Мо Янь. Жазушының қолынан келетіні – жақсы жазу

Бөлісу:

10.10.2018 5290

Тілші: Біреулер медиалар адам сенбестей дамыған бүгінгі таңда журналистика, публицисттер обьективті айтқанда, саф әдебиетке белгілі дәрежеде кесірін тигізді, күрделі көркем шығармаларды түсініп, тұшынып оқитындар азайды, жеңіл әдеби жанрлардағы жалаң туындылар таза, тұнық көркем туындылардан іргесін алысқа салып барады деседі. Осы көзқарасты құптайсыз ба?

Мо Янь: Он неше жылдың алдындағы еліміздің ақпарат құралдарында жарияланған мақалалар мен қазіргі медиалардағы жазбаларға үңілсеңіз арасында жер мен көктей парық болғанын аңғарасыз да, таң қаласыз. Меніңше, әрқандай істің болымды – болымсыз екі беті болады, бір жағынан, қазіргі мұндай мақалалар он неше жылдың алдындағы қатып-семген, жадағай, жасық тіл қолданысына қарсы шыққандық. Тілді жұтындырып, құлпыртып, кенеулі де кемелді етіп түрлендіруге бет алғандық. Енді бір жағынан айтқанда, қазіргі мақалаларда сөзуарлыққа салынып ақылгөйсу, албаты тон пішіп сарнау, қиналып сөз саптап, сөйлем құрау, кең көсіле көпірту басым. Бірақ тілдегі өзгеріс адамның еркі бойынша болмайды, қоғам өркендеп, заман жаңарып, тұрмыс түлеп барады, көптеген жаңа заттар мен құбылыстар, тың тұрмыс формалары, соны көзқарастар толассыз жарыққа шықты, осыларға байланысты қыруар атаулар, терминдер пайда болды. Ал сол толып жатқан жаңаша атаулар мен айтылымдар тіл қолданысы мен мақалалардың өңін өзгертпей, бет-бейнесін құбылтпай қоймайды, бұл бөгеу бермес тасқын секілді. Ғаламтор жай қауымның үйіне дейін тартылған соң, тор әдебиеті алабөтен бір формаға айналды. Тордағы жазушылықтың тілге ықпалы тек атау-термин жағында ғана емес, белгілі мәннен айтқанда, ол біздің кейбір дағдылы тіл қолданысымыздағы грамматикалық қағидаларды өзгерте бастады. Әуелі, өзгертті де. Мұндай өзгеріс түбірлі мән-маңыз алуы да мүмкін. Меніңше, тіл деген ұлы дария секілді, өзін-өзі «тазартып отыратын» құдіреті болады. Ұлы дарияның бетіндегі қалқымалар, көбіктер ақыр аяғында ығыстырылады. Бір қырынан алғанда, «күрделі, көркем, саф» дүниелер де өзгермейтін нәрсе емес, әр дәуірдің өз сұрқылтайы болатыны секілді классикалық шығармасы да болады. Арғы замандардан қалған классикалық шығармаларымызда абзал, артық дүниелер аз дейсіз бе, алайда олар бүгінгі өмірден алыстап кетті. Тағы бір қырынан айтқанда, олардың нәрі бергі классикалық шығармаларға әлдеқашан сіңді. Менің айтпағым, шығарма жазу барысында тілдің құнарлы, туындының көркем болуын көздеген жөн, сөйтсе де ағымдық тіл қолданысындағы стилдік, стилистикалық факторларды да қабылдау қажет, сол арқылы мақаланың көркемдігін асырып, жұғымдылығын арттыруға болады.

Тілші: Біздің ақпарат құралдарымыз, әсіресе, газеттеріміз жарыққа шыққан кезден бастап, әдебиетпен біте қайнасты. ХХ ғасырдың 20-30 жылдары жетілген көптеген қаламгерлердің газеттердің әдеби беттерінен нәр алмағаны кемде-кем. Ал ақпарат құралдары кең көлемде дамыған қазіргі кезде әдебиеттің әлсіреуіне байланысты көркем шығармалардың газеттердің қосымша беттеріндегі орны да азайып барады, бұл – талассыз ақиқат. Талай газет-журналдар тіпті әдебиет беттерін қырқып, қысқартып алып тастады, оның орнын осы заманғы мәдениетке, тыныс–тіршілікке қатысты дүниелер иеленді. Осы жөніндегі ойларыңызбен бөліссеңіз?

Мо Янь: Бұл – шарасыздықтан болған жайт. Үлкені, белгілі жанрдағы шығармалар суалса, кішісі, газет қосымша беттерінің ықпалы әлсіреді, нақты айтқанда жұтады, тозды, бұлай болары сөзсіз. Газет әдеби беттерінің сарқыла бастауы мен әдеби журналдардың азаюы, меніңше, ғаламтормен байланысты. Әр күні он неше газетті парақтап шығамын, кейбір газеттердің қосымша сандарының мазмұны бұрынғы кездердегіден кем емес. Мәселен, «Унсуй газетінің», «Янчин ақшамы газетінің», «Прокуратура газетінің» әдебиет-көркөмөнер беттері жап–жақсы шығып жатыр, бірақ ықпалын ХХ ғасырдың 50-60 жылдарымен салыстыруға келмейді. Мұндай жағдай бізді замана өзгерісіне ілесуге, кәдеге жарайтындарын қалдырып, уақыты өткендерін тастауға мәжбүрледі. «Сәнге айналғандардың» бәрі қоқыр-қоқсық емес, гәп біздің қауызын тастап, дәнін алғанымыз, құмнан кебек алтын шайқағанымыз секілді, шығармаларды талғай, таңдай, іріктей білуіміз де, өз «модамызды» жаратуымызда қалды.

Тілші: «Қытай ақпарат құралдарының әдебиет сыйлығын» тағайындаған мекеме орындардың айтуынша, мұндай сыйлықты белгілеудегі мақсаты – әдебиеттің көкжиегін кеңейтуге сеп болатын сайт беттерін көбейту көрінеді. Сіз жазушы салауатыңызбен ақпарат құралы сынды мінбенің әдебиеттің дамуына үгіт жағынан дем беру ерекшелігімен қоса, тағы қандай жақтардан әдебиетке оң әсерін тигізе алады деп білесіз?

Мо Янь: Ақпараттың әдебиетке араласуы, тіпті, оған ықпал көрсетуі құптарлық игі іс. Мұндай сыйлықтың мақсаты мен өлшемі жазушылар мен оқырман қауымға әдебиеттің арманын немесе армандаған әдебиетті әйгілей алады. Мүбәда іркіліссіз жалғасса, өз рөлін көрсетер еді. Ақпарат құралдарында сыйлық белгілеп, әдебиетке шабыттандырудан сырт, шығармаларға баға беріп, байлам жасайтын айдар ашқан, үздік, көркем шығармаларды ғана жариялаған дұрыс. Мұның бәрі бұрыннан келе жатқан формалар, әйтсе де сыйлық тағайындау арқылы қысқа уақытта дабыралы ақпараттық дүмпу тудыру мүмкін емес.

Тілші: Жазушы шығармасының оқылуы мен сын таразысынан өтуі үшін, мейлі қалай болмасын, ақпарат құралдарынан қол үзе алмайды, сонда жазушы «әдебиеттің көкжиегін кеңейтуге сеп болатын сайт беттерін көбейту» үшін не істеуі керек деп ойлайсыз?



Мо Янь: Жазушының қолынан келетіні өте қарапайым, қадап айтсақ, жақсы шығарма жазу. Сайт, портал дегенің көрмедегі тауар сөресі сияқты, оған таңдаулы туындылар тізілмесе, ол қаншалықты безендіріліп әшекейленсе де бекер, мән-маңызын жояды.



Тілші: Қазір кейбіреулер қара қылды қақ жаратын сын жоқ, әдебиет сыны майдаланып, ұсақталып кетті, ақпарат құралдары әуелі, жазушылардың атын шығаратын сахнаға айналды деп өкпе-назын айтып жатыр. Бұған не дейсіз? Ақпарат құралдары мен жазушылардың мұндай қатынасына ризасыз ба? Сіздіңізше ақаусыз қатынас қандай болуы керек?



Мо Янь: Әдебиет сынының ұсақтауы әріден пайда болған, қазір ғана басталып отырған жоқ. Ақпараттың әдебиетті сөз етуінің, меніңше, ұнамды жағы да бар. Жасық, жабағы шығарманы алқау, әрине, дұрыс емес. Әйтсе де жақсы, тәуір туындыға әділ баға беру жақсы іс қой. Егер ешқандай сыртқы килігу факторы болмаса, ақпарат құралдарының көркем шығармаларға төрелік айту сапасы жауапты тілші мен редактордың эстетикалық деңгейіне байланысты болады. Өз басым, әдебиетті жақсы білетін журналист өте талғампаз келеді, өзінің айтары болады, дүрмекке еріп дүркіреп кетпейді деп есептеймін. Әрине, өз алдына дара пайым жасау да оңай – оспақ іс емес. Тілшінің кейде сыншы салауатымен бейтарап тұрып, қалыс баға айтуына да, өзгелердің пікірін жариялауына да болады. Ақпаратшылар мен жазушылардың қатынасы, айналып келгенде, мәдениет беттеріне жауапты тілші-редакторлар мен жазушылардың туындылары арасындағы қатынас. Ақаусыз қатынас бәрін де шығарманы негізге алады, соны арқау етеді. Мүбәда журналист субьективті тұрғыдан мақала жазамын десе, онда өзінің көркемдік жөніндегі ар-намысынан таймауы, жақсыны жақсы, нашарын нашар деуі шарт. Егер обьективті тұрғыдан мақала жазса, онда ұнамды-ұнамсыз жақтардағы пікірлерді толық жеткізуі, тізгінді бір жағына қарай тартпауы керек.

Сұхбаттасқан: Цун Ли, «Прокуратура газетінің» тілшісі

Қытай тілінен аударған: Жәйірбек Мұхаметханұлы

Бөлісу:

Көп оқылғандар