Жамбыл өңірінің жас ақындары

Бөлісу:

16.09.2018 12525

«Әдебиет порталындағы» Жамбыл облысының әдеби күндері жалғасуда. Бұдан бұрын Әулиеата өңірі қаламгерлерінің шығармалары жарияланған болатын. Бүгін сіздерге осы аймақтан шыққан жас ақындардың өлеңдерін ұсынамыз.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ - 1990 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданы, Майтөбе ауылында дүниеге келген. Республикалық, облыстық бірнеше жыр мүшәйраларының жүлдегері. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің түлегі. Бүгінде республикалық «Астана» телеарнасының Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі.

БӘРІ ДЕ ТҮГЕЛ

...Жүрек жеңілді, алдырмайын деп ем...
...Сезім шетінеп, тірі қалды ой...
...Сені жалғыз қалдырмайын деп ем...
...Жалғыздық жылап, тұрып алды ғой...


...Кірпіктен мұң боп құламайын дегем...
...Жел болып қана жосылғым келді...
...Сен үшін бола жыламайын деп ем...
...Жаңбырға бірақ қосылғым келді...


...Ақылдан әрі аспайын деп ең...
...Төзе де төзе, төзім бопсың-ау...

...Бәрін де қайта бастайын деп ем...
...Бәрі де түгел, өзің жоқсың-ау!..

АҚЫНҒА ҮЛЕС


Қанатын түндер алдыма жайды,
Қара тым мұңдар ақ Айдан тамған.
Ақынға үлес, алдым ба қайғы?!
АРУды сүйіп АБАЙдан қалған.

Шығарам түнді теріске енді,
Кірпік талына мұң іліп кейде,
Жаратқан жақтың періштелері:
Қараптан қарап түңіліп дей ме?


Уақыт дейтін ұршықты бағып,
Кесімін айтар шын ҚАЗЫ бір күн.
Әзірше әнтек кірпікті қағып,
Өлеңді қойып, мұң жазып жүрмін.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ - 1995 жылы қыркүйек айының 15 жұлдызында – Жамбыл облысы, Жуалы ауданы Бауыржан Момышұлы ауылында өмір есігін ашқан. Облыстық, аудандық мүшәйралардың жеңімпазы. Өлеңдері республикалық «Жыр маржаны» атты 10 томдық ақындар антологиясына, «Дала дарыны» сериясымен жарық көрген «Әулиеата әуендері» жинағына, «Өрімтал» атты Жамбыл облысының жас ақындар жинағына шыққан.

АРПАЛЫС


Арайы өлген күнді көрдім түсімде,
Сен деуге оны қимадым.
Жалғыз қалу үкім бе әлде шешім бе?
Қандай ауыр ұйғарым...

Күнді көрдім, өңі сынық, нұры өшкен,
Жанарымдай шуақсыз.
Ауырлайды енді алар тыныс дем,
Тым жақынбыз,
Жырақпыз!

Жарық пенен таразысын түнектің,
Тең ұстамай құлаттым.
Жүрегіңде ең аяулы тілекпін,
Санаңдағы сұрақпын.

Сезіміңдей сергелдеңнен жерінді ой,
Айтшы, қай бір алданам?!
Жүрегіңе жетіп барар едім ғой,
Аспаның да тар маған!

Сағынышты кешпедің не, кештің не,
Үмітімді тірілтпес,
Жалғыздығың керек емес ешкімге,
Ғұмырыңды күліп кеш.

Тайдырмасын тағдыр бұлты әріңді,
Қайтем, сені түнегіммен арбаппын.
Көкке ұмтылған менің ерке жанымды,
Күн болып құш, Ардақтым!

ҚАРА ТАЛҒА СЫР

Құба беткейдегі құбыла құшқан қара тал,

Балалық күннің базары еді көлеңкең.

Төзімді сендік әлемге озбыр таратар,

Күйіңді кешіп қалатындаймын мен ертең.

Пана ғып тұрсың көзіме мұнар жар басын,

Жаныңа дәйім бір жан баласы жуымай.

Сенің де бүгін жалғыздық қана жолдасың,

Өмірдің мынау өктемін және қуын-ай...

Мазасыз шақтар мезі қып біткен расында,

Ақ маңдайымда таңба боп жатыр теңбіл із.

Көбелек қуып,ойнаған жардың басында,

Жетімсің бүгін,жапырақтарыңа келді күз.

Ғұмырға кейде ренішпен қарап өкпелеп,

Бойдағы шердің шертуші ем бәрін тек саған.

Саяңда сенің жыр жазуға да көп себеп,

Қалада қаңғып,қайтуға енді жоқ шамам.

Еңсеріп нөсер,жаңбырдың көктен құйғанын,

Найзағай оты тап берсе дағы төбеңнен.

Өзіңмен көріп аспанның тосын сыйларын,

Бір бұтағың боп жаралмағанмын неге мен?!

P.S:Сын уақыттың өтелмейді құны шын,

Өмір тепкі көрсетеді не түрлі.

Сенің осы маңғаз текті тұрысың,

Менің өршіл Жыр Тағдырым секілді!

Нұрболат ЖОЛДАСБЕК - 1994 жылы Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Қамқалы ауылында туған. Түрлі халықаралық, республикалық, облыстық жыр-мүшайраларының жүлдегері. Өлеңдері ұжымдық жинақтарға енген.

* * *

Уа, Әулием, құтпа оқы...
Мұң – жанарым сам сіңірген.
Нұх – хақың.
Бір бесікке үңіледі төрт қара,
Төңкерілген қазанға ұқсап жұттағы.

Дүние-ай, шіркін...
Қарға достың қауырсынындай салмағы,
Алагеуім. Түнге ықтияр хәлфә нұр.
Мыжық тауға мыжық бұлттар жантайды,
(Дамылдайды олда ақыр).

Мына ұлыста қауыс айы мың қыстау,
Салалайды бұқпа желі құмды ыспа.
Атаукере.
Жолда қалған жалғызға.
...Көбесі иман басыр Молла күндіз-түн,
жыр құраса қылмыс па?

Осыны айтып келесіне кетті ана,
Дәуір көшті. (Ұл жетілді жоқ қарап)
Төңкерілген қазанды ұстап жұттағы,
Бір бесікке үңіледі төрт қара.

* * *

Сізді ойладым мұңайғанда...
(Мені – Мұңсыз екен деп топшыларсыз)
Сізді ойладым көрші әжей үй алғанда,
Ұялғанда шешейге тік қарауға,
Сізді ойладым!
Сіз жоқ шығарсыз...
Мүмкін, қиял ғана...
...мүмкін жолы болмады
мүмкін,
сізді...
Жек көреді АДАМзат,
Бұл – үнсіздік,
Жалықтырды! Қажытты! Сізсіз өмір –
Өмір-ақ... сізсіз өмір – Тәңірсіздік...
Қайда асығып барамыз?
Не күтеді?
Мен дайынмын! Ал сіз ше?
сен күте тұр...
...Мүмкін өлім жоқ шығар, (ойда ме екен?)
Сенім де өзге, әйтеуір Ай да бөтен.
Айтпақшы,
...Сәл шыдаңыз, оу маңда жер бітеді.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ - 1992 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданы, Қызыләуіт ауылында дүниеге келген. Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінде Төлеужан Ысмайылов атындағы арнайы жүлдені иеленген.

СЫР

Нәрестедей нәзіктігін наз демеп,
Сағынышын сездіргенде саз желек.
Көктем неге табиғатқа жылаңқы?
Себебі оған жалғыз ғана жаз керек.

Барлық гүлдің сөлін сорып маздана,
Аспан мен жер арманы боп аз ғана…
Неге күзге айналады табиғат?
Себебі ылғи көктем керек жазға да.

Қағазымды қанат қылып қаламға,
Шағала-шер шомылып жүр жағада.
Түсіндің бе табиғаттың тағдырын?
Ендеше тек сен керексің маған да!

АСЫРУ

Көз жасымен көрінгенге ішілген,
Көңіліммен көрінгенге түсірген,
Мен ертерек ұйықтаймын кеш батса,
Сені ертерек көру үшін түсімнен.

Жұлдыздардай жалғыздықтың көгінде,
Өлі түнді айырбастап өмірге,
Мен ертерек оянамын таңертең,
Сені ертерек ойлау үшін өңімде.

Наурызбек САРША - 1992 жылы 21 наурыз күні Жамбыл облысы Жамбыл ауданының Шайдана ауылында дүниеге келген. Бүгінде Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде филология мамандығының білімгері. Облыстық, республикалық бірнеше жыр мүшәйрасының жеңімпазы. Бұқар жырау атындағы арнайы сыйлықтың иегері. Өлеңдері түрлі республикалық, облыстық баспасөз беттерінде жиі жарияланып келеді.

ЖЫЛА, ЖАҢБЫР

Бәлкім, сірә, адасқан мына жаңбыр,

Бойжеткенге ұқсайды жылаған бір.

Жүрегімнің көз жасы секілденіп,

Жыла, жаңбыр, тағы да жыла, жаңбыр.

Жыла, жаңбыр! Төгілші тыйылмастан,

Әрбір тамшың түзілген түйір жастан.

Гүр-гүр етіп күрсінер кей кездері,

Менің де сен секілді күйім қашқан.

Бүркеніп ішке тықпа өксігіңді,

Қарды емес, өзіңді жер көп сіңірді.

Мен де шертем мұңымды сен де маған,

Алдыма тамшылатып төк сырыңды.

Тамшысымен төгілген сор мұңдары,

Толқытып көңілімді қор қылғаны.

Адасқан сол жылауық жауындай боп,

Мен де таппай жүрмін-ау орнымды әлі.

Биылғы жыл шатасып дауланған жыл,

Қаңтарда қар көрмедім ауламнан бір.

Келер жылы тағы да келер ме екен,

Қыс кезінде адасып жауған жаңбыр…

Жыла, жаңбыр, тағы да жыла, жаңбыр…..

ЖЕТІМ БАҚ

Сен кеткенсің

Дендеген дертім қалған,

Еліктей қыз,

қайдасың еркімді алған?

Мен тұрған маң мұңыма масаңданып,

Салтанатын табатын сен тұрған маң.

Жеңілтек жел басылмас желігі ептеп.

Жаныңды жүруші еді төңіректеп.

Сағағынан үзілген жапырақ та,

Аяғыңа құлайтын еңіреп кеп.

Сығып алып көз жасын сыралғы бақ,

Біз жоқпыз ғой… Булығып тұрар жылап.

Барар едім… бетім жоқ,

Сыртта жүрем

Жалғыздықты жаныма сыңар ғып ап.

Біз сондаймыз,

Сезімге сараң жанбыз,

Мен де кетем,

Жетім бақ қалар жалғыз.

Жолыңды қарамауға серт еткенмін,

Жанымды жаралауға жаралған қыз...

Естимісің???

Жанғазы АХМЕТ - 1991 жылы 10 қарашада Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Шақпақ ата ауылында туған. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазіргі таңда облыстық «Ақ жол» газетінде тілшілік қызмет атқарады. Өлеңдері облыстық, республикалық газет-журналдарда жарық көріп келеді. Түрлі деңгейдегі жыр мүшәйраларының жүлдегері.

АУЫЛДЫ АҢСАУ

Парығымның пайымы ауыр,

Паршаланған ес бүтін.

Ұқса ұғар жайымды ауыл,

Ескі әрі есті тым.

Сол ауылда бал шақ қалған,

Балғын бақыт бейнесі.

Сол ауылға алшақ қалған

Тартқым келед кейде осы...

Түсін, әке, ұғын, ана,

Керім қала – кем көңіл.

Қоғам қалай құбылады, ә,

Құлпыртып еді немді өмір?!

Үміт үрлеп үзілмеген,

Жауабы жоқ сұрақпен.

Әлдекімше кіжінген ем,

Әлсіз екем бірақ мен...

Кертіп жатыр кім керегін,

Мен бе мұңға батар тек?!

Тіліп түсті тілдегенім,

«Соры қалың шаһар» деп.

...Қайран ауыл, кешір мені,

Қайта табар қазығым.

Бір түйінім шешілмеді,

Күдер күрмеп қажыдым.

Ұрланды сан жатқа ырысым,

Сұрқың бұлдап бақ маған.

Болсам деп ем мақтанышың...

Енді не деп ақталам?!

Көз ұшында діттегенім,

Сіңе берді көкке кіл.

Көз жасыңа жүкті өлеңім,

Өрекпісе өкпелі ұл...

Қала маған бермеді ырық,

Мен қаланы ұқпағам.

Өлсем өлем сенде жүріп,

Құшағынды аш, Құтханам!

ТҮЙСІНУ

Мен жыладым, сен күлдің,

Сен жыладың, мен күлдім,

Не түсіндің, не білдің?..

Не түсіндім, не білдім?..

Өзімді өзің жылаттың,

Өзіңді өзім жұбаттым,

Өзгермеді бірақ дым.

(өзгерткен де бір-ақ түн).

Биігіңнен безіндің,

«Күйігіме» таяндым,

Күйіп жатып көз ілдім...

Сүйіп жатып ояндым...

Татып біліп кермегін,

Сатып бердің жоқ мұңды,

Көкке сіңді өр демім,

Текке сүрдім көп күнді.

Сұраусыз қап сұрағым,

Жүрек-төрем, жүгіндім...

Ұғып барып жыладым,

Жылап барып ұғындым.

Сезім-құрсау, құтылдың,

Тұйықталып тұспал мың.

«Ойыннан» да ұтылдым,

Ойыңнан да тыс қалдым.

Енді, деме «ерексіз»,

Мейлі тағы сорымды үз.

Кешірім де керексіз...

Өкпелеу де орынсыз...

Бөлісу:

Көп оқылғандар