Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЗЕРТТЕУ
/
XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі  драма жанр...

14.09.2025 58

XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі  драма жанры 14+

XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі  драма жанры - adebiportal.kz

Бар ғұмырын қазақ әдебиеті мен ғылымының дамуына арнаған Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, ұлы ұстаз, ғалым Рымғали Нұрғалидің туғанына – биыл 85 жыл. 

«Талант тағдыры» «Өнер алды қызыл тіл», «Қазақ драматургиясы»,  «Әдебиеттің эстетикалық мәні», «Телағыс», «Әуезов және Алаш»  іспетті  елуден астам кітаптардың авторы. 

Сондай-ақ ол Л.Толстойдың «Әзәзіл» повесі мен Н.Погодиннің «Салтанат жыры» пьесасын, Ә.Кешоковтың «Соңғы шақырым» драмасы мен П.Брагиннің «17 жайлы хикая» повесін қазақ тіліне тәржімалаған еді. Ілгеріде Р. Нұрғалидың «Драма өнері» монографиясының негізінде жазылып  еш жерде жарық көрмеген осыбір мақаламның екінші бөлігін назарларыңызға ұсынуды жөн санап отырмын.

Бүгінгі жаңа драматургия тығыз мәтінді тартыстың жаңа түрін талап етеді. Өйткені, кеңестік кезеңнің, идеологиялық насихаты бүгінге еш жарамайды. Қазақ драматургиясы жүйесінде драма жанр ретінде трагедия, комедиямен бір мезгілде дүниеге келді. Жалпы ерекшеліктері жөнінде қазақ драмасы жанрдың дүниежүзі әдебиетіндегі сипаттарының қалыбынан еш ауытқымайды десек те болады. Күнделікті тұрмыстың әр түрлі құбылыстары драмада жан-жақты бейнеленеді.  Сан алуан тартыстар драма қаһарманын ауыр шайқастарға салып, оның рухани – адамгершілік қуатын сынап көреді, алға қойған мақсат, белгілі нысана үшін күресі үстінде адамдар мінезінің неше түрлі қырлары ашылады. ХХ ғасырдың басында жанр есебінде дүниеге келіп, басқа халықтардың драма жанры тарихымен салыстыра қарағанда, аз ғана уақыттың ішінде есейіп үлгерген қазақ ұлттық драматургиясының қалыптасу жолы өте күрделі. Егер әлем драматургиясы сан ғасырмен есептелетін ұлан-ғайыр жолдан өтсе, қазақ драматургиясының тарихы әлі ғасырға да жеткен жоқ. Соған қарамастан, қоғамымыздың қауырт өрлеп дамуы, халықтың мыңдаған жылдық дәстүрі бар фольклоры,  әдебиеті жаһан мәдениетіндегі дәстүрлермен қауыша келіп, қазақтың жаңа сапалы өнерін – драматургия мен театрды өмірге әкелді. 

Қазақтың алғашқы пьесаларын заманның талабына сәйкес сомдағандар ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында алаштың ардақты ұлдары Ишанғали Меңдіханов, Жиенғали Тілепбергенов, Жүсіпбек Аймауытұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Қошке Кемеңгерұлы, Жұмат Шанин, Сәкен Сейфуллиндер болды. 

Қазақ драматургиясы шын мәнінде ғылыми айналымға, нысанға алынып зерттеу ісі 1950 жылдардан басталғанын көруге болады Осы жылдардан бастап диссертациялар қорғалып, монографиялық еңбектер жарыққа шыға бастады. Қазақ драматургиясын зерттеген ғалымдарымыздың көптеген ғылыми еңбектеріне шолу жасай отырып байқағанымыз, олардың басым көпшілігі қазақтың драма жанры қазан төңкерісімен бір туғандығын айтады. Алайда, көркемдік жағынан елеулі кемшіліктері барлығына қарамастан, қазан төңкерісіне дейін біраз пьесалардың баспасөз жүзін көргендігін нақты ашып айта аламыз.  Олар: «Надандық құрбаны» мен «Манап» атты пьесалар 1915 жылы «Айқап» журналының бірнеше нөмірінде Алматы уезінің бастығы АИ Лиханов деген орыстың қазақ өмірінен алып жазған «Манап» драмасы басылып шыққан. С Сейфуллиннің «Манап» туралы сыны да осы кезде жарияланған еді. 

Қазақ драматургиясы жанрының қалыптасуына, сахналық өнердің дамуына ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ жастары ұйымдастырған әдебиет, ойын-сауық кештердің негіз болғандығы және ұлттық мәдениеттің бұл жаңа түрі негізінен ағартушылық бағытта дамып, олардың репертуарындағы шығармаларда халықты өнер-білімге, ілгері кеткен елдердің мәдениетін үйренуге, үлгі алуға, ескіліктің шырмауынан шығуға үндегендігі туралы «1920-30 жылдардағы қазақ әдебиеті» еңбегінде айтылады.  Аталған осы кітапта: «Алғашқы ойын-сауықтар тәжірибелері драматургияның тууына, алғашқы пьесалардың жазылуына ықпал жасады. Қазақстанның әр жеріндегі осындай талпыныстар, алғашқы сахналық қадамдар қазан төңкерісімен ілесе келіп, ұлттық драматургия мен театр өнерінің дүниеге келуіне негіз болды» - делінеді. 

Драманың жанды құбылысқа айналуының белгісі ретіндегі театр өнерінің бастауы ауыз әдебиетінен басталатынын зерттей келе М. Әуезов: «Өзге жұрттың мысалына қарағанда, театр ұрығы елдің әдет-салтынан, ойын-сауығынан, ән-күй, өлең-жырынан басталған. Театр өнерін тудыратын жайлы топырақ, қолайлы шарт елдің өз денесінен шыққан. Өнердің іргесін қалайтын елдің өзі. Содан кейін мықты дүкен, сұлу күмбезді жасайтын – сол ел тірлігіне иығын сүйеген өнерлер», - дейді. 

Драма өнері туралы ХХ ғасырдың басында көрнекті зерттеуші, ағартушы ғалымы А.Байтұрсынов оны қазақша «Айтыс-тартыс» деп аударып мынадай анықтама берген еді. «Айтыс-тартыста ақынның айтқан әңгімесін естиміз, уақиғаның өзін, уақиғада болған адамдардың өздерін көреміз. Уақиға көз алдымызда болып, адамдардың тіршілік жүзінде айтысып-тартысып өмір шеккенін көреміз. Тіршілік майданында адамдардың ақылы жеткенше амалдап, қайратына қарай қару қылып алысқаны, арбағаны, қуанғаны, жылағаны, ойнағаны, күлгені, сүйгені, күйгені, жауласқаны, дауласқаны, бітіскені, жарасқаны өмір жүзіндегідей көрініп, көз алдыңнан өтеді»- дейді. Драма тегінің зерттеушісі бұл тектің қазақша атауы орынды екенін кейін «Әдебиеттанытқышқа» қатысты зертеулерінде нақтылаған еді. 

М. Әуезов «Жалпы театр өнері мен қазақ театры»  еңбегінде жалпы театр өнерінің тууына қатысты сөз қозғағанда Еуропа, оның ішінде көне грек театрынан бастайды. Себебі театр өнерін алғашқы туғызған ел грек халқы дейді. Ежелгі көне Греция театрының шығу тегі, генезисі, жалпы даму тенденциясы туралы М. Әуезовтің еңбегінен толық мәлімет алуға болады.

Ал Рымғали Нұрғали өзінің зерттеу еңбегінде Әуезовті қайталамауды жөн көреді. Автор театр төркіні мен сыр-сипатын тану үшін Шығыстың көне мәдениетіне зер салу керек дейді. Еуропа театрының туып қалыптасуына ұйытқы болған грек өнері екендігі дау туғызбау керек деп, ежелгі грек театрының дамуы, құрылыс-бітімі туралы жүйелі мәлімет береді. Эсхил, Софокл, Эврипид шығармаларын жақсы түсіну үші ол кезеңдегі тарих, философия, жанрлық шарттар, композициялық-архитектоникалық талаптарды білу қажет екенін айтады. 

Х ғасырда Францияда пайда бола бастаған, шіркеуде маңызды діни мерекелер кезінде көрсетілетін әдеби спектакль, әдеби драматургияға қатысты зерделі мәліметтер береді. Зерттеуші әдеби драматургияның миракль, мистерия, моралите, фарс деген жанрлық түрлерінің анықтамаларын беріп, тарихи мәні мен жанрлық сипатын ашу үшін біраз еңбектенген еді. 

Ал орта ғасырлардағы ағылшын театры мен драматургиясының есімі ең бірінші Шекспирмен байланысты ауызға алып, шекспиртануды – әдебиеттану мен өнертанудың үлкен бір саласы деп қарайды. 

Ғалымның М.Әуезов, Ж.Шанин, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин тағы басқа көрнекті қаламгерлердің пьесаларын талдауда үнемі архив материалдарына, ескі қолжазбаларға үңілгенін аңғарамыз. Үздік пьесаларды халыққа танытуда театр сахнасына шыққан сол кезде актерлердің есімдерін де ғалым зерттеуінен оқуға болады.

Мысалы «Еңлік-Кебек» пьесасының алғаш сахналануы туралы: «Еңлік – Кебектің» 1917 жылы мамыр айында қан жайлауда қойылған тұңғыш қойылымына жиылған көрермен саны жүзден асыпты Бір қызық деталь - ойынға елу тиыннан билет сатылып, барлығы 54 сом 50 тиын жиылыпты. Бұл ақша Құлжадағы ашаршылыққа ұшыраған қазақтардың пайдасына жөнелтіледі.

Абыз болып Зікәйіл, Кебек болып Ақкенже, Еңлік болып Ахмет, Еңліктің шешесі Қалампыр болып Жағыфар, Жапал болып Жебірейіл, Кеңгірбай болып Ысмайылхан, Көбей болып Құтайба, Еңліктің әкесі Ақан болып Бастами деген жігіттер ойнайды Спектакльді қоюшы режиссер де, ойнаушылардың ұмытқанын есіне салып жіберетін суфлер де - Мұхтар Әуезовтің өзі», - дейді.

Драматургияның даму тенденциясында өріс алған фрейдизм, экзистенциализм, формализм секілді бағыттарына өткір сын айтылып, драмалық өнердің даралық қасиетін айқындайтын философиялық, психологиялық, өнердегі образдарға теориялық тұғырнамалар жасалады. Осылайша орыс драматургиясының тарихы мен теориясына жан - жақты талдаулар жасалады. Зерттеу бағытын осындай жүйеде дамытуда ғалымның Әуезовтен үлгі алғаны аңғарылады. Ұлы жазушы да әлемдік театр өнері туралы қаузай келе қазақ топырағындағы осы өнердің қалыптасып, дамуына ойысады. 

Театр өнерінің қазақ топырағында қашан пайда болғаны жайында қолға ұстатқандай нақты күн болмағанымен, оның элементтері халқымыздың өнерінде ертеден бар екеніне автор жақсы дәлелдер келтірген. Бертін келе Ресей империясының қол астына ену секілді қоғамдық қарым-қатынастардың дамуына байланысты халқымыздың отырықшылыққа бет бұрып, бір жерге шоғырлана бастауы өнердің озық түрі театрдың дүниеге келуіне жол ашқан еді. Зерттеуші: «Орал, Орынбор, Семей, Қызылжар сияқты шаһарларда бірталай тұрақты, кейбірі үйірме дәрежесіндегі орыс, татар театрлары жұмыс істеген. Семинария, гимназия школаларындағы қазақ жастары Европа театры мен драматургиясының тарихын оқып, біле жүріп, өз халқының тұрмысынан, салт-санасынан, фольклорынан соларға ұқсас формаларды іздеген, тапқан», - деп жазады. Сонымен қатар Семей қаласында Абайға арналған кеште 1914 жылы «Біржан мен Сара айтысы» инсценировкаланып сахнаға қойылғанын, К.Тоғысов жазған қазақтың тұңғыш пьесасы «Надандық құрбаны» 1915 жылы Уфа қаласында басылып шыққаны жайында деректер береді.

Қазақ театрының қалыптасу жолында тер төккен тұңғыш режиссер Жұмат Шанин, Қалыбек Қуанышбаев, Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Серке Қожамқұлоа, Елубай Өмірзақов, Шәкен Аймановтарды атап өтсе, драматургияның өсіп өрлеуін Жұмат Шанин, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Жүсіпбек Аймауытов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Әлжаппар Әбішев, Шахмет Құсайынов, Қалтай Мұхаметжанов, Тахауи Ахтанов есімдерімен байланыстырады. 

Жанр мәселесі әлемдегі барлық халықтардың әдебиетінде кең орын алған. Жанрдың табиғаты, құрылысы, формалары туралы пікірлер мен тұжырымдар сан алуан. Р.Нұрғали жанр табиғатына типологиялық тұрғыдан қарап, олардың ұқсас, сарындас екенін әрі жанрдың бір жерде ішкі жағдайлардың әсерінен дүниеге келсе, енді бір ортада тарихи-мәдени қарым-қатынастардың ықпалынан тууы мүмкін екенін айтады. Жанр тудыратын элементтерге ғалым: сюжет түзілісі, композияция, тақырып, поэтика, шығарма идеясын ашатын көркемдік құралдарды жатқызып, бұған  драмалық эмоциялық әсер беретін формаларды қосқан дұрыс деп санайды: «трагедия-қайғыртсын, комедия-күлдірсін, драма-толқытсын», - дейді.

Драманың жанрлық табиғатын тану үшін ғалым түрлі мәселеге назар аударады: 1) Драмалық тартыс; 2) Драма композициясы; 3) Драма мен театр байланысы. Пьесаны талдау барысында да, тұтас кезеңге пікір айтуда да зерттеушінің  осы мәселелерге көңіл аударғаны мәлім. Өзгеге сүйенуден гөрі, өзгеден үлгі ала отырып, өз жолын қалыптастыруды көздеген ғалым драмаға қатысты теориясын тудырады. Драмадағы тартысты жанрдың болмысын ашатынын көрсетеді. Тартыс жоқ жерде драма жоқ дей отырып, оны драманың алпыс екі тамыры, жүрегі, өмірдегі қайшылықтардың көрінісі дейді. Осы тұста ғалымның пікірі ұстазы М. Әуезовтың пікірімен сабақтасып жатқанын байқаймыз. Драмадағы тартыс туралы ұлы жазушы: «Драматургиядағы конфликт мәселесi - пьесаның жанрлық белгiсiн көрсететiн шешушi элементтердiң бiрі, драматургияның негiзгi компонентi. Драматургиялық шығарманы нықтап, проза, поэзиядан бөлектеп тұратын шартты белгi жалғыз осы конфликт» - деген еді. 

Естеріңізде болса, «Манап» драмасына алғаш пікір айтқан адам М. Дулатов  еді. Ол «Манап» драмасы деген атпен «Қазақ» газетінде мынадай сын мақала жариялады. 

«Бір жұрттың жайынан мұндай нәрсе жазу үшін жазушы әуелі сол жұрттың өз баласы, иә өзіндей болып сіңіскен, ол жұрттың жайын білуде зәредей кемшілігі жоқ болуы шарт. Екінші көргенін, білгенін әм сезінгенін оқушының дәл көз алдына елестегендей суреттеп жаза білерлік туа шебер, жүйрік (талантты) болуы шарт. Осы айтылған екі қасиет бір кісінің бойында түгел болмаса, ол кісі әдебиет майданында қалам ұстап шығып жазушы бола алмайды»-дейді. 

Автор шығарманың осы екі үлкен талап өресінен шықпағандығын, әсіресе, халық өмірінен хабарсыздығын драманың мазмұнын баяндай отырып ашады. Айтпақшы, М. Дулатов осы мақаласында «Манаптай» шығармаларды кітап етіп бастыруға асықпай, білікті кісілердің сынынан өткізіп, көркемдігіне көңіл толған жағдайда ғана шығаруды ұсынады. Міржақыптың «Манап» драмасы» атты мақаласы – қазақ әдебиетінің көкейкесті мәселесін көтерген сынның бірі. Әсіресе, алғаш көрінген драманың кем-кетігін тізіп айтып, ондайды аудару-аудармау, жариялау-жарияламау туралы өз пікірін ашық білдіруі әдебиеттің көрікті де ажарлы, тартымды да шынайы болу талабына ұласып жатқаны ниеті-тұғын.

«Манап» драмасының сюжетін де, аудармасын да ұнатпағандардың бірі – Сәкен Сейфуллин. Жас дарынның әдебиет жайындағы алғашқы үні көп ретте М.Дулатов ойларымен қабысып жатады. Сәкен шығарманың мән-мағынасына түсініп, эстетикалық талап-талғаммен қарауға және өз ойын дәлелдей баяндауға, жанрлық сынның ерекшелігін сақтауға талаптанғанын көреміз. Қазақ тұрмысынан жазылған бұл драмада қазақтың әдет-ғұрыптары бұрмаланғанын, сюжеттік желісіне өзек болған оқиғалардың шындыққа жанасымы жоқтығын атап өтеді. Ал драмаға қатысушылардың диалогтары қимыл-әрекетті өрбітуге құрылмай, құр баяндау формасында берілгені және қазақ ұғымынан тумайтын, көңіліне қонбайтын сөздердің көп болғанын айтады.  Сәкен Сейфуллин осы драманы сынай отырып, үш мәселеге айрықша назар аударған. «Бірінші, «Манаптың» оқиғасы рас, қаһармандары осы күні тірі деп жазғанменен, қазақтың тұрмыс қалпына мүлдем келмейді. Қаһармандарының сөйлеген сөздері, істеген істері қазақ болғалы сөйлемеген сөз, істемеген іс» деп табады да, Гүлбаһрамды атастырған күйеуі өліп, оң жақта отырған қызға оның сыйлық әкелуі, өз қызынан «әмеңгерің келе жатыр» деп қыз әкесі Ұзақтың сүйінші сұрауы сияқты әбестіктер қазақ тұрмысын автордың не білмегендіктен, не мазақ қылғысы келгендіктен» деп атап өтеді. 

Екінші, бірден көзге түсер осындай бадырайған оғаштықтарды ғана емес, көтеріңкі талғамды талап ететін жайларға да Сәкен назар аудара білген. «Гүлбаһрамның бір қызбен сөйлескен сөздері, Гүлбаһрамның өлеңі едәуір оқыған қыздардың сөзіндей… Бірақ Ұзақ секілді надан адамдар қыздарын оқуға бермейді. Оқымаған надан Гүлбаһрам менен жолдас қыздарының миларына ондай сөздер, ондай өлеңдер кірмейді» дегенінен-ақ сыншылық көзқарастың әлеуетін байқаймыз. Яғни автор әрбір кейіпкердің аузынан шығатын сөз, іс-әрекет оның бойына сіңімді де қонымды болуға тиіс екендігін ескертіп, типтілік шартын сақтау қажеттігіне ой жүгіртеді. 

С.Сейфуллиннің мақаласындағы үшінші мәнді мәселе – аударма тілінің жатық, әдемі, түсінікті болуы жайындағы талаптан туған «Манаптың» тағы бір зор кемшілігі, оны қазақшаға аударғанда сөзбе-сөз аударыпты. Соның үшін сөздерінің тәртібі нағыз қазақша болып шықпаған» - деп, қазақ тілінің грамматикалық құрылысынан шалғай жататын, қазақ құлағына түрпідей тиетін оралымдарды көрсетуі дұрыс ескертпе дейміз. Аударма өнері туралы осындай пікірлер айтылып, басқаларды сақтандыру тек сыншылық тұрғыдан ғана емес, практикалық тұрғыдан да мәні бар еді. 

Бұл саладағы тағы бір сын Көлбай Төгісовтің «Надандық құрбаны» пьесасы жайында айтылады. Ол мақаланың авторы Міржақып Дулатов. 

«Жазушы да – суретші Жақсы суретші адамның сыртқы түрін айнытпай сала білсе, жақсы жазушы адамның ішкі сырын, мінезін, әдетін бұлжытпай көрсете біледі, оқығанын көріп тұрғандай болады. «Надандық құрбанында» мұның бір нұсқасы жоқ, байлаусыз-матаусыз құр сөз, біріне-бірі қарсы оқиғалар» деп ең негізгі қорытындысын алдын-ала жасап алады. «Бірнеше кісіні сөйлестірумен біреуді үйден шығарып, біреуді үйге кіргізумен, біреуді ауыртып, біреуді өлтірумен драма болмайды»- деп драманың мазмұнын баяндайды. 

Мұндағы М. Дулатов талаптарының бәрі де драмалық шығарма үшін міндетті, қажетті критерийлер болды. 

Алайда, «Манап» драмасы мен «Надандық құрбаны» пьесасы көркемдік жағынан да, өмір көріністерін, кейіпкер бейнелерін суреттеу жағынан да шын мәніндегі драмалық шығарма дәрежесіне жете алмаса да, қазақ әдебиетінің тарихында драма жазу үлгісін алғаш қалыптастыған талпыныстар деп айтуға болады.  Сол себепті, қазақ драматургиясының алғашқы бастауы болған бұл пьесалардың қазақ әдебиеті тарихында өз орны бар.

Тұрмыстың, отбасының, жеке бастың сан қилы қақтығыстарын сюжет арқауы ететін драма гипербола, гротеск секілді көркемдік құралдарды сараң қолданады, оның есесіне дәуір, нақты детальдар, табиғи бояулар бұл жанрдың өмірді реалистікпен бейнелеуіне көбірек мүмкіндік береді

Драма кейіпкері көптеген көген көздің бірі, ол ауыр күйзеліс, үлкен сынға түсіп, тіршіліктің қиын бір кезеңін басынан өткереді. Сол тар жол, тайғақ кешуде не күйреп, рухани жүдеп, тозып, тоналып шығады. Не жалаң аяқ жар кешіп, маңдайына тас тиіп, сонда да мойымай, басқа түскен таудай ауыртпалықты қайыспай көтеріп, арып-ашып жүріп белге көтеріледі, салқын сабыр иесі болып марқаяды. Ерекше ескеретін бір жайт – драмалық әрекеттің ширақтық сипаты. Қатардағы жұмыр басты пенденің, көпшіліктің өзіне ұқсас қоңыр төбел жанның басынан өтетін драма ерекше оқиғалардың түйісуінен, ерекше характердің қақтығысынан туады. Кейіпкерлер басына бұлт үйіріліп, шешім қабылдайтын, күреске түсетін шақ туады. Дос кім, дұшпан кім – осылар анықталады. Сөйтіп оң мен солын, ақ пен қараны дәл ажыратпай жүрген адам енді аяғын байқап-байқап басатын болады. Өзгені де өзін де тартыс үстінде танып шығады, басынан белгілі бір драма өткізеді. Мұның бәрі сахналық шығармада әрекет пен қимыл, күрес арқылы ашылмақ. 

Сонымен сөзімізді түйіндер болсақ,  қазақ әдебиеті ғылымындағы драматургия жанры туралы сүбелі еңбек тудырып, тұжырымдар қалыптастырып, терең зерттеулерімен қазақ әдебиетіндегі бұл жанрды бір жолға салған бірден бір ғалым Рымғали Нұрғали дер едік. 

Драматургия Р.Нұрғалидің ғылыми мектебінде әдебиеттің маңызды әрі өзекті тегі ретінде негізгі нысаны болды. Қазақ драматургиясын зерттеудің әдіснамалық негізін салған, қазақ драматургиясының тәжірибелеріне сүйене отырып маңызды теориялық пайымдаулар жасаған зерттеуші Р. Нұрғалидің қазақ драмасының тарихы мен теориясына қатысты ғылыми тұжырымдары бір мектептің қалануына негіз боларлықтай дүние. 

Рас, драматургия ғылымы, бұрын көп айтыла қоймаған үлкен өзекті тақырыптың бірі. Бұл ғылымға дарынымен, терең білімімен келген түйгені мол, арғы-бергі әлем, ұлттық әдебиеттің тарихынан, теориясынан жеткілікті хабардар, архив материалдарымен жете таныс, қаламы жүйрік ғалым қазақ әдебиеттану ғылымында бұл тақырыптың бағын ашып, әдебиеттану ғылымына үлкен жаңалық әкелді.

Әлем әдебиеті мен қазақ әдебиетінде драма жанрының даму бағытын, даму тарихын, теориясын, әлемнің үздік классикаларын зерттей отырып, іргелі еңбектерінің жазылуына да арқау еткен ол 1974 жылы жарық көрген «Өнер алды – қызыл тіл» кітабы мен 1979 жылы басылып шыққан «Өнердің эстетикалық нысанасы» кітабында дәл осы мәселелерге арнады. Сөйтіп драма өнерінің ерекшелігіне тың көзқарастар мен жаңаша  пайымдаулар жасады.

 


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар