Жейн ВУДОЛЛ. Хорхе Луис Борхес. Өз кітабының айнасындағы адам

Бөлісу:

29.01.2018 5669

Еретик пен семсер оқиғасы

Жиырма сегіз жасар креольдық ханымды өзі көптен естіп-біліп жүрген жазушымен таныстырмақ болды. Эстела Канто Уругвайдың Шығыс республикасынан шыққан кедей помещиктің қызы, биржалық маклер жарнама агенттігінде хатшы қызметін атқаратын, сахнаға шығуды армандайтын, дегенмен әдебиетке бет бұруды одан артығырақ қалады. Қырық бес жасар жазушы оның көңілін қалдырды. Жазушының бойы ұзын болатын, сырт келбеті аса келісті емес-тін. Оның қол алысқаны сенімсіз көрінді. Әйел затының тілін табуда таяздау тәжірибесі көзге ұрып тұрған болуы керек. Қатты қобалжып, дауысы дірілдеп шықты. Эстела оған елеулі әсер қалдырған сыңайлы.

Таныстықтары ұзаққа созылды, екеуі де кешкі серуенді жандары сүйетін, Авенида де Майодағы кафеде сүт қатқан кофені сіміріп отырыңқырап қалатын; түн қоюланғанда жазушы оны Буэнос-Айрестың оңтүстігінде анасы екеуі тұратын үйге дейін жаяу шығарып салатын; саясат жайлы, - екеуі де Перонның үстемдік саясатын жек көретіндерін, - әлбетте әдебиет жайлы ұзақ әңгіме етуші еді. Талғамдары үйлесім табатын; Эстела да, дон Хорхе де ағылшындар мен американдықтарға, Стивенсон, Честертон, Уэллс, Мелвилл, Уитмендерге тәнті болудан танбайтын.

Жазушының толық аты-жөні Хорхе Франсиско Исидоро Луис Борхес Асеведо. Испан-португалдық және аргентиналық ұзын сонар есім тек құжатта ғана қылаң бергені болмаса, ағылшын текті әжесі тіпті оны қысқартып Джорджи деп атайтын. Борхестың ғасыр көрген анасы оның өміріндегі жалғыз әйел еді, шындығында. Анасы ұлының тұқым қуалаушы көз ауруынан зағип халге түскен Борхеске қол ұшын созып, бар ісіне қамқор болады-ау деп текті әулеттен шыққан аргентин қызына қарсы болмаған болуы керек. Эстела Кантоның бұл үдеден шыққан-шықпағандығы беймәлім, әйтеуір, екі әйел бір-бірімен онша тіл табыса алмағанға ұқсайды. Қалай болғанда да, қарым-қатынастары сүйісуден әрі аспаған сыңайлы. Биограф бұны Борхестың пуритандық тәрбиесінен болған қорқыныш екенін алға тартады, басқаша айтқанда, сексуалды жағдайы алдындағы қорқыныш. Оның аса құпия шығармаларының бірі 1945 жылы жазылған «Алеф» үшін Эстела Канто екеуінің арасындағы романға алғыс айтуымыз керек.

Бір кездері Мопассан өзінің портретін жариялағаны үшін ескі досы Шарпантьены сотқа берген болатын. Өз заманында аса шынайы жазылған новеллалар мен романдардың авторы жеке басы жайлы жария қылушыларды жақтырмайтын. Қаншалық хош көруге болатынын қайдам, бірақ биографтардың тұлғаның жеке басының тірлігіне қол сұғуға жүрексіне қарайтын кезеңдердің болғаны рас. Кей оқиғалардың болғаны немесе боладысын алып қашпа әңгіменің етегіне ерткен гуілдер батыстық оқырманға таңсық дүние емес. Дей тұрғанмен, Джеймс Вудолл ағылшын әдебиеттанушысы әрі журналист, екі тілде жарық көрген Борхес өмірі жайлы жазбалардың авторы, интимдік тұстарын да назардан тыс қалдырмай, оның басқан әрбір қадамын аңдуды қолға алып, бір қайырымсыз іске бел шешкен болатын. Бір қарағанда Борхестің жазу стилі бар болғаны талмай оқып, қиялға ерік беру немесе бір тақырып аясында бірнеше нұсқаның өмірге келуі, тоқ етерін айтқанда, басқа әдебиеттің буына тұншыққан әдебиет деуге келетіндей.

Вудолл көркем шығарманы талдауда биографиялық әдіске жүгінуді ақылға сыйымды деп қана қабылдай қоймағаны анық. Борхесте махаббат тақырыбындағы шығармалардың аздығын ескерсек - зерттеушінің бұл орайда артық кеткен тұстары да жоқ емес. Тек, оның үш беттен тұратын «Ульрика» атты шығармасын махаббат жайлы деп ауыз толтырып айтуға келеді. Вудоллдың ойынша новеллада астыртын болса да Борхестың бала күнгі танысы, жартылай аргентин жартылай, жапондық адал көмекшісі Мариямен қарым-қатынасы қылаң береді; қайтыс боларынан сегіз апта бұрын 86 жасар жазушымен некеге тұрыпты. Мария Эстер Васкестің үйлену туралы ойы болған сияқты. Бірақ, бір кездері Борхестың хатшысы болып, кейін ол жайлы естелік жазып қалдырған арудың көңілінде өзге біреу болғанға ұқсайды. Қырқыншы жылдардың екінші жартысында «Sur» («Оңтүстік») журналында жарық көрген «Алеф» Эстела Кантоға арнаумен басталмайды, керісінше аяқталады екен.

Әр жыл сайын Беатристың туған күнінде... Бірде марқұм болып кеткен сүйіктісінің ағасы әңгімешіні жертөлеге ертіп апарады. Платонның үңгіріне ұқсас көз алдын байлаған тұман ішінде Алефтың тылсым бейнесін ғаламның жарқыраған нүктесі ретінде көреді. Каббалисттық дәстүр бойынша ежелгі еврей алфавитының бастапқы әрпі, сандық мағынасы бірге тең Алеф Құдайдың сараптауға сыймайтын құдіретін білдіреді. Математикада бұл белгі - теориясы мен трансфиниттық сандар теориясын қалыптастырған Георг Кантордың ықпалымен пайда болған; Кантор мәңгілік жайлы ой толғап, актуалды-мәңгілік ұғымын енгізді; Құдайдың абсолют мәңгі өмірінің математикалық эквивалентын өмірге әкелді. Алефпен бір қырынан бақилық болған әйел бейнесі астарлы үйлесім тапқандай; оның есімі – Беатриз – Дантенің ғашығын еріксіз еске салады. Борхестың әңгімесі Эстело Кантоға деген жауапсыз махаббатының жолындағы күрес кезінде жазылған, демек, келтірілген дәлелдер – әңгіме оның жеке басы жайлы жазылған деген пікірлерді қайта қарап шығуға жеткілікті.

Новелланың бірінші абзацында-ақ, қаласаңыз, миниатюралық романның сізді бұл есімнің шартты екендігіне сендіріп бағады. Әсерін айтып жеткізе алмайтын аталмыш прозадан бұлыңғыр күміс, бәлкім, тұманды көреміз. Бұл түстер қысқы кеш әлде уақыт пен кеңістіктен тысқары әлемнің хабаршысындай. Барлық оқиға түс көргендей әсерде орын алады. Кейіпкерлердің ұшырасатын жерлері аз емес; ол жерде Скандинавия сақтарының немесе әйгілі «Исповеди английского потребителя опиума» авторы Де Куинсидың кейіпкерлерінің есімдері кез болуы мүмкін. Соған қарамастан әңгіменің өзіндік жүйесі де жоқ емес: кездесулер осы шақта, Солтүстік Йоркширдегі шағын қонақүйде орын алып жатады. Хавьер Отарола есімді әңгімелеуші Норвегиялық бойжеткенмен танысады. Келесі күні олар қыдыруға шығады. Қар жауып тұр, қасқырдың ұлыған дауысы келеді, кеш ала көлеңке тартып барады; кейіпкерлер шатырдағы қараңғы бөлмеге көтеріледі , «қылыш та бізді ажырата алмаған». Эдда аңыздарының біріндегі Тристан мен Изольда жайлы сюжеттердегі сарын сезіледі.

Қазіргі таңда Хорхе Борхестың Ресейдегі танымалдылығы әлдеқандай баспаларға оның өмірі жайлы қызықты биографиялық очерк жазу арқылы коммерциялық жолының ашылуына ықпалы болып қалар. Анығы оған бұл танымалдылық кешігіп келді. Ульрика, анығырақ айтсақ Ульрике - басқа новелланың кейіпкері, әрі бұл 17-18 жас шамасындағы Марианбадта Гете құда түскен ажалсыз арудың есімі. Ульрике Софи фон Левецов 95 жыл өмір сүрді; Гетеге келісімін бермеген соң тұрмыс құрмаған болатын. 1984 жылдары Борхестың орыс тілінде жинағы жарыққа шығып, есімі Ресей өңіріне енді жеткен кездің өзінде шебердің шығармашылығы әлем назарында тұрған болатын. Бұл тұста алпауыт елге меңіреудің рөлін ойнауды дұрыс көрген идеологиялық цензураға ысырып тастау мүмкін емес. Билік әрдайым жақтас тауып отырды.

Елдегі ішкі қайшылықтар Борхес рецепциясын едәуір қиындата түсті. Бұл оның стильдік сапасы, оның қозғаған тақырыптары мен бағыттары; жаңашылдық деуге әбден саятын дүниелер. Кейін Борхесты орыс тілінде сөйлетіп, үтір нүктесіне дейін сыналып, лайықты түрде баспа көрген болатын. Дей тұрғанмен, толықтай мойындау бақыты бұйырмаған. Өйткені, Хорхе Борхестың шығармашылығы көпшілік санасына әдеби ойын ретінде жат әрі шынайы өмірден ат шаптырым жерде жатқандай орнығып алғаны жасырын емес. «Өмірден алынған» әдебиеттің өзі Ресейде зер салып қарағанда көбіне әдеби біркелкілікті еске салғанмен де туған топырағында жүріп-ақ ұлттық сана-сезімі сөгілген деген айдарды тағынуына тура келді. Шетелдерде Борхес өзінің сүйікті Латын Америкалық асханасынан ләззат таппады дейді әңгімеші; әуеннен бірлі жарым ескі танго немесе милонгаға лайық неміс классикасын ұнатқан. Жазушы өзінің «Аргентиналық автор мен әдеби дәстүр» мақаласында әдеби патриотизмнен жұрдай немесе ұлттық болмыстан алшақ деген айыптаулар мен т.с.с. жауап берді. Аталмыш мақаласында арабтардың төл туындысы Құранның өзінде түйелер жайында бір ауыз сөз болмағанын алға тартқан. Егер құранды араб ұлтшылы жазған болса, әрбір жол сайын шөл кемелері өріп жүрер еді. Бірақ түйеге мінбей-ақ араб болуға болатынын Мұхаммед білген.

Борхестың шығармашылық өмірбаянының қарама-қайшылығының бірі – оның «ультраизмнен», авангардтан бас тартып қана шын мәнінде замануи жазушы болуында. Артық көлгірсуден бас тарту арқылы өзіндік қолтаңбасы қалыптаса бастады. Бұл кемеліне келген жинақылықтың стилі. Тілге тиек болып отырған Борхестың өлеңдері емес, прозасы. Миниатюра қысқа новеллалар поэзияның анықтамасына саятынын Пастернактың мына сөзінен ұғуға болады: ойдың жедел суреттелуі. Борхес екі аралыққа дәнін себеді. Бұл оның прозасын құпия қыла түседі. Оқырман алаңдаушылыққа ұрынады. Бұндай проза Борхестың ізбасары, аргентинаның ұлы жазушысы Хулио Кортасардың бағытына ғана қарама-қайшы болып қана қоймайды, сонымен бірге Пушкин мен Чехов өз алдына даралық таба білген Ресей әдебиетінің табиғатынан алшақ болатын.

Жарты беттік «Борхес және мен» (қандай жанр екені беймәлім) атты жазбада екі қызығушылығы жайлы сөз болады: өңірдің мифологиясы мен уақыт және кеңістікті «ойнату». Гаучо, авантюритсттер мен бұзақылар жайлы, өткір әрі қызғылықты новеллалары шынайы, «өмірлік» жазбаларға әлбетте ұқсамайды; оларды халықтың мұқтаждығы мен аңсарын арқалаған әдебиет деуге келмейді. Екінші қатардағы новеллалар ақыл-ойдың жаңғыруы сынды елестеп, шынайы «өмірден» бірнеше қадам алыста жатқаны тағы бар. Оның үстіне шындыққа немқұрайлылық танылған жағдайда модель мен философиялық танымның сырт пішінін мінсіздікке жетелеу – Ресейлік оқырмандар мен сыншылардың кірпідей жиырыла қалатынын да қосайық. Ж. Вудоллдың кітабында асығыстау айтып қана өте шығатын танымал шығармаларының бірі «Богословы» туындысын қарастырсақ, дұрысы, еске сала кетсе те жеткілікті.

Егер оқиға деуге келсе, бұл шығармадағы тарихи хронологияны немесе көне кітаптағы гравюраларды еске салатын оқиғалар шамамен христиандық догмалар етек ала бастаған V ғасырды қамтиды. Антагонисттер – Солтүстік Италиядағы бас диоцез Аврелиан мен діни ағартушы Иоанн Паннонский мәңгілік пен тарихтың қайталануы жайлы гностикалық ілімге қарсы шығады. Иоанн шіркеу қабырғасында Эвфорбидың діни көзқарасының күл талқанын шығарып, ақырында ол өмірін отқа тасталумен аяқтайды. Көкірегін тырналаған көреалмаушылық Аврелианды Иоанн Паннонскийдің өзін теріс бағыттағы ойшыл дегенге дейін жеткізеді. Иоаннаны өртеп жібереді, оның трактаттарынан бізге жеткені бар-жоғы жиырма сөз. Аврелиан үшін оның дүниеден озуы өмірінің мәнін жойғандай; қирауға айналған империяның иен даласыз ессіз кезіп, соңында солтүстік шіркеуде тілсіз жаудан ажал құшады.

«Бұл оқиғаның соңын тек метафорамен жеткізуге болады... Аврелианның Құдаймен тілдескенін және Құдайдың дін төңірегіндегі талас-тартысқа аса бір қызығушылық таныта қоймағанын, оны Иоанна Паннонский ретінде қабылдағанын айта кеткен де жөн бе еді». Қорыта келе Иоанн мен Аврелиан Ортдокс пен Еретик екеуі бір адам болғанын жеткізеді.

Буэнос-Айрестен өзімді бөліп қарай алмаймын дегенді жиі қайталап айтса да, көзі көрмейтіндей дәрежеге жеткен жазушы өмірінің соңғы он үш жылын туған топырағында байыз тауып отыра алмай, тынымсыз әлемді шарлап бақты. 1985 жылы өмірінің соңғы күндерін өткізген, 1986 жылдың 14 маусымы, сенбінің таңында демі үзілген Женеваға қоныс аударды.

XIII ғасырдан қолжазба арқылы жеткен «Вельсунгтар жайлы жырлардың» екі жолы Хорхе Борхестың басына орнатылған Пленпалдағы құлпытасқа қашап жазылыпты. Көне Исландық даналық сөз – «Ульрика» новелласының эпиграфы болуға лайық. "Hann tekr sverthit Gram ok leggr i methal theira bert" ("Ол Грамның қылышын қынабынан алып, қыз екеуінің арасына қойды"). Эпитафияның астында «Ульрика – Хавьера Отароладан» деген жазу тұр.

Орыс тілінен аударған: Айгерім СЕРІКБАЙ

Бөлісу:

Көп оқылғандар