Жеңіс Қаненұлы. Күздің жанары салқын қарады…
Бөлісу:
Жеңіс Қаненұлы өлеңінің өзегі түн тақырыбына ұйып, өлең оқуға әбден икемделген санамызға салмақ түсірді. Арғы беттегі Ерен тауда туған бұл жігіттің бүгінде арқалы ақынға айналғанын сездік, Жұматайға арналған өлеңінде:
«Арлан ақын еді атышулы еліне,
(Ақын жүрекпен жырласын ғалам. )
Келер деп бір күні Жетісу жеріне,
Қалдырып кетіпті музасын маған»
«Кекілі көрдей түннің желбіреді»,
Біз кідіріп қалдық кекілі (түннің кекілі) түн көрдей», егер түн көрге ұқсаса кекіл қайдан жүр. «Кекілі желбіресе (мүмкін кекіл желпінетін болар)»түн қара сүліктей жылқы болып елестер. Бұл суреткерлік құштарлыққа бейімделем деп қисынан кету сияқты.
Ары қарай:
«Кекілі көрдей түннің желбіреді,
Дүрсілдеп мұз астынан жер жүрегі.
Тұмысы ғажап қайнар, азапты ойлар –
Әурелей қоймассың енді мені».
Ақынның «Алматы қаласы» өлеңіндегі жаңбырлы кунгі Алматыны суреттеп келе жатып, «Алатау жоқ» дейтіні (Алатау бұлт атында) маған тосын сезілді, шабыттың шындығы. Жеңістен мен суреткер шабытты ақынның өлеңін көрдім.
Алмас АХМЕТБЕК
КҮЗ СИПАТЫ
Дала сарғайды.
Қалықтап қанат балапан жайды.
Қабырға - тауды қайыстыратындай
Қарақан - қайғы...
Өмір жатады,
Көгілдір мұнарға көңіл батады.
Шежіре - өзен ежелгі сарынын
Қоңырлатады...
Батырға ұқсап,
Арман- мұнарға жатыр ма нұсқап?
Әже - шыңдар ақ шәлі оранды,
Сақинасы ұстап...
Алтын бағалы...
Күздің жанары салқын қарады.
Шалғындар ортайып,
әжім - соқпақтар
Айқындалады.
Ұйық - даланың,
Төсіне басты бұлт табанын.
Жапырақ құлайды,
көтермей желдің
Суық хабарын...
Көзім емінбе!
Қайыңның айтқан сөзі көңілде...
Жомарт күз күні ертеді өмірді
Өзімен бірге...
ҚАРА ТАУДА, ТҮН ІШІНДЕ
Қара тауда,
түн ішінде шығып бітік тоғайдан,
Қарыс азу қабан шошқа тімтініп.
Шөп тамырын түртіп жейді маңайдан,
Жатады оған біздің ауыл иті үріп...
Жалғыздыққа жаны үйренген тораңғы,
Боран тұрып, айтып болмай түнгі әнін...
Тәтті ұйқымнан оянамын таң алды,
Жас жаныма маза бермей «жындарым».
Күз бейнесі айқындалды даламда,
Талдың жасыл жапырағы сарғайды.
Жарық жұлдыз жарқырайды санамда,
Ерке сұлу,
айтам өлең сен жайлы!
Қыстың күнгі ернеуындей құдықтың,
Қалыңдады өткен күнге сағыныш.
Сенімімнің саусақтарын қырықтым,
Тәуекелім, мені биік алып ұш!
Достарыма дастарқан боп жайыла,
Қастарыма тарылтпадым ындынды.
Келем күйіп,
өлеңімнің бойына-
Сіңіре алмай тәтті, нәзік бір мұңды...
Шөкім бұлттан сырғып өтіп барады Ай,
Жетім қозым, маңырадың сен неге?
Жарау аттай тықыршимын қарадай,
Бауыр жазып түсе алмаған байгеге...
ҚОҢЫР АДЫР КЕШІ
Суыққа сүйегім қарысып,
Қызбалық жүрегімді ала ұшып.
Жел қуған қаңбақтарменен
Жүремін жарысып...
Көпіреді көңіл - есерім,
Шық тұрып жеріме тегін;
Көлбеңдеп көгілдір мұнар,
Желпиді жеңіл етегін.
Боздайды бір үн тынбаған,
Қоңыр күз күйін тыңдағам.
Сапырады сар жапырақтарды,
Құтырып құйын тулаған!
Жазылмай шиырықтары,
Айтады бұйырықты ары...
Төгіледі жон-жоталардың
Судырап құйырық-жалы.
Ой таңы атар жадырап,
(Түрілмей жатарма құлақ.)
Енеді сай-салаларға
Бейуақыт отар жамырап...
Жөңкіліп сенім ағыны,
Сахара қоңыр адыры.
Қалқыған қаз-тырналардың
Тарайды қоңырау үні.
ЫМЫРТ СЕЗІМІ
«Қараңғы шырақ түбі.»
Келеді тәбиғаттың құлап түні.
Аңсаған әлденені, балғын көңіл-
Басылмай жүр аптығы...
Самал жел «қалжыңы» үдеп...
Жапырылып тәбиғат шалғыны көк.
Жортады жүйрік тұғыр,
Тұяғынан-
Елеусіз жандырып от...
Құбылтып бұлт іреңін...
(Жүректің қабыл алдым жыр-тілегін!)
Тынымсыз қағылады түндік қанат,
Тілгілеп түн түнегін.
Санада жалғыз ғана ой...
Көміліп борбас құмға қалды із... өгей...
Елігіп ілеседі бұлақ - үнге
Бүлкілдеп балғын көмей...
Серпіліп көңіл нәзік,
Еркіндік - ақ қанатын өмір жазып.
Байқатад мығымдығын көк жүзінде,
Жымыңдап «Темір қазық»...
Іргелік дөң есте еді...
Есіліп тірлік, сезім тең ескегі.
Тұлғасын Ай нұрына малындырып,
Жортады елес - бөрі...
ТАҒЫДА КҮЗ КЕЛІП...
Жаз жайлауға жайғасқанша біз кеңіп,
Қалыпты ғой тағы да бір күз келіп.
Байқамаппыз сарғайғанын өңірдің,
Тіршілікпен болып жүріп күнделік.
Енді қайта болмасы анық сол бір күз,
Үміттері жанатұғын боп жұлдыз...
"Бізді баққа бастап барар"- деп жүрміз,
Қолымыздан жетелеген мезгіл - қыз.
Көрген сайын күздің сары шапанын,
Еске аламын бабам күйі махамын...
Білемін тек, тауға шөгіп жатарын,
Қап-қара бұлт жаспен жуып сақалын...
Өткенді айтып өксігеннен пайда не?
Бөркіңді алып аспанға ат, ой, бәле!
Белден асып бедірейеді Ай неге?
Атын баптап қосатындай бәйгеге...
Жүйірігімен жарысқым кеп мезгілдің,
Ауыздықпен алысқандай болып жүрмін.
Жым-жырт жатқан жерге айтатын секілді,
Соның бәрін сезіп қойып сезгір күн...
Көрген сайын күздің сары шапанын,
Сұр тұмандай сұрғылт ойға батамын.
Желеді кеп шудалары желкілдеп,
Жанарлары мөлт-мөлт еткен бота-күн.
***
Итеріп айқара аштым күз есігін,
(Ішімнен күбірледім қыз есімін...)
Аяусыз көктем гүлін таптап өтіп,
Уақыттың жазға батқан тізесімін!
Жасаймын қоңыр гүзге енді өктемдік,
Ындынды баспалдақ ғып өрлеп келдім.
Түндерді жөргегінде тұншықтырып,
Күндерді өз қолыммен жерлеп көмдім!
Жарқырап дидарынан ашылса ақ таң,
Аман-сау жүргеніңе, досым, шаттан.
Жеті басты жалмауыздай,
қандай рахат!
Сағат пен минуттардың басын шапқан...
Тебіренсем көкірегіме айдын тұнған,
Сығалап тереземнен қайғым тұрған.
Желменен бұйра жалын желпілдейді,
Арқырап арыстаным айға ұмтылған!
Саулайды-ау саумал самал түргенде ірге,
Қонақтар көбелек жоқ гүлден гүлге.
Созам-ау саусағымды суық қысқа,
Аттанып бір жорыққа күзбен бірге...
Бөлісу: