2017 жылғы үздік 5 фэнтези

Бөлісу:

18.01.2018 6058

Фэнтезиді көптеген әдебиетсүйер қауым әлі де жасөспірімдерге арналған жеңілтек жанр деп қабылдайды. Әсіресе, қазақ қоғамында осы бір ой сірескен сеңдей боп, көбесі сөгілмей-ақ келе жатқан сияқты бола береді. Әйтпесе, бізден басқа елдердің көбінде фэнтези жазушылар кәдімгідей танымалдыққа ие болып, фэнтези романдар бестселлерге айналып, сол романдардың желісімен түсірілген фильмдер рекордтық касса жинап жатыр. Фантаст-жазушылар ойдан жасаған әлемдеріне мыңдаған, тіпті миллиондаған адамдар тәнті болып, сол әлемнің «тұрғынына» айналуда. Ондағы өмірдің адам таңғаларлық қиын да қым-қуыт «шындығы», сол әлемдегі кейіпкерлердің жан дүниесінің тереңіне тартатын сиқырлы сыры жасөспірімдер ғана емес, ересектерді де еріксіз еліте алады. Мысал керек болса, аспаннан алып қажет емес, екінің бірі білетін «Сақиналар әміршісін», «Гарри Поттерді» және «Мұз бен Жалын жырын» айтсақ та жеткілікті.

Дегенмен, бұл жанр күннен күнге жетіліп, түлеп, тарамданып, бүгінде көптеген түрлері пайда болды. Мәселен, әйелдер фэнтезиі деген шағын жанр қазір қанатын кең жайып келеді. Технофэнтези, қала фэнтезиі сияқты салаларда бүгінде белгілі қаламгерлердің өздері жаза бастады. Естеріңізде болса, 2017 жылдың соңында өткен «Рух» халықаралық әдеби байқауында жас қаламгер Айсұлу Алмаштың «Құрбы қыздар құпиясы» атты шағын роман-фэнтезиі «Балалар прозасы» номинациясы бойынша 1-орынды иеленген болатын. Бұл қазақ оқырмандары үшін де фэнтези жанрының қызық екенін, керек екенін көрсетеді.

Ал біз назарларыңызға 2017 жылдың назарға көп ілінген фэнтези романдарын ұсынамыз.

«Скандинав құдайлары». Нил Гейман

Британдық жазушы Нил Гейманның атағы қазір қиял-ғажайыптарды жақсы көретіндердің арасында асқақтап тұр. Өткен жылы оның «Америка құдайлары» атты романының желісі бойынша түсірілген сериал көптеген көрерменнің көзайымына айналды. Бұл романда қаламгер қазіргі Америка құрлығында тұратын халықтардың мифтік кейіпкерлері туралы таңғажайып әңгімелер жазған болатын. Оған дейін «Жұлдыз шаңы» («Звездная пыль») мен «Коралина» атты атақты романдар да осы жазушының қаламынан туған. Өткен жылдың соңында Гейман «Скандинав құдайлары» деген тағы бір кітабын басып шығарды. Бұл ежелгі нормандардың мифологиясы туралы, Тордың балғасы қайдан шықты, Рагнарёк, яғни скандинав халықтарының ақырзаманы қалай келеді деген сияқты жалаң баяндау емес, сол бір құдайлар әлеміне еріксіз тартып әкететін, олармен қоян-қолтық араластырып, өзіңді сол әлемнің бір бөлігіне айналдырып жіберетін сиқырлы суреттеме деуге болады.

«Буыңды бұрқырат!». Терри Пратчетт

Британдық жазушы Терри Пратчеттің «Буыңды бұрқырат!» («Поддай пару!») кітабы да недәуір жетістікке жетті. Бұл жазушының атағы Жалпақ әлем теориясы бойынша жазылған сатиралық фэнтези циклінен кейін аспандап шыға келді. Оның кітаптары 50 млн. данамен басылып шыққан. 2009 жылы Елизавета ІІ патшайым жазушыға рыцарь-бакалавр атағын берген. Қаламгердің Мойст фон Липвиг деген кейіпкері туралы трилогиясының үшінші бөлімі 2017 жылы оқырманына жол тартып отыр. Кітапта өлім жазасынан сытылып шыққан алаяқ Анк-Морпорк деген қалаға қашып келіп, сол жерде пошта қызметін жандандырып, қаржы реформасын жасайды. Енді ол қалаға бу қозғалтқышы мен теміржол желісін енгізуге білек сыбана кіріседі. Сөйтіп, ескі көзқарастағы экстремист-гномдармен текетіреске түседі. Кітапта кейіпкердің осы жолдағы басынан кешкендері қызықты әрі шым-шытырық оқиғалармен көмкеріле жеткізіеді.

«Аралдықтар». Кристофер Прист

Бұл қаламгер әдебиетсүйер қауымға ең алдымен 1995 жылы жарық көрген «Бедел» («Престиж») романымен танымал болды. Осы романның желісі бойынша 2007 жылы Кристофер Нолан фильм түсірді. Ал Присттің «Қиял архипелагы» циклі бойынша жазылған «Аралдықтар» («Островитяне») кітабы өзі ойлап тапқан әлемнің географиялық сипаттамасымен қатар, бір кейіпкердің жұмбақ өлімі туралы әңгімесінен құралған.

Орталық теңіздегі Қиял архипелагы Прист ойлап тапқан ғаламшардың төрттен үш бөлігін алып жатқан сан мыңдаған аралдардың жиынтығы. Бұдан бөлек, осы ғаламшарда тек екі ғана үлкен құрлық бар. Солтүстік (Нордмайер) тұрғындары бір-бірімен үнемі қырылысып, соғысып жатады. Ал архипелаг тұрғындары арнайы «Бейтараптық туралы келісіммен» барлық соғыстардан қорғалған. Бірақ негізгі ұрыстар Оңтүстік құрлықта өтетіндіктен, аралдықтардың бейбіт аспанына аракідік әскери ұшақтар мен кемелер басып кіріп, ойран салып кетеді.

Прист оқырман назарына кітапта кездесетін барлық елді-мекендер (Аая-дан бастап Эммеретке дейін) туралы «аралдық-жазушы» Честер Кэмстон жасап шыққан анықтамалықты ұсынады. Дегенмен, анықтамалықта аттары кездесетін локациялар мен кейіпкерлердің жайдан-жай айтылмайтыны кейінірек белгілі бола бастайды. Ойдан құрастырылған архипелаг жолнұсқасының астарында шым-шытырық оқиғаның жасырылғаны белгілі болады.

«Болат түсті аспан». Роберт М. Вегнер

Поляк жазушысы Роберт М. Вегнердің алдыңғы жылдары шыққан Меекхан империясындағы оқиғалар туралы екі романы оқырмандардың жоғары сұранысына ие болған еді. Енді, міне, солардың жалғасы ретінде «Болат түсті аспан» атты романы да 2017 жылы орыс тіліне аударылып, оқырмандарына жол тартыпты. Бұл кітап Польшада да жоғары бағаланып, сол елдің үш әдеби марапатына ие болып үлгерген. Кітапта Арбакештер мен Көшпенділердің арасындағы қырғын соғыс басты тақырып етіп алынған.

Автордың жазуынша, көп жылдар бұрын Арбакештер халқы қатыгез көшпенділердің қысымына шыдамай туған жерін тастап қашуға мәжбүр болған. Алайда Меекхан империясында туып, бабалары туралы ерлік жырларымен сусындап өскен жас буын сол жерлерді қайтарып алғысы келеді. Жорыққа шыққан жасақтың алдынан асу бермес мұз құрсанған тау шығады. Оның әр жотасында, әр қалтарысында өлім аңдып отырады. Бұл жерге аяқ басқан адамдар ізім-ғайып жоқ болып кетеді. Бірақ дәл осы жерде Солтүстік пен Шығыстың екі батыры кездеседі: біреуі – генерал Ласкальниктің жасағындағы жауынгер қыз – Кайлеан да, екіншісі – Тау Күзетінің жас лейтенанты – Кеннет. Олар бір нәрсені түсінулері керек: құдайлар бір-бірімен баяғыда соғысып болған мынау әлемде басқа бір қара күш пайда болған сияқты, онымен айқас әлі алда...

5. «Жер мен көктің балалары». Гай Гэвриел Кей

Баламалы тарихи фэнтезидің шебері Гай Гэвриел Кейдің бұл романындағы оқиға оның «Әл-Рассан арыстандары» және «Сарантия мозаикасы» кітаптарындағы әлемде, бірақ бірнеше ғасырдан кейін орын алады. Бұл әлемде, яғни Орта ғасырлар мен Қайта өрлеу дәуіріндегі Еуропа мен Азияның еркін интерпретациясы болып табылатын Джада әлімінде екі Ай бар. Мұндағы «псевдохристиандар» Күн құдайы – Джадаға құлшылық етеді (кейбір жерлерде Иса, Икар және Прометейдің қосындысынан құралған оның ұлына құлдық ұрады). Автор османдықтар үшін Алланың «рөліне» жұлдыздарды қойған, ал құпиясы көп халық – киндаттар жоғарыда айтылған екі Айға сиынады. Тарихтан білетініміздей, бұл «халықтар» да дін үшін қиян-кескі ұрысқа түсіп, билік үшін қырықпышақ болып, бірі қитұрқы әккілікпен, бірі қара күшпен үстемдік құруға өршелене ұмтылып жатады. Осы қым-қуыт оқиғалардың ішінде Осман халифының сарайына жан-жақтан жиналған төрт кейіпкердің өмірлері ерекше суреттеледі. Олар: халифтың портретін салуға жіберілген суретші, османдықтардың әскеріне тыңшылыққа жіберілген жас келіншек, қызық пен шыжыққа құмар саудагер және Осман жаяу әскерінің жас сарбазы...

Сонымен, біздің тізім осымен бітпейді. Басқа да көптеген фэнтези романдар өз оқырманын тауып жатыр. Біз тек солардың ішінен өзіміздің қызығушылығымызды тудырғандарын назарларыңызға ұсындық. Алда тағы қызықты кітаптар туралы ақпарат беріп отырамыз.

Әбу-Асқар Мекешұлы

Бөлісу:

Көп оқылғандар