Баһар Бердібек. Алапат от (поэма)
Бөлісу:
Баһар Бердібек – 1978 жылы ҚХР, ШҰАР, Нылқы ауданында өмірге келген. «Қойшының күбірі», «Дақ», «Алапат от» қатарлы туындылары Қытай қазақтары арасында жақсы аңыс қозғаған. «Тірлік бекеті», «Жым-жырт Ақкүнгей» қатарлы проза жинақтарының авторы.
Табиғат жүкті боп тірлікке,
Құшақтап тербеткен
Тау- дала.
Ақша бұлт қыдырған зеңгірді
Адамзат өмірі.
Әне сол бесікте оянған
Махаббат бөбегі.
Сен куә аяулы табиғат,
Хауана, Хауата оянған шақтарға.
Сен куә тылсым орман-көл
Адамзат аяғын тәй-тәй басқанға.
Жылжыды сан түмен жылдарың,
Бөбегің есейіп сан сырың ұрланды.
Тарих боп жазылып сол түмен жылдарда
Ер-әйел бір басқан із қалды.
Сен куә табиғат – әз ана,
Біз бірге Құдайды жараттық.
Біз бірге Құдайды өлтірдік.
Ойымен өзіңе қол салған,
Тумаң
Тұнжырап қараумен сен тұрдың.
Зулады ғасырлар,
Есейіп кемелді жасқа кеп,
Ана боп, ата боп, бала боп.
Өзіңнен барамыз алыстап, басқа боп.
Сырларын жоғалтқан тарих,
Бояды өз өңін сан түрге.
Өзгермей келеді сен берген,
Ана махаббаты,
Әйелдің жанында сол күйде.
Табиғат әз ана сыйлаған,
Сезімді бөлісіп көтеріп,
Дөңгелеп өткенде жер шары,
Аналық қоғамнан аталық қоғамға.
Шу асау ғасырдың
Жалына жармасып жеткенде,
Бүгінгі зымыран заманға.
Сен куә
Өзіңе ұқсаған әйелдің махаббатына,
Еркек деп өртенген,
Еркек деп желпінген,
Жылынған,
Суынған тек соның шарапатынан.
Сүюдің нарқына
Бағам мен қарайтын кештерде,
Көңілдің аспанын торлаған
Бұлттарды тіліп,
Сезімнің нәзік әуенін
Жүректер шерткенде,
Оянды ұйқыдан
Мылқау жүректер,
Мүгедек сезімдер,
Мүкісті құлақтар,
Тіпті қара тастар да.
Дәл бүгін нәзік сол әуен,
Құс қанатына айналып,
Өжет от бүркіп,
Саяз марғаулықты,
Сараң енжарлықты,
Мейірімсіз індеттерді дауалап,
Шығандап самғады аспанға.
Бұлт жарып ұшқан сол қанат дауылы,
Тіліп түскен соң дүние аспанын,
Екіге бөлінген содан,
Махаббаттың Тәңірі
Ынтық сол сезім
Жалғады өмірді,
Атаның балаға даңқы боп.
Сен менсіз, мен сенсіз жаны мұң
Жүдейміз жарты боп.
Жарты күн,
Жарты ай,
Жарты материк
Жарты аспан денелері,
Бөлініп қалған сыңарын іздеп ұшады,
Алапат от,
Қағып жарты әлем терезені.
Жарты әлем
Дүниені өртеген,
Шамшыл қыранның жанары
Қарашығына сиғызып.
Жер шарының рухын
Бір алып қол онда
Жүрек қанымен
Симфония жазады.
Дүние өркестірі ,
Ойналып сол жанарда
Мың-миллион жылқы сезім
Дүркіреп ұшады.
Дауылдар көтерген
Алапат бір әуен
Құлындай құлдырап төгіліп
Мені келіп құшады.
Сол әуен менің әнім,
Сыңарым боп дүниеге келген,
Тәңірім боп төбемнен төнген.
Алапат от
Мен үшін әдейі
Құдірет берген.
Бұл ән – әйелдердің әні,
Әуені – от,
Әуезі – от,
Үні – от,
Күйі – от,
Күллі әлемді оятқан
Ерлердің жаны
Тәні – от,
Жаны – от,
Көзі – от,
Сөзі – от,
Қобыздың көмейінен шыққан үн ерлердің жаны.
Қабағын қарыс түйген қара таулар
Ерлердің айбаты,
Қарсақ жортпас қара адыр
Ерлердің қайраты,
Тегеуріні – от,
Тұяғы – от,
Азуы – от,
Тереңге тартқан тамыры– от,
Қарағай боп көктеген ерлердің тәні
Ұрттаған дүниені өртеп,
Алапат от – еркек
Махаббат құйып зеңгір аспанға,
Тост көтерген,
Қылышын қанға малып
Бесік көтерген.
Тәңір – еркек
Биік бинаның қаңқасы.
Мағынасыз хат
Қара таулардың жартасы,
Қара көлдердің қайығы,
Қақырап айрылған қара жер
Қыран қанатының дауылы.
Еркек – замандар бойы
Әжеме әжесі айтқан
Хиял ғажайып ертек.
Тыңдасам жалықпаймын,
Қорқынышты диюларың мен
Жеті басты айдаһар,
Жез тырнақ мыстандарыңды.
Бала күнімнен қиялыма түнеп
Жалаңаш сом тұлғаң
Күйдірген мені өртеп.
О, ұят жаралаған ,
Лыпасыз қиял,
От – теңізі,
От – құшағы
Менің әнім бар
От шашқан көзіңде.
Асығыс ғасырда
Ақ сұңқар сезім,
Сиқырланып сол үнге
Оққа ұшады.
Еркек, О, еркек!
Ақ босағамның Құдайы,
Алатауымның бұғысы,
Қара түнімнің ұрысы,
Қара аспанымның тынысы.
Дүние жаралған сенің
Қаттылығыңнан,
Морттығыңнан,
Қалғыған үнсіздік оянған,
Тұлпар мінезіңнен осқырынған.
О, өзгерген дүние,
О, жалаңаш табиғат –
От құшағыңа жылынып,
От қылышыңа ілініп,
Бөлінбес сыңарың боп,
Басылмас құмарың боп,
Күйемін жалындап.
Жер шарын майдан етіп
Палуан күрестірген,
Жалғанды жалпағынан басып
Материктерді – әйелдерге үлестірген.
Сен сыйламаған нәрсе барма Әйелге!
Жанар тау!
Магмаларың от болып атылған,
Әйел біткеннің бойында,
Сенің рухың бар жасырған.
Әйел біткеннің жанында,
Сенің нұрың бар.
Әйел біткеннің тәнінде,
Сенің ізің бар.
Әйел біткеннің санасында
Сенің отың бар.
Әйел біткеннің даласында
Сенің қосың бар.
Әйел біткеннің нәзіктігінде
Роял ойнайды сенің саусақтарың.
Ән салған,
Жан салған,
Селт етпес бетпақ құмдарға,
Айтса таусылмас сырларға,
Сенің нар тәуекел шайқастарың,
Айқастарың.
Алапат от,
Алапат махаббат,
Дүниенің кеңдігін,
Өрлігін, өлездігін,
Жарықтығын, ғарыптығын,
Мен сенімен таразыладым.
Ғұмырымның жолдарының
Ұзақтығын, тұйықтығын,
Саған қарап бағамдап,
Саған қарап саралап,
Өлшедім.
Жылуымен жүрегімнің
Қуатының ертеңін.
Мөлдір бұлақтар
Сенің қолыңмен әйелге құйылып,
Шөл қандырған соң,
Шағып тастайсың,
Жартасқа бір ұрып
Күл парша болады әйел
Сенің махаббатыңнан,
Алапат отыңнан.
Аттап баса алмаған ,
Сенің қаһарыңнан,
Қара қосыңнан.
Күндіз азулы арыстан,
Түнде жалаңаш періге табынып,
Бейішке түнеген
Тозақтағы мәңгілік патшалығын
Талақ етіп,
Еріп балқыма қабатқа ағып кеткен
Нәзік әйелдің періштелігінен.
Еркек, О, еркек!
Мәңгілік дүние,
Таусылмас ән!
Жалғыздықтан құтылу үшін,
Айтамын сені;
Әлсіздіктен құтылу үшін,
Тыңдаймын сені;
Құмарлықтан азаптанғанда
Жырлаймын сені;
Қарама-қарсылыққа өтіп
Өзімді мазақтағанда
Ұрлаймын сені.
Менің жанымдағы Қайрат –
Сенің нобайың;
Менің Ернімдегі ләззәт –
Сенің бояуың;
Жүген-құрықсыз алып қашқан,
Асаудың арыны,
Аждаһаның жалыны,
Атпас таңның қарызы,
Ақ жалындап тұрған,
Ғасырдың тілсіз ағыны,
Әйел бақытының қабірі –
Еркек!
Еркек, О, Еркек –
Махаббаттың бұлытсыз аспаны,
Шапағаттың тылсым дастаны.
Әкемнің көзі бар сенде,
Ағамның өзі бар сенде,
Інімнің түні бар,
Ұлымның сыры бар,
Даламның мұңы бар
Алып таудың салмағы түскен,
Ғасырлардың арманын ішкен,
Ақ таңдардың алауы ойнаған,
Қоңыр кештердің арайы ойлаған,
Сағыныш...
Қиялдар...
Сенсің –
Ыстық шөл,
Ұрттаған сайын
Құмарым қанбаған.
Махаббаттың сай-саласынан қуаланған – Нұр
Сүйекті қарыған аяздан құтылу үшін,
Іздеп жүріп,жылынғам саған
Жұмбақ сырыңды ұғыну үшін,
Түсінбей тұрып, ұрынғам саған.
Мағыналы сөйлем,
Мәнің – от,
Әйелдің қайсысы бар,
Сендік отқа күймеген?
Әйелдің қайсысы бар,
Жараланып сені сүймеген?
Әйелдің қайсысы бар,
Күш-қайратыңды ішіп,
Осал тұсыңды білмеген?
О, асыл әнім,
Орының алмасып ,
Өзгерген дүниеде,
Жоғалып, табылып,
Құралып, шағылып,
Өшіріліп, жазылып,
Тұлпар боп, жер тарпып жүрген кезіңде,
Сан бояу, сан сәуле,
Саған у тамызып,
Тасқындар,
Ағындар,
Барады бар қасиетіңді ағызып.
Атам заманнан бері қарай шырқалған,
Сенің әрбір ноталарыңа,
Қанша әйелдің жасы тамды?!
Айтып-айтып өзін тауысқан,
Сенің жолдарыңда нүкте боп
Қанша әйелдің басы қалды?!
Сиқырлы ән, сені жалғау үшін
Қаншама әйел өлуді қалады?!
Үзіліп кетер тұсыңда
Қаншама әйелдің,
Дәнекер болды азабы?!
Арына түскен із,
Арманының шамы боп жағылып,
Бақыт деп қабылдады.
Қаншама әйел тәлкегіңді
Тоналды,
Жоғалды өзі,
Өшкен жоқ әйелдің әні,
Лаулаған құмарлықтан
Қайтадан ән төгілді.
Әйелден таралып,
Әйелден нәр алып,
Ана деп бас ұрған.
Ерліктің гүлі
Жауыздықтың нұрынан
Қуат алып ашылған,
Шуақ боп қайта шашылған.
Осы әннің құдіреті
Әйелді төзім қып,
Әйелді сезім қып жаратқан.
Әйелді бұлақ қып,
Әйелді шуақ қып таратқан.
Ғасырдың қап-қара түні көшкен,
Керуен жолындағы сырлы әрі нәзік
Осы ән мені сұлу еткен!
Осы ән мені сұлу еткен!
Осы әнді айтып екінші рет дүниеге келгем,
Қайта жасағам.
О, асыл әнім,
Ең алғаш рет
Пәктігім мен ұятымды
Өзіңе тарту етіп,
От ойыныңнан быт-шыт болып,
Кеңістікке шашырағамын.
Содан:
Жұлдыз боп қадалып қалдым,
Зеңгір аспанға,
Айға,
Күнге,
Айналып қалдым
Таң алдындағы шолпанға.
Еркек, о, еркек,
Сен өткен тарих –
Беттері кірлеген.
Сен өткен уақыт –
Шегін ешкім білмеген
Сен дауылпаз күй,
Бар әуенді ішіне жұтқан.
Қос ішектің,
Пернелердің,
Саусақтардың
Алапат отынан ұшқан.
Еркек – түнгі ұйқы,
Түс,
Жуылып-тазарудың,
Кірлеп, жоғалудың бесігі.
Оянамын маужырап,
Арлы еркектің көзінен
Ашылғанда,
Бақытымның есігі.
Дарқан далада,
Қиқулы уақыт алаңы – қалада,
Суларда,
Нуларда –
Еркек.
Бар жерде еркек дәмі,
Еркек әні.
Бар жерде сол нұрлы дала таңы.
Жапырақ үстіндегі мөлдіреген шықтың
Көзімен қарап дүниеге,
Жайылып тұр еркек алақаны.
Сол алақан жылуы –
Әйелдің тұғыры,
Әйелдің ғұмыры,
Әйелдің қызығы.
Сол алақан жылуы –
Алапат от,
Әйелдердің тағдырын жылытқан,
Әйелдердің ғұмырын күйдірген.
Төбесінен төніп,
Ұзақ жылдар қатпарында
Сезімдері мұздаған тағы
Құштарынан жеріп.
Шөл – мәңгілік шөл,
Ішкен сайын шөлдеген.
Сусыз арал,
Бейтаныс жол
Адасады әйел
Қияндарыңнан күрмеген.
Еркек, жым-жырт тыныштық,
Қиялымды қиянға сүйреген.
Философия, дін,
Байлық, кеңістік
Мен пікір іздеген.
Еркек менің тоқыған қиялым
Ең таза асыл жіптермен.
Тәңір сыйлаған тұмарым,
Мойныма тағып,
Төбеме көтеріп,
Мәңгілік ардақ тұтатын.
Қасыретімді жоғалтқан,
Қасиетімді оятқан
Ұлы әнім!
Тіл қатып,
Жан бітіп дүниеге,
Сен болып сөйлейді бар әлем.
Көз емес, санамен,
Санадағы жарамен
Қоңыр бояу боп хат жазам,
Жарық күнге,
Түн реңі қарамен.
О, алапат от
Мені тәңір еткен,
Мені тебіреніткен.
Күйіп жоқ болам,
Бұл менің бақытым,
Күліп тұрып қарсы алам,
Ажал уақытын.
Бұл ерлік –
Алапат отыңның
Жаныма дарыған жарқылы.
Сүйсе әрқандай бір әйел
Дәл осылай сүйер сыңарын,
Дәл осылай айтар жыр әнін,
Дәл осылай жазар, жанының қалауын,
Жарының азабын.
Мәңгілік шығандап тұрар.
Сыңарын іздеген
Тұл дүниеден
Ғазал үн.
Осы үнді сіміріп жыр жазар
Жылдарға жұмбақ сыр құйып –
Менің қаламым...
Қадалып тұрар
Алапат отқа,
Менің махаббат жанарым.
Бөлісу: