Мұхтар Мағауин. Тобық Жармағамбетов
Бөлісу:
Ешқашан көріспеген, жүздеспеген кісім. Бірақ жақсы білетін едім. Сырттай, әуел бастан. Біз университетке келіп түскен 1957 жылы бітіріп кеткен екен. Күзде, «Жұлдыз» журналының 9-, әлде 10-санынан «Екі жүрек» деген әңгімесін оқып, әуезін анық аңдаған едім. Жазу мәнері мүлде өзгеше. Алдымыздағы, ол да жаңа бастаған, сәтті бастаған студент қаламгер Маршал Әбдіхалықовтан сұрастырып, жөн-жобасын таныдым. Туған жері – Ақтөбе, Байғанин ауданына кетіпті. Осыдан соң көп ұзамай, келер жылы тағы да осы әдеби журналда «Хаттар, хаттар» дейтін екінші әңгімесі шықты. Енді мен Орталық кітапханада Ақтөбенің облыстық «Коммунизм жолы» газетін ай аралатпай қарап, Тобықты іздеп отыратын болдым. Үздік-создық жаңа әңгімелері шығып жатты. Соны, серпімді дүниелер. Хабардар жұрттан Тобықтың жайын сұрастырып жүрем. Біз үшінші курсқа жеткен кезде Ақтөбе, басқа емес, сол Тобықтың өз ауылынан Өтежан Нұрғалиев келген. Осыдан бірер жыл бұрын шулы атаққа жетіп еді. Менің нақты дерегім бойынша, Өтежанды ақын ретінде алғаш танып, оның өлеңдерін «Жұлдызда» отарған Қуандық Шаңғытбаевқа жолдаған да осы Тобық екен. Танысып, біліскен бетте сұрадым. Өзгеше кейіпті прозашы туралы толық мағлұмат алмақпын. Желі көтеріліп тұрған Өтежан, бет-аузын тыржитып, қолын сілтеді. «Бездарь!..» – деген. Қалайша? «Хаттар, хаттар» дейтін әңгімесін жазу үшін Берлинге шабуыл туралы қаншама кітап оқып, ең аяғы, неміс жеріндегі әлдебір белес таудың картасын қарап жатқанын көрдім. Қырт болмаса, сөйте ме?..» (Кейін, қартайған, қажыған шағында Тобық ағасы туралы ұсынымды сөз айтады, танымы кеңейіп, ақылы толысқаннан емес, адам жасы ұлғайған шақта өткен өмір жолындағы жақсылық пен жамандықты қайра таразыласа керек.) «Бұл – нағыз дарынға, ықтиятты қаламгерге тән мінез!» – дедім мен шамданып. Шынанда да, әңгіменің бас кейіпкері қазаға ұшырайтын жер – «Зеел қырқасы» аталады, Берлинге тым тақау тұс, бұл арада айрықша қанды майдан болған. Тобық кезекті әңгімесін бастарда, бар жағдайын ежелей тексеріпті. Енді осы ағамыз шынанда да қарымды, тиянақты қаламгер деген пікірге тоқтаған едім. Ақыры, көп ұзамай, «Жұлдызда» «Отамалы» шыққан соң, қазақ әдебиетіне үлкен жазушы келді деген байламға біржола тоқтадым. Бұл кезде менің өзім де прозаға шындап бет қойғам. Адам жас шағында қай тарапта да тұрғыластарын байқастап, алдыңғы буынды жіті қадағалап отырмақ. Басқа жоғарғы өлшемдер өз алдына, өзіңді осы, тетелес екі толқынмен салыстырасың. Мен әзірше жарияға жол аша алмай, мүлде белгісіз жүрсем де, аты шыға бастаған жазармандардың ешқайсысын өзіме теңгермес едім. Берік сенім, ішкі түйінім бойынша, осы 60-жылдардың басында менің алдымдағы, кейін үлкен атаққа шыққан жас қаламгерлер ішінде ең үздігі жалғыз қара – Тобық Жармағамбетов деп білдім. 1964 жылы жазылып, созалаңдаса да тым көп ұзамай «Лениншіл жаста» басылған, кейінде толығымен жарияланған, ақыры он үш томдық жинағыма енгізілген «Жанр табиғаты» дейтін көлемді мақаламда Тобық әңгімелеріне ілгері баға беріледі. 1966 жылы «Нәзік бұлттар» повесі жарыққа жетті. Мен айрықша ризашылықпен, мейірлене оқып едім. Бұл – жаңа қазақ прозасының алғашқы, сәтті үлгілерінің бірі болатын. Тіл мәдениеті жоғары, суреттері айшықты, бейнелері – шынайы, нақты. Түнгі дала кейпі, ауылға – жаздық жайлауға демалыса келген студент жігіттің көңіл ауаны – жетілген, қас суреткердің қолтаңбасын танытады. Бұл кезде мен «Қазақ әдебиетінде» жұмыстаймын, дау-дамайлы диссертация машақатымен жүргем, көңілім соқса да, арнайы мақала жаза алмадым. Айтар толғамдарым бірталай еді. Роман нұсқалы хикаяттың алғашқы жарымы – классика, әйткенмен орынсыз жалғас тауыпты, жас жігітіміз қатты ұнатқан, тіпті ғашық болып қалған ақылды, ойнақы, әдемі қыз осы тарапта кино түсіруге келген бұрнағы танысы, ол да тәуір және ширақ жігітпен бірге Алматыға қайтып кететін тұста тәмамдалуға тиіс-ті. Мен бұл естеліктер кітабында қандай да тұлғаның шығармашылық, қоғамдық және басқадай қызметіне баға бермеймін деп екі-үш мәрте ескертсем керек. Қажетті рәсімнің осы ретте аз-маз бұзылуы – заңды, амалсыз, менің ақыр түбінде біліспей кеткен Тобық Жармағамбетов дейтін азаматқа оңды көзқарасым қалайша сырттай қалыптасқанын айғақтау. Сонымен, үздік бітімді «Нәзік бұлттар». Қазақтың жаңа прозасының алғашқы үлгілерінің бірі дедім. Мен өзімше қанша масаттансым да, жалпы жұрттың қабылдауы басқаша болыпты. Көп ұзамай, газет редакциясына теріс рецензия түсті. Жаңа бастаған, кейінде қатарға қосылған жас сыншы тарабынан. Әрине, өтпеді, өзімнен біршама кіші талапкерге ақыл, кеңес тұрғысында жауап хат жаздым. Тек бұл ғана емес. Артынша, қазіргі проза туралы Жазушылар одағында өткерілген жиында атаулы баяндамашы қатты сынға алды. Алдымыздағы, әрі сыйлас жігіт еді, мен сыпайылап, қарсы уәж айттым. Тобық туралы арнайы мақала жазу қажетіне ден қойған едім. Алайда, айтқанымдай, мезгілінде мұрша келмеді, ақыры уақыты өтіп кеткен. Көп ұзамай, 1967 жылы жазғытұрым «Жазушы» баспасына бас редактордың орынбасары қызметіне шақырылдым. Нәшірият директоры, енді ғана күшіне мінген Ілияс Есенберлин Жалғыз және орталық баспаны астын үстіне төңкеріп, мүлде басқа бір кейіпке түсірген еді. Қамалып жатқан қаншама қолжазба, оның негізгі бөлігі жас қаламгерлер бірден-ақ даңғыл жолға бағытталды. Осы ретте алғашқы кезекте Тобық Жармағамбетовтың «Екі жүрек» атты әңгімелер жинағы жаңа жоспарға төтеден қосылған. Келесі 1967 жылы шырғасы шықпай, аман-есен жарыққа жетті. Бірақ мен осымен ғана тоқтай алмадым. Арғы жылғы жоспарға тағы да жаңа жинағын енгізген едім. Баспа қоржынында ешқандай қолжазбасы болмаса да. Тоқтаусыз жазып жатуға тиіс. Мен кезінде қызыға оқыған, әзірше белгісіз тұрған әңгімелері де бірталай. Бүгін-ертең келіп қалуға мүмкін. Бұл сырттай жоспарланған кітапқа «Сентябрь түні» деген ат қойған едім. Сол қалпында бекіді. Әйткенмен, жуық арада ешқандай қолжазба түспеген. Содан соң, проза редакциясындағы жігіттерден сұрастырсам, Мағзом Сүндетов жақсы біледі екен. Тобыққа хабарлас, қолда барын түгел жіберсін, дедім. Арада бірер ай өткенде Мағзом келіп тұр. Қолжазба түсті, дейді. Көлемі екі повесть. Біреуі – Нұрпейіс Байғанин туралы, екіншісі – Азамат соғысы жылдарындағы қазақ ауылы. «Сентябрь түні» дейтін шығарма жоқ. Сондай әңгімесі болған, дедім. Менің студент кезімде Ақтөбенің облыстық газетінде басылған... «Онда сұратып алғызайық», – деді. «Енді екі үлкен дүниенің ортасына төрт-бес беттік әңгімені қыстыра алмаймыз», – дедім. Қалған шығармаларын кейін жібере жатар, мына екі повестің бірінде күзгі түн суреті ұшырасып қалар, атын өзгертуге тура келеді, дедім. Тобықпен хабарлас, солай деп айт. Бұл кітапқа Мағзомның өзі редактор болды. Әуелде не айтты, кейінде қалай тілдесті, – білмеймін. Көлденең жоспарға сұққан өз еңбегі ретінде шүйінші сұраса керек. Біздің ортада тілектес азаматтарды өзара ұштастырып жіберу – сирек мінез. Ал мен өз тарабымнан шықпадым. Ақыры бір көрісерміз, мән-жайды сонда айтармын деп шамаласам керек. Немесе, ештеңе де ойламадым. Біздің алдымызда тұрса да, кеңінен танылмаған дарынды қаламгердің жаңа кітабының кезектен тыс жоспарға енуі – әдепкі, табиғи жағдай деп санаған сияқтымын. Сол кезде де, кейін де, қызмет орайына қарай, талай адам алдымыздан өтті, біздікі – міндет, ал жолы ашылған жігіттің өзіндік еңбегі бар, ол заманда біздің шеңбер, әсіресе Ілекең – Ілияс Есенберлин тарабынан ешқандай кірне, астыртын есеп болмайтын, бәрі де қазақтың үлкен әдебиетінің қамы.
Келесі 1970 жылы кітап шықты. Әлбетте, бекіген жоспардағы тақырып өзгермейді, бастапқы, «Сентябрь түні» деген атпен. Амалсыздан, алғашқы хикаят осылай таңбаланған. Оқып қарасам, күзгі түннің елесі де жоқ. Ал повестің өзі өте жаман әсер қалдырды. Төңкеріс жылдарындағы алыс ауыл, ақтармен жалғасқан әлдебір «алашордашыл» қаныпезер кісілер ауыл шауып, қыз-қырқынды зорлап, өз жұртына ылаң салып жатыр. Екінші хикаят – Нұрпейіс ақынның жастық шағы, мұнда да бай мен кедей, тап тартысы, әйткенмен, оқуға жарамды; зады, ойға алынған (кейін де жүзеге аспаған) үлкен романның алғашқы тараулары сияқты. Бір сөзбен айтқанда, мейлінше сәтсіз кітап еді. Бүгінде тіпті сорақы танылса керек. Мен ең жақын бір туысымнан айрылғандай, әжептәуір құлазып қалған едім. Мынандай жағдайдан соң, жақсы бастаған дарынды жігітіміздің қайтып оңалуы қиын көрінген. Жас кезде адам тез елігеді де, тез суынады. Енді мен Тобық Жармағамбетовты үлкен есептен біржола шығарып қойған едім.
Әлбетте, Тобықтың жазуы одан әрі жалғасты. Кейінгі бір, «Қара жаңбыр» ма, «Қызыл ай» ма, нақты есімде жоқ, әлдебір хикаяты тәп-тәуір еді. Өзге де оқылымды дүниелері бар. Әйткенмен, бастапқы биігіне жете алмады. Нақтылап айтсақ, одан әрі өспеді. Тіпті, кері кетті. Мен кейін де көп ойландым. ХХ ғасырдағы қазақ прозасының алдыңғы қатарында тұруға айрықша мүмкіндігі болған Тобық Жармағамбетов, қалай да қалай өзінің тума дарынына сәйкес шын кемелге жете алмай қалды деп. Себебі көп болар. Негізгісі – кейбіреулер айтып жүргендей, үлкен әдеби ортадан шалғай ғұмыр кешуінде емес. Біздің заманда облыстық қала түгілі, алыс ауылда отырып та қатардан озуға болады. Заман қанша тар десеңіз де, бұрынғы-соңғы қазақ, арғы-бергі әлем әдебиетін кеңінен тануға, рухани әлемдегі барлық жаңалықтармен уақтылы танысып отыруға мүмкіндік бар. Ал қалай жазу, қаншалық жазу – қаламгердің өзінің еркі мен қабілет, парасатына тікелей байланысты. Тағы да ауылдастары, жақсы білген іні, тұрғыластарынан көп сұрастырған едім. Сәбит Баймолдин, Есенбай Дүйсенбаевтан, Құрал Тоқмұрзин, және бір жігіттерден. Отбасында үлкен қиындық болыпты: бұрынырақ, үй өртеніп, кісі кеткен бақытсыз, үрейлі жағдайда анасын шалық шалып, қайтадан оңалмаған екен, ие болу, ұстап отыру үлкен қиындыққа түскен сияқты. Осы орайдағы психикалық күйзеліс өз алдына. Содан соң, облыстық газет, радио, әлде теледидардағы ауыр қызмет. Бірақ Алматыда жүргендердің қайсысы қамыт арқаламапты. Десе де... Абай атам айтқандай, екі адамның бірінің «сырты бүтін, іші түтін...» бал ашпай-ақ қоялық. Мен Тобықтың өрісін тарылтып, қадамын қысқартқан ең негізгі кесел – ұлттық танымның шектеулі құрсауынан дер едім. Мұның айқын дәлелі – манағы амалсыз жағдайда аты өзгерген, бірақ мазмұн, мәнісі сол қалпында қалған «Сентябрь түні» хикаяты. Сондай-ақ, Ақтөбе газетінде жарияланған, кейінде басылған, басылмағанын білмеймін, жақсы суреттері бар «Қашқын» дейтін әңгіме. Мұнда соғыстың қиындық күндерінде "отанын сатып", тұтқынға түскен, бұдан соң елге оралмай, шетте қалып қойған бір бейбақтың трагедиялық тағдыры баяндалған. Бәлкім, жадымда ескірді, өзгешерек ахуал, әйтеуір өз жұртынан шет әлдекім. Бас кейіпкер тайғақ, қатерлі жағдайдың құрбаны емес, өзінің тауаны кем, айныма мінезінің нәтижесінде туған елінен жеріп, бақытсыз, баянсыз ғұмыр сүреді, ақыры, жат жұртта дүниеден өтеді; ажал алдында туған елінен сырттай кешу сұрапты... Советтік идеологияның бір ұшқыны.
Тобық тым ерте кетті. Отыз тоғыз жасында. Прозашы қаламгер үшін жетімсіздеу. Тымқұрса енді төрт-бес жыл жүрсе керек-ті. Әйткенмен, алпыстан асса да, кейінгі межесінен оза алмас еді деп ойлаймын. Данте айтқан «жер ортасы» – отыз үш жас – ойлы адамның не бұдан әрі өрлей түсетін, не кері құлдырайтын межесі. Тобық та осы бетбұрыс, жолайрық кезеңде сынған сияқты. Ең басты себебі, жаңа айтқанымыздай, ұлттық танымның тұсаулы өрісі, саяси-әлеуметтік көзқарастың дүдәмал қалыбы.
Біз тым үлкен талап, Тобықтың туа біткен мүмкіндігі тұрғысынан айтып отырмыз. Әйтпесе, барының өзі тәуба дерліктей. Тым олқы емес. «Нәзік бұлттардың» алғашқы жарымы ХХ ғасырдағы қазақ прозасының таңдама беттерінің қатарында; бұл, роман кейіпті хикаят тұтастай алғанда да ескірмейтін, кейін де оқыла беретін сапалы шығарма. Ал «Отамалы» аңыз-толғауы біздің классикалық әдебиетіміздің өзгеше бір үлгісі болып қала бермек.
Баяғыда дағдарып едім, бүгінде бәрі біткен, – елу жылдан соң ішім ашып отыр. Қандай еді, қалай бастап еді!.. Неге ғана дәл осылай болып, орта жолда тоқырады?.. Өткендегі алыптардың бақытсыз тағдырының жалғасы ма, әлде біздің тұсымызда көлденеңнен түскен кесел ме... Қайткенде амал жоқ. Осы тұрғыда менің көріспеген, жүздеспеген Тобық Жармағамбетов туралы қадаримүмкіндік шегінде, өкінішті естелік жазуым түсінікті болса керек.
26-27.І.2018,
Силвер Сприң, Күміс Бұлақ, Мэриланд, АҚШ.
«Жұлдыз» журналы
Бөлісу: