Ақұштап Бақтыгереева. Ақжайықтың ақын-жазушылары
Бөлісу:
Ұлы даланың кез келген өңіріндегідей, жыраулардан басталатын сөз өнерінің сүбелі дәстүрі Батыс Қазақстанға да тән. Бес ғасырлық қазақ әдебиетінің бастауындағы Сыпыра жыраулар осы өңірде жасағаны тарихтан мәлім. Ал Қыз Жібек жырынан басталған Ақжайықтың дәстүрлі поэзия тілі сұлу жыр болып төгіледі де, рухы мәңгі өшпейтін Махамбет сарынымен үндесіп кетеді.
Заманның қасіретін шегіп, ғасырға жуық есімі ұмытылып, шығармалары архивке көмілген, тек тәуелсіздік тұсында ғана қазіргі ұрпақпен қайта табысып жатқан Ғұмар Қараштың да тағдыры өңір әдебиетінің қасіретті де қасиетті парақтарының ашылмаған ақтаңдағы бар екенінің дәлелі.
«Ақын өмір сүрген ғасырына кінәлі емес» деген көзбен қарасақ, бұл өңірден шыққан Тайыр Жароков өз дәуірінің дауылпаз ақыны атанғаны рас. Осындай тегеурінді сөз, текті жырларымен ауызданған жас ұрпақтың да балғын жырларының бойынан ұлттың өрлігі мен ерлігін, елдің елдігін, отанды сүю борышын аңғаруға болады.
Бұл өңірде сонау отызыншы жылдары Қажым Жұмалиев Орал пединститутында қызмет етіп, қазақ әдебиетін ғылым ретінде қалыптастырып, қаншама еңбек қалдырды. Сол жылдары Оралда құрылған әдеби үйірмеден талай ақын-жазушы шықты. Дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың ақын ретінде Оралда қалыптасып, қанат қағуы да кейінгі қалам ұстағандарға Махамбеттің өршіл рухын өшірмеуге себепші болғаны рас. Отан соғысында отқа оранып өліп, ұлттық намысын қорғаған Абдолла Жұмағалиевтер де сол ұрпақтың бірі.
Сонау ғасырға бармай-ақ, бүгінгі ұрпаққа жақынырағын алсақ, ұлтын айтқызбаған кезеңде «Мен қазақпын» деп жар салған Жұбан жырларының өзі бүгінгі еркіндік дәуірді аңсағаны сөзсіз.
«Абаймен арамызда бала жоқ» деп жырлаған Қадыр Мырза Әлінің жырлары – ұлттың мұңы мен жырын, ешкімге ұқсамайтын мінезін беретін өлеңдері тарихта қалды.
Қыршын кеткен қысқа ғұмырында байтақ даланы шағын ғана ақын жүрегіне сыйғызған, жарқ етіп ерте өшкен талант иесі Сағат Әбдуғалиев сияқты өкінтіп кеткен есімдер де аз емес.
Қайта құру жылдарында, қиын-қыстау кезеңдерде әділет пен адалдық жолын іздеген, ұлт рухын нық ұстауға үндейтін жырлар жазып келе жатқан бүгінгі қаламгерлердің де еңбегі елеуге тұрарлық. Олар – кеше ғана дүниеден өткен Қайрат Жұмағалиев, Жанғали Набиуллин, бүгінгі еңбек етіп жүрген Айтқали Нәріков, Ғайсағали Сейтақ, Амангелді Шахин, Журналистика мен проза жазуды қатар алып келе жатқан облыстық "Орал өңірі" газетінің редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин, Мира Шүйіншалиева, Мұнайдар Балмолда, Қазбек Құттымұратұлы, Бауыржан Халиолла. Оларды үлгі тұтып, айтыс пен жазба поэзияны тең ұстаған Жансая Мусина мен Талғат Мықи, республикадан кітабын шығарып, елге танылып үлгерген Ертай Бимұханов, Шерхан Талап, Айбол Исламғали, Әділет Орынбасарұлы, Жандарбек Жұмағұлов, Бауыржан Ширмеден және басқалары.
Егемендік жылдарында «Ақжайық қаламгерлерінің кітапханасы» сериясымен жергілікті баспадан бірнеше кітап шығардық. Болашақта Жазушылар одағының жаңа серпілісін пайдалана отырып, осы серияны жалғау ойымызда бар.
Әрине, иесіз ел, киесіз жер болмайды. Ақжайық өңірі де мұндай ұлы тұлғаларын әрдайым ұмытпай, ұлықтап келеді. Шешендік сөздің ұстасы, батырлықтың символы Сырым Датұлының әдеби мұрасы мен ерлігін паш ететін біраз шаралар өтті. Тарихи орындарға ескерткіш белгі қойылды. Бұл жұмыстардың да басы-қасында республикаға танымал әдебиет-өнер қайраткерлерімен қатар аймақ қаламгерлері де атсалысты.
Күні кеше ғана Оралдың төрінен бой көтерген үш батыр қыз – Мәншүк, Әлия және Хиуазға орнатылған еңселі ескерткіш те ақындар жырының нәтижесі, қаламгер қауымның қолдауымен атқарылған іс.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы барлық жердегі сияқты, Ақжайық өңірінде де санаға серпіліс беріп, ақтаңдақтар ашылып, жаңа шығармалар басылып жатыр. Мәселен, Мұнайдар Балмолда 1940-1941 жылдары «Қазақ халқын қорғаушылар одағын» құрып, советтік отаршыл жүйемен күреспек болған өрімдей жастар туралы «Он төрт» пьесасын жазып, ол қойылым облыстық театр сахнасынан көрсетілді. Тарих тозаңы астында қалған өлке тарихын жаңғыртып, бабалардан қалған хатты қайта сөйлеткен, араб жазулы құлпытастарды зерттеп, тарих ғылымына тың деректер қосқан өлкетанушы жастардың да атқарған істері бір төбе.
Әдебиет қай жерде де уақыт тынысымен бір дамып, алға жылжып отырады. Болашақта біз аймақ қаламгерлерінің озық шығармаларын өзге тілдерге аудару мәселесін қолға алғалы отырмыз. Бүгінгі жастар еңбекқор, жемісті еңбек етуде. Жас қаламгерлерден күтетін үмітіміз зор. Жастардың нағыз жанатын шағы ғой, өйткені оған мүмкіндік бар: ой еркіндігі, ұлт еркіндігі, заман еркіндігі бар. Тек «әдебиет – ардың ісі» екенін ұмытпай, жанкешті еңбек ету керек.
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,
Қазақстан республикасының еңбек сіңірген қайраткері,
Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры,
халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты,
«Құрмет» орденінің иегері
Бөлісу: