Ақан серінің шайырлық болмысы

Бөлісу:

10.12.2018 4753

Ақан серіні көбіміз әнші-ақындар шығармашылығының ірі өкілі, сал-серілер поэзиясының алтын тұғыры деп білеміз. Ал енді көбіміз Ақан серінің кей өлеңдерінің жазба поэзия дәстүріне, оның ішінде Абай поэзиясының дәстүріне жуықтау келетінін біл е бермейміз. Ақан серіде жазба поэзияға тән ақындық шайырлық сипаттар жиі кездеседі. Осы жағы көп сөз болмай жүр. Ақан серінің исламиятқа, махаббат, сүйіпеншілік, басқа да тақырыптағы өлеңдеріне қарап отырсақ, оған оңай-ақ көз жеткіземіз. Мысалға: «Ғашыққа», «Біздің көңіл қайда жатыр», «Ақкөйлек», «Сұлу қызға», «Тағрыпың», «Мылтық пен мергеншілік», «Ж-ға» т.б. Біреуге арнау, альбомдық өлең жазба поэзияға тән. Еуропа, орыс поэзиясында (Гете, Байрон, Шиллер, Гейне, Пушкин, Лермонтов, Тютчев, Есенин), қазақ поэзиясында (М.Жұмабаев, Б.Күлеев, С.Торайғыров) бар дәстүр. Ақан серінің «Ж-ға» атты өлеңінде жазба поэзияның осы сипаты, белгісі бар:

Дегенде Мақбубажаннан қозғаламын,

Хат жазып, қағаз, қалам қолғааламын.

Пәруана отқа түскен мысалындай,

Дидарыңа тырапында толғанамын

Жақсының жаман қайдан білсін затын,

Қазаққа болған мағлұм менің атым.

Тағдырыңа ғашық боп жаздым назым (лирика),

Зарланған сені жат қып жазған хатым.

«Ғашық жарға» өлеңінде:

Кәусердің тілің тәтті шарабынан,

Халімді қылдым ағлан қарабынан.

Бір бәйіт құсаланып назым жаздым,

Қасіретім – шоқ, ішім – жалын барабынан.

Бір жылы соққан желдей болса пайда,

Дариға, жан сәулемнің тарабынан –

деп альбомдық өлең сипат-белгілерін білдірсе, осы өлеңдегі бәйіт, назым сөздері шығыс поэзиясынан енген сөздер бола отырып, шағатай поэзиясының жазба дәстүрін еске түсіреді. Жалпы бәйіт, назым сөздері – жазба поэзиядағы лирика ұғымын білдіре отырып, жазба дәстүрдің терминдері болып табылады.

Араб әріптерін өлеңге қосу Абайда да бар. Ол ежелгі шығыс поэзиясынан тамыр тартқан көркемдік дәстүр. Осы дәстүр Ақанда да бар. «Ғашыққа» өлеңінде: «Аяғыүш А.З.М. йатараккі//Жұмбағым басқан ізі жыныс құмда», «Тағы да хат жазамын сын мен зидан,// //Тағрыпың кейіне месәліп, биден// //О.Р.З.М.Л. айнакәрім// // Көңілімнің іңкәрісі – дал мен мим,нон» десе «Біздің көңіл қайда жатыр» өлеңінде: «Тәңіріме айтар сөзім сонда жатыр...// //А.Қ.М.Л. Радубайын// //Бірлиант гәуһар жүзің сонда жатыр» - дейді. «Ақкөйлек» өлеңінде: «Жастықпен тағдырыңды танымаймын, // //А.Н.Д. мен О. бесте деген. // //Шырын мен Мәжнүнға шығындай, // // Түсірдің ғашық отын ішке деген», - дейді. Бұл өлеңдерде Абайдың «Әлиф-би» өлеңінің әсері бар. Ақансері де араб әріптерін өлеңге қосып, оны махаббат, сүйіспеншілік сезімдерімен орайластырған. Мұндағы араб әріптерін жеке-жеке өлеңге қосу сипаты бар өлеңдерді ауызша шығарылды дейтін болсақ, кез-келген адам жеке-жеке әріптері бар өлеңдерді есінде, жадында сақтауы өте қиын. Ауызша поэзияның стихиясы бұған көнбейді. Бұл жерде жазбаша поэзияға тән графикалық дәлдік, орфографиялық ұсынақтық, заңдылық мұқият сақталуы қажет. Бұл – жазба поэзияның төл сипаты. Ақан серінің «Мылтық пен мергеншілік» өлеңі Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңімен рухтас. Ақан сері аңшы адамның басындағы психологиялық көңіл-күйді, ахуалды жазба лириканың заңдылығымен, сипатымен өрнектейді. Бұған не айтасыз?!..

Мұның барлығы Ақан серінің таза ауызша дәстүрдегі дәстүрлі поэзияның ғана өкілі емес, жазба дәстүрді меңгерген, мұсылманша, қазақша, орысша білім алған сауатты ақын екендігін дәлелдейді. Ақан сері поэзиясының едәуір сипаты оңтүстік өңірдегі Майлықожа, Мәделіқожа, Базар сияқты жазба дәстүрдегі шайырлыққа жақындау.

Медреседе діни білім алған Ақан серінің тәураттылық ілімнен де хабардарлығы байқалады. «Тауратта» жұртқа белгілі мынадай өсиет бар: «Бір-біріңді ғайбаттамаңдар! Сонда өздеріңде ғайбаттан тыс боласыңдар. Егер сен біреуді қалай ғайбаттасаң,ол да сені солай ғайбаттайды. Бауырыңның көзіндегі бір тал шөгірді көріп, өзіңдегі шөңгені неге көрмейсің. Арсыз, өзіңнің көзіңдегі шөгірді алып барып қана, өзгелерге төрелік айт!» Ақан сері бұл турасында:

Алтынын сөйлу керек, жезін айтпай,

Қиынды іздеу керек, тезін айтпай...

Біреудің бір ширегін жария қылар,

Кейбіреу өзіндегі кезін айтпай.

Ақан сері қоғамдағы, әлеуметтік ортадағы әралуан құбылыстарға, мәселелерге құлағы түрік. Жаңа заман оқыған адамдарды шығарғанмен, олардың болмыс-бітіміндегі біраз сипаттар, сол өскен ортасына, ата дәстүрге, жөн-жосыққа қайшы келіп жатады. Жалпы өнер табиғаты, суреткерлер болмысы, оның терең интуициясы, қоғам қойнауындағы осындай қайшылықты, жағымсыз құбылыстарды сезе қояды. Ғылымда мұндай сезгіштікті, сезімталдықты, болжағыштықты историясофиялық көзқарас, байлам деп жатамыз.

Сондай историясофия Ақан сері де бар.

Білімпаздан жаңалап форм шықты,

Бұрынғы атағұрпын қылып мансұқ.

Жақындасаң ұшқының тимей қалмас,

Жаманның кесапаты – жайнаған шоқ.

Қазақ қоғамы, ғылымы, білімі еуропацентризмнен, косполитизмнен, нигилизмнен қаншалықты зардап шеккенін бәріміз де білеміз. Олай болса, Ақан сері сәуегейлігіне таң қалмасқа әддіміз жоқ!

Сәбит Жәмбек

Бөлісу:

Көп оқылғандар