Зере бейнесі қазақ сахнасында
Бөлісу:
Леонардо да Винчидің әжесі Лучия ди Пьеро Зози да Бакаретто болашақ суретшінің тұлға болып қалыптасуына, шығармашылық қиялының шарықтауына әсер еткен жандардың бірі деседі. Лириканың шебері Михаил Лермонтовтың әжесі Елизавета Арсеньеваның да парасатты болғаны айтылса, жазушы Максим Горький әжесі Акулина Каширинаның тәрбиесіне қанып, жақсы қасиеттерін бойына сіңіріп өскен екен.
Қазақ қоғамында да әже – ұлт дәстүрінің алтын арқауы, тәрбие бастауы болды. Әулетті тура жолдан тайдырмай, дұрыс жолға салып, мейірімі мен тағылымды тәрбиесіне қандырып өсіретін ақ жаулықты әжелер қазақта аз болмаған. Әже образын біз көптеген әдебиеттерден, тарихтан көреміз. Шоқ жұлдыздай жарқыраған Шоқанның әжесі Айғаным Сарғалдаққызы үш жүзге бірдей аты тараған, көркіне ақылы сай, білімді, парасатты әйел болса, қазақ руханиятының кемелденуіне айрықша үлес қосқан ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың Дінәсіл есімді әзіз әжесінің де жазушы өміріндегі орны тым бөлек болыпты. Кішкентай Мұхтарды еркелетіп: «Қоңыр қозым» деп атап, тіпті, Мұхтарды алты жасында Абайдың ауылына апарып, Абайды өз көзімен көруіне себепші болған екен. Қазақ әжелерінің үлгісіне айналған Құнанбайдың анасы, Ұлы Абайдың әжесі Зере де ақылды, парасаты мол, кісі ренжітпейтін байыпты, кең мінезді, тақуа, әңгімешіл әйел болған. Ұлтымыздың ұлы ақыны Абайдың әжесі Зеренің ақынды парасат жолына жетелеп, кемеңгер ақынның даналығының бастауы бола білгені ақиқат. М.Әуезовтың атақты «Абай жолы» романына соғыс жылдары Б.Момышұлы жоғары баға беріп, ондағы ана, әже образына ерекше тоқталыпты. «Зере мен Ұлжан Абайдың емес, барлық халық анасы. Аналық сезімі мол, елдің мұңын мұңдап, жырын жырлаған аналар болып ақиқат көрсетілген», - деуі де сондықтан.
Ілкіде «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы Зере бейнесін танып, білсек, күні кеше ғұлама Абайдың әжесін жақыннан тағы бір таныдық десек болатындай. Айтып отырғанымыз 23-24 тамызда Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясына негізделіп жазылған «Зере» драмасының тұсаукесерін ұсынғандығы еді. Белгілі ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ұлықбек Есдаулет «Зере» драмасын жаңаша ақындық бояулармен жазып шықса, қоюшы-режиссер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай да әже образының сәтті шығуына барынша күшін салыпты. Қазақ әйелдерінің ұлылығы мен даналығын паш еткен қойылым Астана жұртына тамаша әсер сыйлай білді. Бұрын соңды қазақ сахнасында сомдалмаған бейне болғандықтан ба, көрермен залында ине шаншар орын болмады.
Зере рөлін Қазақстанның халық әртісі, Қаллеки театрының актрисасы Гүлжан Әспетова сомдады. Бұл Гүлжан Әспетованың сахнадағы 50 жылдық еңбегіне орай, өзі аттай қалап алған рөлі екен. 50 жылдық шығармашылығына орай, актрисаның табиғи таланты мен ерекше болмысына арнайы жазылған туынды болғандықтан ба Зере рөлі Гүлжан апамызға қиындық туғызбағандай көрінді. Қазақ театрының киелі сахнасына 1967 жылы алғаш Қарагөз болып қадам басқан актрисаның 70 жылдық мерейтойында алғашқы Зере Ана образын сомдауы да мерейлі жасына арналған үлкен сый болыпты.
Қойылым бата, дұға дегеннің қасиетін жақсы түйсінген Зере ананың кішкентай Құнанбайды жетектеп, би атасы Кеңгірбайдың алдына үшінші рет келгенінен басталды. Зере: «Үш келдім, атам батасын бермеді», - деп жылап, Көкі бәйбіше де: «Келінің үш келді, басыңды көтер, батаңды бер», - деп жалбарынғанда Кеңгірбай би: «Тоғыз ата толғанша, түңлігіңді ешкім ашпасын!» - деп қолын керісінше жайып, теріс батасын беруі де нанымды шықты.
Көкі бәйбішенің: «Келінің жылап кетті, теріс бата бергенің не?» - десе, би: «Үш жылдан бері батамды алар деп тосқаным балаларым еді. Олардың бірі де келмеді. Ал келінім Зере мен немере балам Құнанбайға оң батамды берсем, онда менің артымда ұрпақ қалмайды. Төрт көк бөрім бар еді, соның екеуі келінім мен Құнанбайдың артынан кетті, егер батамды берсем төртеуі де соның соңынан кетер еді», - деуі Құнанбай әулетіне ертеден-ақ бақ қонғанын білдірсе керек. Қойылымда бұл теріс батаны Зеренің немересі Абай қайтарады.
Спектакльде Құнанбайдың нағашысы да жақсы көрініс тапқан. Зеренің әкесі Бектемір үйіне қонақ болып келгенде, өзі аласа бойлы, кішкентай сары шалды Байсал, Қаратай, Бөжей сынды тобықтының төбе билері аяқ астынан келіп, нағашысына мін тағуға тырысады. Сөз бастаған Байсалдың сөзі де оңып шықпайды: «Күйкентайдай мына сары шал кім?». Нағашысы екенін таныстырғанда мұқата бастағандарға жақтырмаған кейіпте Бектемір Құнанбайға «Мені елге таныстырдың. Бұларың кім?» – дейді.
– Бес болыс тобықтының төбе билері.
– Е, болса – болғандай, толса – толғандай-ақ екен. «Ер – анадан». Тек бұларға тәрбие жетпепті.
– Қандай тәрбие? – дейді Құнанбай да бір әңгіменің ұшы шыға бастағанын аңғарып. Сонда нағашы әкесі:
«Ер – анадан болғанда, ат – биеден,
Артқанда жүк қала ма нар түйеден.
Жігіттің алған жары жақсы болса,
Қымыз жасап береді бір биеден», – дей жөнелгенде андамай от басқанын сезген Байсал да:
– Ақсақал, ат-шапан айып менен, – деп кешірім өтініп, соңынан айып төлегені сахнадағы Құнанбайдың ғана емес көрермен көпшілік қауымның да делебесін қоздырып, айызын қандырды.
Сахнада Зере бейнесі ғана емес, болыс Құнанбайдың, бала Абайдың бейнесі сәтті көрініс тапты. Құнанбай мен Зеренің диалогы, Құнанбай мен Абайдың диалогы көркем тілмен өріліп, әже, бала және немеренің арасындағы үлкен махаббат пен сыйластық нанымды, тартысты шыққан. Құнанбай рөлін Сырым Қашқабаев, Абай рөлін Жанат Оспанов тамаша сомдады. Әсіресе, әділдігі мен қаһарлығын қатар ұстаған Құнанбайдың ашынған бөрідей ызалы, күйінді бейнесін, Абайдың парасатқа бет бұрып жатқан, даналықтың дәні егілген жас кезі көрермен қауымды тербетті, тебірентті. «Адамның бойына біткен жақсы қасиеті, оның міні де болып табылады», – дейтін Құнанбайдың қаталдығын сынға алған Зере анасына: «Жұмсақ ағаш құртқа жем, жұмсақ адам жұртқа жем» деген тапқыр сөздері көрермен қауымға әсер етпей қалмады.
Екі сағатқа созылып, құнарлы, мәнді, мағыналы сөзге құрылған қойылымды көпшілік бір деммен көріп шықты. Мұнда автордың да, режиссердің де, рөл сомдаушы актерлердің бірлесе жасаған еңбектері көрінбей қалмады. Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының директоры Айболат Сексенбаевтан бастап, театр ұжымының кезекті жемісімен құттықтай отырып, ақын Ұлықбек Есдәулеттің драматургия бағытындағы алғашқы қадамы жалғасын тауып, өзге де сәтті туындылар күтеміз. Қазақ сахнасына алғаш келген Зере бейнесіне «қош келдің» деп, бұдан кейінгі қойылымдарға сәт сапар тілейміз!
Наурыз САРША
Бөлісу: