Қазақтың Зейнолласы

Бөлісу:

23.10.2017 7019

Кеше Алматыдағы Ғылым ордасы ғимаратында Қазақстан Жазушылар одағы мен Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен жазушы, тарихшы, этнограф Зейнолла Сәніктің шығармашылығына арналған «Ұлттық әдебиет және Зейнолла Сәнік шығармашылығы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Республиканың әр аймағынан келген ғалымдар, әдебиеттанушылар З. Сәніктің шығармашылығы туралы көлемді баяндамалар жасаса, замандастары естеліктер айтып, ақын інілері жазушыға арнаған өлеңдерін оқыды.

Конференцияны Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан сөз сөйлеп ашып, тарихшы, этнограф, шежіреші, жазушы Зейнолла Сәнік шығармашылығы мен тағлымды өмір жолына қысқаша шолу жасады. Бұдан соң кеш тізгінін белгілі әдебиеттанушы ғалым Гүлжаһан Орда қолға алды.

Конференцияның негізгі баяндамалары басталмас бұрын қаламгер жолын өрнектеген «Мәңгілік жол» деректі фильмі көрсетілді. Фильмде Зейнолла Мүбаракұлының өмір жолы, өскен ортасы, шығармашылық ізденісі, замана туралы ойлары тұщымды иірімдермен берілген.


Зейнолла Мүбәракұлы Сәнік 1935 жылы Қытайдың Тарбағатай аймағында дүниеге келген. Бейжің қаласындағы орталық жастар институтын бітіріп, еңбек жолын баспагерліктен бастаған. Үрімжідегі жастар баспасында жауапты редактор болып қырық жылдай қызмет атқарған. 1955 жылдан бастап әдеби зерттеу жұмыстарын жаза бастаған. Сол уақытта Қытайда жүргізілген «мәдени төңкерістің» ауыр соққысына ұшырап, «халық жауы» болып, ауыр күндерді де өткерген.

Соған қарамастан, қаламгердің ғылыми еңбектерінен, роман, повестерінен құралған жиырмадан астам кітабы жарық көрген. Қазақстанда «Қаракерей Қабанбай», «Хас батыр Қабанбай», «Тұғырыл хан», «Демежан батыр», «Халық күйшісі Қайрақбай», «Баспай» атты кітаптары мен еңбектері жарияланған. 2013 жылы өмірден озды.


Конференция аясында Зейнолла Сәніктің прозалық, тарихи танымдық, этнографиялық еңбектері негізінде құрастырылған 15 томдық кітап пен жазушының жары, белгілі ақын Шәмшәбану Хамзақызының 2 томдық жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Саналы ғұмырын талмай ізденіске, шығармашылық тұрғыдан кемелденуге, елге қажетті тарихи һәм этнографиялық мұрағаттарды жинауға арнаған қаламгердің көп томдығын шығару жұмысына арнайы комиссия құрылып, жинақты жанрлық, танымдық әрі тақырыптық аясына қарай жіктеп, толымды еңбек етіп құрастырғаны байқалады. Әсіресе, қаламгердің «Хан батыр Қабанбай», «Қаракерей Қабанбай», «Қазақ ертегілері», «Қазақ емшілігі мен дәрігерлігі», «Қазақ этнографиясы» секілді ұзақ жылдық қажырлы еңбегімен тірнектеп жиған кітаптарының ұлттық тарих пен этнографияға, фольклорға қосар үлесі қомақты екені даусыз.

Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Маралтай Райымбекұлы қаламгер шығармашылығына тоқталып, «Зейнолла Сәнік ағамыздың еңбектерінен отаншылдық рух, ұлттық таным менмұндалап тұратынын», Қытай қазақ әдебиетінің негізін қалап, кемелдендірген үркердей топтың ішінде З. Сәніктің орны бір бөлек екенін тәптіштей айтып, Зейнолла Сәнік шығармашылығы әлі де зерттеуді, талдауды, насихаттауды қажет ететінін жеткізді. Сондай-ақ, Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шәмшабану Хамзақызының жырларының мөлдір иірімдерге, тың тіркестерге, өзгеше ойларға арқау болатын соны шумақтарынан мысал келтіріп, 2 томдық шығармалар жинағына енген жырлардың оқырман қауымға берері мол боларын жеткізді.

Көптомдық еңбектер туралы арабтанушы ғалым Мақсұт Шафиғов «Халық перзенті» тақырыбында ғалым-қаламгердің жастық шағынан естеліктер айта келіп, «ол өзінің елге мол еңбек қалдыру жоспары барын жастық шағында-ақ айтатын» деп, З. Сәніктің жұртқа беймәлім қырларына тоқталса, филология ғылымдарының кандидаты Дудариша Сартбаева «Демежан батыр тарихи эссесі» жөнінде өз ойларын ортаға салды. Ол Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов пен Зейнолла Сәнік шығармашылығындағы өзара байланыспен қатар, өзгешеліктерін де қамтып, Қ. Жұмаділов тарихи кейіпкерлер образын көркемдік деңгейде жеткізсе, З. Сәнік тарихи деректерге баса мән береді, бұл оның «Демежан батыр» тарихи эссесінен анық байқалады деп, нақты мысалдар арқылы ойын жеткізді.

Ал филология ғылымдарының кандидаты, Еуразия Ұлттық университетінің доценті Нұрлан Мансұров болса «Жазушы шығармашылығындағы тілдік қолданыстар» тақырыбын жан-жақты ашуға мән берді. Ол өз баяндамасында З. Сәніктің тілге, тіл тазалығы мен құнарлығына баса мән беретіндігін баса айтты. Кестелі сөз, орамды ой, ұтқыр тіркеспен бірге, З. Сәнік шығармаларында әдеби орта көп қолдана бермейтін, бүгінгі жастар мағынасын білу түгіл, тосырқай қарайтын, бірақ өзінің тарихи әрі тілдік маңызын еш жоймайтын небір сөздерді табиғи түрде қолданысқа енгізіп, елге ұсына білген суреткер ретінде қабылдайтынын, бұған мысалдар көп екенін баса айтты.

Жас ізденуші Ғалым Қасымханұлы «Зейнолла Сәнік шығармашылығындағы азаттық идеясы» тақырыбында қаламгер шығармашылығының түпкі идея-мәніне тоқталып, сараптамалық баяндама жасады.

«Ан-Арыс» баспасының директоры Кәдірбек Құнапияұлы «Көптомдық басылымдар туралы» кітаптардың құрастырылу, ретке келтіру, мазмұндық-мәндік топтастыру барысы туралы өзінің ойымен бөлісті.

Кеш барысында Ғалым Қалибекұлы, Алмас Ахметбекұлы бастаған белгілі ақындар жырдан шашу шашты.

adebiportal.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар