Жамбылдан шыққан жайсаңдар

Бөлісу:

27.08.2018 22905

Қазақ халқының ауыз және жазба әдебиетінің тарихында қалған елеулі тұлғалар әр топырақта туып, ұлттық рухта тамырланған. Сол сияқты ежелгі Әулиеата өңірі, бүгінгі Жамбыл облысында да талай жайсаң дүние есігін ашып, қазақ көркемсөзінің көсегесін көгертуге атсалысты.

Әулиеата өңіріндегі Хантауының баурайында дүниеге келіп, қазақтың ақындық өнерін мейлінше қастерлеп өткен Бармақ ақын «Баласы Мақамбайдың Бармақ едім» деп жырлайды. Ақынның «Әйелің жақсы болса, мейманыңның тұрағы, Балаң жақсы болса, атаның жанар шырағы» деген нақыл сөздері ел аузында жатталып қалған.

Сондай-ақ, әйгілі Кенен Әзірбаевтың ұстазы болған Сарбас Майкөтұлының да қазақ айтыс өнеріндегі орыны ерекше. Ол қырғыз ақыны Қалмырзамен айтысқанда, Қалмырзаның Кенесары хан мен Наурызбай батырды бүлікшіл дегісі келген астарлы сөзіне лайықты жауап қайтарғаны қазақ айтыс өнерінің жауһарларынан белгілі.

Шу өңірінде дүниеге келіп, тағдырдың талай тауқыметін тартқан, артына «Ақбөпе» сияқты ән өнерінің озық үлгісін қалдырған Сауытбек Ұсаұлының да Ақбөпе, Майса қызбен, сондай-ақ, Балқыбек, Мырзабай ақындармен айтысы да қазақ айтыс өнерінің шоқтығы биік туындылары деуге болады. Ал бүкіл қазақ даласын әнге бөлеген Кенен ақынның жалпы қазақ руханиятындағы орыны бөлек. Өзін Жамбыл жыраудың, Сарбас ақынның шәкіртімін деп санаған Кенен Әзірбаевтың соңында да мол мұра қалды. Әсіресе қазақ ән өнерін жаңа белеске көтеруде еңбегі орасан. Қос ұлы бірдей шешек ауруынан дүние салғанда шығарған «Базар-Назар» әні, кедейліктен қорланып, байдың қызы Шәлипаны атпен қуып жете алмағанына намыстанғанда жазған «Көкшолақ» әндері және өзге де дүниелері осы сөзімізге дәлел.

Жалпы, әдебиет деген қастерлі дүние ел мен жерге бөлінбесе керек. Дей тұрғанмен, әрбір өңірде дүниеге келіп, тұтас қазақ руханиятына еңбегі сіңген айтулы тұлғалар болады. Көне Әулиеата мекені, бүгінгі Жамбыл аймағы өзінің арғы-бергі тарихында таланттан кенде болмаған. Мәселен ел мен елдің арасындағы дауды бітістірген Бөлтірік шешен, Ноғайбай би, Кебекбай шешен сияқты қадау-қадау тұлғалар өткен. Бұл кісілердің де қазақ тарихындағы орынын ешкім жоққа шығара алмаса керек.

Жердің иесі, елдің киесі барда ұрпақтар сабақтастығы ешуақытта үзілмейді. Есте жоқ ескі замандардан бастап, күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан осы сабақтастық талай буынды тәрбиеледі. Тірісінде аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлының бір өзі ақиқаттың алдаспанындай болып әрбір қазақтың рухында жарқырап тұр деуге болады. Сонымен қатар, шындықтың жебесіндей атылған әйгілі жазушы Шерхан Мұртаза, өзінің мөлдір лиризмімен танылған атақты Әкім Тарази, бүгінгі қазақ прозасын жаңа белеске көтерген, өзіндік жазу мәнері қалыптасқан жазушы Несіпбек Дәутайұлы, нәзік иірімдердің, мөлдір ойлардың иесі Күләш Ахметова, Шешенстанның батыры Рафаэль Ниязбек қазақ әдебиетіндегі айрықша есімдер. Ал Сансызбай Сарғасқаев, Совет Әлімқұлов, Әлдихан Қалдыбаев, Әбдірахман Асылбеков, Сұлтан Қалиұлы, Ескен Елубаев, Асқаржан Сәрсек, Көсемәлі Сәттібайұлы қазақ балалар әдебиетіне үлес қосқан азаматтар қатарында. Ал Омар Һайям үлгісін жалғастырған Арғынбай Бекбосынның шығармашылығы да оқырманнан бағасын алған.

Өмірден ерте озған, бірақ жырлары әлі күнге дейін жасындай жарқылдап келе жатқан ақындар Тынышбай Рақым, Артығали Ыбыраев, Серік Томанов, Бауыржан Үсенов есімдері қазақ поэзиясында құрметпен аталады. Тынышбай ақынды қалың қазақ «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнімен таныса, Серік шайырды «Сезімді қайтем тулаған», «Аузынан Айдың түскен қыз» сияқты әндері арқылы біледі. Кезінде Алтынбек Қоразбаевтың соғыс қасіретін арқау еткен «Қара кемпір» әнінің сөзін жазған ақын Жақсылық Сәтібековтің өзі бір төбе. Сонымен қатар, Жамбыл өңірі қазақ ғылымына бірқатар азаматтарды берді. Қазақтың айтыс өнерін зерттеген Мырзатай Жолдасбеков, Әулиеата тарихын таңбалаған Жанғара Дәдебаев есімдері де ғылымда кең танымал. Бүгінгі поэзияда өз орыны бар Нәзира Бердалы оқырманға өзінің нәзік те қуатты жырлары арқылы танымал.

Ауылда тұрып-ақ ақын атанған, Құланның қоңыр перзенті Қуандық Шолақ, Шырын Мамасерікова, өлеңдеріне Серік Ақсұңқарұлы сияқты алапат ақынның өзі жоғары баға берген Қасқырбай Нарбатыр есімдері бүгінгі өлеңдегі елеулі есімдер деуге болады.

Тоқсаныншы жылдары қазақ поэзиясына құйындатып, жауындатып, дауылдатып келген Маралтай Райымбекұлы бұл күнде қазақтың көрнекті ақыны атанды. Өз буынына және өзінен кейінгі буынға айрықша әсер еткен ақынның ізбасарлары бұл күнде Құдайға шүкір, баршылық. Өлеңде өзгеше өрнегі бар Ерлан Жүніс, бұл күнде республика көлеміне енді танылып келе жатқан Жұлдыз Бейсек, Табиғат Абаилдаев, Данияр Әлімқұл, Жанғазы Ахмет, Нұрболат Сатымқұл, Нұрболат Жолдасбек, Наурызбек Саршаев, Арайлы Жақсылық сияқты жас ақындар легі қалыптасты. Бұл күнде жастардың арасында Жамбылда үлкен әдеби орта бар. Өкінішке қарай, Салтанат Абашова, Өрнек Құлекеев, Ғабит Көкеев сияқты болашағынан үлкен үміт күтетін ақындарымыздан мезгілсіз айрылып қалдық.

Қорыта айтқанда, Жамбыл өңірі жайсаңдардан кенде емес. Әрбір азаматтың өзінің орыны, өзіндік үні бар. Қазақ киноөнеріндегі айрықша тұлғалар Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, ән өнеріндегі азаматтар Ілия Жақанов, Алтынбек Қоразбаев, Мэлс Өзбековтерді айтуға болады. Айтыс ақындары марқұм Аяз Бетбаев, Әзімбек Жанқұлиев, Мұхамеджан Тазабеков, Айнұр Тұрсынбаева талай айтыста топ жарғандар.

Жалпы, Тараз шаһары, шаһар төсіндегі аймаңдай сұлулар кезінде шығыс шайырларының ғазалдарына арқау болған. Ал ол қазыналар бүгінде адамзат тарихына ортақ дүниелер. Сондықтан да Әулиеата мекенін қасиетті сөз қонған өлке деуге болады. Қазақтың қай қиырынан да ұлттың сөз өнеріне айтулы үлес қосқан ақындар мен жазушылар шыққан. Ал Жамбыл аймағынан шығып, барша қазаққа ортақ болған тұлғалар біз үшін әрдайым мақтаныш.

Хамит ЕСАМАН,

ақын,

Қазақстан Жазушылар одағы

Жамбыл облыстық филиалының жетекшісі

Бөлісу:

Көп оқылғандар