Сол - менмін, ҒАЛАМ заңын бұзған ақын
Бөлісу:
Бала күнгі өлең
Мөлт еткен мөлдір көркің
Мүлтіксіз қалқам, ерен
Түсіме сен кірген түн,
Оянбай қалсам деп ем.
Əттең таң атып...
Жазылмас пəк сезіммен,
Қарасар шақ та-бақыт.
Жолыққан сəтте өзіңмен,
Қалса ғой тоқтап уақыт.
Əттең сағатым...
Самғатып айды аспанға,
Ғарыштап тілек деген.
Саусақтар айқасқанда,
Жарылса жүрек деп ем!
Əттең тағатым...
Бөктерлер гүл атқанда,
Келер деп елеңдегем.
Сен маған тіл қатқанда,
Тіл тартпай неге өлмегем?!
Əттең бала күн...
...Бақытты ғой туа салып өлгендер...
(Хафиз)
Үш-ақ күндік ғұмыр-шарана,
Су бетіндегі сыланған айдай.
Құрлық төсін жəйлаған
Ғұмырдария.
Мойны жұмыр өмір-шағала.
Қыл мойынынан бұланған тайдай.
Пенделер
өзін көрер тұсаулы айнадан.
Жанымен ана жылаған
Тамшыдай жаны тамып бір кетті,
сəбидің...
Тербелмей бесік құбадан,
Туа сап сəби қамыт тербетті,
Қамыт тербепті
пəниде...
Қалшылдап құрып,
ақ кірседағы шашыңа
Жалғанды сөкпе
барлығың.
Туылмай тұрып
жазылған құлпы тасыңа
Тағдырың!
Бағбансыз бассыз қалған дүние!
Етегін түріп тысталған
Бес күндік дейтін жалған дүние
Үш күндік болып қысқарған...
***
Əр бір көздің ар жағында ,
Таусылмастай əлем бар.
Қарқылдаған қарғаның да,
Дауысында əуен бар.
Ана сабар, бұла ұлдың да,
Кеудесінде дүрсіл бар.
Уын төккен жыланның да,
Ысылында бір сыр бар.
Тау ағызған тасқынның да,
Тасуында ғұмыр бар.
Жауға шапқан жас Ғұнның да,
Бас білмейтін дүбірі бар.
Үш-ақ күндік көбелекте
Ғұмыр бойғы бақыт бар.
Киік түбіт кебенекте,
Керегедей жаһұт бар.
Болат қанат қарт қыранның,
Құз жартаста құны бар.
Өмір дейтін ШАТТЫҚ əннің,
Мəтінінің мұңы бар.
Біз келгенбіз бір көзіміз жұмулы
Ақ киізбен хан көтеріп қастерлеп,
Шағалақша шуылына басатын.
Ораза ұстап тиылса əрең "сəскеде"
Ақшам кіре арда көңіл тасатын.
Қиған қамыс секілденген құлағы
Жас құлынның тəй - тəй басқан ізіндей.
Біздің тірлік екі-ақ сөзден тұрады.
Келу, кету-
Өмірдің қос көзіндей.
...Жылап туып үйрене алмай күлуді,
Біз келгенбіз бір көзіміз жұмулы...
Соңғы сəре
Иесіне еркелеген бұралқы күшіктей,
Сүйкімді уақыт, салпаң құлақты.
...Көк аязда адам өліп үсіктен,
Көктемгі жел көк атанды құлатты...
(Əлі ойлаймыз өлім ол жыра-а-ақта.)
Қорылына үй қозғалған ұйқыда,
Жарты өлген тəніміз.
Тағдыр атты тас кененің сиқына,
Тоналыпты қанымыз!
Азайыпты санымыз.
Тəлтіректеп жаңа туған құлындай
Қалш-құлш етер аяқта.
Қыран тағдыр үзер түлкі жұлынды,
Көбік күні, саятта.
Сағат, минут-ай, апта.
Өлім иісі бұрқыраған ноқтамен
Бұғауланған қара бас.
Бал қызбенен қыдырушы ем бақта мен-
Дəуірлермен аралас.
(Махабатқа шала мас...)
...Ақсүмбе ай жанымызды түлетті,
Соңғы сəре таң асырды жүректі...
Сол - менмін
Мен өлең жазар едім...
пасықтардың көзінен қан ағатын
Жасықтар өзін өзі таба алатын.
Бұйрығынсыз шыбында шаға алмаған
Паш ететін Құдайдың Ғаламатын.
Мен өлең жазар едім...
Ғашықтарға ұялшақ, тіл боларлық,
Аппақ қардың астынан гүл боратып.
Алты құрлық ақыны мекендеген,
Поэзия елінде мір* боларлық.
Мен өлең жазар едім...
Өлі туған рухқа жан бітіріп
Шапақтай шуақ шашқан таңды тіліп.
Таланттар оқитын таңдай қағып
Тасырларың оқитын қан жұтынып.
Мен өлең жазар едім...
Нəрестені пенде емес адам қылар
Жалғыз сөзден жалқы əлем санамды ұғар.
Замананың құстырып запыранын
Əр тармаққа сыйғызар адамдық-ар.
Мен өлең жазар едім...
Көктемгі гүл ететін күз наласын,
Күн айдан,
ал ай күннен қызғанатын.
Ғарышты ғадетінен жаңылдырып,
Сол менмін ҒАЛАМ заңын бұзған ақын.
*Мір - мэр
***
Сен қасымда жүрген шақта айдай боп...
Түнгі аспанға түстес едім,
Сүттей жарық келіскен.
Көз қырыма түспес еді
Пейіштік пəк періштең.
Сен қасымда жүрген шақта күндей боп...
Жазғы дала заңдас едім,
Жадыраған түрленіп.
Қолын тіпті алмас едім
Қор қыздардың кіл көрік.
Сен қасымда жүрген шақта асқақ боп...
Сетінемес сезім дейтін,
Бұланайдан сəл биік.
Көзге тіпті көрінбейтін.
Керім қыздар кері киік,
Сен кеткенде дала мұңды аспан күңгірт түнектей
...Енді міне қаламымды
Мұңға малып күнелттім
Сен жанымда жүре берші-
жанды жері жүректің!
Бақберген ДАРИҒА
Бөлісу: