Светлана Алексиевич. Адамдар доллардың сынағынан гөрі лагерлердің сынағына жақсы төзген секілді
Бөлісу:
СССР-ге деген қайсыбір қазақстандықтардың махаббаты, өткен өмірді емешегі үзіле көксеуі кешелі-бүгін қазақ қоғамының көңіл-күйін күрт бұзды. Қызылдардан екі дүниеде жақсылық көрмеген қоғам шырқырап кетті. Онсыз да қалт-құлт еткен идеологияға оң әсер етпесі айдан анық-ты... Бірақ мына бізді - "ұмытшақтарды" баяғыда сүйегі қурап қалған комсомолдың 100 жылдығынан гөрі, сол баяғы әдебиет мәселесі көбірек алаңдатады. Мынау Нобель сыйлығының иегері, белорусь жазушысы Светлана Алексеевичтің посткеңестік елдердің психологиясын ашуға тырысқан сұхбаты.
Adebiportal.kz
– Менің туыстарым мен таныстарым соғыс көргендер – Жеңіс күнін ешқашан жақсы көрген емес, тіпті, өткен күнді еске алудың өзін қош көрмейтін.
– «Соғыстың сұрқы әйелге жат» кітабымның көптеген қаһармандары, жеңіс - айтуға және еске алуға тұрарлық дүние емес дейтін. Айтуға және еске алуға тұрарлығы - қалай адам болу керектігі мен қалай адам өлтірмеу керектігін білген тәжірибе ғана. Бір әйелдің маған айтқаны бар: соғыстың аяқталғаны туралы ақпарат тарағанда, олар барлық әскери қару-жарақтарды: снарядтарды, оқтарды, бірін де қалдырмай атып, көзін жойған. Келесі күні бөлімшеге тексерушілер келіп, біреуді бірдеңе үшін кінәламақ болғанында, бұлар ол суық қарулардың енді не үшін керек екенін түсінбей аңырап тұрып қалған. Адамдарға осыншама көз жасы, осыншама қайғы-қасіреттерден кейін соғыс ендігәрі ешқашан болмайтындай көрінген. Алайда, Ресей бүгінде тағы да екі соғысты жүргізіп отыр, орыс теледидарларында тағы да біреулерді «радиоактивті күлге» айналдыра аламыз деген айыптаулар естілуде.
– Ресейдегі кездесулерде де, одан бұрынғы, Еуропада да, Нобельдік сөзіңізде де Сіз біздің алдымызда бұрын-соңды өткен соғыстардан да қорқынышты соғыс күтіп тұрғанын, мұндағы соғыс адам мен адамның емес, адамның табиғатпен соғысы деп айтып келесіз...
– Табиғат бізді Чернобыль секілді, Фукусима секілді сынап көретін болады. Қатты тайфун өркениетті қоқыс үйіндісіне айналдыруға қауқарлы.
Мен Чернобыльде, адамдарды ол жақтан тасып жатқан уақыттарда болдым. Қатардағы сарбаз маған бір әйелді өз үйінен күшпен шығара алмай жатқанын айтты. Мен оған таяп барғанымда, ол мені еркектердің арасынан байқап қалып: «Қызым, осы да соғыс па екен? Қарашы, әлі, құстар ұшып жүр, мен тіпті таңда тышқанды да көрдім» деді. Бұл - түсі де, иісі де жоқ, бомба да тасталмайтын, көзге көрінбейтін жаңа қауіп. Мен топалаңнан соң Фукусимада болдым, мұнда да дәл сондай - өз жерінен қуылған мыңдаған адам, әдемі үйлер, әдемі жерлер бәрі қалған, мен мұны Чернобыльден көрдім.Адамдардың жүздері дәл сондай. Рас, адамдар басқа философияда тәрбиеленді, қасірет мәнін түсіне алмайды. Олар өз өмірлерін қазір сүруге тырысады. Чернобыльден кейін біздің егделеу адамдардың өмірі жәй ғана сызылып тасталды. Ал Жапонияда адамдар бәрібір өмір сүруге талпынады. Ол жақта да мемлекет қатты қадағалау жүргізеді, тіс жармайды. Чернобыльде журналист ретінде жүруге рұқсат берсе, Фукусимада 10 шақырымға дейін ғана жіберді, одан әрі әскери аймақ, тыйым салынған.
– Қазір Белоруссияда Чернобыль туралы не дейді?
– Ләм-мим демейді. Бұған рұқсат жоқ. Ғалымдар, оқымыстылар қандай да бір болсын көмек бергісі келіп бақты, басынан бастап қаражат жинады, адамдарға өздерін қалай ұстау керегін түсіндірмек болды. Оларға онша құлақ аспады. Өте көп адам қырғынға ұшырады. Біздің мәселелеріміз мәдениет мәселелеріне тірелді. Фукусимада қысқасы, арнайы қызмет өкілдері барлық шараларды дұрыс қолдану үшін жұмыс жасайды. Адамдар да не керек болса, соны жасады. Ал бізде - жоқ. Тіпті, бақылап, залалы бар нәрселерді жоюды бұйырғанда,- адамдар олай еткен жоқ. Кедей шаруа қалайша өз азық-түлігін қоқысқа тастамақ? Ал бұл уақыт өткен сайын созыла түсетін өлім, бұл басқа өлім, бұл басқа өмір. Кедейлерге алдарындағы судың умен тең залалды екендігін ескертті, бірақ, кедей көз салады: су, су сияқты. Есімде: кәрі әже келе жатыр, қолында сүт, артында ілесіп, сүтті төгіп тастағанын күтіп сарбаз келеді. Бірақ, ол бәрібір ол сүтті төкпейді, бұл жәй ғана мүмкін емес. Және бір кемпірдің артына бір солдаттан қоя алмайсың. Бұл - мәдениет. Сондықтан да осыншама ауру балалар бар. Сондықтан да көп адам ажал құшты. Мен Еуропадан келдім- өте көп таныстарым дүниеден өтті. Қатерлі ісік. Фантаст- жазушылар жаңа энергияларды игеру, бүкіл әлемді игеру жайлы айтады, ал мұнда бейбіт атом шын мәнінде бейбіт емес, соншалықты қауіпті болып шықты... Мұны түсіну мен қабылдау өте қиын. Біз жалпы өте әлсізбіз, шын мәнінде алдағы болашаққа, жаңа шақыруларға әлі дайын емеспіз.
– Қалай болмақ керек? Салмақ түсер жерді қайдан табамыз?
– Меніңше, бізге айналамызда болып жатқан нәрселерді зерделеуіміз керек. Әлеуметтік дүниелерді. Барынша жалпыға ортақ, кең мәселелерді. Бізге қаншама уақыт бойына қайта құрулар, осынау барлық қозғалыстар- қайтымсыз болып көрінді. Біз өте аңқау болдық, бізге демократия келеді, сосын бәрі де өздігінен шешілетіндей көрінді. Мен Ресейде бірнеше жыл болғанымда: Светлана, бұл сіздерде, Белоруссияда ғой, ал бізде бұлардың бәрі өтті-кетті, өткен күнге қайту жоқ, бұл мүмкін де емес,- дегенді жиі естідім. Кенеттен- бәрі де мүмкін. Ал бәрінен де маңыздысы- бізге, бәрімізге бәрін істеуге болады. Бізде қарсылық жоқ. Қайбірі келіп жатады, қайсыбірі «ішкі эмиграцияға» кетіп жатады, әлдебіреулер әйтіп-бүйтіп бейімделуге, тынышталуға тырысады.
Егер біз үндемеуді осылайша жалғастыра беретін болсақ, бізге қауіп төнеді деп шамалаймын. Бүгінгі мықтылардан да мықтылар келеді. 1990 жылдары көп нәрсеге келіспегеніміз бәле болып жабысады. Біз өз өткенімізді айтып, жіберіп үлгерген жоқпыз. Сталинизмді айыптауға үлгермедік. Бәрі де тым жылдам қарыштап кетті, бәрі материалдық жаққа бет бұрды. Мұның бәрінен де таңғаларлығы - қаншалықты бәрі кенеттен материалдық дүниеге «тап болды». Меніңше, адамдар доллардың сынағынан гөрі лагерлердің сынағына жақсы төзген секілді. Мен Еуропада біраз қоныстандым. Белоруссиядан кетерде, демократиялық көңіл-күйге, бірдеңе істеу керектігін талқылауға дайын адамдардың көп екенін көрдім. Жиырма жылдан соң келдім - жалпылама айтқанда, ешкім де жоқ. Олардың бәрі қайда кетті? Барлығы да дүниеден өтіп не елден кетіп қалмаған болар? Мүмкін бұл, түңілу...
– Сіздің арқаңызда, әлем Белоруссия туралы білді. Сіз Минскке қайта оралдыңыз. Өз Отаныңызда сізді бағалайды ма? Отанымыздың тарихындағы ең алғашқы Нобель сыйлығының иегері Минскте не істей алуы мүмкін?
– Сыйлық алмастан бұрын кейде кейбір адамдар менің неге орыс тілінде жазатынымды сұрайтын. Қазір көшеден мен үшін қуанышты адамдарды кезіктіремін. Біреулері кафеде маған арнайы бәліш жасап берді. Әлдекімдер құттықтап жатады. Кейбірі, көмек сұрайды. Адамдардың өздері де көмек ұсынады. Негізі, көп уақытты кездесулер алады. Клубтың шараларына дайындық дегендей.
- Сіз Белоруссияда жазу жұмысымен айналыспақсыз. Ал ондағы билік, жұмсартып айтқанда, сізді бағаламайды. Бар қолдарынан келгенше бүркемелеуге тырысады, оқырмандарыңызбен кезіктірмейді. Неге сіз әлі күнге дейін ол жақтасыз?
- Мен 12 жыл шекарадан тыс жүріп, Белоруссияға келдім. Мен үйде өмір сүруге тиіс және соны жаным қалайтын жазушымын. Мен, жасалынып жатқан «Дауыстар романын» жазда, көшеде, көлікте, базарда ұстаймын, адамдармен сөйлесу үстінде естимін, сол арқылы романды мені қоршаған өмірдің ауасынан тоқимын. Сол себепті жеке себептерден (немерем өсіп келеді, қасында болғың келеді) басқа да қызметтік себептер де болды. Мен үйімде тұру үшін келдім. Және, айтпақшы, былайша жарты жыл бұрын, яғни барлық бетперделердің сыпырылып түсіп, бүгінгі Ресейдің жоба-жоспарларының құпиясы ашылып, анық айқындала түскен кезден, Путиннің құбылуы болған кезден кейін келдім. Біз мұның 20 жыл бұрын дайындалған нәрсе екендігін кейін түсіндік. Біз аңқау романтиктер болған екенбіз, түсінбестік осында. Біз көшеде «Еркіндік! Еркіндік!» деп ұрандап айқай салғаннан кейін демократия жәй ғана келеді, жәй ғана үйімізге өздігінен кіреді деп ойладық.
- Айтыңызшы, сіздің отбасыңызда, өзіңізге ең жақын адамдар, демократия туралы осындай көзқарастарыңызға ортақтасады ма?
- Білмеймін. Менің ата-анам бұл көзқарастарыма ешқашан ортақтасқан емес. Әкем коммунист болды, ол партбилетімен өмір бойы қоштаса алған жоқ. Мұны түсіндіру өте қарапайым. Адамдар ылғи лагерьде өмір сүрді (социалистік лагерь деп атады емес пе). Әрі адамды лагерьдің қақпасынан шығарып жібергеннен кейін- ол енді еркін екенін елестету әсте мүмкін емес. Мұндай мүлде болмайды. Әркім өмірдің серпінінен қандай да бір айла-әрекет, қандай да бір қуыстан ақталу табады, қандай да бір құндылықты сақтап қалуға мүмкіндік табады... Бұл адам табиғатында бар нәрсе. Ашық алаңға тіпті санаулы адамдар ғана шығады. Айталық, Белоруссияның жұрты Майданды көрді, қан көрді, өртке оранған автокөліктің дөңгелектерін көрді- әрине, қорықты. Бәрі де еркіндікті қалайды, алайда сол сұлу періштенің көктен түсе қалғанын, аяқ астынан пайда бола кеткенін қалайды. Бірақ, бұлай болмайды.
- 8 қараша сіз үшін енді ерекше күн шығар?
- Не үшін?
- Дәл осы күні сіздің Нобельдің иегері екеніңізді жариялады емес пе.
- Мен бұған қалыпты қараймын десем, сізді таңғалдыратын болармын. Нобельдік сыйлық - біреу, бірақ, менде одан да өзге марапаттар бар. Мен оларға менің жолымдағы белгілер секілді қараймын. Өмір алға қарай жүре береді. Қазір - жаңа екі кітап. Мың бір сұрақ: оларды қалай дүниеге әкелуге болады?
Мен қазір қай деңгейде дейсің ғой? Қазір үшінші кітабымды жазып, кейін бәрін тастап, қайтадан жаңаша бастай аламын. Қарттық- мен үшін мүлдем жаңа тақырып, ал махаббат- соншалықты қиын. Барлық әдебиет махаббат туралы. Жаңа бір жол табуға тиіспін...
- Қазір немен айналысу үстіндесіз?
- Қазір мен, әлбетте, қатты шаршадым әрі соғысқа барып, соғыс туралы жаза алуым да мүмкін емес. Мен ендігәрі мұндай адамзаттық ақылсыздықтарды көргім келмейді. Мен қайғыма қарсы тұру арқылы артық қайғыларымның барлығын түгесіп біттім. Бір адам екінші бір адамды қандай заңға сүйеніп өлтіретінін түсінбеймін. Бұл тағылық. Және, ХХІ ғасырда адам тек идеялармен ғана соғысуы керек секілді. Өлтіру емес, бір-бірімізбен келісу керек едік, бірақ, біз өлтіреміз. Бұл ХХ ғасыр әлі созылмалы түрде жалғасып жатыр дегенді білдіреді. Яки, күнтізбеде, әрине, кеттік, алайда ділде- жоқ, біз әлі де ХХ ғасырды алмастырмадық.
Бірақ, адам - бұл бар-жоғы қандай да болмасын қоғамдық немесе идеялық болмыс қана емес. Ол - одан да әрі. Ал айналамыздағы өмір немен дөңгелеп жатыр? Олар екеу-ақ: Махаббат пен Өлім. Қазір мен екі кітап жазып жатырмын, дұрысы, екі кітап туралы ойлану үстіндемін: біріншісі- Махаббат, екіншісі- Кәрілік туралы.
Светлана Алексиевич туралы:
Әңгіме, публистика, репортаж секілді жанрларда өзін сынап көрген Светлана Алексиевичтің 1983 жылы «Соғыстың сұрқы әйелге жат» кітабы жазылады. Алайда, кітап екі жыл бойына баспада, терімде жатып қалды. Онымен қоса, авторды пацифизммен, натурализммен, «қаһармандық образдағы совет әйелінің абыройын төкті» деген айыптаулармен кінәлады. Мұндай айыптаулар сол уақыт тұрғысынан көз қамағанда ауыр соққы болатын. Дегенмен, 1985 жылы жарық көрген бұл кітап 2 миллион данамен бүкіл әлемді шарлап кетеді.
1989 жылы автордың өз халқынан 10 жыл бойына жасырылып келген ауған соғысының ықпыл-жықпылы туралы жазылған кітабы жарық көреді. Бұл кітапты жазу үшін ол төрт жыл қатарынан ауған еліне барып,сондағы қыршын кеткен солдаттардың аналарымен жолығып, бұрынғы ауған әскерінің құрамында болған сарбаздармен сұхбат құрып жүрді. Ауған мифінің тас-талқанын шығарған аталмыш кітап жарық көргеннен кейін әдеби, қоғамдық ортада бомба тасталғандай әсер қалды, алдымен әскери-коммунистік газет авторға тарпа бас салды. 1992 жылы Минск қаласында аталмыш кітап пен оның авторы үстінен саяси сот отырысы жүрді.
Алайда, екінші тараптан шетел интелектуалдары мен демократиялық қозғалыстар қорғау болып, сот тоқтатылады. Ақыр соңында, осы кітаптың желісі бойынша, Светлана Алексиевичтің авторлығымен (режиссер Сергей Лукьянчиков) бірнеше деректі фильмдер түсіріліп, спектакльдер қойылды.
1993 жылы «Өліммен дуаланған» атты жаңа кітабы жарық көреді. Бұл әңгіменің тақырыбы- социалистік идеалардың, социалистік құрлықтың жоғалуына шыдай алмай өзіне қол жұмсағандар мен қол жұмсамақ болғандар. Ұрандар ішінде өмір сүргендердің жаңа әлем, жаңа қоғамды қабылдай алмағаны туралы баяндалатын бұл кітаптың негізінде де Геннадий Городнийдің режиссерлігімен «Крест» фильмі түсірілген.
1997 жылы С.Алексиевич «Чернобылдық дұға (болашақтың тарихы)» кітабын тәмамдап, жарыққа шығарады. Бұл кітап автордың өзі айтатындай, Чернобыль туралы емес, Чернобыльдан кейінгі әлем туралы сөз қозғайды.
С.Алексиевичтің кітаптары Америка, Германия, Англия, Жапония, Швеция, Франция, Қытай, Вьетнам, Болгария, Үндістан секілді әлемнің он тоғыз тіліне аударылған. Ол жиырма бір деректі фильмнің, үш пьесаның авторы. Оның кітабы негізінде Франция, Германия, Болгарияда спектакльдер қойылған.
2015 жылы Светлана Алексиевичке әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы берілді.
Тәржіман: Еділбек ДҮЙСЕН
«Солақайлар» әдеби клубы
Бөлісу: