Жанат Ахмади. Жарқ етіп сөнген жалалы ғұмыр
Бөлісу:
Президентiмiз Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтiң: «Ел көшiн бастау маған сын, менi қостау елге сын» деген мағыналы ой айтқаны баршамызға аян. Елбасының аузынан шыққан жасампаз қағидасының бiрегейi биылғы 1997 жылды «Жазықсыз жапа шеккен, қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу және ұлттар достығы жылы» болсын деген нұсқауы болып отыр. Тiзiмдерi ұзағынан созылып жатқан Сталиндiк қара саясат құрбандарының бел ортасынан табыларлық перзенттерiмiздiң бiрi – Біләл Сүлеев. Оның соңында нақтап iздеушiсi болмағандықтан, атаусыз келдi. Өмiрден ешбiр қызық көрмей, жаңа жете бергенде қыршынынан қиылған, Біләлдiң болмысын оның жары болған Фатима Ғабитованың Мемлекеттiк Орталық архивтен алынған мына құжаттан толық бiлiп тануға болады. Фатима Ғабитова – Iлияс Жансүгiровтан бұрынғы, алғашқы ері болған Біләл Сүлеев жайлы былай деп жазған.
БІЛӘЛ СҮЛЕЕВ КIМ?
Елi Найман, Найман iшiнде – Қаптағай. Әкесi Майлы ұлы Сүлей. Шешесi Қамқа. 1898 жылы (жылан жылы) күздiгүнi Қапал қаласының төңiрегiнде Баян-жүрек дейтiн жерде дүниеге келген. Балалық шағы Сағабүйенде (осы күнгi Жансүгiров атындағы колхозда) өтедi. Біләл алғашқы бiлiмдi әкесiнен алады. Әкесi Сүлей де, атасы – Майлы да оқыған, бiлiмдi адамдар болады.
1911 жылы 13-ке келген Біләл сол жылы Қараағашта ашылған «Мамания» медресесiне келедi. «Маманияның» мұғалiмдерi Түркияда, Мысырда оқыған: Ғазиз Мусин, Файзырахман Жаһандаровтар сияқты мұғалiмдер болады. Бiрер жыл «Маманияда» оқыған аса зерек Біләлдi, Маманов Есенғұл болыс өз қаражатымен Уфадағы мұғалiмдер дайындайтын татардың «Ғалия» медресесiне жiбердi. Бiрақ «Ғалия» Біләлді қанағаттандыра алмайды. Сондықтан өздiгiнен жол тауып Оренбургтегi учительская семинарияға оқуға түседi. Семинарияда оқып жүргенде Оренбургте шығатын «Қазақ» газетiнде де iстейдi. «Қазақ» газетiнде Біләлдiң «Матай», «Қаптағай» деген жасырын ат-псевдонимдермен бiрсыпыра өлеңдерi, мақалалары басылып тұрады. Татардың «Шура» жорналында татар ұлтшылдарына қарсы «Науширван Әфендi мақаласы жайлы» – деген ғылыми мақаласы 1916 жылы «Шураның» 3-санында басылған. Және татардың «Уақыт» газетiнде де әлгi лақап аттар: «Матай», «Қаптағайлар» сол жылдарда жиi кездесетiн. 1916 жылы семинарияны үздiк, ағыла дәрежеде тауысқан Біләл патша әскерлiгiне, қара жұмысқа алынған қазақтарға «мыңбасы» болып, Минскiге барады. Ал 1917–1918 оқу жылында Қапал қаласындағы татар мектебiнде оқу iсiн басқарушы болып қызмет атқарады. Менiмен Біләл сол татар мектебiнде танысты. Мен ол мектептi содан бiр жыл бұрын тауысып, оқу-ағарту комиссиясының ұйғаруы бойынша осы мектептiң өзiнде мұғалiм болып қалып едiм. Бiз үкiмет iсiмен ауысып Талдықорғанға келгенде, Алматыдан келген адамдар iштерiнде Ораз Жандосов бар (большевикке өткендердi қабылдап алды және «Садыр – Матай» дейтiн Бюро ұйымдастырып, бiздiң жақтан келгендерге бүлiнбеген, бүтiн ел, Жалайырдан астық сатып алуға мандат берiп, ел-елдiң арасын жөндеп жатқан кез екен). «Садыр–Матай» бюросының да председателi Біләл Сүлеев едi.
Біләл асқан ақылды, келешектi терең болжай алатын ардақты азамат едi. Ол Жетiсу ауылдарында екi жылдық бастауыш мектеп, аудандарында жетi жылдық орталау мектеп, ал облыста тоғыз жылдық орта мектеп ашты. Бұл мектептердiң барлығы да жатаханалы болатын. Және кейбiр пәндер ыңғайына қарай орыс тiлiнде оқылатын. Біләлдiң бұл әдiс-тәсiлi Жетiсудағы ұсақ ұлттардың әсiресе, қазақ жастарының ешбiр бөгетсiз Сәбет Одағының барлық қалаларындағы жоғары оқу орындарына түсiп, оқуларына мүмкiндiк берiп едi.
1928–29 оқу жылдарында Біләл Ақтөбеге облыстық Оқу Бөлiмiнiң меңгерушiсi болып белгiлендi. Сол кездегi әлеуметтiк жағдайға орай 1930 жылы Оренбург Орталық Волга өлкесiне өткiзiлiп, ал Ташкент тұтасымен Өзбекстанға берілуi себептi, Қазақстан өз институттарын бұл қалалардан алуға тура келдi. Ол күндерде НарКомПростың бар жоғары оқу орындарын ұйымдастыруға тәжiрибесi бар қызметкер Біләл болғандықтан, Оренбургтегi мұғалiмдер институтын Оралға, Ташкенттегi мұғалiмдер институтын Семейге көшiрiп алып барып орналастыру осы, Біләл Сүлеевке тапсырылған болатын. Аталған екi институтты белгiленген қалаларына көшiрiп орналастырып, өзi ректор болған Семей институтына оқытушыларды iрiктеп алып жатқанда, Біләлдi НКВД бiрден қамауға алып, Алматыға айдады. Бұл 1930 жылғы августiң iшi едi. НКВД-да жазықсыз екi жыл отырып, 1932 жылы 5-сентябрь күнi босап шықты. Бiрақ, ендi Біләл өзi Қазақстанда тұрғысы келмей Мәскеуге кеттi. Онда бiр өндiрiс орнында бiрер жыл мәдени-ағарту қызметiнде болады да, 1934 жылы Москва оны Қарақалпақ НарКомПросына басшылық қызметке жiбередi. Ал 1937 жылдың соңғы айларында одан бiр сәт көз жазбай отырған НКВД қайтадан қамауға алып, Біләл Сүлеевтей асыл азаматты бiржола жоқ қылды. Біләл Сүлеев: ағартушы, методист, ақын, драматург, журналист, сатирик, юморист едi. Оның «Қайтсең көсем боласың» сияқты шаншыма өлеңдерi болсын, «Қартаға салынған қатын» дейтiн пьесасына дейiн барлығы өткiр, әжуалы жазылған. Iлияс Біләлдің сатира, юмор түрiнде жазылғандарына көп елiктедi. Сөзiм дәлелдi болу үшiн екеуiнiң мына бiр өлеңдерiн салыстырып көрейiк.
Біләл:
«Қазақша, не орысша жөндi бiлмей,
Сөйлесең бәду-шәду шатастырып,
Сөзiңнiң аяғына дұспан күз ғып,
«Жасасын, даздравствуйте» матастырып», -
десе, Iлияс:
«Сөз сөйле тiл бiткендi бұзыңқырап,
Боза-ботқа докладын мыжыңқырап,
О күнәңдi жоям деп бақыра түс,
Күшенiп жасасынға қызыңқырап»
Біләл Оренбургте семинарияда оқып жүрген қаршадай күнiнен бастап, әруақытта қоғамға ұнамсыз жайларды өткiр тiлмен өлтiре мiнеп-шенеген журналист. Бiрақ ол өзiнiң жазғандарын бастыруға асықпайды. Оның жазғандарын жолдастары жинап бастырып жүретiн. Бiр еске алатын жай – егер Біләлдiң бiр өлеңi қай жерде басыла қалса да, қазақ газет-журналдары сол өлеңдi әлбетте өз беттерiнде жариялайтын. Тiптi, оның жазған пьесалары қолжазба күйiнде Жетiсу сахналарында ойналатын.
* * *
Міне, осы арада қоса кетер бір сөз – Ф. Ғабитова бұл естелікті өз өмірінің кейінгі кезеңінде жазғаны байқалады... Біләлдің көзі тірісінде тұрмысқа шыққан, екінші ері Ілекең – Ілияс Жансүгіровтен де айырылып, басына қара күн туғанда өзінің өткен өмірін қайта бір тексергенде айтылған сыр екені мәлім:
«Біләл Сүлеевтiң мен бiлетiн шығармалары»
1 – «Қартаға салынған қатын» бiр перделi, Алматы жатақханаларының тұрмысынан алынып жазылған комедия едi. 1921 жылы Алматы қаласында бiрнеше рет қойылды.
2 – «Қайтсең көсем боласың», сатира. 1922-жылы жазылған.
3 – «Нақысбек» бұл да сатира. 1922-жылы жазылған.
4 – «Қабанбай мен Сазанбай» ұзақ өлеңмен жазылған сатира.
(Төмендегі бұл хат 1930 жылы Б. Сүлеевті НКВД ұстағаннан кейін жазылған. Ж.А.)
Фатима!
Сүйiктiлерiм! Фатима, Жәкен, (Отан соғысында өлген ұлы Жәнiбек) Азат! Аман-есен жүрсiңдер ме? Мен денi-қарным сау, сәлемет жүрiп жатырмын. Былтыр өздерiңнен кеткен соң, 27-шi сентябрьде Алматыға келгенмiн... Келген соң, екi-үш күннен соң сұраққа iлiндiм. Сұрағандары «1922-жылы бiр ұйым ашылған екен, сен соған мүше болыпсың» деген жала сөз. Мен еш ұйымда жоқтығымды айттым. Қыстайғы, жаздайғы сұрақтың, бәрiнде сол сөзiмдi айтып келдiм. Болмаған iстi әрине мойынға алуға болмайды ғой. Сонымен октябрь айында жұмысымызды зерттеу iсi бiтiп, iсiмiз Мәскеудегi коллегияның қарауына жiберiлдi. Маған жариялаған статьясы «елу сегiздiң (58) II-шi тармағы.» Жалпы жұмыстың ретiне қарағанда коллегия тәптiштеп қарап, босатар деген үмiтiм зор. Октябрьдiң 28-де ГПУ.-дiң үйiнен үлкен абақтыға көштiк. Түрме күйi жаман емес. Тамақ тоқ, киiм бүтiн. Бұйырса жақын арада босанып қалармын, деп күтiп отырмын.
Ал ендi өз жайларың қандай? Жәкен оқуын жақсы оқып жүр ме? Азатай ширап, өсiп келе ме? Әнидiң (қайын енесi) денсаулығы жақсы ма? Осы хатты алған соң, тез хат жазыңдар. Мен мұнан былай жұма сайын сендерге открытка жазып тұрам. Менiң киiм-кешегiм жеткiлiктi, тамақ жайым да нашар емес. Қыстыкүнi маған келем деп әуре болмаңдар. Қатынасқан сенiмдi адамдардан бiраз май берiп жiберсеңдер болады. Оған реттерiң келмесе, әуреленбеңдер. Басқа көп жазарлық сөз жоқ. Азатай, Жәкен үшеуiң суретке түсiп жiберiңдер.
Әниге көп-көп сәлем! Жәкетайды, Азатайды мен үшiн қысып-қысып сүй. Мәжитке, Саматқа сәлем айт. Тәкенге үй iшiмен сәлем. Кәрi құдаға, келiнiм мен екеуiне сәлем. Сұрағандардың бәрiне сәлем.
Қош! Қош! Біләл. 19/ II-31
Фатима!
18-шi ғинуарда жазған хатыңды 25-де алып, 28-шi числода бiр открытка жазғанмын. Мүкен 30-шы числода келiп 9-шы февральда қайтты.
Бiраз құрт, май, шай-шекер, етiк әкеп бердi. Несiн айтасың, етiк әйбәт болды! Аяғыма құйып қойғандай шақ екен, «Бәйбiшем жарайсың!» деп отырмын. Өзiм денiм сау, көңiл бiр қалыпта. Жұмысымыз осы февральдың iшiнде шешiлiп қалар деген үмiт бар. Бұл хат барғанша ешнәрсе жiбермеген болсаң, ендi әуре болып ешнәрсе жiбермей-ақ қой. Үйге қайтсақ, қайтып қалармыз. Жоқ, басқа бiр жаққа кететiн болсақ, оны тағы да көре жатармын.
Қош! Біләл. 5/2-32
Фатима!
Амансыңдар ма? Саған 30-шы апрельде жазған хатымда шығуға үмiтiм бар деп жазып едiм. Сол жазғаным жазған. Осы майдың онына шейiн шығып қалармын, деген үмiт зор. Бiздiң жұмыспен ұсталған адамдардан 14 адамға бес жылдан жер аударылуға кесiк майдың үшi күнi iшкi Ресейдегi Воронеж қаласына жүрiп кеттi. Ол кеткендердiң iшiнде: Жұмақан, Алдаберген тағы басқалар бар. Кесiк естiртiлмей үш адам қалып отырмыз. Соның бiреуi мен. Ұзын құлақ хабарға қарағанда, бiздi босатуға ұйғарған бiлем. Қай қалыппен, не түрде босатар, оны келешек көрсетер. Қалай болғанда да еркiндiкке шығарады ғой, деп отырмыз. Менiң ана хатымды алған соң, сендер де шыдамай отырған шығарсыңдар. «Оразаның 29-ын тұтып, бiрi қалғанда» асықпай-ақ қоя тұрыңдар. Игiлiктiң ерте-кешi жоқ қой.
Бұл хат барғанша Мәжит берi қарай шықпаған болса, оның келмей-ақ қойғаны да жарар. Маған телеграммамен «довостребования» қылып, бiрер жүз сом ақша жiберсеңдер де теріс болмас. Аман шыға қалсам, бұл жақтағы жұмыстарымды өлкелiк ұйымдармен бiр жайлы қылып алмай кеткенiм жарамас, деп отырмын. Ақсақал әлi осында. (Ахмет Байтұрсыновты айтады Ж.А.) Артық жазарлық сөз жоқ. Аман-есен жолыққанша қош!
Біләл. 6-шы май, 1932 жыл
Бұрынғы жылдарда Мемлекеттік Орталық архивтің аға ғылыми қызметкері ретінде жұмыс атқарып жүргенде, түбінде бір керегі болатынын ойлап көшіріп алған едім. (Ж.А.) Біләл Сүлеевтiң мына төмендегi үш хатына назар аударсаңыз, ол 1930 жылы Ташкенттегi қазақ институтын Семейге көшiрiп әкелiп, өзi сол оқу орнына ректор болып орналасқан бойы НКВД-ның қармағына iлiнiп кеткен жағдайын бiлесiз.
Осындай қиянаттарды басынан кешкен Біләл соңғы бір хатында (20.10.32) төбесiнен жай түскендей болып Фатима Ғабитованың заң орны арқылы ажырасқан (Біләл Сүлеев екеуiнiң загстен шыққан) қағазын бiрден жiбергенiн ұғынасыз. Бейтарап қала алмайсыз. Бұған дейiн Біләлдан үш балалы болған, Фатима шешемiздiң Фарида (Пакентай) деген қызы бұлар Ақтөбеге қызмет жағдайымен барғанда қайтыс болған. Ал Жәнiбек пен (соғыста қайтыс болған) Азат үшiн әкесi Біләлдiң шыбын жаны шырқырап еске алады. Көзiнiң жасы көл болады. Бұл жөнiнде хат мазмұнынан өзге ой қоспақ емеспiз. Жалғыз-ақ, соңында iздер-сұрар адамы жоқ, Сүлеевтей оқымысты да, аяулы азаматтың қайғымен өткен тағдырын архив құжаты арқылы бүгiнгi қауым және келер ұрпақ бiле жүрсе артық болмайтынын шамалатпақпыз.
Тағы да Біләл Сүлеев хаттары.
Фатима!
Амандық па? Сенен бiрсыпырадан берi хат алғаным жоқ. Әзiрге тыныш жатырмыз... Жұмысымыздың хабары бiлiнбейдi. Февральда еш нәтиже шықпады. Мартты күтiп отырмыз. Ден сау, жатын орын, тамақ күйлi. Маған оны мұны жiберем деп әуре болма.
Қош, балалардың мен үшiн бетiнен сүй. Әниге, басқа сұрағандарға сәлем.
Біләл 26.02.1932
Фатима!
Мiне бүгiн сағат онда ГПУ-ден босанып шығып, тура почтаға келiп сендерге және Ташкентке телеграмма соғып тұрмын. Мұндағы қағаздарымды, документтерiмдi алуым бар, басқалай мекемелермен сөйлесуiм бар, барлығы бiрер жұма уақыт алатын көрiнедi. Бұл жұмыстарды бiрыңғай қылмай тұрып, сендерге баруға болмайтын көрiнедi.
Сондықтан асықпай менi күтiп тұра тұрыңдар. Қайыр, ендi қош!
Жақсылықпен жолығалық. Біләл. 9.05.32.
Фатима!
Сенiң соңғы жазған жабық хатыңды және загстен жiберген айрылу қағазыңды кеше алдым. Хатыңды бiрнеше рет оқып шықтым!.. Мазмұны түсiнiктi. Сенiң лайықты деп ұйғарған затқа менiң қарсылығым жоқ... (Қарсылығым болғанда iстейтiн шарам не?) Бiрақ, бiр ғажап нәрсе, сенiң хатыңды оқығаннан бастап, осы сағатқа шейiн көзiмнiң жасы буылып... ағуда! Қаншама тыяйын десем де тыя алмаймын. Бiлмейiм бұл нелiктен?! Әйтеуiр себебiн бiлмейiм...
Аққан жас аға берсiн. Ендi басқа сөзге көшейiк, болар iс болып қойыпты. 13 жылдық бiрге жасаған тұрмысымызға 11-шi октябрь күнi қаяу түстi. Бұған сен де, мен де айыпты емеспiз ғой дейiм. Жалпы тұрмыстың салдарына келiп шыққан нәрсе ғой. Ендiгi сенi мен менiң ойланатын нәрсемiз: ана екi баланың тәрбиесi болуы керек. Тiлесең саған бай, тiлесем маған қатын табылатынымен балаларға әке-шеше табылмас. Мiне, осы мәселенi сен екеумiз бiрлесiп шешуiмiз керек.
Менiң ұсынысым мынау: Жәкетейды (Жәнiбектi) бiр жерге әбден орналасып алғаннан кейiн, мен қолыма алуым керек. Қалай қылып болса да, әлеумет тәрбиесiн жақсы беретiн бiр мектепке беруiм керек. Азатай (Азат) әлi жас. Сондықтан сенiң қолыңда, не әйтпесе Әнидiң қолында тұруы керек. Мiнеки, менiң ұсынысым. Бұған не дейсiң? Ойыңды ашық, анық қылып жаз.
Ендi өзге ұсақ-түйек мәселелерге келейiк:
1. Үй iшiндегi нәрселер маған өзiңе лайықты дегендерiңдi (әрине киiмнен) жiберерсiң!
2. Кiтаптарды берiк жәшiкке салып, Тайырдiкiне қоярсың.
3. Қай жаққа барсаң да, маған адресiңдi бiлдiрiп, балалар жайында хат жазып жүрерсiң.
4. Балаларға керектi мұқтаж нәрселер болса сұратарсың. Мен шамам келгенше жiберiп тұрармын.
5. Менiң жеке түскен суреттерiмдi жiберерсiң. Онан басқа суреттердi жыртарсың... сен екеумiз түскен суреттердiң барлығын өртеп жiберуге кеңес берем. Өйткенi ол суреттер саған қайғыдан басқа еш нәрсе келтiрмес. Азатайдың, Жәкетайдың жеке суреттерiн жiбер!
Жалпы жолдастық кеңес: қолыңнан келсе оқуың керек, оқы. Сен әлi жассың. Саған өкпем жоқ, өкпенi көтеретiн заман тағы жоқ.
Қай жақта жүрсең де, бақытты болуыңа тiлектеспiн.
Тағы да сенен өтiнетiн нәрсе: Жәкетайды (үлкен Ұлы Отан соғысында өлген Жәнiбек Ж.А.) менен жат бауыр қылуға тырыспассың! Хат жаздырып тұр. Артық жазарлық сөзiм жоқ.
Қош! Біләл. 20.10.32. адрес бұрынғыша.
Фатима!
Мен сендердiң хаттарыңды алып, «қосылғандарыңды» естiп, көңiлiм орнына түстi. Iлияспен кетпей, басқа бiреумен кетсең қайтер едiм. «Бiрақ сенiң қуанышыңды бiлдiрiп жазбағаныңа бiраз өкпем бар...» Сенiң балаларды Семейге тастап кеткенiңдi өзi қайтiп асыраса, сүйтiп асырасын деген сөз екен деп түсiнiп, бүгiн Семейге қарай шықтым. Балаларды алып қайтам. Уақытым тар. Сенен сұрайтын өтiнiш «өлiм бар да қаза бар, ақиретке таза бар» деген ғой. Ана орысша жазылып жiберiлген қағазды көшiрiп жазып, қол қойып жiбер. Еш жерiн өзгертпе. Менiң осы сыбағамда жетер. Олай-пұлай деп толқып, закөн iздеудiң жолына түспе. Сен жаңадан байға тидiң, үй iшiң бар. Тағы да балаларың болар... Iлияс та бұрын құр алақан емес қой. Мен өзiм қатын алуды қоям. Сондықтан маған бала керек. Баланы алғаннан кейiн қарекет керек.
Менiң басыма кедейшiлiктiң түскенiн мына болып отырған оқиғадан көрiп отырмын. Айыма алатын жалақым 250 сом-ақ. Ол неме жетедi! Алғашқы уақытта балаларды үй нәрселерiн сатып, асырамасам болмайды. Сондықтан киетiн киiмнен басқа үй нәрселерi менде қалуы керек. Үйдегi азын-аулақ алтын-күмiс секiлдi асыл заттарды алып кеткен болсаң қайтаруың керек. Бұл ойды қасыңда отырған Iлияс та жек көрмес. Егерде өзiң келем десең келерсiң. Бiрақ келгенiңнен әзiрше келмегенiң қайырлы болар. Мен барғанша Семей барып қалсаң, амалсыз жолығып қалармыз. Артық жазар сөз жоқ. Iлияс әнегүнгi телеграммаға жауапты толық қылып жазар.
Біләл.13.12.32
Балаларды Алматыға көшiрiп алып кетiп қалған болсаң, онда да барып қайтам.
Жанат Ахмадидің “Әдебиет – жан нұры” атты кітабынан
Бөлісу: