Әлемді өзгерткен 5 жазушы
Бөлісу:
Жер-жаһанға танымал жазушылардың шығармаларына зер салып, олардың классикалық дүниелерін оқу – көкжиегімізді кеңейтіп, санамызға сілкініс жасары анық. Осы орайда, адамзат тарихындағы оқиғаларға бей-жай қарай алмайтын қаламгерлер қауымын жан-жақты насихаттаудың орны бөлек. Жазушының қоғамға тигізген ықпалы қай заманда да бәсеңдеген емес. Осылайша, қаламгерлер өз қоғамын өзгерту арқылы адамзат өркениетіне үн қоса білген. Көп ішіндегі «жалғыздардың» мақсаттарына көз жүгіртсек, оқырманға қызықты біраз мағлұматты көруге болады. Ендеше, қалам деген қасиетті дүниемен адам жанын ізгілендіруге тырысқан әлемдегі үздік бес жазушыға назар салып көрелік.
1. Маркес Габриэль Гарсиа
1928 жылы Аракатака қаласында дүниеге келген (Колумбия).
Жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты (1982).
Үздік шығармалары:
«Үзілген жапырақтар» 1955
«Полковникке ешкім жазбайды» 1957
«Үлкен шешені жерлеу» 1962
«Жүз жылдық жалғыздық» 1967
«Оба дерті кезіндегі махаббат» 1985
«Өз лабиринтіндегі генерал» 1989
«Менің мұңлы жезөкшелерім» 2004
Колумбиялық жазушының бағын ашып, бүкіл әлемге әйгілі еткен шығармаларының бірі – «Жүз жылдық жалғыздық» романы. Аталған шығарма жөнінде Нобельдік комитеттің қазылар алқасы: «Қиял мен шындық тұтасып келіп бүтін бір құрлықтың өмірлік қақтығысын көрсетті», – деп атап өтті.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қоғам жаңаша өмір сүргісі келді. Қан мен терден әбден шаршаған адамдар өзге дүниелерге мән бере бастады. Осы кезде Маркестің мистикалық дүние мен шынайы көзқарастар бір-біріне қайшылық туғызбайтын жаңа шығармалары адамдарға ерекше әсер етті.
«...Карта мен өзімнің тәжірибем көрсеткендей, бұл отбасының тағдыры бейне бір диірменнің тасындай үздіксіз айнала беретін секілді. Бірақ олар диірменнің діңгегі бір күні тот басып, жарамсыз болатынын қайдан білсін?», – дейді Маркес өзінің әйгілі шығармасында.
Маркестің шығармасынан кейін не өзгерді?
Маркестің шығармасынан кейін адамдар «әлем – тек қарапайым және анық қағидалардан ғана тұрады» деген пікірмен санаспайтын болды.
2. Тони Моррисон
1931 жылы Лорейн қаласында дүниеге келген (АҚШ).
Жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты (1993).
Үздік шығармалары:
«Көгілдір көздер» 1970
«Сүйіктім» 1987
«Джаз» 1992
«Жұмақ» 1998
«Махаббат» 2003
Тони Моррисонның шығармашылығына зер салатын болсақ, адамзатқа қажетті біраз игі құндылықтарды табамыз. Мәселен, ол өзінің шығармалары арқылы қара нәсілді адамдарға деген кекті жойып, өзгеше көзқарасты қалыптасыра білді. Міне, әйгілі жазушының жетістігі осы болса керек.
Қара нәсілді жазушылар америкалық әдебиетке XVIII ғасырда қадам басты. Бірақ XX ғасырдың орта шебіне дейін «қара» әдебиеттің құны болмай, елеусіз қалып келген еді. Тіпті, әдеби ортада олардың шығармалары «төмен» деңгейдегі туындылар қатарында болды. Бұл – сол замандағы ақ нәсілді америкалықтардың бірбеткей көзқарасы деуге болады.
60-шы жылдары жазылған Моррисонның «Көгілдір көздер» романы бұл қағиданы толықтай бұзды. Романның желісі бойынша: қара нәсілді жас ару көгілдір көзді жігітті аңсап, сол үшін Құдайдан күнде тілек тілейді. Тіпті, көгілдір көзді жігіт оның өмірін өзгертіп, мәңгілік бақытқа бөлейді деген ойда болады. Бірақ бұл арман орындалмай, қара нәсілді адамдардың тауқыметті өмірі сол баяғы сарынмен өтіп жатады. Романның соңында әкесі зорлап, әлгі қыз есінен айырылады.
Моррисонның шығармасынан кейін не өзгерді?
Моррисонның туындылары шыққаннан кейін батыс елдері ақ пен қара нәсілді адамдар тең екенін, ер мен әйелдің құқықтары бірдей екенін мойындады.
3. Умберто Эко
1932 жылы Александрия қаласында дүние келген (Италия).
Жазушы, мамандығы филолог.
Үздік шығармалары:
«Розаның есімі» 1980
«Құбылмалы Фуко» 1988
«Накануне аралы» 1994
«Баудолино» 2000
«Лоана ханшайымның сиқырлы жалыны» 2005
1980 жылы жазушының әлемге әйгілі «Розаның есімі» шығармасы жазылды. Бұл романда ортағасырлық эстетика мен италиялық мәдениет кеңірек насихатталған.
«Тарих – ешқашан аяқталмайды, – дейді Эко, – біздің әлем күрделі процестерден құралған әрі сан қатпарлы құбылыс. Бүгінгі заманда – өткеннің ізі бар. Ал ортағасырлық кезең – біз ойлағаннан әлдеқайда жақын болуы мүмкін. Прогреске көзсіз сенуге болмайды. Өмір керуені алдыға жылжып бара жатқан секілді көрінеді, ал шын мәнінде біз ортағасырлықтың дәл шетінде тұрмыз».
Эконың шығармаларынан кейін не өзгерді?
Эконың кітабы шыққаннан кейін «тарихтың парақтары таусылды» немесе «тарихтың соңы бар» деп айтуға келмейтін болды. Бұл – адамзат тарихының басы ғана болуы мүмкін.
4. Джоан Роулинг
1965 жылы Йейте қаласында дүниеге келген (Ұлыбритания).
Жазушы, мамандығы аудармашы.
Үздік шығармасы:
Гарри Поттер туралы 7 роман
Гарри Поттер туралы романдары «Әлемдегі ең үздік кітап» номинациясын бірнеше мәрте иеленген.
Жаһандану замандында кітап оқу кенжелеп, оның орнына компьютер мен теледидар келді. Бұл – балаларды кітап оқудан алшақтатты. Бүлдіршіннің рухани қажетін кім өтейді деген заңды сауалдар да туғаны шындық. Десе де, бұл қағиданы бұзған бірнеше шығарма бар. Солардың қатарында біз сөз етіп отырған Роулингтің Гарри Потер туралы романдарын атауға болады.
Бұл сиқырлы ертегіде жақсылық пен жамандықтың, адалдық пен арамдықтың қақтығысы суреттереледі. Кітаптың сюжеттік желісі Манчестерден Лондонға кетіп бара жатқан жолда құралған көрінеді. Ал кітаптың идеясы жазушы кафеде жұмыс істеп жүргенде келген.
Осылайша, 1997 жылы «Гарри Поттер және философиялық тас» атты алғашқы кітабы мыңнан астам тиражбен жарық көрді.
Содан болса керек, Роулинг – бір шығармасына миллиард доллар қаламақы алған әлемдегі тұңғыш жазушы атанды. Ол өзінің қаражатының біраз бөлігін көмекке мұқтаж жандарға үлестіріп берді.
Роулингтің шығармасынан кейін не өзгерді?
Роулингтің шығармаларын оқи отырып кітап оқудың ескірмегенін білдік, әрі жаңа технологиялардың дамуына қарамастан, кітаптың құны жоғалмайтынын сезіндік.
5. Мишель Уэльбек
1958 жылы Реюньон аралында дүниеге келген. (Фрация)
Жазушы, мамандығы инженер-эколог.
Үздік шығармалары:
«Күрестің кеңейген кеңістігі» 1994
«Қарапайым бөлшектер» 1998
«Лансароте» 2000
«Платформа» 2001
«Аралдың мүмкіндігі» 2005
IMPAC әдеби сыйлығының иегері 2002
Еуропа тұрғындары аз жұмыс істеп, көп ақша табады. Бұл елдердің мәдениеті де өзі осы жүйемен тікелей байланысты. Уэльбек еуропалықтардың технологиясы қарыштап дамығанына қарамастан, олардың іштей бақытсыз екенін айта келіп, бұл мәселенің шешілуін қарастырады.
Прозаик, ақын, жазушы, әрі композитор Мишель Уэльбек аталған елдердегі жалғызбасты ауқатты адамдардың ішкі күйзелісін өзінің шығармаларында шебер көрсете білді. Осылайша, ол материалдық дүниеден гөрі жан дүниенің байлығына көбірек көңіл бөлуді және адамның жан бостандығын насихаттауға белсене кіріскендей. Шығыс пен батыстың кейбір элементтерінің ұқсастығын ашық айтқан жазушы Еуропа байларының үні болды, олардың сөзін сөйледі.
Сонымен қатар, Уэльбек өзінің романдары арқылы жалғызбасты еуропалықтардың бүкіл фобияларын жоюға тырысты. Мәселен, терроризмді, технофобияны, медия саласына қатысты кез келген келеңсіздіктерді ысырып, жарқын өмір сүруге үндеді. Қысқасы, ол үшін еркін өмір сүру – адам бақытының кілті болды.
Уэльбектің шығармасынан кейін не өзгерді?
Уэльбектің туындыларын оқығаннан кейін Еуропа елдерінде «материалдық байлық – адамның толықтай бақытты болуының кепілі» деген тұжырымды айту қисынсыз болды.
Бөлісу: