Асылбек Байтанұлы: Қазіргі қазақ поэмасының генезисі туралы шолу
Бөлісу:
Қазіргі әдебиеттану ғылымында әдеби жанрлар және олардың даму кезеңдері мен түрлік ерекшеліктері туралы алуан тұжырымдар мен пікірлер бар. Қазақ әдебиетінде ежелден бері өзіндік даму сипатымен дараланған синергетикалық жанрдың бірі – поэма. Поэма қазақ әдебиетінде қашан туып қалыптасты? Әлемдік классикалық поэма өлшеміне сай жазылған туындылар қазақ әдебиетінде қаншалықты мол? Дәстүрлі қазақ дастандары поэмаға жата ма? Поэманың қазақ әдебиетінде қандай жаңашыл түрлері қалыптасып даму үстінде? Посткеңестік, посткоммунистік дәуірдегі қазақ қаламгерлері поэманың мазмұны мен пішініне қатысты қандай жаңашылдықтарға қол жеткізді? Бұл сұрақтарға толымды жауап табу үшін ең әуелі поэма жанрының әлем әдебиетіндегі және түркілік табиғаты, даму ерекшелігі туралы қарастыру керек болады.
Поэма – әлем әдебиетінде ежелден қалыптасып, жан-жақты салалана дамыған, әрі әдебиеттану ғылымында біршама кешенді зерттелген жанрлардың қатарына жатады. Қазіргі қазақ поэмасы да дамудан кенде емес.
М.Жұмабаев, І.Жансүгіров, Қ.Аманжоловтардың ізгі дәстүрін жалғастырған бүгінгі поэма шеберлерінің қарымы бұған дәлел бола алады.
Жалпы ішкі мазмұндық сипатына, немесе композициялық құрылымына қарай, әлемдік әдебиеттану тәжірибесінде поэманы сюжетсіз лирикалық, публицистикалық және сюжетті поэмалар деп бөлу үрдісі бар.
Поэзия жанрына жатады дегенімізбен, поэманың ұзақ та қысқа өлеңдерден, лирикалық балладалардан айырмашылығы – көлемділігінде, қамтитын оқиғаның ауқымдылығында, нақты құрылған идеясы мен сюжеттік жүйесі болуында. Сонымен бірге поэманың өзіне тән ырғағы, ұйқасы, мазмұны, түрі, динамикасы болатындығын да ескерген дұрыс.
Поэма туралы анықтамалардың өзі де сан алуан, әрі бірізді емес. «Сюжетті поэма оқиға желісін ширақ өрістетіп, кейіпкерлердің іс-әрекетін бейнелеуге негізделеді, ал сюжетсіз поэмада лирикалық сарын басым болады, көлемі жағынан шағындау келеді. Поэманың алғашқы нұсқалары деп ауыз әдебиетіндегі уақиғалы жырларды айтуға болады. Олардың баяндау тәсілі, кейіпкерлер бейнесін суреттеу өзгешелігі де ауыз әдебиеті дәстүрлерімен тығыз байланысты»[1, 168].
Әрбір зат пен құбылыс негізсіз, себепсіз туындамайтыны сияқты, қазақ әдебиетіндегі поэма жанрының арғы тегі ұлттық фольклорымыздың аса өнімді де бай саласы – батырлық, ғашықтық эпостарда жатқандығы анық. Сондықтан да поэма жанрының тууы мен қалыптасуы, этногенезисін қарастыруда халық ауыз әдебиетінде ғасырлар бойы жасап келе жатқан эпикалық дастандарымызды зерттеудің маңызы зор.
Еуропалық әдебиеттанушылар ежелгі грек заманында туған Гомердің «Иллиадасы» мен «Одиссеясын» көне поэмалардың қатарына жатқызады. Олардың генезистік пайда болу жағдаяттары мен мүмкіншіліктерімен салыстырғанда, қай жағынан алғанда да ешбір кем соқпайтын түркі (қазақ) эпостарын да көне поэмалардың қатарына жатқызуға болады деп білеміз. Дегенмен, көне гректің аталған эпостық поэмаларын «Соқыр Гомер атты ақын (біздіңше жырау) шығарыпты-мыс», - делініп, авторлық шығарма ретінде танылса, түркілік (қазақ) бірде-бір эпостық поэма авторлық шығарма ретінде қарастырылмағандығын ескеруіміз керек. Мысалы, «Қобыланды батыр» жырын үлкен бір эпикалық дастан деп қарастыратын болсақ, оның авторы ретінде Марабайды да, Жанақты да, Біржан Толымбаевты да тани алмайтынымыз анық.
Әуел баста қара сөзбен жазылған «Қорқыт ата кітабынан» бастау алып, қоңырат руы арасында кең тарап, кейіннен бірнеше түркі халықтарына ортақ сипат алған ұзақ жыр – «Алпамыс батырдың» қысқаша, үзік-үзік сұлбасы байқалатынына қарап, біз эпостық поэманың тууы мен даму динамикасын аңғарамыз. Осы құбылысты бағамдаған академик Қ.Жұмалиев былай деп тұжырым жасайды: «Қазақтың батырлар жыры бірден-ақ бір бүтін ұзақ бола салған емес. Бұлар әуелде батырлардың әртүрлі оқиғаларда істеген ерліктері жөнінде жеке жырлардан құрастырылған. ...әрбір батырлардың әр кездегі ерліктері жөнінде шығарылған жырлар, бір батырдың не бір оқиғаның маңына жинастырылып, біріктіріліп жазылғаннан кейін, эпостық поэма атағын алады» [2, 158].
Қазақ поэмаларының еуроамерикандық және ресейлік әдебиеттерден тыс, өзіндік даму сатысына мән берген әдебиетші ғалым Ж.Толыспаева эпостық поэма жөнінде мынадай ой айтады: «ХХ ғасырдағы жанр теориясында поэманың бастауларын эпостан іздеу керек деген ортақ тұжырым бекітілген.
Егер бұл жанрдың қайтадан ұйымдасу заңдылықтары туралы айтар болсақ, поэма əрбір тарихи ұрымтал кезеңде өзінің эпостық бастауларына оралу арқылы жаңғыратынын, бірақ əрқашан қайталанбас, сапалық жаңғыру бейнесінде болатынын айту керек. Жаңа мыңжылдықтағы қазақстандық поэма да эпосқа оралуда...» [3, 208]. Демек, қазақ поэзиясындағы сарқылмас қуаттың көзі, бүгінгі және болашақ ақындардың айқын бағыт алар нысанасы – ұлттық жадымен суарылған эпосттық поэмалар болып табылады және ғаламдасу дәуірінде ұлт ретінде жойылып, жұтылып кетпеудің басты амалдарының бірі де осы болмақ керек-ті.
Поэманың жоғарыда біз прототегі ретінде алған эпостық поэмадан өзге де түрлері болғандықтан және олардың біріне тән анықтаманың екіншісіне қатысты дәлме-дәл келе бермейтіндігін де секергеніміз жөн. Осыған байланысты, нақты сипатын ашатындай, дәл анықтамасы жасалған деп айта алмаймыз. Поэманың негізгі құндылығы – оның көлемінде емес, өлеңмен жазылғандықтан, поэзияға тән ұтқырлық пен айқындыққа құрылған көркем поэтикасында, оқырманға әсерлілігінде деп қарастыруға әбден болады.
Жазба әдебиетте поэманы тектік тұрғыда эпостық, лирикалық, драмалық деп бөлу үрдісі (аристотельдік-гегельдік теория) ежелден қалыптасқандығы белгілі. Стильдік әдіс тұрғысында, яғни өмір шындығын бейнелеу қалпына қарай реалистік, фантастикалық, романтикалық, психологиялық, педагогикалық поэмалар туып қалыптасқандығын белгілі бір қоғамның даму кезеңдеріне, ондағы сұраныс пен таным-түсініктерге негізделгендігімен түсіндіруге болады. Кеңестік дәуірдегі коммунистік мұраттарды жүзеге асыру жолындағы ұраншыл пафосқа құрылған «қызыл жалынды» поэмалардағы өмір шындығын бейнелеу тәсілі бұған мысал бола алады.
Ал романтикалық дастандарда күнделікті өмірдегі ұсақ-түйек хал-ахуалға көңіл бөліне бермейді. Мысалы, қазақ эпостарының сонау ежелден бергі үздіксіз ұласқан романтикалық үрдісін тартымды жалғастыра білген Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баянынан» өз әулетінің бақытын туған халқының ар-намысы жолында құрбан етуден тайынбайтын, рухы күшті, нанымды қаһарманды көреміз.
- Поэманың барлығы сюжетті бола ма? - деген сұрақ та туындайды. Әрине, бола бермейді. Қазақ әдебиетіне тән толғау жанрының кейбір көлемділерінен лирикалық сезім басты орынға шығатын, аз көлемді сюжетсіз поэма сипаты көрініс тауып жататындығын айқын аңғарамыз. Бұл Қазақ хандығы тұсында өмір сүріп, шығармашылығымен танылған көптеген ақын-жыраулар толғауларына тән құбылыс.
Поэма жанрының теориялық негіздері жөнінде академик Зейнолла Қабдолов мынадай тұжырым жасайды: «Поэма – …өмірде болған, не болуға тиіс күрделі құбылыстар мен келелі оқиғаларды, алуан-алуан адам тағдыры мен заман шындығын көлемді, желілі, эпикалық не лирикалық сипатты өлеңмен суреттеу. Поэмалар түрлі-түрлі: сюжетті поэмалар да, сюжетсіз поэмалар да болады. Поэмаларда жасалатын адам образдары да әралуан: эпикалық образ да, лирикалық образ да, реалистік образ да болады.
Поэма – қазіргі қазақ поэзиясындағы мол өркендеп, кең өріске шыққан шешуші жанрлық түрлердің бірі»[4, 313]. Поэма жанрын ұлттық әдебиетіміз ауқымында жіктеп, саралауда әлемдік әдебиет теориясының зерттеу үрдісін көзжұмбайлықпен қотара салуға болмайтын көптеген жағдаяттар болса, соның бірегейі – жоғарыда атаған, ұлттық әдебиетімізге ғана тән толғаулар мен дастандардың, қиссалардың болуы дейміз. Поэма жүгін көтеріп тұрғандықтан, Еуропа әдебиетінен келген балладалардың да ара-жігін ажырату кейде қиынға соғып жатады. Авторлардың да балладалық деңгейдегі жүк көтеріп тұрған туындысын поэма дей салатыны ара-тұра көрініс тауып қалып жататынын көріп жүрміз.
Сюжеттік-композициялық түріне қарай фольклорлық сюжеттерге және нақты оқиғаларға құрылатын дастандар қазақ әдебиетінде ежелден орын алып келді және Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ақыт Үлімжіұлы сияқты ақындар шығармашылығынан осы екі түрді де байқауға болады.
Поэманың ерекше бір түрі – сюжетсіз поэмалар. Сюжетті поэмадан ерекшелігі – сюжетсіз поэмалар адамдардың араларындағы тартысты емес, сол тартыстардан туындайтын нәтижені образдап көрсетеді. Дегенмен, сюжетсіз поэма жазу – бұл кез келген ақынның қолынан келе бермейтін, үлкен шеберлікті қажет ететін күрделілік. Қаламгер кейіпкер күресінің нәтижелерін ықшам әрі қызықты етіп бейнелей алмаса, ой қайталаушылыққа ұрынып, шығармасы жалаң схема қуушылыққа айналады да, сенімсіз, өлі туынды болып шығады. Жалпы поэма дегеннің өзі сюжеттердің шеберлікпен қиюласқан тізбегі екендігін мойындағанымыз жөн.
Поэма да өзге жанрлар тәрізді қоғамдық сана сұранысына бейімделетіні, қоғамдық көркем ойлаудың сөз арқылы сыртқа шыққан көрінісі іспетті болғандықтан, қазіргі күні постмодерндік көңіл-күйді танытатын туындылар да көптеп ұшырасып жатады.
Дегенмен, қазіргі кейбір ақындардың поэмаларынан тамырында батыстық христиандық пен жапондық дзен-буддалық жатқан постмодерндік үлгіге саламын деп, жалаң символизмге орынсыз ұрыну, күйректікке бой ұру, ұлттық, мұсылмандық танымның шеңберінен шығып кету халдері жиі ұшырасатыны да дәуір шындығы. Қазіргі поэма тарихи-əдеби жəне теориялық аспектіде толық зерттеліп болған жоқ деп сеніммен айта аламыз және де жалпы поэманың, оның ішінде лирикалық поэманың анықтамасы әлі күнге айқын еместігін көптеген әдебиеттанушы ғалымдар атап көрсетеді, әрі бұл Отандық ғылымға ғана тән құбылыс емес.
Ресейлік әдебиеттанушы ғалым В.Е.Гусев поэма туралы тек жалпылама түрде айтуға болатындығын, оның тек тарихи-теориялық сюжет қана екендігін, әдеби үдерістің шындығы бола алмайтындығына ерекше тоқтала отырып: «Существуют жанры поэмы, но нет жанра поэмы»[7, 5] - деп ой түйеді. Яғни, поэманы жанрға бөліп қарастырудың ешқандай мәні жоқ дегенге саяды.
Қазіргі қазақ поэзиясын, оның ішінде поэма жанрын өзіндік бояу-реңкімен даралап көрсетумен қатар, әлемдік поэзиямен жымдаса кіріккен, біртұтас бірлікте алып қарастыруға да болады. Яғни, әлемдік эпикадағы поэтикалық кеңістік пен талғам – қазақ әдебиетіне де ежелден тән. Оған соңғы жылдары қазақтың қарымды ақындары қаламынан туған поэмалар айғақ.
Эпикалық поэмалар көбінесе басты қаһарманның айналасына құрылатындығын және оны шығарма арқылы қалай көрсететіндігі басты мәселе десек дұрыс болар.
Арғы бастауын эпикалық жырлардан алатын қазақ әдебиетіндегі поэма жанры бүгіндері жанрлық мазмұны мен құрылымы тұрғысында заманға сай жаңарып, жаңғыруды бастан кешуде. Сондықтан да поэманы типологиялық тұрғыда зерттеу үдерісі бүгінгі заман сұранысы тұрғысында зерттелуі тиіс деп білеміз. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ поэзиясындағы поэма жанрының пайда болуына тек эпикалық дастандар ғана ықпал етті десек, қазақ қаламгерлерінің Батыс, Шығыс әдебиетінен алған үлгі-өнегесін, белгілі бір дәрежеде еліктеуін де мүлде жоққа шығара алмаған болар едік. Сондықтан да поэма жанрларының әлемдік әдебиеттегі алғашқы көріністері туралы мәлімет деректерді де қарастыу – қазақ поэмасының да эволюциясын айқынырақ тануға мүмкіндік туғызатындығы анық.
Қазіргі қазақ әдебиетінде поэма жанрының түрлі салалары игерілді деуге толық негіз бар. Кейбір санаулы түрлері ерте кезеңде пайда болғанымен де, әлем әдебиетінде кеңінен дәстүрге ене қоймауы – ондағы мазмұндық жүктің тым ауырлығы болса керек.
Орыс әдебиетімен ХІХ ғасырдан бастап етене араласып, үйрену, игеру нәтижесінде қазақ әдебиетінде поэма жанры ХХ ғасырдың басында жаңа беталысқа ие болғандығын біз мойындауымыз керек әрі мұның өзі «қазақ поэмасының арғы бастауы тек қана Батыс, Ресей әдебиетінде жатыр» дегенді білдірмесе керек. Тіпті орыс әдебиеттану ғылымының өзінде «поэма» термині ХІХ ғасырда ғана пайда болғанына В.Г.Белинскийдің мына сөзі айғақ болмақ: «В новейшей поэзии есть особый род эпоса, который не допускает проза жизни, который охватывает только поэтические, идеальные моменты жизни и содержание которого составляет глубочайшие миросозерцания и нравственные вопросы современного человечества». Этот род эпоса один удержал за собой имя «поэмы». Таковы все поэмы Байрона, некоторые поэмы Пушкина (в особенности «Цыганы», «Голубь»), также Лермонтова «Демон», «Мцыри» и «Боярин Орша»[6, 410].
Қазақ әдебиеті Батыс, Ресей мәдениетінен де ерте араласқан рухани байланыс әлемі – араб, парсы өркениеті. Әсіресе, парсы, яғни Иран өркениеті мен Тұран өркениеті арасындағы мыңдаған жылдық тарихи, рухани байланысқа қатысты деректер аса мол.
Түркі халықтары ҮІІІ ғасырлардан бастап жаңадан түскен хак дін – исламға мойынұсына бастаған тұстан бастап, араб мәдениеті түркілік мәдениетке бірте-бірте дендеп кіріп, айыра танығысыз, ажырамастай кірігіп кетті. Бұл аса озық араб әдебиеті, оның жанрлық, поэтикалық жүйесіне де қатысты. «Діни қиссалар – пайғамбарлар мен әулие-әмбиелер, періштелер мен сахабалар, т.б. өмірі мен олардың дін жолындағы іс-әрекетін бейнелеген шығармалар. Діни қиссалар сюжеті "Құран Кәрімнен» алынған. Өйткені, Құран Кәрім тек діни кітап қана емес, сонымен бірге, араб классикалық әдебиетінің де ғажайып үлгісі. Негізінен, қарасөз түрінде айтылатын ертегілер мен әңгімелерді, аңыздар мен әпсаналарды араб тілінде қисса десе, парсы тілінде «дастан» деп атайтыны мәлім. Алайда қазақ қауымы Шығыс хикаяларының өлең жырға айналдырған үлгілерін ғана «қисса» немесе «дастан» деп таныған» [7, 76], - деп атап көрсетілген «Ислам» анықтамалығында.
Яғни, жыр-дастан түрінде келетін, қазақ әдебиетінің ертеден келе жатқан жанры ретінде қалыптасып үлгерген қисса немесе дастаны – қазіргі қазақ поэмаларының ілкі бастауларының бірі ретінде қарастырылуы заңды құбылыс болып табылады. Қазақ тілінде жыр-дастан, немесе қисса дастан, жыр-қисса деп қосақтап айта береді.
Бұл арада ескеретін жағдай – қазақ, тіпті жалпы түркі халықтарының әдебиетінде «поэма» терминінің орнына әдетте «дастан» термині қолданыла береді. Әрі дастан аталған поэзиялық, эпикалық шығарманың өзі сюжеттік құрылымы, поэтикалық қуаты, лирикалық иірімдері тұрғысында поэманың жүгін толық көтере алатындығын көреміз. Бұдан біз түркі дастандарының еуропалық поэмадан өзіндік ерекшелігін байқаймыз. Біз атап көрсеткен мәселе жөнінде өзбек ғалымы Д.Қуббатова былай деп атап көрсетеді: «Исследования показали, что термины «достон» и «поэма» используются как синонимы народного эпоса восточно-классических и современных лиро-эпических произведений. Нельзя отрицать роль народных дастанов, созданных в лиро-эпическом жанре. Они имеют своеобразные композиции, что и послужило почвой жанра «поэма». Появление в письменной литературе жанра достон тесно связано устными народными дастанами»[8, 3-4]. Ғалым халық ауыз әдебиетінің жазба поэзияға тигізген әсерін дұрыс бағамдаған және бұл пікір тек өзбек әдебиетіне ғана емес, қазақ әдебиетіндегі дастан мен поэманың ара қатынасына да тікелей қатысты.
Қазіргі поэмалар генезисінің бастауы ретінде халық эпостарын қарастырушы ғалымдардың бірі, литван әдебиеттанушысы В.Киканс былай деп атап көрсетеді: «Халық эпосы, романтикалық және реалистік поэмалар осы заманғы ақиқат болмыс жағдайында жеке жанр ретіндегі өзінің тарихи негізін жоғалтты. Бірақ олар эпостың әсіресе романтикалық және реалистік поэмалардың элементтері ретінде өмір сүруін жалғастыра береді»[9, 227-228].
Өзбек әдебиеттанушылары ауызша тараған дастандар мен қазіргі түркі жазба поэмаларының түп-тамырын тым бағзыдағы түркі жәдігерліктерінен іздейді. Мысалы, академик Б.Валиходжаев Мұхамед Қашғаридің «Диуани–лұғат ат-түрік» еңбегінде келтіріліген өлең-жырлардағы поэма элементтерін қарастырады. Мысалы, аталған еңбектегі «Алып Ер Тұңға туралы жырда» поэмаға тән элементтер кездеседі деп біледі[10, 6-8] және бұл пікірді қазақ ғалымы Мәлік Ғабдуллин де айтқан болатын.
Әдебиеттанушы ғалым В.Киканс поэмалардың стильдік жүйесі туралы қарастыра отырып, мынадай пікір білдіреді: «Өз тарихында поэма тарихында мифологиялық эпос, қаһармандық эпос, қаһармандық поэма, романтикалық поэма, реалистік поэма сияқты тұрақты жанрларға бөлінеді. Бұл жанрлардың барлығы да мазмұндық-пішіндік категориялардың нәтижесі болып табылады, яғни бұл мамзұндық формалардың барлығы – біртұтас стильдік жүйеге енеді», - деп атап көрсетеді[9, 187].
Өзбек фольклортануында да мифологиялық эпос, халықтық эпос, романтикалық және реалистік эпостар бар деп қарастырылған және олардың өзіндік ерекшеліктері бар деп танылған.
Келесі бір өзбек әдебиеттанушысы Ш.Хасановтың пікірінше, поэма деп – барынша реалистік сипатқа ие шығармаларды жатқызу керек, ал дастан деп романтикалық сипаттағы шығармаларды атау керек. Бірақ ешбір әдебиеттегі жанрлар реалистік немесе романтикалық бағыттар бойынша бөлінбейтіндігін ескерсек, автордың тұжырымдамасымен келісу қиын болмақ. Бірақ автордың «поэма» – «дастан» терминінің батыстық баламасы. Қазіргі заманғы дастан – бұл классикалық дастанның көлемі мен сапасы тұрғысында өзгерген, жаңа моделі»[11, 18], - деген пікірімен толықтай келісеміз.
Қазіргі күннің өзінде дастан мен поэма терминдері арқылы қамтылатын поэзиялық туындыға қатысты түсінік мидай араласып кеткен деп айтуға болады. Өткен ғасырдың басында, яғни 30-жылдарына дейін «дастан» термині кеңірек қолданылып келсе, 30-жылдар соңынан бастап, «поэма» термині алға шыққанын байқаймыз. Мұның бір себебі – көптеген ғалымдардың аатап көрсетуінше, дастанның жоғарыда біз атап көрсеткен «қисса-дастан» деген тіркеспен қатыстылығы.
Демек, 30-жылдардағы қуғын-сүргін кезінде дінге еш қатысы болмаса да дастан жанрында жазылған туындылардың ескілікті жырлау сипатындағы туынды ретінде билік пен партия тарапынан жазаға ұшырауы мүмкін болған. Сол себепті де авторлар өз шығармасын «дастаннан» гөрі «поэма» деп атауды жөн санағандықтан, поэма атауы жиі қолданыс тапса керек. Бұл жөнінде өзбек ғалымы В.Хализов былай деп көрсетеді: «Әдебиет дамуының әрбір жаңа кезеңінде және сол жанрдағы әрбір жаңа шығарма барысында жанр қайта жаңғырады, түлейді»[11, 259].
Осы тұста тығыз ішкі жақындықтағы дастан мен поэманың мынадай айырмашылықтарын да тануға болады:
Халық дастаны – бұл ұжымдық еңбектің жемісі.
–Классикалық дастан мен осы заманғы поэмалар – жеке тұлға еңбегінің жемісі.
–Халықтық дастандарда лирика өлең түрінде көрініс тапса, эпикалық дастанда проза түрінде де көрініс таба береді;
–Классикалық дастандарда лиро эпикалық күй өлең түрінде келеді;
–Осы заманғы поэмаларда екұшты әдіс қоданылады, яғни кейбірі лиро-эпикалық стильге құрылса, енді бірі лирикалық (немесе эпикалық) құрылымға ие болады.
Қазақ әдебиетіндегі поэма жанрының генезисі заман ағымына сай зерттеу нысаны ретінде алынып, айқындала түсері даусыз.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. (Құрастырушылар: З.Ахметов, Т.Шаңбаев). –Алматы: Ана тілі, 1996. – 384 бет.
2 Қ. Жұмалиев. Әдебиет теориясы. Алматы: Ғылым, 1962. – 244 бет.
3 Ж.Толысбаева, Ә. Қабылов. Поэзия жанрлары, тарих жəне жаңа заман тəжірибесі. Оқу құралы. – Семей: Талант, 2008. – 365 бет.
4 Қабдолов. Сөз өнері: Әдебиет теориясының негіздері. – Алматы: Мектеп, 1982. – 358 бет.
5 В.Е. Гусев. Форма и суть. //Литературная газета. – 1965. – 19 августа. стр. 5
6 В.Г. Белинский. Полное собрание сочинения. Том 6. – Москва. Художественная литература, 1955. стр 433.
7 Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Аруна Ltd. ЖШС, 2010.
8. Кувватова Х. О жанрах «достон» и «поэма». //Современная филология (II): материалы междунар. заоч. науч. конф. – Уфа, Лето, 2013. – с . 3-4.
9 Киканс В.С. Современная советская поэма. – Рига: Зинатне, 1982. С 227-228.
10 Валихуджаев Б. Узбек эпик поэзияси тарихидан. – Тошкент: Фан, 1974. 6-8 бетлар.
11 Хализов В.Е. Теория литературы. – Москва: Высшая школа, 1999. стр. 341.
Асылбек Байтанұлы
Бөлісу: