Кавабата Ясунари. Изүде жүрген биші қыз
Бөлісу:
Кавабата Ясунари осы повесімен және «Қар елі», «Мың тырна» атты туындыларымен оқырмандарын таңдай қақтырып, Жапония жазушыларының арасынан тұңғыш рет 1968 жылы Нобель сыйлығын алған жазушы. Ол өз шәкірті, көрнекті жазушы Мишиманың 1970 жылы самурайлық дәстүрмен қарнын жарып өлген ауыр қазасын көтере алмай 1972 жылы өзіне улы газ қолданып қаза тапқан.
Атақты жазушының «Изүде жүрген биші қыз» повесін жазушы-аудармашы Қуандық Шамахайұлының тәржімалауымен оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Қарсы алдымдағы жол шынтақтала бунақталып келіп, биіктей түскенде Амаги кезеңіне енді ғана жеткенім сол еді, аяқ астынан жаңбыр себелеп, ит тұмсығы өтпейтін балқарағаймен көмкерілген таудың белінен беттеген нөсер әне-міне дегенше, мені қуып жетті.
Жасым жиырмада. Басымда аға курс студенттеріне арналған қалпағым бар. Үстімдегі көгілдір түсті матамен тігілген кимоноға* хакама** іліп, оқу сөмкесін арқалап, кәдімгі саяхатшыша келе жатырмын. Изүге*** жападан жалғыз сапарлауға шыққаныма міне, төрт тәулік. Шюнзэнжидің ыстық арасанына бір, Югашиманың ыстық арасанына екі қонып, жолға арналған биік гэтамды**** аяғыма іліп алып, Амаги қайдасың деп тартып кеткенмін. Бірі бірінің етегін басып, асқақтаған биік таулар, бітеу тоғай, ірі жартасты аңғарлар сап түзеп, күз маусымының көркімен көз тартқанда көңіл түкпіріндегі әлде бір сырға ұмсынып, асыға-аптығып келе жаттым...
Осы сәтте жаңбырдың ірі тамшылары мені бас-көзсіз сабалай бастады. Өрге тартқан тік әрі бұралаң жолмен жүгіре басып, кезеңнің арғы бетіндегі шайханаға жетіп дамылдадым. Шайхананың босағасын аттай бере кілт тұрып қалдым. Көңілімде жүк етіп көтерген арманыма дәл осылай сәтімен тап боламын деп еш ойламаппын. Онда кезбе артистердің бір тобы демалып отырған еді.
Сілейіп тұрып қалған мені аңғарған биші қыз өзі отырған төсенішін алып, көз ілеспес жылдамдықпен келесі жағын аударып, маған қарай жақындатты. Мен «е, е, а...» дегеннен өзге үнім шықпай төсенішке отыра қалдым. Өрге қарайғы жүгірістен ентігіп әрі тосын кездесуден толқығаннан алғыс білдіруге де мұрша болмады. Биші қыз дәл қарсы алдымда отырғандықтан, сасқанымнан жеңімдегі темекімді шығардым. Ол қасындағы әйелдің алдында тұрған күлсалғышты алып, маған қарай жақындатқанда да мен ауыз аша алмадым.
Биші қыздың жасы көп ұзаса он жетіде ғана шығар. Қою қара шашын бұрын мен көрмеген әлде бір дәстүрлі үлгімен тарап, түйгені жұмыртқадай домалақ болғанымен батыл да өжет түріне керемет жарасып тұр. Ежелгі әдеби кітаптарды безендіретін сұлу арулардың бейнесін еріксіз еске түсіреді. Биші қыздың қасында жасы қырықтар шамасындағы әйел, екі жас келіншек және Нагаокадағы ыстық арасан мейманханасы қызметкерлерінің жейдесін киген жиырма бес-жиырма алтылар шамасындағы бір жігіт болды.
Мен бұлармен бұрын екі рет жүздескенім бар. Югашимаға келер жолда, Шюзэнжиге бара жатқанда Югава өзен бойында оны алғаш рет көргенмін. Биші қыз үлкен дауылпазы бар кетіп бара жатқан. Мен әлсін-әлсін бұрылып, қараумен кеткен едім. Сол сәтте сапардың дәмін сезінгендей болғанмын. Югашимаға түскен соң екінші күні кешке биші қызбен тағы да ұшырасқанмын. Ол мейманхана дәлізінің кең залында билеп, мен баспалдақтың үстіне отырып алып, көз алмай тесіле қараған едім. Сол сәтте мен «кеше Шюзэнжиде, бүгін Югашимада жүр, ертең Амаги кезеңінен асып, Югано ыстық арасанына баратын шығар. Амагиге дейін жеті ри***** өйтіп-бүйтіп қуып жетемін» деп ойлаған едім. Осы ойдың жетегінде асығыс-үсігіс жолға шығып жүргенім ғой. Сонда, жаңбырдан бас сауғалаймын деп шайханаға кіргенде биші қызды қарсы алдымнан кездестіріп, әлгінде абыржып қалғаным сол еді.
Сәлден соң шайхана қожайыны мені басқа бөлмеге енгізді. Бөлмеде адам тұрмайтын секілді, есігі де жоқ. Сонау төменде көз жетпес шетсіз-шексіз кең дала далиып жатыр. Тоңғаннан болып, денем тітіркеніп, дірілдегенде тісім сақылдап кетті. Қожайын әйел шай әкелгенде мен қатты тоңғанымды айттым.
-Ой-бу! Қымбаттым, сіз суға малшынып қалыпсыз ғой! Мұнда келіп жылынып алыңыз! Киім-кешегіңізді де кептіріңіз! – деп, қолымнан жетелегендей-ақ өз бөлмесіне апарды. Бөлмедегі ошақта от маздап тұр. Ашық есіктің өзінен ыстық ауа үрлейді. Мен әрі-сәрі күйде босағада біраз тұрып қалдым. Суға тұншығып өлген адам секілді тұла бойы көк-көңбек болып ісініп кеткен бір шал оттың жанында жүрелеп отырып алыпты. Қос жанары шүңірейіп, суалып қалғандай нұры тайған көзімен маған тесіле қарады. Айналасында ескі хаттар мен конверттер шашылып, ыбырсып жатыр. Тірі жаннан гөрі тау үңгіріндегі құбыжықтың елесіне ұқсас адамды көріп, состиып тұрып қалыппын.
-Адам баласы көрерліктей емес. Айыпқа бұйырмаңыз... Өмірлік серігім болғандықтан, менен өзге кім оған қамқор болар дейсіз. Көруге ауыр болса да ғаріп жанды қимайсың. Қымбаттым, түсіністікпен қарауыңызды өтінемін – деп, қожайын әйел сырқат шалы туралы әңгімеледі.
Шалы сал ауруына шалдығып, көп жыл бойы денесі құнысып қалған көрінеді. Бұл дерттің шипасы туралы кеңес берген хаттар, дәрі-дәрмек әр жерден ағылып келіп, енді соның қаптары мен конверттері тау-төбе болып жатқан беті екен. Науқастың өзі де осы кезеңді асып өткен адамдардан сұрап, газет-журналдардан оқып, дертке дауа боларлық бірдемелерді сұрастыра беретін көрінеді. Онымен қоймай хаттар мен дәрі қаптарын тастамай айналасына үйіп қойып, қарап отырады екен. Жыл өткен сайын ешкімге керегі жоқ қағаздың үйіндісі көбейе берген. Әйелдің әңгімесіне жауап ретінде не айтарымды да білмедім. Отқа қарап отыра бердім. Шайхананың қасынан өткен машинаның жүрісінен үйдің қабырғасы дүмпіп гүрілдеп кетті. «Бұл жердің күзі осындай салқын. Кешікпей қар басып салады. Шал несіне бола кезеңнің төбесінде тұрады екен. Төменге түсіп жазық даланы мекендесе болмас па?» деп іштей ойланып қалдым. Киімімнен бу шығып, оттың ыстығы бастың әңкі-тәңкісін шығарды. Шайхана қожайыны әйел кезбе артистермен әңгімелесіп жатыр.
-Ана жолы келгенде ертіп жүрген қызың мынандай боп өсіп кеткен бе? Әдемі бойжеткен болыпты ғой. Тал шыбықтай майысып-ақ тұр. Қыз бала тез өседі ғой, негізі.
Сөйтіп жатқанда кезбе артистер қозғалуға бет алғандай көрінді. У-шу болысып кетті. Мен де сол жерде орнығып кеткенім шамалы болса да, тұрып кете салуға жүрексініп, құр бекер тыпыршып отырдым. Бұлар қанша жерден жол жүруге машықтанған жандар болса да заты әйелдер ғой, оншақты чио****** жер алыстап кетсе де ұзатпай-ақ қуып жетермін деп өзімді сабырға шақырып, оттың басында тоңқаңдап отырдым.
Биші қыз кетісімен мен тәтті ойға одан ары қатты берілдім. Қожайын әйел оларды шығарып салып, оралды.
-Мына артистер енді қайда тоқтайды екен?
-Әй, бұларды. Қайда қонатындарын білудің амалы бар ма екен? Кім ойынға шақырады екен деп жұрттың қас-қабағын бағып жүретін жандар ғой! Қымбаттым!
Қожайынның елеусіз айтқан салқынқанды сөзі бұлқынып тұрған көңілімді одан ары тасытып «олай болса, биші қызды бүгін түнде қонаққа шақырып жіберейін» іштей толқып отырдым.
Жаңбыр басылып, тау басынан ағарып аспан ашыла бастады. Күн толығымен ашылып айыққанша күт деп қожайын әйел мені бөгемек болса да, шынымен мен тұрақ таппадым.
-Ата деніңіз сау болсын! Кешікпей суытады ғой – дедім де орнымнан тұрдым. Шал сарғыш жанарын зорға қозғап, маған қарады да болмашы ғана бас изеді.
-Қымбатты студент! Қымбаттым! – деп, қожайын әйел мені соңымнан қуып жетті.
-Қаншама көп ақша бердіңіз? Ыңғайсыз ғой, - деп, менің сөмкеме жармасып «міндетті түрде шығарып саламын» деп, біраз еріп жүрді. Сонымен қайталап айтты:
-Ыңғайсыз болды. Немен жарылқағаным үшін сізден ақша аламын. Келесіде осы жаққа келсеңіз, бізге міндетті түрде соғыңыз. Қарымтаңызды қайтарамын. Сізді ұмытпаймын – дей берді.
Мен оларға бар болғаны бір мәнет, елу ұсақ тиын ғана бергенмін. Қызық болып қалдым. Көңілім толқып, көзіме жас келетіндей ме, қалай. Дегенмен, биші қызға тез жетудің қамына ғана қатты берілген маған бұл әйел кедергі келтіріп жатты. Тіпті таудың шатқалына дейін шығарып салғанын айтсаңшы.
-Рақмет, сізге. Қарияны иен қалдырғаныңыз жарамас. Енді қайтыңыз! – дегенімде ғана тоқтады.
Қараңғы шатқалға кіргенімде суық жаңбырдың тамшысы тырсылдады. Изүдің алдыңғы тұсынан шығатын келесі аузы алдымда ағараңдап көрініп тұрды.
Шатқалдан шыққан жолдың бір жағы ақ шарбақпен көмкерілгені жай отындай қисалаңдап кетіпті. Сурет іспетті көзге анық осы жолдың әудем жерінде кезбе артистердің қарасы көрінді. Оларды алты чио да жүріп үлгертпей қуып жеттім. Мен жүрісімді кілт баяулаттым. Әйелдермен қатарласа кетуге батылым бармады да ештеңе болмағандай қастарынан өте бердім. Олардан әжептәуір алда кетіп бара жатқан жігіт мені көріп тоқтады:
-Сіздің қол-аяғыңыз жеңіл екен. Бағымызға қарай аспан ашылды-ау...
Оның әңгімеге тартқанына көңілім жайланып, қатарласа бірге жүріп кеттім. Жігіт маған үсті-үстіне бастырмалатып сұрақ қойып жатыр. Біздің әңгімелесе бастағанымызды аңғарған әйелдер де артымыздан жетті.
Жігіт үлкен тоқыма себет көтеріп алыпты. Егде жастағы бір әйел кішкентай кәнден көтеріп жүр. Әйелдердің үлкендері орамалға түйілген заттар, орта жастығылары тоқыма себет дегендей әрбірі жүк көтерген. Биші қыз үлкен дауылпазды қондырғысымен бірге көтеріп жүр. Егде әйел де әңгімеге араласты.
-Бұл жігіт жоғары оқу орнының студенті екен ғой – деп, ол биші қызға сыбырлады. Мен жалт қарағанымда ол күлімсіреп:
-Солай емес пе. Мен білемін. Біздің аралға студенттер ылғи келіп тұрады – деді.
Бір топқа жиналған кезбе артистер Ошима аралының, Хабү аралының тұрғындары екен. Көктемде елінен шығып, әр мекенді аралай жүріп осы күзге келіп жеткен екен. Суықтың беті бері бағытталып келе жатқанымен қыстық киімдерін әкелмеген. Сондықтан, Шимодаға оншақты күн түнеп, Ито жағалауынан еліне қайтатындарын әлгі жігіт маған айтқан еді. Ошима деген атау құлағыма жеткенде өлең-жыр лирикасы санамды селт еткізіп, биші қыздың таңсық қою шашына еріксіз көзім түсе берді. Мен Ошима аралы туралы қызыға сұрап келемін.
-Студенттер біздің жаққа суға шомылу үшін үнемі келеді – деп, биші қыздың қасындағы әйелге айтқаны естілді.
-Жазда шығар – деп, мен бұрылып сұрағанымда ол сасып қалды.
- Қыста да – деп, қалғандай болды.
-Қыста да суға жүзе ме?
Биші қыз өзгелеріне қарап күлімсіреді.
-Қыста суға жүзуге болушы ма еді? – деп, қайталап сұрағанымда беті сәл қызарды да салмақты кейіппен бас изеді.
-Ештеңе білмейді ғой. Әлі бала ғой, бұл – деп, егде әйел күлді.
Кавацү өзенінен құлдилай жүріп, Юганоға жетуге үш риден көбірек жер қалған еді. Амаги кезеңінен өте қалғанда тау, дала, тіпті аспанның келбетіне шейін басқаша, расымен де оңтүстік өңірге келіп кіргендей болдық. Әлгі жігіт екеуіміз ауыз жаппай әңгімелесе келе тіпті жақындасып кеттік. Огинари, Нашимото секілді кішігірім елді мекендерден өткен соң сонау төмендегі алқапта Юганоның сабан шатырлары көріне бастады. Мен олармен бірге Шимодаға дейін бірге баратынымды айтқанымда жігіттің қуанышында шек болмады.
Юганодағы қонақ үйдің қасына келгенде егде әйел қоштасар сәт келді дегендей қарағанда жігіт:
-Қымбатты студент ары қарай да бізбен бірге жүремін деген – деді.
-Жақсы болды ғой. «Алыс сапарда серік, күнделікті тірлікте мейрімділік керек» деген. Біз секілді төменгі топтағы адамдармен бірге жүру тақияңызға тар келмесе... Жә, несі болса да бізбен бірге демалыңыз – деп, егде әйел бәйек болды. Әйелдер жаппай маған қарады да, ештеңе аңғармағансып, үнсіз бола тұра ұялыңқырап тұрысты.
Мен олармен бірге қонақ үйдің екінші қабатына шықтым. Жүктерімізді еденге қойыстық. Едені, терезесі ескірген әрі лас екен. Биші қыз төменгі қабаттан шай алып келді. Менің қарсы алдыма келіп отырғанда беті болмашы қызарып, қолы діріл қағып тұрды. Кеседегі шай подностан сырғып түсіп кетердей-ақ көрінді. Онысын апыл-ғұпыл қоя салғанда кесе шайқалып шай төгілді. Неге соншама қысылды екен.
-Жайша ма. Отау иесі болатын жасқа келіп алып. Мұнысы несі... - деп, әйел қабағын түйіп, таңданған сыңаймен сүрткіш лақтырды. Биші қыз төгілген шайды сүртіп жатқанда ұялғаны білініп тұрды. Кенет әлгі сөзді естігенде Амаги кезеңіндегі шайхана қожайынының менсінбей айтқан сөзіне қаным қарайып отырғаным отқа су құйғандай басылып қалды.
Сол сәтте егде әйел әңгімеге өрбітті.
-Студент мырзаның киген кимоносы әдемі матадан екен – деп, маған тесіле қарады да: - Біздің Тамижидің кимоносында дәл осындай ою бар. Шын айтамын – деп, әйелдермен дауласып жатты да, маған бұрылып:
-Елде ұлым қалған. Оқуда ғой. Соны сағынып... Қазір конгасүри (қара көк түсті мата) қымбаттап кетіпті ғой – деді.
-Қай оқуда?
-Бастауыш мектептің бесінші сыныбы.
-А, тіпті бесіншіде ме?
-Кофүдегі оқу орнына барғысы келеді. Кай штатының Кофүі байырғы мекеніміз. Ал, біз Ошимада орныққанымызға көп жыл болды...
Олармен бірге дамылдап, бір сағаттай отырған соң жігіт мені өзге мейманханаға жеткізіп салды. Негізінде мен осы бір жайсыздау қонақ үйге жата кетсем бе деп отырған едім. Біз көшеге шыққан соң түп-түзу тас жолда төселген сатымен құлдилап, жүріп отырып көпшілікке арналған ыстық арасанның маңындағы көпірден өттік. Көпірдің келесі жағында саябақ көрінді.
Жігіт екеуіміз мейманхананың дарбазасына кірдік. Жаңа танысым өзі туралы айтты. Жиырма төрт жаста екен. Әйеліне екі рет қайғылы жағдай ұшырасқан екен. Біріншісіне, түсік тастаған, екіншісінде баласы шала туып көз жұмған. Нагаока мейманханасының формасын киіп жүрген соң мен оны сол жақтікі деп ойлағанмын. Сөзі мен ісіне қарасаң бірдеме білетінге ұқсайды. Сондықтан, өз қызығушылығымен бе, әлде, артист қыздардың біріне ойы кетіп, жүктерін тасып, бірге жүр ме екен деп болжағанмын.
Кейін түстендік. Югашимадан таңғы сегізде шыққанбыз. Бақандай үш сағат өте шығыпты.
Жаңа танысым қонақ үйіне қарай қайтарда бақ арқылы маған қол бұлғады. Мен екінші қабаттан ораулы ақша лақтырдым.
-Аз-мұз бірдеме...сонда да ала сал – деп, едім, ол онша жақтырыңқырамай өте шықпақшы болып еді, ақша бақ ішіне түскендіктен оны алып:
-Әуре болмасаңшы – деп, өзіме қайтадан лақтырды. Ал, онысы шатырдың сабанына ілініп қалды. Мен оны алдым да қайтадан оған қарай лақтырдым. Бұл жолы жігіт менің тартуымды алмасқа амалы қалмады.
Кешкісін нөсер құйып жіберді. Таулардың өзінің алыс-жақыны белгісіз болып, біркелкі ақ түспен мұнартып, бүйірдегі бұлақтың өзі көбірши лайланып, ағыны күшейіп, шуы көбейді. Мынандай жұтта кезбе артистер бекер келді-ау деп ойлаған сайын байыз тауып отыра алмадым. Әлсін-әлсін шомылумен болдым. Көрші бөлмені бөліп тұрған қағаз қабырғаның маңдайша тұсындағы төртбұрыш тесіктен түскен жарық екі бөлмеге қатар түседі. Сондықтан болар, бөлменің іші бүртүрлі алакөлеңке.
Шулы жаңбырдың дыбысымен қоса алыстан дауылпаздың даусы талып жетеді. Мен жалма-жан атып тұрып барып ашқанда терезенің қоршау ағашын сындырып жібере жаздадым. Терезеден кеудеме дейін сыртқа шығарып алып, биші қыздың қай тұста жүргенін білмекке көзімді жұмып тұрып тың тыңдадым. Дауылпаздың үні барған сайын жақындап келе жатқандай. Жел араласқан жаңбыр бас-көзсіз сабалап тұр. Сәлден соң шямисэн (жапон ұлтының ішекті саз аспабы) үні шығып, әйелдердің созылыңқы дауыстары мен күлкілері құлаққа жетті. Кезбе артистерді олар түскен қонақ үйдің қарсы бетіндегі мейрамхана шақырғаны белгілі болды. Ер азаматтардың да дауыстары анық естіле бастады. Артынан бері келер ме екен деп дәмеленіп қоямын. Бірақ, бұл думанды тойлары шектен шыққан шулы берекесіздікке айналатын түрі бар. Оқтын-оқтын әйел адамның жырқ-жырқ еткен күлкісі түн тыныштығын бұзады. Мен есік пен терезені қатар ашқан күйі отырдым. Дауылпаздың даусы естілген сайын «биші қызым дауылпазын ұрғылап-ақ жатыр» деген ойға келіп кең тыныстап қоямын. Ал, дауылпаздың даусы басылған сайын нөсердің суына батып бара жатқандай жан дүнием алай-дүлей боп кетеді. Сөйтті де бір бірін қуып жүгіріп жүр ме, тарсыл-тұрсыл боп кетті. Артынан тым-тырыс. Осы тыныштықтың себебін білмекке қою қараңғыға көз тіксем де маған көрінерлік не болушы еді. «Қайдағы біреу бүгін түнде биші қызды ластап тастамаса игі» деген ой мені мазалаумен болды.
Есігімді тарс жауып алып, төсек салып жатсам да ұйықтай алмадым. Тағы бір рет шомылып алдым. Буырқанған көңілімді сабасына түсіру үшін суды шалпылдата жүзіп, біраз сүңгідім.
Жаңбыр тоқтап, аспан ашылды. Жауынға жуылған күзгі түн ағараңдап жарқылдайды. Судан шығып алып, сол күйі салып ұрып жетіп барғым келді. Бірақ, оным қалай болмақ. Түнгі сағат екіден асты.
Ертеңінде таңғы тоғызда жігіт маған келді. Мен енді ғана тұрып жатқан едім. Екеуіміз серіктесіп, арасанға бардық. Жалпы жұртқа арналған ыстық арасанның төменгі тұсымен ағатын арнасы жаңбырдан кейін толып, күн сәулесімен шағылысып жылт-жылт етеді. Көктемнің жұмсақ лебін еске түсіретін оңтүстік Изү мекенінің тамылжыған тамаша бір күні еді.
Өткен түндегі оқиға маған түс секілді там-тұмдап ойға оралады. Сонда жігіттен сұрап жібердім.
-Кеше түннің бір уағына дейін шуладыңдар ғой?
-Не? Естілді ме?
-Әрине.
-Мына жердің адамдары да. Құр айғайдан басқа білерлері жоқ – деп, аса мән бермеген соң мен де ештеңе демедім.
-Әй, аналарды қара, шомылуға келіп қалыпты ғой. Бізді көріп күліп тұрғандарын.
Жігіт өзеннің келесі жағасын нұсқады. Өзен жағасының енді ғана сейіле бастаған мұнартқан тұман арасынан жеті-сегіз адамның сұлбасы бірде анық, бірде өшкін көрінеді. Олардың арасынан жалаң бас, жалаңаш біреуі жүгіріп шығып, киім қоятын тақтайдың шетіне тұрып алып, өзенге секіретіндей-ақ екі қолын алма-кезек созып бірдеме деп айғайлап тұр. Ол биші қыз еді. Түп-түзу аяғы, аппақ денесі балапан ағаштай көз тартқанда тұла бойым таза сумен шайылғандай болды. Сол сәтте көңілім орнына түскеніне өзімді іштей мазақтап күліп те алдым. Бізді көре салып, қуана қол бұлғап, жалаңаштығына қарамастан мәз болып тұр. Менің көңілім ерекше жайланды. Мазамды алған барлық ой әлде қайда ұшып кетті.
Негізінде, мен биші қызды он жеті-он сегіздерде деп ойлағанмын ғой. Шашын үйіп тарап, үлкендерше сәнденіп, киінгеніне қарап қана. Қызық нәрсе ойлағанмын.
Жігіт екеуіміз біздің бөлмеге келгенімізде артист әйелдердің ішіндегі егделеуі мейманхананың бағында гүлзарларды қызықтап қарап жүр екен. Биші қыз көпірден өтіп келе жатты. Егде әйел солай қарап тұрды. Биші қыз «қонақ үйге қайтпасам, ұрыс естимін» дегендей иығын қиқаң еткізіп күлімсіреді де кері бұрылды.
Егде әйел маған қарай жақындап келіп:
-Кешке бізге келіп қонақ болыңыз! – деді. Олар қонақ үйлеріне қайтты.
Түстен кейін мен мейманханаға тоқтаған саудагермен го******* ойнап, уақыт өткіздім. Аяқ астынан дауылпаз үні шыққанда мен орнымнан атып тұра жаздадым.
-Кезбе артистер қайтып бара жатыр ғой.
-Мһм, олар кімге керек екен. Ал, енді сіз көшіңіз, мен былай қойдым – деді, саудагер. Ол ойынның қызығына түсіп алып, ештеңеге мән берер түрі жоқ. Мен не істерімді білмей тоңқаңдап отырғанымда артистер қайтып бара жатқандай. Жігіттің кешкі сәлемі көшеден естілді. Мен дәлізге шығып, қолыммен ымдап оларды шақырдым. Олар өзара біраз сыбырласты да бері қарай бұрылды.
Әйелдер бір дауыспен «кеш жарық!» деп, дәлізге кірді де гэйшяларша отыра қалып, алақандарымен еденді басып, еңкейіп маған ізет көрсетті.
Ол сәтте мен ойыннан жеңілуге шақ қалған едім.
-Еш амалым жоқ, берілдім – десем:
-Ол не дегеніңіз мен сізден анағұрлы нашар ойнаймын ғой. Жақсылап қарайық – деп, саудагер қорапшаның әр көзін санап әбден қызып алғандай. Келген жандарға көзінің қиығын да салған жоқ. Әйелдер дауылпаз, шямисэн аспаптарын бөлменің бір бұрышына қойып тастап, шахмат тақтасына гомокү (го-ның бір түрі) ойнамаққа тастарды жинай бастады. Мен ойынымды тез аяқтау үшін жеңіле салдым. Әлгі саудагерім «тағы бір ойнайық» деп айырлатын түрі жоқ. Мен қарсы алдынан мән-мағынасыз күліп отыра берген соң ол ештеңе дей алмай шығып жүре берді. Әйелдер маған жақындап келісті.
-Бүгін кешке тағы да бір жаққа барасыз ба?
-Баруын барамыз ғой – деді де, жігіт қасындағыларға «не істейміз» деген сыңаймен қарады.
-А, олай болса, бүгінше осында қалып, менімен ойнаңыздар!
Олар «о, тамаша», «мейманхана қожайыны ұрыспай ма?», «кеткенімізбен бізді шақырып отырған кім бар?» десіп қалуға шешім қабылдады. Түн ауғанша гомокү ойнадық. Биші қыз кеткен соң өзімді сергек сезіндім, ұйқым қашып кетті.
Мен қағаз саудагері шалды шақырдым. Алпысты алқымдаған қария ширақ қимылдап, бөлмесінен шықты.
-Таң атқанша ойнайықшы! – дестік те, кірісіп кеттік. Мен алғаш ойнағаным секілді қызу кірісе бастадым.
Біз ертеңінде сағат сегізде Юганодан шығуға келісіп қойғанбыз. Басымдағы оқушы қалпағымды сөмкеме салып, осындағы дүкеннен сатып алған жаңа бас киімімді киіп, кезбе артистер тоқтаған қонақ үйге қарай тарттым. Екінші қабатының есігі ашық тұрған соң қанен қаперсіз салып ұрып кіріп бардым. Ал, олар әлі бас көтермепті. Мен не істерімді білмей босағадан ендім де тұрып қалдым. Менің дәл башпайымның қасында екі әйелдің ортасында биші қыз ұйықтап жатыр. Мені көре сала беті қызарып, қос алақанымен бетін баса қойды. Бояуын да сүртпеген екен, түндегі қалпы. Ерні мен қабағының бояуына шейін қызарып кеткендей болды.
Биші қыздың осы бір сүйкімді кейпіне көңілім кетіп мен тұрмын. Ол жарықтан тасаланған шетке қарай сырғып отырды да:
-Кеше өте тамаша ойнадық. Сізге көптен көп рақмет! – деп, ізет көрсете иілгенде өзім сасып қалдым. Жігіт егде әйелдің қасында жүретін жас келіншектің қойнында жатыр. Ол екеуінің ерлі-зайыпты екенін білмеппін.
-Тым ыңғайсыз болды. Негізі бүгін кетпек болғанбыз. Бірақ, кешке осында бір той болады деген сыбыс бар. Сонымен тағы да бір күн қонуға келістік. Егер сіз міндетті түрде бүгін кетуіңіз керек болса, Шимодада кездесерміз. біз Кошюяа қонақ үйіне түсеміз - деді, орнынан тұрған егде әйел.
Мені жалғыздықтың мұңы торлап, жетімсіретіп тастағандай болды. Әңгімеге жігіт араласты:
-Ары қарай бір күн де ұзартылмайды. Жолда үзеңгі жолдастың болғанына жетер жоқ қой. Егер шаруаңызға кедергі келтірмесе ертеңге дейін күтіп, бәріміз бірге кетсек қайтеді – дегенде, егде әйел де:
-Сіз ғафу етіңіз! Біз сапарлас болып сізге үйреніп қалған соң айтқанымызға көндірмек болып жатырмыз ғой. Қалай болғанда да біз ертең міндетті түрде шығамыз. Жол-жөнекей қайтыс болған бір баламыздың қырқын беру рәсімі арғы күнге келіп тұр. Кішігірім ас бермекпіз. Дәл сол күні Шимодада болуға сәйкестіру үшін асығыс жолға шыққан едік. Турасын төте айтып отырғанымды айыпқа бұйырмаңыз! Сіз бен біз бұйрықша ұшырасып таныстық. Бүрсігүні болатын рәсімге бізбен бірге болыңызшы! – деді.
-Мен ертеңді күтетін болдым – дедім де, ол жерден шықтым. Олардың екінші қабаттан түсіп келерін күтіп, ыбырсып жатқан төменгі дәлізде қонақ үй басшысымен анау-мынауды сөз етіп тұрғанымда жігіт келіп, «таза ауада серуендеп қайтайық» деді.
Көше бойлап келе жатыр едік, бір әдемі көпір көрінді. Біз сонда келіп аялдадық. Жігіт көпірге сүйеніп тұрып, өзі туралы әңгімеледі. Біраз уақыт Токионың жаңа ағымындағы театрының түрлі қойылымдарында ойнаған екен. Қазірдің өзінде Ошима портында үнемі қойылымдарда ойнайтын көрінеді. Жол жүгінде жасанды қылыштың қыны болған. Осындай сапар кезінде де ойнайтын жайлар туып тұрады дейді. Ойынға қажетті киім-кешек, ыдыс-аяқ, тұрмыстық заттарды да бірге алып жүреді екен.
-Бәрі өзімнен болды. Қазір міне, өстіп жұрт соңында жүрмін. Ағам Кофүде түтін түтетіп жайлы өмір сүріп жатыр. Мен ол жерге сыймадым.
-Мен сізді Нагаоканың ыстық арасаны маңының адам деп ойлаған едім.
-А, солай ма. Әйелдерді басқарып жүрген келіншек менің әйелім. Сізден бір жас кіші, онтоғызда. Ой, бізді айтсаңшы. Өстіп жүріп екі баламыз шала туды, байғұс-ай. Баламыз бір апта ғана тұрды да көз жұмды. Әйелімнің денсаулығы қазір де онша емес. Ана егде әйел менің енем болады. Биші қыз менің туған қарындасым.
-А, бірде он төрт жаста қарындасым бар деп едіңіз ғой...
-Сол қарындасым осы ғой. Реті келсе, қарындасым өзім секілді болмаса екен деп едім. Еш амалым жоқ. Ертіп жүрмін, міне.
Жігіттің есімі Эйкичи, әйелі Чиоеко, қарындасының аты Каорү екен. Олармен бірге жүрген Юрико деген келіншек Ошима мекенінің тұрғыны, оны жалдап ертіп жүрген көрінеді. Эйкичи ауыр күрсініп, жыламсыраған адамның кейпімен өзенге тесіле қарап тұрды.
Қайтып оралғанымызда биші қыз бет-аузындағы бояуларын баяғыдан жуып тастаған, итінің басын сипап отырды. «Мейманханаға кеттім. Маған келерсің» дегенімде:
-Барғым-ақ келеді. Жалғыз өзім қалай...
-Ағаңмен бірге кел.
-Міндетті түрде барамын.
Кешікпей Эйкичи маған келді.
-Басқаларың қайда?
-Енем жібермеді. Қиын адам ғой, ол.
Екеуіміз отырып гомокү ойнауды бастағанда аяқ сыбдыры естіліп, әйелдер келді. Тағы да бұрынғысынша ізет танытып, иіліп шешімдерін айтпай отырысты. Ішіндегі үлкендері Чиоко алдымен орнынан тұрған соң мен оларды шақырдым:
-Бұл менің бөлмем, еш қысылмаңыздар! – дедім. Бір сағаттай ойнап артистер мейманхана ішіндегі арасанға түсуге кетісті. Мені шақырғанымен үш бірдей жас ұрғашының соңынан ермей «сосын барамын» деп қалып қойдым.
Алайда, биші қыз ізінше қайтып келді.
-Арқаңызды ысып берейін. Келіңіз – деп, апай айтты.
Чиоконың сәлемін жеткізе келіпті. Мен бармадым, биші қызды ойынға шақырып, гомокүге кірісіп кеттік. Оның соншалықты мықты ойыншы екенін білмеппін. Ешкімге дес беретін түрі жоқ. Мен анау-мынау ойыншыдан жеңіле бермейтін едім. Әдейі құр көш жасамайтындықтан мықтап тұрып ойнадым. Екеуіміз ғана болған соң ол ыңғайсызданды ма, алыстау отырған. Ойынға қыза келе барынша еңкейіп жақындай түсті. Көңіл сергітерлік әдемі қою қара шашы кеудеме тие жаздап қалады. Кенет бірдемеден секем алғандай басын оқыс көтерді де беті қызара кетіп:
-Ой, кешіріңіз! Мені ұрсады ғой – деп, ойынды тастап жүгіріп шығып кетті.
Олардың қожайыны әйел көпшілікке арналған арасан жақтан қарап тұрды. Чиоко мен Юрико моншадан шығып өз жатақтарына қарай кетті.
Эйкичи кешке дейін менімен ойнаумен күн өткізді. Мейманхана қожайыны ақкөңіл әрі сыпайы әйел «кезбе артистер секілді төменгі дәрежедегі адамдарды мынандай ас-сумен тамақтандыру шығын ғой» деп маған ескертумен болды.
Ақ шамда мен қонақ үйге бардым. Биші қыз егде әйелден шямисэн аспабында ойнауды үйреніп жатыр екен. Мені көре салып шямисэнін еденге қоя салып еді, әйелдің талап етумен қайтадын қолына алды. Биші қыз аспабының сүйемелімен әндете бастап еді:
-Ән айтпа деп тұрмын ғой – деп, егде әйел ашуланды. Эйкичи қонақ үйдің қарсы жағындағы мейрамханада әлде бір әнді созып айтып отырғаны бізге анық көрініп тұрды.
-Қандай ән айтып жатыр?
-Утаи********
-Ал, ендеше!
-Мықты кісі. Бәрін де жасай алады.
Сол сәтте осы қонақ үйге тоқтаған құс саудагері қырық жастар шамасындағы ер азамат қабырға есікті ашып, әйелдерді асқа шақырды. Биші қыз Юрикомен бірге көрші бөлмеге барды. Тамақ дейтіндей де емес, шын мәнінде саудагердің өзі жеген тауық етінің қалдығы ғана екен. Кейін бәрі бері қарай кіріп келгенде саудагер еркек биші қыздың иығынан тартып өзіне жақындатпақ болғанда Юрико ашуланып:
-Әй! Қызыма қол тигізбе! – деді.
Биші қыз саудагерге «аға, аға! «Мито Комоның********* саяхатын» оқып беріңізші» деп жалынды. Ал, әлгі саудагер дереу бөлмесіне қарай зытты. Маған айтудан қаймығып, қасындағы әйелге айтқыздырғысы келгендей әрекет жасады. Маған әлде бір үміт пайда болып, кітапты оқып беруге қолыма алдым. Оқи бастағанымда биші қыз иығыма бетін тигізе жаздап, шоқтай жанып тұрған көзін кірпік қақпастан маған ерекше зейінмен қадап тұрды. Кітап оқытқан кезде үнемі осылай тыңдайтын секілді. Саудагер еркекке кітап оқытқанда да осылай тыңдайтын болса керек. Ерекше әсемдікпен жалтылдаған үлкен қара көзі биші қыздың тұла бойындағы ең тартымды дүниесі. Сөзбен суреттеуге келмейтін қарақаттай әдемі көзі оны одан ары сұлу етіп жіберердей. Күлгенде, жаңадан ашылған гүлдей. Шынымен де гүл ашылғандай ғой.
Сәлден соң мейрамхана даяшысы биші қызды шақыра келді. Ол концерттік киімдерін киді де:
-Мен қазір келемін. Күтіп отырыңыз, жалғыстырып оқып бересіз – деп, есік алдына барды да: - Мен кеттім – деп, ізет жасады.
-Ешқашан ән айтушы болма – деп, егде әйел айтқанда ол бас изеп, дауылпазын алып кетті. Егде әйел маған:
-Дәл осы кез оның үні өзгеретін кезеңі ғой – деді.
Биші қыз мейрамхананың екінші қабатында сыпайы барып жайғасып дауылпазын ұрғылай бастады. Теріс қарап отырған оны мен дәл қасынан көргендей қарап тұрдым. Дауылпаздың үні мені елжіретіп жіберді.
-Дауылпаз соғыла бастағанда думанның сәні кіре қалады – деп, егде әйел мейрамханаға қарады. Чиоко мен Юрико екеуі солай қарай кетті. Бір сағаттан кейін төртеуі де қайта оралды.
-Бар-жоғы осы ғана – деп, биші қыз алақанындағы елу тиынды қожайын әйелдің қолына салды.
Мен Мито Комоны жалғастырып оқып бердім. Жолда көз жұмған бала тағы да еске алынды. Су секілді денесі жылбысқа бала бір апта бойы жылауға дәрменсіз күйі көз жұмыпты.
Кезбе артистерді қоғамның төменгі тобындағылар деп санайтын үрдісті өз басым ұмытып кеткендейміз. Оларды төмендететіндей ештеңесі де жоқ еді. Менің достық қарым-қатынасым олардың да көңіліне жаққан секілді. Мен уақыты келгенде Ошима аралындағы олардың үйлеріне баруға уәде бердім.
-Атамызды уақытша басқа жаққа жібере тұрсақ біздің үйде ешбір шусыз тыныш тынығып, қанша уақыт тұра берсеңіз де болады. Сабақ оқып отыруға да қолайлы – десіп, өзара әңгімелесіп жатты.
- Бізде кішігірім екі үй бар. Таудағы үйіміз жарық кең – десті.
Жыл басы мейрамында мұхит портындағы Хабү елді мекенінде менің көмегіммен концерт қоюға келісілді.
Кезбе артистердің осылай жер шарлап жүретін тірлігі алғаш мен ойлағандай соншалықты ауыр емес, керісінше, ештеңеге бас қатырмайтын, даланың жұпар иісті ауасымен кең тыныстайтын тірлік екенін ұқтым. Осы бір топ артистің өзі туыс-бауырластық негізбен терең тамырласқан. Ішінде Юрико ғана мінезі тұйық болғасын ба, оқшаулау көрінді.
Түн ортасынан ауғанда мен олардың жатағынан шықтым. Әйелдер мені шығарып салды. Биші қыз менің гетамді есікке қаратып түзеп қойды да есіктен сыртқа қарап, түнгі ашық аспанға көз тастап:
-О, ғажап! Ай туыпты... Ертең Шимодаға барамыз. Қандай тамаша. Көз жұмған баланың қырқын береміз. Анам маған тарақ береді. Өзге де тосын сыйлар болады. Мені киноға апарыңыздар, ия – деді.
Изү, Сагами тауындағы арасанды бұлақтар жерінде саяхаттап жүрген артистер үшін мұхит порты Шимода деген туған жерлеріндей-ақ бауыр басқан мекені көрінеді.
Артистер Амаги тауын асқанда алып жүрген жүктерін әрбірі көтеріп алыпты. Егде әйел кәнденін құшақтап алған, онысы әдеттегісінде алдыңғы екі аяғын шығарып алып, маңғазданып қояды. Юганодан шыққан соң тағы да таулар жалғасты. Мұхит үстінде таңғы күн күлімдеп, сай-сала мен далаға нұр шуағын төгіп тұр. Мен күн шығысқа қарап тұрдым. Кавацү өзенінің басында мұхит жағалауы ағараңдап көрінеді.
-Әнеу, жерде біздің Ошима арал көрініп тұр. Өте үлкен шығар, ия? Біздің үйге келіңіз, жарай ма? – деді, биші қыз.
Күз аспаны ерекше ашық болған соң ба, мұхит үстіндегі күн шығыс жақта көктемгідей мұнар тартып тұрды. Шимодаға дейін бес ри ғана жер қалған еді. Біраз жүрген соң мұхит көзге көрінбей қалды. Чиоко әлдебір әнді немқұрайдылау ыңылдай бастады.
Алдағы жолымыз екіге жарылыпты. Бірі жатық болғанымен айналма, келесісі өр болғанымен небары жиырма чио ғана. Мен әрине, төте жолды таңдадым.
Жапырықтар түсіп, жауып тастаған жолмен бұтақтардың астымен еңкейіп жүргенде демігіп кетесің. Сонда да қолыммен тіземді тіреп алып, ілгері асыға тартып келемін. Бірге жүргендер менен қалып бара жатқандары олардың өзара әңгімесінің ағаштар саласынан ғана естіліп тұрғанынан белгілі еді. Тек биші қыз ғана кимонасының етегін біршама жоғары түріп алып, менен қалмай өкшелеп келеді. Қатты жақындап кетпесе де, қалып та қоймайды. Бұрылып бірдеме сұрасам, селк етіп шошығандай болады да жауап қатады. Биші қыз өзі бірдеме айта бастағанда жақындап келуін күтіп тұра қалсам, ол да тоқтай қалып мен ілгері баспасам, бір қадам ілгерілемейді.
Жол ирелеңдеп, одан ары өр бола түскен сайын мен жылдам адымдай бастадым. Биші де баяғы сол ара қашықтығын сақтап қалыспайды. Тауда мамыражай тыныштық. Өзгелер алыста қалып, дыбыстары да естілмей қалды.
-Сіздің үй Токионың қай маңында?
-Е, мен студенттер жатақханасында тұрамын ғой.
-Мен Токиода болғанмын. Сакүра гүлдеу мейрамында билеуге барған болатынмын. Ол кезде кішкентай едім ғой, ештеңе есімде қалмапты. Қыз «сіздің әкеңіз бар ма?», «Кофүге барып көрдіңіз бе?» дегендей сұрақтың астынан алып жатты. Шимодаға барған соң кино көретінін, сәлден соң көз жұмған балаға шейін бәрін баяндап шықты.
Осылайша жүріп таудың басына шығып кеттік. Биші қыз дауылпазын қураған жапырықтар ортасындағы орындықтың үстіне қойды да маңдайының терін орамалмен сүрті. Өз шаңын қағып-сілкіп тастамақ болды да менің шалбарымның балағындағы шаңды қаға бастады. Мен сасқанымнан шегінгенімде ол тізерлеп отырып қалды. Сол күйі мені айналып киімімді түгел қағып-сілкіп шықты да, кимоносының етегін түсірді. Ентігімді баса алмай тұрған маған:
-Сіз неге отырып тынықпадыңыз?
Айналада тыныштық орнаған. Қасымыздағы ағаштың бұтағына бір құс келіп қона қалғанда кеуіп қалған жапырықтар сыртылдап түсе бастады. Биші қыз қатты ыстықтағаны көрініп тұр.
-Сіз неге осыншама шапшаң жүрдіңіз?
Мен саусағыммен дауылпазды тоқылдатып едім, әлгі құстар үркіп ұшып кетті.
-Су ішсе ғой, ия!
-Мен көріп келейін.
Биші қыз көп кешіккен жоқ, сары жапырақ жамылған бітеу орман арасынан құр қол келді.
-Сендер Ошимада болған кезде немен айналысасыңдар? – деп, сұрап едім. ол екі-үш әйелдің атын айтып, түсініксіз бірдемелер бастырмалатып кетті. Ошимада емес, Кофүде болатын жайларды айтып жатқан секілді. Бастауыш мектептің екінші сыныбына дейін бірге оқыған құрбылары туралы ма, есіне түскеннің бәрін сол күйі баяндап жатқанға ұқсайды.
Біраздан соң әйелдер шұбырып келе бастады. Егде әйел көп кешігіп барып жетті.
Құлдаған кезде Эйкичи екеуіміз олардан әдейі қалыңқырап, әңгімелесіп келе жаттық. Екі чио жердей жүрген соң-ақ төменнен биші қыз бізге қарай келіп жетті.
-Ана жерде төменде бұлақ бар екен. Тез келіңіздер! Біз ауыз тимей күтіп тұрайық.
Су... Мен бар күшімен жүгіре жөнелдім. Ағаш көлеңкесіндегі жартастың жарықша түскен тұсынан бұлақтың тұнық таза суы атқылап тұр екен. Әйелдер бұлақты айнала тұр.
-Сіз алдымен ішерсіз? Лайлап тастаймыз ба деп жоламадық. Әйелдер су ішкен бұлақ ластанып қалар деп сіздерді күттік – деді, егде әйел.
Суықтығы еңбектен өтерлік мөлдір бұлақ суын алақаныма толытырып алып іштім. Бәрі бұлақтан кеткілері жоқ. Оралмалдарын сулап, бұрайды да тершіген маңдайларын сүртеді.
Таудан түсіп, Шимодаға баратын жолға қосылған соң ағаш көмірінің түтіні будақтаған бірнеше кен орны көзге шалынды. Біз жол жиегіндегі бөрене ағаштардың үстіне отырып біраз дем алдық. Биші қыз жол ортасына жүрелеп отырып алып, тарағымен кәнденнің ұйысып қалған жүнін тарап отыр.
-Тарағыңның тісінен түк қалмай сынып қалады ғой – дейді, егде әйел жақтырмай.
-Ештеңе етпейді. Шимодаға барған соң жаңа тарақ аламын.
Мен Юганода жүргенде осы тарақты одан естелік ретінде алайын деп ойлағанмын. Енді, оны шашынан алып, иттің жүнін тарап тастаған соң не деуге болады. ..
Жолдың келесі жиегінде тобымен үйілген азғана бамбук ағашын көрген Эйкичи екеуіміз таянып жүруге ыңғайлы екен десіп, озыңқырап жолға шығып кеттік. Сол сәтте биші қыз өзінен де биік бір жуан бамбук ағашын ұстап жүгіріп жетті.
-Иә, мұнымен не істемексің? – деп, Эйкичи сұрағанда сәл бөгелді де:
-Ең жуанын таңдап алдым – деп, маған ұсынды.
-Болмайды ғой. Жуан болған соң бірден көзге түседі де ұрлап алды дейді.
Жаман болады. Қайтарып апарып орнына қоя сал.
Биші қыз әлгі ағашты орнына апарып қойып тастап, тағы да жүгіріп жетті. Осы жолы ол жуандығы саусақтың ортан терегіндей ағаш әкеліп берді. Сосын, арттағыларды күту үшін тыныстағысы келіп, бидай алаңындағы түренге шалқалап жата кетті.
Эйкичи екеуіміз бес-алты кэн (1 кэн – шамамен 180 см. Ауд.) қашықтықта аяңдап бара жаттық.
-Онда тұрған не бар, алтын тіс салдыра салса болды ғой – деген биші қыздың даусын ести сала бұрылып қарадым. Биші қыз бен Чиоко озып, Юрико соңында келе жатыр екен. Менің бұрылып қарағанымды аңғармаған секілді.
-Негізінде солай. Өзіне айтып көрсек қайтеді – деді, Чиоко. Мен жайында айтылып жатқан секілді. Чиоко тісімнің қыңыр-қисық екенін аңғарған, биші қыз алтын тіс арқылы ол мәселені шешуге болады дегенге ұқсайды. Менің түр әлпетімді бұлайша сөз етулері бауыр тартқандықтарының нышанындай әрі ұяларлықтай болса да «тағы не дер екен» деген қызығушылық та тудыратын секілді. Олар біраз сыбырласқан соң биші қыздың:
-Жақсы кісі – дегені анық естілді.
-Негізі, жақсы адам секілді.
-Шынымен де жақсы адам ғой. Рас айтамын.
Биші қыздың бұл сөзі аңғалдау естілгенімен...риясыз көңілінен шыққандай еді. Мен оның сөзіне сенгенім соншалық, өзімді шынымен жақсы адам санатында сезіндім. Еңсемді көтеріп, күн сәулесімен шағылысқан тауларға маңғаздана көз салдым. Қабағымды бірдеме шаншып өткендей болды. Жалғызілікті жетім болған соң жиырма жасымда ерік күшім әлсіреп, өмір көшінің алдында тізерлегеніме булығып, Изү жұртына бет алғаным осы ғой. Қарапайым адамдар мені жақсы кісілер қатарына қосса қалайша қуанбай тұра аламын? Таулар ағарып, сәуле тарта түсті. Шимода түбегіне жақындауымыздың нышаны болса керек. Мен әлгі бамбук таяғымды шарқ үйіріп, құрғап қалған шөптердің басын шауып кетіп бара жаттым.
Кейбір елді мекендердің кіре беріс жолында «Қайыршылардың және кезбе
артистердің кіруіне тиым салынады!» деген жазулар тұрғаны көрінеді.
Шимода қаласына солтүстік жағынан кіргенде тура Кошюяа қонақ үй бар екен. Мен артистерге еріп, екінші қабаттағы шатыр секілді бөлмеге кірдім. Терезе алдында отырғанда бас төбеге жетерліктей екен.
-Иығың ауырған жоқ па? – деп, биші қыздан егде әйел алаңдаулы көңілмен бірнеше рет сұрады.
-Қолың ауырып қалған жоқ па?
Биші қыз дауылпаз ұрғандай қолдарын сүйікімділікпен қозғап көрсетті.
-Ештеңе етпейді. Ойнауға жарап тұр.
Мен дауылпазды көтеріп көрдім.
-Ой, неткен ауыр еді?
-Осыншама ауыр деп ойламаған шығарсыз. Сіздің сөмкеңізден де ауыр – деп биші қыз күлімсіреді.
Кезбе артистердің қонақ үйдегі меймандармен етене жақын шұрқырасып, жүздескендеріне қарағанда олар да өздері секілді жандар, саудагерлер, дос-жарандары болса керек. Шимода портын осындай көшпелі «жыл құстарының» ұясы дерсің. Әлде бірінің баласы томпаң қағып бөлмеге енді. Биші қыз оған мыс тиын берді. Кошояа қонақ үйінен кетуге жиналғанымда биші қыз алдымен дәлізге шығып, менің гэтамның тұмсығын есікке қаратып, түзеп қойып алып, «мені киноға ертіп барыңыз» деп сыбырлады.
Эйкичи екеуіміз бұрын қала мэрі болған кісінің иелігіндегі мейманханаға қарай шықтық. Бұзақылау кейіптегі бір жігіт бізді жол ортасына дейін шығарып салды. Екеуіміз суға шомылып, балықтың жас етімен тамақтандық. Эйкичи қонақ үйіне қарай кетпек болғанда «мұнымен ертеңгі рәсімге арнап, гүл бірдеме аларсың» деп азын-аулақ ақша бердім. Ертең таңғы кемемен мен Токиоға қайтуға тиіспін. Тиын-тебенім де түгесілген болатын. Сабақ басталатынын айтқанымда олар мені бөгей алмады.
Түскі астан кейін үш сағат та өтпей жатып, кешкі асымды ішіп алдым да Шимоданың солтүстігіндегі көпірден өттім. Шимодафужи тауына шығып, порттың төбесінен айналаны қызықтадым. Қайтар жолда Кошюяа қонақ үйіне соқтым. Кезбе артистер тамақтанып отыр екен. Олардың ортасында тауық еті салынған таба тұр.
-Аздап болса да ауыз тиіңізші! Расында, біз секілді әйел затының таяқшасы тигендіктен залалданған болуы да мүмкін, десе де көңіл үшін дәмін татыңыз! – деп, егде әйел себетінен кесе мен таяқша шығарып, Юрикоға жудырды. Ертең жол-жөнекей шетінеген баланың қырқын беретіндіктен маған бір күнге бөгелуімді бәрі жабылып өтінді. Мен сабақты сылтау етіп көнбедім.
-Ал, енді амал нешік. Қысқы демалысыңызда бізге келіңіз! Сіз келетін кемені екі көзіміз төрт болып күтетін боламыз. Келетін күніңізді хабарлап қойсаңыз болды. Қонақ үй анау-мынауға еш әуре болмаңыз. Біз ренжиміз, онда – деді, егде әйел.
Бөлмеде тек Юрико мен Чиоко екеуі ғана қалғанда мен оларды киноға шақырдым. Чиоко ішін алақанымен басып:
-Мен мазам болмай тұр. Көп жүргендіктен, зорығып қалыппын – деді.
Биші қыз сатының қасында қонақ үйдегі баламен ойнап отырды. Ол мені көре сала егде әйелді мойнынан құшақтай алып «киноға мені жіберші» деп жатып кеп жалынды. Сөйтті де еңсесі түсіп, мазасызданған күйде жақындап келіп менің гэтамды жақындатты. Эйкичи:
-Бірге жібере салғанда тұрған не бар екен – деп, жақтырмай сөз тастап еді, егде әйел айтқанынан қайтпады. Мен де оны жалғыз өзін менімен бірге жібермеуінің себебін еш түсіне алмадым. Есіктен тысқа шыққанымда биші қыз кәнденін сипалап отыр екен. Белгісіз бір салқындық бар, маған бұрылып та қарамады. Мен де ештеңе дей алмадым, қипақтап тұрдым да кете бердім.
Жалғыз өзім киноға бардым. Түсіндіруші әйел кино мәтінін май шамның жарығында оқып отыр. Қызығуға зауқым соқпай шығып жүре бердім. Бөлмеме келіп, терезенің жақтауын шынтақтап алып, түнгі қалаға көз жүгірттім. Көше бойы қап-қараңғы. Алыста дауылпаздың дыбысы болар-болмас естілетіндей... Неге екенін білмеймін, көзіме жас толып кетті.
Ертеңінде азанда сағат жетіде тамақтанып отырғанымда көшеден Эйкичидің даусы естілді. Елтаңбамен әшекейленген қара түсті хаори жамылғы киіпті. Мені шығарып салуға сәнденген түрі болса керек.
Әйелдер жағынан ешкім де жоқ. Сол сәтте көкірегімді мұң торлады. Эйкичи бөлмеге кірді.
-Бәрі шығарып саламыз дескен еді. Түнде тым кеш жатқандықтан ешбірі ояна қоймады. Кешірім сұраймын. Қыста келуіңізді бәрі күтетіндерін кеше айтқан болатын.
Далада ызғарлы жел үрлеп тұр. Эйкичи жолда маған төрт қорапша Шикижима темекісін және азғана шабдалы, «Каорү» атты ауыз тазартқыш сатып алып берді.
-Қарындасымның есімі де Каорү болғасын... – деп, күлімсірейді.
Кемеде лимон жеуге болмайды. Ал, шабдалы мұхит толқыны кезінде жүрек айнығанда таптырмайтын жеміс.
-Сыйға тартқаным болсын – деп, аңшы қалпағымды Эйкичиге кигіздім. Студенттік қалпағымды сөмкемнен шығарып, қыртысын жазып, Эйкичиге қарасам, ол әлі ыржиып күлген күйі тұр екен. Біз порт бойына жеттік. Сол сәтте жағалауда басын салбыратып отырған биші қызды көріп, селт еттім. Қасына барғанымызда да ол қозғалмады. Үн-түнсіз төмен қарап отыр. Бетінің бояуы да кешегі күйі өзгермегені мені қатты толқытты. Көзінің қатпары қызарып тұрғаны мазасыздана ренжіген уыздай балғын жүзіне тіпті де көрік бере түскен.
-Басқалар келе ме? – деп, Эйкичи сұрағанда биші қыз басын шайқады.
-Ұйықтап жатыр ма?
Ол басын изеді.
Эйкичи кеме билетін алуға кеткенде мен бірдемелер айтпаққа қанша әрекеттенсем де биші қыз мұхитқа құйып жатқан арнаның суынан көз алмай үн-түнсіз тұра берді. Ештеңе түсініп тұрмаған секілді, мен сөзімді аяқтамасам да басын изей береді.
-Әже, мына кісі қолайлы екен – деп, сол сәтте бір жергілікті кісі қасымызға келді.
-Студент мырза, студент мырза! Сіз Токиоға барасыз ба, қол ұшын беріңізші! Мына әжейге қамқор болып, Токиоға жеткізіңізші! Өте аянышты жан. Ұлы Рэндайжидегі күміс кен орнында істейтін еді. Таяудағы оба қасіреті кезінде келін екеуі де опат болды. Үш немересімен қалып отыр. Біз ақылдаса келе туған жеріне жіберуге тоқталдық. Митоның адамы, негізі. Байғұс кемпірдің еш білері жоқ. Рэйганжимаға жеткен соң Үэно бекетіне баратын пойызға мінгізіп жіберіңіз. Сізді әбден әуре-сарасаңға салдық-ау. Сонда да, жалынып өтінемін. Бейшаралар-ай, өте аянышты жандар ғой.
Көз салып қарасам, әбден түңілген кейіптегі кемпір емшектегі сәбиді көтеріп алыпты. Үлкені бес, кішісі үште ме екен, екі қыз оның оң және сол қолына жармасып алыпты. Кір-қожалақ дорбасының аузынан кептірілген өрік, домалақтап дайындаған күріш көрінеді. Кемпірге алаңдаған бірнеше кенші бірге келіпті. Мен кейуанаға қуана-қуана қол ұшымды беруге келістім.
-Иә, сәтін салды, барынша тырысыңызшы!
-Сізге мың алғыс! Біз негізі Митоға дейін жеткізуіміз керек болатын. Шынымен, мұршамыз болмады – десіп, әрбірі жеке-жеке рақметін айтып жатты.
Кеме мұхит толқынына шайқақтап тұр. Биші қыз сол баяғы ернін жымқырған күйі ай далаға қарап тұр. Мен арқан баспалдақтан ұстап, бұрылып қарадым. Биші қыз қоштаспаққа ұмтылған секілді болды да тіпті төмен қарап қалды.
Жолаушылар кемесі орнынан қозғалды. Эйкичи әлгінде ғана мен сыйға тартқан қалпақты қолына алып, барынша бұлғап тұр. Біраз ұзаған соң биші қыз әлде бір ақ матаны қолға алып бұлғай бастады.
Кеме Шимода портынан ұзап кетті. Изү түбегінің оңтүстік бөлігі далдаға түсіп, көзден ғайып болғанша мен кеме жақтауынан ұстаған күйімде көгілдір мұнар ортасында сонау алыстағы Ошима аралына көз тігіп тұрдым.
Биші қызды қимай зорлықтың күшімен шарасыз аттанған осы сәтім сонау ғасырлар қойнауына кетіп қалғандай. Кейуанаға алаңдап, оның бөлмесінің есігін ашсам, адамдар әлде қашан оны қоршап алған көңіл айтып, сабырға шақырып жатыр екен. Көңілім жайланып, бөлмеме келдім. Сагами теңізінің толқыны тым арынды. Отырғанның өзінде екі жаққа домалап түсе бересің. Кеме жолсерігі жолаушыларға тегене таратып беріп жүр. Мен сөмкемді жастанып, жантайдым. Басым мүлде босап, санам уақыттың қалай өтіп жатқанын сезінуден қалыпты. Көз жасым сөмкеге тырс-тырс тамып жатты. Бетіме суық басқандай болған соң сөмкенің келесі жағын аударып жастандым.
Менің қасымда бір бозбала болды. Кавацу қаласындағы кәсіпорын қожайынының ұлы жоғары оқу орнына түсу дайындығының қамымен Токиоға бара жатқан беті екен. Студенттік қалпағымнан біліп, ол маған жақындауға қатты тырысты. Біраз әңгімеден соң әлгі бозбала менен сұрады:
-Әлде бір сәтсіздік болды ма?
-Жоға. Жаңа ғана мені шығарып салған қыз туралы ойлаған едім – деп, шынынмды айттым. Жанарымнан толассыз ағып жатқан көз жасымды да жасырмадым. Ол үшін ұялудың да реті жоқ, біртүрлі әдемі де секілді.
Қараңғылық түскенін де аңғармаппын. Бір қарасам, Ажира, Атамиде шам жағылыпты. Мен тоңдым және қарным да ашты. Сапарлас бала бамбук ыдыстан норимаки (мұхит орамжапырағы мен күріш) секілді ас-суын шығарып, маған ұсынды. Мен кәдімгі өз асымша қылғытып отырдым. Сонымен баланың оқушы жамылғысына оны бірге күмп еттім.
Бозбаланың осыншама жақын тартып, қонақжайлылық танытқаны маған әдеттегі салт секілді көрініп, біртүрлі қызық көрінді. Кемпірді ертеңгі азанда Үэно бекетіне апарып, Митоға баратын билет алып бере салудың да еш қиындығы жоқ секілді, барлық іс өз ретімен оңғарыла беретіндей сезілді.
Кеменің самаладай шамдары сөндірілді. Кемеге тиелген балықтың жас еті мен мұхит иісі танауды қытықтайды. Қап-қараңғы түнекте бозбаланың дене қызуына жылынып жатқанымда көз жасымда тежеу болмады. Сол сәтте басымдағы миым мөлдір сумен толып кеткендей, сол су тамшылап шыққан сайын жеңілдейтіндей, ауыр ойдан ештеңе қалмайтындай игі жақсылықты ерекше сезінгендей болған едім.
_____________
*Кимоно – жапондардың ұлттық киімі.
**хакама – кең әрі ұзын шалбар
***Изү – Шизүока штатындағы әсем көрікті мекен.
****Гэта – ағаш табанды шәркей
***** Ри – қашықтық өлшемі. Шамамен төрт шақырым бір ри.
******Чио – ұзындық өлшем.
*******Го – дойбы тәрізді ойын.
********Утаи – Но театры қойылымының әні.
*********Мито Котон – (1628-1700) тарихшы, Конфуци қағидасын ұстанушы.
Аударған:
Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ.
Бөлісу: