Ертай Айғалиұлы. Алтын қаланың құпиясы (жалғасы)
Бөлісу:
XIV тарау
Дипломаттың жоғалуы. «Біз!» деген тағы да бір отряд
Насыр молданың келгенін біреу білді, біреу білмеді. Ал біздің үйдегі болған тағы бір елең еткізер оқиғадан жүрт түгел құлақтанып үлгерді. Ол — Аян ағаның бір елі ажырамайтын дипломатының жоғалуы. Кездескен ауылдың әр адамы: «Дипломат табылды ма? » — деп сұрауы тіпті біздің отбасымыздағы адамдардың бәрін мезі етті десе де болады. Ауылдағы тағы бір жаңалық — учаске полициясы болып ауданнан жас жігіттің келуі. Аты — Айдар. Ол қызметке келген күні Аян ағаның дипломаты жоғалды.
Аян аға бұлқан-талқан ашуланып бәрімізден күдіктенді, бәріміздің шаңымызды қақты. Долданса қап-қара болып, түтігіп кетеді екен.
— Сәбет өкіметі сендерді ұрлыққа үйреткен. Орыстың жүрген жері қайдан оңсын? Шалдарың арақ ішеді. Балаларың жалаңаш жүреді. Мұсылманшылықтан кеткенсіңдер, түге. Кәпірдің жолына түскенсіңдер. «Балық басынан шіриді» дегендей басшыларың ауылдағы байлықты талан-таражға ұшыратты. Ұрлықтың көкесі сол. Ал олар болса талтаң-талтаң етіп байып алған. Бейшара жансыңдар. Ал енді менің дипломатымның жоғалуы — бұл деген нағыз ұят нәрсе. Мен полицияға кеттім, — деп ол үйден шыға жөнелді. Көп уақыт өтпей полиция да келді.
Көкемнен бастап тергеуге алды. Тіптен Жаппарды да тергеді. Қатаң, шақ-шақ етеді. Көкем оған болмағаннан кейін айқайлап тастады.
— Әй, әкіреңдеме! Біздің үйден ол депламатыңды ешкім алған жоқ. Егер баяғының белсендісі сияқты әкіреңдей берсең аудан әкіміне бір-ақ барамын. Бізді, ақсақалдарды ол тыңдайды. — Полиция содан кейін барып аздап сабасына келді. Бірақ айтқанынан қайтар емес.
— Ақсақал, әгәрәки осы үйден табылды ғой, ешкімді аямаймын. Бәріңді түрмеде шірітемін. Мына кісі дегенің — алыстан келген қонақ. Қонақты сыйламағанымыз қазақтықтан кеткеніміз. Шынында да бұл ақсақалдың айтқанының бәрі дұрыс. Ауылдың бәрі ұрыға айналған. Вот, шорт! Бірінің малын бірі ұрлайды. Мұндай да ауыл болады екен-ау. Осыдан барып қалай оңамыз! Әй, ел болмаймыз, ел болмаймыз! — деп полиция басын қайта-қайта шайқады. Жас полиция бір дипломат үшін бүкіл ауылды асты-үстіне шығарды. Осы үш күнде талай сиыр, қой ұрлаған ұрылар анықталды. Дипломат операциясы кенеттен үшінші күні аяқталды. Біреулер әкеліп біздің қақпаға әкеліп, іліп кетіпті. Коды бұзылған. Ішіндегі заты сол күйінше тұр. Не үшін ұрлаған сонда? Ішіне бір жапырақ қағаз тастапты. Онда мынадай жазу бар:
«Ей, Ауғанстаннан келген қаңғыбас! Біз сенің неге келгеніңді білеміз. Өзіміздің байлығымызға өзіміз қожамыз. Көліміз де, аралымыз да, құмымыз да, тауымыз да өзіміздікі. Егер ниетің теріс болса, жүрегіңді суырып аламыз. Ал мына шірік дипломатыңның ішінде бірдеңе бар деп дәмеленсек, түк жоқ. Абайлап жүр! Аяғыңды аңдап бас! Біз!»
«Бізі» кім? Көкем мен Аян аға бір-біріне қарады. Аян аға қызарып кетті. «Мәссаған! — деп ойладым мен, — біздің Аждаһа көлдегі байлыққа ұмтылған басқа да тағы бір топ бар. Ол кім?»
Бірақ дипломат табылғаны бәрінен де үлкен қуаныш еді. Әсіресе, біздің отбасымыз үшін. Әйтпесе бар ғой, бәріміз бір-бірімізге күмәнмен, күдікпен қарадық. Тіпті бүкіл ауыл бізге теріс қарап кеткендей. Ас батпады. Үйден береке кетті. Енді бір күнде тазарып шыға келдік. «Ой, айналайын, Біз-ай! Ұры болсаң да адал ұры екенсің», — деді апам.
Мұның бәрі әншейін нәрсе. Қызықтың көкесі алда. Әлгі жас берен полициямыз Сәбет өкіметі кезінде пәлен жыл басқарма болған, біздің ауылдың нәні әрі байы, қазір төрағасы Шортанбайдың өзіне бас салыпты.
— Қашып кеткен қызыл директор Қасқырбай екеуің ауылды тонадыңдар. Вот, шорт! Мінеки, тонаған заттарыңның тізімі. Әгәрәки, қазірден бастап мойындамасаңдар баратын жерлеріңе апарамын, — депті бір қыңбастан. «Үш күн уақыт бер», — деп Шортанбайың ауданға тайған көрінеді. Мінеки, қазақтың Шерлок Холмысы!
Көкем бүгін таңертеңгі шайда қызық ұсыныс айтты.
— Соңғы үш-төрт күн қиын болды біздің отбасы үшін. Әсіресе, сонау алыстан келген Насыр молданың алдында ұяттымыз. Сондықтан бүгін бір тоқтыны сояйық. Және оның етін үйде емес, дарияның жағасына барып жейік. Сонда барып аздап демалайық, суға түсейік. Қалай мұным, Аянжан?
— Дұрыс! Туған жердің суына шомылып рахаттанайық. Насыр досым да көрсін біздің дарияны. Бұл — тамаша ұсыныс! — деді Аян аға көкемді құптап. Біз де қатты қуандық. Жүктің бәрін арбаға тиедік. Маған Бақытжан мен Сәду ерді. Насыр молда Құлаға, Аян аға Ақжалға мінді. Өйткені, дария әудем жердетұғын. Көкем ақ есекке аяқ артты. Біз белсебетшілер дарияға алдын ала кеттік. Сәскеде кішігірім көш дарияға бет алды.
Сырдарияның жағасы біраз шегінген. Көкемнің айтуынша бұрын арнасына сыймай бұлқынған дария асау еді. Енді моп-момақан. Талай сырды ішіне бүгіп, әлде де баяу ағып жатыр. Бабаларымыз осы Сыр өзенінің бойында өсіп-өніп, елін жаудан қорғаған. Дария жағасына жайылған дастарханның басында бабаларымыздың ерлігі туралы үш шал біраз әңгіме айтты.
XV тарау
«Ауғанстан» отряды жоспар құрды. Арланның ырылдауы
«Алтын сандық» отрядының құрамында өзгеріс. Отрядқа салтанатты түрде ант бергізіп, Сәдуді қабылдадық. Өздеріңіз білесіздер, «Ауғанстан» отрядына да (оны біз солай атадық) Насыр молда келіп қосылды. Қазына іздеушілердің үшінші «Біз!» деген отряды қандай отряд? Олар кім? Бақытжанға осыны анықтау тапсырылды. Сәду екеуміз кілт жасау қамына кірістік. Ешкім жоқ та құлыптың кілтін сұғатын жерін пластилинге түсіріп алу керек. Іш жағына сарайдың оймақтай терезесін пайдаланбақшы едік. Бірақ кеше қарасам, біздің ойымызды оқығандай, сол терезеге көкем темірден тор жасады.
Оған да айла табылды. Алдымен сыртқы есіктің кілті жасалады. Ұраның қақпағының құлпын сыртқы есікті ашып барып пластилинге түсіреміз. Бізге қайткенде де Бақытжанның фотоаппаратымен тайтеріні түсіріп алған жөн. Немесе тайтеріні ұрлауға тура келеді.
Бүгін түнде «Ауғанстан» отрядының мүшелері сарайға жиналды. Жайлап шығып сарайдың оймақтай терезесінің жанына келдім. Күбір-күбір әңгімеден басқа ештеңе естілмеді. Балпиған Арланның жанына келуіме тура келді. Есік сәл ғана ашық. Әңгіме анық естіледі. Сығалап қарадым. Үшеу тайтеріге үңіліп отыр. Әне, көкем сөйлей бастады.
— Уақытын дәл белгілейік. Алдын ала жақсы дайындық керек. Мен көршінің атын сұрап қоямын.
— Дұрыс, аға. Ол жағын өзіңіз қамдайсыз. Насыр молда, дұғаларды оқи алдыңыз ғой. Жорықтың тағдырын шешетін сізсіз, — деді Аян аға.
— Иншалла. Бір Аллам қуат берсін. Әрине, кейбір дұғаларды білмейді екенмін. Оларды жаттауым керек. Міне, қараңыз, аралдың өзіне кіру үшін ұзақ дұға оқылады. Ойпырмай, бір Алланың құдірет күшінде, мейірім шапағатында шек жоқ. Бұл дұғалар тек қана бір Алланың мейірім шапағаты арқылы қиюластырылған. Мұны жасаған адам Аллаға өте берілген, өте құлаған адам. Және сол замандағы Қожа Ахмет Иассауи, Арыстан бап, Ысқақ, Укаш, Ибрагим және басқа да ірі дін өкілдері шыққан. Ислам дінін Азияға келіп жайған адамдардың бірі болуы тиіс. Қасиетті Құранды өте терең білген. Сіздер білесіздер, әл-Фарабиді. Ол кісі — Отырар қаласынан шыққан ғұлама. Мына Шарқала ғұламасының аты-жөні белгісіз. Әйтеуір, бір Алланың мейірім-шапағатына бөленген адам, — деп Насыр молда әңгімесін соза беріп еді, Аян аға бөліп жіберді.
— Ғапу етіңіз, Насыр молда. Сонымен сізге қанша уақыт қажет? Біз соған сәйкес жоспар құрамыз. Солай емес пе, Нұрғали аға?
— Солайына солай. Менің ойымша, сол аралыңда алтын деген жетеді. Оның бәрін қалай тасимыз? Өзіміз көтергенімізше алайық та, қалғанын мемлекетке өткізсек қайтеді? Негізі бұл байлық халыққа берілуі тиіс, — деді көкем өзінше әңгіме бастап. Аян аға ұшып тұрды.
— Аға, мұныңыз қалай? Сіздің мемлекетіңізге кеткен нәрсе еш уақытта қайта оралмайды. Бұрын Сәбет өкіметі кезінде менің зерттеуімше қазынаны тапқан адамға сол қазынаның жиырма бес пайызын береді екен. Ол заң әділ түрде жүзеге асып жүр ме, білмеймін. Менің білетінім қазір оған байланысты заң жоқ. Бұрынғы заңдар күшін жойған. Әлі де бойын тіктей алмай жатқан жас мемлекетті сырттан да, іштен де тонаушылар көп. Сондықтан бұл алтын халыққа еш уақытта бұйырмайды. Егер біз мемлекетке берсек бұл ғаламат байлық тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетеді. Қазір сіздің мемлекеттің басында отырғандардың біразы байлар. Олар байлықты өздері алу үшін ешкімді аямайды. Тіптен жаңа өзіңіз айтып отырған халыққа да аяушылық жасамайды. Егер аяушылық жасаса, осындай дәрежеге жетесіз бе? Әрине, жоқ. Біз бұлай жасаймыз. Барлық алтын үшке бөлінеді. Үшке бөлінгеннен кейін Насыр молда екеуміз өзімізге тиесіліні алып кетеміз. Содан кейін қалған өзіңізге тиесілі алтынды мемлекетке өткізесіз бе, әлде халыққа бересіз бе, онда шатағымыз жоқ, — деп Аян аға ұзақ сөйлеп кетті. Осы бір қабағы түксиген қарапайым ғана адамның білгірлігі, тереңдігі, заңды жаңғақша шағатыны мені таң қалдырды. Енді көкем ұшып тұрды:
— Айналайын, бауырым-ау, соншама жылдар бойына бірімізді-біріміз жоғалтып алдық. Енді қауыштық па дегенде мұның не? Кететінің қалай? Жасың да жетпіске келді. Енді ар жағында қанша өмір сүресің? Қазақ айтады мұндайда: «Төріңнен көрің жақын» деп. Байлық деген қолдың кірі тәрізді нәрсе. Кешегі өзің білетін ата-баба байлығы қайда кетті? Анау Мәтмұрат көкемдердің сүйегі қайда қалды? Кетпе, тіптен маған тиесілі алтынды да алшы, — деп көкем шыр-пыр болды. «Менің көкемнің жүрегі үлкен ғой, шіркін!» деп ойладым мен.
— Аға! Уақыт та, заман да, адамдар да өзгергенін сіздер неге білмейсіздер? Жан-жағыңа қараңыздаршы бір сәт. Басқа мемлекеттер қалай өмір сүріп жатыр? Ондағы адамдар қалай өмір сүруде? Қазір байлық үшін өзге мемлекеттерде ешкімді ешкім аямайды. Тіптен бауырлар да солай. Біз де соған біртіндеп барамыз. Қай жерде өмір сүр, мейлі, сенің қолыңда түк жоқ болса сен адам емессің. Бейшара міскінсің, кім көрінген басынады. Қазіргі заман — аждаһалар заманы. Күшті әлсізді жұтып жібереді. Бай кедейді адам ғұрлы көрмейді. Бұл жерде өмір сүре алмайсың. Әрине, қарапайым адамдардың әлі де көңілі кең. Одан не пайда? Көп ағайындарың мені қонаққа шақыра алмады. Өйткені, қорасында малы жоқ, дастарханында наны жоқ. Ал мұндағы бай адамдар саған өмір сүргізбейді. Қарабайыр капитализммен еш жаққа бара алмайсыңдар. «Фермермін!» деп кеуде қағасыңдар. Қайдағы фермер? Мен талай-талай елдерде болдым. Ол елдердегі фермерлер жұмақта өмір сүріп жатыр. Сендер дозақта өмір сүрудесіңдер. Фермер жоқшылықты емес, тоқшылықты жасайды. Сендер де байлық көп. Ол байлық табандарыңның астында сықыр-сықыр етіп жатыр. Соны көрмейтін соқырсыңдар, өңшең. Мұндай кең байтақ жері, алтыны, күмісі бар ел аш-жалаңаш өмір сүрмеуі тиіс. Ол дәрежеге қашан жетесіңдер, оны бір Алла біледі. — Аян аға үстелді тырс-тырс еткізе саусақтарымен шерткіледі. Бір сәт тыныштық орнады.
— Сені соғыстан басқа түк білмейтін адам деп ойласам, — деп көкем таңданысын жасыра алмады. — Көзімді аштың, інім. Шынында да біз соқырмыз. Немесе табанының астындағысын көре алмайтын көрмәдікбіз. Бізді кеңес дәуірі осылай тәрбиеледі. Соқыр болуға үйретті. Ленинді пайғамбар дедік. Дінімізді ұмыттық. Қаладағылар дін түгілі тілін де ұмытты. Олар бізге өз ата-бабаларымызды надан деп айтқызды. Тегіміз бұратана екенін дәлелдеді. Өткенімізді білетін біздей адамдар ғана омір бойы кеңес өкіметіне ішіміз жылыған жоқ. Маған «Ұлы Отан соғысына бар» деді. Мен барғым келмеді. Өйткені, мен неге орыстардың жерін қорғауға тиіспін? Олар менің әкемді түрмеде өлтірді. Көкем мен шешемнің сүйегі жат жұртта қалды. Сөйтіп мен соғыстан қорыққаннан емес, бәрін білгендіктен бармадым. Кегімді солай қайтаруға шештім. Менің бір ұлым: «Көке, сіз неге соғысқа бармадыңыз? Неге Отанымызды қорғаудан қаштыңыз?» — деп сауал қойды. Кезінде сол балама ештеңе айта алмадым. Бірақ жүрегім ауырып қалды. Өйткені, менің ұрпағым өзімді түсінбейді. Сәбеттің саясаты күшті болды. Ол өз балаңды өзіңе айдап салуға дейін барды. Өйткені, ол ұлым кеудесін орден, медаль толтырып алған өзге әкелерге қызықты. Олар батыр да, мен қорқақ болып шықтым. Көрдің бе, Аянжан. Бұл да бір іштегі жатқан шер ғой. Сен оны түсінесің. Ал кеттік делік. Қайда кетесің? Соншама алтынмен шекарадан қалай өтпексің, жарқыным-ау!
(Көкемнің айтып отырған ұлы менмін. Осыдан екі-үш жыл бұрын солай сауал қойғаным да рас. Көкемді «сатқын» ретінде жек көргенім де рас. Мен қатты ұялдым. Тіптен қап-қазір жүгіріп барып көкемнен кешірім сұрауға сәл қалдым. Жоқ! Жоқ! Кейін. «Қайткенде де көкемнен кешірім сұрауға тиіспін» деп ойладым).
— Пәлі, соны да білмейсің бе? Мұнда бәрі сатылады. Шекарашының тамағы тесік шығар. Біз сырттағылар мұны жақсы білеміз, — деп Аян аға қарқылдап күліп жіберді. — Бұл дегенің әншейін нәрсе. Шетелге қазақтың пойыз-пойыз байлығы кетіп жатыр. Соны кім өткізеді? Әнеу шекарашы өткізеді. Қалтасына азғана доллар салғанына мәз. Міне, сатқынның көкесі солар. Оны сона-ау, жоғарыдағылар көрмей отырған жоқ. Жең ұшынан жалғасу деген сол болады. Ха-ха-ха!
Аян ағаның күлкісінен түннің түңілігі желп-желп етті.
— Жә-ә, біз мылжыңдап барамыз. Іске көшелік. Сонымен, аға, көлік және басқа мәселелер сіздің мойныңызда. Насыр молда, сізге қанша уақыт керек? — деп Аян аға сабасына түсіп. Насыр аға сәл ойланып тұрды да:
— Бес күн керек. Ең бастысы бір Аллаға сыйынайын. Жаратқан Ием қолдаса ғана ісіміз оңға басады.
— Ал ендеше есептейік. Бүгін дүйсенбі. Ертең... — Аян аға күбір-күбір етіп есептеп алды да, — сенбі күні түнде шығып кетеміз. Таң алдында қайыққа мініп аралға бет аламыз. Аға, қайық мәселесі шешіледі ғой.
— Шешіледі. Сол жерде қорықшының үйі бар. Қайығы жеткілікті. Өткенде келістік емес пе? — деді көкем.
— Бәрібір. Осы бес күннің ішінде Аждаһа көлге барып, бұл мәселені бір шегелеп қойған жөн. Ендеше, о-о-о, уақыт дегенің төртке жақындапты. Тарайық. Ұраға түсіп мына сандықшаны орнына көмелік. Өте абай болыңыздар. Осы біз тым еркінсіп барамыз. Анау «Біз» деген не пәле? Солар аңдып жүрмесін. Сыртқа бұдан былай күзет қоймасақ болмайды...
Мен одан арғы әңгімені тыңдаған жоқпын. Өйткені, олар апыр-тұпыр тұрып жатты. Зып етіп үйге кіріп кеттім. Енді залдың терезесінен қарап тұрмын. Әне, шықты. Көкем ат қораға кетті. Әне, екеуі тура мен тұрған терезенің жанына келді.
— Насыр, ертең дарияның жағасына барсақ. Сағат онда сонда болайық. Бір жағынан суға түселік, бір жағынан әңгімені өзімізше пісірелік. Мақұл ма?
— Мақұл! — Бұл Насыр аға. Аян аға кілтті қойын қалтасына салды. Арлан ырылдады. Насыр ағаны бөтенсіреп тұр. Соны сезді ғой деймін Насыр аға сылти басып үйге тез кіріп кетті. Мен өз бөлмеме зыттым.
XVI тарау
Менің әкем соғыстан неге қашты? «Біз!» отряды табылды
Ерте тұрдым. Кеше Аян аға «келеміз» деген дарияның ұрымтал әрі қамысы қалың өскен жеріне алдын ала барып жайғасып алмақпын. Киініп, білдірмей шығып кеттім. Ауылдағы ең жел-аяқ баланың бірімін ғой. Діттеген орныма тез жеттім. Қалың қамыс. Әрі дөңестеу жер. Жан-жағым жақсы көрінеді. Әсіресе, дария жақ. Жағалау мен отырған жерден елу-алпыс қадам. Содан кейін ауылдан келетін адамдар екі-үш қадам жерден өтеді. Астым да жайлы. Көгал. Енді міне қалқиып отырмын. Аян мен Насыр ағалар мұнда неге келмек? Қандай құпиясын айтпақ? Маған соны білу керек. Күн мен келгенде салқындау еді. Енді ыситын түрі бар. Тезірек келсе екен құрғырлар. Бір жағынан қауақтай басымның іші сан түрлі сауалдар. Түндегі әңгімелер менің жан дүниемді төңкеріп кетті. Менің бір әдетім өзіме сұрақ қоямын және оған жауап беруге тырысамын. Қазір де солай. Бір жағынан уақыт өтеді. Бір жағынан өзіме өзім сұрақтарға жауап беремін. «Шынында да біздің ауыл неге кедей? Аян ағаның ойлары дұрыс па? Мен кіммін? Көкемді неге ренжіттім? Сатқын деген не? Біз осы қайда барамыз?» Көрдіңіз бе, қаншама сауалдар! Менің ауылым бұрын дүние жүзіндегі ең бай ауыл болатын. Қой да, сиыр да, жылқы да, тіптен түйе де көп еді. Көкем екеуміз бірде жазда Қарақұмға су таситын машинемен барып қайттық. Екі күн, екі түн тынбай жүрдік. Әзер жеттік-ау. Қазақтың даласы қандай кең, жүріп келеміз, жүріп келеміз. Жеткізбейді-ау, жеткізбейді. Бірақ жолда көп қызық көрдік. Бөрітескен деген таудың жанынан өттік. Сонда-ай қорқыныш-ты! Қасқырлар тарпа бас салатындай көрінді. Бұлақтар көп екен. Неше түрлі гүлдер. Ақшатау деген жерге қондық. Ақшатау — айдалаға салған ханның сарайы тәрізді. Алыстан қарасаң кішкентай. Жанына барсаң биі-ік. Бұлағы сыңғыр-сыңғыр ағып жатыр.
Қарақұм дегенің қап-қара құмы бар шөл шығар десем. Ол шөлге онша ұқсамайды. Құмы да қап-қара емес, кәдімгі сары алтын құм. Бірақ мына қызықты сіз көрген жоқсыз. Мұнда күн онша ыстық емес, қоңыржай. Құмын жарты метр қазсаң аржағынан шып-шып етіп мұздай су шығады. Көрдіңіз бе, қандай ғажап?! Ал қойнауында толған мыңғырлаған қой, жылқы. Маң-маң басқан түйелер көп. Мұнда қыста қар екі метр болып жауады. Сондықтан Қарақұмды малшылар тек жайлау ретінде пайдаланады. «Бәрі біздің ауылдың малы», — деп көкем мақтанды. Ауылға Қарақұмнан көп сағыз алып қайттым. Күлмеңіз. Ол жақта дүкен жоқ. Кәдімгі ақ шөптен сағыз ағып тұрады. Алып шайнай бересің. Балаларға да әкеп бердім. Бәрі мәз болды. Айтайын дегенім тәуелсіздік алғаннан кейін әлгі мыңғырған мал көкемнің айтуынша әлдеқайда кетіп қалыпты. Көкемнен «Біз кімнен тәуелсіздік алдық?» — деп сұрадым. «Сонда біздің ауылдың мыңғырлаған малы да тәуелсіздік алды ма?» — деп сұрадым балалық аңқаулықпен. Көкем күлді. «Қазақ елі орыстардан тәуелсіздік алды, балам. Біз өзің білетін Ресей деген елдің жүздеген жылдар бойына отарлауында болдық. Содан енді азатпыз», — деді ол.
Мен ойланып қалдым. «Қалай? Қайтіп? Біздің ауылда орыстар жоқ қой. Отарлау деген не сөз?» Сауалдың маңыздылығы соншама басым дыңылдап кетті. Көкемді қайта мазалауға намысым жібермеді. Шынымды айтсам, ол кезде мен тіптен кішкентай едім. Менің миымда Ленин, октябрят, пионер, революция, Карл Маркс және басқа да сөздер сайрап тұратын. Мен үшін олардан өткен ыстық сөздер жоқ еді. Ленин ата — біз ұлан, Ленин — пайғамбар деп өлеңдер айтатынбыз. Менің ойымша, әлемдегі ең күшті, ең батыр адам Ленин. Одан еткен данышпан, одан өткен ақылды, одан өткен батыр адам жоқ еді мен үшін.
Жақында ғана пионерге өткенмін. Октябрят деген жұлдызшамды ініме бердім. Жұлдызшаның ішінде күлімсіреп Володя деген бала қарап тұр. Ленин бабамның бала кезі дейді. Ал мен қызыл галстук тағып, пионер болдым. Ақ көйлек, қызыл галстук. «Ленин ата, мен сенің ұланыңмын!» деймін мен күбірлеп. Оһо, сіз білмейсіз. Мектепте үлке-ен жиналыс болды. Пионерге қабылданғаннан кейін қызыл туды сүйдік. Ант бердік. Он тоғызыншы май — пионердің туған күні. Қызыл туды желбіретіп кернейлетіп, барабандатып, жерді солқылдата тепкілеп Ленин бабамыздың кеңсе алдында тұрған зәулім ескерткішіне барып гүл қойдық, басымызды иіп тағзым еттік. Кішкентай октябряттар бізге еліктеп олар да сапқа тұрып, жер тепкіледі. Ересек адамдар үйлерінен шығып, қолын бұлғап бізге құрмет көрсетті. Біздің ескерткіш алдында хормен айтқан жалынды сөздеріміздің зор шыққаны соншама аспан дүңгірлеп кетті. «Партия! Комсомол! Пионер!» біз осы сөздерді бірнеше рет барынша айқайлап қайталадық.
Мен ол кезде үшінші сыныпта оқитынмын. Оқу озатымын. Сынып белсендісімін. Ешкімді бет қаратпаймын. Көп ұзамай менімен бірге оқитын Мәдина деген қыз екеуміз аудандық пионерлердің слетіне барып қайттық. Павлик Морозовтың ескерткішіне барып гүл қойдық, ағаш ектік. Павлик Морозовтың батыр бейнесіне қарап: «Сондай болсам» деп армандадым. Болатбек Омаров деген қазақ бала да оның ерлігін қайталапты. Отаны үшін, революция үшін екеуі де әкелерін өлтірген. Алғашқы естіген сәтте жүрегім дір ете қалды. «Әкесін өлтіргені несі?» деген сауал бүкіл денемді, қанымды аралап өтті...
Бұл оқиға мені қатты ойға қалдырды. «Отан үшін отқа түс» деген сөздерді мен осы кезде естідім. Мәселен, Отанына сатқындық жасаған адам анасын өлтіргенмен тең. Павлик те, Болатбек те дүние, байлық үшін отанға сатқындық жасағандарды, яғни әкелерін өлтіруге шешім шығарған. Дұрыс па, бұрыс па? Мен олардың орнында болсам не істер едім? Өз ойымнан өзім шошып кеттім. Әкемді көз алдыма елестеттім. Жо-жоқ!
Жан-дүнием алай-дүлей. Мен әкем туралы құпия сырды білемін. Оны ешкімге айтқан емеспін. Жұрт ол кісіні Нұреке дейді. Осындай құрметті адам Отан қорғаудан қашқан дегенге сенесіз бе? Әрине, сенбейсіз. Басқа балалардың әкелері, аталары Жеңіс күні орден-медальдарын жарқыратып тағып шыққанда, менің жылағым келеді. Содан көп ойландым. Пионер адал болуға тиіс. Сондықтан ішімде сыр сақтағанша оны көкеме айтамын деп ойладым. Көкеме екі сауал дайындадым. Олар мыналар: «Сіз неге соғысқа бармадыңыз? Неге Отан қорғаудан қаштыңыз?» Ақыры бір күні көкем тапшанда демалып отырғанда әлгі екі сауалды қойдым. Көкем жантайып жатқан. Түрі бір түрлі болып кетті. Малдасын құрып отырды да:
— Балам! Мен Отан қорғаудан қашқан жоқпын. Оны қазір түсіндіру қиын. Кейін оныншы сыныпқа барғанда бар құпия сырымды айтып беремін. Мақұл ма? — деді менің басымнан сипап. Басымды изесем де ішімде басқа бір қатал сезім қалыптасып келе жатты.
Ол сезімнен өзім де қорқамын. Әкемді бір түрлі жек көре бастағандаймын. Отанын сатқандар көкеме ұқсай ма? Болатбек пен Павлик те осындай сезімді бастан кешкен шығар. Әрі қарай ойлаудан үрейлене бастадым. Өйткені, мен көкемді ете жақсы көретінмін. Осы жақсы көру сезімінің орнын біртін бірге басқа, тіптен жат, қорқынышты сезім жаулап алып жатқанын білу мен үшін өте қиын да ауыр еді.
Әрине, мен Болатбек, Павлик сынды өз әкемді өлтіруге әрекеттенген жоқпын. Бірімен-бірі таласқан екі ұдай сезімдер жеңе алмады. Ішімдегі құпия сырды да ешкімге айтпадым. Одан бері екі-үш жыл өтті. Тәуелсіздік алдық. Біз комсомолға өтеміз бе деп жүргенде осылай болды. Қызыл галстукті лақтырдық. Бұрын пайғамбар деп дәріптеп жүрген Лениннің өзін кейбіреулер жамандайтынды шығарды. Оның суреттерін қасиетті деп жоғарыға ілетінбіз. Енді аяқ астында жатыр. Түсініп көр. Біз осы қайда кетіп барамыз? Білесіз бе, соңғы бір айдағы біздің үйдегі болып жатқан таңғажайып оқиғалар, әңгімелер менің көзімді ашты. Мен көкемді қайтадан жақсы көре бастадым. Мен өзім кім екенімді, тегім кім болғанын енді білгендеймін. Аждаһа көлдегі жатқан қисапсыз байлықтан да артық байлық менің көкірегіме қайта қонып жатқанын сезгендеймін.
Әзірге алдыма екі мақсат қойдым. Бірі осы Аждаһа көлдегі байлықты қалай да болса халқыма жеткізіп, оны игілігіне жұмсау. Екіншіден, көкемнен кешірім сұрау...
Еһе! Біреулер келеді. Сағат онда келемін дегендер бақандай бір сағат кешікті. Мен ыстықтап не істерімді білмей отыр едім. Сәл болмағанда қайтып кете жаздадым. Дереу тың тыңдадым. Әне, өздері де жақындады. Тура менен үш метр жерден өтті. Аян аға мен Насыр аға. Олар сылп-сылп әуен айтып жатқан дарияның жағасына барды. Шешінді. Алдымен Аян аға, содан кейін Насыр аға суға қойып-қойып кетті. Ой, рахат-ай! Терлеп-тепшіп отырған мен оларға қызыға қарадым. Іле-шала тағы да әлдекімдердің жақындап келе жатқанын байқадым. Әңгімелері де анық естіле бастады. Үш жігіт. Қамыс арасынан әзірге кім екенін ажырата алар емеспін.
— Бұларды біраздан бері аңдып қолға түсіре алмай жүр едік. Ақыры сәті түсті. Әнеукүні дипломатын ұрлап алдық. Бірақ ішінде ештеңе жоқ болды. Менің алаңдайтыным біздің елімізге бұлар неге келді? — деді біреуі. Дауысы таныс. Еңқызығы: «Біз!» деген отрядтың мүшелері осылар екенін бірден аңғардым.
— Шетелден келгендер біздің байлығымызға қызығады. Бұлар да Аждаһа көлдегі алтынға қызығушылар. Есіңде ме, сонау Англиядан, Германиядан келгендер де Аждаһа көлге ат басын бұрды. Бірақ қорықты. Суға түсіп-түсіп, аралға бара алмады. Бәлкім, солардың тыңшылары емес пе екен? — Бұл жігітті таныдым. Бұрын комсомол комитетінде істеген. Қазір ауыл әкімшілігінде. Аты — Бағдат. Көркемөнерпаздар үйірмесін де басқарады. Домбыра тартады. Жігіттер менің жаныма келіп кідірістеді.
— Неде болса да өздерінен сұрайық. Айтпаса қорқытамыз. Анау қаба сақалдысы Нұрғали ағамның інісімін дейді. Тіпті ұқсамайды. Жұрттың айтуынша аралға апарар тері карта Нұрғали ағада болуы тиіс. Соны қолға түсіру үшін келген шығар. Қазір соның құпиясын білеміз. Кеттік! — Бұл ағаны да таныдым. Аты — Сәрсен. Біздің сыныптағы Бейсеннің ағасы. Бұрын механизатор еді. Енді фермер. Жаңа есіме түсті. Ана үшінші ағаның есімі — Күмісбек. Үшеуі алшаңдай басып шомылып жатқан екеуге бет алды.
Әне, Аян аға бұларға қарсы тұр қасқиып. Мына жерден маған ештеңе естілмейді. Күмісбек аға қолын сілтеп, бірдеңелер айтты. Аян аға басын шайқады, қолын жайды. Бір кезде Сәрсен мен Бағдат Аян ағаны нұқып жібергендей болды. Күмісбек жуан жұдырығын сілтеді. Көзді ашып-жұмғанша ғажайып шайқас басталды. Аян аға Күмісбектің соққысын өзіне тигізбеді. Айқайлап Аян аға бірдеңе айтты да, жолбарысша кейін секірді. Сәт өтпей аяқтарын серпе лақтырып, әдемі қимылдар жасады. Енді бір қарасам үш дәуің сұлап жерде жатты. «Пай, пай! Аян аға каратист екен!» деп ойладым. Екеуі тез-тез киінді. Әне, асықпай аяңдап менің жанымнан өтіп барады.
— «Біз!» дегендері осылар екен. Бірақ абайлау керек. Бұлар көп. Естідің бе жаңа бізге не дегенін? Тайтеріні сұрады. Өте сақ болуымыз тиіс, — деді Аян аға тура менің жанымнан өтіп бара жатып. Мен де басқа бір жалғызаяқ жолмен үйге оқша зуылдадым.
XVII тарау
Мәссаған! Аян аға Вашингтонда тұрады. Ұйқының дәрісі
Биік төбенің басында отырмыз. Мен, Мәдина, Бақытжан және Сәду. «Алтынсандық» отрядының мүшелері түгелміз. Мен түнде көргендерімді, естігендерімді баяндадым. Тағы бір бітіргенім сыртқы құлыптың кілт сұғатын жерін пластилинге түсірдім.
— Олар сенбі күні түнде шығады. Аралға баруға қайық керек. Оны қайдан табамыз? — дедім мен әңгіменің соңында. Сәду қолын көтерді.
— Қорықшының баласы Марат менің сыныптасым. Екеуміз доспыз. Мен айтсам ол «Аждаһа көлді» бес саусағындай біледі. Бірақ...
— Неге тоқтадың, Сәду? — дедім мен үзіп алғандай.
— Маратқа ештеңе айтуға болмайды. Ол біздің отрядтың мүшесі емес қой.
— Дұрыс айтасың. Ол өзі сырға берік пе?
— Маған қалай сенсеңдер, оған да солай сеніңдер.
— Мәдина, Бақытжан, сендер не айтасыңдар?
— Марат бізге өте керек, — деді Мәдина әңгіме желісін үзбей. — Оның үстіне Сәдудің айтуынша ол сенімді бала тәрізді. Отрядқа қабылдағаннан басқа жол жоқ. Тек оны қалай қабылдаймыз? Марат бізден тым алыста ғой.
— Онша алыс емес. Осыдан қырық шақырымдай жерде. Атпен екі-үш сағатта жетіп барасың, — деді Сәду.
— Сен оны ертіп келе аласың ба? Сөйлесейік. Егер қарсы болмаса отрядқа қабылдайық, — дедім мен отряд басшысы ретінде соңғы шешімді қабылдап.
— Жәрәйді. Қазір Торайғырды ерттеймін де, зауылдап барып Марат досымды алып келемін. Әрі мен оны сағынып кеттім, — деді Сәду жымиып.
— Ендеше сен сонда заула! Ертең сағат онда осы төбеде кездесеміз. Бақытжан, сен сыртқы кілтті жасауың керек. Бүгін дайын болсын. Ақшаны Мәдинаш жиылған қорымыздан сен өзің бересің, — дедім мен сәл ұялыңқырап. Мәдинаның атына «ш» деген әріпті қалай қосқанымды білмей қалдым. Ол да сезді-ау, маған мейірлене қарағандай болды. Бұл екеуара іркілісімізден Бақытжан құтқарды.
— Гаражға жарық берсе, Жұбаназар аға кілтті тез жасап береді, — деді ол сенімді түрде.
— Уақыт өте аз қалды. Бірақ қайткенде де үлгеруіміз қажет. Кеттік онда! — дедім мен сөмкімді қолыма ұстап. Мен Мәдинамен қатарласа жүрдім.
— Мәдинаш! Сен дайынсың ба? Біз саған сенеміз! — дедім даусым дірілдеп.
— Дайынмын, Тәуекелжан. Болмаса әкемнен көмек сұраймын, — деді Мәдина менің атыма «жан» деген тамаша сөзді косып. Мен толқып кеттім. Төмен қарай жүгіре жөнелдім.
— Мәдинаш, қуып жет! — дедім айқайлап. Қараймын, Мәдина да жүгіріп келеді.
— Құлаймын, Тәуекелжан. Қатты жүгірмеші, — деді ол өтініп. Мен оны күтіп алдым. Қолынан ұстадым. Саусақтары дір ете қалды. Мен батылданып кеттім де Мәдинаның қолын қысып ұстадым. Ол да қолын жұлып алмады. Енді екеуміз қол ұстасып, қатарласа жүгіре жөнелдік...
Көкем маған тапсырмаларды үйіп-төгіп, өзі Құла атпен бір жаққа кетті. Сірә, Аждаһа келге қорықшыға жолығады, білем. Жаппар екеуміз түнде жасалынып қойған саз балшықтан кесек құя бастадық. Ағаштан жасалған екі қалып бар: бірі төрт көз, екіншісі үш көз. Төрт көзбен мен, үш көзбен Жаппар құяды. Кетпенмен саз балшықты алдымен шұңқырдан шығарып аламыз. Әбден иі қанған балшықты кішкентай төбешік тәрізді үйіп, сыртын бипаздап сылаймыз. Жанына құм төсейміз. Саз балшықты құммен сәл араластырып, қалыптың көздеріне ұра береміз. Күн бірте-бірте қызып келеді. Ал біз басымызда газет шәпкі; жартылай жалаңаштанып алып жұмысты тынбай істеп жатырмыз. Тер сауылдап ағады. Арқамыз күнге шағылысып, жалт-жұлт етеді.
Күн әбден қызды. Біз де аяқтадық-ау. Жаппар сұқ саусағын селтеңдетіп кесектерді санап жүр.
— Ур-ра! — деп ол айқайлап жіберді, — мыңға жақындатыппыз. Күн шыжыды. Аян аға мен Насыр ағалар қараталдың көлеңкесінде шәй ішіп отыр. Мен: «Бұлар не айтады?» — екен деп көзімді өтірік жұмып, құлағымды қалқитып тың-тыңдап жатырмын. Анда-санда қорылдап та қоямын.
— Енді төрт-ақ күн қалды. Біз әлемдегі ең бай адамдардың қатарына қосыламыз. Вашингтондағы бала-шағамды алып кәрі Еуропаға көшіп келсем деп отырмын. Сен не істейсің, Насыр молда? — деп Аян аға сыбырлап үн қатып. Насыр молда шәйнектен өзіне сырылдатып көк шай құя бастады. Екеуі де сүт қатқан қара шайдан гөрі көк шайды жақсы көреді. Аян аға келгеннен кейін осы көк шайды іздеп, біз ауданға барып алып келдік. Көк шай таусылғанда олар кофе ішеді. Ал мен қазір таң қалғаннан айқайлап жібере жаздадым. «Мәссаған! Аян аға бала-шағам қырылып қалды деп еді ғой. Және Ауғанстаннан келдім деп еді. Вашингтонда тұрады екен. Бала-шағасы бар» деп ойладым.
— Құдай қаласа, Құдай қаласа, — деп Насыр аға соңғы сөзді соза айтып: — Өзбекстанға барсам деймін. Бірақ әлі ерте. Әлі де сол жерде тұра тұрармын. Шынында да алтынды әкелуге вертолет жалдайтын болдық па?
— Әрине, оған сөз жоқ. Бәрі-бәрі келісілген. Жексенбіде түнде келеді. Белгіміз үш рет аспанға салют атамыз. Бәлкім, екі вертолет жалдауымызға тура келер, — деген Аян ағаның сөздері мені таң қалдыра түсті. Кенет апамның дауысы шықты:
— Шәйлерің бар ма, Мырза қайным?
— Бар, бар, жеңеше! — Бұл Аян аға. Екеуі сәл тынышталып қалды. Сірә, апамның кеткенін күтті. Сөзді қайтадан Аян аға бастады.
— Нұрғали ағаға көп алтынның қажеті жоқ білем. Мұндағы адамдар қызық. Өздері сіңірі шыққан кедей бола отырып, миллионер бай сияқты қонағынан ештеңе аямайды. Бәрін қонағына береді. Мен өзім қазақ болсам да бұл миыма сыймайды. Қандай ақымақтар?! Мен мұндай ақымақ, дарақы халықты көрмеппін. Ой, Насыржан! Біздің жүрмеген жеріміз жоқ қой. Африкада да болдық. Қазақ елі одан да кедей тұра ма деймін. Әйтпесе, мұнда байлық деген жетеді. Мұнай да, алтын да, бәрі-бәрі бар. Мемлекет басындағы жігіттер халқына жаны ашымайды. Әйтпесе, қазақ елінде кіл миллионерлер өмір сүрер еді, — деді Аян аға өкіне сөйлеп.
— Дұрыс айтасың. Мен де таң қалдым. Мен талай мемлекеттерде болдым. Мынадай қонақжай халықты көрмеппін. Мен өзбекпін. Өзбектер әлдеқайда қытымыр келеді. Өзің білесің, Америкада да, Еуропада да халықтар адамгершілік пен имандылықтан ажырап қалған. Әлемді қатыгездік жайлаған. Ал менің ойымша бұл жер имандылық, адамгершілік жайлаған бір арал тәрізді болып елестейді. Қай үйіне барсаң да дастарханын жаяды, барын беріп қонақ қылады. Ал ғаламдастыру жүрген елдерде ол мәселе түбірімен жойылған. Тіптен бауырлардың өзі бір-біріне рұқсатсыз қонаққа бара алмайды. Қонаққа барғанның өзінде аста-төк дастархан жайылмайды. Егерде, өзің айтпақшы, бүйтіп дарақылана берсе бұл халық жер бетінен жойылады. Өзің тұратын Америка Құрама штатындағы үндістер елінің аянышты тағдырын жақсы білесің. Жойылды ма сол ғаламат халық? Жойылды. Қазір шөл-шөлейтте аздап жұрнағы қалды. Олар да құриды, жойылады. Қазақ халқын үндістерге ұқсатамын. Енді бір-ақ жол бар, кейінгі ұрпақтың ішінен халқына жаны ашитындары шықса солар ғана құтқара алады. Әй, қайдам?! — деп Насыр аға байқап отырмын, қолын бір сілтеді.
Менің жүрегім дір ете қалғандай болды. Екеудің әңгімесі — бір жағынан қызық, бір жағынан жұмбақ. Айтылған ойлар менің жан дүниемді дүр сілкіндіргендей. Көкем: «Адамда үш көз болады. Оның біреуі көкіректе жатады. Сол көзі ашылмаған жан ол нағыз адам емес» дейтін. Жасырын жатқан көкіректегі көзім ашылып, жан-жағына күн сала қарағандай бейне. Осылай мен терең ойға шомдым. Аян ағаның сөзі ойымды беліп жіберді.
— Өте тамаша айттың, Насыр молда. Менің халқымның алдында не күтіп тұрғанын жақсы білетін тәріздімін. Қазір бұл халық іштей іріп-шіріп жатыр. Мұсылман дініне шабуылды басқа діндер күшейте түсті. Қазақтың жартысы өз тілін білмейді. Білетіндер мен білмейтіндердің арасы ашыла түспек. Мұнда ғаламат бай адамдар бар. Бірақ олар аз. Негізгі халық жоқшылықта тұншығып жатыр. Қысқасы, мен бұл халықтың алдынан ешқандай үміт күтіп отырған жоқпын. Пәлен жүз жыл орыс биледі. Енді мына жақтан алып аждаһа Қытай төніп тұр. Піл сияқты бір күні азғана халықты жаншып жіберуі әбден мүмкін. Осы бір қорғаушысы жоқ аңқау да, момын халыққа көз тіккен ел көп. Ой, Насыр молда, біз қай-қайдағыны айтып мылжыңдап кетіппіз. Сіз шаруаңызға кірісіңіз. Мен үйден барып темекі әкелейін, — деп Аян аға тапшаннан түсе бастады. Оның соңынан Насыр аға да кетті. Ал мен қалың ойдың ішінде адасып кеткендей қозғалмастан ұзақ жаттым. Кешкі тамаққа апам күріш көже пісірді. Мен екі дәудің тамағына ұйқының дәрісін салып үлгердім...
XVIII тарау
Қазынаны кім иеленеді? Бес миллионердің серті
Бүгінгі түн беймаза басталды. Бағана кеште алдымен жел тұрды. Содан соң жалба-жұлба бұлт үдере шықты. Жел күшейе түсті. Бұлт кешке жақын қалыңдай түсті. Қазір жел тыншыған. Қалың бұлт қуғыншы жел жоқ болғаннан кейін қайда барарын білмегендей, әрі-бері сапырылысып, сеңдей соғылысады. Сары қауынның үлкен тілігіндей ай анда-санда сол көшкін бұлттың ара-арасынан жылт ете бір көрініп қалады. Бақытжан екеуміз менің бөлмемде отырмыз. Сарайдың сыртқы кілті жасалыпты. Ана екеуін аңдудамыз. Көкем бағана кештете келген. Содан кейін бір жаққа апам екеуін қонаққа шақырыпты. Сол қонақтан абыр-дұбыр әңгіме айтып, жаңа ғана үйге оралды. Екеуміз дегбірсізденіп отырмыз. Бақытжанның фотоаппараты бар. Бүгін істеген құлыптың кілт сұғар жерін пластилинге түсіріп алсақ, ертең жасалынады. Түнде алтын сандықшадағы тайтеріні суретке түсіреміз. Егер болмаса білдірмей ұрлап аламыз да, күндіз қарап, қайта орнына салу керек.
Көрдіңіз бе, жағдай ауыр. Мұның бәрі әншейін жоспар. Үлгереміз бе, үлгермейміз бе? Уақыт өте тығыз. Мәдинаш та тағатсыздана күтіп отырған шығар.
— Тәуекел! Біз қайткенде де үлгеруіміз қажет. Үлгере алмасақ кейінгі ұрпақ та, Мәлика ханшайым да кешірмейді, — деп еді бағана Мәдина.
Маған үлкен сеніммен қарап отырғанын сезгендеймін. «Иә, бізді ешкім кешірмейді» деп іштей ойладым.
Тып-тыныш. Біз де үнсізбіз. Мен жайлап коридорға шықтым. Жарықты жандырған жоқпын. Қонақтар жатқан залдың есігінен сығалап қарадым. Насыр аға ма, Аян аға ма біреуі қатты қорылдап жатыр. Бақытжанға ым қақтым. Екеуміз мысықша басып, далаға шықтық.
Мені көріп Арлан құйрығын бұлғаңдатты. Еңкейіп жүріп залдың терезесінің алдына жеттім. Ішке сығалап қарадым. Желдеткіштен жаңағы қорыл анық естіліп жатыр. Үйдің ана бұрышында Бақытжан тұр. Егер алда-жалда аналар шыға қалса, ол қайткенде де кедергі жасайды.
Мен сарайдың есігіне екі-ақ аттап жеттім. Жүрегімнің дүрсілі өзіме естіліп тұрғандай. Кілтті алақтап жүріп дұрыс сұқпаппын. Ә, дегенде кептеліп қалды. Жантерім шықты. «Саспа!» дегендей болды біреу. Жан-жағыма қарадым. Ешкім жоқ. Кім ол? Әлде ішкі дүниемнің үні ме? Әйтеуір, осы сыбырдан кейін менде сабырлылық пайда болды. Кілтім де сырт етіп орнына түсті. Құлыпты өте сақтықпен суырдым. Есік ашылар-ашылмастан ішке зып етіп кірдім. Қолымдағы тоқшаммен ұраның аузындағы құлыпты да тез таптым.
Бәрі сәтті болды. Сондай ұшқыр жылдамдықпен әрі сыбдырсыз істегеніме өзім де таң қалдым. Бірақ үсті-басымды тер жуып кетті. Бақытжан мені құшақтап жатыр. Үйге кіргенде әлгі қорыл үдемесе басылмапты. Біз бір-бірімізге қарап, жымыңдап қойдық...
— Ойпырмай, бүйтіп өмірі қатты ұйықтамаппын, — деді Аян аға таңертеңгі шай үстінде. Насыр молда да:
— Мен де тас болып қатып қалыппын. Нұрағам оятпаса тіптен таңғы намазым қаза бола жаздады, — деді басын шайқап. Үлкендер өзара күлісіп алды. Біз білмегенсіп шәйімізді ішіп алдық та, төбеге қарай ұштық.
— Мараттың денесі шып-шымыр. Мұрны тәмпіштеу, көзі бадырайған, беті жалпақтау. Қолының қаруы бар екенін байқатып менің қолымды қысып-қысып қойды.
— Оһо, күшті екенсің ғой, — деп қалжыңдадым. — Сәду Маратқа бәрін түсіндірдің бе?
— Түсіндірдім. Менің Марат досым бәріне дайын. Әне, Мәдина да келе жатыр, — деді Сәду нық-нық сөйлеп.
— Әкем қатаң ғой. Зорға жіберді. Алдағанымды сезсе, мені өлтіреді. Өзімді-өзім сатқын сияқты көремін. Тіпті өтірік айта алмаймын. Ал айта бастасам қарадай қызарып кеткенімді сеземін. Құдай өзі кешірсін. Жағдайларың қалай, жігіттер? — деп Мәдина кешіккенінің себебін түсіндіріп жатыр.
— Жағдайымыз жаман емес. Міне, Марат та келді. Құранды әкелдің бе, Мәдинаш? — дедім мен тез-тез сөйлеп.
— Әрине, қасиетті Құран кітабы әрдәйім жанымда жүреді, — деді Мәдина сөмкесін ақтарып жатып.
— Марат салтанатты түрде ант қабылдады. Мәдина ол ант қабылдар алдында барлық оқиғаны қысқаша айтып шықты. Мараттың көздері от жайнап, Мәдинаның әңгімесін қызыға тыңдады.
— Қызық әңгіме екен. Мен басқа бір әлемге келгендеймін. Сіздер мені қатарларыңызға қосқандарыңызға шексіз бақыттымын. — Марат әсершіл екен. Осы сөздерді айтқанда көздері жасқа толып отырды.
— Біз бәріміз қатармыз. Сен деп сөйлей бер, — деп мен содан соң Аян және Насыр ағалардың кешегі шәй үстіндегі әңгімелерін айтып бердім.
— Осы әңгімелерден кейін мен қатты есейгендеймін. Біздер енді бала емеспіз. Халқымыздың жағдайын біз ойламағанда кім ойлайды? Шынында да біздің халқымыз соншама кедей! Оған кім кінәлі? Үндістер туралы киноларды бәріміз білеміз. Біздің тағдырымыз сол үндіс елінің аянышты тағдырына ұқсас деуде не мән жатыр? Халқымыз болашақта жойылатын, құритын болса, біз несіне өмір сүреміз? Міне, осы сауалдар кешеден бері мені қатты мазалап жүр, — деп достарыма сұраулы жүзбен қарадым. Бәрі де бір сәт үнсіз қалды.
— Олардың айтқаны өмір шындығы, — деді Мәдина. — Біздің халқымыз еш халықтан кем емес. Менің әкем Қасымхан Абай бабамды көп оқиды. Қара сөздерін жатқа айтып отырады. Мен де әкеме еліктеп Абай бабамды оқи бастадым. Қара сөздерінде бабам осындай мәселелерге жауап іздеп, өзі жауап беріп отырған. Шындығында біз көп мемлекеттерден қалып қойдық. Бірақ үйреніп жатырмыз. Абай бабамның кезінде халқымыз көшпелі болған. Егінмен, саудамен, ғылыммен айналыспаған. Мәселен, Абай баба халықты «түзелмейтін қайыршыға» айналдырмайтын амал: «Егін, сауда, кәсіп, ғылым», — деп біледі. Бабамның осы арманы қазір орындалғандай. Өздерің ойланып көріңдерші. Меніңше, қазақ еңбекқор халыққа айналды. Егін еге алады. Ыбырай бабам күріштен, Шығанақ бабам тарыдан дүниежүзілік рекорд жасады. Егер жалқау болса осындай рекорд жасар ма еді?! Малды қазақтан артық бағатын ел жоқ деп білемін. Оған дәлелдің қажеті жоқ. Енді саудагер десе кірпідей жиырылатын ел сауданы үйренді. Неше түрлі кәсіппен, ғылыммен айналысып жүрген жігіттер мен қыздарымыз көп. Тәуекел, Аян ағаның: «Бар байлық табанының астында жатып, соншама кедей болған халықты бірінші керуім» дегені де дұрыс. Қазір елімізде әділетсіздік үстемдік етіп отыр. Осы әділетсіздік құрыса бізге әлемдегі ең бай елге айналуға әбден болады. Абай бабамның мына сөздері керемет. Тыңдап көріңдерші: «Құдай саған еңбек етуге жеткілікті күш берді. Бірақ сен еңбек етпейсің. Құдай саған ғылым берді. Бірақ сен оқымайсың. Құдай саған сана берді, сен оны жоғалттың. Сен ерінбей еңбек етсең, шыдамдылықпен іздеп, пайдалы жұмыс жасасаң — бай болар едің» деген ескертпелерден халқым сақтанып жүрсе, болашақ жер бетінен жойылмайды, ешкімнің жемі болмайды дер едім. Тәуекел, сенің халқыңды ойлап мазасызданғаның маған қатты ұнады. Абай бабам: «Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді» депті. Көп уайымға беріле бермей осыны ойлайық...
Мәдина жымия түсіп, әңгімесін аяқтағанда мен таңданып оған қарап қалыппын. Бақытжан жақсы сауал қойды:
— Мәдина! Сен өте жақсы айттың Абай бабамның айтқан жазын келтіретін кім? «Егер ол жазды» жасайтын адамдар болмаса «қыс» өмір-бақи тұра беруі мүмкін. Солай емес пе?
Мәдина күлді де:
— Ол жазды келтіретін біз. Оны бізге шетелдерден біреу келіп жасап бермейді. Біз жастар жасауымыз тиіс, — деді шешендерше қолын көтере сөйлеп.
— Тамаша! — дедім мен орнымнан ұшып тұрып: — Мәдина, саған көп рахмет. Менің ойларыммен сенің ойларың үндес жатыр. Көп нәрсеге көзім ашылып келеді. Мен де Абай бабамды көп оқимын. Енді одан сайын терең оқуға тырысамын. Абай бабамның жаңағы дана сөзін сендермен бірігіп әрі қарай жалғастырғым келеді. Құдай бізге бабаларымыз көп ғасырлар бұрын тастап кеткен байлығын сыйлайын деп отыр. Менің мазасызданатын жерім осы. Осы мол байлықты қалай халықтың игілігіне айналдырамыз? Ертең бе, әлде үш-төрт күннен кейін бе, біз, осы отырған бесеуміз сандық-сандық алтынға ие болдық делік. Әрі қарай ол байлықты не істейміз? Мемлекетке өткізсек ол байлық «тістегеннің ауызында, ұстағанның қолында» кете ме деп қорқамын. Сендердің ойларың қалай дедім орныма отырып жатып. Әдемі самал соғып тұр. Кешегі алба-жұлба бұлттарды түнде біреу сыпырып алып, әлдеқайда апарып тығып тастағандай. Қазір аспан тап-таза. Күн күліп тұр. Менің сауалым енді бірнеше күннен кейін әрқайсысы бір-бір миллионер болуы мүмкін достарымды қатты ойландырды. Сәлден кейін Сәду әдетінше сәз сөйлеуге рұқсат сұрап, қолын көтерді.
— Меніңше, бұл өте көп байлық. Социализм кезінде біз тапқан байлығымызды басымызды көп ауыртпай мемлекетке өткізер едік. Тәуекел, сенің күдігің дұрысқа айналуы әбден мүмкін. Біз қазір, Аян аға айтпақшы, жабайы капитализм дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Бұл байлықты бөліп-бөліп алуға толық хақылымыз. Бірақ біз өйтпейік. Бабаларымыз бұл байлықты халыққа берілсін деп қалдырыпты. Біз сол бабалар үкімін орындауымыз керек. Бірақ қалай, қайтіп деп отырмыз. Солай емес пе?
— Солай, — дедік біз қосарлана. Сәду сөзін жалғастырды.
— Егер байлыққа қолымыз жетсе ешкімге жарияламай қоя тұралық. Ел ол жерге баруға қорқады. Ал біз ол алтынды халқымыздың игілігіне қалай пайдалану жағын ойланамыз, жолын іздейміз. Бәлкім, менің ойыма бұл қазынаны ортақ есепшот, ортақ фирма ашып, бесеуміздің атымызға жаздыруымыз керек пе? Міне, олай етсек осы жерде жазбаша түрде ант қабылдамаса болмайды. Менің ойым осы, — деді Сәду ересектерше ой түйіп.
— Сәдудің сөзіне келісетін жерім — әзірге табылған қазына жөнінде ешкімге тіс жармау. Шындығында біз мұндай мол қазынаны пайдалану жөнінде өте сауатсызбыз. Бәлкім, халқына адал, таза жолды ұстаған бір тәжірибелі кісіні табармыз.
Бұл — Мәдинаның пікірі.
— Ант қабылдадық па адал болған жөн. Мұндай байлықты халыққа тең бөліп беру біздің қолымыздан әзірге келмейді. Мүмкін қазынаға қолымыз жеткеннің өзінде бір-екі жыл бойына тоқтай тұрып, оны қалай пайдалану жөнінде нақты шешімдер қабылдамасақ бізді халқымыз да, әруақ та кешірмейді.
Бұл — Бақытжан тоқтаған кесім.
— Ғасырлар бойына ешкім бара алмаған қазынаға қол жеткізу бақыты бізге бұйырса ол зор мәртебе. Бұл ойыншық емес. Зор мемлекеттік іс. Атымыз тарихта қалады. Көп ойлануымыз, көп толғануымыз қажет.
Қатарымызға жаңа қосылған Марат осылай толғана сөйледі.
— Мен сіздерге қосыламын, — дедім мен де толқи сөйлеп. — Әлі де ақылдасармыз. Негізінен бір пікірге тоқталық, қазынаны тапқанымыз жөнінде ешкімге айтылмайды. Әзірге құпия түрде қалады. Әрине, бұл қазынаның бір ширегі тапқан адамдарға тиесілі шығар. Бәрі заң жүзінде шешілуі тиіс. Басты нәрсе, басты күрес, басты мақсат бұл қазынаның халқымыздың игілігіне жұмсалуы үшін қасық қанымыз қалғанша күресеміз. Осыған дайынбыз ба?
— Әрқашан да дайынбыз! — Бесеуміз пионерлерше бар дауыспен осылай жауап бердік...
XIX тарау
Көкемді шағатын жылан. Бабаларға адалдық
Үйге келсем Жаппар жалғыз өзі мықшыңдап кесек құйып жатыр. Мен де зымырап келіп, көйлегімді шеше беріп едім, көкем ұстап алды.
— Балам, мұның қалай? Сен өзің шынында да соңғы кезде қаңғыбас болып барасың. Қайда болдың? Ұят қайда? — деді ашулана сөйлеп. Көкем бізді ұрмайтын. Осындай сөздерден кейін-ақ мен де, бауырларым да тентектіктерін, қателіктерін қайталамайтын. Аузыма мынадай өтірік сап ете түсті:
— Бақытжанның үйіне түнде барып едім, ұйықтап қалыппын, — дедім басымды төмен тұқыртып.
— Рұқсат қайда? Кімнен сұрандың? — деп көкем де жөпелдемелетті. Мен де қыңбадым:
— Сіздер қонаққа кеттіңіздер ғой. Ал біз маңызды мәселемен айналыстық.
— Ол қандай мәселе?
— Айтуға болмайды. Ол — құпия.
— Құпияшылын. Бар! Бұдан бұлай қайталама! Ана Жаппарға обал болды ғой тіптен.
— Мақұл, көке! — деп оңай құтылғаныма қуанып, далаға атып шықтым. «Өтірікші болып барамын. Ұят-ай!» деп ойладым.
— Тал түс. Бүгін дайындаған балшықты әрең бітірдік. Жаппар ренжіп жүр. Үсті-басымның балшығын құдықтың мұздай суына шомылып, тазалап алдым. Бір сапар кесе қатықты сіміріп жібердім де, тапшанға келіп қисайдым. Әбден шаршаған болуым керек. Көзім ілініп кетіпті. Даңғұр-дұңғыр дауыстан ояндым. Көкем, Аян аға және Насыр молда шәй ішіп отыр. Самауыр ыңылдап ән салады.
— Түнде қонақтан шаршап келіппін. Аздап мызғып алсам, Айеке, рұқсат па? — деді көкем тұруға қомданып.
— Барыңыз, барыңыз. Біз көк шай іше тұралық. Көкем кетті. Мен «ұйықтап» жатырмын.
— Шалдың кеткені дұрыс болды, — деді Аян аға сыбырлай сөйлеп. — Бағана поштаға барып, шекарадағы жігіттеріме телефон соқтым. Барлық жағдайды айттым. Бүгін түнде сағат он екі-бірдің кезінде мерседеспен ауылдың шетіндегі каналға біздің жігіттер келеді. Сонда барамыз. Үнсіз атылатын автоматтар, тапаншалар әкелмекші. Жұмыс біткеннен кейін үш рет салют атамыз. Әзірге бір вертолет келеді. Сол жете ме? («Ойпырмай, деп ойладым мен. Не деген ғаламат күш?! Ол күш кім?»)
— Жетеді. Жетпесе тағы келер. Ең бастысы, Аждаһакөлді басып алу ғой. Ана ағаңды не істейміз? — деді Насыр молда.
— Шу шығармау үшін аздап алтын берерміз. Ал көнбесе өз обалы өзіне, — деп Аян аға немқұрайды жауап бере салды. «Өз обалы өзіне». Ол не деген сөз? Өлтірмекші ме? Шошып кеттім. Жо-жоқ! Жол бермеймін. Ең бастысы, бүгін сарай біздің қолымызда.
— Жәрәйді, ол шалдың жарасы жеңіл. Өзін аяйсың тіптен. Бізге қаншама қызмет жасап жатыр, — деді Насыр молда.
— Бұл — Насыр молда.
— Тәйірі, бізді кім аяйды сонда? Ол шалдың көкейін тескен алтын. Осыдан ана адыра қалғыр аралда алтын болмай қалса екеуіміздің де басымыз кетеді. Бұл сәтті қаншама жылдар күттік. Кеңес өкіметінің құруын қаншама тіледік десеңші?! Енді теңдесі жоқ байлық қолыма тигенде аянарым жоқ, Насыр молда! Байлық дегеннің күшін білесің ғой. Осы үшін мен не істемедім айтшы өзің — деп аяқ астынан Аян аға жыланша ысылдады. «Не деген қатыгез жансыз, Аян аға. Байлық үшін өз бауырыңызды да аямауға барсыз. Бетіңіз адам, ішіңіз жылан екен ғой. Көкем байғұс қалай байқамаған? Сіз үшін ол кісі жүрегін жұлып беруге бар. «Ауғанстанға бауырым кеткен» деп жылап отырғанын талай көрдім. Ал сіз... сіз...» Көзімнен жас парлай жөнелді. Қыстығып жатырмын. Сәл болмаса даусым шығып кетер ме еді, кім білсін?! Сыртқы қақпа ашылып, көрші кірді шелегі салдырлап. Біздің құдықтан су алуға келеді. Арлан зеңбірекпен атқандай екі рет күмпілдете үрді...
Түнді адамдар өздерінің жасырын істері үшін пайдаланады-ау, сірә. Бақытжан екеуміз тағы да түн жамылып, терезеге қарап телміріп отырмыз. Ана екі зұлым адамның шығуын күтудеміз. Кілт қалтада. Сағат он екіден асты. Сәду мен Марат каналға бағана кеткен. Келетін кімдер? Олар не айтады? Аса сақ болуын тапсырғанбыз.
— Әне, шықты, — деген Бақытжанның сыбырына елең еттім. Екі сұлба қақпаға қарай кетіп барады. Тез-тез басып ә дегенше көзден ғайып болды.
— Кеттік. Фотоаппаратыңды ұмытпа! — дедім мен. Көкем жатқан бөлмеге қарай келемін. Ол кісінің ұйықтағаны қызық. Әр бес минут сайын «ух!» деген әлсіз дауыс шығарады. Осы дыбыс шығып тұрса, көкем түйе басып кетсе де селт етпейді. Сәл күттім. Мен күткен «У-ух!» деген дыбысты естуім мұң екен, қуанып кеттім. Әй, аңқау көкем-ай!
Арланның басынан сипадым. Алып, дәу ит — біздің үйдің көп жылғы досы. Қартайыңқырап қалды байғұс. Бұл жолы екеуміз де кірдік. Қорыққанымыз ұраның құлпы ашылмай ма деп едік. Тез ашылды. Сарайдың есігін іштен бекіттік. Ұраға кірген соң жарықты жақтым. Алтын сандықшаны ұраның бұрышына көміпті. Көкемдердің бабалар аманатына адалдығы таң қалдырады. Небір қиын-қыстау кезеңдерде де, аштан өлейін деп жатқан сәттерде де алтынмен қапталған сандықшаға тиіспей осы күнге жеткізуі ғаламат емес пе?! Ап-ауыр... Алтын сандықша ашылған кезде шыққан дыбыстан Бақытжан екеуміз шошып кеттік. Жылан ба, әлде аждаһа ма ысылдап тұрған тәрізді. Сәт өтпей ол қорқынышты дыбыс басылды. Тайтері қатталып жиналыпты.
— Биссмилаһи-Рахмани-Рахим!
Сандықшадан бипаздай алып тайтеріні жерге жайдық. Мені таң қалдырғаны терінің екі бөлігі білінбестен кірігіп кеткен. Ғасырлар бойына сақталған карта алдымызда жатыр. Екі басты Аждаһа. Мынау — көлдің сызбасы. Ортасындағы арал. Аржағында Мәлика ханшайымның бейнесі. Арабша жазулар. Бағыттамалар. Сона-ау аржағынан күн шығып келеді. Суретші жаңа ғана салғандай. Сурет бояуы қанық, мөлдіреп тұр. «Ғаламат! Ғаламат!» деп Бақытжан екеуміз арбалғандай күбірлей беріппіз.
— Бақытжан-ау! Іске кіріс. Ана зұлымдар келіп қалуы мүмкін. — Селк ете қалған Бақытжан фотоаппаратын кезенді. Сырт-сырт! Жарқ-жұрқ! Тайтерінің ғажап суретін әбден түсірді.
— Тәуке! Жаман шықпайды, білем, — деп Бақытжан досым күбірлеп қояды. Тайтеріні қайтадан тез жинап, сандықшаға салдық. Орнына білдірмей көмдік.
XX тарау
Мәлика ханшайымның ескертпесі. «Атпаңдаршы, ағалар!»
Бәрі ғажап бітті. Бақытжан екеуміз құшақтасып, секіріп-секіріп алдық. Ол сурет шығаруға үйіне кетті. Мен төсегіме жатып, ойланып жатырмын. Аждаһа көлге шабуыл жасайтын тарихи сәтке бар болғаны екі-ақ күн қалды. Мәдинаш үлгере ме? Үлгермесе не істейміз? Аңқау көкемнің жағдайы не болмақ? Оны ана зұлымдардан қалай құтқарамыз? Өзімнің әлсіздігіме, қауқарымның жоқтығына қатты күйініп жылап жібердім. Мен көкемді қалай жақсы көремін?! Кезінде босқа жазғырып, кінәлаппын-ау, жан көкем!
— Кешірші, көке мені. Менің жүрегім уланса не істейін? Көзімді соқыр еткен қара күштерге лағнет! Мен сізді сонда тірілей өлтіріппін-ау. Тіптен бар ғой, сізді өлтіргім келгенін айтсаңызшы. Кешір, көке, мына ақымақ ұлыңды. Өзің сақ бол! Қасыңдағы бауыр емес, ол жылан. Алтын үшін кез келген уақытта сізді шақпақшы. Сізге қалай айтсам екен бәрін?
Осы сауалдардың жауаптарын таба алмай жатып ұйқыға кеткенімді сезбей қалыппын... Әлде өңім бе? Мәлика ханшайым тәжісінің маңдайындағы көгілдір тасы жарқырап, қасымда жүрелеп отыр. Алақаны қандай жұмсақ. Әрі жып-жылы. Сол жылылық бүкіл денемді әлдилеп, рахатқа бөлейді.
— Тәуекелжан! Көкең сені кешіреді. Дұрыс байқапсың, Аян жаман адам. Сен асықпа! Жұмбақтардың шешуін шетінен тауып жатырсың. Енді сәл шыдасаң бәріне қанығасың. Енді жақсылап тыңдап ал. Кешегі төбедегі жиналыстарың маған ұнады. Ол байлықтың иелері сендерсіңдер. Тек адалдықтан тая көрмеңдер. Мәдина досыңның дұғаны оқуға шамасы жетпес. Оның әкесі арапша өте сауатты адам. Сол кісіні «Алтын сандық» отрядына қабылдаңдар. Аждаһа елінде ол — алтын сатып кәсіп қылған кісі. Дініне берік, иманына адал. Көкеңнің өміріне шынында да қауіп төніп тұр. Ол кісіні де өздеріңе алыңдар. Шындықты айт. Ол кісі аралға бармасын. Өздерің де ол күні аралға жақындамаңдар. Ертеңіне түнде ғана аттаныңдар. Тағы бір есте тұтатын нәрсең өздерің күнде баратын төбе қасиетті төбе. Ол жерде Шарқала болған. Кейін сол төбенің биігіне үлкен ескерткіш орнатыңдар, — деді Мәлика ханшайым жылы сөйлеп.
— Мақұл, мақұл, аналардың анасы. Ханшайым ана, мен сізге осылай деп ат қойдым. Ол менің жүрегімнің үні. Сізге көп рахмет. Менің үстімдегі ауыр жүкті оп-оңай алып тастадыңыз. Сіз менің ең жақсы көретін досым Мәдинашқа ұқсайды екенсіз. Ханшайым ана жүзінен нұр төгіліп жымиып қойды.
— Рахмет, балам. Енді ұйықта. Жақсы демалып ал! Сау бол! Мен төсегіме еріксізден-еріксіз жайлап жаттым.
— Сау болыңыз, ханшайым ана!
— Ол кісі жайлап, сыбдырсыз шығып кетті. Мен қайтадан тұрып терезеден қарадым. Әне, қос салт атты алқара аспанда ұшып барады...
— Тәуекел батыр, тұрыңыз, — деген дауыстан ұшып тұрдым. Жанымда Сәду мен Марат отыр. — Қатты ұйықтайды екенсің. Әзер ояттық қой.
— Тү-үу, түс екен ғой. Жақсы түс көрдім, жігіттер. Өздерің амансыңдар ғой, — деп мен жаңа ғана ханшайым сипаған басымды ұстадым. Жан-жақ жап-жарық.
— Тоңып кеткен шығарсыңдар. Шәй дайындайын, — деп едім ол екеуі:
— Қажет емес. Тоңғанымыз рас. Ол ештеңе емес. Сендер бәрін бітірдіңдер ме? — деді менің әңгімемді естігісі кеп. Ал мен олардың әңгімесін естігім келіп барады.
— Бәрі жақсы. Жүріңдер баққа барайық, — дедім мен де асыға-үсіге тұрып жатып. Бес минуттан кейін үш дос бақта отырдық. Аулада апамнан басқа ешкім жоқ. Мен бастан кешкен оқиғаны баяндап бердім.
— Мұны түс деп айтуға болмас. Тура өңіңдегі сияқты екен, — деді Сәду басын шайқап. Біз ертерек барып жасырынатын жер іздедік. Әрі қарадық, бері қарадық, көпірдің астынан басқа қауіпсіз жер таппадық. Көпір бірақ өте аласа. Оның астында басыңды судан қылтитып қана отырасың. Оның үстіне қалың қамыс. Жарты сағаттан кейін тура көпірдің үстіне машина келіп тоқтады. Үңіліп қарап едік — шетелдің машинасы. Еқі ұзын бойлы жігіт түсті де, каналға беті-қолын жуып алды.
— Шефтің айтқан көпірі осы болар. Аржағында ауыл көрініп тұр», — деді біреуі.
— Иә, осы жер. Қателескен жоқпыз. Күтейік. Шеф айтқан вертолет сақадай дайын ба өзі? Кеше сұрап еді, саған айтуға ұмытып кетіппін, — деді екіншісі үсті-басының шаңын қаққылап.
— Дайын, бәрі дайын. Сигналды күтіп отыр, — деп айта беріп еді, екіншісі киіп кетті.
— Келе жатыр! Қару-жарақты дайындайық. Әй, бұл басқа кісілер. Әне жасырынды. Өздері үшеу. Жігіттер! Біз сендерді көріп отырмыз. Шығыңдар, әйтпесе, атамыз! — деді ол айқайлап.
— Байқа! Ауылды оятасың. Ату деген болмасын! — Олар ауыл жаққа тасұр-тұсыр ете жүгіріп кетті. Шақ-шұқ дауыс. Көпірдің астынан басымызды қылтита қарап едік, ештеңе көрінбеді. Төбелес болып жатқан сияқты. Дүрс-дүрс еткен соққылар, ыңқылдаған дабыстар, боқтық айтқан адамдар. Бір кезде бәрі басылды. Дабыр-дұбыр сөйлесіп, енді бері келе жатыр. Біз қайта орнымызға бардың. Сенің Аян ағаңның даусын таныдық. «Бұлар бізді аңдығалы көп болды. «Біз!» деп өздеріне ат қойыпты, жүдә. Осымен екінші рет қолға түсіп отыр. Не істейміз бұларға? Әлде итше атып тастау керек пе?» — деді ол ашуланып. «Біз!» отрядының біреуі «Атпаңдаршы, ағалар!» — деп жалынды. Аян ағаның бір жігіті тіптен қатігез екен: «Қақ маңдайдан атып бұлардың миын шашу керек. Сөйтіп, каналға тастай салайық. Кім біліп жатыр?» — деді. Ең соңында: «Біз!» отрядының адамдары «Бұдан былай Аян ағаның жұмысына араласпаймыз!» — деп уәде берді. «Ант ішіңдер!» — деген бұйрық естілді. «Ант ішеміз!» — деді олар хормен.
— Түу, өздері қорқақ екен ғой. Әншейінде үшеуі ауылдың жігіттерін қырып жібере жаздайды, — деді Тәуекел Сәдудің сөзін бөліп.
— Қорқақ болғанда қандай! Бостандыққа жібергеннен кейін ауылға қарай үшеуі тұра жүгірді.
— Екі бала рахаттанып күліп алды.
— Оһо! Бақытжан келеді, — деді Тәуекел ұшып тұрып. Бақытжан көңілді.
— Жақсы шықты. Міне, қараңдаршы! Тіптен арабша жазулары да анық. Мәдинаға да оқуға жеңіл, — деп ол шығарған суреттерін жайып салды.
— Мә-ә, міне, ғажап! Мына суреттерді қалай әдемі салған-ә?! — Сәду мен Марат таңданып жатыр.
— Сендер тайтеріге салған түрлі-түсті суреттерді көрсеңдер тура бүгін салғандай жарқырап тұр. Ғасырлар бойына қалай сақталып келген десеңші! Мен ойлаймын бұл — тек бір Алланың ғана құдіреті. Енді біз бұны Мәдинаға жеткізейік. Көрсін. Бақытжан сен оны жеткізіп таста, — дедім мен.
— Бақытжанға түндегі көрген түсімді, Сәдудің айтқан әңгімесін қысқаша айтып бердім.
— Олар қатты дайындық жүргізіп жатыр. Қару-жарақтары бар. Абайлаңдар. Сәду мен Марат қарулардың қайда тығылғанын біледі. Көкеме бүгін барлығын айтуым керек. Бақытжан сен осы жағдайларды айта отырып, Қасымхан ағаны түстен кейін сағат алтыда қасиетті төбеге ертіп кел. Мен көкемді ертіп барамын. Жиналыс жасайық. Үлкен кісілермен әбден ақылдасып алғанымыз жөн, — дедім орнымнан тұрып жатып...
XXI тарау
Күдік. Кешірші мені, көке!
Көкемді жеке шығарып алу маған оңайға соққан жоқ. Ана екеуі маған әлденеге алаңдаулы көрінді. Қабақтары қату. Аян аға маған күдіктеніп қарайтын сияқты. Мен, әрине, не болғанын білмеймін. Әлде біздің бүгін түнде ұраға түскенімізді біреу көріп қойды ма?
Кесек құю науқаны бітіп, бүгіннен бастап қауындықтағы арам шөпті отаймыз. Қолыма кетпен алып жұмысқа кіріскенсіп жатсам да, бар ойым көкеммен қалай оңаша сөйлессем деймін. Сәду Маратты алып үйіне кеткен. Аздап демалып алмақшы. Кенет қызық болғанда көкем мені өзі шақырды. Мен жүгіріп жетіп бардым.
— Жүр, балам, үйге. Әңгіме бар, — деді салқын сөйлесіп.
— Жәй ма, көке? — дедім мен сыр тартпақ болып. Ол кісі үндемеді. Біз залға кірдік. Онда Аян аға мен Насыр ағалар отыр екен.
— Есікті жап! — деді Аян аға сызды үнмен. — Отыр!
— Ішім бірдеңені сезгендей. Көкем орындыққа барып отырды. Мен тізерледім. Сәл-пәл үнсіздік орнады.
— Сен бала, шыныңды айт! Біз бәрін білеміз, — деді Аян аға. — Бүгін түнде қайда болдыңдар?
— Үйде болдым, — дедім мен Аян ағаға тура қарап. Ол кісі менің көзімнен сыр оқымақшы болып қадала қарады. Мен де батылдық танытып, көзімді тайдырмадым. Екеуміз бір-бірімізге қадала қарап қалдық. Менің осы жерде пионер болғанымның пайдасы тиді. Ол шыдамай көзін тайдырды. Бұл менің алғашқы жеңісім еді.
— Өтірік айтпа! Сендер түнімен ұйықтамай ұрлық жасадыңдар, — деді Аян аға.
— Қандай ұрлық? — деп мен таңданғанымды білдірдім.
— Қарашы білмегенсуін. Сарайға кірдіңдер. Ұраға түстіңдер. Біз бәрін білеміз, — деді ол айқайлап сөйлеп. Көзі ежірейіп кеткен.
— Онда менің не шатағым бар? Не ұрлауым керек?
— Мен де қайтпадым. Сөйлеген сайын мен күшейіп, оның даусы бәсеңсіп бара жатқандай.
— Мойындамайсың-ә? Нұрғали аға ұлыңыздың ұраға түскені дәлелденген жоқ па? — Аян аға көкеме қарады.
— Біреу кірген деп отырсыңдар ғой. Егер ол рас болса дәлелденген. Тәуекелжан, ұраға түстің бе, шыныңды айтшы? — деп көкем жылы сөйлеп.
— Көке, мен ұрадан не аламын? Онда қазір жейтін нәрсе де жоқ қой. Мен ешқашан да ұрлық жасамаймын. Жасаған да емеспін. Сіздер маған жала жауып отырсыздар, — деп мен шыр-пыр болдым. Бәрі үндемей қалды. Насыр молда:
— Ұрламаса, ұрламаған шығар. Бүлінген ештеңе жоқ. Бәрі орын орнында тұр. Босқа кінәламау керек, — деді Аян ағаға қарап.
— Шынында да менің балаларым ештеңе ұрлаған емес, ұрламайды да! Қаршадай баланы соншама қысқаның не, Аянжан-ау? — деді көкем қолын жайып.
— Жәрәйді, ойлан, бала. Ертең ұрлығың ашылып жатса, маған өкпелеме. Аямаймын, Қытайда білесің бе, ұрлық жасаған адамның қолдарын кеседі, — деді Аян аға маған сұқ саусағымен сес көрсетіп.
— Ал мен ойланып қалдым. «Қалай білген? Өтірік айтқаным ұят болды-ау. Әсіресе, көкемнен. Күнәға әбден баттым-ау!» Есік алдында тұрмын. Ойымда тағы да көкем.
— Неғып тұрсың, балам? — деген көкемнің даусынан селк ете қалдым.
— Жәй, көке. Сізбен жеке әңгімелессем деп едім.
— Жәрәйді, жүр.
— Көкем қолын артына салған күйі бақтың тереңіне қарай жүрді. Мен артынан ердім. Міне, екеуміз қатарласа отырмыз.
— Не айтайын деп едің? — деп көкем маған еңсеріле бұрылды. Мен осындай сәтті жібергім келмей тез-тез сөйлей бастадым.
— Көке, мен бәрін білем. Аян ағаның неге келгенін, Аждаһа көл жайлы, ол туралы сіз айтқан әңгіменің, аңыздың, ұрада не жатқанын бәрін-бәрін білемін. Оның бәрін тыңдадым. Бәрінің куәсі болдым.
— Көкемнің жүзінде таңданыс. Маған тіптен үрейлене қарағандай.
— Оны қайдан білдің? Қайда-ан?! — деп ашулана дауыстап жіберді. Ал мен, керісінше, сабырлы қалпыма түстім. Көкем менің сөздерімді алғашқыда ашулана тыңдағанмен, менің айтқан әңгімелерім неғұрлым тереңдеген сайын жүзіне қызығушылық, тіптен ризашылық сезімі пайда бола бастағанын біліп отырдым. Бұл маған өзіме-өзім сенуіме әрі сөздерімді ның-нық айтып, оқиғаларды ширата айтуыма одан сайын шабыттандыра түсті. Көкем менің әңгімемді бөлмей тыңдады.
— Көке, мен соңғы бір айдың ішінде қатты есейіп кеткендей болдым. Халқымның болашағы үшін сізді бірнеше рет алдағанымды біліп отырған шығарсыз. Әсіресе, осыдан төрт-бес жыл бұрын кеңес империясы тәрбиесінің бүкіл денеме у болып жайылғаны соншама сізді жек көргенімді, тіпті, өлтірмекші болғаныма не айтар едіңіз? Кейін өскен, есейген сайын, әсіресе, қасиетті төбедегі Аян ағаға айтқан әңгімеңіз мені басқа бір күйге түсірді. Мен сізді түсінбегенімді, жүрегіңізді мәңгіге жаралағанымды және алдыңызда күнәға батқанымды білгенде жылап та алған кездерім болды. Көке, мені кешіріңізші. Сіз нағыз батырсыз мен үшін. Мен сізді енді түсіндім. Кешіріңізші... — Сезімге берілгенім соншама жылап жіберіппін.
— Оның не, балам-ау. Тұр, тұра ғой. Жылама, ұят болады. Сен жігіт емессің бе? Мен оның бәрін түсінгенмін. Сені баяғыда кешіргенмін, ұлым! — деп көкем де тебіреніп кетті-ау, сөзінің аяғын айта алмай кемсеңдеп жылап тұрды. Мен көкемнің құшағында тұрып, әзер өзімді бастым. Әкелі-балалы екеуміздің түсініскеніміз қандай жақсы болды десеңші! Бойым жеңілдеп, арадағы қара перде сырылып түскендей бейне.
