Пунцагийн Бадарч. Ана көңілі
Бөлісу:
Монғолияның Халық жазушысы, белгілі ақын Пунцагийн Бадарчның шығармашылығы өз отанында ғана емес, көптеген шетелдерге танымал. Ақын шығармашылығын қазақ тіліне тәржімәлап жүрген сол елде тұратын қандасымыз, ақын Байыт Қабанұлының аудармасындағы "Ана көңілі" атты өлеңін жариялап отырмыз.
АНА КӨҢІЛІ
Анаң сені өлген екен деп түс көрді
(Бұл недеген бұлдыр сағым іс болды)
Осы жасқа келгенімше көрмеп едім мұндай түс,
(Уайымыма ұлыған аяз қыс тоңды)
Жақсы өлең жазыпты дейді менің балам
Кез келген адам айтып жүр.
(Көңілді өтті бес күнім)
Әдемі әндер шығарыпты дейді менің балам
Радиодан тартып жүр.
(Естідім)
Өзі жақсы жүр дейді менің балам
Сол жақтан келгендер жеткізіп жатыр
Жаман жүр екен менің балам
Ауыздан ауызға өсек етіп өткізіп жатыр
Айта берсін
(Қапаға салды қалың ой)
Бәрі де маған қызық емес....
Шешеңе тек тірі жүргенің абырой
(Мен үшін сен теңдесі жоқ қазына,
жанып тұрған отсың балам)
Көз ілуді де ұмытып
тағдырыма бағына алмай сағынам
Шарбақ пенен ілгішті айыра алмай сағынам
Тезек пен тасты тани алмай сағынам
Сен жоқсың балам
Аппақ аппақ бұлттарды
Мұз болғанша қарадым
(Күз болғанша қарадым)
Аспанның дөңгелек шетіне
Кетік түскенше қарадым
Бірақ өлмедім балам
Сен келмедің балам
Елдің баласы анасына келіпті дейді
Айналамның бәрі той жасап жатыр
көңілдеріне тек шаттық ұялап
Менің балам болса түрмеге еніпті дейді
Өзегіме өрт кеткенше естіртті
Оо жасаған, бұл не деген қиянат.
Жәә, «Ер жақсысы түрмеде» - деп
Сыртқа қарай мен баламды жақтадым
«Жаман балам шөлдеді-ау» - деп
Ішке қарай мен жасымды төгіп өзегімді отқа қақтадым
Жалындай лаулап жас жүрген кезімде
Үзіліп түскен үшқын едің менің балам
Сәмбі талдай сәнді кезімде
Бұтағыма көктеген көк жапырақ «қыш гүл» едің менің балам
Жарқыраған асыл қазына алақаныма түсті деп
Түйсігіме от жағып келген асылым едің менің балам
Алтын жүзік жерден тауып,
аузыма салғанда жұтып қойған екем деп
Түс көріп жүріп тапқан «алтын асығым» едің менің балам
Шаршап жүрсең балапаным-ау
Шартарапты шарлап жүріп не қыласың; анаңа кел
Шараң таусылып тұйыққа тірелсең балапаным-ау
Шалғай жерде шашылып жүріп не қыласың, анаңа кел
Өзгенің көзіне өртенген жердей
Ұйпа-тұйпа қарт балам
Ал анаңның көзіне
Жөргектен жаңа шыққан аппақ сазан нарт балам
Кел, шешеңе кел.
Ажалыммен сені қорқытып
Анарыммен ... сені шақырайын
Алты қырдан өт балам
Ақылды едің ғой
Ала құлындай анаңа шауып жет балам
(Сағыныштан жылай-жылай көзім суалып,
көкірегім толды қайғыға,
Сол тұманды үркітіп балалық шуақ-нұрыңды
аямай әкеп төк маған)
...Ала құлындай анаңа шауып жет балам.
Монғол тілінен қазақшалаған Байыт ҚАБАНҰЛЫ (ақын, жазушы)
Бөлісу: