн құлағым,
Ес-түссіз жерге құладым.
Қап-қара түнек. Ақ сәуле
Қос жанарымды шылады.
Ес жидым.
Бала өң. Гүл-демім.
Не болғанымды білмедім.
Аспан да аппақ. Ай да аппақ.
Аурухана ғой білгенім.
Тұрдым. Күлдім. Сөйледім.
Есейдім. Өстім. Ержеттім.
Өмір-бесігім тербетті.
Қадірін ұқпай жер, көктің,
Шөлдедім, талай терлеппін.
Жылдарыма менің қол бұлғап,
Жаңғырық бір күн ол кетті.
Таңдайыма ащы тамбады,
Тәттіні ауызға алмадым.
Қиял құсымен шарладым.
Жерде де емес, көкте емес,
Қайда екен менің арманым?
Талай таңдарды жалғадым.
Егілдім. Күлдім. Безердім.
Өмір зұлматын сезермін.
Ойларым кейде тарыдай,
Талғандай болды өзегім.
Су болды менің құмарым,
Жем деген ұлы өзенім.
Ақ маржан тамшы шашып бір,
Ақ нөсер жанды ашып тұр.
Тарығып та тарылмай,
Құм дала төсін басыппын.
Жаныма берген еркіндік
Кең далам шуақ шашып тұр.
Жұлдызды түнге құмарттым,
Күн нұры мені қызартты.
Ай сәуле аппақ демімен
Көңілімді алға ұзартты.
Темірқазығым, Шолпанға
Үмітімді ұзаттым.
Таңдандым. Тоңдым. Жылындым,
Жарық, жылуды ұғындым.
Түсінбей, ұқпай жанымды,
Өзімнен-өзім түңілдім.
Тіліме кірді тікенек,
Қан тамбай, құлап, бүгілдім.
Өлеңім қақты қанатын,
Соққандай менің сағатым.
Сонда да тыншу таба алмай,
Сенделгенін-ай сана құр.
Теңбіл де теңбіл терең ой,
Теңселіп көкте ауа тұр.
Безіндім тағы өзімнен,
Ұшқын көрінбей көзімнен.
Күндерім кетті сендіріп,
Айрылдым тағат-төзімнен.
Дауа да таппай жаныма,
Ай мен Адамнан безіндім.
Жапырақ жасып, шық тамып,
Жүрегімді бәлкім құптады.
Есеңгіреген тірлігім,
Естен де шығып ұтқаным.
Қара сиядай қап-қара
Қара түннен де ықпадым.
Жаныма таппай бір маза,
Ала да алмай жыр жаза.
Ала көңілім шапқылап,
Асау құлындай беймаза.
Кездерім мені құлатты,
Көрініп көзге кей жаза.
Өкінбен дегем өткенге,
Бір асу алда – көк белде.
Көзімді сүртіп көңілмен,
Кездерім көп ед шектелген.
Асығып көрген бейнетім,
Сен енді мені жек көрме!
Ұмтылдым жоққа жетем деп,
Еңсені езбей көтер дем.
Тұзыңның жасы тәттірек
Бал татыған шекерден.
Талықсып барып құладым,
Көздерім жұмық... ет өлген.
Құладым жерге жетсем деп,
Топырақ – тән боп кетсем деп.
Жүрегімдегі алапат
Сезімдерімді төксем деп.
Жаныма бір тыныштық
Тілегімменен етсем деп.
Шошыды да бұл күйден,
Жүріп кетті жыр-күймем.
Азан-қазан, у да шу,
Қабақ көрдім бір түйген.
Күміс күннің сәулесі
Ұстап апты күлкімнен.
Тебірендім, тербелдім,
Көкте де емес, жерденмін.
Жердің үнін ұғуға
Жерден өсіп келгенмін.
Қадіріңді қара жер,
Қадір өте білгенмін.
Жерді бастым! Құдірет!
Көкке қашқам бір рет.
Кеудемдегі шыбыным,
Тым болмаса сыбыр ет!
Жүрегімнің дүрсілі,
Жан-жүйкемді жұлып өт!
Сырды тізіп айнаға,
Қарадым кеп айнала.
Бір мұң тұнған көзіме
Күліп тұрды Ай қарап.
Алға басып келемін,
Тағдыр қандай тайғанақ?!
Айлар өтті күн-қабақ,
Ұмтыламын бір қарап.
Қауырсындай жанымның
Лебізін тыңдамақ.
Серпілуге жарармын
Селк етіп ап сынбай-ақ!
Ұйқы шағым таң қылық,
Үмітімді жандырып.
Жарым түнде оятты
Баяғы сол жаңғырық.
Жүрегімнен жыр саулап,
Ойлар ұшты әңгүдік.
Қайдан келген үн екен?
Таңдайыма түнетем.
Талып жеткен жаңғырық
Жасын сынды жыр екен.
Сыйынарым – Махамбет!
Пір тұтарым – Жұмекен!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.