— Көке, «Алтын сандық» тобы сізді кешкі алтыға қасиетті төбеде болатын жиналысымызға шақырамыз, — дедім мен салтанатты түрде. — Сіздің өміріңіз қауіпте тұрғанын өзіңіз біліп отырсыз. Қасыңыздағы екеу алтын, байлық үшін сізді өлтіруден де тайынбайды.
— Оны бір Құдай біледі, балам. Айтқаның өте дұрыс. Бабаларымыз қалдырған байлық тек біздікі ғана емес, ол халықтікі. Менің көзімді бауырыма деген бауырмалдық сезімі соқыр еткенін жаңағы сен айтқан әңгімеден кейін аңғардым. Аянды әлі де жамандыққа қимаймын. Оны уақыт көрсете жатар. Ол уақыт сыны тіптен жақын қалды. Маған кешке дейін уақыт бер. Ойланайын, — деді көкем менің басымнан сипап. Көкем кетіп бара жатып кейін бұрылды:
— Балам өзің де байқа. Сендердің ұраға түскендеріңді біліп отыр. Ұраның қақпағына қылдан белгі қойыпты. Екіншіден, ұраның топырағына түскен сенің аяқ киіміңнің ізін көрдік. Бүгін түнде қасыңа Бақытжанды алып жат. Кім білсін, ескерткенім ғой.
— Көке, қорықпаңыз. Бір Алла қолдасын бізді, — дедім үлкендерше дауысымды жуандатып.
XXII тарау
Ажал аралға барып қайтқан адам. Жоспар
Біз көкемнен бұрын кетіп қалдық. Себебі, ана екі дәу біліп қоюы әбден мүмкін. Қасиетті төбеге бізден де бұрын Қасымхан аға мен Мәдинаш келіп отыр екен. Қасымхан аға арық қара кісі. Бойы шәргелтай. Молдалығынан бөтен ауыл ол кісінің ұсталығын мойындаған. Совхоз күшінде тұрғанда ұстаханасы бар еді. «Есік, терезе дейсіз бе, бәрін істейді. Кейін де біраз айналысты. Қазір ауылдың молдасы.
— Балам, — деді менің сәлемімді алып тұрып, — сендер жас емессіңдер. Қазақ «он үште отау иесі» деп босқа айтпаған. Үлкен, жауапты жұмысты қолға алыпсыңдар. Адалдықтарыңа сүйсіндім. Бір Алла қолдасын сендерді. Менің Мәдинаш қызым да қуанып жүр.
— Әке, біз ақ жолдан таймауға ант еттік. Халқымызға қызмет ету жолы бізді адастырмайды ғой деп ойладық. Әсіресе, қазір. Кім көрінген келіп байлығымызды алып кетіп жатыр. Неге олар әкетуі тиіс? Оларды осы атамекенінен қуған кім? Оның иесі біздер қашанғы бейшара бола береміз? Бабаларымыз ол байлық үшін жанын, қанын берді. Сіздер не көрмедіңіздер? Біздің көкемдердің көрген азаптарын қайда қоямыз? Біздің, әрине, әлі балалығымыз да бар. Бұл сауалдарға жауап беру бізге әлі де қиын. Бірақ мәңгі-бақи бала болып қалғандар да бар. Білімді болсақ дейміз. Ұлтымызды сүйіп, оны биікке сүйресек дейміз, — деп мен толғана сөйлеп кеткенімді сезбей де қалыппын. Мен емес өзге біреу сөйлеп тұрған сияқты. Мәдинаш бастап бәрі қол шапалақтап жібергенде бетім ду ете қалды.
— Концерт қойып жатырсыңдар ма? — деп көкем де келіп қалды. Екі ақсақалымызды ортаға алып біздер ұзақ отырдық. Мен бәрін де әңгімелеп бердім. Мәлика ханшайым туралы түсімді, оның сөздерін де, ескертулерін де айттым.
— Көке, сіз ханшайымның айтуы бойынша аралға кірмеуіңіз керек. Менің ойымша аналарға еріп барсаңыз сіздің өміріңізге зор қауіп бар. Олар сәтсіздікке ұшырауы тиіс. Ханшайым ол жөнінде айтпаса да солай ойлаймын, — дедім сөзімнің соңында.
— Тәуекелдің айтқаны дұрыс. Тек біз Аян аға мен Насыр молданың тыққан қаруын алып алайық. Кім білсін қауіп төнсе қорғануымыз керек шығар. — Бұл — Бақытжан.
— Біз де солай ойлаймыз. Қару артықтың етпейді, — деді Сәду мен Марат.
— Балалар, бұларың дұрыс, — деді көкем. — Бірақ аралға қалай кіресіңдер? Сендерде тайтері жоқ. Бар болғанның өзінде оны кім оқиды?
— Бір Аллам қолдаса мен және қызымыз екеуміз оқимыз, — деп Қасымхан аға орнынан тұрды. — Бақытжан балам әдемі, анық етіп түсіріпті. Бүгін күні бойы осы жазылған қасиетті дұғаларды оқумен отырмыз. Мен бұрын Аждаһа көл туралы көп аңыздар естуші едім. Басыма көп сауалдар келетін. Мұның не құпиясы бар? Адамдар неге жынданып өледі? Бұл қандай құдірет? Аждаһаларды оқпен, бүгінгі заманның қару-жарағымен адамдардың ала алмауы неліктен деп ойлайтынмын. Соның құпиясын осы дұғалар ашты. Бір Алланың құдіретті күші бұл. Басқыншылықтың құрбанына айналған құлдарына бір Аллам мейірім-шапағатын төккен. Мұны өзі ғұлама, өзі діндар, тіптен өзі әулие-көріпкел адам жүзеге асырған. Егер біз бабаларымыз қалдырған осы аманатты жүзеге асырсақ онда бақыттымыз. Біздің арамызда теріс ниетті адамдар болса қазіргіден бастап кетсін. Теріс, бұзық ниетті адамдар онда барса, өледі. Ал мен қолымнан келгеннің бәрін істеймін. Тіптен осы жолда өлуге де бармын.
Біраз уақыт үндемей қалдық. Мен момын ғана кісінің сөздеріне қатты риза болдым. Ханшайымның айтқанының дәл келгеніне таң қалдым. Көкем қолын көтеріп, сөз сөйлеуге ниеті барын білдірді.
— Қасымхан әкелерің өте дұрыс айтты. Мен сол аралға барып қайтқан адаммын. Бірақ Аллам менің жанымды алмады. Бабаларымның аманатын сендерге жеткізсін деп мені тірі қалдырған болуы керек деген ойға келіп отырмын. Әйтпесе, аралға барған із бар да қайтқан із жоқ. Ол жаққа барған адам тірі оралған емес. Адамдар ол аралдың тегін емес екенін, онда ғаламат байлық барын біледі. Білгеннен кейін отқа ұмтылған көбелек тәрізді сол аралдың құпиясын ашуға, ана көп байлықты иеленгісі келеді. Сөйтіп талай адамдар өмірден өтті. Ал аралдың кілті біздің ұрпақтың, яғни біздің бабамыз аманат етіп қалдырған алтын сандықшадағы тайтеріде жатыр. Ол аманатты жоғалтпай, ұрлатпай осы күнге жеткізгеніме қуаныштымын. Мен қазір өліп кетуге даярмын. Халық Құдай барына, бір құдіретті күштің барына, бізді бір тылсым күштің басқарып отырғанына сенбейді. Сенсе де толық сенбейді. Міне, мына құдіретті күштің таңғажайыбына қалай сенбессің. Әнеу жоғарыда халықты басқарып отырған адамдар осы құдіреттен, Құдайдан қорқу керек. Сонда ғана біздің елімізге әділеттілік келеді. Әділеттілік келді деген сөз мына жеріміздің байлығын, игілігін халық көреді деген сез. Әділеттілікпен бірге халқымыздың жаншылып жатқан рухы оралады. Бір Алланың құдірет күші емей немене әу баста әулие-көріпкел: «Аралдың құпиясын ашатын, бір байлықтың құлпын ашатын бір бала болады», — деп айтқаны дәлме-дәл келе жатқан жоқ па? Ол сөзді әулиеге бір Аллам айтқызып отыр. Енді менің айтпағым мен сексенге жақындадым. Жоқшылықты да, ауырлықты да, аштықты да мына басымнан өткізген адаммын. Маған байлықтың қажеті жоқ. Ол байлықтың қызығын сендер көрулерің тиіс. Тек сақ болыңдар. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деп бекер айтылмаған. Мына аралдағы көп байлықты аштық делік. Ертең ол байлықты не істейміз дегендерің дұрыс. Тапқаннан кейін де, меніңше, елге жария етпейміз. Себебі, ол байлық кім көрінгеннің қолында кетпесін. Біз соған басымызбен жауап береміз. Зерттейік, білікті, адал, таза адамдарды тартайық. Менің айтар пікірім осы, — деді көкем ұзақ-сонар сөйлей келіп.
— Дұрыс, дұрыс, — десті отряд мүшелері. Аждаһа көлге барудың жоспары жасалды. Ертең көкемдер кетеді. Артынша біз шығамыз. Көлдің жағасында отырып оқиға барысын бақылайтын болдық. Оның арғы күні ажал аралына біз де сапар шегеміз.
XXIII тарау
Өліктер келеді... Атылмаған тапанша
Дабыр-дұбыр дауыстан оянып кеттім. Айнала қап-қараңғы. Бақытжан ұйықтап жатыр. Терезеден қарап едім — сарайдың жарығы самаладай жанып тұр. Әне, алдымен Насыр молда шықты ақсаңдап. Одан кейін көкем мен Аян аға көрінді. Мен дереу залға қарай жүгірдім. Олардың әңгімесі сол жерден жақсы естіледі. Мәссаған, анаң қара! Аян ағаның қолында тапанша!
— Сен бәрін білесің. Бүгін кешке балаң екеуің қайда барып келдіңдер? Құран ұстап ант берген жоқсың ба? — деді Аян аға тапаншасын қолында ойнақшытып.
— Ант бергенім рас. Ол сырларды мен ешкімге айтқан жоқпын дедім ғой саған. Неге қайталай бересің? Кешке құрдасымның үйіне барып келдім. Мен тұтқындағы адам емеспін, жарқыным, — деп көкем де дес бермей жатыр.
— Ұраның қосымша кілті бар сенде. Балаң ұраға қалай кірді? Ол сандықшаны ашып, тайтеріні неге көрді? Балаңның аяқ киімінің ізі тайға басқан таңбадай болып жатқанын көрдің ғой?.. Көрдің. Ертеңгі операциямыз сәтсіз шықты бар ғой, өз қолыммен сені атамын. Маған білесің бе, алтын, алтын керек! Ол алтын тек менікі.
— Немене алтын бауырдан артық па? Және алтын сенікі емес, ол қазақ халқынікі! — деп көкем ызаланып, оның сөзін ортасынан бөліп жіберді.
— Еһе, міне, шын бейнең, шын сөзің енді шықты. Көрермін ертең қолыңа алтын тигенде қалай сайрағаныңды. Бауыр, бауыр деп қалыпты ғой. Ертең-ақ ұмытарсың бәрін. Алтын үшін мені таспен басыма бір перуден де тайынбайсыңдар. Білем, сендердің талайыңды көргенмін. Ал халық дейтін халық бар ма? Ол — жоқ. Қазақ деген халық баяғыда өлген, өшкен. Мынау халық па? Ха-ха-ха! Ол — тобыр. Тобыр еш уақытта халық болған емес. Ол да бір, құл да бір. Кәнеки, шындықтың бетіне тура қарайықшы. Кім кедей? Қазақ — кедей. Қай ұлттың жастары жұмыссыз қаңғып жүр? Қазақтың жастары. Жастар, әй, шал, болашағың емес пе? Болашағың осындай болса, әр жағың не болмақ? Халықтікі, халықтікі дейді ғой. Ондай халқыңа түкірдім. Оған мынау да жоқ ! — деп Аян аға долданып көкеме қолын шығарды.
— Қой, Аян, нең бар үлкен кісіде, мұсылманшылығың қайда? Сіз де қойыңыз. Ұят болады. Ертең үлкен жұмыс атқарайын деп отырмыз, — деп Насыр молда араша түспегенде көкем де таяғын көтеріп ұмтылып келе жатыр еді.
— Әй, Аян! — деді көкем дауыстай сөйлеп, — Құдайдан қорықпайды екенсің. Мына түріңмен ұзаққа бармайсың. Алтын-алтын деп жүргенде сүйегің жат жерде шіріп қалады-ау деп қорқамын. Өй, атаңа нәлет!
— Әй, шал, не деп тантып тұрсың? — деп Аян аға тапаншасын кезеп өңмеңдеп келе жатыр еді, Насыр молда жібермеді.
— Қой, қой, Аян! Сабырға кел!
— Тұра-тұр, шал! Ертең, ертең болсын сенімен ісім! Көкем кетіп қалды. Мен өз бөлмеме жүгірдім. «Не деген зұлым адам. Жүрмеген жері, көрмеген пәлесі жоқ болар. Жаңа көкемді атып жібере жаздады-ау», — деп күбірледім.
— Ол не айқай! — деп жатыр апам.
— Не жұмысың бар? Ұйықтай бер, — деді көкем. Мені неше түрлі ойлар мазалады. Ұйықтай алмай дөңбекшідім. Бақытжанды қарашы, рахаттанып ұйықтауын. Аян ағаның жаңағы айтқан әңгімелері қандай қорқынышты?.. «Өлгені, өткені несі? Біз ше? Ауыл ше? Қалаға барсаң қаптаған қазақтар. Қаңғыбасы несі? Құлы, тобыры несі?» Бәлкім, шындығы да бар шығар. Көкем жауап таба алмады білем. Бұрылып кетті ғой. Қатты ашуланды. Біздің ауылда күшті-күшті жігіттер көп еді. Солардың көбісі қалаға барып сіңіп кетті. Бәлкім, қаңғыбастар солар ма? Шетелде жүріп осының бәрін Аян аға қайдан біледі?
Өзен екен деймін. Жоқ, өзен емес, кеуіп қалған аңғары. Мен, көкем, Сәду жане Қасымхан ата әлдебір жаққа кетіп барамыз. Аяқ астымыз құм. Кәдімгі сусыма құм. Әзер жүріп келеміз.
Жан-жағымыз қалың ағаш. Ағаштар биік-биік. Аспанмен астасып жатыр. Алдымызда бізге қарай біреу жүгіріп келеді. Алғашқыда күкірттің шырпысындай болатын. Бері қарай жақындаған сайын үлкейе берді. Аян аға ғой. Ол кісі көз алдымызда тез-тез өсе бастады. Лезде дию ма, дәу ме, соған ұқсаған алып адамға айналды. Жоқ. Бір кинода көргенім есіме түсті. Ұмытпасам Кинг-Конг қой деймін. Аян ағаның бойы содан бір кем емес. Аяқтары жуан. Алып екі ағаштың діңі сияқты. Кенет Аян аға күле бастады.
— Ха-ха-ха! Ей, пенделер! Арттарыңа қараңдар. Өліктер келеді. Мәссаған, тірі адам сияқты. Бірақ өліктер! Қарадық. Бәріміз қарадық. Артымызда қарақұрым адамдар келеді. Шаштары жоқ. Кіл жалтыр бастар. Бастары төмен салбыраған. Түрлері қап-қара. Жоқ, көкпеңбек! Көздері үңірейген. Жалаңаш. Қабырғалары ырсиған. Іштері қабысқан. Бұттарында тор-тор труси. Бәрі біп-бірдей. Жалаңаяқ.
— Ей, шал! Қазақ халқы деп қақсайсың. Әне, қазағың. Бәрі өлген. Бәрі өшкен. Құр сүлдерлері келеді емес пе? Қарашы. Олар құлдар. Бұл өзен аңғары қандай өзен екенін білесің бе? Бұл сенің — Сырдарияң. Қаны кепкен Сырдария. Осы өзен аңғарымен ақырзаманға барасыңдар. Баратын жерлерің ақырзаман! Ақырзаман! Ха-ха-ха! Жан-жағымыздағы биік-биік ағаштар алып адамдарға айналып кетіпті. Олар да қарқ-қарқ күледі. Алақандарыммен құлағымды тарс бітеп алып алға қарай жүгіргім келді. Жүгіре алмаймын. Аяқтарым құмға батып кеткен. Батып барамын.
— Көке-е!
Басымды жастықтан жұлып алсам, түсім екен. Біреу жанымда отыр.
— Неге айқайлайсың? Аян аға! Шошып кеттім.
— Қорқып кеттің ғой. Әрине, қорқасың. Мен сені қорқытамын. Мына пистолетті көрдің бе?
Ол бағана мен көрген тапаншасын көрсетті. Өзі тістене сөйлейді. Ысылдаған жылан ба дерсің өзін.
— Мына пистолетпен қазір миыңды шағып аламын. Пистолеттің үні шықпайды. Жан керек болса, шыныңды айт. Ұраға неге кірдің? Қалай? Көкең көмектесті ме? — деп маған тапаншаның ұңғысын бұрды. Қалай қорқынышты! Жаным мұрнымның ұшына келгендей. Адам деген осылай өле салады екен-ау?!
— Бол! Бол! Менің уақытым жоқ. — Тапаншаның ұңғысы жақындап келеді. Міне, қызық! Жанымды алғыш әзірейіл тапанша жақындаған сайын қорқынышым да сейіле бастағандай. Бір ғаламат батылдың пайда болды.
— Сізден мен қорықпаймын. Мына пистолетіңізден де сескенбеймін. Немене шошаңдата бересіз? — деп тіптен қарсы сөз айттым. Аян аға басын шайқады.
— Қарай гөр батырын. Мә, ендеше!
— Ол қолын сілтей беріп еді, қос қолдап оның жұдырығын ұстай алдым да, тырнағымды батырып жібердім. Қатты ызаландым. Оның үстіне самбомен бір жылдай босқа айналысқан жоқпын ғой.
— Жібер! Жібер деймін, бөлтірік неме! Егер жібермесең шүріппені басамын, — деп екінші қолымен тапаншасын маңдайыма кезеді. Мен жібере салдым. Оның үстіне оның жұдырығы гүрзідей жуан әрі қатты екен. Осы кезде таяғын тықылдата басып көкем келіп қалды.
— Балада нең бар, Аян? Мен қазір полиция шақырамын. Бүкіл ауылды көтеремін, — деді көкем оны қорқытып. Бақытжан да ұшып тұрды.
— Не болды, Тәуке? Кім тиісіп жатыр? — деді ол қоқилана айқайлап.
— Мен бәрібір шындықтың түбіне жетуге тырысамын. Маған сендер ештеңе жасай алмайсыңдар. Өңшең ақымақтар!
Тапаншасын шыр айналдырды да, еденді дүңк-дүңк басып Аян-дию залға кіріп кетті.
XXIV тарау
Мұздай қаруланған капитан. Жорыққа дайындық
Бақытжан екеуміз ерте тұрдық. Әдетімізше бір-бір сапар кесе қою қатықты тартып алдық. Тәттісін-ай! Күні бойы қарның ашпайды. Кешегі келісім бойынша Мәдинаштың үйіне жиналамыз. Мәдинашты күнде көргім келіп тұрады. Неге екенін білмеймін, жүрегім лүп-лүп етіп тұр. Жеткенше асығып келемін. Мәлика ханшайымға ұқсайды. Қаншама ғасырлар өтсе де не деген ұқсастың, не деген жалғастық десеңші! Сонда мен Қазанғап бабама ұқсаймын ба? Әйтеуір, бір жерім ұқсайтын болар. Бұл ойыма өзімше масаттанып қалдым. Тезірек жігіт болсам, Мәдинашты алыстарға алып кетсем. Шіркін, кемемен мұхиттарды жүзсек. Мұхиттың көз жетпес айдынына қолтықтаса қарап тұрған өзім мен Мәдинашты көріп келе жатқандаймын...
— Әй, Төуке! Тәуке деймін! Саған не болған? Құлағың керең болып қалған жоқ па? — деп Бақытжан иығымнан түртіп, маған үңіле қарап тұр.
— А! А! — деймін мен алақтап.
— Е-ей, ойшылым-ай! Бағаналы бері әңгіме айтып келемін. Ал сен болсаң...
— Не дедің маған? Кешір, ойға түсіп кетіппін.
— Ертеңгі жорығымызға фотоаппарат апарамыз ба?
— Әрине, апарамыз. Түсіретін аппарат ешкімнен табылмай ма? — дедім мен тез есімді жинап алып.
— Табамыз. Нағашы ағамнан сұрап көремін. Әне-е, Сәду мен Марат келе жатыр. Екеуі көңілді ғой, жүдә.
— Екеуінің көңілді келе жатқаны түнгі тапсырманы ойдағыдай орындапты.
— Ауыр екен. Арба апарғанымыз жақсы болды. Айтпақшы, түнде масқара бола жаздадық. Алыстан полиция жігітті көріп қалдық. Әзер дегенде тығылып үлгердік, — деді Марат әдетінше екі иығын қозғалақтатып. Жұдырықтарымен ауаны осып-осып алды. Боксқа құмар өзі.
— Құдай сақтады бізді. Әйтпесе, үш тапанша, екі автомат бар. Және автоматқа ұқсас, бірақ одан кішілеу қос қару да жәшікте жатыр. Оқтар, патрондар, үш-төрт гранат... ой құритын едік. Шынында да Құдай сақтады. Мұның бәрін Аждаһа көлге апармаймыз ғой. Жолға не аламыз, капитан мырза? — деді Сәду қуақыланып.
— Өзің не ойлайсың, сайыпқыран нояным? — деп қарсы сауал қойдым. Сәду сасып қалды.
— Мен... мен айтсам. Капитан мырза, мына нояндар бір-бір пистолет алса. Ал капитанға автомат лайықты ғой деймін.
— Автоматты Марат ноянға тапсырамын. Капитан пистолетпен қаруланады. Кәне, аяқтарыңды нық-нық басыңдар! Бір-екі! Бір-екі-үш! — Үш ноян мен капитанның аяқтарының астынан шаң бұрқ-бұрқ етті.
Мәдинаш гүл суғарып жүр екен. Бізді көріп қуанып кетті. Мәдинаш бәрімізге қолын ұсынды. Ақша жүзі алқызыл нұрға бөленіпті. Осы сәтте қора жақтан Қасымхан ағаның даусы шықты.
— О-о, батырлар келіп қапты ғой.
Біз жамырай сәлемдестік. Бүгін біз Қасымхан ағаның ақылымен үлкен жорық алдында Құдай жолына бір қой соймақшымыз. Әруақтарға бағышталып, Құран оқылады. Бізде сондай дәстүр қалыптасқан, бәріміз Қасымхан ағаның жанына жиналдық. Жорық алдында ол кісі ақыл кеңесін айтпақшы.
— Түнімен ұйықтамадым. Тайтерідегі дұғаларды оқыдым. Барлық жағдайымен сырттай таныстым. Аждаһадан өткеннен кейін де тасты жарып шыққан алып ағашты айналып өтесің. Одан кейін үңгір басталады. Бұл төрт сатыдан құралады. Бірде биікке шығасың, бірде төменге түсесің. Бір жерде тіптен ыстық сулы қазандық та бар. Соған шомыламыз. Әр кедергіден өту алдында дұға оқылады. Бір саңылаудан еңбектеп өтесіңдер. Егер ниетің жаман болса, тас қысып тастайды. Әрі қарай өте алмайсың. Содан ең соңында тас сарайға кіреміз. Ол жерде бабаларымыз қалдырған қазына бар. Сендердің бәрің аралға барарда дәрет алуларың тиіс. Өздеріңді салқынқанды, сабырлы ұстаңдар. Жаман сөз айтылмасын. Өйткені, бұл жер — қасиетті жер. Алтыны алынып, бәрі тазартылған соң бұл өңір бір Аллаға табынатын, күнәдан тазартатын, адам тәніне, жанына шипа болатын мешіт тәрізді қасиетті орынға айналуы тиіс. Қазынаның бір бөлігі осы қасиетті орынның жарақталуына жұмсалады. Себебі, жаңағы айтқанымыздай бұл қасиетті жерде адамның небір ауруларына ем болатын шөптер, шипа су, басқа да нәрселер бар. Тәуекел балам, айтпақшы, біздің ауылдың жанындағы қасиетті төбеге Мәлика ханшайымның аманатын орындап, үлкен ескерткіш орнатамыз. Аждаһа көлге баратын адамдар ең алдымен осы төбеге шығады, әруақтарға Құран бағыштайды, бабаларымызға тауап етеді. Содан кейін ғана барып Аждаһа көлге бет алады. Екеуінің арасы қырық шақырымдай. Бәлкім, кейін асфальт салдырармыз. Содан кейін бір айтатын нәрсе жағадан аралға дейін жол болған. Кейін пенделері маза бермегеннен кейін ол жол бір түнде жойылып кеткен. Сол жолдың сілемі жатқан болуы тиіс. Соны қайта жаңғыртамыз. Міне, мына тайтеріге салған картаны қараңдаршы. Жол бар. Әрине, олардың бәрі болашақтың жұмысы, — деп Қасымхан аға әңгімесін аяқтады.
Біз осы әңгімені аузымызды ашып тыңдап қалыппыз. Ғажайып бір ертегі әлеміне кіріп кеткендейміз. Біраз үнсіздік орнады. Осы әдемі үнсіздікті Марат бұзды.
— Ата, аралға баратын ол жолды мен білемін. Көлге шомылған кезде сол жолмен жүріп аралға жақындап барып қайтатынмын.
Аралға баруға қорқатынмын. Кейде арал жақтан гүрілдеген дауыс шығады. Содан кейін түнде аралға қарап отырсаң бес минуттай аспаннан сәуле түседі, тау жарқырап жанады. Алтын тау тәрізді. Мен оны бірнеше рет байқадым. Бүгін түнде ол көріністі тамашалауға болады. Қорқынышты тағы бір нәрсе түнде әлдекімдер шомылып жатқан сияқты су шолпылдап жатады.
— Жаңағы сен айтқан жол судың бетіне жақын ба? — деді Бақытжан сөзді бөліп.
— Айттым ғой, оның үстінен жүрсең су тізеден ғана келеді, — деді Марат.
— Қалай ғажап-ә! — деді Мәдина таңданып.
— Бұл аралды ел «Алтын тау» деп атайды. Ол атауға енді түсіндім. Аспаннан сәуле түссе онда шынында да бұл қасиетті тау. Ол сәуле Алланың нұры болар. Ал батырларым, бүгін кешке жол жүреміз. Қойымыз дайын тұр. Құдайы жолына, бәлкім, ірі қара немесе жылқы да атауға тиіс едік. Оған шама жоқ. Кейін байысақ көре жатармыз. Ендігі шаруа қараңғы түскеннен кейін ат арбамен қойды қасиетті төбеге апарамыз. Сол жерде шаламыз. Дабырламай, өте сақ қимылдауымыз қажет. Дұрыс па, Тәуекел, бұным? — деп Қасымхан аға маған қарады.
— Дұрыс, ата. Сізбен ақылдасатын бір шаруамыз бізде автомат, пистолет тәрізді қарулар бар. Сақтық үшін оларды аламыз ба?
— Сақтық үшін алуға болады. Бірақ байқаңдар. Кешке жүреміз. Қойдың етін ертең үйдегі апаларың ауылға таратып береді. Біз Шарқала төбесінде отырып, бабаларға бағыштап Құран оқимыз. Сөйтіп жолға шығамыз. Бір Алла жар болсын бізге, әумин!
— Әумин! — дестік біз де бетімізді сипап...
XXV тарау
Аян ағаны неге «Қаба сақал» деп атадым? Көпір
Шолғыншылар Сәду мен Марат кешкі онға таман келіп жетті. Өздері ентігіп кеткен. — Олар жаңа ғана үш атпен шығып кетті. Шығар алдында Аян аға қатты ашуланды: «Бұл ауыл шетінен баукеспе. Қай жерге тықсаң да тауып алатын не пәлесі бар? Ә-әй, қорқамын. Бізді аңдушы бар. Ол кім? Әй, шал, сен емессің бе, бәрін айтып жүрген? Сен! Тек қана сен!» деп айқайлап жіберді. Көкем үндеген жоқ. Аян аға жынданып кете жаздады. Нұрғали көкемді иығынан жұлқып жіберді. «Үндемейсің-а! Шындықты бәріміз білеміз. Сол кезде Құдай алдында да, адам алдында да сен жауап бересің. Білесің бе, осыны, ей, шал!» деген кезде Нұрғали көкем де шыдамады білем: «Әй, антұрған! Сен қайда тұрғаныңды біліп қой. Шаңыраққа қара! Мен сенің ағаңмын. Қазақта іні ағаға ешқашан қол көтермеген. Әнеу, ағасын сабаған Қаңтарбайға не болды білесің бе? Қартайған шағында ол қураған ағаштай жалғыз қалды. Сен мына мінезіңмен алысқа бармассың. Енді маған айқайлайтын болсаң мен бармаймын. Маған алтынның бес тиынға қажеті жоқ. Төрімнен көрім жақын адаммын», — деді де теріс айналды, — деді Сәду тез-тез сөйлеп.
— Ендеше біз бір сағаттан кейін шығалық. Өйткені, ат арба-мен олардан шабандау жүреміз. Қалай, Тәуекелжан, осы ойым дұрыс па? — деді Қасымхан ата маған қарап.
— Дұрыс. Мәдина, Марат, Бақытжан және сіз арбаға отырасыз. Сәду екеуміз екі атпен сәл алда жүріп отыралық. «Сақтықта қорлық жоқ» дегенім ғой.
Осы кезде үйден Бұлбұл апаның айқайы естілді.
— Неғып жүрсіңдер? Жатпайсыңдар ма? Балалармен бала болып саған не жоқ, шал-ау?
Бұлбұл — Мәдинаның анасы.
— Е-е, бұл енді қоймайды. Екі күн үйде жоқ болсаң, ертең ол бүкіл ауылды шулатады. Сондықтан көрші ауылға екі-үш күнге кеттім деп айтайын. Мәдина, сені де алып кетемін дейін. Қасымхан аға мен Мәдина үйге кірді. Біз жолға қажетті керек-жарақты дайындауға кірістік. Сәду мен Марат екі атты ерттеп әкелуге жөнелді...
Түн. Бүгін күн желкемік. Аспанды бұлт торлап тұр. Ыржия күлген табақтай ай бізді мазақтағандай бір жылт етіп анда-санда көрінеді. Резеңке дөңгелекті ат арба мен екі салт атты болып ауылдан шыққанымызға біршама уақыт. Жол ағараңдап көрінеді. Жолды жақсы білетін Сәду алда, мен артта. Бізден екі жүз метрдей артта Қасымхан аталар келеді. Алда қырық шақырымдай жол бар. Ауылдың сыртындағы қыстаудың жанынан өтіп бара жатқанда байғыз шақырды. Даусы соншама қорқынышты болар ма?!
— Бейшара қызды әкесі неге сонша қарғады екен-а? — деді Сәду аянышты дауыспен.
— «Әке қарғысы оқ» деген рас болар. Менің естуімше, бұл байдың қызы дейді ғой. Ол кездері қыз билігі әке-шешеде екен. Сүю-күю деген болмаған. Қызды атастырып қояды да, кейін уақыты жеткенде жігіт жағы қалың мал төлейді. Қалың мал төлегеннен кейін қыз сол жігіттікі болып есептелінеді. Ешқандай жігіт ол қызға сөз айтуы тиіс емес. Қыз да сезімін тежеп, басқа жігітке қарамайды. Егер де басқа біреулер оған қарамай алып қашатын болса, онда жігіт жағы жесірін даулайды. Кейде мұның арты соғыс болып, кісі өліміне дейін барады. Еһе, мылжыңдап кеттім білем. Мына қыз бір жігітті сүйеді. Оған әкесі риза болмайды. Қыз әкесінің қарсылығына қарамай қашып кетеді. Әкесі өте бай кісі екен. Жігіттерін жіберіп, қызды қайта әкеледі. Әкесі қызын қарғайды. Қызы құсқа айналып кетеді. Халық ол құсты «Бай қызы» деп атайды. Кейін байғыз деп өзгереді. Бұл құс көбінесе ескі иесіз қыстауларды қоныс етеді, — деп мен біраз әңгіме өрбіттім.
— Аянышты тағдыр... Мен бір жағынан бұл құстан қорқамын, бір жағынан аяймын. Ол кезде шынында да қызға қатал қараған-ә? Тәуке, байғыз үстіңнен ұшып өтсе бүкір болып қаласың деген сөз рас па?
— Рас, үлкендер солай айтады. Айтпақшы, Сәду, «Біз» отрядының жігіттері көрінбей кеті. Олар бізді аңдып жүрген жоқ па?
— Кім білсін? Бірақ Аян аға әнеукүні оларды көпірдің жанынан ұстағанда қатаң ескерткен: «Егер сендер бізді аңдуларыңды қоймасаңдар сендерді отбастарыңмен қырып тастаймыз», — деген. Меніңше, олар қорқақ жігіттер. Қайта бас көтермейді.
— Жәрәйді, ендеше. Арбаның салдырынан байқап келемін. Олар жақындап қалды. Жүрісімізді тездетейік. Үшке дейін қайткенде де сонда болуымыз тиіс...
Сәду алда. Оның мінгені — күрең торы. Менің астымдағы — Ақжал. Бақытжанның тұлпары. Біраз желіп-желіп алдық. Енді бірсыдырғы аяңдап келеміз. Аспан бұлтты. Бағана ауылдан шығарда тырс-тырс тамшылар тамды да, қайта қоя салды. Жаңбыр жауса жол лайсаң болып жүру қиындайды. Сырдың сазы желімше жабысады. Екеуіміз де үнсізбіз. Неше түрлі ойлар мазалайды. Қатты толқып келемін. Қорқамын да бір жағынан. Міне, көптен күткен жорық үстіндеміз. Мәлика ханшайымның түсімде айтқан сөзі дәл келсе екен. Алтын тау аралына баруды ол кісі неге екінші күнге қалдырды? Жалпы түске сенуге бола ма?
Кешегі түсім қалай қорқынышты? Қаба сақалдың күлкісін-ай! Бұл түс нені меңзейді сонда? Бәлкім, осы жорығымыздың күлі көкке ұшатынын меңзегені ме? Түу, аузым қандай жаман еді! Көкем айтушы еді ғой: «Қандай түс көр мейлі, оны жақсылыққа жору керек», — деп көкем туралы ойлап кеттім. Ана қаба сақал жазым етпесе болғаны деп уайымға берілдім. Осы сәт Сәдудің жіңішке даусы мені селк еткізді.
— Тәуке, ұйықтап кеткен жоқсың ба? Атыңды қамшыла! Арт жақтан арбаның даңғырлағаны естіледі. Алда сәл жүрсек көпір бар. Тар көпір. Дария суы азайғанымен бізді жұтып жіберуге шамасы жетеді, — деп ол өзінше әзілдеп күлгенсіді.
— Қой, өйтіп әзілдеме. Мен де тура жаңа түсімді жаманға жорыдым. Бірақ өзімді ұрсып-ұрсып алдым. Сенде өзіңе-өзің ұрыс.
— Тәуке, сен дұрыс айтасың. Әй, Сәду оңбаған! Көзің көкшиіп, қай-қайдағыны айтасың.
Дария баяу ағып жатыр. Кей-кейде суды шолпылдатып балықтар ойнайды. Маса мұнда қалың. Ызылдап бізге лап берді. Ені бір мәшине сиятындай бұл көпір ертеректе салыныпты. Ескі көпір. Жолы ойқыш-ойқыш. Қап-қараңғы түнде өтіп бара жатқаннан кейін бе, кеудемді қорқыныш кеуледі. Су перісі шыға келіп, аттан жұлып алатындай бейне. Дарияның осы жерінің арнасы тар. Соғыс кезінде астықты батысқа күні-түні осы көпірден таситын болған. Үлкен көпір салынғаннан кейін қараусыз қалыпты.
Міне, дарияның арғы бетіндеміз. Сәду екеуміз аттан түсіп, жағалауға бет алдық. Аттарды суғарып алайық деп ойлағанбыз. Едәуір ұзап кеткенбіз бе, біразға дейін арбадағылар көпірге түспеді. Әне біз күткен салдыр-гүлдір еткен арбаның дыбысы да естілді. Олар да аман-есен өтті. Жолдың тура жартысы қалды. Енді бір жортсақ, жетіп қаламыз. Марат күреңге ауысып мінді. Өйткені, бұл жақтағы жолды ол жақсы біледі...
ХХVІ тарау
Көл жағалап жүгірген құбыжық адам. Көкемнің әңгімесі
— Көлге жарты шақырымдай қалдық. Не істейміз? — деді Марат.
— Қасымхан аталарды күтейік. Көп ұзамай олар да келді.
— Ата, аздап жақындайық. Содан кейін Маратты көлге жіберейік. Мақұл ма? — дедім мен.
— Мақұл. Маратжан, өте сақ бол! Сенен күдіктенбейді. Нұрекеңнен жағдайдың бәрін біліп, тез қайта орал. Марат жаяу кетті. Біз аттан түсіп, жиде ағаштары қалың өскен жерге келіп заттарымызды түсірдік. Бұл жерден күндіз ешкім көрмейді. Және жиде ағаштарының арасы көлеңке. Күн ыстықта демалуға ыңғайлы. Біз заттарды Мәдинаға береміз. Ол жайғастырып жатыр.
Маратты көп күттік. Осындай жауапты кезеңде уақыт та өтпейді екен. Ура, әне Марат келеді! Бәріміз Маратты қоршап алдық.
— Олар менің әкемнен барып қайық алыпты. Жаңа ғана Насыр молда екеуі аралға аттанып кеткен. Көкеме «Сен де жүресің!» депті қаба сақал. «Мен осы жерден күтейін. Аттарды қарайын. Бұл жақта ұры көп» деп әзер құтылыпты ол кісі. Көкем: «Заттарыңды, аттарыңды сонда тастап, мұнда келіңдер», — деді.
Міне, атақты «Аждаһа» көлі. Әлденеге ашулы. Толқындары жағаны соққылап, мазасызданып жатыр. Әлде біздің келгенімізді жақтырмады ма? Көкем көлдің құрақты жағасына төсеніш, көрпеше төсеп тастапты.
— Отырыңдар, балаларым. Қасеке, бір Құран оқып жіберсеңіз. Меніңше, бұл қасиетті арал, — деді көкем бізге орын көрсетіп. Біз тізе бүктік. Қоңыр үнімен мақамдап оқыған Қасымхан атаның даусы зорайып естіледі. Асықпай ұзақ оқыды.
— Әумин!
— Қосарлана шыққан жуанды-жіңішкелі дауыстар маған жігер бергендей болды. Бағаналы бергі толқығаным, қорыққаным бір сәтке шегініп кеткендей. Алайда әлдебір ғаламат оқиғаны күткендей көңілде алаңызу сезімі бар. Елеңдеп отырмыз.
— Жарты ғасыр бұрын үш жігіт тура осындай жазғы уақытта көлдің жағасына келіп тізе бүгіп едік, — деді көкем әңгімесін бастап. — Қарап отырғанша сол оқиғаны сендерге айтып берейін. Марқұм Әлігер деген жігіт Құран оқыды. Күшіміз бойымызға сыймай жүрген шағымыз. «Адамдар жынданып өледі, Аждаһасы адамды жұтады, сиқырлы арал екен» деген әңгімелерге сенген жоқпыз. «Оның бәрі өтірік. Қазір аждаһа деген жоқ. Болса мына дойыр қамшымызбен қақ бастан бір-ақ переміз», — деп бөстік. Аралдан алтын әкеліп, байығымыз келді. Содан не керек, үшеуміз бір қайыққа мініп, аралға жүзе жөнелдік. Күндіз. Жайма-шуақ. Жағаға қайығымызды байлап тастадық.
Бірінші келуіміз. Құдай тағаланың құдіреті ғой. Шөлдің ортасында көл. Көлдің ортасында тау. Жағадан қарағанда өздеріңіз байқаған шығарсыздар, тау сағымға оранып дұрыс көрінбейді. Ал аралдың жағасына аяғымыз тигенде Алтын таудың сұлулығына таң қалдық. Сұлу қызды көргендей тіліміз байланып, бір сәт тұрдық. Күрегейлей қоршаған көкшіл тау. Ортасында қыздың емшегіндей тағы бір шықтау. Неше түрлі құстар сайрайды. Шөптің неше атасы бар. Хош иіс. Біз неде болса да әлгі ортадағы шықтауға қарай жүрдік. Үш жүз-төрт жүз қадам жүрген соң жіңішке жол бар екен. Неде болса да деп сол білте жолмен төмен түстік. Білте жолмен келе жатқанда зәреміз ұшты. Төмен қарасақ басың айналады. Құз. Ар жағы көрінбейді. Құласаң бітті — сүйегіңді таба алмайсың. Жарты шақырымдай ма, әлде одан да көп пе, әйтеуір, біраз жүрдік. Ешқандай аждаһа көрінбеді. Қалт-құлт басып төменде жатқан жайпауыт алаңға қалай жеткенімізді білмедік. Неге екенін білмедік, шаршап қалдық. Құз бітіп, қалың ағаш өскен тоғайға жеттік. Ара-арасында алып ағаштар бар. Сылдырлап бұлақ ағып жатыр. Ал бұл жердің сұлулығына тіл жетпейді. Жан-жағыңнан биік таулар қоршап тұр. Аспан төбемізде жарым жартылай ғана көрінеді. Көгал. Сол көгалға үшеуміз аунай-аунай кеттік. Біреулер қарап тұрғандай әсердеміз. Неде болса да әрі қарай жүрейік деп шештік. Тағы да жалғызаяқ жол. Бұлақтан су ішіп алдық. Суы тап-тастай. Төбемізге бір-ақ шықты. Өмірі ондай мұздай су ішіп көрмеппіз. Су ішкен бұлағымызбен жағалап ішке қарай жүрдік. Биік шыңға жақындадық. Сонау биіктен үңгір көрдік. Үңгірдің аузында тасты жарып әдемі ағаш өсіп тұр. Сізге өтірік, маған шын тастан су ағып тұр. Жиналған суында әдемі балықтар жүзіп жүр. Тағы бір таңғажайып, жоғарыдағы үңгірге шығар тұста тастан баспалдақ жасалған. Сол баспалдақ арқылы жоғарыға өрлейтінімізді ұқтық.
Жақындап едік, жақпар тастан екі басты айдаһардың мүсіні бізге қарап тұр. Аждаһаның әректей ашылған аузынан су бұрқырап ағады. «Бұл аждаһаларды қайдан көрдім?» деген сол кезде сауал пайда болған менде. Кейін бағамдасам, ол тайтерідегі сурет екен. Аждаһалардың аржағындағы тасқа әдемі сұлу қыздың бейнесі қашалып салынған. Басында тәжі бар. Маған бала кезімде оны Жүсіп атам көрсетіпті. Қорқынышым басылды. Ақылдастық та, әлгі тас баспалдақтармен шығып үңгірге кіруге бет алдық. Ал үңгірге кіру үшін алып айдаһардың ұзын имек мойнының астынан өтуің тиіс. Өйткені, жан-жағы биік құлама тау. Міне, баспалдақпен енді жоғары шығамыз дегенде ғаламат оқиға басталды! Алдымен жан шошырлық гүрілдеген дауыс шықты. Аждаһаның даусы! Содан кейін әлгі тас аждаһамыз тірі аждаһаға айналды да, ауыздарынан су емес от лапылдады. Соңынан мен келе жатқанмын. Әлішер мен Сағындықтың өкіріп, менің үстіме құлағанын білемін. Өзім де құлап түстім. Тау азан-қазан жынданып кетті. Жан-жағым әлем-тапырық. Бір қараңғы, бір жарық. Ана екеуіне көзім түсіп кетті. Аузы-бастары күйген. Киімдерінің қайда кеткенін білмеймін, тыржалаңаш. Үсті-бастарынан қан ағып тұр. Менен бұрын тұрып, шығар ауызға безіп барады. Мен де қаштым. Алдымдағы екеу бағанағы келген жалғызаяқ жолмен біраз жүгіргендей болды да, содан шыңғырып құзға қарай құлады. Мен әлгі жалғызаяқ жолдан қалай өткенімді білмеймін. Бір сұлу қыздардың арасында жүргендей болдым. Енді бір есімді жисам қайықтың үстінде жатырмын. Төрт-бес үстері жүн-жүн, маймылға ұқсаған адамдар қайықты итеріп келеді. Әлгілер маған ыржың-ыржың етеді. Мен де күлемін. Олар мені көтеріп жағаға лақтырып жіберді. Бағанағы сұлу қыздар қоршап алды. Билейміз бе, күлеміз бе білмеймін. Кейін көкемдер мені көлдің жағасында ыржың-ыржың күліп жүгіріп жүрген жерімнен ұстапты. Байлап-матап ауылға әкеліпті. Ана екеуінің денелерін кейін көлдің жағасынан тауыпты. Олар жағаға қалай шықты? Түсінбеймін. Өйткені, олардың құзға қарай құлағанын өз көзіммен көрдім ғой. Әлде құздың түбіндегі ағын су әкелді ме көлге? Ол осы күнге дейін жұмбақ. Мені бір күшті бақсы емдеді. Одан кейін көлдің жағасына келгенім болмаса, аралға аттап басқан пенде емеспін. Бірақ менен кейін де талайлардың аралға барып, Әлішер мен Сағындық тәрізді жағаға өлі денелері шыққанын еститінмін. Бес қарумен барған Кеңес одағының солдаттары да тірі оралған жоқ. Тірі оралған жалғыз мен тәріздімін.
Көкемнің әңгімесі мынадай бұлтты қараңғы түнде тіптен қорқынышты әсер қалдырды. Бәріміз дірілдеп отырмыз.
— Қорықпаңдар. Қорқытайын деп айтқан жоқпын. Бәрін білсін деп айтып отырмын. Сағаттарың қанша болды, балаларым? — деді көкем жайбарақат насыбай атып отырып.
— Сағат бестен кетті, — деді Мәдина.
— Көке! — деді Марат оқыс дауыстап, — Арал жақтан гүрілдеген дауыс шығып жатыр!
Бәріміз құлақ түре қалдық. Көлдің шуылынан басқа шынында да бір гүрілдеген дауыс шығып жатқандай:
— Иә! Иә! Сол дауыс! Аждаһаның дауысы!
Көкем ұшып тұрды. Қорқынышты дауыс тез басылды.
— Оларды да қабылдамады. Мәлика ханшайымның айтқаны дәл келді, — деді көкем. — Қасеке! Жігіттер, ендігі үміт сендерде. Бір Аллаға сыйынып кешке қозғаламыз. Сондықтан қазір барып демалайық. Қарауыл қойыңдар. Аттарды қалың жиденің ішіне апарыңдар. Аналарды іздеп вертолет келуі мүмкін.
Біз кейін қарай жүрдік. Бағанағы тоқтаған жерімізге келдік. Таң сібірлеп атып келе жатты. Әркім әр жерге ұйықтауға бейімделді. Мен қарауылға тұрғым келіп еді, көкем: «Өзім тұрамын», — деді. Көзім ілініп кетіпті.
- Оян, оян, балам! — Көкем иығымнан қозғап оятып тұр. Гүрілдеген дыбыс шығады. Қасымхан аға да оянған. Таң атып кетіпті. Жап-жарық. Аждаһа көлдің үстінен инеліктей болып вертолет ұшып жүр.
- Көрінбеңдер. Ағаштың түбіне қарай жасырыныңдар! — деді көкем. Вертолет ұзақ айналды. Салют атылмады. Яғни, белгі жоқ. Ақыры үмітін үзді-ау, әлгі вертолет көкжиекке сіңіп жоқ болды. Біз піскен етті нанға қосып соғып алдық та, көл жағасына қарай қозғалдық.
- Әнең қара! Әнең қара! — деген Сәдудің жан айқайы естілді.
- О не? О не? — деп қалдық біз. Көл жағалап біреу келеді. Қалт-құлт етіп әзер жүреді өзі.
- Бұл кім?
- Біз жақындағанда бір құбыжық адамды көрдік. Үсті-басы жалба-жұлба, қан-қан. Бет аузынан түк жоқ. Біз жақындаған сайын ол шегіншектей берді. Көздері таныс. Бірақ үрейге толы. Мәдина теріс бұрылды. Біз де қорқып тұрмыз. Бір кезде әлгі адам өзінен өзі сақ-сақ күле бастады. Күлкісі қандай жаман!
- Мынау, Аян ғой, Аян! — деді көкем таңданып. Даусынан оны мен де таныдым. Сақалы қап-қара. Күйген. Көкем Аян ағаға қарсы жүрді.
- Әй, бері кел! Бері кел!
Анау күлкісін тиып шегіншектей берді. Шегіне берем дегенде аяқтары шалынысып шалқасынан түсті. Тұрайын деп еді, тұра алмады. Көкем жанына барып, бетіне үңілді. Мәдинадан басқамыз Аян ағаның қасына жиналдық. Ақыл-есі түзелді ме, адам сияқты сөйлей бастады.
— Әй, шал! Сен мені кешір. Мен сенің інің емеспін. Ініңе ұқсайтын адам ғанамын. Сенің ініңді өлтірген менмін. Өлтіріп тайтеріні алдым. Алдап бар сырын айтқызғанмын. Ініңнің сүйегі Иранда жатыр. Менің ойым мол қазынаны иелену еді. Өзіңді де өлтіргім келген. Бірақ ойым жүзеге аспады. Теріс пиғылды адамды мұнда кіргізбейді екен. Енді өзің ие бол. Тайтері аралда қалды. Сол жерден табарсың. Менің бала-шағам бар. Олар Вашингтонда тұрады. Кездесе қалса, сәлем айтарсың. Әдіресі дипломатттың ішінде. Ол да аралда. Сен мені кешіре алсаң, кешір. Сен, шал, байқа! Әлі де менің көкжал достарым көп. Алтын іздеп осында тіміскілеп келуі әбден мүмкін, — деді де оның түрі қайтадан бұзыла бастады. Көздерінде үрей тұнып тұр. Жерді қолдарымен тырмалай бастады.
— Сендер кімсіңдер? Кетіңдер! Кетіңдер, құбыжыңтар! А-а-а! Дауысынан көл жаңғырықты. Бір ғаламат күшпен ұшып тұрды. Мұнда қалт-құлт етіп әзер келген құбыжық адам, аяғы-аяғына тимей көл жағалап жүгіре жөнелді. Әп-сәтте көзден ғайып болды. Біз аңтарылып тұрып қалыппыз.
— И-ә-ә, мен қалай білмей қалдым-ә? Пиғылы жаман адам еді, жазасын алды. Менің бауырымды өлтірген жүзі қара осы екен-ау. Мен кешірермін. Бір Аллам кешірер ме оны? — Көкем толғана сөйлеп, басын шайқап, тұрып қалды...
XXVII тарау
Бұл соңғы жорығымыз ба? Ордалы жылан
Оқырман, жалыққан жоқсыз ба? Өмірді мен құпияға толы үлке-ен алтын сандыққа теңер едім. Ал сіз ше? Соңғы бір-екі айда мені есейткен талай таңғажайып оқиғалар өтіпті. Олармен бірге өмір теңізінде өсіп те, шынығып та келемін. Биыл он төртке толдым. Жігіт болғаным емес пе, көкем айтқан көкірегімдегі үшінші кезім де ашылғандай. Өмір барған сайын қызық болып барады. Кинолар мен кітаптардағыдай адам сенгісіз шытырман оқиғалардың ішіне гүмп етіп кіріп кеттім. Есіңде ме, оқырман, әу баста сіздерді екі жұмбақ адаммен таныстырғаным. Босқа таныстырмаппын. Сол екеу біздің ауылға сыртқы әлемнің біз білмейтін көп сырларын және ең бастысы тайтеріні алып келді.
Олар болмағанда Алтын тау аралына жорықты бастамас та едік. Қасиетті тайтерінің жартысы бүкіл әлемді кезіп келіп, ақыры өзінің атамекеніне оралды. Одан кейінгі оқиғаны жақсы білесіз. Аждаһа көлдің құмдауыт жағалауында жатқан менің ойымда не бар дейсіз ғой?! Кеше ғана «алтын-алтын» деп қақсап, сол байлық үшін ешкімді де аямайтын, енді бейшара құбыжық бейнеге айналған қаба сақалды ойлап отырмын. Көл жағалап қайда безіп кетті? Насыр молда қайда? Біздің ендігі тағдырымыз не болмақ? Әнеки, байқаған боларсыз, сауалдар әлі де жетерлік. Әзірге олардың жауабы да күңгірт. Менің қуанғаным, көкем дін аман болып шықты. Мәлика ханшайымның ескерткені қандай жақсы болды десеңші! Иә-ә, құпияның кілті әне-еу көк сағымға оранған сиқырлы дейсің бе, әлде жұмбақ арал ма, әйтеуір, небір сырға толы Алтын тауда жатыр. Оның бар сырын бір барып қайтқан көкемнің өзі де білмейді.
Бүгін соңғы жорығымызда (бәлкім, соңғы емес) ол сыр ашыла ма, белгісіз. Бірақ біздің дайындығымыз жаман емес. Марат, Сәду екеуі көлдің арғы бетіндегі үйінен екі қайық әкелді. Аралдың қашықтығы үш шақырымдай. Ал көлдің суы жып-жылы екен. Түске дейін суға түстік. Сәскеге жетпей күн ысып кетті. Қос ақсақалымыз бен Мәдинаш ұлы сәскеде аттарымыз тұрған жиде ағаштарының арасына кетті. Біз де көп ұзамай сонда жөнелдік. Келсек, олар иісін бұрқыратып тамақ пісіріп қойыпты. Ашқарақтана тамақ жеп алдық. Таза ауада жеген ас қандай сіңімді. Қасымхан аға шәй ішіп отырғанда өзінің ойын айтты:
— Ал, жігіттер! Көптен күткен тарихи сәт келді. Барлығына да дайын болуымыз тиіс. Өздеріңді өте сабырлы ұстаңдар. «Алтын сандық» деп аталатын жорығымыз сәтті болғай. Нұрекең екеуміз ақылдаса отырып, күн ысуы қайта бастаған шақта қозғалайық деп ұйғардық. Сағат бесте қайыққа отырайық. Әлі де оған төрт сағаттай уақыт бар. Аздап мызғып алыңдар, батырларым. Тәуекелжан, шамдарың, арқандарың дайын ба?
— Бәрі дайын, ата. Аттарымызды осында қалдырамыз ба?
— Әрине, солай. Жиденің ішінде болғаны дұрыс. Әрі көлеңке, әрі ешкім көрмейді.
Қатты ұйықтап кетіппін. Үзік-үзік беймаза бір түс көрдім. Насыр молда биік таудың басында отыр екен. Үстінде аппаң киімі бар. Біреу тауға жанталаса өрмелеп барады. Қолында қылыш. Онысы күнге шағылысып жарқ-жұрқ етеді. Насыр молданы өлтірмекші-ау, сірә. Мен де бір таудың биігінде бәрін бақылап, көріп отырмын.
— Насыр молда-а! — деп айқайладым, — Абай бол! Сені өлтірмекші-і!
Насыр молда мен жаққа жалт қарады. Ол баскесерді көрді де жалма-жан үлкен тасты алды да, төменге қарай жіберіп қалды. Жо-жоқ, үлгере алмады! Әлгі баскесер оған дейін қолындағы қылышын Насыр молдаға зымыратты. Әне, қылыш барып Насыр молданың дәл кеудесіне кірш ете қадалып, бойлай кірді. Насыр молданың:
— Аһ! — деуге ғана шамасы келді де, тасымен бірге төмен қарай құлады. Әлгі баскесер маған қарады да, жұдырығын түйді. Аян — қаба сақал. Таныдым. Кенет... ол қап-қара қүсқа айналды. Гүрілдеп қорқынышты дыбыс шығарып, әне маған қарай ұшып келеді. Екі көзінен от шашады. Тырнақтары ұзын. Мен қолыма іліккен таспен оны ұрмақшы боламын. Тасым айдалаға кетті. Үйдей үлкен қарақұс маған төніп, жақындап келеді. Өлдім ғой деп ойладым. Сол сәт ту сыртымнан ызыңдаған бір нәрсенің дауысын естідім. Жебе! Көзді ашып-жұмғанша әлгі жебе құстың дәл кеудесіне қадалды. «Кім бұл?» деп жалт қарасам дәу салт атты кісі тұр екен артымда. Басындағы дулыға мен үстіндегі сауыты жарқ-жұрқ етеді. Мені құтқарған бұл кім? Сөйткенше болған жоқ әлгі құс төмен қарай самолет тәрізді гүр-гүр етіп түтіні шұбатыла құлдилай жөнелді...
Оянып кеттім. Көкем мен Қасымхан ата Аждаһа көл жаққа қарап тұр. Шынында да гүр-гүр еткен дыбыс шығады.
— Аналарды іздеп қайта келген ғой. Алтынның буы жібереді дейсің бе? — дейді көкем.
Тікұшақ көлді қайта-қайта айналды. Алтын таудың дәл төбесіне түйіле төніп, көп тұрды.
Ештеңе таба алмады-ау, алып инелік сәлден соң көзден ғайып болды. Сағат төрт. Біз жинала бастадық. Мінеки, көлдің жағасында алқалай отырмыз. Қасымхан ата Құран оқыды, Алладан жәрдем тіледі. Бәріміз де толқып тұрмыз. Жорық басталды! Біз қос қайықпен Алтын тау аралына бет алдық.
Аралға аман-есен жеттік. Оның көгалына табанымыз тиді. Көкем алға түсті. Қайықтан заттарымызды тез-тез алдық та, көкемді алға салып, алдымызда жатқан жотаның биігіне бет алдық. Жарқ етіп шыға келген сұлу табиғатқа таң қалдым. Көкпеңбек биік тау көрініс берді. Жап-жасыл әлем. Салқын сабаты самал есті алдымыздан. Көк шалғын шөп. Неше түрлі құстар сайрайды. Шөптің биіктігі тура менің бойыммен бірдей.
Биік жотаға әрең шықтық. Көкем «тоқтайық» деп белгі берді. Қанша қунақ болғанымен кәрі адам ғой. Кәдімгідей ентігіп, шаршап қалыпты.
— Көке, шаршадыңыз ба? — деп орамалыммен көкемнің маңдайының терін сүрттім.
— Шаршасам шаршайын. Бабаларымыздың аманатын орындасам, сол кезде өліп кетсем де арманым жоқ.
— Оһо, қараңызшы, әне! Жан-жағын күрегейлей әсем де биік таулар қоршаған аңғардың сұлулығын сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Бәлкім, тауда тұрғандар мұндай көріністерді күнде тамашалайтын шығар. Ал дарияның жағалауында, шөлде өмір сүріп жатқан біз үшін бұл ғажайып көрініс. Бәріміз Алтын таудың сұлулығына арбалып қалғандай біразға дейін үнсіз тұрып қалдық. Кілем сияқты құлпырған көгалға жантайдық. Жан-жағын су қоршап жатқан Алтын тау бар жұмбағы мен құпиясын ішіне бүгіп, шалқайып жатысы мынау.
— Ендігі жоспар мынау, — деп бастады сөзін көкем, — әнеу шоқыны көріп тұрсыңдар ғой. Соның қамшылар жағынан жалғызаяқ жол басталады. Сол жол жетектеп төмендегі алаңға, үңгірге апарады. Бірақ ол жолмен жүру оңай емес. Бір адам ғана жүретін жол тар әрі оның оң жағында құз бар. Ең бастысы, қорықпаңдар. «Сақтықта қорлың жоқ» демей ме? Ұзын арқан алайық. Соны қазір шығарыңдар. Жүруге ыңғайлы болсын.
Арқанымыз дайын. Жігіттердің арқасында бір-бір рюкзак. Бір-екі сөмкеміз де бар. Қажет болады-ау деген заттардың бәрін алуға тырысқанбыз.
— Аян айтқан алтын сандықша үңгірдің аузында жатқан шығар. Қасеке, бата беріңіз. Содан кейін қозғалайық.
— Әмин! — Бет сипап, іштей Аллаға сыйындық.
Көкем тағы да жол бастады. Тырнадай тізіліп жотадан төмен түсіп барамыз. Төрт жүз қадам жүргеннен кейін шоқыға тірелдік. Ар жағы құз. Біз бір-бірімізге қарадық.
— Қорықпаңдар, батырларым! Еріңдер соңыма! Арқаннан ұстаңдар. Қасеке, сіз ең соңында жүресіз. — Көкемнің нық даусы мен күлімдеген жүзі бізге зор күш бергендей. Мен көкемнен кейін жалғызаяқ тас жолға түстім. Менің артымда Мәдина. Алғашқыда қорыққан едім. Жалғызаяқ жолмен бір адам еркін жүреді. Кәдімгі бұдыр-бұдыр көк тас. Шөп тастың өзін жарып шығыпты. Жүрген сайын жол біртін бірге еңістене береді. Абайламасаң аяғың тайып кетуі кәдік. Өте сақ жүріп келеміз. Арқанның ұшы көкемде. Төменге қарамауға тырысамын. Сөйте тұра Мәдинаны ойлаймын. Кенет:
— О-ой! — деген Мәдинаның жіңішке даусы естілді. Жүрегім зу ете түсіп, артыма жалт қарадым. Аяғы сәл-пәл тайып кеткен сияқты ма? Мәдина маған қарап, басын изеді.
— Тәуке, жүре бер! Бәрі дұрыс, — деді жәй ғана ол.
— Не болды? — Бұл көкем. Жолбасшымыз маған бұрыла қарап тұр.
— Көке, бәрі орнында. Алаңдамай жүре беріңіз, — дедім мен. Біздің аяғымыз тиген қиыршық тастар төменге суси жөнеледі. Тіптен бір ірірек тас құзға қарай домалап кетті. Жарты шақырымдай жерді бір сағаттан аса уақыт жүрдік. Туһ, жеттік-ау ақыры. Бір-бірімізді құттықтап, құшақтап жатырмыз. Қорыққанымыздан әрі қысылғаннан болар, үсті-басымыз тер-тер. Шаршағанымызға қарамай жан-жағымыздағы ғажап көріністерге таңданып қарай береміз. Үлкен көгалды алаңқай. Әрірек сылдырап бұлақ ағады. Неше түрлі хош иісті гүлдер. Алып ағаштар. Тіп-тік биік шыңдар жан-жақтан анталай қоршап тұр. Көгілдір аспан жарым-жартылай ғана көрінеді.
— Жылан, жыланды қара! — Бақытжан айқайлап жіберді.
— Кәне, кәне!
— Бәріміз көрдік. Алып кәрі ағаштың тесігінен бір дәу жылан тілін жалаңдатып бізге қарап тұр.
— Ойбай, мына жақта көп жылан! — Мәдинаның ащы даусы бәрімізді селк еткізді. Ысылдаған дыбыстар үрейімізді ұшырды. Ағаш-ағаштың қуыстарынан әлгіндей үлкенді-кішілі жыландар бізге қарап айбат шегеді.
— Ордалы жылан. Осы өңірдің иелері ғой. Қорықпаңдар! Қасеке, Құран оқып жіберіңіз, — деді көкем жайбарақат түрде. Міне, ғажап! Құран оқылғаннан кейін түсі суық жыландар індеріне кіріп-кіріп жоқ болып кетті.
— Ешкілерді қараңдар! — деген Мараттың даусы шықты. Аңғардың арғы бұрышынан дәу тастың үстінен екі ешкіні көрдік. Сәл тұрды да, олар секіріп-секіріп көзден ғайып болды.
— Тау ешкілері ғой. Бұл жер нағыз жер жәннаты екен, — деді Қасымхан ата жан-жағына сүйсіне қарап.
— Кеш түспей үңгірге қарай жылжиық. Кәнікей, жиналайық, батырлар!
Көкемнің дауысы тауды жаңғырықтыра саңқылдап естіледі.
XXVIII тарау
Үңгір ішіндегі ғажайып оқиғалар. Қоштасу
Жетеуміз тастүйін болып талайдың басын жұтқан аждаһалы үңгірге жақындап келеміз. Көкем мен Қасымхан ата алда. Ол кісілерден кейін келе жатқан менің жүрегім дүк-дүк соғады. Қанша білдірмейін десем де бәрінің де жүздерінен үрей белгісін көргендей боламын. Бұлақтың сылдыры, ағаштардың желмен шуылдағаны, құстардың сайрағаны ғана естіледі. Әне, көрінді! Мәлика ханшайымның тасқа ойып салған бейнесі бірден көзіме шалынды. Бер жағында екі басты тас аждаһа. Тістері ақсиған аждаһаның ауыздарынан бұрқ-сарқ су ағып тұр. Тасты жарып шыққан ағаш үңгірдің дөңгелек аузы үңірейіп көрінеді. Баспалдақтың жанындағы жартастың кішкентай тесігінен су сыздықтап ағады. Әлдекім әдейілеп қашап жасағандай тас науада су шүпілдеп толып тұр. Ішінде әдемі-әдемі балықтар жүзіп жүр. Аждаһаға қарай тас баспалдақтар жасалыпты. Біз осы баспалдаққа жақындап келіп тоқтадық.
Міне, ғажайып! Баспалдақтың оң жақ бүйіріндегі төртбұрышты тақта тастың үстінен алтын сандықшаны көрдік. Көкем тізе бүгіп отырды. Біз де көкемнің істегенін қайталадық. Көкем кеудесіне қолын салып, басын иіп, дауыстап сөйлей бастады.
— Я, Алла! Я құдіреті күшті, мейірімі мол, Алла тағалам! Біз сенің құлыңбыз! Біз мұнда жақсылық ниетпен келіп отырмыз. Өзіңнің мархабатыңмен, өзіңнің мейір-шапағатыңмен бабаларым аманат қылып, кейінгі ұрпағы үшін жанын құрбан етіп, мол қазына тастап кетіпті. Өзіңнің сүйген құлдарың, бабаларымның аманатын орындауға келдік. Мархабатыңның есігін аша көр, ия, Алла! Бізді естіп, бізге өз кеңгішілігіңмен мейіріңді мархабат ет! Өзіңнің рахматыңа, сыйынамын, о, рахым етушілердің Рахымдысы! Ия, Жаратушы пәруардігер! Бізді өз жібергендеріңнен қауіпсіз ете гөр! О, Алла! Өз іліміңнен қайыр тілеймін! Өз құдіретіңнен қуат тілеймін. Өйткені, өзің бар ілімді игергенсің, ал біз болсақ игермегенбіз. Өзіңнің ілімің ғайыптарды да орап алады, яғни құпиялардың да білгірісің. О, Алла! Өзің қолда, өзің қолда!
Көкемнің даусы бара-бара зорайып, аңғарды жаңғырықтырды. Сәл үнсіз отырды да, орнынан тұрып алтын сандықшаны біздің алдымызға әкелді. Ішін ашып еді, ысылдаған үн шықты. Тайтеріні алып, біз екеуміз көгалға жайдық.
— Ал, Қасеке, ендігі сөз өзіңде. Кірісе бер!
Қасымхан ата бірдеңе деп күбірлеп, тайтеріге қарап ұзақ тұрды. Содан тізе бүкті. Біз де ол кісі тәрізді тізерлеп отырдық. Ұзақ Құран оқыды. Содан кейін қолын жайып, мінәжат етті.
— Ал тұрайық. Тәуекел мен Бақытжан мына тайтеріні алыңдар. Шамды, арқанды, басқа керек-жарақтарды ұмытпаңдар. Соңымнан еріңдер! Бисмиллаһи-Рахмани-Рахим! Я, Алла, Өзің қолда!
Ол кісі баспалдаққа аяғын салып еді, гүрілдеген дауыс шықты. Аждаһа қозғалды! Екі аузынан бізге қарай су шаша бастады.
— Қорықпаңдар! Бұл су бізге қуат береді. Үңгірге қарай өтіңдер!
Қасымхан атаның соңынан үсті-басымыз су болғанына қарамай жүре бердік. Аждаһаның иір мойнының астымен ағаш өсіп тұрған кішкентай алаңшаға жиналдық.
— Я, Алла, өзіңе шексіз шүкіршілік еттік. Рұқсатын берді бізге, рұқсатын берді! — деп көкем жылап тұр.
— Жыландарды қараңдар! Үңгірдің аузында қаптап тұр! — деді Сәду көзі бақырайып. Үңгірдің аузында жыбырлаған үлкенді-кішілі жыландар қаптап кетіпті. Жайлап бізге қарай жылжып келеді.
— Тайсалмай қарап отырыңдар. Тайтеріні менің алдыма жайыңдар! — Қасымхан атаның алдына Бақытжан екеуміз тайтеріні тез жайдық. Ол кісі қолына тасбиғын алып, елдебір дұғаларды оқып отыр, оқып отыр. Ирелеңдеген жыландар бізге жақындаған үстіне жақындап келеді. Олар тайтеріге жақындап келді де тоқтады. Түрлерінің суығын қарашы! Қарап тұрды-тұрды да, біреу команда бергендей кілт кейін бұрыла бастады. Тез-тез жылжып, тастың қуыс-қуысына кіріп лезде жоқ болды.
— О-о, құдірет!
— Көкем қолын кеудесіне салып отыр. Біз де тас мүсін болып қатып қалғандаймыз. Қасымхан ата қолын жайып, бетін сипады.
— Кеттік, алға! Үңгірге кіреміз, — деді ол кісі салтанатты түрде. Орнымыздан әзер тұрдық. Қорқыныштан болар. Алға жылжыдық. Төрт-бес қадам жүріп ішке кірдік. Биік үй төрізді. Тағы да баспалдақ. Ішкері жаққа, биікке қарай көтерілген.
— Шамдарыңды жағыңдар!
Шынында да үңгірдің ар жағы қараңғы екен. Қасымхан ата алға түсті. Дөрекі қашалған баспалдақтармен жоғары көтеріліп келеміз. Кенет бір нәрсе тарс ете қалды. Алда кетіп бара жатқан Қасымхан атаның жан даусы шықты.
— Бәрің де отырыңдар! Тез-тез!
Жанталаса отырып үлгірдік. «Гуу!» еткен дыбыспен бірге үстімізде бірдеңе жанып жатқандай.
— От! Жалын! — дестік біз сыбырлап. Бізден бір метрдей биікте от жанып тұр. Қызуы бет қаратпайды.
— Қозғалмаңдар!
Бұл Қасымхан атаның дауысы. Біреуіміздің салдыр-гүлдір етіп шамымыз жерге түсті. Қасымхан атаның тағы да ащы даусы шықты:
— Тәуекел! Тайтеріні әкеліңдер!
Біз бүкеңдеп тайтеріні жайдық. Бақытжан екеуміз шамды жағып тұрмыз. Бірақ онсыз да жан-жағымыз жап-жарық. Бетіміз, арқамыз күйіп барады. Қасымхан ата Құран оқып отыр. Біршама уақыт оқыды. Әзер шыдадық. Міне, ғажап! Жалын сыртқа қарай лап беріп, әп-сәтте жоқ болып кетті.
— Ойпырмай, күйіп қала жаздадық қой.
Көкем кирелеңдеп орнынан әзер тұрды. Мәдина мен Марат көмектесіп жатыр.
— Тайтеріні қашан да әзір ұстаңдар. Кеттік! — деді Қасымхан ата. Жан-жақ қап-қараңғы. Біздің жарықтарымыз ғана қараңғылықты үркітіп, жылт-жылт етіп келеді. Бұл жолы ұзағырақ жүрдік. Көкем шаршады-ау, ырс-ырс етеді.
— Абайлаңдар! Ешкім менен озбасын. Алдымыздан құрдым кездесуі мүмкін. Екінші алаңқайға шықтық. Сатыр-сұтыр етіп төбемізде құстар ұшып жүргендей. Мен және Бақытжан Қасымхан атадан екі қадамдай кейін келеміз.
— Тоқта! — Қасымхан ағаның ащы айқайы бізді селт еткізді. — Алдымызда құрдым!
Жарығымызды жерге бағыттадық. Шынында да құрдым! Бәріміз иіріліп тоқтап қалдық. Екі ортадағы құрдым-құдықтың ені үш метрге жуық. Әрі қарай қалай өтеміз? Біреу төменге тас тастады. Сәлден кейін ғана барып шолп еткен дыбыс шықты. Яғни, төменде су ағып жатыр.
— Тайтеріні жайыңдар!
Біз оны тездетіп атаның алдына жайдық. Жарықты күшейтіп, үлкен шамды жақтық. Ата үңіліп біраз отырды. Тізерлеп отырған күйі күбірлеп, әлденелерді оқыды. Сірә, дұға болар. Күбір-күбір... бір кезде жер қозғала бастады. Әлдеқайда кетіп бара жатқандаймыз. Осындай ғаламатты естідіңіз бе? Астымыздағы тас алға қозғалуда. Құрдым кішірейе берді, кішірейе берді. Біз арғы жаққа қосылдық. Қасымхан ата:
— Я, Алла, Өзіңе шүкіршілік еттім! — деп бет сипады. Тұрып алға қозғалдық. Тағы да биікке. Көкемді Сәду мен Марат екі жағынан ұстап келеді.
— Шаршап келе жатқаным жоқ. Шүкір, бір Аллам маған қуат берді, — дейді көкем. Әзер дегенде бір алаңқайға жеттік. Ар жағында үлкен екі тас. Бір-біріне сүйеніп тұрғандай. Екі ортасында саңылау. Бір адам сияр-сыймас. Тайтеріні жайып, тағы да тізерлеп отырдық. Тіземе қиыршық тастар батты. Тазалаған болдым. Бәрібір батады. Шыдаймын ғой... Қасымхан ата әдеттегіше тайтеріге анда-санда бір қарап алып, дұға оқиды. Әне, бітті. Бәріміз бетімізді сипадық. Ал екі тастың арасындағы саңылау ашылмады.
— Бұл екі тастың біреуі әке тас, бір ана тас деп аталады. Мынау әке тас. Бәріміз тұрып сәлем берейік. Қараңдаршы, бес саусақ сиятындай бес тесік бар. Бес саусақтарыңды салыңдар.
— Ассалаумағалейкум! — деп Қасымхан ата өзі саусақтарын салып тұрып сәлемдесті. Шынында да бес тесік. Бәріміз сәлемдестік.
— Мына қараңдаршы, Ана-тастың үстінде тас табақ жабысып тұр. Мынау қамырға ұқсайды. Енді бұлай істейміз. Саңылауды көрдіңдер ғой. Осы саңылау арқылы ар жаққа өтеміз, — деді Қасымхан ата.
— Сыймаймыз ғой, — деді Сәду таңғала сейлеп.
— Мәселенің өзі осында жатыр. Тайтерідегі жазу бойынша бұл жерден әрі қарай ниеті, ішкі жан дүниесі таза адамдар ғана өтеді. Ниеті бұзық адамдар ешқашан да етпейді. Солай, бұл жердің заңы қатал. Қазір мен бастаймын. Өте алмасам осында қаламын. Мен өте алмасам Мәдина тайтерідегі дұғаларды өзің оқисың. Бисмил-лаһи-Рахмани-Рахим деп бастайсыздар. Ал мен кеттім. Я, Алла, қолдай гөр! — деп жалбарына бастады. Көзінде жас. Саңылауға барып тұрып еді, қос тас қозғалғандай болды да, қолдарын жоғары көтерген Қасымхан ата әрі қарай жүре бастады. Бір кезде жоқ болып кетті. Бірақ даусы естіліп тұр. Бір минөттей уақыт өтті. Бір кезде ар жақтан атаның қуанышты даусы естілді.
— Өттім. Тәуекел, тайтеріні ал. Шамдарды ұмытпаңдар! Одан кейін көкем кетті.
— Я, сәт! Я, Алла!
— Ол кісі ұзақтау өтті. Үшінші Мәдина. Бәріміз өттік. Мен өтіп бара жатқанда бір жерде екі жақтан тас қысқандай болды да, әйтеуір, жіберді-ау. Қатты қорықтым. Бұл жолы бір адам ғана сиятындай үңгірдің ішінен біраз жүрдік. Екі жағымыз жақпар тас. Не көп, өрмекшінің ұялары көп екен. Көпке дейін жоғары көтерілмедік.
— Алдарыңда биік дөңеске шығасыңдар. Абайлап, сақ жүріңдер! — Бұл атаның даусы. Үңгір кеңіді. Сол жерден биікке шыға бастадық. Баспалдақ жоқ. Біреулер қарап тұрғандай сезімде болдым. Біреулер сыбырлағандай, күбірлегендей ме? Алдымыздан таза ауаның лебі есті. Судың сылдыры естілді.
— Тоқтаңдар! Алдымызда өзен! Отырыңдар, тізе бүгіңдер! Тайтеріні әкеліңдер! — Қасымхан ата дұға оқыды.
— Бәрің аяқ киімдеріңді шешіңдер. Алдымен, Нұреке, сен өтесің. Судың дәл ортасында қараңыздар, екі тас шұңқыр тұр. Бірінде ыстық су, бірінде мұздай су. Мұздай суда жыландар шығуы мүмкін. Қорықпаңдар. Ниеті бұзық адамдарды ғана шағады. Киімдеріңізбен алдымен мұздай суға, содан соң ыстық суға түсесіздер. Шомылмаған адамдарды үлкен тас сарайға өткізбейді. Артық-ауыс сөйлемеңдер. Жаңа байқаған боларсыздар, біреулер сөйлегендей болды ғой. Бұл жердің иелері бар. Ал, Нұреке, баста!
Көкем дайын тұр екен. Біз демеп көмектестік. Өзеннің суы мөп-мөлдір. Су астында әдемі тастар ма, әлде алтын ба, жалт-жұлт етеді. Су көкемнің тізесіне де жетпеді. Екі қазан шұңқыр екі метрдей жерде. Әні, бірінші қазаншұңқырға түсті. Бір адам еркін сияды және бір құдіретті ұста шұңқырды әдемі, дөп-дөңгелек етіп жасаған. Көкемнен кейін мен бардым. Өзен суы тастай. Табаныма тас батама деп едім, ғажап, жұп-жұмсақ. Бірінші тас қазанның суы мұп-мұздай болғанымен денеме жайлы тиді. Менің қорыққаным, жыландар. Шынында да қайдан пайда болғаны белгісіз, үлкен ақсары жылан шыға келді. Өмірімде бұлай қорықпаспын. Бірақ намысқа тырыстым. Жылан маған тиіспеді. Судан да суық па деп ойладым. Ішімнен жанамалай орап арқама қарай кетті. Көзімді тарс жұмып алдым. Көзімді ашсам — жоқ!
Екінші қазаншұңқырдың суы тым ыстық емес. Шым-шым. Бір түрлі ұйқым келді. Денем рахаттанып, шыққым келмей қалды. Бәрі-бәрі жақсы өтті. Ең соңында қалған Мәдина қорқатын болар деп ойлағанмын. Жоқ! Содан соң Қасымхан ата.
Дірдіктеп тоңамыз деп ойлағанмын. Қайдағы, денем жеңілдеп, қыз-қыз қайнады. Өзеннің ар жағы кең екен. Бес-алты метр. Әрі қарай жүрген сайын кеңіген сияқты болды. Екі-үш минөттей жүрдік.
— Тізе бүгіңдер. Құран оқимыз, — деді ата жәймен ғана. Бірақ даусы ап-анық естіледі.
— Алдарыңа қараңдаршы! Бір кісілер тұрған сияқты. Одан қорықпаңдар. Олар тас бейнелер. Мұнда піл де, аю да, түйе де, ат та бар. Адамның тас мүсіндері де кездеседі. Орталарында да-тархан. Ол — қазақтың, халқымыздың береке, ырыздық дарыған дастарханы. Тайтеріде солай жазылған. Ал жүріңдер, сол қасиетті дастарханнан дәм татайық. Шынында да ата айтқан әлгі нәрселердің бәрі бар екен. Таң қалдық. Әне, құлағы салбырап піл, оның қасында шөгіп түйе жатыр. Аю, қасқыр, ат... араларында дастархан. Әрине, бәрі тас. Нан, табақ, бәрі самсап тұр. Біз дәм татқандай ырымын жасадық.
— Ал енді біздің алдымызда үлкен сарай бар. Ішінде не бар екенін білмеймін. Алтын сандықтар болуы мүмкін. «Алтын көрсе періште жолдан таяды» дегендей сасып қалмаңдар. Бұйырғаны болады. Ал, кеттік!
Тас баспалдақтармен жоғары көтерілдік. Ата тайтеріні алдына қойып, өте ұзақ отырды. Тізелеріміз ауырып кетті. Шыдадық. Бір кезде сықырлаған үн естілді. Алдымыздағы үлкен қақпа жайлап ашыла бастады. Ар жағы жап-жарық екен. Үлкен сарай. Колонкалар. Колонкалардың бер жағында ай бейнесі тұр. Ай астында арабша жазулар. Бәріміз тізерлеп отырмыз. Жарық айдан келіп жатыр. Төбеде айна тәрізді дөңгелек жарқырауық зат тұр. Ата әлгі жазуларды оқи бастады.
— Ей, пендем! Бұл тас сарайға біз болашақ ұрпақ үшін көп қазына қалдырдық. Ол қазына тек қана халық игілігі үшін жұмсалуы тиіс. Қара ниеттілер мұнда ешқашан кіре алмайды. Қазынаның кілті — ішкі дүниеңнің тазалығы. Ислам діні имандылыққа, адамгершілікке, тазалыққа тәрбиелейді. Бүкіл әлем осы дінге табынсын. Бір Аллаға ғана сыйыныңдар! Сонда сіздің жолыңыз болады, ұрпағыңыз өркендейді.
Бәріміз үнсіз қалдық. Орнымыздан тұрдық. Ата бастап залға аяқ бастық. Залдың ортасында текше тас. Оның үстінде алтын кітап жатыр.
— Құран! Қасиетті Құран! — Екі ақсақалымыз тізерлеп отыра кетті. Жылап отыр. Біз де отырдық. Менің де ішкі жан дүнием босап, жылағым келді. Көздерімнен жас еріксіз ағып, бетімді жуды. Бір қарасам бәріміз жылап отыр екенбіз. Біз бақыттан жыладық. Біз жеңіске жеттік. Ғасырлар бойына ешкім жете алмаған қасиетті сарайда отырмыз енді. Одан өткен бақыт жоқ.
Қасымхан ата тұрып, Құранды ұстап маңдайына тигізді. Бәріміз де қаз қатар тұрып осы салтанатты рәсімді қайталадық. Жан-жағымыздың бәрі текше-текше жиналған сандықтар. Бір сандықты ашып көрдік. Іші толы сары алтын тастар. Алтынды бірінші көруіміз. Алтынның буы болады деп еститінбіз. Көңіліміз жадырады. Көңілдендік. Құшақтастық, бір-біріміздің бетімізден сүйдік.
— Біз — баймыз. Біздің халқымыз бай. Енді осы байлықты, қазынаны сол халқымызға жеткізудің қамын қылайық, — деді көкем тебірене сөйлеп.
— Иә, ендігі мақсат солай. Әзірге бұл байлықты тапқанымыз жөнінде ешкім білмеуі тиіс. Кәне, қасиетті Құранға жақындайық. Қолымызды тигізіп ант етейік.
Бәріміз үйіріліп ортаға жиналдық.
— Ант етеміз! — Бәріміздің сөзіміз бір шықты. Сарайды жаңғырыңтырдық. Осы байламға тоқтап, серт етістік. Алда біздің алдымызда бұдан да өткен, бұдан да қиын сулар, мақсаттар тұрғаны анық...
Біз үңгірден шыққанда тас төбеде табақтай ай тұр екен. Түн ортасы ауған. Бұлақ сылдырап ағып жатыр. Тамылжыған табиғат жанымызды әлдилейді. Бойымыздан ауыр жүк түскендей жеңілдеген біз осында қонуға ұйғардық. Өйткені, біз ауыр шайқастардан әбден қалжыраған жауынгерлер сияқты едік...
Оқырманым! Менімен бірге болып, менің қиындығыма, басымнан кешкен оқиғаларыма ортақтасқаныңызға кө-өп рахмет. Өзіңізбен қимай қоштаса отырып, осымен хикаямды үзсем деймін. Болашақта бұл хикаяға сізбен бірге қайта оралатыным хақ. Өйткені, өмір өзені тоқтамайды. Біздің «Алтын сандық» тобының мүшелерінің саны да өсер деген үміттемін. Және қарап та қалмаймыз. Сегізінші мүшесі етіп өзіңізді қабылдаймыз. Әзірге аман-есен болалық!
Бөлісу: